Қазақстанның экономикасы


КІРІСПЕ
Экономика туралы ғылым табиғат пен қоғам туралы адам білімнің жүйесі ретінде дамыған құлдық қоғамда пайда болды. Экономика туралы алғашқы түсініктер Ксенофонт, Платон, Аристотель және басқа да ойшылдардың еңбектерінде берілген. «Экономия» терминін алғаш ұсынған Ксенофонт бойынша термин мағынасы үй шаруашылығы (ойкос - үй, шаруашылық; номос - заң) деген ұғымды білдіреді.
Көп ғасырлар бойы «экономия» сөзі үй шаруашылығын ұйымдастырып, жүргізу ережелерін қамтыған. Бірақ феодалдық бытыраңқылықты жеңу, орталықтандырылған мемлекеттердің бірлесуі үй шаруашылығын жүргізу ережелерін ғана емес, жалпы ұлттық мемлекеттік шаруашылықты жүргізу ережелерінің анықталуын қажет етті. Осыған байланысты «экономия» ұғымы жаңа мәнге ие болып, «саяси экономияға» айналды, ол грек тілінде «полис - мемлекет; ойкос - үй шаруашылығы; номос - заң» дегенді білдіреді. «Саяси экономика» ұғымын ғылымға енгізген А. Монкретьян болатын. 1615 жылы оның «Саяси экономия трактаты» деген еңбегі жарық көрді, мұнда мемлекеттік шаруашылықты жүргізу кеңестері баяндалған. Экономика - қоғамдық шаруашылықтың даму заңдары жөніндегі ғылым. Мәселен, экономиканың көрнекті өкілі, ағылшын экономисі Уильям Петтидің «Еңбек - байлықтың атасы, жер - оның анасы» деген әйгілі қағидасы мәлім. [ . . . ] [1, 6 - 7 беттер]
Қысқа мерзім ішінде Қазақстанды егеменді тәуелсіз мемлекет ретінде дүниежүзінің 120-дан астам елі мойындады. Минералды ресурстарға бай Қазақстан шетел капиталын өзіне тартып, 150-дей біріккен кәсіпорын құрылды. [ . . . ]
Қазақстан экономиканы реформалауда шетел капиталын бәсекелестік негізде тартуды алға қоюда. Ол экономикалық күрделі мәселесін шешіп қана қоймайды, жаңа технологияны әкелуді, экспорттық өнімнің бәсекелік қабілетін арттыруды көздеп, ішкі нарықты өзімізді шығарылған тауар мен толтыруды мақсат етеді. [ . . . ] [1, 203 бет]
Тарихтан белгілі, Қазақстан экономикасы көне заманнан бастап Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде көшпелі мал шаруашылығына негізделді. Бірақ Ресей патшалығының отаршылдық қанау саясаты нәтижесінде қазақ даласында көптеген өзгерістер орын алды. Қазақтар сол кездің өзінде экономикалық тұрғыдан сауатты болған, бүгінгі күні қалыптасқан экономикалық түсініктердің көбі болған. Курстық жұмыс жазу барысында Қазақстан экономикасының қалыптасуынан бастап қазіргі заман экономикасына дейінгі тарихына жалпы сипаттама берілді. Экономика, макроэкономика, ұлттық есептеу жүйесі туралы сөз қозғалды.
І. ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ
І. 1. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басы
Қазақстан экономикасы көне заманнан бастап Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде көшпелі мал шаруашылығына негізделді. Мал жыл бойы өрісте бағылады. Жер көшпелі қауымның ортақ меншігі болып саналып, қазақ шаруалары оны қауымдасып пайдаланды. Мал жеке меншікте болды. Шын мәнінде малдың иесі жайылымға да иелік етті. Қазақстан Ресейге қосылған, одан мемлекеттілігі жойылған кезеңнен бастап, әсіресе, 1891 жылы Дала ережесі өмірге келгеннен кейін, көшпелі шаруашылықтың сипаты өзгерді. Тауар-ақша қатынастарының дамуы көшпелілердің едәуір бөлігін жерсіз қалдырды, ал шұрайлы жайылымдық алқаптар ауқаттылардың қолына шоғырланды. Көшу ұзақтығы едәуір қысқарып, табынның құрылымы және малды бағып-күту жағдайлары өзгерді. Тұрақты тұрғын үйлер мен мал қоралары пайда болды. Болыстар мен ауылдарға бөлінген жерлердің шекарасы айқындала бастады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында көшпелі шаруашылықты дағдарыс шарпыды. Бұқараның кедей топтары қайыршылыққа ұшырап, мал басы кеміп кетті. Көшпелілердің кедейленген бөлігі отырықшыға айналды. Дағдарыстың тереңдей түсуіне патша өкіметінің ең шұрайлы жерлерді тартып алып, қоныс аударушыларға берген отаршылдық саясаты қатты әсерін тигізді. Шын мәнінде бұл байырғы халықты ата мекендерінен күшпен ығыстырып, құнарсыз жерлерге қуу болды. 1917 жылға дейін патша үкіметі қазақтардан 45 миллион гектардан астам жерді тартып алып, ішкі Ресейден келген жаңа қоныс тебушілерге алып берді. Патша үкіметінің қоныс аудару саясаты жергілікті халықтың экономикалық мүдделеріне нұқсан келтірді. Ол қазақтардың ата-бабаларының құнарлы қоныстарын қоныс аудару қорына күшпен алып қосу арқылы жартылай отырықшы мал шаруашылығына және егіншілікке бейімделмеген қазақ көшпелілерінің табиғи дамуын тежеді. Көшпелі шаруашылық дағдарысы құнары аз аймақтарға ығысқан жұрттан мал шаруашылығын анағұрлым тиімді жүргізуді, сондай-ақ, егіншілік пен отырықшылыққа көшу мәселесін шұғыл күн тәртібіне шығарды. Қазақ халқының жерге қоныстану, оны пайдалану жолындағы күресі, тап айтқанда, жерді әділ бөлу, орталықтан көшіріп келген шаруаларға кепілді жер телімдерін қазақтардан тартып алып беруді доғартуға ұмтылу аса маңызды мәселелердің біріне айналды. Қазақтардың Мемлекеттік Думаға, басқа да мекемелерге жазған көптеген арыздарында жер иелену құқықтарының нақты еместігі салдарынан көшпелі шаруашылықтар жағдайының тиянақсыз болып отырғандығы атап көрсетілді. Мұның өзі олардың еңсесін түсірді, ертеден орныққан үй-жай, қора-қопсыларынан айрылып, шөл және шөлейт, басқа да қолайсыз аймаққа қайта орнығуға, шаруашылықты жетілдіруге деген ықыласын кемітті. Отырықшылыққа көшу қазақ шаруалары үшін қиын үдеріс болды. Жер иелену құқығымен қоса бұған белгілі бір мөлшерде қаржы-қаражат та қажет еді. Ал патша үкіметі қандай да бір көмек көрсетуден бас тартты. Осындай себептерге байланысты қазақ жерінде отырықшылыққа көшу кең таралмады. Бұл үдеріс егіншілікті дамытуға анағұрлым қолайлы жағдайлары бар солтүстік-шығыс облыстарда, қоныс аударған орыс шаруаларымен тығыз араласқан жерлерде өріс алды. Сөйтіп, Қазақстанда әрқилы табиғи-географиялық және тарихи жағдайларға байланысты шаруашылықтың көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы сияқты үш түрі қалыптасты. Соңғы екеуінде шөп шабу мен егіншілікті дамыту нәтижесінде ауыл шаруашылығы машиналары пайдаланыла бастады. Қазақ ауылдарында бұл машиналарды алдымен бірлесіп, кейінірек жекелеген адамдар несиеге сатып алды. 1908 жылы тек Ақмола облысының қазақтарында 6160 шөп шабатын машина болды.
Тауар-ақша қатынастары қазақ ауылына дендеп еніп, бір жағынан, шаруалардың шаруашылық қызметінің ауқымын кеңейтті, екінші жағынан, өсімқорлық сауда-саттықтың дамуына жол ашты. Дәулеттілер бүкіл малды, қауымдық жерлерді өз қолдарына шоғырландырып, барлық су көздерін, қыстақтар мен жайлауларды иемденіп алды. Қазақ қоғамының көпшілігі іс жүзінде өндіріс құрал-жабдығы жоқ кедейлер еді. Сауда-саттықты кәсіп етушілер мен өз шаруашылығында жалдама еңбекті пайдаланушылардың қатары молайып, саудагерлік-кәсіпкерлік өріс алды. Сөйтіп, қазақ жеріндегі нарықтық қатынастардың алғашқы нышандарының шаруашылыққа, шаруаның жеке тұтыну қажетіне ықпалы күшейді.
Тауар-ақша қатынастарының дамуына, қазақ ауылындағы экономикасындағы басқа да өзгерістерге байланысты, жер жекелеген адамдардың жеке меншігіне айнала бастады. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Қазақстан экономикасында әр түрлі экономикалық ұстындардың астасуы байқалды.
Столыпиннің аграрлық реформасы Қазақстанға қоныс аударушылардың шаруашылығында жеке меншікті қалыптастыруға негізделді. Қоныс аударушылар жаңа қоныстарда жерді қауымдасып пайдаланды, көптеген жұмыстарды бірлесіп атқарды. Орыс кулактары хуторлық шаруашылық жүргізді. Шұрайлы жерлерді кесіп алып, тағылықпен пайдаланды. Қоныс аударғандардың анағұрлым жетілген еңбек құралдары және егіншілік мәдениетінде жинақтаған едәуір тәжірибесі болды.
Халықтан жиналатын түрлі алым-салықтар жылдан-жылға өсе түсіп, еңбекшілерге ауыртпалық әкелді. Сол кезеңдегі елге салынған негізгі салық түрлері: мемлекеттік төлемдер (түндік басы алымы, земство жарнасы), болыстық жараналар (шығын, қарашығын, т. б. ), натуралды міндеткерлік. Түндік басы алымы (түтін салық) мемлекеттік жерді пайдаланғаны үшін төленетін салық-рента болатын. Ресми түрде ол халықтың әл-ауқатына қарай салынуға тиіс болса, іс жүзінде билеп-төстеушілер оны түндік иелерінің бәрінен бірдей мөлшерде алып отырды. Шығын салығы болыстың және болыс кеңсесінің мұқтаждарына жарату үшін жиналды. Оның көлемін алдын ала білу мүмкін емес еді, өйткені оны кез келген сылтаумен, тіпті сылтаусыз да жинай беретін. Ақшасы жоқтығынан кедейлер өсімқорларға жүгінуге мәжбүр болды, мұның өзі алым-салық ауыртпалығын бұрынғыдан әрі күшейтті.
Қазақстанда қолөнері кәсібі ғасырлар бойы көшпелі шаруашылықпен байланысты дамыды. Өздері тұтынатын қажетті өнімнің көбісін әр отбасы өздері немесе ағайын-туыс, көрші-қолаң көмегімен өндірді. 19 ғасырдың 2-жартысында қолөнерді (киіз үй, ер-тұрман, зергерлік бұйымдар, т. б. жасау) негізгі кәсібі еткен шеберлер мен ісмерлер пайда бола бастады. Олар ауыл-ауылды аралап жүріп жұмыс істеді. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында өндірушілер тауарды тұтынушылардың тапсырысы бойынша ғана емес, базарға сату үшін де өндіретін майдагерлік дами бастады.
Қазақ еліне орыс капиталының енуі өлкеде өнеркәсіптің дамуына түрткі болды. Қарағанды көмір кеніші, Успен мыс өндірісі, Спасск мыс қорыту зауыты, Қалба алтын кен орындары, т. б. ірге көтерді. Кәсіпкерлер өлкенің аса бай табиғи қорларын рәсуа етіп, бей-берекет пайдаланды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін: тері илеу, былғары жасау, май шайқау, май айыру, сабын қайнату, т. б. өнеркәсіп орындары дами бастады. Әдетте, мұндай кәсіпорындар қарапайым ғана техникасы және 3 - 5 жұмысшысы бар жартылай қодөнерлік шағын майдагерлік сипатта болды. Бұл кезеңде ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін қарапайым қолөнер шеберханалары мен ұстаханалары сипатындағы алғашқы ұлттық өнеркәсіп орындары қалыптасты. 1900 жылы Қазақстанда 2668 өнеркәсіп болса, 1913 жылы олардың саны 6000-ға жетті. Орыс капиталынан кейін іле-шала Қазақстанға (әсіресе 19 ғасырдың аяғында), негізінен кен өнеркәсібіне, шет ел капиталы да ене бастады. Орыс және шет ел монополияларының Қазақстандағы акционерлік капиталы 71 миллион сомға жетті. Ол негізінен кен және мұнай өнеркәсіптерін қамтыды. Зауыттарды, кеніштер мен бай кен орындарын иемденіп алған шетелдіктер Қазақстанда өндіріс салаларын дамытуды мақсат етпеді. Олар мүмкіндігінше мол пайдаға кеңелуді ғана көздеді. Осы кезеңде Қазақстанның едәуір жерінде темір жол тартылды, Сібір және Орынбор - Ташкент темір жолы салынды. 1917 жылы оның жалпы ұзындығы 2793 километрге жетті. Мұның өзі Қазақстанның түрлі аудандарының арасындағы экономикалық байланыстарды күшейтуге мүмкіндік ашты. Солтүстік аймақтарда саудалық егіншілік аудандары және бүкіл Қазақстан аумағы бойынша тауарлы мал шаруашылығы аудандары пайда болып, Қазақстан ауыл шаруашылығының тауар-ақша қатынастарына тартылуына күшейе түсті. Темір жол стансалары мен аймақтардан ішкі аудандарға жүк таситын және жүк алып қайтатын жергілікті көлік, пошта байланысы кәсіпкерлік қызмет аясына айнала бастады. Кәсіпқой жүк тасушылар пайда болды, ал қазақ кәсіпкерлері ұстап отырған пошта бекеттерінде 8 - 10 ат айдаушыға дейін жұмыс істеді. Алайда, өнеркәсіп пен көліктің дамуы өте төмен деңгейде қалды. Өлкенің жалпы ұлттық табысындағы өнеркәсіп өнімінің өзіндік үлес салмағы 10%-дан аспады. Капитал, маман жұмыс күші, байланыс және көлік құралдары жетіспеді. Оның үстіне патша өкіметі қазақ өлкесін өзінің шикізат көзі, тауар өткізетін рыногі, отарлық шылауы ретінде ұстауына мүдделі болды.
Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланыстары әуелгі кезде тек орыс бекіністері мен қалаларындағы айырбас орындарында ауыс-түйіс жасау жолымен ғана жүзеге асырылды және мұнда тауарлардың құнын көрсететін балам ретінде тек қой ғана пайдаланылды. Тауар-ақша қатынастарының дамуына орай жергілікті сауда жедел өркендеп, Қазақстан бүкілресейлік, сонан соң дүниежүзілік рынокқа қосылды. Көліктің нашар дамуына, халықтың басым көпшілігінің көшпелі тұрмыс кешуіне байланысты сауда-саттық көбіне-көп жәрмеңкелер арқылы жүргізілді. Жәрмеңке көшпелілер көбірек шоғырланған аймақтарда, әдетте, жылына екі рет - көктемде және күзде өткізіліп отырды. Олардың ең ірілері - Қоянды, Троицк, Шар, Қарқара, т. б. жәрмеңкелері. Қалалардың рөлі күшейіп, тұрақты сауда орталықтарына айнала бастады. Қазақ саудагерлері бірнеше санатқа бөлінді. Алып-сатарлар орыс көпестерінің тауарларын сатып алып, ел ішінде қымбатқа өткізумен шұғылданды. Сондай-ақ, мал шаруашылығы шикізатын - тері, жүн, т. б., кейде қолөнер бұйымдарын да сатып алу-сатумен шұғылданатын қазақ саудагерлері де пайда бола бастады. Қазақстанда сауданың өсімқорлық қарыз түрі етек алды. Мұның өзі несие-банк жүйесінің пайда болуына жол ашты. Қазақстанның несие жүйесі Ресей империямының бір бөлшегі ретінде Мемлекеттік банк бөлімшелерінен, акционерлік сауда банкісінің бөлімшелерінен, несие беретін қоғамдар мен қалалық қоғамдық банктерден, сондай-ақ, несие корпорациялары мен басқа да ұсақ несие мекемелерінен құралды. 1871 жылы Петропавлда қалалық қоғамдық банк ашылды. Қазақстан аумағында Мемлекеттік банктің бөлімшелері құрыла бастады. Олар алдымен өлкенің ірі сауда-өнеркәсіптік орталықтарында - Орал (1876), Верный (1912) қалаларында ашылды. Мал және мал шаруашылығы шикізатын сату көлемінің елеулі түрде ұлғая түсуіне байланысты 1894 жылдан бастап жыл сайын несие операцияларын қамтамасыз ету үшін ең ірі жәрмеңкелкрдің бірі - Қоянды қыстағында (Семей облысы) мемлекеттік банктің уақытша бөлімшесі жұмыс істеді. Бұл кезеңдерде жергілікті халықтың несиеге тек қарыз кассалары мен ұсақ несие қоғамдары арқылы ғана қолы жетті.
Қазақстанда темір жолдың салынып, пайдаланылуы, өнеркәсіптің дамуы жұмысшылар қауымының қалыптасуына ықпал етті. Олар негізінен жұмыс іздеген қазақ кедейлері есебінен толықты. Жұмысшылардың, әсіресе, қазақ жұмысшыларының жағдайы өте ауыр болды. Шектен тыс ұзақ жұмыс күні (12 - 16 сағат), аз жалақы, отаршылдық қанау тәсілдері (мардымсыз ақы, айып төлеу, саудагерлерге кіріптарлық) оларды әбден титықтатты.
І. 2. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы экономикасы
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қоғамдық-саяси және экономикалық-әлеуметтік қатынастарда түбірлі өзгерістер жүзеге асырылды. Барлық жерді мемлекет меншігіне алу, помещиктер жерлерін тәркілеу, жерді шаруаларға тегін беру туралы декрет жарияланды. Кеңестік дәуірдің алғашқы кезеңдерінде өндіріс құрал-жабдықтарын мемлекет меншігіне айналдыру, қоғамдастыру ісіне басшылық жасау мақсатымен социалистік мемлекеттік органдар, оның ішінде халық шаруашылығы органдары құрылды. Банктер, ірі өнеркәсіп орындары, көлік, т. б. шаруашылықтың шешуші салалары мемлекет меншігіне көшті. Сөйтіп, өндіріс құрал-жабдығына социалистік меншікті орнату, халық шаруашылығын жоспарлы дамыту, аймақтардың экономикасын КСРО халық шаруашылығы кешенінің бір бөлігі ретінде өркендету, т. б. негіздерінде социалистік экономикалық жүйесі қалыптаса бастады. Қазақ өлкесінде өндіріс құрал-жабдықтарын мемлекет меншігіне алу, жерді тәркілеу үдерісі саяси, экономикалық, әлеуметтік өзіндік ерекшеліктерге байланысты 20-жылдардың бас кезіне дейін созылды. Бұл кезеңде өлкеде халық шаруашылығының барлық салалары бойынша мемлекет меншігіне алынған кәсіпорындар саны 1 мыңға жуықтады. Олардың ішінде ірілері: Қазақ (қырғыз) кен өнеркәсібі акционерлік қоғамы, Кенді Алтай кәсіпорындары, Екібастұз көмір кендері, Спасск мыс қорыту зауыты, Атбасар мыс кенінің зауыттар мен кеніштері, Қарағанды мен Байқоңыр кендері, Орал - Жем өңірінің мұнай кәсіпшіліктері.
Қазақ халқы Азамат соғысына (1918 - 20) жаппай қатыспағанымен, еріксіз араласуға мәжбүр болды. Қазақ жері ақтар мен қызылдардың майдан шебіне айналды. Бұған қоса қазақтарға қарсы азық түлік майданы, “Азық-түлік армиясының” және “Соғыс коммунизм саясатының” шабуылы салдарынан халық үркіншілік кезеңді бастан кешірді. Шаруашылығы күйреп, шаңырағы шайқалған қазақтар 20-жылдардың басында ашаршылыққа ұшырады. Азамат соғысынан кейінгі кезеңде Қазақстанда күйзелегн халық шаруашылығын Жаңа экономикалық саясат (НЭП) негізінде шаруашылықтарды қалпына келтіру жұмыстары өрістетілді. Ең алдымен, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің маңызды түрлерін өндіруді Қазан төңкерісіне дейінгі деңгейге жеткізу көзделді. Жер-су, т. б. реформалар жүргізілді. Орта Азия республикалары мен Қазақстанның мемлекеттік-аумақтық жігі межеленді. Қазақстанның аумағы 2, 7 миллион километр 2 болып белгіленді, халқы 5, 4 миллион адамға жетті. 1926 - 28 жылы қазақ ауылдарында 1370 мың гектар шабындық, 1250 гектар егіндік жер қайта бөлінді. 1927 - 28 жылы республикада халық шаруашылығын қалпына келтіру аяқталып, өнеркәсіпті индустрияландыру, ауыл шарушылығын ұжымдастыру кезеңіне аяқ басты. Экономиканың аграрлы бөлімі Кеңес мемлекетінің экономикалық дамуындағы ең басты мақсат - индустрияландырудың жылдамдатылуын демеуге тиіс болды. 20-жылдардың аяғында басталған ұжымдастыру шаруаларды өнеркәсіптен мүлдем алшақтатты. Ірі социалистік егін шаруашылығын құруға ұмтылу “тәрбиелік маңызға” ие болды. Қазақстанда ұжымдастыру 1932 жылдың көктемінде аяқталады деп ұйғарылды. Жосықсыз жылдамдатылған үдеріс 1925 - 32 жылы ел басқарған Ф. И. Голощекиннің арандатушылық тәжірибесіне айналды. Ұжымдастырудың ең ауыр зардаптарының бірі байларды тәркілеу болды. “Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын” деген ұранмен басталған ұжымдастыру кезінде қазақтардың малы тігерге тұяқ қалдырылмай сыпырып алынды. 1930 жылғы 15 наурызға дейін Қазақстанда 3113 адам сотталып, қамауға алынды, 2450 шаруа қоныс аударды. Қазақстан аумағы Кеңес мемлекетінің басқа аймақтарындағы “кулактардың жер аударылатын” мекеніне айналды. Шаруалардың басына түскен жазалаудың алдында астық дайындау науқаны жүргізіліп, астық қоры, тұқымдық қоры тәркіленді. Мұның арты күнкөрістік ішіп-жемінен айрылған қазақ халқын жоңғар шапқыншылығы кезіндегі “ақтабан шұбырындымен” салыстыруға болатын алапат ашаршылыққа соқтырды. Ашаршылық пен оның ауыр зардабы құрбандарының саны 1 миллион 750 мың адамға, яки бүкіл қазақ халқының 40%-на жетті. 1010 мың қазақ тарихи отанын тастап үдере көшуге мәжбүр болды. Үкіметтің солақай белсенділікпен малды қырғынға ұшыратуы салдарынан қазақ қоғамының негізгі азық-түлік қоры болып табылатын дәстүрлі мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. Малшы көшпенділерді сәтсіз отырықшыландыру ұжымшарларға соққы болып тиді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz