Торғай диалектілерін топтастыру


Мазмұны
Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі . Әр ұлттың жан-дүниесі, болмысы, дүниетанымы оның өзі жасаған материалдық және рухани байлығы арқылы көрінетіні, ал оны жеткізуші құрал тіл екені, тілін жоғалтқан халықтың өз тамырынан, тарихынан, ұлт ретіндегі бет-бейнесінен айырылатындығы белгілі. Ұлттық тілдің бүкіл болмысын зерттеп, зерделеп, кейінгіге қаларлық дүниелер жазған ғалымдардың ересен еңбектері сондықтан елеулі орынға лайықты. Ұлан-байтақ даланың әр бұрышындағы тілдік ерекшеліктерді ерлікпен пара-пар еңбек арқылы, шашыраған қазынаны бір қоймаға жиғандай етіп, қазақтың тіліндегі диалектілер мен говорларға ғылыми тұрғыда сипат беру ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жүзеге асты. Ана тілді зерттеу маңызы артып, өз алдына ғылым болып қалыптасты. Қазақ диалектологиясы іргесінің қалануы жалпыхалықтық тілдің дамуына, қазақтың жазба әдеби тілінің қор жинап, өрістей түсуіне көп ықпал берген еді. Диалектілік ерекшеліктерді зерттеу қазақ диалектологиясының теориялық мәселелерін көтеріп, кейбір қорытындылар жасауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде қазақ диалектологиясы қазақ тілі мен әдебиетінен маман даярлап шығаратын жоғары оқу орындарында арнаулы пән ретінде енгізілді. Әр аймақтағы сан қилы тіл тұтынысы қазақтың тілдік қорын байытты. Алайда тек Торғай жерінің қолданысындағы сөздер аймақтық түсіндірме сөздіктерден ұшырасқанымен, бәрі дерлік жалпыхалықтық сөздер ретінде анықтама беріліп қала берді. Мұны жұмысымыздың алғашқы және соңғы тарауларында кеңінен айтпақпыз.
Диалектологияның болашағына еншіленетін мәселе әлі де көп. Мәселен, аталмыш ғылымның негізгі зерттеу объектілері қазақ тілінің аймақтық диалектілері мен говорлары. Әуелде егіз, кейін әртүрлі ұғымға ие болған бұл екі нысан, диалектологтар пікірінше, әлі түбегейлі зерттеліп бітпеген дүниелер. Өйткені, біріншіден, әлдебір ғалым қазақ тілінде диалектінің мүлдем жоқ, тек говорлар ғана кездесетінін алға тартқан тұжырым жасаса, келесі бірінің көзқарасы бұған қарама-қайшы. Өз дәлелдерін алға тартқан алауыз пікірлердің қайсысы жөн екендігіне, өзімізше, баға беріп көреміз. Екіншіден, қазақ диалектологиясын құрушылардың бірі С. Аманжолов диалектілік аймақты үш топқа бөліп, солардың әрқайсысына фонетикалық, лексикалық, грамматикалық талдаулар жасап келеді де, соңғы үшінші солтүстік-шығыс диалектісіне кең тоқталмайды. Ол аталмыш аймақта тілдік ерекшелік жоқ дегенді көлденеңдеткен. Яғни, біз осы жұмысымыздың өзегіне айналып отырған Торғай диалектологиясы мүлдем зерттелмеген деуге болады. Алайда кейінгі буын ғалымдардың солтүстік-шығыс тіл еректігі турасындағы тұжырымдары С. Аманжоловтың пікірлерін бұрысқа балайды, десе де жіктеп-жіліктеп, жіпке тізіп берген дәйектер жоқтың қасы. Торғай - қазақылығының қаймағы бұзылмаған өлкелердің бірі, тілі шұбарланбаған аймақтың бірегейі. Сонда да болса, бұл төңіректегі тіл тұтынысында өзгешелік жоқ емес. Осыған тетелеу тоқталатын боламыз. Жалпыхалықтық тілге ие деген «сақалды» пікірдің тұғырынан түспей келуі - осы өңірге ғылыми назардың жеткіліксіз салынғанынан болса керек. Торғай өңіріндегі тілдік ерекшеліктің жоқтығын желеу етіп жүрген сыңаржақ тоқтамдарға, шама-шарықша, қарсы жауап іздеп бақпақпыз.
Зерттеу нысаны. Жалпы қазақ диалектологиясы, диалектілер мен говорлар, олардың ара-жігі, Торғай жеріндегі тілдік ерекшеліктер.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті. Зерттеу жұмысының мақсаты - қазақ тілі ғылымының маңызды бөлігі саналатын диалектология саласының теориялық негізін анықтап, торғайлық диалекті және говор сөздерді «сүзіп алып», қалыпқа сәйкес бағасын жасау. Осы мақсатқа сай мынадай міндеттердің шешімін табу көзделеді:
- Диалекті мен говордың ара-жігін ажырату олардың түрлеріне сипаттама беру;
- Торғай аймағының тілдік ерекшеліктеріне я диалекті, я говор, не болмаса сөзжасам тұрғысында сипат беріп, жан-жақты талдау жасап, мәнін ашу;
- Торғай халқының тұрмыс-салт, тарихының тілдік ерекшелігімен өзара байланысып, астасып жатқандығын негізге алу, тереңіне бой жіберу;
Зерттеу жұмысының дереккөзі. Қалиев Ғ., Сарыбаев Ш. Қазақ тілінің диалектологиясы. -Алматы: Ана тілі, 1991, Қазақ тілі энциклопедия -Алматы: 1998, Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері/Вопросы казахского языкознания. -Алматы: Арыс, 2008, Сарыбаев Ш. Қазақ тіл білімі мәселелері/Вопросы казахского языкознания. -Алматы: Арыс, 2000, Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары, Алтын дала; Костанайская область; фотокнига /сост. Г. Дильдяев; осн. фотосъемка В. Бугаева; предисл. С. Кулагина. - Алматы: Атамұра, 2005, Қазақ тілінің аймақтық сөздігі 22000 сөз. -Алматы: Арыс, 2005, Абай тілі сөздігі. -Алматы: Ғылым, 1968, Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі. -Алматы: Дайк-пресс, 2008, Этимологиялық қысқаша сөздік, Синонимдер сөздігі. -Алматы: Арыс, 2007, Қазақ әдеби тілінің сөздігі 15 томдық. -Алматы Арыс, 2006, Диалектология сөздігі. -Алматы Арыс, 2007.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысында тарихи және салыстырмалы, дәстүрлі сипаттама, семантикалық компоненттік, талдау әдістері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақ тілінің диалектілік лексикасын тілдік таным тұрғысынан бейнелеуді нысанаға алуы.
- Қазақ тілінің диалектілік бай мұрасы шығу, қалыптасу, даму жасына қарай толық сипатталып сараланды.
- Торғай өңірі диалектісі семантикалық топтау арқылы, заттық, атау ұғымында жүйеленеді.
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Қазақ тілі диалектілік лексикасын зерделеуде бағдарға алынған теориялық тың ойлар мен этимологиялық деректер, одан туындайтын ойтүйіндер қазақ диалектологиясы мен әдеби тілінің елеулі мәселелерін талдауда, сипаттап түсінуде маңызды болмақ.
Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Зерттеудің нәтижелері жоғарғы оқу орындарының филология мамандығының жалпы тіл теориясы, диалектология, лексикология салаларына қатысты пәндер мен тіл және мәдениет арақатынасын, тіл тарихын оқытуда теориялық материал ретінде қолданыс табады. Сондай-ақ жинақталған, талданған материал диалектологиялық сөздік түзуге, ауызекі сөйлеу ерекшелігін анықтауда қажетке жарайды деуге болады.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, тараулар тармақтардан, қорытынды мен әдебиеттер тізімінен және қосымшадан (сөздік) тұрады.
1 Диалектология ғылымы, зерттелуі
1. 1 Диалектология ғылымының қалыптасуы
Тіл - түсіністіктің, түсіністік - татулықтың, татулық - бірліктің негізі, ұлттың ұйытқысы. Бұл - «тіл» атты маңдайалды фактордың мәртебесінің асқақ болғаны аса маңызды екенін меңзеп тұр. Демек, төл тілінің тұтыныс деңгейінің жоғарылығы, тамырының тереңдігі арқылы кез келген елдің мызғымас беріктігі мен жарқын болашағын болжамдауға болмақ. Өйткені ең басты байлық, яғни рухани байлық - тіл . . . Кез келген ұлт, қайбір ел үшін де солай. Біздің де теңдессіз қазынамыз - ана тіліміз! Түркі тектес елдер ішіндегі ең таза, ең бай тілі бар ұлт - қазақ ұлты екенін ғылымның жілігін шағып, майын ішкен европалық ғалымдар мойындады. Жөн-ақ! Ұлан-ғайыр даланы мекен еткен алаш жұрты бір мойындатса, туған тілінің мөлдір де мөрлі, көркем де көл-көсірлігімен мойындата алады.
Әуелгі алға тартарымыз - қазақ тілі қорының, сөздік құрамының аса бай екендігі. Одан кейін, тарих қойнауынан сыр тартпақтайтын болсақ, Үйсін ұлысының тілі біздің жыл санауымыздан бұрын басталған, ол үздіксіз дами келіп, қазақтың бір тұтас халық тілі болып қалыптасты деген дерекке қанығамыз. Махмұд Қашқари өзге түркі тілдес ұлттар ішінен бізге жақынырақ, жазбаларының біздің тілімізге тікелей қатысы бар. Міне, осы аталмыш бабамыздың деректері ана тіліміздің төркіні үйсін тайпасынан екенін куәландыратын қазынамыз. «Диуани Лұғат ат түрк» - үйсін тілінің лексика-фонетикалық грамматикалық құрамы жағынан қазіргі қазақ тілінің тұма-бастауы. Бұл - тарихи үзік дерек.
Бертінгі турасында не тарқатамыз? Қазақ қазақ болғалы қанша уақыт өтсе де тілдік теориясы әлі толық жүйеленіп біткен жоқ деуге келеді. Кең даланың әр өңірінде, ауызекі сөйлеу тұрғысынан, тіл тұтынысы әрқилы. Мәселен, бір өлкедегі күнделікті қолданыстағы кәнігі сөз, екінші бір аймақ үшін архаизм болуы мүмкін немесе мүлдем басқа мағына беруі ғажап емес. Үшінші бір өңір үшін тіпті де таңсық болуы ықтимал. Мінекей, осы ретте «бесаспап» сөздерді өз географиясына байланысты мағыналарын жіті жіктеу, тете талдау әлі болса қажет етеді. Бір елдің екініші ел үшін таңсық сөздерін егер ұнамды, құнарлы деп саналса, жалпы халық зейініне ұсынылуы тиіс. Сондай-ақ белгілі бір өңірлер ғана мандытып отырған шаруашылық түрлері бар (мақта немесе бау-бақша егісі, кен өндірісі т. б. ), мінекей, сол шаруашылық аясында қолданылатын кәсіби сөздер де тізімге алынуды қажет етеді. Диалектология дегеніміздің басты мұраты да осы. Бұл мұрат, сәйкесінше, біріншіден ана тіліміздің қорын одан әрі байытуға, екіншіден, әу бастан бар ұғымдас сөздердің синонимдік қатарын молайтуға септігін тигізер еді. Мәселенің екінші ұшы туралы «Қазақ диалектологиясы» оқулығында (Ғ. Қалиев, Ш. Сарыбаев) былай делінген: «Заттың не ұғымның жалпы халыққа бірдей түсінікті баламасы тұрғанда, тек тіл байытуды мақсат етіп, жергілікті сипаты бар сөздерді орынсыз кіргізе беруге болмайды» [1, 37б. ] . Бұл тұста орыс әдебиетінің алыбы М. Горькийдің: «Жергілікті сөздердің, «провинциализдердің» тіл байытуы өте сирек болады, олар көбінесе тілге тән емес, түсініксіз сөздерді ендіріп, тіл шұбарлайды», [6, 587б. ] - дегенін ескеру керек болады. Сондықтан осы мәселеде асыл мен жасықты ажыратып бере алған, ықылымнан бері жиылып-терілген жазбалардың синтезі деп атай аларлықтай, табанды да тыңғылықты еңбектің нәтижесінде жарық көрген оқулықтар қашанда қажет. Десек те, осы күнге дейін аз еңбек жазылып, аз мәлімет қатталған жоқ. Түсіндірме сөздіктерді томдап санауға болады. Тарих тұңғиығына бойламағанның өзінде, тәуелсіздік жылдарынан бері қарай да бірқыдыру құнарлы жинақтар зерттеліп-зерделенді, сарапталып-сұрыпталды. Тиісінше, сол арқылы диалектологияның жеке-дара ғылым ретіндегі қанат жайып, өрістеп-өркендеу процесінің іркіліссіз ілгері ілбіп келе жатқанын көреміз.
Диалектология дегеніміздің өзі не? Қайдан шыққан сөз? Атқарар қызметі қандай я болмаса зерттеу объектісі қайсы? Мінекей, әуелі осы сұрақтарға жауап іздеп көреміз.
Сонымен, алғашқы кезекте диалек сөзіне тоқталып өтейік. Жалпы, алаш жұртының бағзыдан кең даланы әуел баста тайпа болып, бертін келе жүз болып шоғырланғанын білеміз. Ал ауыл дегеніміздің өзі белгілі бір рулардың қауымдастығынан ірге көтерген. Әлі күнге дейін кез келген ауылдың тарихы соны айтып береді. Демек, осыларға сүйене келе, тілдік ерекшеліктердің байқалуын тереңнен іздеуді қисынға саламыз. Ғалым Ғ. Мұсабаевше айтсақ, рулық сипат сақталған елдердің тілінде диалектінің ізі сақталуы мүмкін [3, 174б. ] . Аталған ғалым: «Ерте дәуірдегі диалектіні - әрбір жеке рулардың тілі деп түсіну керек. Кейініректегі, феодализм дәуіріндегі, диалектиканың тағдыры олардан мүлде басқаша . . . » [қайт, 3, 174б. ] дейді тағы да. Енді «диалекті»сөзінің өзіне сипаттама іздейік.
Сөйтіп, қазақ тілі энциклопедиясына жүгінсек, бұл (грек. Dialektos - сөйленіс, наречие) - белгілі бір аймақ, облыс тұрғындарына қызмет ететін жалпыхалықтық я ұлттық тілдің тармағы. Диалектінің өзі жергілікті және әлеуметтік болып екіге бөлінеді. Жергілікті диалект өзіне тән дыбыстық, грамматикалық, сөзжасамдық, лексикалық ерекшеліктері бар халық я ұлт тілінің құрамды бөлігі. Осындай ерекшеліктеріне қарап бір диалектіні тілдегі басқа диалектіден айыруға болады. Мысалы батыс диалектикасына тән дүние - о/ұ алмасуы: қолдану - құлдану; ө/ү: өгей - үгей, дөнен - дүнен; д/ж: Домалау - жұмалау, біздің - бізің, барған - барулы, жатқан - жатырған, жеткеру - жеткізу, сақын - сақтану, кішірейт - кішірт. Синонимдік мәнде - күдер үзу - баз кешу, шара қолдану - шара көру, қабырға газеті - жер газеті, қисын - ұтыр, жұдырық - мұш, әлсіз - шебік, әуелгі - ілкі, анда-санда - шанда т. б. Жергілікті диалект күрделі де өте ұзақ даму процесінен өткен. Негізі көне замандарда қаланған. Қалыптасуына сол дәуірлердегі тайпалық тілдер де, көрші жатқан басқа тілдер де, жергілікті жердің өз жағдайына байланысты тарихи-әлеуметтік өзгерістер де әсерін тигізген. Ал, енді, әлеуметтік диалект дегеніміз - қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік топтардың я арнайы кәсіппен шұғылданатын адамдардың тілі. Мұндай диалект жалпыхалықтық тілде кездесетін арнаулы сөздер мен терминдерден, ерекше фразеологиялық тіркестерден тұрады. Мәселен, балықшы, диқан, аңшы, мақташы сияқты ірі кәсіптерге, бақташылық, зергерлік, өрімшілік, тоқымашылық сияқты ұсақ кәсіптерге байланысты арнайы сөздер жатады. Әлеуметтік диалектілер де арго (жаргон) және кәсіби сөздер болып екіге бөлінеді.
Арго, яғни жаргон сөздерді (француз сөзі) таптық диалект деп атауға келеді. Өйткені мұндай сипаттағы сөздер шағын ғана әлеуметтік топтарға қызмет ететін, сол топтардың ұнатуына сай келетін арнаулы сөздер мен сөйлемшелер. « . . . Жаргондар көбінесе дворяндық аристократия мен буржуазияның жоғарғы таптары арасында қолданылған (авторлар бұл тұста пайда болу тарихын тұспалдап тұр деп ойлаймыз) . Жаргондардың өз алдына сөздік қоры, грамматикалық құрылысы жоқ. Бірақ жалпыхалықтық тілдегі сөздерді өз мақсатына қарай мағынасын өзгертіп, басқаша түрде қолданады деген түсінік берілген [қайт, 1, 31б. ] . Қазақ тілінде шын мәнінде жасанды «тіл» дәрежесіне жеткен жаргон, арго болған емес. Бірақ әр кезде белгілі әлеуметтік ортада пайда болып, қазір біржола жоғалып бара жатқан кейбір жаргондық, арголық сипаты бар сөз бен сөйлемдер болды. Ондай жаргондық элементтерге, мысалы, бұрынғы үстем тап өкілдерінің, қожа-молдалардың тілінде кездесетін халықтық сипаты жоқ, түсініксіз сөздер мен сөз тіркестерін жатқызуға болады», - делінеді. Осы жолдардан түйсінетініміз, авторлар пікірінде, жаргондар - жалпыхалықтық түсінікке ие бола алмайтын сөздер. Ықшам ғана әлеуметтік топтар арасында пайда болатындықтан. Авторлар мысалдарды да тым көне және ХХ ғасыр әдебиетінен келтіреді. Ал енді заманауи көзқарасқа салып көрсек, біздің пікір сәл өзгешеленетін секілді. Мәселен, бір ғана «Базар жоқ» сөзін алайық. Мұны жаргондық сипатқа жатқызып жүрміз. Жалпыхалықтық түсінікке ие емес десек, қателескен болар едік. Қазіргі кезде бұл тіркестің қандай мағына беретінін еңбектеген баладан, қарияға дейін тәптіштеп бере алады. Сондай-ақ, жаргон (немесе арго . . . бәлкім, осы екеуінің айырмашылығы да осында болар, яғни «базар жоғымыз» жаргон емес арго болып шығуы ғажап емес) құраушы сөздер де ешқайсысымызға бөтен емес. Ауызекі тілдегі мұндай сөздер жетіп-артылады . . . Жалпы, бұл - қазақта жасанды «тіл» жоқ деген ұлы ғалымдар еңбегіне әсте күйе жағу емес. Керісінше, жаңғырту немесе толықтыру жасауға пейіл болған әрекет. Одан бұрын, жеке позиция . . .
Арготизм деген де термин бар. Бұны да ғалымдар жаргонмен ағайындас ретінде таниды. Бұл жасырын әрекетті, құпия сырды бүркемелеу мақсатынан туған. Ия, тек терминдік атауын екінің бірі емес, екеуі де білмейтінбіз, бірақ бала күнімізде қызықтап қолданатынымыз есімізде. Нақтылай түссек, әр сөздің буынының арасына әріп салып, ежелеп сөйлеу (көбіне п, с, ф, к, з) . Мұндағы мақсат - әңгімеге куә болып тұрған үшінші тұлғаға ештеңенің түсініксіз болуын күйттеу. Мысалы, «Менің дипломдық жұмысым» деген сөзді арготизмге салсақ, былай болады: «Мепе-ніпің дпи-пл-опом-дыпық жұпы-мыпы-сыпым».
Енді әлеуметтік диалектінің тағы бір тармағы - кәсіби сөздердерге аз-мұз тоқталып кетейік. Мұндай сөздер жаргон сияқты халыққа түсініксіз болу үшін әдейі бұрмаланған жасанды сөздер емес, белгілі кәсіптің ұзақ уақыт бойы дамуы нәтижесінде пайда болған сөздер. Олар халықтық тіл негізі ретінде дамып, толығып отырады. Кәсіби сөздердің қолданушысы жергілікті халық болғандықтан, олардың халықтық сипаты, қоғамдық мәні бар. Жаргон сөздер нақ мұндай сипатқа ие бола алмайды. Терминдік лексиканы қалыптастырудағы негізігі арналардың бірі болып табылатын да - осы кәсіби сөздер. Мәселен: мұрап, бағбан, көшет, дақыл, сақман, т. б.
Мінекей, диалектіні, бөлімдерімен қоса, бастан-аяқ шолып өттік. Енді нақ осы диалект тұрғысында жан-жақты айтылған тағы бір еңбекке, салыстырмалы түрде, көз жүгіртсек, Ғ. Мұсабаев «Қазақ тілі білімінің мәселелері» кітабында диалектіні территориялық және тайпалық деп екі топқа бөлген [қайт, 3, 173б. ] . Алайда атауларында өзгешелік болғанымен, жоғарыдағы дәйектермен айналып келгендегі анықтамалық мағыналары бірдей.
Диалекті дегенде говорға соқпай өтуге мүлде болмайды. Мәселенің бәрі осы екі ұғымның ара-жігінде жатыр. Неге десеңіз, диалекті «диалект» аталғалы бері «говор» термині қасынан елі ажырап көрген емес. Алғашында (диалектология ғылымы «тәй-тәй» баса бастаған кездері) екеуі ұғымдас сөздер болды. Кейін келе, қазақ диалектологиясы кемелдене, ширатыла келе, ертедегі, кешегі, бүгінгі тұжырымдар мен пікір-көзқарастардың жүйеленуі арқасында, диалект пен говордың өз алдына жеке «қызмет атқаратыны» айқындалды. Көптеген ғалымдар «қазақ тілінде диалект жоқ, говор ғана бар» деген пікір түйіндеп жүр. Бұған кейінірек тоқталамыз . . . Мәліметтерге көз жүгіртсек, говордың ауыспалы және жергілікті деп екіге бөлінетінін көреміз. Ауыспалы говор дегеніміз - «басқа тілден жергілікті халықтың бір бөлігіне ауысып, басқаларына таралмаған тіл ерекшелігі. Мұның пайда болуына қазақ халқының қонысының (географиялық) жағдайы мүмкіндік туғызған, яғни өзіне көрші халықтармен араласудың нәтижесінде, сол аймақтарда тұратын тұрғындардың тілінен өзіне сөз ауысып алып отырған . . . Оңтүстік Қазақстан говорының лексикалық кейбір ерекшеліктері - өзбек, қырғыз тілдерінің ықпалы. Мысалы, әдеби тілдегі мақта деудің орнына пахта, үлкен деудің орнына кәтта және басқа сөздер көрші өзбек тілінен енсе, әдеби тілдегі тазы деудің орнына тайған деген сөз қырғыз тілінен енген» [қайт, 3, 175-177б. ] . Ал жергілікті говор - «ру, тайпа тілдерінің қалдығы, сонымен қоса белгілі территорияда ғана қолданылатын дублетті сөздер. Мысалы, азар деген сөздің орнына қазіргі қазақ әдеби тілінде реніш деген сөз қолданылды . . . Сіле деген сөз көне түркі тілдерінде марлі мағынасында болса, кейін бұл сөз ұмытылып, орнына өлген адамды орайтын кебін деген сөз қолданылған»[қайт, 3, 177-179б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz