Қазіргі замандағы Францияның кітап басу ісінің ерекшеліктері



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 16 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе

Кітаптың болашақ тағдырын анықтап берген баспа станогының ойлап табылғанына алты ғасырға жуық уақыт өтті. Белгілі канадалық ғалым және философ Маршал Маклюэн өзінің "Гутенберг галактикасы" еңбегінде баспа станогының ойлап табылуы адамзат өркениетінің одан әрі дамуы үшін айқындаушы факторлардың бірі болып табылатынына сенім білдірді. ХХ ғасырда технологиялық төңкеріс болды, ол Маклюэннің ойынша "Гутенберг галактикасының" аяқталуына түбегейлі нүкте қоя алған жоқ. Сонымен қатар, ХХ ғасырға және ХХI ғасырдың басында пайда болған барлық өзгерістерге қарамастан, кітап әлі де өркениетті әлемдегі мәдениеттің аса маңызды артефактілерінің бірі болып қалды.
Франция - баспа ісі дамыған әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. Француз тарихшысы, кітап шығару саласының маманы Молльенің пікірінше, француз баспа ісі бес жүз жылдың ішінде ұзақ жолдан өтті, алға қарай дамыды және жетілдірілді, жаңа жағдайларға бейімделді және техникалық прогрестің барлық жетістіктерін белсенді пайдаланды.
Франциядағы зайырлы мақсаттар үшін кітап сату ісінің дамуы XIII ғасырдан Париж университетінің негізінің қалануымен қатар жүрді. Қолжазбаларды дайындаумен және сатумен айналысатын барлық университеттік алқабилер кітаптарының санақшылары (Clerics en librairie juries de l ' Université) атымен қоғам құрылды. 1292 жылы Парижде 24 санақшы, 17 түптеуші және 8 қолжазбаларды сатушы болды. Париж университеті санақшылар мен сатушылар қоғамының қызметін қадағалап отырды және кітаптар бағасын белгіледі, кінәлілерге жаза тартумен де айналысты. 1275 жылы университет кітап сатушыларды қолжазбаларды сату кезінде белгіленген ережелерді сақтауға ант беруге міндеттеді. 1323 жылы кітап сатушысы мамандығына тек университет депутатының алдында емтихан тапсырып, сол сынақтан өткен қабілетті адамдар ғана жіберілді. Парижде және Орлеанда кітап басып шығаруды ойлап шығарар алдында кем дегенде 10000 санақшылар жұмыс істеді. Бұл кезеңде кітапқа деген сұраныс өте үлкен болды, бірақ кітаптардың бағасы өте қымбат еді.
Баспа станогының алғаш Француз жеріне келуі туралы айтып өтер болсақ, бастапқыда кітап басып шығару неміс типографтарының көмегімен іске асты. 1469 жылы баспа станогын қолдану, кітап шығару технологияларын үйрету үшін Парижге Германиядан Мартин Крантц, Михаил Фрибергер және Ульрих Геринг атты үш баспагер келеді. Париж университетінің ректорының қолдауымен олар шағын баспахана ашады. Бір жылдан кейін онда алғашқы француз баспа кітабы пайда болды. Париждегі екінші баспахана 1473 жылы неміс баспашыларының бастамасы бойынша пайда болды. Сол жылы Лионда да баспахана ашылды. Ол Венецияда қолөнер мамандығын оқыған Гийом Ле Руға тиесілі болды. Оның баспаханасы 15 жыл бойы табысты жұмыс істеді. Тағы бір француз баспашысы Паскье Боном 1476 жылы француз тілінде үлкен көлемді кітап шығарды. Бұл "Үлкен Француз хроникасы"үш томдық еңбегі еді. XV ғ. соңында Францияда 400 басылым басылып шықты. Әр ғасырда кітап басу ісі әрқалай дамып отырды. Мысалы, XVIII ғасырдағы Француз кітап ісінің дамуы меркантилизм саясатымен тығыз байланысты болды, оны сол кезеңдерде кардинал Ришелье (1624-1642 жж.) жүзеге асырды. Оның көмегімен Францияда алғашқы мемлекеттік баспаханалық кәсіпорындар пайда болады. Алайда, Францияда кітаптар шығаруға қатаң корпоративтік ережелер кедергі жасады. Парижда цензуралық функцияларды протестантизмнің таралуына ерекше қауіп төндіретін Сорбонна университеті жүзеге асырды. IV Генрих өзі билік еткен 1616 жылы бес мүшеден тұратын ерекше цензуралық комитет (Les gardes de la librairie) құрған. XVII ғасырда осы комитет шешімімен көптеген шығармалар мен олардың авторлары қудалауға ұшырады. Мысалы, Симон Морен Ой кітабын басып шығарғаны үшін қаза тапты (1663 ж.). Тәркіленген кітаптарды басып шығаруға және таратуға қатысқан жазушыларды, баспагерлерді, кітап саудасымен айналысатын саудагерлерді де қатаң түрде жазалап отырды. 1660-1756 жылдар аралығында кітап ісінің 856 өкілі шығармалар таратқаны үшін бастилияға имандылыққа, дінге, патшаға және үкіметке қарсы депген айыппен жабылған.
Француз кітап ісін дамыту үшін шетелдік баспагерлердің бәсекелестігі айтарлықтай кедергі болды. Шетелдік бәсекелестермен күрес үшін Париж баспаханалары мен кітап сатушылар корпорацияларға біріге бастады. 1586 жылы "Үлкен кеме" компаниясы құрылды (кеменің бейнесі компанияның баспа маркасына қызмет етті). 1631 жылы компанияға Себастьян және Габриель Крамуази, Жан Бранило, Денис Беше, Денис Море, Клод Сонниус және Денис Терри сынды баспагерлер қызмет етуге келді. 1641 жылы компания шіркеу әкелерінің шығармаларын шығару үшін бағытталып, корольдік артықшылыққа ие болды. Мемлекеттік баспаханалардың алғашқысы 1640 жылы Луврда Ришельенің бұйрығы бойынша құрылды және Корольдік баспахана атауын алды. Баспахана директоры болып С. Крамуази тағайындалды. Корольдік баспахана корольдік эдикталар, ордонанстар, регламенттер, Корольдік Кеңестің қаулылары және шіркеу мен король мақұлдаған көркем және ғылыми әдебиет шығармаларын жарыққа шығарып отырды.
XVII ғасырдағы баспадан жарық көрген басылымдар мазмұны мен түрлеріне тоқталар болсақ, XVII ғасырда кітаптар арасында негізгі орынды діни әдебиет алды. Одан кейінгі орынды басылымдардың санына қарай қалалар мен соғыстардың тарихы бойынша еңбектер, генеалогиялық трактаттар мен геральдикалық шығармалар алды. Техника мен сәулет бойынша шығармалар да шығарылып, көпшілікке ұсынылды. Демар, Жорж де Скюдери, Шаплен сынды ақындардың еңбектері де жарияланып тұрды. 1644 жылы фронтисписпен безендірілген Корнель пьесасының бірінші басылымы жарияланды. Сонымен қатар, шағын форматтағы Мольер мен Расиннің туындылары да жарыққа шықты. Францияда кардинал Мазаринидің ("Фронда") регенттігі кезеңінде күшейген абсолютизммен күрес кезінде саяси брошюралар кең танымалдылыққа ие болды. Патша өкіметінің қарсыластары күн сайын баспасөзде памфлеттерді шығарып отырды. Бұл басылымдар мазаринад деп аталды. Дворян оппозициясының өкілдері авторларының памфлеттерінен басқа, сондай-ақ халықтың мүдделерін бейнелейтін брошюралар басылды. Мұндай брошюраның бірін баспаханалық жұмысшылар шығарды. Бұл брошюрада Мазарини өлімін талап ететіндерін, бұл талап орындалмаса памфлеттерді басып шығаруды тоқтатпайтындары туралы жазған. Көптеген батыл және өткір мазаринадтардың авторы Сирано де Бержерак болды. Атақты Комикалық романның авторы Поля Скарронның өлең памфлеттері сол заманның ең табысты жинақтардың бірі болды және XVII ғасырдағы фрондерлік публицистиканың ең үздік үлгісі болып саналады.
XVII ғасырда Францияда алғаш рет мерзімді басылымдар шығару ісі пайда болады. 1631 жылы 1 мамырда "Газеттің" (La Gazette) бірінші нөмірі шықты, оны алғаш шығарған Теофраст Ренодо болды. Газет шағын форматтағы төрт беттен тұрды және аптасына бір рет шығып отырды. Мұнда тек Францияда болған оқиғалар ғана емес, сондай-ақ, шет елдерде болған оқиғалар туралы да хабарлар жазылып отырды. Негізгі мақалалар ретінде әскери мәліметтер маңызды орын алды. Ренодо газеті феодалдық аристократияға қарсы күресте абсолюттік монархияны қолдады. 1762 ж. бастап Газет үкіметтің ресми органы болып саналады және Француз газеті (Gazette de France) атауын алды. Ренодо газетінен кейін басқа да мерзімді басылымдар пайда болады. 1649 жылдан бастап Француз курьері атты мерзімді басылым жарыққа шықты. 1665 жылы әдебиет және ғылым мәселелеріне арналған "Ғалымдар журналы" газеті құрылды. 1672 жылдан бастап "Галанттық Меркурий"газеті шыға бастайды. [1]

Қазіргі замандағы Францияның кітап басу ісінің ерекшеліктері

Қазіргі таңда Франция шығарылатын кітаптар саны бойынша әлемде алтыншы орында, ал таралымы бойынша бесінші орында тұр. Басылымдар білімнің барлық салалары бойынша шығарылады (Баспалар шығарудың 1997-20011 жылдардағы саны 1-кестеде көрсетілген). Францияның кітап нарығы өзнің құрылымымен және баспалар, кітап қоймалары мен дүкендер арасындағы нақты байланысының болуымен, оқырмандарға бір уақытта 350 мыңнан астам кітап атауларын ұсына алуымен ерекшеленеді. Жыл сайын Францияда жаңа кітаптардың 40 мыңға жуық атауы жарыққа шығады. Елдегі кітап тарату құрылымына тоқталар болсам, кітаптардың 70%-ы түрлі дүкендер арқылы (30% - мамандандырылған кітап дүкендері және 20% - кітап, аудио, бейне және мультимедиа өнімдерін сататын супермаркеттер мен аралас үлгідегі дүкендер), ал 30%-дан астамы базадан тыс сауданың түрлі арналары арқылы (кітап клубтары - 20%, пошта-жіберу қызметтері - 10%) сатылады (Кітаптардың негізгі сатылу арналарын 2-диаграммадан көруге болады). [2]
Дәстүрлі кітап дүкендерінің арасында 50-60 мың атаудағы ассортименті бар 200-ге жуық ірі кәсіпорындар бар. 4-5 мың ұсақ дүкен де кітап ісінің алға жылжуына белгілі бір дәрежеде оң әсерін тигізуде. Олар әдетте, провинциялық қалашықтарда орналасқан және елдің мәдени өмірінде өте маңызды рөл атқарады. Францияда жүздеген түрлі қызмет түрі мен ауқымы бар кітап сатушылар мен дистрибьюторлардың рөлі өте зор. Мемлекет қазіргі уақытта француз кітабының шет мемлекеттерде таралуына ерекше көңіл бөледі. Мысалы, 1989 жылдан бастап РФ және ТМД елдерінің аумағында француз кітаптарын барынша өткізуге бағытталған "Пушкин" үкіметтік бағдарламасы табысты жұмыс істейді. Бірақ экспорт статистикасы кейбір жағымсыз үрдістерді куәландырады. Француз басылымдарын сату орыс тілінен тыс нарықтарда құлдырайды. Сарапшылардың пікірінше, Орталық және Шығыс Еуропада француз тіліне деген қызығушылық төмендеген. Африка, Араб, Марокко және Ливан елдеріне экспорттау жағдайы өте тұрақсыз болып отыр. Вьетнам, Камбоджа, Таиланд, Тайвань, Оңтүстік Корея және Қытай сияқты елдерде Француз кітаптары сатылмайды (Француз экспорттық нарықтарының бірінші ондығы 2-кестеде келтірілген).
ХХ ғасырдың ортасынан бастап ерекше табыс жұмсақ мұқабадағы кітаптар - пейпербектер арқылы келді. Олардың үлесіне ел нарығындағы айналымның 30 пайыздан астамы кіреді. Ұзақ уақыт бойы бұл өнімдер басылымдардың ең перспективалы түрі болып саналды. Сұраныстың көп болуы жаппай тұтынушы пейпербиктерді сатып алуды қалайтынымен түсіндіріледі. Себебі, олар түптеу кітаптарынан орташа есеппен бір жарым есе арзанырақ. Іскер адамдардың өмір салтына бейімделген басылымдардың қай түріне болса да сұраныс көп. Сөзім дәйекті болу үшін мысалдар келтіре кетейін, мысалы, дайджест кітаптар арқылы сіз Анна Каренинаны сегіз беттік кішігірім көлемде оқуыңызға болады, ал Диккенстің Дорриті алты бетте жазылған. Сонымен бірге кітап мазмұны комикс, әртүрлі суреттер арқылы да берілуі мүмкін. Ол тиісінше, сіздің қызығушылығыңызды арттырады.
Бестселлер - "сатылымы ең жоғары кітап" дегенді білдіреді, яғни, сату саны бойынша көшбасшы. Бестселлерлер француз кітап басу тарихында әрдайым болды. Кітап тарихындағы ең үлкен бестселлер - Киелі кітап (Библия), ал екінші - Сервантестің Дон Кихот романы. Бірақ бестселлердің ғасыры кітаптың жетістігі үшін баспагердің өзі күресетін миллиондаған тираждар дәуірінде келді. Мұндай кітапқа негізгі нарықтық талап қойылады: ол оқырманға әсер етуі керек. Кітаптың негізгі тұтынушысы - бұл көпшілік оқырман: зиялы қауым өкілі, ұсақ кәсіпкерлер,қарапайым қызметкерлер. Олардың сатып алу сұранысы қоғамдық пікір, жарнама әсерінен қалыптасады. Тұтынушылардың келесі санаты - бұл ғылым мен техника адамдары, олардың сұранысы жоғарыда айтылғандарға қосымша басқару мен ғылыми-техникалық шығармашылық қажеттіліктерімен анықталады. Кітап нарығы тұтынушыларының үшінші негізгі санаты - бұл бай адамдар, библиофилдер, коллекционерлер, олардың көпшілігі өздерінің жинақтарын қымбат немесе сирек кітаптарды сатып алуға жұмсағысы келеді. Сонымен қатар, кітап нарығын қалыптастыру көбінесе саяси, діни, этикалық, көркемдік, психологиялық ерекшеліктерге байланысты екенін естен шығармау керек. Әлемдік және өңірлік кітап нарықтарының арақатынасы мәдениеттің маңызды проблемасы болып табылады. Елдегі кітап тарату демократиялық қоғамдағы кітап саудасының қағидаттық еркіндігі туралы барлық өршіл мәлімдемелерге қарамастан, тұтас қоғамның экономикалық және әлеуметтік жағдайына, кітап нарығының перипетилеріне байланысты. Қалай десек те, кітаптарды тарату саясаты жалпы саясаттан ешқашан ажырамайды. Француз кітап басу ісінің тағы бір ерекшелігі - мемлекеттің қоғамдық институттарынан ешқандай тікелей көмек алмайтындығында (Француз баспасөзі мен киноны мемлекет арнайы қолдайды). Кітап шығару ісі мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас серіктестікке көбірек ұқсайды. Елдің ірі концерндері үшін сауда делдалдығын айналып өтіп, тұтынушыға тікелей шығу тән. Баспа агенттері кітаптарды шағын саудагерлерге де, түрлі қоғамдарға да, кітапханалар мен жеке сатып алушыларға ұсынатын әмбебап желіге қызмет көрсетуге тырысады. Әлеуметтанушылар атап өткендей, сатып алушылар кітап дүкендеріне жиі барады. Әйтсе де, кітапты емес, өзге де баспалық өнімдерді көбірек сатып алады. Бұл құбылыс шектен қорқу деп аталатын психологиялық кедергімен түсіндіріледі. Дүкен сатып алушының ойына мектеп пен емтиханды елестетеді, ал сатып алушы көптеген кітапты сатып алу арқылы ақшасын немесе сатып алған кітабын жоғалтып алудан қорқады.
Баспалар үшін кітап саудасының ең заманауи түрі - кітап клубтары. Бұл клубтың демократиялық сайланған басқармасына олардың өтініштері мен қызығушылықтары бойынша кітаптарды таңдайтындығына сенім білдіретін жазылушылардың ерікті бірлестігі. Кітап клубының басқармасы осыған сәйкес баспаларға кітаптар алу үшін тапсырыс береді. Оларды сатып алуға клуб мүшелерінің алдын ала тапсырыстары мен жарналары арқылы кепілдік беріледі. Әдетте, бұл басылымдар жазылушыларға дүкеннен сатып алғаннан гөрі арзанырақ. Мұндай жүйеде кітап құнынан көтерме және бөлшек делдалдарға арналған шығындар алынып тасталады. Ең белсенді жазылушыларға сол кітаптар түріндегі тегін сыйлықтар беріледі. Көптеген баспа және кітап сауда мекемелері формальды кітап клубтары болмаса да, клубтардың дәстүрлі жұмыс әдістерін белсенді пайдаланады: баспаға арналған кітаптарды кеңінен алдын ала жарнамалау, тұтынушылардың пікірлерін жинау, әртүрлі аукциондар мен теледидар арқылы олардың тапсырыс жүйесін бақылау және т.б.
Франциядағы кітап дүкендерінің саны мен тауар айналымы ұдайы артып келеді. Рас, олардың көпшілігі экономикалық жағынан баспа монополияларына бағынады. 1981 жылы "Ашетт" концерні кітап дүкендерін қайта құру жөніндегі кеңсені ашты. Ол өзінің "тәуелсіз" иелеріне несие бере отырып, олардың кәсіпорындарын заманауи дизайн және процестерді компьютерлендіру жағдайында қайта жабдықтады. Алайда, елдегі әрбір үшінші кітап дүкені - бұл шағын жеке кәсіпорын. Олардың сатылу үлесі жалпы тауар айналымында 5 пайыздан аспайды, бірақ сатып алушының дүкендерге деген сенімі байқалады (тіпті отбасылық дүкен ұғымы да бар).
Діни корпорациялар мен саяси партиялардың кітап дүкендері жақсы ұйымдастырылған, олар дүкендердің қызметін идеологиялық жұмыстың бір бөлігі ретінде қарастыра отырып, олардың ұйымдастыру іс-шараларын қаржыландырып отырады.
Интернет пен интернет-дүкендердің күнделікті өмірге берік енгеніне қарамастан, француздар дүкендерден кітаптарды сатып алуды бұрынғысынша жақсы көреді. Жерар Мерме жылнамасында "Франкоскопи - 2011" (Francoscopie - 2011) жарияланған деректерге сәйкес, 2011 жылы сатылған барлық кітаптардың 44,5% - мамандандырылған кітап дүкендері арқылы, 29% - ірі дүкендердің кітап бөлімдері арқылы және тек 10% - Интернет арқылы сатылды. Соңғы жылдары қалыптасқан әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты кітап шығару ісі секторы бірқатар қосымша қиындықтарға тап болды. 2009-2010 жылдары француз мерзімді баспасөздеріндегі әдеби айдарларында жарияланымдардың аз бөлігі дағдарысқа қарсы күреске арналған болатын. Көптеген сарапшылардың пікірінше, дағдарыс кезінде кітаптың қоғамдағы рөлі одан әрмен арта түсті. 2009 жылдың наурыз айында Фигаро газеті (Le Figaro ) француздардың дағдарыстарға қарамастан кинотеатрларға, кітап дүкендеріне бұрынғысынша баратындығын жазған. Кітап сату көлемін қадағалайтын статистикалық зерттеулер бұл мәлімдемені растайды. 2009 жылдың қазан айында "Фигаро" газетінде Француз баспа ісі әлемдік дағдарысқа қарқынды төтеп беруде деп аталынатын мақала жариялады. Газет баспа ісінің дағдарыстан шығу жағдайын өте жоғары бағалаған. Бұған статистика да дәлел бола алады: 2008 жылы сату тек 0,8% - ға ғана төмендеді. 231 баспаның жалпы сауда айналымы 2008 жылы 8,59 млрд евроны құрады (салыстыру үшін, 2007 жылы - 8,63 млрд).
Франция баспагерлерінің ұлттық синдикатының президенті Серж Эйроле кітаптың француздар үшін құрметтілігін былай деп баяндайды: "Кітап француздар үшін нағыз баспана болып қалады. Тіпті сандық кітап секторының қарқынды дамуына қарамастан, қағаздың маңызы ешқашан жоғалмайды. Интернет француздар үшін дәстүрлі кітапты ығыстыра алмады. Дағдарыс кезінде француз кітапханаларына келушілер де азаймағанын да мақтанышпен айта аламыз. Кітапханалардың Францияда кітап тарату жүйесінде маңызды рөл атқаратынын атап өту керек.
Осылайша, қазіргі заманғы технологиялар мен жаңа медиа адамның өміріне белсенді араласуына қарамастан, кітап француздар үшін ешқашан қызығушылығын жоғалтқан емес. Мұндай пікірді Плон (Plon) баспасының коммерциялық директоры Стефан Биллер де ұстанады, ол сұхбатының бірінде: Францияда мәдени өнімнің өмірлік күші туралы куәландыратын баспа ісінің айқын ерекшелігі бар. Кітап біздің гендерге бұрыннан кірді. Францияда өмір сүру - бұл бала туу, ағаш отырғызу және кітап жазу деген сөз. Кітап мәдени алмасудың маңызды символы болып қалады, - деп атап көрсетеді. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Францияның кітап басу ісі
Тмд елдеріндегі кітап басып шығарудың дәстүрлі әдістері
Германияның баспа саласы
Қазақ баспа ісінің өткені мен бүгіні
Кітап тарату ісі
Жаңа заманда құқықтың дамуы
Франция мемлекеті туралы
Қазақ баспаларының қызметін нарықтық экономика және мемлекеттік реттеу мәселелері
Шет елдер мемлекеті мен құқық тарихы пәнінен дірістер
Қазақстан Республикасындағы қазіргі кітап ісі
Пәндер