М. Жұмабайұлы шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі


Тақырып:
М. Жұмабайұлы шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі
Мазмұны
Кіріспе. . 3
I. М. ЖҰМАБАЙҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ МЕН ӘДЕБИ-СЫН ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ТҰЛҒАЛАР ГАЛЕРЕЯСЫ5
1. 1. Ақын өлеңдеріндегі тұлғалар бейнесі5
1. 2. Қаламгер зерттеулеріндегі тұлғалар сипаты. 9
II. М. ЖҰМАБАЙҰЛЫ ПОЭМАЛАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР БЕЙНЕСІ. . 24
2. 1. «Батыр Баян» поэмасындағы тарихи тұлғалардың суреттелуі. 24
2. 2. «Оқжетпестің қиясында» поэмасындағы Кенесары образы. 35
2. 2. «Ертегі» поэмаларындағы Сыздық Сұлтан бейнесі. . 48
Қорытынды . . . 55
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 58
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.
Зерттеуде Алаш әдебиеттанушысы, сыршыл ақын Мағжан Жұмабайұлының «Атақты ақын - сөзі алтын хакім Абайға», «Бернияз Күлеевке», «Жамбылға» өлеңдеріндегі және Міржақып, Х. Досмұхамедұлы, Ж. Досмұхамедұлы, А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейханұлы эпиграммаларындағы алаш ақындарының басты тақырыптарын, «Ақан сері», «Базар жырау», «Бернияз Күлеев, «Әбубәкір ақсақал Диваев» әдеби-зерттеу еңбектеріндегі тұлғалар сипатын, нәрлі мұраларындағы, оның асқақ пафосты «Оқжетпестің қиясында» поэмасындағы Кенесары образын, «Батыр Баян» поэмасындағы тарихи тұлғалардың суреттелуін, «Ертегі» поэмасындағы Сыздық Сұлтан бейнесін ашуы қарастырылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі.
Алаш идеясы - ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды десек, онда сол орасан мақсатты орындау үшін қазақтың тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрі, айналып келгенде, қазақты ел ететін, мемлекет ететін рухани қазынасы Қазақ елінде айрықша орынға ие болу керек. Мағжан үшін ғана ерлік идеялы, ар ұланы Кенесары хан болып қоймаған, сонымен қатар Алаш елінің ерлік идеялы, ар ұланы Кенесарының ұлт, рух дүниесіне сіңірген еңбегін бағалау зерттеу-зерделеу шынайы Қазақ ұлтының парызы, борышы. Осы орайда Мағжан мұрасының нәрі - оның «Ақан сері» мақаласындағы Ақан ақындығы, өмірі, шығармашылығы туралы тың деректер, «Оқжетпестің қиясында» поэмасында сомдалған ар-ождан, Алаштың өрені - Кенесары тұлғасын зерттеудің өзектілігін тереңдете түседі.
Тақырыптың зерттеу нысаны ретінде Мағжан Жұмабайұлының үш томдық шығармалар жинағы, «Батыр Баян» (1998), шығармалар жинағы (1989), ғалымдардың осы кезеңге байланысты әдеби-зерттеу еңбектері негізінде алынды.
Зерттеу пәні. Зерттеу барысында М. Жұмабайұлының түгел шығармашылығындағы тұлғалар бейнесін ашу үшін тұтастай туындылары зерттеу пәні ретінде алынды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
М. Жұмабайұлының әдеби-зерттеу еңбектеріндегі тұлғалар галереясын ашып, «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Ертегі» поэмаларындағы сомдалған тарихи тұлғалар образын жасаудағы шеберлігін таныту зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылды:
- Ақын өлеңдеріндегі тарихи тұлғалар бейнесін айқындау;
- Қаламгер зерттеулеріндегі тұлғалар сипатын ашу;
- «Батыр Баян» поэмасының тақырыбы мен идеясын ашу. Поэмадағы тарихи тұлғалардың суреттелуін анықтау;
- «Оқжетпестің қиясында» поэмасындағы Кенесары образын ашу; Поэмадағы Кенесары хан образы мен тарихта хан бейнесін өзара сабақтастырып көрсету;
- «Ертегі» поэмасындағы Сыздық Сұлтан бейнесін ашу;
Зерттеу жұмысының жаңалығы.
Зерттеу жұмысында Мағжан Жұмабайұлының әдеби-зерттеу еңбектері мен поэмаларындағы тарихи тұлғалардың бейнесін беру шеберлігі алғаш рет нысанаға алынды. «Оқжетпестің қиясында» поэмасында Кенесары хан образын сомдаудағы шеберлігі айқындалуымен, тарихи тұлғаларға алғашқылардың бірі болып құнды баға беруі дәлелденіп отыр.
Зерттеу әдіс-тәсілдері
Зерттеу жұмысын жазу барысында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін тарихи-функционалдық талдау, тарихи-салыстырмалы сипаттау, проблемалық жүйелеу, жинақтау әдіс-тәсілдері пайдаланылды.
Диплом жұмысының құрылымы
Диплом жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
I. М. ЖҰМАБАЙҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ МЕН ӘДЕБИ-СЫН ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ТҰЛҒАЛАР ГАЛЕРЕЯСЫ
- Ақын өлеңдеріндегі тұлғалар бейнесі
Мағжан ақын халықтың тарихи зердесін оятып, ұлттық намысы мен ұлттық рухын сілкіндірудің қажеттігін, ортақ мүдде жолында топтасқан ұлттың ғана азаттық алып, әлемдік өркениеттік қауымдастық қатарына бәсекеге қабілетті болып қосыла алатынын осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын-ақ түйсініп, өршіл жырға айналдырып, айта алған. Және туған халқының сол замандағы қиын халін, кенжелеп қалған тұрмыс-тіршілігін көре отырып, осылай жасаған:
Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген.
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген.
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін
Сол елімді сүйемін!, -
деп суреттейді ақын сол замандағы ұлтының болмысы мен тұрмыс-тіршілігі туралы. Ақын әлемде не болып жатқанымен шаруасы жоқ, «алдындағы малымен», «ескі заңымен» қоңырқай тіршілік кешіп жатқан халқын сүйіп қана қоймайды, оның ертеңгі болашағының жарқын болатынына сенеді. Оның сол жарқын болашаққа тезірек жетуі үшін жанын да, қанын да аямайтынын паш етеді.
«Елім» деп еңіреп, әділеттік жолда жалынды жырын жалау еткені үшін тарихтың «ақтаңдақ» бетінен орын алған сөз шебері М. Жұмабайұлының өрелі ойының терең иірімдерінен тамаша суретті сөздер өріледі [1, 262] . «Түркістан», «Ескі Түркістан», «Орал», «Көкшетау» атты өлеңдері арқылы сүйікті оқырмандарын елін, жерін сүюге баулиды. Туған ұлтын, халқын сүюі түбі бір туысқан жұртты туысқан тартумен сабақтас құбылыс болғанын «Тұранның бір бауырында», «Қырғыз, қазаққа», «Еділде», «Алатау» атты жырларынан аңғартады.
Оның ақ нөсердей төгілген жыр жолдарында өзіндік өмір өлшемдері, түйінді, тұғырлы таным дүниесі кестелі өрнекпен нақтыланып, даралық сипатқа ие болып тұрады. «Көкшетау» өлеңінде:
Аспанменен тірескен
Тәңіріменен тілдескен
Көкшетауым біп-биік
Қою қара көк бұлт
Жайнап, ойнап, құлпырып
Көкшетауды тұр сүйіп, [2, 159] .
делінген жолдардың бүлікке шақырған, ел бірлігіне қас көңіл емес, шығыс, қазақ тарихына тән биік белестерді еске алу, бұқараны рухани азаттыққа үндеу рухымен төркіндес ниетінен туғандығын айтса. «Аспанменен тірескен Көкшетау», «Тәңіріменен тілдескен Көкшетау», «Қою қара көк бұлт» деген айқындаулар өлең өрісін кеңейтуде ерекше қызмет атқарып тұрғандығын көрсетеді. Өз мысалдарында бұрыннан айтылып келе жатқан эпитеттерді қайталамай өзінше ізденіп, жаңаша мазмұнда айқындаудың әр түрін жырларында шеберлікпен орынды қолданғандығын, олар арқылы адамның көркем образын жасағандығын байқатады. Ақынның қиыннан қиыстырып қолданып отырған айқындаулары өзі жырға қосып отырған объектіні, өмір құбылыстарын бейнелі оймен бере білу жағынан басқа суреткерлерден ерекшеленеді.
Ғалым-зерттеуші А. Ісмақова М. Жұмабайұлының өз заманының абызы Жамбылға 24 шумақ өлең жазған деген дерек [3, 324] айтады. 1937 жылы Жамбыл атағы кеңінен танымал болған кезде, қарт ақыннан рухани демеу күткен Алаш ақыны аталған өлеңін арнаған екен. Содан «Жамбылға» өлеңінен сақталғаны келесі шумақ қана:
… Жан аға! Шықтым өлімнен,
Халімді менің көрсейші.
Жаның нұрға көмілген,
Нұрыңнан ұшқын берсейші! [4, 116]
Мағжанның эпиграммаларында әдебиетшілердің, Алаш ақындарының басты тақырыптары қамтылған: «Мадиярға», «Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовке», «Ахмет Байтұрсыновқа», «Әлиханға».
М. Жұмабайұлының Абайтануға қосқан үлесі де нақты. Алаш ақыны «Атақты ақын сөзі алтын - Хакім Абайға» атты өлеңінде Алаш абайтануының негізгі ұстанымдарын айқындап береді. Өлең 1912 жылы «Шолпан» жинағында басылған. Алаш әдебиетшілері Абайды қорғауды өздеріне міндет қып қана қоймай, оның Хакім Абай екенін айғақтаған. Мағжан ақын Абайға нақты кәсіби дәлелденген баға берген. Аталған өлең - тәуелсіз кездің әдебиеттануына қосылған үлес екені де даусыз.
Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолың жайып енді күтпес, -
деп Мағжан ақын хакім ұғымын өлеңімен таңбалап кеткен.
«Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы - сөз» [1, 16] деп заманымыздың белгілі ақыны Олжас Сүлейменов айтқанындай, жастарды тәрбиелеуде сөздің құдіретті күшін пайдаланудың маңызы зор екендігін сезінген ақын өнегелі, өрелі асыл сөздерін кейінгі ұрпаққа сыйлайды.
Егемен еліміздің ертеңгі қызметін атқарар лайықты тұлға - ол жастар екенін ескеріп, «Мен жастарға сенемін» өлеңінде елдің қалыптасуына жастардан үлкен үміт күтіп, аманат сенім артатындығын ағартады.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға
Мен жастарға сенемін, [2, 35]
деген Мағжан жастардың ерік-жігерін, күш-қайратын «аң патшасы арыстанға», «қайратты жолбарысқа», «ақиық қыран құсқа» балайды. Өзінің шығармасында қолданыс тапқан теңеулердің сан түрлі болып келетіндегін
«Алатау» өлеңіндегі:
Көп жылдар желдей заулап есті ме екен,
Алатау өсті ме екен, өшті ме екен?!
Қияның қыранындай қайсар елдің
Басынан күңгірт көшті ме екен?
Шыңдары арысымен араласқан,
Тәңірі тақ қылғандай тарғыл тастан
Күңіреніп қоңыраулы қара нардай
Қап-қара қорғасындай бұлты басқан [2, 39]
деген жолдарда кездесетін дай-жұрнағы арқылы жасалған «желдей», «қияның қыранындай», «қап-қара қорғасындай», «қара нардай» эпитетті теңеулер арқылы көрсетеді. Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі теңеуді ақын өз шығармаларында шеберлікпен қолданып заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей ақ, басқа заттармен, құбылыстармен салыстыра бейнелегендігін байқатады.
Академик З. Ахметовтың «Жасалу қалпына қарай теңеулердің сан түрлі болып келетіні байқалады. Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру арқылы жасалса, енді бірде айтылып отырған нәрсенің бір сипатын, белгісін, түсін, дыбыс үнін, тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстырып, бейнелеу негізінде туады. Сонымен қатар бір нәрсені басқа нәрсемен қимыл қозғалысындағы ұқсастықты тірек етіп салыстыру жолымен жасалған теңеулер де жиі кездеседі», - дегендегі ойын нақтылайды.
Ақынның қай шығармасын алсақ та сөйлеу өнеріміздің барлық саласынан бой көрсететін, сөз мәнін өңдендіріп, ажарландырып мазмұнын тереңдететін жалпы тілдік категория, сөзді астарлай қолдана білуінің шеберлігін танимыз. Мәселен:
Өмір - дала, ақын - бала қаңғырған,
Жан сусынын көз жасымнан қандырған
Ақын - бөбек, өмір - көбік, тылсым- ды,
Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған, -
[2, 198] дейтін шумақпен басталып, аяқталатын «Берниязға» атты өлеңінде бұрын өзіне қатысты қолданылатын метафора жаңаша түлеп, асыл махаббат жолында құрбан болатын жалын жастың елден оқшау бітімін даралауға қызмет ететіндігін, «Ақын - бала», «ақын - бөбек» деп балаға, бөбекке балайтындығын көрсетеді.
Ғалым Қажым Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті мәселелері және Абай поэзиясының тілі» атты еңбегінде айтылған: «Метафора тіл табиғатында терең тамыр жайған сөйлеу өнеріміздің барлық саласынан бой көрсететін жалпы тілдік категория, сөзді астарлай қолдану» дегендегі пікірін мойындатады [5, 39] .
Мағжан Жұмабаев өз шығармашылығында қайталаудың небір түрлерін жан-жақты, әрі өте әсемдікпен пайдаланылған.
«Пайғамбар» өлеңінде:
Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр.
Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап тұр
Қайғы менен қара қанға тұншығып,
Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр.
Қап-қара түн. Уақыт ауыр күтеді,
Ой артынан ойлар келіп күтеді
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күншығыстан бір пайғамбар күтеді [2, 14]
дегендегі ол, дыбыс үндестігіне негізделген туындыдағы әдепкі қайталаулар арқылы өлеңнің әсемдігін, әсерлілігімен қатар, өлеңнің композициялық құрылысын ерекшелеп оқырман көңілін баулиды.
Профессор Шериаздан Елеукеновтің: «Әдебиет идеясы өмірден туындайды. Идеяны жеткізетін тіл. Ол суреткердің дүниетанымына сәйкес құйылады, саяси, философиялық, эстетикалық тұрғысына қарай өріледі. Тілі ғана пайдалы, басқасының мәні жоқ деуге келмейді. Әдебиеттің бір ғана таптың меншіктеуіне көне бермейтіні көркем идеяның тек саяси көзқарастан туындамайтындығында болса керек» [1, 262] деген ойы поэзия әлемінде айрықша із қалдырған өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат еткен Мағжан Жұмабаев шығармаларын талдауға мұрындық болғандай.
«Мағжан өз тегін де, өз жерін де ардақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ардақтауға ұмтылған, өлең сөзді асыл маржандай терген, сұлу жырымен оқырман жүрегін баураған, ал өзі болса, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті» [5, 35] . Сөз құдіретінің сырын ашып, өз өлеңдерінде көркемдегіш құралдарды орынды да, ұтымды пайдаланып, сөз саптау шеберлігін танытқан ақын «Әрбір ірі жазушының шеберлігінің өзгешелігі көбіне-көп оның шығармасынан көрінеді». «Көркемдік дегеніміз әрбір сөздің орынды қолданылуының ғана емес, өте қажеттілікпен, зәрулікпен қолданудың белгісі және сөз дегенің мүмкін болғанша аз жұмсалуы керек» [1. 65] деген ғалымдардың ойын дәлелдегендей.
Қорыта айтқанда, Мағжан Жұмабаев - қазақ поэзиясында жарқын жырларымен от шашып, өшпес із қалдырған тұлға. Көркем сөзбен көрікті өлеңдерді әдебиетіміздің әлеміне сыйлаған ерек жан.
ХХ ғасыр алып тұлғаларының шығармашылық тағдырын зерттеуші, академик Рымғали Нұрғалидың сөзімен айтсақ: «Мағжан поэзиясы мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу- маржаны махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдаса ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүние» [6, 93] .
- Қаламгер зерттеулеріндегі тұлғалар сипаты
М. Жұмабайұлы алаш замандастары сияқты ақындығы, жазушылығымен қатар әдебиетті таныту ісіне де араласқан. Әдебиеттанулық еңбектері: «Ақан сері», «Бернияз Күлеев», «Базар жырау», «Әбубәкір ақсақал Диваев».
«Ақан сері» мақаласы «Сана» журналының 1923 жылғы 1-санында (1924, №2, 3) жарияланған. Мәліметтерді ақын 1922 жылы Көкшетау сапарында жинаған. Бұл көлемді мақала Ақан серінің ақындығы, өмір жолы, тұтас тұлғалығына қатысты қазақ әдебиеттануындағы тұңғыш зерттеу екенімен құнды. Аталған мәселелер нақты тарихи негіздерге құрылған, ол туралы ақын былай деген: «Ақын туралы білгендерін айтып һәм жазып берген Мырзаұлы Баялы, Шыңғысұлы Қоқыш, Бозайұлы Ысмағұл ақсақалдарға һәм Самыратұлы Қазыға көп рақмет айтамын». Ақынның туған жері «Абылай хан ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау - Алаштың ақындығының да ордасындай жер еді, - дейді Мағжан «Ұшы, қиыры жоқ сары дариядай жер еді», - ортасында көгерген Көкшетау» туралы [4, 194] .
Әдебиетші осы мекеннен шыққан ақындарды атап өтеді, олар: «Кең сабаның қорындай Бертағынның баласы - Орынбай, екі аяқты адамның ділмары, улы тілді - Соқыр Шөже, Тойлыбай бидің ұлы - Арыстан, үні зарлы - Атығай Соқыр Тоғжан, терең ойлы - Атығай шал, аспанға өрлеп ән шырқайтын - Біржан сал, өмірі ертегідей - әдемі Ақан сері - осылардың бәрі сол күңіреген Көкшенің маңайында туып-өскен ақындар» [4, 194] . Осылардың ішінен Мағжан Ақан серіні бөліп алады.
Ақынның сөзі оның өмір тәжірибесінен туатынын алға тартқан Мағжан: «Ақан өмірі - ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір. Ақанның алдымен өмірін жазып, онан соң сөздерін тексереміз», - дейді. «Ақанның өмірі» туралы тараушада ақынның ататегі, шыққан ортасы айтылған. «Орта жүз арғын ішінде қарауыл» Жарқынбай ұлы Қорамсадан 9 қыз болыпты. Атасы Алладан тілеп, кейін Қорамсаның қосағы Жаңылдан ұл туады, атын Ақжігіт қояды. Ақын 1843 жылы Қоскөлде туған. әкесі Қорамса бай, саудагер болған: «Әрі малға бай болса, әрі ақша болса, әрине, Қорамса елге қадірлі болмақшы» [4, 195] .
«Сол кездегі қазақ дәстүрі бойынша «Ақан Бұқардан оқып келген Күнту молдадан сабақ алған. 13 жасында ақын «молдасымен шариғатқа таласып, маған қарсы келдің» деп, молдасы оны ұрған соң, оқумен қоштасып кете барады. Осыдан бері Ақанның серілігі басталады», - дейді Мағжан.
Серілік құрған Ақанды: «Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың Қарауылдың ойын-тойының көркі Ақан болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей, 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп, нөкер қылып алады. Жүргенде сол жігіттердің алдында қолбасындай оқшау отырады. Біресе боз атқа мініп, ақ киген. Біресе қара атқа мініп, қара киген. Біресе торыға мініп күрең киген. Басында - бұлғақтаған үкі, қолында - домбыра, аузында ән… Жігіттердің бәрі балуан, бәрі әнші. Бірақ Ақанның әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан ән шырқаса, би билігін, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, аңырып тыңдай қалады. Қалың қарауылдың қалың көздері: «Ақанның әні-ай!- деп күрсінеді. Сүймесе сері дер ме еді, қалың қарауыл Ақанға сері деп лақап береді» [4, 195] .
Қожаның қызы Бәтимаға үйленіп, одан бір ұл, екі қыз болады: «Бірақ ұлы тілсіз болады. Он жыл шамасында Бәтима өледі. Бірақ серіліктің соңынан жүрген Ақан Бәтиманың өлімін елемейді. Серілікті бұрынғыдан да үдетеді», - деп Мағжан бұл оқиғаға баға бергендей [4, 195] . Бір жылда 60 түлкі алған Қараторғай деген бүркітті, бір жылда 9 қасқыр алған Базарала деген итті алады. «Қалың Қарауылға аты шыққан Ақтоқты деген арумен көңіл қосады. Тап осы кезде Ақанның қолына алты алашқа аты шыққан құлагер түседі» [4, 196] .
«Ақанның өмірі» атты көлемді алғашқы тарауша ақынның өмір жолының шолуы ғана емес, ақын жанының қиналып өзгерген сәттері шуақты күндерімен арпалысып өткен тағдырдың басты-басты оқиғалары бейнеленген. Бұл бөлімде жай сөздермен шектелген деректер емес, Ақанның ақын болуына әсер еткендері, жан қиналғанда шыққан өлеңдерінің туу себептері сөз етілген. «Осылай Ақанның атағы талай жерге жайылып тұрған кезде мұның өмірінде бір өзгеріс болады. Желдей ұйытқыған серінің жүрегіне мін деуге бола ма, сол кезде Ақан Ақтоқтысынан айнып, қарауыл Тінәлі қажының қызы Ұрқия сұлуға әнімен өлең шығара бастап, сол Ұрқияны алып қашады» [4, 196] . Әдебиеттанушы Мағжан осындай сәттерді келтіргенде өзі де бірге мұңдасып кетеді: «Бірақ жаны сүйіп алған жары Ақанмен озақ отаса алмай, үш-ақ ай тұрып, шешек шығып дүниеден өтеді. Жаны сүйген жар нажағайдай жарқ етіп дүние салса, жанға жеңіл жара бола ма? Ұрқия өлгеннен былай Ақанның жаны қасіретке ұрына бастайды. Ұрқия өлген жетінің ішінде Ақанның жақсы көрген бір інісі өліп, қасірет үстіне қасірет жамылады» [4, 196] . «Жараланған жүрек жазылу үшін тағы махаббат іздейді. Ақан айналып Ақтоқтыға келеді» [4, 195] . Бірақ Ақтоқты Ақанды кешірмей, басқаны қалайды. Мағжан былай деген: «Ақанның жүрегінде махаббат та, ашу да күшейеді: «Ақтоқты, кеткенің бе шыныменен? - деп, ашулы зар шығарады Ақан».
Көп ұзамай Ақан Құлагерден айырылады: «Ақан мидай далада, жолдасы Құлагердің басында кәдімгідей мөлдіретіп көзінің жасын төгіп отырады. Күн былай тұрсын, түн бойы күңіреніп, Құлагердің, сандалкерінің, еркесі үркеккерінің басын құшақтап отырады. Жан жолдасын қолымен өлтірген адамдай күйінеді» [4, 197] . Іс жүзінде «анау Сайдалы асында ішіне қан қатқан Барақбай Құлагерді көлденеңнен соқтырып өлтірген» еді.
Жануар Құлагерім қолдан кетті,
Дұшпанның қастығынан қаза жетті…
Қаржас боп, қанжығалы, керей, алтай,
Қуандық, сүйіндік боп намыс етті, -
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz