Қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлері
Мазмұны
Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 3
1 Ертегі кейіпкерлерінің қалыптасуы мен маңызы ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ..5 1.1 Ертегі кейіпкерлерінің пайда болу тарихы ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... 5 1.2 Ертегі кейіпкерлерінің тәрбиелік ғибраты ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..8
2 Ертегі кейіпкерлеріне сипаттама ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .11 2.1 Қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..11 2.2 Ертегі кейіпкерлерін кейіптеу ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..13 2.3 Ертегі кейіпкерлерінің прототиптері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...16
Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..19
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 21
Кіріспе
Фольклордың қара сөзбен айтылатын, ерекше мол түрінің бірі -- ертегі. Ол халықтың ауызша айтатын көркем әңгімесі.Осы ауызша әңгімелері, ертегілері арқылы еңбекші халық бақыт туралы, еркін өмір, жайлы мекен туралы үміт, армандарын баяндайды. Ертегіде баяндалатын сан алуан қызық уақиғалар шындықтан гөрі, көбіне қиял дүниесі тудырған. Ғажайып хал, қиял әңгімелері, орасан уақиғалы қазақ әңгімелері, салтпен, тарихпен байланысты оқшау әңгімелер -- бәрі де ертегінің түрлері. "Ертегі" деген ат ертеде, ерте күндегі деген сөздерден туған. Кейде "ертек" деп те айтылады. Содан ертегі айтушыны "ертегіші", "ертекші" дейді. Осы аты көп ертегінің басында әдейі айтылып, аумай аталып та отырады. Қазақ ертекшісінің де көптен-көп ертегісін: "ертеде бір бай бопты", "ертеде бір хан бопты", "ертеде бір кемпір мен шал бопты" деп бастайды. Немесе "ертек-ертек ерте екен" деген сияқты көп ертектерге ортақ, ерекше өлеңше бастаумен келеді [1]. Ертегінің поэтикасы мен композициясы көркем әрі жүйелі. Композициясы бірнеше бөлшектен тұрады: бастама - эпикалық баяндау - аяқтау. Бастама, әдетте, өлең немесе ұйқасқан проза түрінде бас кейіпкердің ата-анасы, оның дүниеге келуі туралы айтып, тыңдаушыларды бас кейіпкермен таныстырады. Эпикалық баяндау қаhарманның өсуін, үйлену тарихын, оның бастан кешкендерін әңгімелейді. Аяқтауда кейіпкердің сүйгенін алып немесе ойлағанын іске асырып, мұратына жеткені хабарланады. Бастама мен аяқтау, көбінесе тұрақты тіркес болып келеді. Өзінің ұзақ тарихында ертегі жанры әр дәуірдің, әр қоғамның болмысы мен түсініктерінің, нанымдарының әр түрлі іздерін сақтап қалып, біздің заманымызға жеткізген. Қазақ ертегілерінде хандық заманның шындығы, сол шақтағы әдеттер мен нанымдар, салт-дәстүрлер, тұрмыс кейпі көбірек көрініс тапқан. Ертегілері жанрлық әрі сюжеттік құрамы жағынан әр алуан. Ол іштей бірнеше жанрға бөлінеді: 1) жануарлар туралы ертегілер; 2) қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер; 3) хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер; 4) тұрмыс-салт ертегілері. Зерттеу обьектісі - - ертегі кейіпкерлеріне сипаттама, мінездеме беру процесстері. Зерттеу пәні - ертегі кейіпкерлерінің прототиптері мен оларды бейнелеу түсінігі, ертегі кейіпкерлерінің түрлері және ерекшеліктері. Зерттеудің мақсаты: ертегі кейіпкерлерінің қалыптасу ұғымын толық зерттеу, олардың түрлері мен ерекшеліктерінің мәнін ашып көрсету, ертегі кейіпкерлерінің тәрбие құралы ретіндегі рөлін айқындау. Зерттеудің міндеттері: ертегі кейіпкерлері мен олардың прототиптері ұғымын түсіндіру, ертегі кейіпкерлерінің түрлері мен ерекшеліктеріне талдау жасау, оларға сипаттама беру.
Өзектілігі: Ертегі кейіпкерлері еңбекқорлыққа, шыншыл болуға, туған жерін сүюге, батыр да батыл болуды үйретеді. Кішкентайынан ертегі тыңдап өскен бала ақылды, зерек, терең ойлы, зейінді болып өседі. Ертегі жаңа өскін балауса буынның сана-сезімін оятып, ақыл-есін дамытып, адамгершілікке тәрбиелейді. Зерттеу құрылымы: кіріспеден, негізгі бөлімнен, ол екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Кіріспеде зерттеуге алынған тақырыптың өзектілігі, зерттеу жұмысының обьектісі, пәні және мақсаты мен міндеттері баяндалады. Қорытындыда зерттеу нәтижелері мен тұжырымдары жаслып, зерттелген мәселе бойынша зерттеу перспективасы тұжырымдалады.
1 Ертегі кейіпкерлерінің қалыптасуы мен тәрбиелік мәні
1.1 Ертегі кейіпкерлерінің пайда болу тарихы
Ертегі әлеміндегі кейіпкерлердің пайда болуы мен қалыптасу тарихы өте ұзақ. Кейіпкерлер туралы сөз қозғамас бұрын алдымен ертегілерге тоқталып кетейік. Оның түп-төркіні - алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әр түрлі ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлардың көптеген белгілерін бойына сіңірген. Бұл жанрлардың кейбірі өз бітімін мүлде жоғалтып, толық ертегіге айналған. Солардың бірі - миф жанры. Мифтің ертегіге айналу процесі бірнеше кезеңнен өткен. Миф - алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия әңгімесі мен шежіресі. Оны ол кезде әркімге және әр жерде айта бермеген. Мифте қоршаған ортаның, дүниенің жаратылуы мен аспан әлемі жайында, рудың тотемдік бабасы, атасы мен жасампаз қаhармандар туралы, олардың іс-әрекеттері жөнінде фантастикалық түрде баяндалған. Алайда ол заманда осының бәрі ақиқат деп қабылданған, мифке жұрт кәміл сенген. Бірақ уақыт өтіп, адам санасы мен мүмкіндігі жетілген сайын миф өзгеріске ұшырап, бірте-бірте қасиетті сипатынан айрылған, құпия болудан қалған. Осының нәтижесінде мифке сенушілік те әлсіреген, ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер басқа сипат қабылдаған, тіпті мифті айтушы бара-бара өз жанынан да қосатын болған. Соның салдарынан іс-әрекеттердің де нәтижесі баяғы мифтік сипаттан айырылған. Мифтің себеп-салдарлық белгісі жоғалған. Бірте-бірте мифтің бұрынғы масштабы тарылып, әңгіме жеке бір адамның тағдырын баяндайтын жағдайға келеді. Сөйтіп, миф хикаяға, содан соң ертегіге айналады [2]. Ертегінің тағы бір тамыры - алғашқы рулық қауым адамдарының аңшылық әңгімелері мен хикаялары. Алғашында шын болған оқиғалар негізінде айтылған әңгімелер бірте-бірте ел арасына тараған сайын қоспалармен толықтырылып, хикаяға, одан ертегіге айналып кеткен. Осындай аңшы мергендер жайындағы әңгімелер қазақ ертегілерінің құрамында аз емес. Әрине, олар біздің ертегіде сол ежелгі замандағы күйінде емес, көркем фольклорға айналған формада көрінеді. Алғашқы қауымдағы мифтік ұғымдар туғызған небір ғаламат мақұлықтар (жезтырнақ, жалғыз көзді дәу, албасты, жалмауыз кемпір, т.б.) бұрынғы аңшылар әңгімесіне кірігіп, хикая туғызады. Хикая жанры мифтің өзімен бірге ертегіге де айналады. Оның ертегі құрамында жүретіні де сондықтан. Бірақ мифтің ертегіге айналу жолында хикая мен ертегі қатар өмір сүреді, сол себепті миф, әсіресе, хикая өзінше жеке айтылып, елге жайылады. Жезтырнақ - қазақ фольклорында кездесетін мифтік бейне. Жезтырнақ, әдетте, жағымды кейіпкерге қарсы оның қас дұшпаны ретінде сипатталады. Бірақ ол қаншалықты жауыз, айлакер болса да, халықтан шыққан батырлардан жеңіліп қалып отырады. Қазақ фольклорында жезтырнақ бейнесі Құламерген, Жерден шыққан желім батыр, Аламан мен Жоламан сияқты ертегілерде, Алпамыс батыр эпосында, Ж. Жабаевтың Өтеген батыр дастанында бар [3;125б.]. Дәу - кейбір аңыз, ертегі-жырларда кездесетін мифтік кейіпкер. Адам баспайтын тау-құздарда аң аулап, тау үңгірлерін паналайтын, маңдайында жалғыз көзі бар алып. Кейбір түркі халықтарының (саха, шор, алтай, хақас, т.б.) ұғымы бойынша, Дәу - жер асты әлемінің өкілі. Ежелгі грек ғалымдары Аристей (б.з.б. VII ғ.) мен Геродоттың (б.з.б. V ғ.) айтуларынша, жалғыз көзді алыптар туралы әңгімелерді гректер сақтардан естіген [3;127б.]. Албасты - түркі халықтары фольклорында кездесетін мифологиялық кейіпкер, шайтан, жын, пері, марту секілді жағымсыз күш иесі. Албасты ұғымы қазақтар, түріктер, татарлар, башқұрттар, өзбектер, тывалар, алтайлықтар (албасты), түрікмендер (ал, албассы), қырғыздар (албарсты), ноғайлар мен қарақалпақтар (албаслы), әзербайжандар (хал, халанасы), құмықтар (албаслы қатын), балқар мен қарачайларда (алмасты) бар. Албасты әдетте ұзын жалбыраған шашы бар құбыжық бейнелі әйел кейпінде бейнеленеді. Албасты жануар кейпіне немесе затқа айналып кете алады деген наным-сенім де бар. Түркі халықтарының фольклорында Албастының ортақ типологиялық бейнесі бар дегенімізбен, кейде әр халықтың мифтеріне сәйкес өзгеше бейне, зат, жануар кейпінде қабылдайтын кездері де жоқ емес. Көптеген халықтардың ұғымында, Албасты өзеннің жағасында, көлшіктің маңайында өмір сүріп, шашын тарап отырады. Түркі халықтарының мифологиялық аңыздарында Албасты жаңа туған баланың жүрегін, бауырын ұрлап, суға жетуге ұмтылады. Албасты суға жетіп үлгерсе, оның иесі өледі деген ұғым бар. Албастының жылқы малына көңілі ерекше, түнде оны мініп жүреді, жалын өріп тастайды деген аңыз әңгіме халық арасында көп тараған. Албасты бейнесі бастауын, көне мифтен алады. Албасты түркі халықтарынан басқа, әлем халықтарында, моңғол, тәжік, грузин т.б. халықтардың көне мифтерінде кездеседі. Албасты образының шығу тегі туралы пікірлер әртекті. Дегенмен ортақ пікір де жоқ емес. Ғалымдар негізінен Албасты бейнесі түркі халықтары мифінде пайда болып, басқа халықтарға тараған деген тұжырымға жиірек ойысады. Қазақтар Албастыны көбіне қара ұғымымен де береді. Албасты басқыр, Қара бассын, сені қара басқыр деген тіркестер осыны айғақтайды [3;128б.]. Кісі тектес, бүкіл денесін түк басқан мақұлық (гоминид). Кездейсоқ болмаса кез келген адамға көріне бермейді. Албасты негізінен Терістік Кавказ, Гималай таулары, Орталық Азия далалары және Америка құрлығының таулы, жынысты ормандарынан кездеседі. Албасты көптеген зерттеушілердің назарын өзіне аударған. Тіпті, американ этнографы Р. Пэтерсон Албастыны іздеуге 5 жыл уақытын арнап, 6 жыл дегенде оны кездестіріп, суретін түсіріп алады. Сурет 1965 жылы жарық көрген. Осы жұмбақ мақұлық туралы біраз деректер Б.Ф. Поршнев, М. Дүйсенов еңбектерінде кездеседі. Албасты қос аяқты, тік басып жүреді. Бойы орта есеппен 160-180 см. Бүкіл денесін түк басқан. Шашының ұзындығы иығына түсіп, кейбірінікі жауырынын жауып тұрады. Басының үлкендігі адамға келеді. Мойны жуан әрі қысқа, маңдайы тар. Шөпті, етті талғамай жейді. Көзі көргіш, барынша сақ. Жүргенде жымын білдірмейді. Албастылар қазақ жеріндегі таулы, орманды алқаптарда кездеседі. Қазақтар оны кісі киік деп те атайды. Жалмауыз кемпір - қазақ ертегілеріндегі жағымсыз бейне. Ол кейде жеті басты, қарға тұмсық, аяқ қолының тырнақтары сояудай, адам қанын соратын қорқынышты кейіпкер ретінде бейнеленеді. Жалмауыз кемпірдің бейнесінің тарихи негізі бар. Матриархат дәуірінде руды қария әйелдер басқаратын болған. Жаңа туған балаға ат қою, жетім қалған балаларға қамқорлық жасау, шеттен келген адамды тайпаға қабылдау, тайпаның заңдарын қатал сақтау, жастарды үйлендіру, тағыда сол сияқты заңдар осы аналар әмірімен жасалған. Керек кезінде олар әскерді де басқарған. Осының нәтижесінде қарт анаға табынушылық пайда болған. Ол керемет иесі, қолынан келмейтіні жоқ сиқыршы, рудың жауларын, жын-шайтанды да жеңе алатын күш болып танылған. Патриархаттың тууына байланысты бұл бейне құлдырап бұрынғы маңызын жойды. Оның атқаратын қызметі кейіннен аталық руға ауысты. Ру басы ананың бейнесі мифтік аңыздарда ғана қалды. Бара-бара ол жалпы атпен жағымсыз кейіпкер сипатын алды [3;132б.]. Ертедегі қиял-гажайып ертегілерінің жағымды кейіпкерлері аңшы-мергендер, бақташы-малшылар десек, олардың бәрі еңбек адамы болып суреттеледі. Бұларды халық ертегісі ақыл-айласы, асқан күші бар батыр етіп бейнелейді. Бірақ олардың өздері де, ерлік істері де Батырлар жырының немесс аңыз-ертегілердің адамына ұқсамайды. Олардың жаратылысы да, іс-әрекеті де басқаша, ғажайып жағдайда болады. Ең алдымен, олар жердің үстін ғана мекен етпейді, қиялдан туған дүниені кезіп жүреді, кейде жеті қабат жер астына түсіп кетеді, алып қара құс немесе самұрықпен тоғыз қабат көк үстін аралайды. Олар адамзат білмеген от дариясының ар жағында, болмаса неше түрлі сырлы аралдар ішінде сайран салады. Соның барлығында алуан-алуан ғажайып күйге ұшырайды. Бірақ ол өзінің ақыл-айласы, өнері, ерлік істерімен барлық қиыншылықтарды жеңіп, мақсатына жетіп отырады. Бұл айтылғандардың мысалы ретінде, Ер Төстік, Керқүла атты Кендебай, Күн астындағы Күнікей қыз ертегілерін келтіруге болады. Ертедегі адамдардың дүние тану, еңбек-кәсіп ету, тіршілік жасау жайындағы сезім-түсініктерінен туған қиял-ғажайып және ол қоғамдық экономикалық дамуға, адам ой-санасының өсуіне байланысты өзгеріп, үлғайып отырады, оқиғалары күрделене, нақтылана түседі.
1.2 Ертегі кейіпкерлерінің тәрбиелік ғибраты
Қазақ халық ертегілері - қазақ халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра ретінде беріліп, ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу, толығу үстінде келе жатқан асыл мұра. Ертегілер халқымыздың тарихын, дүниетанымын, тұрмысы мен салтын, әдет-ғұрпын сенімін білдіреді. Бала естігенін айтады, көргенін істейді - деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата-анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Бала бойына адамгершілік қасиеттерді ойын, салт-дәстүр, мақал мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, айтыс өлеңдер арқылы сіңіру ата-ана мен тәрбиешілердің басты міндеті. Демек, жас баланың ойлау, есту, сөйлеу, көру, есте сақтау қабілеттерін дамытуда халық ауыз әдебиетінің үлгілерінің алатын орны ерекше. Солардың ішінде көп тараған үлгілерінің бірі ертегілер. Балаға бесік жыры қандай маңызды болса, ертегі де дәл солай маңызды. Бүлдіршіндер өте әсершіл келеді. Естіген ертегі мазмұнын есте сақтап, әділдікке сену, біреуге жақсылықжасау, көмектесу сияқты қасиеттерге ие. Балаға күнделікті жылы дауыспен айтқан ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, күлдіргі әңгімелер сәбидің жан дүниесіне әсер етіп, ізгі қасиеттерін дамытып, ақыл-ойын жетілдіреді. Қазақ ертегілері өзінің тақырыптары, көтерген мәселелері, мазмұнына байланысты қиял-ғажайып ертегілері, тұрмыс-салт ертегілері, хайуанаттар туралы ертегілер, шыншыл ертегілер болып бөлінеді. Қиял-ғажайып ертегілердің оқиғасы қиялға, фантазияға құрылады, өмірде болмайтын нәрселер туралы баяндалады. Кейіпкерлері қиялдан туған жалмауыз, жезтырнақ, мыстан кемпір, алып дәу және солармен күрескен батырлар болып келеді. Сонымен қатар адамға көмектесетін қанатты тұлпарлар, құстар да қиялдан туған бейнелер. Қиял-ғажайып ертегілері адамдардың арманы мен қиялын танытады, болашаққа деген сенімін білдіреді. Ертегінің қарапайым кейіпкері арманына жету үшін жолында кездескен барлық кедергілерді ақылмен, айласымен, достарының көмегімен жеңіп отырады. Қиял ғажайып ертегілер: Ер Төстік, Керқұла атты Кендебай, Ыста тас, Алтын сақа, Тас болған шаһар [4;87б.]. Ертегіде өмір мұратына жету үшін ең керек нәрсе адам үшін ақылдылық екені айтылса да, сол ақылдылыққа жетудің жолы еңбек деген түсінікті аз сөзбен ғана беріп отырады. Сонда ертегі жасаушының басты мақсаты - өмір мұратына жеткізетін ақылдылықты толық дәлелді көрсете білу ме, әлде өмірдің мәні сайып келгенде, еңбекпен ғана байланысты екенін ұғындыру ма, деген сұрақ туындайды. Қазіргі қазақ ертегілерінің ішкі мазмұнына қарай отырып, бұл сұраққа, менің ойымша екі түрлі жауап беруге болады. Біріншіден ертегіні жасаушы - халық даналығы өмір мұратына жетудің басты жолы ақылдылық екенін бірінші кезекте, сол ақылдылықтың өзін еңбекпен байланысты екенін қысқа болса да ертегіде дәлелді міндетті түрде берілуі, ертегінің сол кездегі өмір жағдайын толық көрсете білуі. Екіншіден, ертегіде өмір мұратына жетудегі еңбектің мәнінің жеткілікті, толық көрінбеуі, керісінше, ақылдылыққа үлкен орын берілуі, ертегі жасаушының өзі, бұл мәселеге толық жауап беруге әзір емес сияқты. Халықтың аңыздан - аңызға тараған ертегі, аңыз әңгімелерінің барлығында ақылдылық пен ақымақтық, әділеттілік пен әділетсіздік қатар бейнеленеді. Арамдық пен жауыздық апатқа ұшырап, жеңіліп, жақсылықтың үнемі жеңіске жетуі халықтың бақытты бейбіт өмір аңсағанын көрсетеді. Ертегіні оқыту барысында қандай қиыншылық болса да, қарсы тұра білу, еңбекті қадірлеу, биік адамгершілік қасиеттер дәріптеледі. Кейіпкерлерге қарапайым мінездеме беруге үйретуде ертегілердің берер пайдасы мол. Ертегі кейіпкерлеріне берілетін мінездеме әдетте айқын белгілерді көрсететін, анық, түсінікті болып келеді. Қара сөзбен жазылған ертегілер мәтінге жақын үлгімен жазылады, мазмұндалады. Кейде ертегіні оқымай-ақ, мұғалім оның мазмұнын қызықты етіп айтып береді. Егер әртістердің орындауында фонохрестоматияны пайдаланса тіпті жақсы. Ертегі балаларды жоспар жасауға үйрету үшін өте қолайлы. Адамгершілік тәрбиесі - тәрбиенің ең күрделі саласы. Адамгершілік ережелерін жасөспірімдердің мінез-құлық дағдысына айналдыру, олардың рухани және дене күші қабілеттерін барлық жағынан жетілдіріп дамыту құрылыстың ең басты талабы болып саналады. Адамға қамқорлықпен қарау, өзіне де өзгеге де жоғары талап қоя білу, қоғам мен ұжым алдындағы жауапкершілікті терең түсіну сияқты сезімдер адамгершілік тәрбиесі арқылы қалыптасады. Қоғамда адамгершілік тәрбиесі оқушының бойына берік моральдық сезім мен өнегелі мінез дағдыларын қалыптастыруды көздейді, бастауыш сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеуде қазақ халық ертегілерінің алатын орны ерекше. Олар миллиондаған адамдарды жігерлендіріп, қуанышқа бөлейтін қайнар-бұлақ болып қызмет етуге, сол адамдардың еркін, сезімі мен ой-пікірін білдіруге, олардың идеялық жағынан баюына және адамгершілік тәрбие алуына қызмет етуге тиіс. Қазақ халық ертегілері өзінің эмоциясының әсері арқылы балаларда адамгершілік сезімдердің қалыптасуына көмектеседі. Адамгершілік сезім адамгершілік іс-әрекеттің басты көзі. Сондықтан адамгершілік тәрбиесіне А.С. Макаренко ерекше мән берген. Жастарды нағыз мінез-құлыққа тәрбиелеу дегеніміз - олардың адамгершілік сезімін тәрбиелеу деп атап көрсеткен болатын. Қазақ халық ертегілері бастауыш сынып оқушыларына өмір сырларын образ арқылы танытып, олардың адамгершілік түсінігін қалыптасуына, баланың бойына жоғары адамгершілік сапаларының берік қалыптасуына ықпал етеді [5;8б.]. Дүниедегі адамның жеке басынан күрделі де бай ештеңе жоқ. Оны жан-жақты дамыту адамгершілік жағынан жетілдіру - тәрбиенің мақсаты. Бұл мақсатқа жету жолы да адамның өзі сияқты күрделі. Адамгершілік тәрбиесінің бағдарламасы дегеніміз - бейнелеп айтқанда, адам болып шыға алатын тіршілік иесін қалыптастырып, жасап шығаратын жоба. Бұл адам жүрегінде ізгілік жасау программасы.
Тәрбие бағдарламасын жасағанда, оны жүзеге асыру үстінде де бүкіл адамгершілік қасиет - дүниетаным мен сенім. Тәрбие жұмыстары бала жүрегіне қоғамымыздың рухани байлықтарының қазынасы адамгершіліктің, үлгі-өнегені қайнар көзі, жарық жұлдыздары болып табылатын адамгершілік мұратын ашып көрсету керек. Қазіргі тәрбие жұмысының өмірдің өзі алға қойып отырған өте маңызды мәселесі - адамгершілік пен білімнің, рухани мәдениет пен білімділіктің өзара байланысының проблемасы. Қазақ халық ертегілері туралы теориялық білімді меңгере отырып, оқушы адамгершілік жағынан тәрбиеленеді. Егер тәрбиелеу мәселесі осылайша оп-оңай шешілетін болса, оның шешілуі сабақтарда алынатын білімнің мазмұны мен көмегіне байланысты болса, қазіргі адамның, әсіресе балалардың адамгершілігі және саяси идеяларға толы екені соншалық, бұл идеяларды сенімге, жеке адамның рухани игілігіне айналдыру адамгершілік тәрбие міндеттерін шеше алады деседі. Адамгершілік тәрбие беруге басшылық ету мектеп өмірінде әрбір тәрбиеленушінің әлдекімге қамқорлық жасап, әлдекім үшін күйіп-пісіп, мазасыздануынан, әлдекімге өз жүрегін арнауынан көрінетін бір қарағанда байқала бермейтін моральдық күш жасау деген сөз. Осы арада біз адамгершілік тәрбиенің мынадай бір қағидасына келеміз: адамды тәрбиелейтін орта жасалып, үнемі байытылып отырғандықтан ғана алдын ала ықпал жасау құралдары тиімді болады. Оқушылардың адамгершілік тәрбиесін орта мектепте оқып үйренген кезде, олардың адамгершілікке сенімі қалыптаса түсуі керек. Адамгершіліктің күрделі ұғымы мен санаты бүкіл қоғамдық тарихи тәжірибені қайта өңдеуден және жете түсінуден шығуы ықтимал және ол жеке тәжірибеден алынған сияқты мораль туралы ғылымды игеру нәтижесі болып табылады. Қазақ халық ертегілері - тәрбиенің айнымас көмекші құралы, олар бізге түсінікті тілде өмір туралы, қиын жағдайлардан шығу жолдарын көрсетеді. Ертегілер өмір бойғы тәртібімізді, қарым-қатынасымызды қалыптастырады, шыдамдылыққа, қайсарлыққа, болашаққа міндеттер қойып, соған жетуге үйретеді.
2 Ертегі кейіпкерлеріне сипаттама
2.1 Қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлері
Ертегілерге үлкен мән беріп зерттеген Максим Горький Ертегі деген нәрсе маған басқа бір өмірдің сәулесін ашқандай, сондай жақсы өмірді ойлаған, сол үшін қорықпай, еркін күресетін бір күш барлығын көрсеткендей болды, - дейді [6;92б.]. Бірақ, М. Горький әрі қарай бір күштің не екенін түсіндірмейді. Біздің түсінігімізше, бала ертегіні тыңдай отырып, өмірді түрлендіре алатын күш адаммен ғана байланысты, адамның өзінде екенін сезе алады. Адам ғана құдіретті күштің иесі. Сонымен қатар қазақ ертегілерінің адамды тәрбиелеуге қатысты ерекшеліктерін, соның ішінде, өмір мұратын, оған жетудің жолдарын көрсететін жақтарын алып қарастырайық. Ертегінің құрылымын, негізгі мазмұнының бағытын қарайтын болсақ, оның басты мақсатының өзі өмір мұратына жетудің жолдарын, ол үшін қажет адамдық сапаларды көрсету екені айқын көруге болады. Ең алдымен өмір мұратына жетуге қазақтың даналықта бірінші кезекте келетін, ең басты сапа ақылдылық. Ақылдылық ертегілерде адамдық қасиетте ең жоғары идеялық дәрежеге дейін көрінеді. Аяз би ертегісінде ақылдылықтың басты көрінісі - тапқырлық болып келеді. Ертегідегі Жаман өзінің тапқырлығының арқасында хан қызына үйленеді, хан болады. Ханның қызы Жаманға жеңгесінен гауһар тас, пышақ, тәрелке және қайрақ тас беріп жібереді. Жаман балға мен төсті алған соң, қайрақты төске қойып, балғамен ортасынан бөліп, тәрелкені уатып, пышақты жетесінен сындырып, гауһар тасты қақ жарып қызға беріп жібереді. Мұндағы хан қызының сыры: Қайрақтай болып үгітілгенше, тәрелкедей болып уатылғанша, пышақтай болып басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі мына гауһар тастай қақа жарып мені алады, - дегені еді, сол сыры пышақтай болып басым кесілгенше айтпасын! - деп пышақты сындырып, қайрақтай үгілгенше - деп қайрақты уатып, тәрелкедей уатылғанша - деп тәрелкені қиратып, сыр шашпаймын, гауһар тастай қақ жарып сені аламын, - деп гауһар тасты қақ бөліп, уәде беріп едім деп Жаман жауап береді. Ертегілер өз кейіпкерлерін өмір мұратына, адам бақытының ең биік шыңына жетумен аяқталады. Ертегі балалардың ой-өрісін дамытып, тіл байлығын арттырады. Қазақ ертегілеріндегі ақылдылықтың тағы бір көрінісі - көрегендік алдын ала болжай білу. Мысалы, Ер Төстік ертегісі көп ертегілермен салыстырғанда, мазмұны, сюжеті, сөйлем құрылысы, тілі жағынан ерте заманда шыққан ертегі екендігін аңғартады. Ертегіден қазақ халқының ескі мал шаруашылық өмірін және олардың дүниетану көзқарасын көреміз. Ертегінің оқиға желісін алсақ, табиғаттың асау күштерімен алысып, малды аман сақтап қалу жолында, елінен, жерінен адасып кеткен ағаларын іздеп тапқан Ер Төстіктің ерлігін суреттесе, екінші жағынан, әр түрлі дию, пірілерімен күресі баян етіледі.
Ер Төстік ертегісінде жалпы ертегілердің қаһармандарына тән іс-әрекеттер толық сақталады. Ер Төстіктің өзі - асқан күш иесі емес, жүректі жігіт. Ертегінің алға қойған негізгі мақсаты - табиғаттың сыры мәлімсіз күштерін жеңу. Адамға зиян ойлайтын Бектөре, Темірхан, Шойынқұлақ тәрізді жауыздың иелерінен үстем шығып, оларды қалай да өздеріне бағындыру болғандықтан, Ер Төстікке көмекші әр түрлі жолдастар, серіктер береді. Әр түрлі жауыздықтардың ұясы болған адам баласына қастық қана ойлайтын кейіпкерлер Бектөре, Шойынқұлақ, Темірхан, пері, жын, дию, мыстан кемпірлер қаншама күшті, айлакер болса да, Ер Төстіктен жеңіледі. Халық жақсылықты алдан күтеді, болашаққа сенеді [7;102б.]. Ер Төстікте кездесетін ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер басқа ертегілердеде бар. Кейде олардың іс-амалдары, айла-тәсілдері де өзара бір-біріне жақын. Ертегілердің бірыңғай жауыздық өкілі ретінде жиі кездесетін ұнамсыз кейіпкерлер - мыстан кемпір. Ол қай ертегіде болсын қастық істейді және жер жүзі халықтары ертегілеріне тән зұлымдық бейнесі. Ер Төстік әңгімесінің оқиғасы да басқа ертегілер тәрізді, тыңдаушыларға ауызша айтып беруге лайықты құрылған. Оқиғаның алғашқы басталуы шындық өмірде бола беретін құбылыстарша басталады. Алдағы қыстың қатаң болатындығын ерте сезген ел жылқысын алыс отарға қыстауға айдатуы, Ерназар балаларының көп жылдар келмеуі, шал-кемпірдің ашығуы- бәрі де шындық оқиғаларға ұқсайды. Бірақ мұның бәрі келешек негізгі оқиғаның кіріспесі - экспозициясы. Сюжет жүйесіндегі алғашқы байланыс - Шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігі. Ер боп туған ұлдың есімі, ертегінің аты, әңгімеде кездесетін шындық және ғажайып оқиғалардың бір тамыры сол кер биенің төстігінде жатыр. Ертегі желісіндегі екінші байланыс - Ерназардың Сөрқұдыққа қонуы, жанынан қорқып, жалмауыз кемпірге садағының ұшын шығаратын Ер Төстіктің егеуін қалдырып кетуі. Осыдан әрі қарай оқиға шиеленісе түседі. Егер біз осыған дейінгі оқиғалар Ер Төстіктің ағаларын іздеп жатуы, айдауға жүрмеген көп жылқының күрең биенің ертуі. Ерназардың тоғыз баласына қыз іздеу, үйлендіруі бәрі де халықтың өміріне шындық өміріне жанасса, Ер Төстіктің жер астына түсуінен қиял-ғажайып оқиғалар басталады [7;104б.]. Жылан патшасы бапы Ер Төстікпен достасып, оны жер астының патшасы Темірханға жұмсайды. Ертегі оқиғасы қиындай, шеленсе түседі. Темірханға беттеген сапарында: Шаңжұқпас, Саққұлақ, Таусағар, Көлтауысар, Қиян-қырағы тәрізді жақсылық иелері болмаса, Ер Төстіктің не болары белгісіз еді. Қиын жағдайда көмектесу үшін және зұлымдық өкілдерін Ер Төстіктің жеңіп шығуы үшін енгізілген бұл эпизодтық қаһармандар, бір жағынан, ертегіге қиял-ғажайыптың сипат берсе, екінші жағынан, Темірхан мен Кендеханды қалай жеңгеніне дәлелдеме болып отыр. Ертегідегі оқиғаның шарықтау шегі - Ер Төстіктің ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz