Ұлттық ойындарды бастауыш сыныптың оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың жолдары


Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Педагогикалық-жаратылыстану факультеті
«Білім беру технологиялары» кафедрасы
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: «Ұлттық ойындарды бастауыш сыныптың оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың жолдары»
Орындаған: Сырттай бөлім БОП ж Ә
3-курс студенті Секенова Қ. А.
Жетекшісі: ПжП магистрі Оразбаева Г. О.
Көкшетау, 2011
Мазмұны
Кіріспе 3-4
1. Оқу-тәрбие үрдісінде ұлттық ойындарды пайдалану мәселелері
1. 1. Ұлттық ойындардың зерттелуі мен даму тарихы5-6
1. 2. Баланың ақыл-ойын дамытуда ұлттық ойындардың алатын
орны 7-14
1. 3. Оқу үрдісінде ұлттық ойындарды қолданудың тиімділігі 15-40
1. 4. Қазақ халқының көркем эстетикалық құндылықтары және ұлттық
ойындардың бала тәрбиесіндегі орны 41-44
2. Ұлттық ойындарды тәрбие жұмысына пайдалану
2. 1. Үзіліс кездерінде ойналатын ойындар 45-50
2. 2. Ұлттық ойындарды ертеңгіліктер мен кештерде пайдалану __ 51-58
2. 3. Ұлттық ойындардың пайдасы 59-63
Қорытынды 64-65
Пайдаланылған әдебиеттер 66-67
Қосымшалар 68-76
Кіріспе
Өзектілігі. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағыттары мен идеялары "Қазақстан Республикасының "Тіл туралы" Заңында, "Қазақстан Республикасының білім туралы" Заңында, сол сияқты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Тәлім-тәрбие тұжырымдамасы", "Этномәдениет тәрбиесі", тағы басқа құжаттар мазмұнында айырықша атап көрсетілген . [1]
Уақыт мектеп мұғалімдеріне жастарды жаңа заман талаптарына сай әрі озық ұлттық дәстүр рухында тәрбиелеп, өмірге әзірлеу секілді жауапты міндеттер жүктеп отыр. Бұл міндеттерді абыроймен орындау үшін, ұстаздар қауымы оқу-тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, күні бүгінге дейін іске қосылмай келе жатқан тәрбие құралдарын пайдалануы оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануы керек екені анық.
Сондай оқу-тәрбие негіздерінің бірі - ұлттық ойындарымыз. Ұлттық ойындар халық педагогикасының бір саласы болып табылады. Ол - сандаған ұрпақтың керегіне жарап, оларды өмірге әзірлеу қажетін өтеген, сыннан өткен сенімді тәрбие құралы. Бұл туралы көрнекті педагог В. А. Сухомлинский ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятады дей келіп, былай деп жазды: " Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы жоқ және олай болуы мүмкін де емес. Ойын дүниеге ашылған үлкен жарық терезе іспеттес, ол арқылы баланың рухани байлығы жасампаз өмірмен ұштасып, айналасындағы дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз - ұшқын, білуге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты". [2]
Ойын - оқу, еңбек іс-әрекеттерімен бірге адамның өмір сүруінің маңызды бір түрі. Оны мындай кесте арқылы суреттесек те болады:
«Ойын» ұғымына түсініктеме берсек - бұл адамның мінез - құлқын өзі басқарумен анықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдаяттар негізгі іс-әрекеттің бір түрі.
Бір заманда халық қиялынан туып, өз ұрпағын тәрбиелеудің ұтымды құралына айналған ежелгі ойындар ешбір арнайы құрал-жабдықты, өткізетін орынды талғамайды. Олар бүгінгі мектептеріміздегі тәрбие жұмысына пайдалануға қолайлы.
Халық ойындары тек денені ғана емес, ойды жаттықтырушы да болып табылады. Халық өзін қоршаған дүниенің қыры мен сырын егжей-тегжейлі білуді баланың санасына ойын арқылы жастайынан сіңіре беруді көздеген .
Ойын бала табиғатымен егіз. Өйткені, бала ойынсыз өспек емес, жан-жақты дамымақ емес .
Бұл жерде атап айтатын бір нәрсе, халық ойындарын бүгінгі педагогикалық ілім талаптарына сай іріктеп, ретті қолдана білсек, онда ол сабақтың сапасын көтеріп, тиімділігін арттырады, сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын жандандыра түседі . (Қосымша 1)
Біз бұл пікірімізді көп жылғы ізденіс пен алдыңғы қатарлы мұғалімдердің іс-тәжірибелеріне сүйеніп айтып отырмыз .
Анығын айтқанда, күні бүгінге дейін сабақ пен сыныптан тыс жұмыстар нақтылы педагогикалық үйлестік таппай, тәрбие жұмысы оқумен тығыз ұштаспай келеді. Ал шын мәнісінде тәрбие жұмысында үзіліс болмауы тиіс. Сыныпта берілетін білім мен тәрбие сыныптан тыс жұмыстармен тығыз байланыста, бірлікте болып, бірін-бірі толықтырып отыруы тиіс. Халық ойындарын пайдаланудың дұрыс әдіс-тәсілін тапқан жерде, ол тәрбиенің басқа да құралдарымен астаса отырып, бұл олқылықтың орнын толтырады .
Бұл жерде біз халық ойындарын тек 1-4 сыныптардың оқу-тәрбие жүмысында пайдалану жолдарын ғана сөз етіп отырмыз . Бірақ бұдан ұлттық ойындарды жоғары сыныптарда қолдануға болмайды деген ұғым тумайды.
Тақырыбы: «Ұлттық ойындарды бастауыш сыныптың оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың жолдары»
Зерттеу мақсаты : Оқыту, тәрбиелеу үрдісінде ұлттық құндылығымыздың бірі ұлттық ойындарды пайдалана отырып, жас ұрпақты дене тәрбиесіне, адамгершілікке, ар-ұят, кішіпейілділікке, инабаттылыққа, үлкенге иба, кішіге қамқор бола білуге тәрбиелеудің маңызын көрсету .
Зерттеу міндеттері:
- Оқушыларды ұлттық ойындарды пайдалана отырып тәрбиелеу туралы ғылыми теориялық әдебиеттермен танысу, саралау.
- Қазақ халқының көркем эстетикалық құндылықтары және ұлттық ойындардың бала тәрбиесіндегі орныҰлттық ойындардың қазіргі кезде қолдану аясыОқушыларды тәрбиелеуде ұлттық ойындарды пайдалану жолдарын қарастырып, іс жүзіне асыру
Зерттеу обьектісі: Оқушыларды ұлттық ойындарды пайдалана отырып тәрбиелеудің педагогикалық ерекшеліктері
Зерттеу пәні: Ұлттық ойындар арқылы оқушыларды тәрбиелеудің жолдары және оған әсер ететін жағдайлар.
Зерттеудің тапсырмалары: Бастауыш сыныптарда өткізілетін ұлттық ойындардың ролін анықтау. Қазіргі сабақта оларды пайдалану жолдарын көрсету. Жаңа талаптарға сай оларға сараптама жасау.
Ғылыми болжам : Ұлттық ойындарды қолданудың нәтижесінде оқушылардың сабақ үлгерімі жақсарады және тіл байлығы, дене қимылдары, ой-өрісі жетіледі
Зерттеу әдістері : Ғылыми әдебиеттерге шолу жасау, өткізілген сабақтар.
1. Оқу-тәрбие үрдісінде ұлттық ойындарды пайдалану мәселелері
1. 1. Ұлттық ойындардың зерттелуі мен даму тарихы
«Ғылымның қай саласы болмасын өз тарихын терең зерттеп алмайынша алға баспайды. Демек, зерттеуді өз тарихынан бастау -ғылым жетістіктерін игерумен қатар, оның одан ары алға басуына үлкен мүмкіншіліктер туғызады» . Дәл осы жағдай қазақ ұлт ойындарының даму тарихына да қатынасы болса керек. Халықтың ұлттық және спорттық ойындарының да өзіндік тарихи даму жолдары, қалыптасу кезеңдері, тәрбиелік маңызы халықтың саяси әлеуметтік-экономикалық дамуының негізінде болды. Қазіргі тарихи ғылымдардың дәлелдеуі бойынша күні бүгінгі бізге жеткен ұлт ойындарының қалыптасу кезеңі сонау адамзат баласының жаратылған күнінен, демек Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы қауымдық құрылыстан басталады. Сонан бері біздерге жетіп, ойналып жүрген ұлт ойындарының ішіндегі әр түрлі құмалақ ойындары, бестас, асық садақ ату, карагие, тағы басқалары шамамен алғанда 5000 жылдар бұрын ойналғандығы жайында ағылшын ғалымы Э. Маккей « . . . бұл ойындардың барлығы дерлік Азия елдерінде тайпалық одақтардың арасында тарағанға үқсайды» -дейді. Соңдай-ақ мұндай пікірлерді Венецияның саяхатшысы Марко Поло да қостайды. Ол өзінің Жетісу бойында болған сапарында көрген «Қызбөрі» ойыны да Қазақстан территориясындағы тайпалардың пайда болған кезінен яғни таптық қатынаспен бірге туғандығы жайлы ескертеді. [3, 24
Ұлт ойындары ертеден-ақ, жалпы этнографиялық әдет-ғұрыптармен бірге дамып жетіліп, ендігі жерде өз алдына бір бөлек зерттеуді керек ететін - қазақ совет этнографиясының бір бұтағы бола тұрса да, күні бүгінге дейін бір де бір тарихшы-этнограф ғалымдардан мән беріп зерттеген ешкім болмады. Тек, М. Таникеевтің Қазақстанның Россияға қосылған дәуірінен бастап, Октябрь революциясына дейінгі аралықты қамтыған педагогика ғылымдарының кандидаттық диссертациясы бар. Бұл еңбектің құндылығы сол, бірінші рет қазақтың ұлтгық ойындары ұлттық мәдениеттің бір саласы болғандыктан өз бетінше тарихи зерттеуді керек ететіндігі жайлы пікір айтты.
Еңбектің кіріспесінде автор ұлт ойындарын ұлттық мәдениеттің бір саласы болғандықтан, Қазақстанның Россияға қосылғаннан кейін ғана алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің әсерінің негізінде ғана қалыптасып дамый бастайды -деп келтірген де II тарауында талдау жасаған.
Зерттеулерге қарағанда, ұлт ойындарының даму, қалыптасу көрсеткіштері керісінше шығып отыр. Жоғарыда көрсетілгендей, ұлт ойындары Қазақстан жерінде ең алғашқы хандықтардың пайда болып калыптасуымен бірге өзінің даму сатысының ең жоғарғы шегіне жетті де, халықтың шығарған «Хан жақсы ма» ойынымен тоқтады. «Хан жақсы ма» ойынының шығуы қазақтың ұлт ойындарының ең ақырғы кезеңі. ХҮШ ғасырдан бастап, яғни Қазақстанның Россияға қосылу дәуірінен бері қарай тарихи даму емес тек кезіндегі шыкқан халық ойындары үйрену-жаттығу ретінде ғана қайталанып отырды.
Ұлт ойындарының қалыптасуы тек балаларға ғана керектігімен дамып қойған жоқ, ересектердің күнделікті тіршіліктегі қозғалысы мен көңіл көтеріп, демалыс уакытын өткізуден қолданылған еңбектің бір түрі ретінде дамыды. Мәселен, әртүрлі қозғалмалы ойындар мен асық ойындары тайпалық одақтарда ересектер арасында дамыды да кейін келе жасөспірімдерде қалды.
Қазақ халқының ұлттық ойындарының көпшілігі жас өспірімдерді шапшаңдыққа, жүйріктікке, батылдыққа тәрбиелейді және мұндай ойындар баланың дене мүшелерін шынықтырып, өкпенің жұмыс қабілетін арттыратын болған. Сондай ойындардың бірі -қазақша күрес. [24]
Қазақша күрес жайлы король Кастилий Генрих ІІІ-тің саяхатшы -көмекшісі Рей Гансилис Клавдихо мынадай өте-мөте мөлтек деректі келтіреді. Ол даңқты қолбасшы Темірдің сарайында ең күшті балуандардың белбеуден ұстап күрескенін тамашалайды. Бұл 1403-1406 жылдары аралығы екенін ескерсек, белбеу-айқастарда жеңіске жеткен балуандарға алтыннан, күмістен, басқа да бағалы сыйлықтар тарту-таралғвылар беріп отырған.
Жылдар жылжып өтіп, ғасырлар артта қалса да содан бері қазақтың ұлттық спорты -күрес және басқа да ұлттық ойындары ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, халықпен бірге жасасып, дамып келеді .
1. 2. Баланың ақыл-ойын дамытуда ұлттық ойындардың
алатын орны
Балдырған отбасы тәрбиесі арқылы және өзін қоршаған ортамен тығыз араласа отырып, ана тілін үйренеді . Ал адамға ана тілінен ардақты не бар . Ол туралы әйгілі педагог К. Д. Ушинский былай деп өте тамаша жазған:. « . . . Ана тілі - ақыл-ой дамуының негізі және барлық білімдердің қазынасы: одан барлық түсінік басталып, сол арқылы өтіп және соған оралып отырады» . [9]
Ана тілі - идеялар мен білімдерді ұгынудың және оны таратудың бірден-бір құралы. Егер оқушы бұл құралды нашар меңгерсе, онда оның оқуына да үлкен қиыншылық туатыны сөзсіз".
"Бала сөзбен де ойнайды . Осы сөзбен ойнағанда, өз ана тілінің нәзік қасиеттерін үйренеді, тілдің саздылығын ұғынады" деген А. М. Горький бейнелі сөзіне өз тәжірибемізде көзіміз жетті.
Ана тілі сабақтарын дәйекті жүргізу үшін, мұғалім біріншіі күннен бастап оқушылардың мінез-құлқын бақылай отырып, оларды ерекшеліктеріне қарай топ-топқа бөледі .
Оқушылардың бірінші күннен бастап оқу құралдарын қалай пайдалану керектігін еркін меңгеріп әкетуі оңай емес. Сондықтан бірінші сынып мұғалімі ең алдымен қимылдары өте баяу оқушылармен біраз жұмыс жүргізіп, олардың қаламсапты дұрыс ұстауына баса көңіл бөледі. Баланың саусақтары емін-еркін қимылдау үшін оларға жаттығулар жасатып бірнеше ойын ойнату керек. Бұл ойындарды алдын-ала белгіленген тәртіппен жүргізіп отырады. Балаларды жіті қимылдату мақсатымен халық ойыны "Қуыр-қуыр қуырмашты" ойнату пайдалы болады. Сондықтан мұғалім алдымен ойынның тәртібін балаларға түсіндіреді де, ойынды өзі бастап, ойнау тәртібін көрсетеді. Ойынды не үшін жүргізгелі тұрғаны мұғалім үшін белгілі. Ойынға екі оқушыдан кезектесіп қатынасады . Бір оқушы қолының бес саусағын бір жерге түйістіреді де, сол қолымен оны бүркемелеп, қапсыра ұстайды. Одан кейін жанында тұрған екінші оқушыға ортаңғы саусағымды тапшы дейді. Егер ол сол саусағын дәл тапса, ұпайды бірінші оқушы, таба алмаса - өзі алады. Бірақ, ұтқан ойнаушы ұпай алу үшін мына ережелер мен сөздерді жақсы білуі шарт :
І. Бас бармақтан бастап, шынашаққа дейін бір рет саусақтардың атын түгел айтып береді .
2. Бұдан кейін бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек, - деп саусақтарға түгелдей ат қойып шығады. Сөйтіп, бес саусақты түгел жұмады. Тағы да бас бармақтан бастап, былай деп, бес саусақты түгел ашып, санап шығады .
Сен тұр, қойыңа бар,
Сен тұр, сиырыңа бар.
Сен тұр, түйеңе бар,
Сен тұр, жылқыңа бар.
Енді шынашақты алақанның шұңқырына бүгіп, тұқырта ұстайды да
Қуыр-қуыр қуырмаш,
Балапанға бидай шаш,
Әжең келсе, есік аш,
Қасқыр келсе, мықтап бас.
Ұры, бөрі сұғанақ,
Мұның бәрі малға қас - деп ұпай таратушының алақанын қытықтайды. Ойынды әрі қарай жалғастыруға болады. Ойын бірнеше рет қайталанып ойналады. Бұл әдіс жазу құралдарын меңгере алмаған не оны меңгеру қиынға соғатын, ұяң, баяу қимылды балалардың санына қарай қолданылады. Бұл ойын алдымен шабан қимылдайтын балалардың қимылын тездетуге септігін тигізеді; екіншіден, тілін жаттықтырады; үшіншіден, есте сақтау қабілетін жетілдіре түседі; төртіншіден, ұяң, тез үйірлесуге шорқақ, жасқаншақ балалар ойын үстінде мұндай әдеттерін ұмытып кетеді; бесіншіден, оларды топтасып жұмыс істеуге дағдыландырады; алтыншыдан, балалардың жүйке жүйелерін шыңдап, мінез - құлқын қалыптастырады. [2, 4, 21]
Суреттер арқылы жұмбақтар шешкізу, балалардың сабаққа қызығуын, ынтасын арттыра түседі. Олардың қимылын дамытып, сабаққа белсенді араластыруға мүмкіндік береді. Жұмбақ шешу ойыны балалардың өздігінен ойлануына мүмкіндік жасайды, оларды дерексіз ойлаудан нақтылы ойлауға жетелей түседі. Осының негізінде мұғалім бірте - бірте оқушыларды күрделі іске тартады. Сабақ күрделене түскен сайын оқушылардың ойы өсіп жетіледі. Осыған орай ойынның түрлері де күрделеніп, өзгере береді. Ойын әрбір пән бойынша ұйымдастырылады. Бастауыш сыныптарда ойын сабақтарын пән бойынша ұйымдастыру мұғалім үшін де, оқушылар үшін де тиімді.
Бірінші сыныпқа келген балалардың кейбір әріптерге барлығына бірдей тілі келе бермейді. Осындай жағдайда бала жолдастарының көзінше ол әріптерді дауыстап айтуға жасқаншақтай беретіні сөзсіз. Мұғалім баланың осы кемшілігін дер кезінде біліп, оны уақытылы түзеу бағытында шара қолдануы тиіс. Бұл жауапты кезеңде бала мен мұғалімге нағыз көмекші халық ойыны болып табылады. Тілі кейбір дыбыстарға еркін келе бермейтін балалар үшін алдымен сол дыбысты жеке- жеке айтқызып, артынан хормен қайталанады. Тілі еркін келмейтін балалар да көпке елігіп, дұрыс айтып кетеді.
Бұл мақсатта ежелгі халық ойыны жаңылтпашты ұтымды пайдалануға болады. Бастауыш мектептің бірінші сыныбына келген баланың "Р", "Л", "С", "Т", т. б. дыбыстарға тілдері еркін келе бермейді. Сондықтан, осындай оқушылар үшін жаңылтпаштарды пайдалану орынды. Мысалы:
"Құдық қазып аршыдым,
Топырағын жаншыдым,
Аршыдым да балшығын,
Шаншыдым да талшығын,
Аршыдым да малшыдым". Мұғалім осыны оқушыға өзімен бірге ілестіре тұрып айтқызады. Сонда "Р" дыбысына баса көңіл бөлгізеді. Бұдан әрі жаңылтпашты күрделендіре түсуге болады.
"Ей, Тайқарбай,
Малыңды кең өріске жай Тайқарбай.
Біздің елде Тайқайбайлар толып жатыр,
Сенің айтып жүргенің қай Тарқайбай ?" [23]
Алдымен мұғалім өзі айтып тұрады да балалар ілесіп отырады. Кейін сөздерін жаттап алған соң, жылдам айтқызу арқылы мұғалім өзінің көздеген мақсатына жетеді. "Т" дыбысына тілі келмейтін балалар үшін де осы жаңылтпашты айтқызуға болады . Сондай-ақ "Төсек үстінде төрт бөрік, төртеуі де көк бөрік, көк бөріктер - көп бөрік", т. б. жаңылпаштардың тіл дамытуда, сөзді таза сөйлеп ширақ айтуға пайдасы айта қаларлықтай .
Сабақты бірыңғай әдістермен жүргізе беру балаларды жалықтырары сөзсіз. Егер арасында ойын араласып келіп отырса, оқушылар өтіп отырған сабақ мазмұнына баса көңіл аударып, тез қабылдап, ұғып алады .
Ойын элементтерін бірінші сыныпта "Буын" тақырыбында пайдаланған орынды. Бұл тақырыпты өткенге дейін оқушы "Әліппені" тәмәмдап, «Қазақ тілі» пәнінің едәуір бөлігін меңгереді. Дауысты, дауыссыз дыбыстарды, олардың жуан және жіңішке болып бөлінетінін біледі, сондай-ақ дауысты дыбыс бар сөздерге көңіл бөліп, олардың сөздегі орыны мен маңызын ұғып алады. Ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары, суреттер арқылы әңгіме жүргізіледі . Ендігі жерде мұғалім оқушылардың осы білім қорына сүйеніп, ойын элементтерін қолданған бұрынғы тәжірибесін жалғастыра алады. Сөздің бір буынды болып та, екі, үш, т. с. с. көп буынды болып келетініне көз жеткізу үшін түрлі жарыс ойындарын, жаттығулар ( "Өз атыңды буынға бөле білесің бе ? Сынып т ағы заттардың атын ата", т. б. ойын түрлерін) өткізуге болады .
Мұғалім алдына қойған мақсатына жету үшін сабақтан-сабаққа ойын түрлерін күрделендіріп отырады. Осы ретте " Ойлан тап" ойынын жүргізу тиімді. Мұғалім кенет ойланған қалып көрсетеді, балалар шыдамсыздана күтеді. Оның ойлап тұрған сөзі "алма"деген сөз болсын дейік. Мұғалім : -Ал, - деп бірінші буынын атайды. Балалар әр түрлі "ал" буынынан басталатын бірнеше сөздерді айтады: ала, алақай, алтын, алақан, алмас, алма. Ойланған сөзін тапқаннан кейін мұғалім : - Жанар ойлап тапты, . . . балалар сендер де дұрыс айттыңдар, - деп көтермелеп қояды . Ендігі жерде сабақтың ережесін нашарлау түсінген оқушылардың бірін балалардың алдына шығарып, жаңағыдай бір сөзді ойлатады. Бала ширығып, ашына түседі. Аз ойланып, өзі ойлаған бір сөздің басқы буынын айтады. Балалардың ынтасы арта түседі. Олар жаппай қол көтереді. Атаған буынға сөздердің бірінен кейін бірін айта береді. Балалар сергіп, сабаққа ынталана түседі, ойлары дамиды. Осы тәсілмен ойынды жалғай түсуге болады .
Мұғалім сыныптағы балаларды үш топқа бөліп, оларға басқы буындары бірдей сөздерден тұратын тор көз кестені толтыруды тапсырады. Алдымен кесте сызылып, оның әрбір жолын толтыруға әр топтан / балалардың өздерінің ұйғарымымен / кезектесіп, бір-бір оқушыдан шығарылады .
Ас Бал Қар
Ас + ан Ба + ла Қа + ра
Ас+ та+ на Ба+ ла+ пан Қа+ ра + ла
Ас+ та+ на+ да Ба+ ла+ пан+ дар Қар+ лы+ ғаш+ тар
Өз кестесін қай топ бұрын толтырып шықса, сол топ жеңген болып есептеледі. Бұл балалардың білуге деген құштарлығын, шығармашылық, жаңашылдық қабілетін шыңдай түседі. Бұл ойынды әлденеше қайталап, сыныптағы балалардың бәрін қамтуға болады.
... жалғасыБұдан кейін кестедегі көз санына қарай буын саны бар сөздер тауып жаз деген эстафета ойынын өткізуге болады. Әр топтағы балалар өзара жарысқа түседі. Қай кесте бұрын толтырылса, сол топ жеңіске жетеді. Бұл ойын жүргізіліп болған соң, оқушылардың бір буынды сөзде қанша дауысты дыбыстың бар екенін санай отырып, өр көзде және қатарда неше дауысты дыбыс бар екенін айтқызу керек. Бұдан шығатын қорытынды: а/ ойын үстінде оқушылардың ойлау қабілеті артады, ә/ ізденушілігі өсіп дамиды; б / ол тақырыпты жақсы меңгеруге көмегін тигізеді; в/ оқушылар өздері ойланып тапқан сөздерін әр кез есте сақтайды; г/кез келген уақытта буын түріне мысал келтіре алады; д /ана тілінің байлығын меңгеруге деген санасын оятады; е/ мысал арқылы қорытынды жасай отырып, өз бетімен ереже шығара алады .
" Қайда менің өз орыным?" ойынында оқушыларға бірнеше сөздер беріліп, олардың сөйлемдегі байланысына қарай, әр қайсысын өз орнына қою тапсырылады . Мысалы,
Саулығы ақ Ақанның
Шиырып тұмсығын көкке
Той қуанып оған қыпты
Тауыпты қозы егіз.
Бұл ойында, әсіресе, ер балалар белсенділік көрсетіп, сөздерді тез-тез орнына қояды .
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz