Тоталитарлық жүйенің қазақ халқы және оның зиялы қауымы үшін зардаптары


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 33 бет
Таңдаулыға:   

ЖОСПАР

Кіріспе . . . 3

І тарау. КСРО-да социализмге өтудің жолдары мен концепциясын анықтау бағыттары, оның ерекшеліктері . . . 23

1. 1. «Оңшыл ағым» ұғымы және оның Қазақстанда қоғамдық саяси жағдайға ықпалы . . . 23

1. 2. Қазақстандағы ұлтшылдыққа және жікшілдікке қарсы күрес шаралары . . . 35

ІІ тарау. Тоталитарлық жүйенің қазақ халқы және оның зиялы қауымы үшін зардаптары . . . 43

2. 1. Идеология майданындағы айтыстар және қызу пікірталастар . . . 43

2. 2. Дәстүрлі шаруашылықтың дамуы: ауытқулар мен «асыра сілтеушілік» . . . 57

2. 3. 20-30 жылдардағы әкімшіл-әміршілдік жүйеге қарсы күрескен ұлт зиялыларының тағдыры және күресінің маңызы . . . 57

Қорытынды . . . 69

Қолданылған әдебиеттер тізімі . . . 72

Қосымша . . . 76

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан тарихындағы ең өзекті, күні бүгінге дейін өзінің шынайы бағасын ала алмай, кеңестік дәуір қысымымен шектеліп қалған мәселелердің бірі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси және рухани саладағы тоталитарлық жүйеге ұлт зиялыларының қарсылығы, мәдени құрылысты идеологияландыру, интеллигенцияны «ұлтшылдыққа» айыптау.

Қоғамдық-саяси және мәдени өмірде тоталитарлық жүйе орнаған ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ұлт зиялыларының күресін, қоғамдық саяси ой-пікірлерін терең зерттеп, объективті баға беруге мүмкіндік болмады. Ұлттық тарихтың ақиқаты айтылмай, тарих коммунистік идеологияға сай бұрмаланып, ойдан шығарылып жазылды. Кеңестер дәуірінің осы 20-30 жылдарында социалистік қоғам құруды желеу еткен большевиктердің коммунистік идеологиясы ұлттық болмысқа ақау түсірді. Социализм құру барысында саяси жүйе қазақтарға ұлттық салт-дәстүр жолымен өмір сүруге тиым салып, кедергі жасады.

Сол кездегі Орталықтан жүргізілген большевиктер саясатының түпкі мәнін түсіне білген, оның халыққа ешбір жақсылық әкелмейтіндігін сезген ұлт зиялылары оған қарсылық білдіруге тырысты. Елді экономикалық және рухани дағдарыстан шығару жолын іздестірген зиялыларды тоталитарлық жүйе «оңшылдар», «ұлтшылдар», «жікшілдер» деп негізсіз айыптап, «халық жауы» ретінде құрту саясатын жүргізді. Жаппай-қуғын сүргін ешқандай сотсыз, «айрықша кеңес», «алқа», «үштік», «екілік» дегендер арқылы жүзеге асырылды. Соның салдарынан мыңдаған адамдар зардап шекті.

Қазіргі уақытта еліміз тәуелсіздік алып, егемен мемлекет ретінде қалыптасқан кезде ХХ ғасыр басындағы тарихтың қатесін түзетуге күш салынып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылды «Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялауы ХХ ғасырдағы тарихымызды тың тұрғыдан қарастыруға, жүріп өткен жолымызға жаңаша баға беруге мүмкіндік жасады. Ал 1998 жыл Елбасының жарлығымен «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланып, Президент «жинақтаған тәжірибені ескере отырып, тұғырдан тайса да, санадан әрі сырыла қоймаған тоталитаризм идеологиясын әшкерелеуді жалғастыра түсем» [1], - деп көрсетті. Елбасының бұл Жарлықтары қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау жөніндегі жұмысты жандандыра түсуге үлкен ықпал етті.

Мәселенің зерттелу деңгейі. Кеңес өкіметі жылдары зерттелініп отырған мәселелерге байланысты еңбектер партияның идеологиялық және саяси қағидаларын тұрғысынан қарастырылып, соған икемделіп жазылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тоталитаризм сұмдықтарын сұңқылдатып қаншама тізбектесең де, оның жойқын кесапаты мен жымысқы жылымдығының сырын ұғына алмайсың», - дей келе, « . . . Тоталитаризм ұлттық тарихтың қалың-қалың қабаттарына кереметтей бір зұлымдық әдісті қарсы қойды, ұлттың өткен тарихының біртұтас жанды тасқынын тап күресі дейтін мұқыл ұғыммен мылжалап тастады» [2] деп, әміршіл-әкімшіл жүйе тұсында ұлттық тарихтың бұрмалана жазылып, санамызды коммунистік идеологиямен уландырғанын атап өткен еді.

Коммунистік идеология туындылары ретінде Л. Заковскийдің «О некоторых методах и приемах иностранных разведывательных органов и их троцкистско-бухаринской агентуры (троцкисты и правые шпионско-диверсионная агентура фашизма) » еңбегін [3], М. Сайерс пен А. Канның «Тайная война против Советской России» еңбектерін [4] айтуға болады. Бұл еңбектерде Л. Тройкий бастаған «солшыл» оппозицияның қауіптігі жайында, олардың шетелдік барлау органдарымен байланысы жайлы және олармен күрес шаралары жайында баяндалған. Сонымен бірге И. В. Сталиннің партия съездерінде оқыған баяндамаларының өзі сол кездегі әлеуметтік-саяси ахуалды танып-білуге мүмкіндік береді. РК(б) П Х съезінде «Партияның ұлт мәселесіндегі кезекті міндеттері» туралы, ХІІ съезде «Партиялық және мемлекеттік құрылыста ұлт ерекшеліктері туралы» [5] , 1924 жылғы 19 қарашадағы «Троцкизм бе, әлде ленинизм бе?» [6] , РК(б) П Орталық Комитетінің 1928 жылғы 19 қарашадағы пленумында «Елді индустриализациялау және РК(б) П-дағы оңшыл ағым туралы» [7] Сталиннің оқыған баяндамалары партияның кезек күттірмейтін мәселелерін шешудегі шараларын көрсетеді.

Сталинизмнің қалайша қалыптасқаны, оның тоталитарлық режимінің не себепті үстемдікке қол жеткізуі мәселелері тоталитарлық жүйенің қысымы салдарынан шетелдік эмиграцияға кетуге мәжбүр болған қоғам қайраткерлерінің зерттеу еңбектері мен мемуарларында, өмірбаяндық естеліктерінде ашық айтылады. Атап айтқанда Латын Америкасы елдерінде Л. Д. Троцкийдің Сталин туралы мақалалары мен еңбектері, «Преданная революция: Что такое СССР и куда он идет?» [8] атты кітабы жарияланып, онда Сталиннің неліктен жеңгені, билікке қалай қол жеткізгені туралы, оның саясатының қателіктері жайлы айтылады. Сталиннің бұрынғы хатшысы Борис Бажановтың 1928 жылы шет елге қашуынан кейін Францияда басылып шыққан, Сталинді диктатор ретінде сипаттайтын «Воспоминания бывшего секретаря Сталина» атты мемуарлық еңбегі аса құнды болып табылады. Еңбекте бүкіл елді саяси террор қыспағында ұстаған тоталитарлық коммунистік биліктің механизмі сипатталып, Троцкийді қудалаудан басталып өзінің жақтастары Каменев, Зиновьев, Рыков, Фрунзені саяси сахнадан кетірумен жалғасқан Кремльдегі саяси интригалар толық жазылған. Б. Бажановтың аталмыш еңбегінде саяси жүйенің үстемдік құрған жетпістен астам жыл бойы халықтан жасырылып келген шындық тарихи оқиғалар мен фактілерге негізделіп жазылған [9] .

Сталинизмнің орнығуы мен «оңшыл ағым» мәселелерін, қоғамның дамуындағы қайшылықтарды деректік материалдар негізінде зерттеген Ресей ғалымдарының ғылыми-теориялық зерттеу еңбектерінің де тоталитаризм мәнін ашып түсіндірудегі орны ерекше. «ХХ ғасырдағы Европадағы тоталитаризм» атты жинақта Ресейде революциядан соң тоталитарлық жүйенің орнау себептері мен алғы шарттары, жаңа экономикалық саясат және индустриалдық секіріс туралы, саяси террордың басталуы жайлы айтылған [10] . В. Роговиннің «Партия растрелянных» еңбегінде «үштіктердің» құрылуы және оның қызметі жайында баяндалып, автор Молотов, Каганович, Ворошилов, Микоян, Андреев, Калинин, Жданов, Хрущев, Берия, Маленков және тағы басқа партияның қайраткерлерінің қызметі туралы жаылған. [11] . Ал осы автордың тағы бір «Власть и оппозиция» деп аталатын еңбегінде оппозицияның қалайша қалыптасқаны, оны қудалау саясаты, одақ бойынша ұжымдастыру науқанының қалай жүргізілгені, оның зардаптары, сталинизмнің идеологиялық шабуылы жайында сөз қозғалады [12] . Р. Медведевтің «О Сталине и сталинизме» [13] еңбегі әкімшіл-әміршіл жүйенің бет-пердесін ашуда үлкен маңызға ие.

Бұл мәселе шет елдік ғалымдардың да зерттеу объектісі болды. Итальяндық зерттеуші Джузеппе Боффа өзінің екі томдық «История Советского Союза» еңбегінде кеңес билігінің құрылуын, социализмнің сталиндік моделінің қалыптасуын ашып көрсетеді көрсетеді [14] .

80-жылдардың соңына дейін 20-30 жылдардағы ұлттық зиялылардың қоғамдық-саяси қызметіне арналған, арнайы жазылған еңбектер тіпті жоқ деуге болады. Қазақстандағы таптық қозғалысқа немесе кеңестік құрылысқа арналған еңбектерде «ұлтшылдық», «сәдуақасовшылдық», «қожановшылдық», «рысқұловшылдық» деген айдар көп айтылды, аталмыш қайраткерлердің қызметі мен саяси идеяларын барынша қаралап көрсетуге тырысушылық орын алды.

Қазақтың ұлт зиялыларының 20-30 жылдардағы қоғамдық-саяси қызметін, ұлт азаттық күресті зерттеудегі жаңа кезең бүкіл Кеңестер одағын қамтыған қайта құру процесіне орай, 80-жылдардың соңына қарай басталды. Түрлі басылымдарда ұлт зиялыларының қызметі мен саяси көзқарасын талдауға арналған мақалалар жарық көрді.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіз елге айналуына байланысты тарихшылар ескі қағидалардан арылып, тарихи объективтілік басшылыққа алынған еңбектер жазуды қолға алды, бұрын кездеспеген жаңа ғылыми ойлар мен деректерді жариялай бастады. ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі, Алаш қайраткерлерінің қызметі жаңаша көзқарас тұрғысынан К. Нұрпейісовтың, М. Қойгелдиевтің, М. Қозыбаевтың, Б. Қойшыбаевтың, М. С. Бурабаевтың монографиялық еңбектерінде зерттелді [15-19] . Осы тұста ХХ ғасырдың аса бір азалы 20-30 жылдары қазақ ауылында болған әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер жайлы, күштеп ұжымдастыру салдарлары туралы жазылған Т. Омарбековтың «Зобалаң» еңбегі жарық көрді. Еңбекте 1929-1931 жылдары қазақ елінде жүргізілген күштеп ұжымдастыруға қарсы тұрған Қазақстанның біраз жерлерінен тұтанған халық наразылығы, бас көтерулері нақты деректерге негізделіп баяндалған [20] . Сонымен қатар отызыншы жылдар ойраны жайлы сөз еткен «Қызылдар қырғыны», «Қазақ қалай аштыққа ұшырады» [21-22] атты жинақтары тарихи құнды еңбектер болып табылады. Жинақтарда Қызыл империяның қолымен жасалған 1932-1933 жылдардағы алапат аштық туралы зерттеу мақалалары, мемлекет және партия қайраткерлері Т. Рысқұловтың, Ғ. Мүсіреповтың, О. Исаевтың. Л. И. Мирзоянның, сондай-ақ басқа да азаматтарымыздың республика басшыларына әр жылда жазған хаттары тұңғыш рет жарияланған. 1920-1950 жылдар аралығындағы саяси репрессиялар құрбандарының еске алулары жинақталған «Страницы трагических судеб» атты жинағында «халық жауы» атанғандардың, сондай-ақ олардың туықандарының естеліктері жарияланған [23] . Ұзақ жылдар бойы көзден таса болып келген, халық ағартуында зор үлес қосқан қайраткерлер Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов және М. Дулатовтың өмірі мен шығармашылығы туралы «Бес арыс» [24] атты жинаққа аталған зиялылар туралы жазылған тарихи очерктер, әдеби зерттеу мақалалар мен естелік-эсселер енген.

1920-1930 жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен жүріп өткен жолы тура, еш бұрмалаусыз Алаш ардақтыларының шығармалар жинақтарында көрсетілген. Ә. Бөкейханов, М. Шоқай, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин және тағы басқа ұлт зиялыларының шығармалар жинақтары мен еңбектерінің жарық көруі тәуелсіздігіміздің жемісі болып табылады [25-30] .

Соңғы кезде жеке ұлт зиялыларын зерттеуге арналған тарихи-танымдық еңбектер жарық көрді, диссертациялық зерттеу жұмыстары қорғалды, мақалалар жазылды. Көрнекті саяси жетекші Т. Рысқұловтың қызметін талдауға арналған О. Қоңыратбаевтың зерттеуінің маңызы зор [31] . С. Сәдуақасовтың өмірі мен қызметіне арналған Р. С. Елмұрзаеваның [32], Д. Махаттың [33], А. Ипмағамбетованың [34] мақалалары мерзімді баспасөзде жарияланып тұрды. С. Қожанов жөнінде көпшілік қауымға белгілі еңбектер жоқ деуге болады. Тек 90-жылдардың ортасында ғана оның қызметінің кей тұстарын сипаттаған Ж. Сімтіковтың, А. Шәріповтың, Ж. М. Уәлиханованың еңбектері шықты [35-37] . Ә. Бөкейхановтың шығармашылығына арналған еңбектерден Н. Әшкееваның [38], М. Шоқайұлының қоғамдық-саяси қызметіне арналған Х. Абдуллиннің [39], Ә. Әлібековтың [40] мақалалары басылды.

Қазақ халқына «қызыл қырғынның» әкелген ақиқаты әлі де толық айтылып болған жоқ. Қазақстандық тарихшылар кеңестік ХХ ғасырда Қазақстан халқын жаппай саяси қуғын-сүргінге түсіріп, қасақана ашаршылыққа ұрындырған тоталитаризм жүйесі жөнінде әлі де терең зерттеулер жүргізу қажет деп есептейді. Сондықтан бұл мәселе дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференцияларда кең талқылануда [41] . Алматыда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін және қарсыласу қозғалысы: тарихы және тағылымы» деген тақырыпта өткен ғылыми-теориялық конференцияда тарихшылар мен саясаттанушылар өз сөздерін архивтік деректермен, қоғамдық ой сананы шындықпен байланыстырып, содан шығаратын көзқарастарын алға тартты [42] .

ХХ ғасыр аяғы мен ХХІ ғасыр басында тарихи объективтілік басшылыққа алынған көптеген ғылыми әдебиеттер мен мақалалардың жарық көріп ұлт зиялыларына, олардың қызметіне, тарихымыздың «ақтаңдақ» беттеріне деген ескі тұжырымдарды өзгертіп, бұрынғы көзқарастардан бас тартуға әкелді. Десек те, Қазақстан тарихының 20-30 жылдардағы кезеңі әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Осының барлығы зерттеу жұмысының өзектілігін тағы да дәлелдей түседі.

Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Берілген мәселенің өзектілігін ескере отырып, зерттеудің мақсаты Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінің бірі саяси және рухани саладағы тоталитаризмге қарсылық тарихын жаңа көзқараспен уақыт талабына сай қайта қарастыру болып табылады. Осы мақсаттарды іске асыру үшін зерттеу алдына келесідей міндеттер қойылды:

  • «ұлтшыл», «оңшыл» ағым өкілдері ретінде негізсіз айыпталған ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси көзқарасын, саяси күресін талдап, маңызын ашу, бүгінгі күн тұрғысынан объективті бағалау; Қазақстанда кеңестік құрылысты орнату айдарымен жүргізілген әр түрлі саяси, экономикалық науқандардың мәніне және халыққа әкелген қасіретіне, оның тигізген зардаптарына жан-жақты тоқталу; 20-30 жылдардағы қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығына, тұрмыс-тіршілігіне қол сұғушылықты айыптау, халықтың саяси құқығының аяққа тапталуының себептері мен салдарларын ашу; әміршіл-әкімшіл жүйенің ұлт зиялыларын қудалау саясатын әшкерелеу, олардың саяси көзқарастарының өзгеруіне әміршіл-әкімшіл жүйенің әсерін анықтау.

Зерттеудің хронологиялық шегі ретінде қазақ халқын ауыр қасіретке ұрындырған, тұтас бір халықтың тағдырына тәжірибе жасаған, оның келешегіне орны толмас қайғы-қасірет әкелген әміршіл-әкімшіл жүйенің қалыптасып, күшіне енген кезі, яғни ХХ ғасырдың 20-30 жылдары алынды. Зерттеуде Қазақстанда жүргізілген сұрқия саясаттың терістігін түсінген ұлт зиялыларының 20-жылдардың соңындағы алғашқы айыптаулары анықталып, «ұлтшыл», «оңшыл» деп жаппай қуғын-сүргінге ұшыратылған 1937-1938 жылдардағы репрессиялармен аяқтау орынды болып есептелді.

Зерттеудің әдістемелік негіздеріне тарихилық және объективтілік принциптері басшылыққа алынды. ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси процестерге объективті, шынайы баға беру - тәуелсіз Қазақстан тарихының басты зерттеу бағыты.

Зерттеу жұмысы тарихи, салыстырмалы әдістердің ортақтылығына сүйеніліп жазылды. Сонымен қатар жұмыста қазіргі заман талабынан туындаған ұлт зиялыларының қалыптасуы мен ұлт азаттық күрес кезеңдері мәселесі бойынша жаңа көзқарастар, ғылыми ойлар ескеріліп отырды. Әдістемелік принциптерді басшылыққа алуда тарихқа партиялық тұрғыдан қарау принциптерінен бас тартылып, тарихи процесс қазақ интеллигенциясының қызметі ретінде қарыстырылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ зиялыларын «оңшылдыққа», «ұлтшылдыққа» айыптаудың тарихы мен салдарлары жаңа әдістемелік негізде қарастырылды;

- Тоталитарлық жүйенің қазақ халқы және оның зиялы қауымы үшін қандай зардаптары болғаны көрсетілді;

І ТАРАУ. КСРО-да СОЦИАЛИЗМГЕ ӨТУДІҢ ЖОЛДАРЫ МЕН КОНЦЕПЦИЯСЫН АНЫҚТАУ БАҒЫТТАРЫ, ОНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

1. 1. «ОҢШЫЛ АҒЫМ» ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДА ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖАҒДАЙҒА ЫҚПАЛЫ

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында КСРО алдында социализмге өтудің жолдары мен концепциясын анықтау мәселесі тұрды. Жаңа экономикалық саясат дүние жүзілік революция жүзеге асқанша қолдана тұратын уақытша тактикалық әдіс пе, әлде дүние жүзілік революцияның жеңіске жетуі ұзақ уақытқа созылған жағдайда социализмді жүзеге асырар стратегиялық жол ма? Бұл мәселе конференциялар мен пленумдарда, баспасөз беттерінде қызу пікірталас туғызды.

Азамат соғысынан кейінгі Ресейдің жағдайы түбегейлі экономикалық мәселелерді шешуде «реформистік» әдістерге көшуді қажет етті. Яғни ескі қоғамдық-экономикалық жағдайды, сауданы, ұсақ шаруашылықты, ұсақ кәсіпкерлікті, капитализмді бұзбай, біртіндеп оларды игере отырып, мемлекеттік реттеу мүмкіндігі көзделді [43] .

1921 жылдың наурыз айында Коммунистік партияның Х съезі «әскери коммунизмнен» Жаңа экономикалық саясатқа өтуді жариялады. Жаңа экономикалық саясаттың кейбір белгілерін Ленин 1918 жылдың көктемінде-ақ өзінің «Совет өкіметінің кезектегі міндеттері» деген еңбегінде айқындап берген болатын. Партияның Х съезіне дайындықтың барысында және өзінің съезде жасаған баяндамаларында - «Орталық Комитеттің саяси есебі мен азық-түлік салығы туралы» [5; 260-261-б. б. ] баяндамада Ленин ол анықтамаларды елеулі түрде дамыта түсті. В. И. Ленин салғырттың шаруаларды өндірістегі экономикалық ынтадан айырғанын көрсетті, өйткені салғырт шаруашылық нәтижелеріне қарамастан, шаруалардың қолында өнімнің олардың отбасыларының жеке тұтынуына ғана жететін ең аз мөлшерін қалдыратын еді. Ал азық-түлік салығы болса, ол біріншіден, салғырттан аз еді, екіншіден, күні бұрын хабарландырылатын еді (егіс алдында) . Оны жыл бойында көбейтуге болмайтын. Демек, салық төлемінен артылған өнімнің бәрі шаруаның қолында қалатын. Съезд салғыртты заттай салықпен ауыстыру туралы Орталық Комитеттің ұсынған ережелерін негізінде мақұлдап, партияның Орталық Комитетіне бұл ережелерді неғұрлым тез сәйкестіруді, салықты жүзеге асырудың формаларын егжей-тегжейлеп әзірлеуді және тиісті заңдарды ВЦИК пен Халық Комиссарлары Кеңесі арқылы өткізуді тапсырды.

Лениннің соңғы еңбектерінде жаңа экономикалық саясат концепциясы тауар-ақша қатынастарының қолданылуын, меншіктің барлық түрлерін - мемлекеттік, жеке, аралас меншік түрлерін қолдану идеяларын қамтыды. Қол жеткізілген «әскери-коммунистік жетістіктерден» уақытша бас тарту, социализмге жетуде күш жинау үшін кейінге шегіну ұсынылды. Осы саясат шеңберінде жүргізілген негізгі шаралар - азық-түлік салғырты азық-түлік салығымен алмастырылды, еркін саудаға жол берілді, жеке тұлғалар өнеркәсіптер ашуға құқық алды. Ұсақ ұлттық кәсіпорындар бұрынғы қожайындарына қайтарылды. 1922 жылы жер арендасы құқығы, жалдамалы еңбекті пайдалану қайтарылды, еңбек мобилизациясы жойылды. Барлық осы шараларды партия өзінің идеологиялық көзқарастарынан және биліктің әміршіл-волюнтаристік әдістерінен бас тартпай жүргізді. Біртіндеп «әскери коммунизм» ығыстырыла бастады. Партия басшылығы «әскери коммунизмнің» экономикалық жетістіктері жайлы көзқарастарынан бірте бірте бас тарта бастады. Жаңа экономикалық саясат экономиканың қарқынды дамуына алып келді. Шаруаларда ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде пайда болған экономикалық қызығушылық нарықты тез арада азық-түлікпен қамтамасыз етуге, «әскери коммунизмнің» аштық жылдарының салдарларын жоюға мүмкіндік туғызды [43] .

Жаңа экономикалық саясаттың алғашқы жылдарында-ақ (1921-1923) нарықты тану оны жою шараларымен қатар жүрді. Коммунистік партия басшыларының көпшілігі жаңа экономикалық саясат капитализмнің қайта жаңғыруын алып келетіндігінен қауіптенді. Көпшілігінде «әскери коммунистік» иллюзиялар сақталынды: жеке меншіктің, сауда мен ақшаның жойылуы коммунизмге алып келеді, ал жаңа экономикалық саясат - бұл коммунизмге қатысты сатқындық деген пікір туды. Социализм курсын жалғастыра отырып, жаңа экономикалық саясат халықтың көпшілігімен әлеуметтік компромис жасап, партияның мақсаты - социализмге жетуді жүзеге асыруға бағытталды. Нарықтық қатынастарда мемлекеттік ролі «әскери коммунизм» кезіндегідей, ал экономикалық реформаны «социалистілік» шеңберінде жүргізу керек деп есептелінді. Осының барлығы 1922 жылы қабылданған заң кодекстері мен заң актілерінде ескерілді. Экономиканың өркендеуіне алып келген нарықтық механизмдердің болуы саяси режимнің беріктенуіне мүмкіндік туғызды. Алайда оның шаруамен және қаланың буржуазиялық элементтерімен уақытша экономикалық компромисі ретіндегі жаңа экономикалық саясат мәнімен сәйкессіздігі жаңа экономикалық саясаттың ығыстырылуына алып келді. Партия басшылығы реформаларды қаламады. Олар жеке сектордың мемлекеттік сектордан үстем болатындығынан қауіптенді. Жаңа экономикалық саясаттан қауіптену ауруына шалдыққан олар оны дискредитациялау шараларын қолға алды. Қоғамдық санада «нэпман» эксплуататор, тап жауы ретінде қалыптастырылды. Барлық партиялық форумдарда Жаңа экономикалық саясатқа деген сенімділік уағыздалғанымен, оны жою біртіндеп, жариясыз жүзеге асырылды [43] .

1927 жылдың күзіне қарай бүкіл елде астық дайындауда қиыншылықтар орын алды. Н. И. Бухарин бірінші болып «астық дайындау мен ауыр өнеркәсіпке капиталды шоғырландыру қажет» - деп шешті. Кезінде Лениннің өзі партияның өте бағалы теоретигі ғана емес, бүкіл партияның сүйіктісі деп бағалаған Бухарин ел ішінде орын алып отырған дағдарыстардан шығудың жолдарын көрсетіп отырды [44, 13-б. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы
ҒАЛЫМНЫҢ ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫ
М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі көне заманнан XX ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының кейбір мәселелері
Қазақ зиялылары естеліктеріндегі тоталитарлық қоғам мәселесі
Сталиндік репрессия және қазақ зиялылары
Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы: сипаты, шаралары, сабақтары
Қазақстан кеңестік тоталитарлық жүйенің қалыптасу кезеңінде (1921-1939 жж.)
Соғыстан кейінгі Қазақстан (1946 - 1980 жж. )
Закавказьелік депутат
Оқу-ағарту, ғылыми мекемелер мен өнер саласындағы мәдениетті қалыптастырудың алғышарттары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz