Зат есім мен етістіктен жасалған сөздер


Мазмұны
Кіріспе . . . 3
Негізгі бөлім:
І тарау. Сын есімдердің қолданыстық сипаты
1. 1. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі сын есімдер . . . 4
1. 2. Синтаксистік тәсіл арқылы жасалған сын есімдер . . . 12
Қорытынды . . . 38
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 40
КІРІСПЕ
Сын есімдердің зерттелу тарихы. Сын есім - өзіндік мағынасы, морфологиялық белгілері, синтаксистік қызметі бар жеке сөз табы. Сын есім жеке сөз табы ретінде А. Байтұрсыновтың «Тіл-құрал» оқулығында танылған. Оқулықта сын есімге «Сөздің кейбіреулері нәрсенің сынын атайды. Осындай нәрселердің сынын көрсететін сөздер сын есімдер деп аталады. Сын есімнің сұрауы: қандай» -деген қысқаша анықтама берілген.
[1; 36] .
Ғалымның қазақ тілді пән ретінде үйрететін оқулығындағы жеке сөз табы ретінде танылған сын есім туралы пікірі кейінгі еңбектерде де жалғасын тапты. Қ. Жұбанов «Қазақ емлесі мен грамматикасының кейбір мәселелері» атты мақаласында заттың не істің сипат белгісін көрсететін, шырай үстеулері мен үстеуіштерін ертетін, зат есімге де, етістікке де анықтауыш бола алатын . . . түбірді сын есім деп атаған. . [2; 4] .
Ал Ж. Шәкенов «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясын» жан-жақты қарастырған еңбек жазды. Ғалымның еңбегінде түркі тілдерінде сын есім категориясының XIX ғасырдан бастап зерттеле басталғандығы айтылған. [3; 56 ] . Автор сын есім мәселесін алғаш сөз еткен профессор А. Казембек екендігін оның еңбектерінен үзінділер келтіре отырып дәлелдеген. Бұдан кейін А. К. Боровков, И. А. Батманов, Н. К. Дыренкова, А. Н. Кононов, А. Баскаков, Н. К. Дмитриев, М. Терентьев, П. М. Мелиоранский, В. В. Катаринский секілді түркологтар еңбектеріндегі сын есімге қатысты пікірлерге талдау жасағаны белгілі.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Кейінгі қазақ тіл білімінің жетілу, даму кезеңінде жарық көрген оқулықтарда сын есімге «заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін (түр-реңін) және басқа сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматикалық сөз табы» «Сын есімнің табиғи қызметі ешбір өзгеріске түспей-ақ, зат есіммен тіркесіп, заттың алуан түрлі қасиетін, сындық белгісін білдіру» - деген анықтамалар берілген.
Сондықтан да, сын есім заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін және басқа сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматикалық сөз табы болып табылады. Сын есімдердің тілдік- қолданыстық сипатын ашу теориялық та, практикалық та жағынан қажетті еңбек болып табылады деп есептейміз.
Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақ тіліндегі сын есімдердің қолданыстық сипаты болып табылады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Сын есімдердің тілдік - қолданыстық сипатын анықтау үшін сын есімдер және олардың типологиялық зерттелуіне шолу жасап, сын есімдердің, күрделі сындардың қалыптасу мен құрылымдық сипатын айқындау, тақырыптық топтарға қарай топтастыру жұмыстың мақсаты болып табылады.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері . Тақырыптың мақсатына сәйкес жинақтау, талдау, жүйелеу, сұрыптау әдістері қолданылды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ.
1. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі сын есімдер. Есімдер деп аталатын сөздердің ішіндегі зат есімнен кейінгі есесі де, еншісі де мол сөз табы - сын есім.
Семантикалық жағынан зат есім әр алуан заттық ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы болса, сын есім неше алуан сыр-сипатпен байланысты ұғымдарды білдіретін лексика-грамматикалық тобы ретінде бөлінеді. Сөйтіп, сын есім деп заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін (түр - реңін) және басқа сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматикалық сөз табын айтамыз.
Сын есімдер морфологиялық (синтетикалық), синтаксистік (аналитикалық), морфологиялық - синтаксистік (семантикалық) тәсілдер арқылы жасалады.
Морфологиялық (синтетикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады.
Синтаксистік (аналитикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер жалаң сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы (ақ сары, қызыл сары; қара көк, ал қара көк; ақ құба, ақ сұр, ақ шабдар, ақ шұбар, ақ көк т. б. ), негізгі сындар мен туынды сындардың бір-бірімен тіркесуі арқылы (ақ көйлекті, қара пальтолы т. б. ), зат есім мен туынды сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы (көп балалы, ауыз жолды, жібек көйлекті), негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы, қосарлануы арқылы (үлкен-үлкен, үлкен-кіші, таулы - таусыз, елді-күнді) жасалады.
Морфологиялық - синтаксистік (семантикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздің семантикалық жағынан бірте-бірте дами отырып, адъективтенуі арқылы (мысалы: басқа, өзге, шала-жансар т. б. ) жасалады.
Бұл тәсілдің ең негізгісі, әрине, синтетикалық және аналитикалық тәсілдер, ал семантикалық тәсіл тіпті өнімсіз.
Сындық ұғымды білдіретін күрделі сөздердің грамматикалық сипаты. Бұған күрделі сөздердің ішінен қарапайым, кішіпейіл, қонақжай, жарымжан, кемтар, желөкпе, тоқмейіл, жалаңаш, алаяқ, арамтамақ, жармес, қара көк, ақ құба, қызыл шырайлы, ұзын бойлы тәрізді сөздер жатады.
Лексика-грамматикалық сипаты жағынан барлығы да заттың алуан түрлі сыр-сипат, белгі-қасиеттерін білдіріп, соған атау болады. Қандай? Қай? деген сұрауларға жауап береді.
Күрделі сөздердің сын есімге жататын бұл түрлері де зат есім сияқты құрылымы жағынан бірбеткей емес, әртүрлі. Олардың ішінде, мәселен, құралақан, жармес, жалаңаш тәрізді кірігу арқылы да, қарапайым, арамтамақ, кішіпейіл, жарымжан тәрізді бірігу арқылы да, қызыл шырайлы, қара көк, ұзын бойлы тәрізді негізгі сөздердің немесе негізгі мен туынды сөздердің тіркесуінен болғандары да бар. Барлығы да сайып келгенде, аналитикалық тәсілден пайда болғанымен, компоненттерінің бірігіп, одан мүлде кірігіп кеткендеріне қарағанда бірікпеген түрлері тілде жиі ұшырайды.
Құрылысы жағынан бұлар екі сөзбен ғана шектелмей, одан да артық сөздердің үйлесімді тіркесуінен жасалуы мүмкін. Мысалы: Енді сол көп қыздардың ішінен бөлініп қалған бір ғана ұзын бойлы, ақ сұр қыз бар. Сұлу денелі, ашық нұр жүзді, әсем бой жеткен (М. Әуезов) .
Қыз қуқыл өңді, үлкен қоңыр көзді, қыр мұрынды (Х. Есенжанов) . Бірінші мысалдағы күрделі сындар екі сөзден құралған болса, екінші, үшінші мысалдағылар екі, үш сөздердің тіркесуінен жасалған.
Морфемалық құрамы жағынан да бірбеткей емес, әр түрлі, мәселен, қара кер ат үйренген жеріне бір-ақ тартты (Ғ. Сыланов) . Қожаш орта бойлы . . . жігіт (С. Көбеев) . Бүрінен айрылған тобылғы да қуқыл реңді (М. Әуезов) . Осындағы қара кер жалаң түбір морфемалардан, орта бойлы, қуқыл реңді деген күрделі сөздер түбір мен қосымшалы морфемаға ажыратуға келетін тұлғалардан тұрады.
Түрлену жүйесіне келсек, тек қана аналитикалық тәсілден болған түрлері кейбір шырайлық формалармен өзгерсе, мысалы қып-қызыл ала, жап-жалаңаш, жарым-жандау т. б. Ақ көңіл, өте қарапайым адамдар (Ғ. Мүсірепов) . Ал аналитикалық тәсілге қосымша синтетикалық тәсілдің қатысынан болғандары түрленбейді. Осыған орай бұларды беретін мағынасына қарай талдағанда бастапқыларын сапалық сындармен, ал, -лы, -лі, -дық, -дік, -дай, -дей тәрізді сөз тудырушы қосымша морфемалардың қатысымен жасалғандарын қатыстық сындармен орайлас қараған жөн.
Енді бұлардың синтаксистік қызметіне келейік: күрделі сөздердің сын есімге жататындарының да сөйлемдегі негізгі қызметі - анықтауыш. Өйткені бұлардың ішінде анықтауыш қызметінде жұмсалмайтын бірде-бірі кездеспейді. Екі сары ала қаз ортасында көк қаршыға ұйқы-тұйқы, сарт-сұрт майданда екен (М. Әуезов) .
Артын жым-жырт қылды да антұрған шал, төртеуін ертіп алып тез жөнелді (А. Құнанбаев) . . . . арамтамақ жалқауларды Толстой жан-тәнімен жирене жек көрген («Семей таңы» газеті) .
Қарапайым жұрттың ішінде беделді Бұланбайды Байжан да қатты қадірлейтін еді (Ғ. Мүсірепов) . Қолында шоқпары, үстінде жалғыз көнетоз шапаны бар (М. Әуезов) . Ән зор дауысты, сұлу пішінді, ақ құба жігіт айтқанда жаңа сыр тапқандай (М. Әуезов) . Біз аз адаммен үлкен жұмысты - бүкілодақтық үшінші кочегарканы бастадық (Ғ. Мұстафин) .
Міне, осындағы сары ала, антұрған, арамтамақ, қарапайым, көнетоз, зор дауысты, сұлу пішінді, ақ құба, бүкілодақтық дегендердің барлығы да сындық ұғымдарды білдіретін күрделі сөздер, сөйлем мүшесінде анықтауыш. Бұдан басқа бұлар сөйлем соңында келгенде баяндауыш, кейбіреулері пысықтауыш қызметінде де жұмсалады, бірақ бұл сөз болып отырған сындардың негізгі емес, қосымша қызметі болмақ. Негізгі қызметі анықтауыш, бірақ бұдан анықтауыш пен сын есім арасында табиғи бір байланыс бар немесе сын есім тек анықтауыштан дамыған екен деген ұғым тумасқа тиіс. Оған, біріншіден, басқа түркі тілдері тәрізді, қазақ тілінде де сын есімнің тек анықтауыш қызметінде ғана емес, сонымен қабат жоғарыда айтылғандай, пысықтауш та, баяндауыш та қызметінде жұмсалуы дәлел болса, екіншіден, сөз табында анықтауыш қызметінде тек сын есім ғана емес, сонымен қабат зат есімнің де, есімдіктің де, сан есімнің де, тіптен етістіктің де кейбір түрлерінің анықтауыш қызметінде жұмсалуы дәлел болғандай. Күрделі сөз болса, негізінен лексикалық, ал сөйлем мүшесі грамматикалық категория. Демек, бұлар тілдің әр басқа саласына жатады. Сын есімнің қалыптасуына анықтауыштың белгілі роль атқарғанын, әрине, бекерге шығаруға болмас; бірақ сонымен қабат, сын есім бүтіндей анықтауыштан дамыған деген пікірмен де келісу қиын. Оған мына төмендегі мысалдан да көз жеткендей: Жүргіншілер Ералының қазірде қуаң тартқан шалғынын біраз аралап өтті (М. Әуезов) . Әбдірахман Дмитриевтің шаршаған реңді қой көздерінде ұшқындаған бір от барын байқап қалды (Х. Есенжанов) . . . . қалбырдағы топырақтар егіс даласының сан алуан сырын баяндайды (М. Иманжанов) . Сол ауылда Итбай деген, орта жасқа келген, қара сақалды ұста бар (С. Сейфуллин) . Әзімбай деген бір тіс қаққан жігіт еді (С. Көбеев) .
Осындағы қуаң тартқан, шаршаған реңді, ұшқындаған бір, сан алуан, Итбай деген, орта жасқа келген, қара сақалды, тіс қаққан дегендердің барлығы да даусыз күрделі анықтауыштар, бірақ осылардан сын есімнен болғаны тек қара сақалды дегенді ғана, қалғандары, мысалы: сан алуан - лексикаланған тіркес тіс қаққан - тұрақты сөз тіркесі; қуаң тартқан, шаршаған реңді, Итбай деген, орта жасқа келген деген анықтауыштар түрліше сөз табына қатысты сөздердің өзара тіркесуінен болған. Бұдан шығатын қорытынды: сөйлем мүшесінің шеңбері сөз табынан да кең. Ол түсінікті де, өйткені сөйлем мүшесі контексте әр алуан сөздермен қарым-қатынасқа түсуден пайда болады. Жоғарыда келтірілген мысалдан көргендей, оның құрылыс материалы сөз табы да, лексикаланған тіркес те, тұрақты сөз тіркесі де, басқа да құрылысы күрделі тілдік тұлғалар да бола береді.
Демек, сөз табы мен сөйлем мүшесі арасына тепе-теңдік белгісін қоюға болмайды екен. Анықтауыштың дара түрі белгілі сөз табына телулі болғанымен, күрделі түрі олай емес, ол белгілі бір сөз табынан да, басқа бір тұлғалардан да бола беруі мүмкін. Олай болса, грамматикалық талдауда бұл ескеріліп, бірбеткей сөз табынан болғаны әдеттегідей ажыратылып, басқа тілдік тұлғалардан болғандары қаға беріс қалмауы керек.
Сөз табы, оның ішінде сын есім де грамматикалық абстракцияның жемісі, оның аясы сындық ұғымды білдіретін күрделі сөзбен ғана шектелмейді, оған құрылысы күрделі басқа да грамматикалық тұлғалар да кіреді. Ойымыз түсінікті болу үшін тілдік деректерге сүйенейік.
Мұғалімдер қызық-қызық әңгімелер айтты (С. Көбеев) . Айнала бар дүниені қара көк бетеге мен шашақталған ал күрең көде басыпты (М. Әуезов) . Төрде доп-домалақ, қара бұжыр біреу отыр (С. Көбеев) . Қызыл төбелі ақ үй ескілердің ортасында өзгеше көрінеді көзге (Ғ. Мұстафин) . . . бір . . . қара сұр жас бала жігіт жаяу келе жатыр (С. Сейфуллин) .
Осындағы қызық-қызық, қара көк, доп-домалақ, қара бұжыр, қызыл төбелі, қара сұр дегендердің барлығы да сөз табында сын есім; бірақ осылардан даусыз күрделі сөзге жататындары: қара көк, қара бұжыр, қызыл төбелі, биікше бойлы, қара сұр дегендер. Ал қызық-қызық, доп-домалақ дегендер сөз табында сын есім құрамына кіргенімен, күрделі сөз болмайды, күрделі грамматикалық форма болады.
Сын есім, асылында, бойында сындық қасиеті бар сөздердің жай ғана топтары (разрядтары) емес, бүтіндей оның сөз тудыру жүйесін, грамматикалық абстракция нәтижесінде иеленген мән-мағына, ішкі грамматикалық категориялары, олардың берілу тәсілдері мен жүйелі формалары, сөйлемде атқаратын қызметі тәрізді жақтарын бүтіндей қамтитын тілдік құбылыс болмақ. Сонымен, сын есім құрамына кіретін құрылысы күрделінің барлығы бірдей сындық ұғымды білдіретін күрделі сөз бола бермейді; оқушы мұны меңгеріп, грамматикалық талдауда күрделі сөз бен күрделі грамматикалық тұлғаның ара қатынасын, ерекшелігін ажырата білуі тиіс.
Күрделі сындардың жасалуы. «Күрделі сын есімдер» деген термин 1952 жылғы А. Ысқақов пен К. Аханов авторлығымен шыққан мектеп грамматикасынан бастап, ғылыми айналымға түсті.
Күрделі сындар деп екі не одан да көп сыңарлардан құралып, бір сындық ұғымды, белгіні білдіретін сөздер аталады. Мысалы, қоңыр қошқыл, ал қызыл, қара көк, қоңқақ мұрынды, ұзын тұра, ат жақты, ерке тотай т. б.
Күрделі сындар бір белгіні білдіретін бір сөз, бір лексема болып саналады, ол қаншама сыңарлардан құралса да, бір сөздің қызметін атқарады, сөзге қойылатын талаптардың бәріне сай келеді. [4; 46 ] .
Күрделі сын есім сөздер бір сындық белгіні білдіретін сөз болғандықтан, сөйлемде бір сұраққа жауап береді, сөйлемнің бір мүшесі болады. Мысалы, Толықша келген, аппақ жүзді қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп, қиылып тұр (М. Әуезов) . Тұстарында қара күрең кілем (С. Сейфуллин) . Зор денелі, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес (М. Әуезов) . Осы сөйлемдердегі аппақ жүзді, қара күрең, зор денелі, бурыл сақалды деген күрделі сындар мысалдарда қыз, кілем, Құнанбай деген зат есімдерді анықтап, қандай деген сұраққа жауап беріп, сөйлемнің анықтауыш мүшесі болып тұр. Күрделі сындардың әр сыңары жеке сөйлем мүшесі қызметін атқармайды, өйткені олар бір сөздің ішкі құрылымына жатады, сыңарлары дербес сөздік қасиеттен айрылған.
Тілдегі сөз атаулының дыбыстық құрамы тұрақты, ол дыбыстардың орнын ауыстыруға болмайды. Күрделі сындар да сөздің осы белгісіне толық сай келеді. Күрделі сындар біртұтас сөз болғандықтан, олардың құрамындағы сыңарлардың орны тұрақты және олардың орнын ауыстыруға болмайды. Мысалы, түлкі тымақты (адам), көк жасық (ет), қызыл шұнақ (аяз), бұлаң түлкі (мінез) деп орындарын ауыстыруға болмайды, өйткені күрделі сындағы мағына бұларда жоқ. Күрделі сындар белгілі құрамда, ол құрамдағы сыңарлар белгілі тәртіпте тұрғанда, күрделі сындардың мағыналары қалыптасқан, оны бұзуға, өзгертуге болмайды. Сондықтан күрделі сыңарлардың сыңарлары мен олардың орны тұрақты.
Күрделі сындардың құрамының тұтастығын олардың сыңарларының арасына басқа сөздердің кіре алмауы да білдіреді. Күрделі сындар біртұтас сөздер болғандықтан, оның сыңарларының арасын басқа сөзбен бөлуге болмайды. Бұл - сөз атаулыға тән жалпы заңдылық. Негізгі түбір болсын, туынды түбір болсын олар - біртұтас сөз, сондықтан олардың тұтастығын бұзып, арасына басқа сөз кіре алмайтыны белгілі. Дәл осындай күрделі сөздер де біртұтас сөз болғандықтан, оның қолданыста тұтастығы сақталады.
Күрделі сыңардың сыңарлары дербестігінен айрылып, біртұтас мағынаға көшкендіктен, олар біртұтас бірлік ретінде сөйлемде басқа сөздермен тіркесіп, сөз тіркестерінің бір мүшесі ғана болады. Мысалы, Үй ішін сұраған ашық жарқын ажарын көре алмаған (М. Әуезов) . Ол өңшең қыз, сылқым сұлу келіншек пен сәнді сұлу бозбала (М. Әуезов) . Мұнда күрделі сындар ашық жарқын мінез, сылқым сұлу келіншек, сәнді сұлу бозбала деген сөз тіркестерін жасап, солардың бір мүшесі болып тұр.
Күрделі сыңдардың сыңарлары толық мағыналы сөздерден болады. Жалпы тіл біліміндегі күрделі сөздер теориясында күрделі сөздердің толық мағыналы сыңарлардан жасалатыны - әбден танылған пікір. Қазақ тіліндегі күрделі сындар да осы теорияға толық сәйкес келеді. Өйткені күрделі сындардың мағынасы оның құрамындағы сыңарлардың мағынасының негізінде жасалып, күрделі сындық ұғымды білдіреді.
Ал күрделі сыңдардың құрамы қандай күрделі болса, мағыналары да сондай күрделі болады. Мысалы, қызыл ала көйлек, қара көк қамзол, мойыл қара мақпал, солғын қызғылт орамал т. б. осы сияқты күрделі сындарды алсақ, заттың сындық белгісі біртекті емес екенін көру қиын емес. Мұндағы сындардың мағыналары да күрделі екені анық, яғни заттың сындық белгісі түрлі сындық белгілерден құралады. Айталық қызыл ала көйлек дегенде қызыл ала көйлектің жалпы түсін білдіріп тұрғаны анық, бірақ көйлектің түсі түрлі түстің қосындысынан тұрады. Көйлектің түсінде қызыл да, тағы басқа түс те араласқан яғни ол бір ғана таза түстен тұрмайды. Сондықтан ол дара сыннан белгінің күрделілігі арқылы ажыратылады. Бұлардың мағынасы сыңарларының мағыналарының қосындысынан жасалған.
Келтірілген күрделі сындардың әрқайсысы да осы сияқты күрделі сындық белгілерді білдіреді. Осындағы қара көк күрделі сыны көктің таза көк емес, қараға жуық көк екенін білдіреді. Ал мойыл қара мақпал дегенде мақпалдың қаралығы мойылға ұқсайтынын, солғын қызғылт дегенде қызыл түстің бәсеңдігін білдіріп тұр.
Күрделі сындар сөзжасамның аналитикалық тәсілінің ішкі үш түрі арқылы яғни сөзқосым, қосарлау, тіркестіру тәсілдері арқылы жасалады. Осыған байланысты күрделі сындардың үш түрі бар:
1) біріккен күрделі сындар;
2) қосарланған күрделі сындар;
3) тіркескен күрделі сындар.
Біріккен күрделі сындар онша көп емес, олар көнетоз, көнтері, тілалғыш, есерсоқ, біртоға, алаңғасар, аласабыр, бұратана, кемтар, кертартпа, қонақжай, жарымжан, балажан, қарапайым, кеудемсоқ, ішқұста (ашу), етжеңді, кірпияз, можантопай, етекбасты (мінез) сияқты сөздер. Мысалы, Мынау нағыз можантопай маубас түйенің өзі екен ғой (Д. Досжанов) . Ұлбике - етжеңді, дөңгелек бетті, қиғаш қара қасты толықша қыз (С. Омаров) . Көнетоз сұрғылт тысы бар жүндес қара елтірі тымақтың бет тұсы сірескен қарлы мұз (М. Әуезов) . Одан ары төрге алаша төселген, іргеде алабажалақ құрақ көрпеше жаюлы жатыр (Н. Серәлиев) . Ал, Әли болса, бос белбеу, қарпылмаған киіздей былжыраған, бір жағынан шалық ауруы бар кемтар жігіт (С. Омаров) .
Қосарланған күрделі сындар тілде бірсыпыра: үлкенді-кішілі, жаманды-жақсылы, ақты-қаралы, қызылды-жасылды, ерке-бұлаң, көл-көсір, ала-құла, ағал-жағал, сыбай-салтаң, қан-сөлсіз, кедір-бұдыр, телегей-теңіз, ұзыннан-ұзақ, өркеш-өркеш, үйме-жүйме, аумалы-төкпелі, қырғи-қабақ, әлем-жәлем, сұлу-сыпайы, қайғы-қасіретсіз, үлкен-үлкен, ұсақ-түйек, биік-биік т. б. Мысалы, Жиекте қызылды-жасылды, үйме-жүйме әйелдер (М. Әуезов) . Отыз жыл толып, ұлан-асыр той, тілегей-теңіз қуаныш болып жатты (О. Бөкеев) . Ескі Гурьевтің кедір-бұдыр, қисық көшелерімен базар халқы ағылып келеді (Ғ. Мүсірепов) . Бұл үйге бөтен-бостақ адам сирек келетін (С. Омаров) . Үлкенді-кішілі бұйымның бәрін қайта-қайта өңдеп-шыңдаудан әсте жалықпайтын (Ө. Қанахин) .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz