Шахмет Хұсайынов драмалық шығармаларының көркемдік ерекшелігі


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 3-4
1 Шахмет Хұсайынов және қазақ драматургиясы 5-32
1. 1 Өнегелі өмір жолы 5-14
1. 2 Шахмет Хұсайынов драматургиясындағы Көкше бейнесі 14-32
2 Шахмет Хұсайынов драмаларындағы өмір
шындығы 33-61
2. 1 Шахмет Хұсайынов драматургиясындағы тарихи тұлғалардың көрінуі 33-52
2. 2 Шахмет Хұсайынов драмалық шығармаларының көркемдік ерекшелігі 52-61
ҚОРЫТЫНДЫ 62-65
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 66-67
КІРІСПЕ
Үстіміздегі жыл еліміз үшін елеулі жыл. Биылғы жылы біз еліміз егемендігінің 20 жылдығын атаудамыз. Осы орайда елдің кемелділігінің бір белгісі оның әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуі. Бүгінде біздің мәдениетіміз бен өнеріміз, әдебиетіміз әлемдік деңгейге көтерілуде. Соған еселі үлес қосқан қарымды қаламгердің бірі - даңқты жерлесіміз, өзінің өмір жолында қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосып, артында ондаған жинақ, елуге тарта тартымды драмалық шығармалар қалдырған, көрермендер ықыласына бөленген «Шабандоз қыз», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында» кинофильмдерінің авторларының бірі болған және олардың дені біздің өлке адамдарына арналған, қайда жүрсе де өзінің туған өлкесі Көкшетауға деген ыстық ықыласынан арылмаған Шахмет Хұсайынов еді. Біздің осы жұмысымыз да осы қаламгер шығармашылығына арналды.
Осы бір өнер адамының көкшеліктерге жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Оның көркем шығармаларының дені біздің өлкеміз бен содан шыққан айтулы тұлғаларға арналған дүниелер. Күннен - күнге көріктеніп келе жатқан қаламыздың сәнін асқақтатып, көкшеліктер көңіліне нұр құйып, өнер сүйер қауымға мақтаныш сезім ұялатқан, қала ортасындағы көрікті де әсем ғимаратқа есімі берілген қаламгер шығармашылығына баруды жөн деп таптық.
Жұмыс барысында қаламгердің өзі басқа өнер адамдары туралы жүздеген мақала жазып, ондаған көркем де құнды еңбектер қалдырғанымен театр тақырыбын арнайы зерттеушілер Б. Құндақбаевтың «Бел - белестер» [1], «Уақыт және театр» [2], Ф. Оразаевтың «Замана қаһарманы» [3], Ә. Тәжібаевтың «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» [4], «Есімдегілер» [5], «Қазақ әдебиеті тарихының» үшінші томының екінші кітабы [6], қаламгердің жары Б. Римованың «Еңлікгүлім» [7], С. Мәуленовтің «Телтолқын» [8], Ғ. Мұстафиннің «Ой әуендері» [9] ; «Қазақ театрының тарихы» кітабының бірінші және екінші томдарында [10, 11] қаламгер шығармашылығына арналған пікірлер мен ойлар кездесіп, мезгілді баспасөз беттеріндегі мақалалар (мерейтойлар мен кітаптарының шығуына байланысты) болмаса, үлкен қаламгер шығармашылығы туралы бір ғана зерттеу еңбегі - филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін қорғалған Ж. Бектасованың «Шахмет Хұсайынов драматургиясындағы ғұмырнамалық шығармалар» атты диссертациясы [12] жазылған. Көзі тірісінде әр тойы ауқымды аталатын қаламгердің 100 жылдығы жетім қыздың тойындай өтіп, 105 жылдығы аталмай да қалды.
Бүгінгі таңдағы туған өлке тарихына, оның жеке тұлғаларына қызығушылық пайда болуын ескеріп, жоғары мектептің тіл мен әдебиет бөлімі студенттері мен осы мамандықтарды қалаған колледж студенттері мұқтаждығы мен мектеп оқулықтарында аталмыш тақырыптың мардымсыздығын ескеріп осы жұмысты қолға алдық.
Жұмыстың өзектілігі де осында деп білеміз. Ал, жұмыстың ғылыми дәйектілігі , біз мұнда драматургия саласындағы бірден-бір білікті маман, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Арқау» [13] еңбегіндегі драматургияны үш салаға бөліп қарастыруын құптай отырып, өз жұмысымызда қаламгердің туған жерге арналған шығармалары мен драматургиясындағы тарихи тұлғалардың көрінуіне көңіл бөліп, көркемдік ерекшелігіне баса назар аудардық.
Жұмысымыздың мақсаты біріншіден, Ш. Хұсайыновтың әлі де тереңдей зерттелмеген творчествосымен етене танысып және жүйелі түрде зерттеу; екіншіден, драматургия саласын әдебиеттану ғылымы тұрғысынан тақырыбы, идеясы, тіл шеберлігі мен көркемдік ерекшелігі тұрғысында қарастыру.
Зерттеудің нысаны ретінде Ш. Хұсайынов шығармашылығы көлемді түрде алынды.
Содан барып Шахмет Хұсайынов шығармашылығының өзегі драмалық шығармаларында екендігін ескеріп, қаламгердің бұл саладағы табыстары мен басты еңбектерін драматургия теоретиктерінің тұжырымдамаларына сүйене отырып талдадық. Әрі жазушының беделін өсірген, оның қазақ әдебиетіндегі орнын көрсеткен «Марабай» (1941), кейіннен «Кеше мен бүгін (1955) аталған драмасы мен «Күн шуақта» (1966), «Сырымбет саласында» (1966), «Үкілі Ыбырай» (1972), «Алғашқы ұшқындар» (кейіннен «Біздің Ғани») (1965), (Әбу-нәсір әл Фараби» (1970), «Өтелген парыз» (1970) драмамаларына тоқталып, талдауды жөн көрдік.
Шығарманы шығарма ететін - тіл, қандай да болмасын туындыны оқырманға ұғынықты жеткізетін, оны сүйікті ететін шығарманың тілі болмақ. Сондай-ақ әрбір жазушыны, драматургты даралайтын өзіндік ерекшелікті байқататын, оның тілдік қолданысы, мәнерлегіштігі, әсерлілігі, әсемдігі өзіндік стильдік ерекшелігі болғандықтан, екінші тараудың соңғы тараушасында Ш. Хұсайыновтың драмалық шығармаларының көркемдік ерекшелігіне тоқталдық.
Жұмыс соңындағы қорытынды бөлімде сөз етіп отырған тақырыптың жалпы қазақ әдебиетінің тарихынан, оның ішінде қазақ театры мен драматургия саласынан алатын орнын айқындап, жерлес қаламгер Шахмет Хұсайынов шығармашылығының ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі мен еліміздің мәдени және әдеби мұрасындағы көкшеліктер орнын биіктетер зор еңбегіне тоқталдық.
Ш. Хұсайынов творчествосы жөнінде жазылған бұл зерттеу жұмысы диплом төңірегінде қалып қоймай, әрі қарай жетілдіріле, тереңдетіле зерттеу жұмысына айналар деп ойлаймыз.
1 Шахмет Хұсайынов және қазақ драматургиясы
1. 1 Өнегелі өмір жолы
. . . Тірі болсаң ортада топтың тұрар ең,
Сипаты бөлек, салтанат сәнін құрар ең.
Ақан боп шырқап, Ыбырайдай бұрқап кететін,
Қоскөлден ұшқан қасқалдақ әнге құмар ең.
Серідей шалқып, сахна төрін билеп ең,
Күмбірлеп жатты кеудеңде текті күй деген.
Өресі биік өлең боп сен де өттің-ау,
Марғасқа мінез, мансапқа басты имеген.
Төлеген Қажыбаев [1] .
Қазақ жерінің аты аңызға айналған әсем өлкелерінің ішіндегі қайталанбас хас сұлуы - көрікті Көкше өлкесі адамзат әлеміне талай-талай асылдарды әкелді емес пе?! Өйткені, «ауасы дертке дауа» сұлу өлкенің бұлағы былдырлап, суы сыңғырап, қалың қарағайлы орманы бір көрген жанның көңіл күйін козғамай қалдырмайды да ғой. Айна көлдер, алақанға қондырғандай жеп-жеңіл таулар, даланың сағымы көтеріп, көз алдыңда ойнап тұрғандай ерекше бір сұлулық әлеміне жетелемей ме?! Ал, тасының өзі мың құбылып, жырлап кеткендей әсер қалдыратын бұл өлкенің өзіндік бір әсемдігі бар. Кең жайылған Сары Арқаның ортасында табиғат бар мейірімін төгіп, әр жерден бір шоқы жасап, оның олқылығын толтыруға әр шоқының түбінен бір-бір дөп-дөңгелек көл жасап кеткендей. Даланың мөлдір бұлағының да өз сұлулығы бар. Шымырлап, буырқанбай-ақ жер астынан момақан ғана ағып шыққан кәусар су коршаған төңіректің мөлдірлігін бұзбай үнсіз сырғи ағады. Мұның өзі де табиғат тылсымы емес пе?! Өмірге қадам басысымен осы жан тебірентер сұлулықты сезіп өткендіктен де бұл өлкеде ақын да, әнші де, сал-сері де мол болған ғой. Өйткені мұндай тылсым дүниенің ортасына түскен адамның ақын болмауы мүмкін емес, ақын болмауға қақысы да жоқ. Сұлу табиғатпен қоса оны атағы әлемге кеткен, сұлулық пен әсемдіктің пірлері сал Біржан, Көкше серілерінің көсемі Ақан, даланы өзінің өрелі үнімен жаңғырықтырған үкілі Ыбырай әндері тербеген Көкше перзентіне әсемдіктің не екенін, тіршілік үшін күрестің сырын, өмір сұлулығын осы әндер үйретеді, ұқтырады . Олар сенің бар бойыңды баурап, жаныңа нұр құйып, сенің болмысыңдағы барша әсемдікті ұлғайтады, жаныңды байытады. Содан да әсемдік дүниесін барынша тазалықпен сүйесің, соған берілесің, сенің жаның ақын болып жыр төгеді, акындықты, әсемдікті бар жан-тәніңмен сезінесің, құлай сүйесің. Міне, жасынан осы әсем ортада өсіп, ақын болмауға құқы болмағандықтан өмір бойы сері болып өткен адамның бірі - кербез Көкшетауының даңқын бар әлемге мәшһүр еткен дарқан дарын, бүгіндері жасы ғасырдан асқан - Шахмет Хұсайынов еді. Ол өткен ғасырдың сонау отызыншы жылдарынан бастап өнердің қиын да қасиетті саласы драматургияда еңбек етіп, өзінің өмірдегі өр мінезіндей, өнерде де киын қамалдарды алуға құлаш ұрды. Ол ары таза, ішкі дүниесі сау, тек ізгіліктен түзілген ойы мөлдір, жаны сұлу адамдарды армандады. Соны сахнаға шығарсам деп жылдар бойы алыс жолдың азабына арқа тосып, қиял қуып, жанын сала жүмыс істеді.
Шахмет Хұсайынов 1906 жылдың 12 мамырында Көкшетау облысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан) Айыртау ауданындағы Қоскөл ауылында дүниеге келген еді.
Сауатын ауыл мектебінен ашып, өз әкесінен, ауылында сал-серілік дәстүрді жалғастырып, төңірекке «қырық қалпақ» атанып аты шыққан өнер иелерінен әсемдік әлемді жанымен ұққан Шахмет Хұсайынов өзі де 13-14 жасынан ән салуға, өлең шығаруға бейімделеді. Сол бала күндерінде жазған өлең жолдарының өзінде ақындықтан гөрі драмалық элементтердің басымдылығы байқалады. «Қазақ өнеріндегі ақындықтан гөрі драмалық элементтердің басымдылығы» туралы кейін қаламгердің өзі де көкшелік ғалым, филология ғылымдарының докторы, Ғылым Академиясының корреспондент - мүшесі Ысқақ Тәкімүлы Дүйсенбаевпен бірігіп жазған «Қазақ ауыз әдебиеті және халық ойындарындағы театр-драмалық элементтер», - деген мақаласында ашып айтады. Жазушының өзі айтқан ұлт ойындарындағы драмалық болмыстарға жастайынан бейіл қоюы да содан болар.
Өнерлі ортадан өнер сүюді үйренген болашақ үлкен дарын білім жолына ерте түседі. Қаламгердің өзі ол туралы былай деп сыр шертеді:
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Ауылдан кеттік аяңдап.
Қарай бердім артыма,
Жетсін деп досым аялдап.
Дос та жетті
Түн жарып,
Сапар шектік қалаға! [1]
Сол жолы (1923 жылы) Қызылжар қаласына келіп, мұғалімдер техникумына оқуға түскен болашақ үлкен дарын оны аяқтар алдында (1928) «Мағжаншылдығы» үшін оқудан шығарылады. Өз заманындағы алдыңғы қатарлы оқу орнынан саналатын бұл білім ордасы талай таланттарды қанаттандырды. Оның озық ойлы оқытушыларының бірі, студенттер сүйіктісі -Мағжан болатын, оған көп шәкірттері табынатын да еліктейтін. Шахмет те ұлы ақынға еліктеп, ақындық жолға түсті, драматургия саласында тырнақалдысын да осында бастады. Тұңғыш пьесасы «Көк шыбық» осында жүргенде жазылып, 1928 жылы техникум сахнасында қойылды, техникум көркем өнерпаздары жетекшілері Қоцыктың басшылығымен Москваға концерттік сапармен барғанда астанада қойылды.
Бұдан кейін облыстық «Бостандық туы» газеті мен Көкшетау аудандық «Колхоз жолы» газеттерінде әдеби қызметкер болып істей жүріп, талай аға қаламгерлерге жақындасып, олардан үйренді. Мәжит Дәулетбаев, Сәбит Мұқанов, Жиенғали Тілепбергенов, Жақан Сыздықовтармен бірге жұмыс істей жүріп, көп дүниеге қаңықты, көп дүние үйренді. Кейіннен 1932-34 жылдары Степняктағы «Социалистік құрылыс», Қарағандыдагы «Қарағанды пролетариаты» газеттерінде жұмыс істеп, шеберлігін арттыра түсті. Талантты қаламгерді таныған әдеби қауым оны 1933 жылы Алматыға шақырып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жүмыс істейді. Біздің әдебиетіміздің ең таңдаулы қаламгерлері қызмет еткен бұл газет, оның шын мәніндегі әдеби мектебі бола білді.
Өнер өрінен көріну үшін, білім қажеттігін сезінген ол 1934-37 жылдары Мәскеудегі Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнер институтынан (ГИТИС) білім-бұлағынан сусындап, режиссер мамандығын алып шығады. Содан кейін алдымен Семей облыстық театрының, 1938 жылы Орал облыстық драма театрының режиссері болып жұмыс істегеннен ол 1938-1941 жылдарда М. Әуезов академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ол қайда жүрсе де өнер адамдарының сүйіктісіне де, серкесіне де айналды. 1941-47 жылдары бірыңғай жазушылық қызметпен, жазушы болғанда, негізінен драматургиямен айналысқан ол бұл жылдары өндірте еңбек етті. Осылайша өнер адамдарының қалың ортасында болған, ол 1947-50 жылдарда Қазақ ССР-і Ғылым академиясының эдебиет және өнер институтында қызмет атқарып, ғылым саласындағы дарынын да байқатты. Бұдан кейінгі жылдары да бірыңғай өнер саласында қызмет еткен қарымды қаламгер 1972 жылдың 30 мамырында көз жұмғанға дейін қыруар іс тындырып, артына елуге тарта пьеса, үш киносценарий, екі кино повесть, ондаған әңгіме, жүздеген мақалалар жазып қалдырды. Оның шығармалары бірнеше дүркін жеке кітап болып басылумен қатар, үш томдық, бес томдық таңдамалары да жарық көрді.
Міне, осы қыруар істі атқаруға оның қысқа ғұмыры қалай жетті, ол осынша мол мұраны жазуға күш - қуатты қайдан алды?! Әрі, оның қысқа ғұмырының өзі ылғи ашық күндерден ғана тұрған жоқ еді ғой!! Сонау жас шағында Қызылжардағы техникумда оқыған сәтінің өзінде «Мағжан - шылдығы» үшін комсомолдан қуылған ол 1937 жылдары Семейде жүмыс істеген шағында «Жұматшылдығы» мен «Сәкеншілдігі» үшін қуғындалып, үндеместің құрығына ілінеді. Бұдан кейін де ол үзақ жылдар бойы бірде «үлтшылдығы үшін, Мұхтаршылдығы үшін» қудаланса, бірде «жершілдігі үшін, Сәбитшілдігі үшін» қудаланды. Тіпті, ақындар мен сал-серілер мекені болған Көкшетауын сүйгені үшін де таяқ жеген жерлері көп. Бірақ, соның бәріне мойымай, халқына адал қызмет ете білген осы абзал азаматтың сарқылмас қуаты қайда жатыр, еңбегінің бізге берері не, біз жазушы мұрасынан нені үйренеміз, не табамыз, ендігі жерде соған келелік . . .
Белгілі ақын, Шахмет ағаның рухани досы әрі туған қарындасы Сараның жары Әбділдә Тәжібаев: «Шахмет іштей алалығы жоқ, көрінген жерде сүріне бермейтін, тумай жатып болдырмаған, көңіліндегі жаз гүлін солдырмаған, сәл күштіге бағынбаған, сәл байлыққа табынбаған, бүтін жан екен, жартыкеш емес екен. Мені ол осы бүтіндігімен қызықтырды. Мен Шахметті ақ пейілі, еркек мінезі үшін жақсы көрдім» [], - дейді.
Жазушы Шахметтің қатты силап, қүдірет тұтатын дарындарының бірі - ақын Сырбай болатын. Осы Сырағаң:
«Жаны жайсаң, ұсақ емес, ірі еді,
Қоскөліндей мөлдір еді жүрегі.
Шоқанды айтып, биіктейтін шоқтығы,
Көкшетаудай көкке тимей бірі елі.
Қатар жайған қаршығадай қанатын,
Дос еді оған бар жазушы, бар ақын.
Кірпігіне шаң жуытпай бірінің,
Қабақтарын қалт жібермей бағатын»[], - депті қадірлі ағасы хақында. Қаламгердің халқына берерінің мол болу себебінің бірі - осында болар.
Қазақ совет әдебиетінің кенже туып, кешеуілдеп дамыған драматургиясы саласыңда қырық жыл бойы қажымай-талмай еңбек етіп, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қалыптасуына, дамуына елеулі үлес қосқан, баршамызға аяулы Шахмет Хұсайынов 70 жасқа келген болар еді. Өнерін аса қастерлеп, талантына тәнті болған, эстетикалық талғамы биік, ойлы, зерделі қазіргі замандастарымыз драматургтің артына қалдырған бай мұрасын өз игілігіне жаратып, өскелең өнеріміздің жалпы емес, жалқы, жапатармағай емес, бірегей бұлақтарының бірі деп есептейді.
Шахмет Хұсайынов әдебиетімізге сонау дүрбелең шақта, ескі мен жаңаның күресі басталып, ғасырлар бойы жайлаған бей-жай тірліктің көбесі сөгілген тұста, қазақ ауылын советтендіру кезеңінде келген-ді. Бұл кезеңнің басты сипаты ауыл еңбекшілері арасында Ұлы Октябрь революциясының жеңісін түсіндіріп, оларды совет өкіметін қолдауға шақыру, таптық күреске үндеу, қаскөй надаңдықка, сауатсыздықка қарсы шабуылға шығу, әлеуметтік теңсіздіктің тамырына балта шабу болатын. Осы дәуірдің ұлы дүбіріне үн қоса келген Шахаң әуелі Қызылжарда шығып тұрған «Кеңес ауылы» газетінде 1928-1929 жылдары ауылдағы социалистік платформаның, тап тартысының шындығын бейнелейтін фельетондарын, очерктері мен әңгімелерін бастырды.
1930 жылы Сәбит Мұқановтың құрастыруымен колхоздастыру тақырыбына арналған «Жеңіс» атты жас жазушылардың жинағы шықты. Бұл жинаққа Шахметтің «Өрт» атты әңгімесі де енген еді.
Колхоз құрылысын, ауылдағы тап тартысын суреттеген ең алғашқы драматургиялық шығармаларының бірі - «Шабуыл» атты үш актылы пьесасы 1932 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды. Бұдан былайғы кезде Шахмет драматургиялық жанрға біржола бет бұрады. Нақ сол жылы Қазақ кәсіподақ советтерінің конкурсында оның «Обырлар» атты сатиралық комедиясы екінші орынға ие болады. Мұнда ол социалистік меншікті талан-таражға салушыларды өлтіре әшкерелейді.
«Біздің Ғани» спектаклінде басынан аяғына дейін өрбіп отыратын революциялық рух пен жігер оның өнбойынан көрініп отыратын сол дәуірдің шындығы көрермендерді бірден баурап алады. Ол Қазақстан комсомолы құрылуының бастапқы кезеңін - еліміздің ішкі және сыртқы жауларға қарсы кескілескен күрес жүріп жатқан жиырмасыншы жылдарды қамтиды. Бұл күні кеше ғана жартылай отар саналып келген қазақ халқының Ұлы Октябрь революциясы жеңісінің мән-маңызын түсіне бастаған шағы еді. Бірақ тап жаулары олардың жаңа тұрмыс орнатуына мүмкіндік бермеуге тырысса, оған қоса ескі дүние еншісі - аштық, жалаңаштық, қайыршылық пен панасыздық кедергі болды.
Осынау қат-қабат кедергілерді жойып, бақытты өмір құру жолында күресушілер тобының алғы шебінде Ғани жүр. Ол революциялық қайта құрулардың дұрыстығына кәміл сенген, ленинизм идеяларына шын берілген жан. Өзі де лапылдап жалын атып, өзгелерді де өзінің жан қызуымен қыздырып, биік мұраттарға еліктіріп, ерітіп отырады. Пьесадағы Асанбай мен Көпбол, Павел, Сағадат, Күлпаш образдары да тартымды шыққан. Жалпы пьеса оқиғасы үлкен конфликтіге - таптық тартысқа құрылып, композициясы шымыр тартылған. Бұл патриоттық спектакльді қойғаны үшін республикалық Балалар мен жасөспірімдер театрына 1967 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Қаламгердің көптеген пьесаларынан байқалып отыратын басты сипат - сатиралық комедия стилі. Алдар көсе мен Андабек, Зәрубайларды былай қойғанда, бүгінгі өмір шындығын көрсететін «Өжет қыздағы» Жұрынбаев, «Көктем желіндегі» Шаймұқан, «Кеше мен бүгіндегі» Үдері, Сабатай және т. б. сатиралық әдіспен жасалып, өздерінің болмыс-бітімімен типтік дәрежеге көтерілген кейіпкерлер. Жазушы бұл кейіпкерлері арқылы мансапқорлық, жалақорлық, төрешілдік сияқты ескілік атаулының күні өткен көріністерін өткір сынға алады. Сондай-ақ героикалық планда суреттелетін салмақты тұлғалардан жас совет өкіметі үшін күресуші Амангелді, Ғани, Боран, Жәуке, Науан образдары, байсалды ғалым Марабай, жаңашыл Дулат, ақылды, ақпейіл Ақжал, Кәрбоз, Воробьев сияқты қарттар, өжет Ғалия, сүйкімді сұлулар Қорлан, Бәдігүлдер және басқалар дарынды драматургтің көп ізденіп, көпшілік көңілінен орын алған замандастарының бейнелері.
Шахмет Хұсайынов театр сыншысы ретінде де ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Ол республика театрының тарихы жайлы 50-жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясына өте бай материал жинап өткізді. 30-жылдардың өзінде-ақ қазақ театр өнерінің дамуына ықпал еткен, әсіресе Станиславский жүйесінің негіздерін түсіндіретін көлемді мақалалар жазды. Сонымен бірге Қазақ ССР Халық артисі Елубай Өмірзақов творчествосы жайлы жазған монографиялық еңбегі - қазақ актерлерінің шеберлігі туралы жазылған ең алғашқы кітап екенін айтар едік. Кезінде журналдарға сахна шеберлері Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров творчествосына арналған мақалаларымен қатар «Халық творчествосындағы театр элементтері» атты көлемді ғылыми еңбегін жариялады.
Республикамызда төл драматургиямыздың дамуына белсене ат салысып, оның алдыңғы сапында бола жүріп, 40 жылдан астам театр өнерін еркендетуге білімі мен күш-қайратын, қабілет-дарынын ақырғы демі біткенше жұмсаған Шахмет Хұсайынов халкымыздың аяулы ұлдарының бірі. Уақыт озған сайын оның творчестволық қиялынан туған көркем образдар галереясының тәрбиелік, өміршеңдік пен жасампаздық қуаты биіктей бермек.
Егер бүгінде ортамызда отырса, Шахмет Хұсайынов ағамыздың шашын еңбек ағартқан 70 жасын бірге тойлаған болар едік. Ш. Хұсайынов әдебиет пен мәдениет майданында 40 жылдан астам еңбек етіп, 50-ден астам пьеса мен кино-повестер, оннан астам кітап калдырған, халқымыздың батыр, ардагер Амангелді, Шығыс жастарының көсемі Ғани Мұратбаев, Советтердің VIII сьезінің делегаты Прохор Жуков, Кремль сақшысы Науан Сәрсенов секілді кесек тұлғаларды сахна арқылы халықпен дидарластырған суреткер. Сонымен бірге ол казақ театрының тарланы Елубай Өмірзақов туралы монография, театр, актерлік өнер жайлы талай-талай көлемді мақалалар жазған өнер танушысы. Мұның үстіне жас жазушыларға ақыл-кеңес беріп, камқорлық жасаған аға еді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz