Қазақ тіліндегі қысқарған сөздер


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 41 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 3

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

I тарау. ЖАҢА АТАУЛАРДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ МЕН

БАСПАСӨЗДЕ ҚОЛДАНЫЛУЫ . . . 5

1. 1 Қазақ баспасөзіндегі лексика-семантикалық тәсілмен жасалған

жаңа лексемалар . . . 5

1. 2 Қазақ баспасөзіндегі жұрнақтар арқылы жасалған жаңа

лексемалар . . . 7

1. 3 Сөздердің бірігуі және қосарлануы арқылы жасалған жаңа

лексемалар . . . 12

1. 4 Калькалау тәсілмен жасалған және жаңа перифраз сөздер . . . 13

II тарау. ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ ҚЫСҚАРҒАН СӨЗДЕР . . . 15

2. 1 Қысқарған сөздердің жасалуы мен қолданысы . . . 15

2. 2 Қазақ баспасөзіндегі қысқарған атаулар тізбесі . . . 20

Қорытынды . . . 50

Қолданылған эдебиет тізімі . . . 52

Кіріспе

Қазіргі қазақ тілінің даму үрдісін, тілімізде болып жатқан түрлі үдерістер мен құбылыстарды үздіксіз бақылап, зерделеп отыру тілші ғалымдардың, тіл мамандарының төл міндеті. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілуіне байланысты ол кешегі кеңестік кезеңде атқармаған бірқатар тілдік қызметтерді атқарып, оған осыған дейін жүктелмеген жаңа міндеттер жүктеле бастады. Қазақ тілі мемлекеттік басқару, заң шығару, іс қағаздарын, сот ісін жүргізу сияқты қызметтерге біртіндеп араласа бастады. Қазақ тілінде шығатын мерзімді басылымдардың, газет - журналдардың саңы едәуір артты. Ғылыми, оқу-әдістемелік, сөздік-анықтамалық, публицистикалық, танымдық және көркем әдебиеттер саны да артты. Бір сөзбен айтқанда, қоғам өмірінің барлық саласындағы қазақ тілінің қолданыс аясы XX ғасырдың 90-ші жылдарына дейінгі кезеңге қарағанда едәуір кеңейді.

Бұл бүгінгі өмір шындығы. Тілдің қолданыс аясының кеңейіп, арнаулы салаларда қолданыла бастауына байланысты. Әсіресе, оның лексикалық қорында көптеген өзгерістер болды. Соңғы жылдар көлемінде қазақ тіліндегі сөзжасам, термин жасам үдерісі біршама жанданып, сөздік құрамымызға мыңдаған жаңа атаулар қосылды.

Жалпы жүртшылықтың көз-құлағы үйренісіп, жаппай қолданысқа көшкен атаулармен қатар, әлі де бір неше нұсқалары жарыса жұмсалып, бірізді қолданылу дәрежесіне жете қоймаған сөздер де аз емес. Сондай атауларды уақтылы жинақтап, олардың қолданысын қадағалап отыру тіл үшін өте маңызды. Мұндай жұмыс лингвистер тарапынан жүйелі түрде жүргізіліп отырмаса, жаңа қолданыстарды дер кезінде сараптан өткізіп олардың арасынан сәтті жасалғандарын іріктеп алуды қолдан шығарып алуымыз мүмкін. Бұрын бұл жаңа қолданыстарды жинақтап, жариялап отыру мәселесіне тіл мамандары тарапынан біршама көңіл бөлініп отырған еді. Мәселен, Р. Сыздықова, Ш. Сарыбаев, Ө. Айтбаев, А. Алдашева, Н. Уәлиев, И. Ұйықбаев, [1, 0], Ғ. Анесов [2, 0], Б. Қалиев, Ш. Құрманбайұлы [3, 0], Алдашев Н. [4, 0], Тілешов Е. Е., Төрениязова А. Ж., Касенбаева А. [5, 0], Ш. Құрманбайұлы [6, 0], Б. Әбілқасымсв [7, 0], Исаев С. [8, 0], Момынова Б. [9, 0], Бүркітов О. [10, 0], сынды ғалымдардың авторларығымен жарық көрген еңбектерін атауға болады. Алайда бұл зерттеу жұмыстары соңғы жылдары назардан тыс қалып бара жатқандай көрінеді.

Тақырыптың нысаны: Диплом жұмысында соңғы жылдарда қарқынды дамып, коммуникативтік акті үшін қажетті тілдік бірліктердің біріне айналып отырған, баспасөзде көрініс тапқан, дәстүрлі анықтама бойынша аббревиатуралар негіз болды.

Зерттеудің мақсаты: Қазіргі қазақ баспасөзіндегі қысқарған сөздердің тілдік табиғатын, функционалдық стилдегі қызметін, лексика-грамматикалық ерекшелігін зерделеу.

Осы тұрғыда төмендегідей міндеттерді шешуге талпындық:

- қысқарған сөздердің тілдің ұлттық табиғатына қарым-қатынасын анықтау;

- қысқарған сөздердің жасалу жолдарын сипаттау;

- негізгі түрлерін көрсету;

- норма талаптары тұрғысынан саралау;

Зерттеу нысаны: Диплом жұмысының зерттеу нысаны соңғы жылдарда басылған «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Айқын», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттері болады.

Зерттеу жұмысының құрылысы: Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімінен және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

І тарау. жаңа атаулардың жасалу жолдары мен баспасөзде қолданылуы

1. 1 Қазақ баспасөзіндегі лексика-семантикалық тәсілмен жасалған жаңа лексемалар. Бүгінгі баспасөз беттерінде кездесетін жаңа қолданыстардың бірқатары бұрынғы мағынасы кеңейіп, тарылып немесе мүлде басқаша жаңа мағынаға ие болған тілімізде бұрыннан бар атаулар. Мұндай қолданыстардың арасында жаппай қолданысқа көшіп, тілде орныға бастағандары бар да, бірнеше балама атаулармен қатар қолданылып әлі басымдыққа ие бола қоймағандары да кездеседі.

Қазіргі баспасөзде тіліміз қоғамның түрлі лексикалық қабаттарынан дайын қалпында алынып, бірқатары бастапқы мағынасында, басым көпшілігі түрлі деңгейдегі мағыналық өзгерістермен қолданыс тауып жүрген ағза, бағам, даңғыл, дәргей, діл, жиек, кеден, кент, құжат, мұрат, нарық, нысан, ота, өңір, рәміз, рәсім, рәуіш, сардар, серке, содыр, түлек, тығын, ұжым, үйек, үрдіс, шатыр сынды сөздер кездеседі. Шығу төркініне үңілсек, бұлардың бір тобы қазақ тіліне ертеректе еніп, лексикалық қорымызға әбден сіңіп кеткендіктен, кірмелігі бірден байқала бермейтін араб-парсы сөздері болып шығады да, енді бірқатары байырғы өз сөздеріміз екендігіне көз жеткіземіз. Мәселен, ағза, діл, құжат, мұрат, нарық, нысан, рәміз, рәсім, рәуіш, шатыр тілімізге араб-парсы тілінен енген сөздер. Бұл сөздердің бірді-екілісі болмаса, басым көпшілігіне тән ортақ ерекшелігі - пассив сөздер қатарында болып, сирек қолданылып келгендігі. Архаизм, историзм қатарына еніп, о бастағы мағыналары мүлдем ұмытылып немесе көмескі тартып келгендері де бар. Ұлт тіліндегі термин шығармашылығына, қазақша сөз жасауға көңіл бөліне бастаған кейінгі 15-20 жыл көлемінде осындай қалтарыста қалып келген атаулар, көнерген сөздер мамандар назарына ілікті. Мысалы, дәргей, кеден, кент, құжат, нысан, ота, рәміз, рәсім, рәуіш, сардар, ұжым, үйек, үрдіс сөздері өте сирек қолданылып, мағыналары көмескі тарта бастаған атаулар еді. Олардың бастапқы мағынасы негізге алына отырып, оған қосымша мағына жүктеу арқылы жаңаша қолданысқа енді. Бұл атаулардың бірқатары белгілі бір аумақта ғана қолданылып келген жергілікті сөздер. Мысалы, «құжат» сөзі Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандарында қазіргі мағынасында, «ұжым» сөзі Семей облысының Абай ауданында «ұйым» магынасында, «үрдіс» атауы Түркменстан, Қарақалпақстан және Ақтөбе, Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында «әдет», «дәстүр» мағынасында қолданылып келген. Аумақтық қолданыспен шектеліп келген бұл жергілікті сөздер аздаған мағыналық өзгерістерге ұшырау арқылы терминденіп, қазір ресми бекітілген терминдер қатарына қосылды. Осы сияқгы дәргей, кеден, кент, рәміз, рәсім, ұжым сөздері де Мемтерминком тарапынан бекітіліп, жаппай қолдануға ұсынылған атаулар.

Ал мұрат, нарық, өңір, серке, содыр, түлек, тығын сөздері көнерген лексика қатарына енбеген, белгілі бір аумақпен де шектелмей, жалпыхалықтық тілде осыған дейін де қолданылып келген атаулар. Бұлар да осы уақытқа дейінгі білдіріп келген мағыналарынан біршама өзгеше немесе мүлдем жаңа мағынада қолданысқа көшкен сөздер. «Сотқар, тентек, бұзақы» деген мағынаны білдіретін «содыр» сөзі «саясатта тым солақай көзқарасты жақтаушы» деген мағына беретін «экстремист» сөзінің баламасы ретінде жұмсала бастады. Экстремистің әрекетінде сотқарлық, бұзақылық бар. Оның саяси мақсатына заңсыз, шектен шыққан әрекеттері арқылы қол жеткізуге баруын тентектік, бұзақылық ретінде қабылдау, содырға ұқсату бұл сөзқоғам «экстремистің» баламасы болуына негіз болған. Жалпы әдеби тілдегі «қыран кұстың жасқа толған, бабына келген ұшар кезі» деген мағынаны білдіретін «түлек» сөзі, кейінгі жылдары «мектепті, жоғары оқу орнын бітіруші» деген мағынаны қоса жүктеп, орыс тіліндегі «выпускник» сөзінің баламасы ретінде қолданыс тауып жүр. Бұл оқу бітірушіні қанаттанып, өз бетімен ұшуға дайын болған қыран құсқа ұқсатудан, соған теңеуден пайда болған атау. Қыран құстардың балапандары жетіліп, қанаттары қатайып өскен ұясынан ұшатын кезге жеткені сияқты, оқу бітірушілер де білім алып, маманданып, әрі есейіп үлкен өмірге аяқ басатын сәтке жетеді. Осындай ұқсату «түлек» сөзінің орыс тіліндегі «выпускник» сөзінің баламасына айналуына себеп болған. Тіліміздегі «серке» сөзінің мағынасында өзінің тура мағынасымен қатар «топты бастаушы, жетекші» деген де мағына бар. Серке бүкіл отарды бастайды. «Ай мүйізді ақ серке қой бастайды . . . » деп серкенің жетекшілік ролін халық ән-жырына арқау еткен. Серкенің осы қасиеті өз тіліміздегі «серке» сөзінің «көпке жетекшілік, басшылық етуші» деген мағынаны білдіретін орыс тіліндегі «лидер» сөзінің орнын алмастыруына себепкер болған. Алайда бұл жерде, «лидердің» баламасы ретінде «серкемен» қатар жарыса ұсынылып жүрген біріккен сөз «көшбасшының» әлдеқайда жиі қолданылатынын айтқан орынды. Дәлірек айтқанда, «көшбасшы» атауы басымдыққа ие болып, «лидерқоғам» баламасы ретінде орныға бастады деуге болады. Ал «тығын» атауы тілімізде «бөтелке сияқты өңеші тар ыдыстың аузына тығылатын зат» деген ұғымды білдіреді. Бұл сөзқдің орыс тіліндегі «пробка» (транспортная) сөзінің баламасы ретінде ұсынылуына осы мағынадағы «тығылуы», «тығындалуы» семасының себеп болуы да мүмкін. Дегенмен, одан гөрі көліктіс көптігінен көшедегі олардың қалыпты қозғалысының бұзылып, тоқталып қалуын білдіретін орыс тіліндегі «пробка» сөзінінің тікелей «тығын» деп аудару арқылы, дәлірек айтқанда, қазақтіліндегі бұрыннан бар баламаса жаңа мағына жүктеу арқылы пайда болған деуге негіз жеткілікті.

Өңір, өлке, аймақ, аумақ сөздері синоним ретінде жұмсала беретін. Жалпы әдеби тілдегі, көркем әдебиеттегі олардың контекстік қолданысын шектеудің реті жоқ. Алайда, осы атаулар аударма жасау, түрлі ресми құжаттарда қолдану кезінде бірінің орнына бірі жұмсалып, бірізділік сақтала бермейтіндіктен, олардың аражігі ажыратылып, Мемтерминкомныћ 2002 жылғы 11 желтоқсандағы мәжілісінде өңір- регион, аймақ-зона, өлке- край, аумақ - территория түрінде ресми бекітілді.

Кейбір жаңа қолданыстар баспасөзде бір-екі рет қана көрініс беріп, одан кейін ол мағынада жұмсалмауы да мүмкін. Бұл баспасөздегі сөз қолданысын қалт жібермей мұқият қадағалап отырған жағдайда ғана байқалып отыратын кұбылыс.

Өкінішке қарай, осындай жұмыс бізде тұрақты түрде жүзеге аса бермейді.

Бұрын «игілік» сөзі негізінен «благо» сөзінің баламасы ретінде жұмсалып келген болса, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған кезде кейбір басылымдар осы қор атауының құрамында кездесетін орыс тіліндегі «благо- состояния» сөзін «игілік» деп аударып қолданды. Мысалы, Мәжілісте Президент «Самұрық» және «Қазына» ұлттық холдингтері біріктіріліп, олардың негізінде «Самұрық- Қазына» Ұлттық игілік қоры құрылғанын жария етті. («Егемен Қазақстан», 18 қараша 2008 жыл. № 348-349 (25319) . ) . Бірақ бұл қолданыс сол күндері жарық көрген бірді-екілі басылымда ғана кездесті. Артынша, республикалық негізгі ресми басылымдардағыдай «әл-ауқат» сөзі ғана қолданылатын болғандығын профессор Ш. Құрманбайұлы атап өтті [6. 15 ]

1. 2 Қазақ баспасөзіндегі жұрнақтар арқылы жасалған жаңа лексемалар. Бүгінгі баспасөзде қолданылып жүрген жаңа атаулар мен жаңа қолданыстарды жинақтап, оларды жасалу жолдарына қарай іштей жіктегенде, олардың едәуір бөлігінің сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалған сөздер екендігін аңғардық. Олар мына төмендегі атаулар:

-шы/-ші: айтушы, аяқдопшы, әкімші, әрлеуші, байқаушы, байланысшы, жолшы, жүргінші, зілтемірші, кеденші, көсемсөзші, көшбасшы, мәндісөзші, мұрағатшы, парашы, пәтерші, салықшы, салымшы, сәйкестеуші, тапсырысшы т. б.

-м, -ым/-ім: әзірленім, басылым, белсенім, елтаным, жарияланым, жинам, жөнелтім, көрсетілім, қантаным, оқылым, өтінім, өсім, салым, сұраным, таныстырылым, таралым, төтем, төлем, ұстаным, шақырылым т. б.

-лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік: әкімдік, балапаздық, біртектілік, достастық, елжандылқ, жемқорлық, зайырлылық, зияткерлік, кәсіпкерлік, қауымдастық, отансүйгіштік, парашылдық, серіктестік, сыбайластық, шығармашылық, ықпалдастық, іскерлік т. б.

-нама/-дама: әдепнама, әдіснама, әлеуметнама, дерекнама, жаднама, жарнама, жұлдызнама, заңнама, қазанама, құбылнама, сауалнама/сауалдама, сырқатнама (қағазы), тұжырымдама, тұғырнама т. б.

-гер/-кер: алаугер, әкімгер, борышкер, білімгер, бітімгер, дәріскер, заңгер, зейнеткер, кәсіпкер, қарызгер, сазгер, сахнагер, сөзгер, талапкер, үлескер, іскер, (киногер) т. б.

-ма/-ме, -па/-пе: бүктеме, жүктеме, көшірме, қағытпа, қайталама, мәлімдеме, мөлшерлеме, түйіндеме, үстеме, хаттама т. б.

-хана: зертхана, құмархана, мейрамхана, ойынхана, тойхана, тауықхана, намазхана т. б.

-ыс/-іс: доғарыс, отырыс, тапсырыс, тексеріс, үдеріс т. б.

-ақ/-ек: кептелек, өткелек; -ғыш/-гіш: суреттегіш, оқшаулагыш; -уыш/-уіш: тыңдауы ш; - ша/- ше: парақша; -ман/-мен: оралман; -паз: масқарапаз; -кес: лаңкес; -шілік/- шылық: бітімгершілік.

Қазақ тіліндегі бірқатар жұрнақтар сөз тудырудағы қалыптасқан белсендігін сақтап қалған [ 12. 150-158] . Солардың бірі -шы/-ші жұрнағы. Бұл жұрнақ сөз жасау үдерісінде бұрыннан-ақ өнімділік танытып келген. Баспасөз материалдары бұл жұрнақтың қазіргі таңда да өнімділік танытып, сөз тудыру жағынан алдыңғы орында тұрғанын көрсетеді. Бұл үлгімен жасалған атаулардың арасынан айтушы, аяқдопшы, жолшы, зілтемірші, мәндісөзші, көсемсөзші, парашы, пәтерші, салықшы, сәйкестеуші сынды атаулардың бірі жеке ұсыныс түрінде айтылумен шектеліп, енді бірі сирек қолданылып жүрсе, әкімші, әрлеуші, байқаушы, байланысшы, жүргінші, кеденші, көшбасшы, мұрағатшы, салымшы, тапсырысшы тәрізді бір топ сөздер негізінен қазір жиі қолданылатын, жұрт жатсынбайтын дәрежеге жетті.

Өнімді жұрнактар қатарында саналып келген лық/- лік (-дық/-дік, -тық/-тік) жұрнағы да сөзжасам үдерісіндегі белсенділігін сақтап қалған. Бұл жұрнақтың көмегімен жасалған әкімдік, достастық, жемқорлық, зняткерлік, кәсіпкерлік, қауымдастық, серіктестік, сыбайластық, шығармашылық, ықпалдастық іскерлік тәрізді атаулар бүгін жаппай қолданатын атаулар қатарына қосылып үлгерді. «Әкімдік» атауының жарыспа нұсқасы «әкімият» ішінара қолданылып жүргенімен, Мемтерминком ресми бекіткен «әкімдік» сөзі айқын басымдыққа ие бола бастағанын аңғаруға болады. Ал балапаздық, біртектілік, елжандылық, елшілдік, зайырлылық, отансүйгіштік, отаншылдық, парашылдық сынды атаулар әлі сұрыпталу кезеңінен өте қойған жоқ. Мәселен, орыс тіліндегі бір ғана «патриотизм» сөзінің баламасы ретінде елжандылық, елшілдік, отаншылдық, отансүйгіштік сөздері жарыса қолданылып жүр. Әрине, бұл атаулардың бірін «патриотизмнің» баламасы ретінде орнықтырғанның өзінде, қалғандары өзіндік мағыналық реңктерімен синоним сөздер ретінде жалпы тілде қолданыла берсе, артықтық етпейді деп ойлаймыз.

Кейінгі жылдары -дық/-дік үлгісімен жасалып, қолданысқа еніп үлгерген атаулардың бірі «әкімдік» сөзі екендігін жоғарыда айттық. Бұл терминді 2002 жылы Мемлекеттік терминология комиссиясы ресми бекітіп, жаппай қолдануға ұсынған. «Әкімдік» атауы тілімізде қолданыста бар өкілдік, елшілік, хандық, өмірлік сөздерінің үлгісімен жасалған. Дәлірек айтқанда бұл атау XX ғасыр басында жасалған. «Әкімдік» сөзі 1925 жылы Қ. Кемеңгерұлының редакторлығымен Мәскеуде жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» деп аталған еңбекте «административность» және «власть» сөздерінің қазақша баламасы ретінде көрсетіледі. Бұл термин сол кезеңде біраз қолданылып, сөздіктерге еніп, алайда 30-жылдардан кейін шеттетілген сөздерқоғам бірі. Орыс тіліндегі «админнстрацня» сөзінің баламасы ретінде бұған дейін «әкімшілік» сөзі пайдаланылып келген. Президент әкімшілігін де, облыстық әкімшілікті де, қала, аудан, ауыл немесе қонақүй әкімшілігін де солай атап келген едік. Тілімізде әбден орныққан «әкімшілік» сөзін жаңа сөзбен алмастырудың қандай да бір қажеттігі де туындаған жоқ болатын. Ол қажеттілік облыстық және қалалық, аудандық әкімшіліктерді орысша «администрация» емес, «акимат» деп атаумен байланысты туындады. Алғашқыда осы «акимат» сөзін «әкімият» деп орыс тілі үлгісімен тілімізге бейімдеп алушылар табылды. Бұл сөз орыс тілі үлгісін тікелей көшіру болғандықтан, басқаша сөздер ұсыныла бастады. Орыс тілінде -ат суффиксі екі түрлі мағынаны білдіреді:

а) Адам (лиц) . Мысалы, адрес /ат, ази /ат, депут /ат, стипенди /ат т. б.

ә) Бірнеше адамдар жиынтығы, мекеме (учреждения) . Мысалы: декан /ат, дирек/тор /ат, комбин /ат, старост /ат, чемпион /ат, ректор /ат, халиф /ат, султан /ат т. б. Сондай- ақ, бұл жұрнақтың варианты - иат. Мысалы, комиссар /иат, пролетар /иат, секретар /иат т. б. Бізқоғам әкімияттың жасалуына негіз болған осы орыс тілінің жұрнағы еді. Ал қазақ тілінде 1) - ат жұрнағы қыр/ат, су/ат, сыз/ат 2) - ат араб тіліндегі көптік көрсеткіші. Мысалы, ақпар/ат, маглұм/ат, салам/ат т. б.

Бұл жұрнақтар араб елдерінің мемлекеттік құрылымына қатысты атаулар құрамында да кездеседі. Мысалы: Сұлтанат - сұлтан басқаратын монархтық мемлекет. Халифат - VII ғасырда құрылған араб мемлекетінің атауы. Халиф - мемлекет басшысының титулы. Ол мұсылмандардың дінбасы да болған. Халифтер Мұхаммедтің ізбасарлары саналған . Эмират -Кейбір Азия мен Африка елдеріндегі феодалдык мемлекет немесе оның иелігі. XVIII ғасырдан XX ғасырдың басына дейін Бұхар хандығы Эмират деп аталған. Қазір біз орыс тіліндегі Эмиратты (Объединенные арабские эмираты) - Әмірлік «Біріккен араб әмірліктері» деп атап жүрміз. Басқаларын осы ізбен алғаннан кейін, халифат, сұлтанат атауларын да -лық/-лік (-дық/- дік, -тық/-тік) жұрнақтары арқылы халифтік, сұлтандық деп бірізді атаған орынды болар еді.

Бұрын сөз тудыру үдерісінде сирек пайдаланылып келген -м, -ым/-ім жұрнағы [ 13. 134] соңғы жылдары өнімділік таныта бастады. Кейінгі жылдары бұл жұрнақ арқылы жасалған салалық терминдерқоғам саны күрт өсті. Олардың арасынан қазіргі баспасөзде басылым, жарияланым, жөнелтім, оқылым, өсім, салым, таныстырылым, таралым, төлем, ұстаным, шақырылым сияқты тұрақты қолданысқа көшкен атаулар жиі кездеседі. Ал әзірленім, белсенім, елтаным, жинам, көрсетілім, қантаным, өтінім, сұраным, төтем сияқты бірқатар сөздер сирек қолданыс тауып жатады. Бұлардың әзірленім, төтем тәрізді бірқатарының қолданысы арнаулы сала шеңберімен шектелсе, қалғандары әлі кең тарай қоймағандықтан және жарыспа нұсқалары болуына байланысты баспасөзден сиректеу көрініс тауып жүр.

Бүгінгі баспасөз беттерінде біршама жиірек қолданылып жүрген атаулардың бір тобы -нама (-дама) үлгісімен жасалған сөздер. Осы тұлғадағы сөздерқоғам әдепнама, әдіснама, әлеуметнама, дерекнама, сырқатнама сынды бірнешеуінен өзге басым көпшілігі қазақ тілді басылымдарда бірізді әрі жиі қолданылып жүр. Мысалы, жарнама, жұлдызнама, заңнама, қазанама, сауалнама, тұжырымдама, тұғырнама атауларын бүгінгі жұртшылық жаппай қолданатын сөздер қатарына қосуға болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚЫСҚАРҒАН СӨЗДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Қысқарған сөздердің түрлері
Қысқарған сөздер түрлері
Қысқарған атаулардың қазіргі жасалу ерекшеліктері мен қолданысы
Қысқарған сөздердің жасалу ерекшеліктері
Қысқарған сөздер аббревиатураларды талдау
Қысқартылған лексикалық бірліктердің қызметін анықтау
КОРЕЙ тіліндегі ҚЫСҚАРТЫЛҒАН СӨЗДЕРДІ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРУ
Күрделі сөздер классификациясы
Қысқартулардың қазіргі қазақ баспасөзінде қолданылуы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz