Септік жалғауларының қалыптасуы
Жоспар
Кіріспе.
1. Септік жалғауларының қалыптасуы.
1. Жалғаулардың тарихи морфологиясын білудің әдісі мен көздері.
2. Септік категориясының тарихи өзгерісі.
1. Септіктердің қызметі.
2. Септіктердің грамматикалық мағынасы мен тарихи негізі.
3. Қорытынды.
4. Әдебиеттер тізімі.
Кіріспе.
Қай тілдің болмасын тарихи грамматикасы сол тілдің тарихи даму
ерекшеліктері жайлы білімнің жинақталған, жүйеленген түрі. Жалпы тіл тарихы
жайлы білімнің дәрежесі зерттеуге объекті болған материалдың аумақ-көлеміне
ғана емес, сонымен қатар зерттеу методикасына да бағынышты. Тіл тарихын
зерттеу, ең алдымен, салыстыру негізінде құрылады. Салыстыру туыс тілдер
арасындағы айырмашылықты анықтаудың ғана емес, сондай-ақ көне мұралар тілі
мен қазіргі тіл арасындағы, бір ғана тілдің құрамындағы айырмашылықтардың
сырын айқындаудың да құралы. Салыстыру арқылы бір топқа жататын, бір
құрылымдық түрдің көрінісі болатын тілдердің құрамындағы өзгерістердің
бірдей бола бермейтіні, олардың құрамында тіл дамуының нәтижесі болып
табылатын жаңалықтармен бірге көнелігінің куәсі де кездесетіндігін
анықтауға болады. Тілдің осындай қат-қабат сыры айқындалмай тұрып, белгілі
бір тілдің грамматикалық құрылысының тарихи дамуының ерекшеліктерін білу
мүмкін емес.
Салыстыру, ғылыми метод ретінде, жүйелі қолдануды қажет етеді. Ғылыми
зерттеулерде салыстыру методикасының қалыптасқан жүйесі мына жайттарды
ескереді: бір ғана тілдің әр түрлі тарихи кезеңдеріне қатысты болып
келетін фактілерді салыстыру. Бұл жерде қазақ тілі ыңғайында көне қыпшақ
(белгілі дәрежеде көне оғыз тілінің де) тілінің фактілерін қазақ тілінің
соларға эквивалент болатын фактілермен салыстыру көзделеді. Әрине, қазақ
тілі фактілерін көне түркілік (VI-VIII ғ.) ескерткіштер тілімен салыстыру
да көп жайды айқындауға көмектеседі. Ондай салыстыру қыпшақ тілі
материалдарын аралық буын ретінде қоса алғанда ғана өнімді жеміс береді.
Оның себебі мынада: қазақтың халық тілінің қалыптасуы қыпшақ тайпалары
одағының тілімен тікелей жалғасып жатады. Көне түркі тілімен салыстырғанда,
қыпшақ ескерткіштерінің тілі едәуір жаңарған, өзгерген тілдік күйді
танытады. Ондай жаңалықтар мен өзгерістер тек қана фонетикалық жүйеден
емес, грамматикалық құрылыстан да, сөздік құрамнан да кездеседі. Сонымен,
көне қыпшақ тілі материалдары қазіргі қазақ тілі мен көне түркі тілін
жалғастырушы буын ретінде де салыстырудың қажетті компоненттерінің бірі
болып қаралуға тиіс. Көне түркі тілі мен қазіргі қазақ тілін салыстыруда
белгілі дәрежеде аралық буын ретінде қарастырылуға тиіс тілдің бірі –
ескі оғыз тілі болуға тиіс. Қыпшақ тілімен салыстырғанда, ескі оғыз тілі
материалдары қазақ тілінен бір шама алшақ.
Көне дәуірлерге қатысты мұралардың тілінде оғыздық деп қаралатын тілдік
элементтердің біразы кейбір өзгерістермен (кейде тіпті ешбір өзгеріссіз-ақ)
қазақ тілінде де ұшырасады. Махмұд Қашқари оғыз тіліне тән деп көрсететін
кейбір сөздердің сол қалпында қазақ тілінде орнығып қалғанын байқауға болар
еді. Орта ғасырларда Сырдарияның орта ағысы бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ
тайпалар бірлестігі әсте ізсіз кетпеген. Қожахмет Яссауидың Хикметтері
мен Ахмет Югнакидің Айбат әл-хакаигі оғыз-қыпшақ бірлестігінің әдеби
тілінде жазылды десек, сол тілдің қазіргі қазақ тілінде ізінің сақталуы тіл
дамуының логикалық нәтижесі екені даусыз. Қыпшақ – оғыз әдеби тіл дәстүрі
кейінгі кезеңдерде де жалғаса береді. Алтын Орда мемлекетінің
территориясында қолданылған әдеби тіл де негізінен қыпшақ тіліне сүйенсе
де, онда оғыз тілінің әсері болады. Тіпті Египеттегі қыпшақ мамлюктерінің
әдеби тілі де оғыздық элементтерден құралақан болмағандығы тарихи
түркологиялық зерттеулермен дәлелденіп отыр. Орта ғасырлық қыпшақтық
тілдік белгілер деп қаралатын элементтердің таза қыпшақтық сипаты жайындағы
мәселемен тығыз байланыстылығы, әдеби тіл дәстүрінің диалектілік топтардаң
дамуымен тығыз байланысты қаралуға тиістілігі өз алдына бір проблема.
Диалектілік топтардың дамуының әдеби тіл дамуына әсері жайындағы
мәселе, қазақ тілінің қалыптасуында қыпшақтық субстраттың ролі жайында
ойлана түсуге итермелейді. Көне оғыз тілінің кейбір элементтерінің бүгінгі
қазақ тілінде ұшырасуы бұл пікірге қосымша дәлел [1; 53].
1. Септік жалғауларының қалыптасуы.
1.1. Жалғаулардың тарихи морфологиясын білудің әдісі мен көздері.
Ғылыми зерттеулерде салыстыру методикасының қалыптасқан жүйесі мына
жайттарды ескереді: бір ғана тілдің әр түрлі тарихи кезеңдеріне қатысты
болып келетін мәселелерді салыстыру. Бұл жерде тарихи тұрғыда қазақ тілі
ыңғайында көне қыпшақ тілінің фактілерін қазақ тілін соларға эквивалент
болатын фактілермен салыстыру көзделеді.
Сонымен, салыстырудың алғашқы кезеңі бір тілдің әр түрлі тарихи
кезеңдеріне қатысты материалдарды қарастырудан басталуы тиіс.
Салыстырылатын фактілер тілдің бір ғана саласына жатуы және мағынасы мен
қызметі жағынан бір-біріне эквивалент болуы тиіс екендігі тарихи
зерттеулердің басты шарты. Бұл кезең көне дәуірге қатысты ескерткіштер мен
қазіргі тіл арасында ғана емес, бүгінгі тілдің құрамындағы архаизмдік
элементтерді соларға эквивалент болатын фактілермен салыстыру арқылы да
жүреді.
Э.Р.Тенишев ежелгі түркі бірлестігін, тарихи зерттеулерге сүйене
отырып, екі кезеңге бөледі: 1) ежелгі түркі бірлестігі (раннеобщетюркский
период) және 2) кейінгі түркі бірлестігі (позднеобщетюркский). Ежелгі түркі
бірлестігі тілінің негізгі белгілерінің бірі: з, ш дыбыстарының орнына р, л
дыбыстарының айтылуы, ілік септік –ың түрінде айтылуы. Ал, кейінгі түркі
бірлестігі кезеңінде р, л – мен қатар з, ш ілік септік қосымшасы –ың ғана
емес, -ның түрінде де қалыптаса бастайды. Соңғы кезең түркі тіл
бірлестігінің жеке дербес тілдерге ажырау, ыдырау процесінің де басталу
кезеңі болса керек.
Қазіргі тіл материалдарын диахрондық тұрғыдан қарастыру кейде белгілі
бір сөздің, тұлғаның немесе дыбыстың бастапқы сипаты жайлы белгілі дәрежеде
түсінік алуға да мүмкіндік береді. Қазіргі қазақ тіліндегі –атын (баратын,
келетін, айтатын) тұлғасының қалыптасу жолын білу үшін басқа түркі тілдері
материалдарын, көне түркі жазбаларының фактілерін қарастырмай-ақ, әдеби тіл
нормасы мен говорлық ерекшеліктерді, фольклорлық шығармалар тілі, 20-30
жылдардағы баспасөз тілі фактілерін салыстыру да жеткілікті болар еді.
Сонда –атын тұлғасының қалыптасу жолын шамамен былай көрсетуге болар еді:
бара + тұрған бара + тұғын бара+ тын бар+атын. Сөйтіп бұл жерде мынадай
процестерді байқауға болады:
1) түркі тілдері тарихында тұрақсыз деп қаралатын р дыбысының түсіп
қалуы (элизия),
2) бірінші буындағы у дыбысының әсерімен соңғы буындағы ашық дауысты
а-ның қысаңдауы, (өйткені, қазақ тілінде сөз соңында ерін
дауыстысы айтылмайды),
3) солардың нәтижесінде дербес сөздің әуелі энклитикаға, содан соң
қосымшаға айналуы,
4) алдыңғы сөздің соңғы дыбысының қосымшамен бірігуі (морфологиялық
жылысу).
Егер –атын тұлғасының осы этимологиясын ескерсек, оның өткен шақ мәнін
беруі алғашқы, басты қызметі де, ал баратын болды тәрізді қолданысы кейінгі
функциялық дамуының нәтижесі – деп қарау керек.
Сонымен салыстырудың алдыңғы кезеңі қазіргі тілмен көне мұра тілін және
бүгінгі тілдің өз құрамындағы ескі дәуірдің қалдықтарын айқындауды еске
алады.
2) Салыстырудың екінші этапында бір семьяға, бір құрылымдық түрге
жататын тілдерге ортақ, түбірі жағынан ұялас, мәні мен қызметі жағынан бір-
біріне эквивалент болып келетін фактілер тобы болатындығы еске алынады.
Ондай фактілер тобы тілдердің дамуы барысында әр қилы өзгерістерге түсуі
әбден мүмкін жайт. Бірақ тіл құрамында болып өткен тарихи өзгерістер
жүйесін еске алсақ, әр тілде өзгеше қалыптасқан (әсіресе дыбыстық құрам
жағынан) сөздер мен грамматикалық тұлғалар тарихи бір ғана түрге барып
тірелетінін көруге болады.
Туыс тілдер дегенде этникалық жағынан, тілдік құрылым жағынан болсын
бір семьяға жататын тілдер ішінен бір ыңғайланып тұратын тілдер тобы
кездеседі. Қазақ тілінің ыңғайында ондай тілдер деп әуелі қыпшақ-ноғай
тобы, содан кейін барып жалпы қыпшақ тобы қарастырылуы тиіс. Этникалық және
тарихи қалыптасу, даму ортақтығы тілдердің де өзара жақындығына,
ұқсастығына алып келген. Грамматикалық құрылым, фонетикалық жүйе және
негізгі сөздік құрам тұрғысынан аталған үш тіл, басқаларын былай қойғанда,
қыпшақ тобындағы басқа тілдерден де бөлектеніп тұрады. Сондықтан қазақ
тілінің байырғы ерекшеліктерін кейінгі элементтерден ажырату үшін де
аталған тілдерді өзара салыстыру қажет.
3) Салыстырудың соңғы кезеңінде негізге алынған тіл фактілерін жалпы
сол салаға жататын тілдермен ұшырастыруға мүмкіндік туады. Алайда, бұл
жерде де негізге алынатын тілді сол семьяға жататын кез келген тілмен,
топпен жүйесіз салыстыру қажетті нәтижеге жеткізе бермейді. Айталық, қазақ
тілі фактілерін тікелей якут тілімен, немесе сары ұйғыр тілімен ұштастыруға
болмас еді.
Қазақ тілін басқа түркі тілдерімен салыстырғанда С.Е.Маловтың белгілі
пікірі еске алынуы керек. С.Е.Малов түркі тілдерін жасына қарай
топтастыруда ескілік пен жаңалықтың белгілерінің арақатысына қарай
шығысқа орналасқан түркі халықтары тілдерінің батысқа орналасқан туыс
тілдерден әлдеқайда көне екендігін көрсетеді. Жалпы түркі тілдерінің
ішінен батыстағы чуваш тілі мен шығыстағы якут тілін, сондай-ақ сары ұйғыр
тілін де ең ежелгі тілдер қатарында қарағаны мәлім. Шығыс Хунн тобына
жататын якут тілінің басқа түркі тілдерінен, әсіресе қыпшақ тілдерінен,
ерекшелігі мол екені айқын. Ол ерекшеліктер, бір жағынан, оның өз бойында
ескіліктің белгілерінің көп болуына байланысты болса, екінші жағынан, түркі
тілдерінің негізгі топтарынан оқшауланып қалуымен ұштасып жатады.

Түркі тілдерінің V-VIII ғасыр ескерткіштері тіліндегі септік жалғаулары
кейінгі XI-XV ғасырлар ескерткіштері тіліндегі сондай категория мен
грамматикалық қызметтерінің жіктелуі жағынан да, қолданылуы тұрғысынан да
өзара тең еместігі байқалады. V-VIII ғасырдағы көне түркі тіліндегі кейбір
септік жалғауларының әлі толық қалыптасқан тұлғасы жоқ. Кейбір жалғаулар
екі не үш түрлі грамматикалық мәнде қолданылған. Онда сонымен қатар септік
жалғаулардың шылаулар жетегінде айтылуы да аса сирек ұшырасады. Ал, кейінгі
дәуір жазбалары тілінде осы күнгі септік жалғауларының барлығының дерлік
семантикалық та, морфологиялық та ізін кездестіре аламыз және олар өте
тығыз байланыста болады. Олар: тілдегі жалғаулардың пайда болып, молаюы
және етістіктердің меңгеру қабілетінің өзгеріп, кеңеюі. V-VIII ғасыр
ескерткіштер тілінде шылаулар өте аз. Сондықтан септік жалғауларының
шылаулар жетегінде қолданылуы аса сирек ұшырайды. Ал, кейінгі дәуірде
шылаулардың сан жағынан молаюымен бірге, септік жалғауларының да
семантикалық саралануы күшейеді. Нақ осындай жағдайды етістіктердің меңгеру
қабілетінің дамуынан да байқауға болады. Көне түркі тіліндегі жиі
ұшырасатын септік жалғаулардың жүйесіз алмасып қолданылуының азайып,
белгілі бір жүйеге түсуі де етістіктердің меңгеру қабілетінің сараланып
жіктелуімен тығыз байланысты болса керек. Мысалы, көне түркі тілінде атау
мен табыс, жатыс және барыс септіктерінің жүйесіз алмасып қолданылуы
байқалады. Кейінгі даму барысында сол етістіктер әлгі септіктердің тек
біреуімен ғана қолданылатын болған.
Қазіргі тіліміздегі септік жалғаулардың арғы кезеңдегі пішінін, ең
алдымен, ескерткіштер тілінен көретініміз белгілі. Алайда осы арада мына
бір ерекшелікті айту керек. Тарихи салыстырмалы әдісімен іздестірілуі
мүмкін септік жалғаулардың бәрі бірдей ежелгі ескерткіштер тілінде
қолданылатын (живые) жалғаулар ретінде ұшыраса бермейді. Ол тілде де
іздестірілетін жалғаулардың кейбірі ғана кездеседі [1;148].
Сондай-ақ грамматикалық формалар мен категориялардың қалыптасу мен даму
процесін қадағалауда көне түркілік жазба мұралардың тілдік фактілері аса
қажет материалдар екендігі айқын. Көне мұралар фактілерін жеке
морфологиялық тұлғалардың дамуы тұрғысынан сүйенерлік дәйектеме ретінде
пайдалану әдетте үш түрлі мақсатты көздейді: біріншіден, белгілі бір
тұлғаның нақты грамматикалық категорияның тәсілі ретінде қолданылуын,
немесе даму барысында басқа бір категорияға ауысуын дәлелдейтін негіз;
екіншіден, тұлғаның функциялық дамуын, өзгерісін көрсететін байырғы факт;
үшіншіден, сол тұлғаның бойында болған фонетикалық өзгерістер және ол
өзгерістердің кейінгі нәтижесі.
Орхон-Енисей жазбаларында, көне ұйғыр ескерткіштері мен одан кейінгі
мұралар тілінде қолданылған септік жалғауларының негізгі түрлері қазіргі
түркі тілдерінің барлығында қолданылады. Бірақ қазіргі қазақ тіліндегі
септік категориясының көріністерін түгелімен дерлік сол көне жазбалар тілі
фактілерімен салыстырып қарағанда, қазақ тілінде қазір қолданылатын жетінші
септік жалғауы – көмектес септіктің кездеспейтіндігі айқындалады.
Хронологиялық тұрғыдан соңғы тұлғаның қалыптасуы жаңа құбылыс екендігі
айқын. Алайда, болатын бір жайт – тілдер бір-біріне қаншама жақын, ұқсас
болса да, олардың дамуы әрқашан біркелкі болмайды. Тіл дамуының біркелкі
болмайтындығы әсіресе жеке морфологиялық тұлғалардың даму процесінен
байқалады. Қазақ тілі бүгінгі түркологияда қалыптасқан көзқарас тұрғысынан
қыпшақ тобындағы тілдер қатарына жатса да, осы құбылысты (көмектес септік
жалғауын) басқа да қыпшақ тілдерінен іздестіруге болмайды. Оларда көне
түркі жазбалар тіліндегі бірле шылауының әр түрлі тарихи варианттары
орнығып қалған. Ал, оның есесіне қазақ тілінде көне түркілік құралдық
септіктің тұлғасы септік жалғау ретінде әсте ұшыраспайды. Көне түркілік
құралдық септік қосымшасының ізі мүлде кездеспейді деп айтуға болмас еді.
Қазіргі қазақ тіліндегі кейбір үстеу сөздердің құрамында, басқа да кейбір
күрделі қосымшалар құрамында сол қосымшаның ізі байқалады. Олай болса,
көне түркі жазбалары тіліндегі құралдық септік қазақ тілінде еш уақыт
қолданыс таппаған деп қарауға ешбір негіз жоқ. Мәселе соның қашан, қалай
қолданыстан шығып қалуын анықтауда ғана болса керек. Көне түркі мұраларын
хронологиялық жүйемен салыстыру арқылы құралдық септіктің қолданыстан шығу
кезеңін шамамен жобалауға болады.
Құралдық септік қосымшасы ежелгі жазбаларда ғана емес, XIII-XIVғ.ғ.
қыпшақ жазбаларында да біле шылауымен жарыса жиі қолданылған. Әрине, бұл
екеуінің арасында, ескі жазбаларға қарағанда, қолданыс ерекшелігі
тұрғысынан бір кезгі шектеушілік бірте-бірте жойыла бастағаны да байқалады.
Кейде құралдық септік пен біле (бірле) шылауының бірінің орнына екіншісінің
ауысып қолданылуы және ондай қолданыстың негізделмеуі соны дәлелдейді. Ал,
XVI ғасырдағы половец жазбаларында, сол жазбаларды зерттеушілердің
көрсетуіне қарағанда, құралдық септік қосымшасы атымен кездеспейді.
Комитатив мәні түгелдей біле шылауына ауысқан. Сөйтіп грамматикалық тұлға
өз активтігін жоғалтады да , оның қызметі мен мәні шылауға ауысады.
Дегенмен, осы жайдайды, жоғарыда айтқандай, грамматикалық тұлғаның
қолданыстан тіл дамуы барысында шығып қалуы деп түсінуі керек пе? Бұл
сұраққа үзілді-кесілді жауап беру үшін айқын дәлел кездесе бермейді. XVI
ғасырдағы половец жазбаларының тілін зерттеуші Э.В.Севортян сингорманизм
заңдылығының кей жағдайда сақталмауын, сондай-ақ барыс, жатыс септік
жалғауларының бірінің орнына екіншісінің ауысып қолданылуын т.б.
ерекшеліктерді көрсете келіп, бұлардың барлығы половец документтерінің
тілінің біркелкі болмағандығының дәлелі деп түйеді. Қыпшақ жазбаларының
ішінде де белгілі бір категориялардың берілу тәсілдері тұрғысынан бір
ізділік жоқ. Егер қыпшақ деген атпен бірнеше тайпалардың бірлестігі
аталғанын еске алсақ, тілдік ауытқулардың болу фактісін түсінуге де болады.
Құралдық септік жалғауы мен біле шылауының қолданысын да ауытқулардың
бірі деп қарауға болар еді. Екінші жағынан, ежелгі мұралардың (V-VIIIғ.ғ.,
XI-XIVғ.ғ.) тілінде бұл екі тәсілдің жарыспалы қолданылу фактісін бетке
ұстасақ, онда бір ғана грамматикалық қызмет пен мәннің екі түрлі тәсіл
арқылы берілуі деп қарау керек болады. Бір-біріне дублет ретінде
қолданылатын артық тәсілдерден тіл әр уақыт құтылуға тырысады. Тілдің
даму барысында болатын экономия заңдылығы да осындай реттерде көрінеді. Сол
заңдылықтың нәтижесінде құралдық септік жалғауы XV ғасырда-ақ қолданыстан
шыға бастаған деп шамалауға болады [1;61].
2.1. Септіктердің қызметі.
Тіл біліміндегі грамматикалық категориялардың бірі – септік
категориясы. Септелу деп сөздердің сөйлем ішінде өзге сөздермен дәнекерлесу
үшін септік жалғауын қабылдап, грамматикалық тұрғыдан өзгеріске түсуін
айтады. Қазақ тілінде септік жалғауының жеті түрі бар, олар – атау, ілік,
барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес жалғаулары. Сөздің жекеше түрі мен
көпше түрінің септелу үлгісінде принциптік айырма жоқ. Септік жалғаулары
жекеше сөзге де, көпше сөзге де бірдей жалғанады. Қазақ тіліндегі, септік
жалғауларын, негізінен алғанда, грамматикалық септік жалғаулар және
кеңістікті білдіретін септік жалғаулары деп аталатын 2 топқа ажыратып
қарайтын дәстүр бар. Мұның грамматикалық деген тобына атау, ілік, барыс,
табыс жалғауларын жатқызады да, кеңістікті білдіретін деп атап отырған
тобына жатыс, шығыс жалғауларын жатқызады. Бұлайша көрінудің сыры
грамматикалық септік жалғауларының, көбіне, сөйлемдегі сөздердің өзара
грамматикалық қатынасын, ал кеңістікті білдіретін септік жалғауларының
кеңістік ұғымын аңғартуынан.
Септіктің грамматикалық деп аталып отырған тобына жататын жалғаулардың
негізгі қызметі – бастауышты білдіру (атау септік), тәуелділікті білдіру
(ілік септігі), іс-әрекеттің объектісін білдіру (барыс, табыс септігі). Ал,
кеңістікті білдіретін жалғаулар іс-әрекеттің, қимылдың қай жерден
басталғандығын, қай жерде болып жатқанын, бір сөзбен айтқанда жалғаулардың
бұл тобының қызметін, істің, қимылдың мекенін білдіру деп атауға болады.
Сөйлемдегі орын тәртібі жөнінен алғанда септік жалғаулы сөздер кейбір
инверсияны қажет ететін жағдайда немесе үнемі өзін меңгеретін сөзден бұрын
тұрады [8;57].
Септік жалғауларының мазмұны әдетте екі түрлі ерекшелікті ескерген
уақытта ғана біршама толық түрде көрінеді. Олар: синтаксистік қызмет және
семантика. Септік жалғаулары, ең алдымен, синтаксистік қызмет тұрғысынан
ажырайды. Өйткені, олардың кейбірінің мазмұны тек синтаксистік қызметі
арқылы көрінеді. Мысалы: табыс септіктің негізгі мазмұны – сабақты
етістіктермен байланысқа түсіп, солардың жетегінде айтылып, есімнің
етістікке бағыныштылығын көрсететін белгі, яғни синтаксистік байланыс.
Сонымен қатар, септік жалғаулары белгілі бір мәндердің берілу тәсілі бола
алады. Олардың барлығын жинақтай келгенде, септік жалғауларының екі қызметі
келіп шығады: біріншісі-синтаксистік қызмет те, екіншісі – соның негізінде
туатын мән, мағына, яғни семантикалық қызмет [2; 95].
2.2. Септіктердің грамматикалық мағынасы мен тарихи негізі.
Негізгі септелетін сөздер – зат есімдер. Алайда қазіргі тілде заттық
мәнге ие болған (субстантивтенген) кез келген сөз септік жалғауларын
қабылдайтыны белгілі. Осы із түркі тілдерінің тарихында жаңа емес, дегенмен
осындай құбылыс (басқа сөздердің заттануының) қазіргі тілдегідей етек
алмаған.
Атау септік. Қазіргі түркі тілдерінің қайсысында да атау септікті
сөздің түбір, негіз қалпынан бөлектейтіндей арнаулы аффикс жоқ және тарихта
белгілі ескерткіштер тілдерінде де мұндай тұлға кездеспейді.
Дегенмен, алтай тілдерінің кейбір зеттеушілері көне дәуір алтай тілінде
сөз негізі мен атау септік тұлғаларының бірдейлігіне күмән келтіретін
фактілер көрсетеді. Қазіргі моңғол тілдерінің кейбірінде сөздің түбіріне
басқа септік жалғаулары жалғанғанда –н пайда болады. Д.Санжеев мынадай
мысал келтіреді: мори ябана (жылқы келе жатыр), моры бармыз (жылқыны
ұстады). Нақ осындай құбылыс есімдіктер жіктелгенде де болатын көрінеді.
Қазіргі қазақ тілі мен басқа да түркі тілдеріндегі атау септіктің
қолданылуы мен көне ескерткіштері тіліндегі қолданысын салыстырып қарағанда
едәуір айырмашылық бар. Атау септік тұлғасы ескі жазбалар тілінде мынадай
қызметтерде жұмсалған:
Атау септік тұлғасы өзінің тура мағынасында қолданылған: Ілік сен
барғыл (МҚ) - (Алдымен сен бар). Атау септіктің бұл қызметі қазіргі қазақ
тілінде әсте жат еместігі айқын. Зат есімдер де, есімдіктер де атау
тұлғасында жұмсалып, сөйлемде бастауыш қызметінде келген.
Ілік септік қызметінде келуі: Кімі ічре олдуруп, іле сузын кечтіміз,
уйғұр таба башланып, мындақ елін ачтымыз (МҚ). (Кемеге отырып, Іленің суын
кештік, ұйғырға дейін барып, мыңлан елін аштық).
Табыс септік орнына жұмсалуы: ічін, ташын, адынчығ бедіз уртуртым, таш
тоқытдым (ҚТ) - Іші тысын айрықша өрнектеттім, тасты қойғыздым.
Жатыс септік орнында қолданылуы: Өтүкен иір олурып арқыш-тіркіш ысар,
нең бунуғ йоқ.Өтүкен йыш олурсар, беңгі іл тута олуртачы сен, түрк будун,
тоқ (КТ) - (Өтукен жерінде отырып, керуен жіберсең, еш мұңың жоқ. Өтүкен
қалыңында отырсаң мәңгі тұтас боласың сен, түрік халқы тоқ боласын). Қазақ
тілінде атау тұлғасының жатыс септік орнына қолданылуы әсте кездеспейтін
факт.
Құралдық септік мәнінде қолданылуы: Тоқуз йаңына сү йорыдым (М.)-
(Айдың тоғыз жаңасында әскермен шабуылға шықтым). Құралдық септік
қызметінде қолданылуы V-IX ғасыр жазбаларында жиі кездеседі. Бірақ бұл
қолданыс XI-XV ғасыр ескерткіштері тілінде байқала бермейді.
Барыс септік орнына қолданылуы: Бабурнама тілінде атау тұлғаның барыс
септік орнына қолданылуы кездеседі. Хінддін Герім бардыңыз – Индиядан
Герімге бардыңыз.
Атау тұлғасының шығыс септік орнына жұмсалуы да кездеседі. Көгмен аша
қырқыз йіріңе тегі сүледіміз – Көгменнен асып қырғыз жеріне дейін
шабуылдадық (КТ). Иол азылды жолдан азды (МҚ). Көне түркі тіліндегі атау
тұлғасының көп функциялығын жалпы септік жалғауларының ара жігін
айқындамауының, түгелдей жіктелмеуінің нәтижесі деп қана қараған дұрыс.
Ілік септік. Ілік септік тұлғасының көне жазбалар тілінде мына сияқты
фонетикалық варианттары бар: -ың, -ің, -уң, -үң, -ның, -нің, -нуң, -наң,
-нәң. Зерттеушілердің бірсыпырасы –ың және –ның, яғни аффикстің ең басында
–н дыбысының бар не жоғына қарай, ілік септік қосымшасының екі түрлі
таралуын, қолданылуын болжайды. Академик В.В.Радлов өзінің Алтын Орда
жарлықтары жайлы белгілі еңбегінде –ың тұлғасын негізінен батыс түркі
тілдеріне тән деп қарайды да, -ның тұлғасын шағатай тіліне немесе шығыс
тілдеріне тән тұлға деп есептейді. Бұл пікір есімдіктердің септелуін еске
алудан туса керек. Жалпы зат есімдерге жалғанып келетін ілік септік
варианттарына келсек, батыс топқа жататын тілдердің бірі – қазақ тілінде
бұл пікірді қостайтын фактілер табу қиын. Алайда қазіргі түркі тілдері
арасында мынадай заңдылық бар: азербайжан, түркімен, түрік және чуваш
тілдерінде дауыссыз дыбысқа біткен сөздерге жалғанатын ілік септік жалғауы
–ың (басқы –н –сіз) тұлғалы болады да, дауысты дыбысқа біткен сөздерге
-ның түрінде жалғанады. Басқа түркі тілдерінде –ың варианты зат есімдерге
жалғанбай, түбірдің соңғы дыбысының фонетикалық өзгеріп отырады. Қазіргі
қазақ тілі осы соңғы топқа жатады. Орхон-Енисей жазбалары тілінде ілік
септіктің қолданылуы: Күл тегін Байырқұның ақ адғырығ бініп оплайу тегді
(КТ) - Күл тегін Байырқұның ақ айғырын мініп шабуылға шықты. Олурыпан түрік
будуның ілін, төрүсін тута бірміс, іті бірміс. Менің сабымын сымады. Орхон-
Енисей жазбаларынан келтірілген осы үзінділерден мынаны аңғаруға болады:
зат есімге –ның түрінде (байырқұның) жалғанса, есімдікке –ың түрінде (мен-
ің) жалғанған. Бұл жерде түркі тілдерінің ежелгі кезеңіндегі есімдіктер мен
есімдердің септелуіндегі айырмашылық байқалады. Дегенмен, сол айырмашылық
Орхон-Енисей жазбалары дәуірінде-ақ ілік септік ыңғайында өз жүйелілігін
жоғалта бастаған. Жоғарыда келтірілген сөйлемдер құрамында есімдіктерге тән
–ың тұлғасының есімдерге де қосыла қолданылуы соны көрсетеді. Осы жайды
еске алсақ, қазіргі бірсыпыра түркі тілдерінде кездесетін бізнің тұлғасы
жаңа құбылыс деп танылуы тиіс те, бізнің тұлғасы біршама көне тұлға деп
танылуға тиіс болады. Осыған байланысты мына жайды да ескеру керек: Орхон-
Енисей жазбаларында жіктеу есімдіктері тек дауыссыздарға ғана аяқталады.
Олардың дауыстыларға аяқталған бір ғана варианты (са ІІ жақ жекеше) Қашқари
сөздігінде кездеседі. Махмұд Қашқари былай деп жазады: са – сен
мағынасындағы сөз. Са айурман – маған айтамын. Бұл сөздің соңындағы әліп
сен сөзіндегі н орнына алмасқан, яки сеңе сөзінен түсіп қалған. Тағы бір
жерінде мынадай мысал келтіреді: Бу оғул сенің му? – Бұл ұл сенікі ме?
Бұған қарағанда сол кезгі түркі тайпаларының бірінде жіктеу есімдіктері н
дыбысынсыз айтылды ма екен деген ой келеді. Егер ондай ерекшелік болса,
ілік жалғауы дауысты дыбысқа біткен барлық сөздерге де –ның түрінде
жалғанған деп қарауға болар еді. Қалай да мына бір ерекшелік байқалады,
Есімдіктердің бойында ілік септіктің байырғы вариантының ізі бар: мен-ің,
сен-ің, осыған орай біз-ің, сіз-ің, тек ІІІ жақта: о-ның Махмұд Қашқари
сөздігінде –ың варианты есімдіктерге тән де, -ның варианты зат есімдерге
тән: Берміш сенің біл – Білінер сенің бергенің (МҚ) [1;151]. Аның арқышы
келді – Оның хабаршысы келді [3;127],
Башы аның алықты,
Қаны иүзүп тұрұқты.
Жарасы оның асқынды.
Қан көп кетті, әл тайды [3;229].
Кодекс Куманикусте ілік септіктің жалғауы І жақ жіктеу есімдіктеріне
–м (-ым, -ім) түрінде жалғануы да кездеседі. Менім учун йалбарсыңдар бы
теңріге (Менің үшін жалбарыныс бұ тәңірге). Ілік септік жалғауы
варианттарының Орхон-Енисей жазбаларындағы Махмұд Қашқари сөздігіндегі
қолданылу заңдылығы кейінгі Алтын Орда ескерткіштерінде де кездеседі:
Аларның ала көңіл біле тіл ыйып (ЯТ)- (Олардың қара ниетіне сай хабар
жіберіп).
Ілік септік тарихи ескерткіштер тілінде де, қазіргі тілімізде де
меншіктілік мән берудің басты тәсілі есебінде түсініледі.
Алайда, түркі тілдерінің, жалпы алтай тілдерінің тарихында ілік
септіктің осы қалыптасқан мағынасы ежелгі болмаса керек. Түркі тілдері
тарихын зерттеушілердің бірі Банктың түсіндіруінше ілік септік алғашында
субъектінің айналасындағы, қасындағы дейтін мәнді білдірген де,
меншіктілік мән соның негізінде қалыптасқан. А.М.Шербак ілік септік мәні
алғашында да меншіктелу, тәуелдену мәнерімен келген деп қарайды. Оның
ойынша, сол меншіктілік, тәуелділік мәнді арнаулы қосымшамен беру
қажеттілігінен барып, анықтауыштық конструкция құрамындағы атау тұлғасынан
өзгеше тұлға – ілік септік қалыптасқан.
Ілік септік көне ескерткіштер тілінде кейде өзімен тетелес сөздің
тәуелдік жалғаулы болуын талап етсе, кейде тәуелдік жалғанусыз–ақ
меншіктілік мән бере алады. Біздің еб (МҚ) - (Біздің үй), Менің қарын тозты
(МҚ) - (Менің қарным тойды).
Ілік септік жалғауының қолданыстағы негізгі мағыналары мына
төмендегідей.
Бүтіннің бөлшегін, құрама салаларын білдіреді: Менің қарным тозды (МҚ)
- (Менің қарным тойды).
Ілік септікті конструкциялар кісілер, заттар арасындағы қатысты,
байланысты білдіреді: Бенің будунум анта ечүч (Т) – Менің халқым ана жақта
еді.
Ілік септікті конструкциялар, сонымен қатар, абстракт меншіктілікті де
білдіреді: Табғач қағаны ічеркі бедізчіг ыты (ҚТ) – Табғач ханының ішкі
жақтағы бедершісі келді [1;152].
Ал Ә.Қайдаров пен М.Оразов былай дейді: Ілік септіктің түркі
тілдеріндегі қосымшасы –ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің; -нұң-түң, -дүн-
дүң т.б. болса, монғол тілдерінде –ны-ни, -ну-нү. Н.А.Баскаков пікірінше
көне моңғол тілдерінде –ны-ні қосымшасының толық формасы –ның-нин болған.
Дегенмен, кейбір моңғол тілдерінің диалектісінде ілік септігінің –ын-ин
формасы да кездеседі. Мысалы: бурят-моңғол тілінің диалектісінде ілік
септігінің –ын-ин формасы қолданылады: аха (аға)ахатн (ағаның), шоно
(бөрі)шононтн(бөрінің) [5;82].
Қазіргі қазақ тіліндегі кейбір конструкциялардың қалыптасу процесі
тұрғысынан көңіл аударарлық бір жайт – ілік септіктің кейбір фразалар
құрамында қолданылуы . Кодекс Куманикусте мынадай сөйлем бар: Бір кез бір
алғышлы кіші йолға барды, бір феріште оның біле барды азам болуп - Бір
кезде бір мейірімді кісі жолға шықты, бір періште онымен бірге барды. Нақ
осы конструкция қазіргі қазақ тілінде осы мағынада қолданылады, бірақ
басқаша тұлғаланады. Біле шылауы біздің тілімізде көмектес жалғауына
айналғаны мәлім. Соның салдарынан ол есімдігі ілік жалғауында емес,
көмектес тұлғасында айтылады (онымен бірге). Сол сияқты, Кодекс
Куманикусте болсын, басқа да ескерткіштер тілінде де аның үчүн тәрізді
шылаулы конструкциялар жиі ұшырайды. Бұл із кейінгі дәуірлерге дейін
келгені мәлім. Қазақтар арасында XIX ғасырдың аяғына дейін қолданылған
кітаби жазба тілде де осындай. Алайда, халықтық ауызекі сөйлеу тілінде бұл
конструкция ілік жалғауынсыз айтылған. Ілік жалғау орнына жеке аффикстердің
қолданылуы жаңа құбылыс емес. Мәселен Махмұд Қашқари оларды былай
қолданған: Өкүз азақы болғынша бұзағұ башы болса ииг - Өгіздің басы
болғанша, бұзаудың басы игі [3;88].Сартның азұқы арығ болса иол үзә иер –
Саудагердің азығы таза болса, жол үстінде жер [3;95].Кірітлік енүкі –
Құлыптың тісі (тілі) [3;102]. Іглік тұтрұғы адз болұр – Науқастың өсиеті
жақсылық белгісі [3;109]. Йырақ иер сабын арқыш келдүрүр – Жырақ жердің
хабарын керуен келтірер [3;127].
Ілік қосымшасының этимологиясы туралы едәуір пікір айтылды.
В.В.Радлов ілік септіктің алғашқы тұлғасы –ың деп есептейді де, бұның
өзі о баста тәуелдік жалғауы болған, жіктеу және сілтеу есімдіктеріне ғана
жалғанған дейді. Сөз орайында айта кету керек, кейін 50-жылдары Ф.Г.Искаков
та осыған ұқсас пікір айтты: Оның ойынша, мойын, қойын, жауырын тәрізді
сөздер құрамындағы –ын (басқа тілдерде –үн) ескі дәуірдегі тәуелдіктің ІІІ
жағының афиксі. Ал, -ның формасының шығуын есімдіктердің өзгеру
ерекшелігімен байланыстырады. Әуелі есімдіктер құрамында қолданылумен
байланысты, есімдіктің соңғы дыбысы морфологиялық ығысудың нәтижесінде
аффикстің құрамына ауысып кетуі мүмкін – деп қарайды. Радловтың осы пікірін
көп өзгеріссіз Богородицкий де қайталайды. Богородицкийдің түсіндіруінше,
морфологиялық ығысу арқылы есімдіктер құрамында қалыптасқан –ның аналогия
жолымен басқа есім сөздерге де ауысты. Кейін есім сөздер де осы –ның
аффиксін қабылдайтын болды [6;152]. Ал, -ның тұлғасының құрамын Г.Рамстедт
былайша түсіндіреді. Алғашында –н түрінде болған ілік жалғауы дауыссыз
дыбыстарға біткен түбірлерге жалғанғанда алдынан жалғастырушы дауысты
дыбыс қосып алса керек. Содан кейін түбірдің соңғы дыбысы қосымшаға ығысуы
нәтижесінде –ның қалыптасады.
Сонымен, Рамстедтің пікірін қолдасақ, -ның тұлғасының құрамындағы қысаң
дауысты этимологиялық емес, жалғастырушы дыбыс болады [7;152].
Э.В.Севортян қолданылу тәсілі мен мағыналарының ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz