Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің ғылыми негіздері



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   
Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті
Филология факультеті
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің ғылыми негіздері

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

5В011700 Қазақ тілі мен әдебиеті

Қостанай 2018

МАЗМҰНЫ

Кіріспе 6
1 Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудегі зерттеулер мен тұжырымдар 8
1.1 Қазақ әдебиеті тарихының зерттелу үрдісі мен өзекті мәселелері 8
1.2 Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетін кезеңдерге бөлудегі ұстанымдары 18
1.3 Қазақтың төл жазба әдебиетінің бастаулары 24

2 Қазақ әдебиеті тарихының даму үдерісіндегі көркемдік ізденістер 43
2.1 Жазба әдебиеттің қалыптасуы: көркемдік үрдістегі бағыттар мен көркемдік әдістер 43
2.2 Әдебиеттің даму үдерісіндегі дәстүр мен жаңашылдық 49
2.3 Қоғамның рухани - мәдени болмысының әдебиет тарихындағы
көрінісі 60

Қорытынды 68

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 70

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиеттану ғылымында осы мәселе төңірегінде біршама зерттеу жұмыстары жүргізілді, бірнеше диссертациялық еңбектер қорғалды. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеудің жаңаша концепциясын ұсынған Б.Кенжебаев қазақ әдебиеттану ғылымының даму бағытын мүлде жаңа арнаға бұрды. Кеңестік тоталитарлық заманда қазақ әдебиетінің негізі Орхон, Енисей ескерткіштерінде жатыр, түркі әдебиетінің тамыры одан да тереңге тартады деуі - ғалымның батылдығын, ғылыми принциптерге беріктігін, әділдіктің сара жолынан таймағандығын көрсетеді. Қазақ әдебиеттану ғылымына үлкен жаңалық әкелген профессор Б.Кенжебаев Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Р.Нұрғали, Н.Келімбетов, Қ.Өмірәлиев, А.Қыраубаева сынды талантты шәкірттер тәрбиеледі. Олар жабық күйі зерттелмей келген қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелерін жан-жақты қарастырып, халықтың рухани өміріне үлкен сілкініс әкелді.
Тәуелсіздігіміздің ширек ғасыры ішінде еліміз әлеуметтік-экономикалық жағымен қатар, ұлттық көркем жазба әдебиеті дамып, рухани жаңғырып отыр. Соңғы жылдары қазақ қоғамында үлкен тарихи кеңістік жасалынды. Ширек ғасырдың ішінде қазақ өмірінде ғасырға татырлық өзгерістер болды. Қоғам сапалы биікке көтерілді, сана жаңғырды, жаңаша дүниетаным қалыптасты.
Ұлт-азаттық бағыттағы ірі әдебиет өкілдерінің шығармашылығы өз кезеңіндегі ақын-жазушылардың баршасына дерлік ықпал жасады. Ал, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сияқты көркем сөз алыптарының көркемдік ізденістері ерекше советшілдігімен танылған ақын-жазушылардың жазғандарынан да байқалып қалып жатты. Демек, Алаш әдебиеті өзіндік айрықша идеялық бағдары, айқын көркемдік қырлары қалыптасқан өміршең әдеби-көркем құбылыс болды. Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеуде Алаш әдебиетінің орны мен маңызын естен шығармауымыз қажет. Бүгінгі таңда Алаш әдебиеті өкілдерінің шығармашылық өмірбаянын жекелей қарастырып жүрсек, ендігі жерде Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Тұрсынбек Кәкішұлының, Серік Қирабаевтың, Өмірхан Әбдімановтың, Дихан Қамзабекұлының осы бағыттағы іргелі зерттеулерінің тәжірибелеріне сүйене отырып, оларды толықтыру арнасында ғылыми ізденістер жүргізу қажет деп ойлаймыз. Сондықтан жазба әдебиеттің бастауларын анықтап оның әдеби-тарихи үдеріске ықпалын пайымдау, қазақ әдебиетінің дамуын дәуірлегенде оларды тақырыптық, жанрлық, көркемдік-тілдік тұрғыдан ғана емес, көркемдік бағыт, көркемдік әдіс категориясы, әдеби үдерістің дамуындағы дәстүр мен жаңашылдық жағынан саралау тақырыптың өзектілігін танытады.
Дипломдық жұмыстың мақсат-міндеттері: мақсат - қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудегі ғылыми тәжірибелерді саралай отырып, бұл мәселе жөнінде ой қозғау, тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұлттық әдебиеттанудағы әдебиет тарихын дәуірлеу туралы жаңаша көзқарастарды, тұжырымдарды, ғылыми тәжірибелерді саралап, тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық әдебиеттануымыздың бағытын, көркемдік көкжиегін бағамдау. Осы мақсаттан мынандай міндеттер туды:
әдебиет тарихын дәуірлеу туралы ғылыми тәжірибелерді саралау;
қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасу үрдісіндегі көркемдік бағыттар мен әдістерді жүйелеу;
қазақтың төл жазба әдебиетінің бастаулары туралы мәліметтерді саралау;
жазба әдебиетінің жалпы әдеби-тарихи үдеріске ықпалдарын анықтау;
әдебиет тарихын дәуірлеу барысында әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықтың өзара байланысы мен ерекшеліктерін айқындау;
қоғам келбеті, қоғамдық ой, қоғамдық сананың көркем әдебиетке тигізер әсерін анықтап, оның әдебиеттің дамуына ықпалын байыптау.
Дипломдық жұмыстың нысаны. Жұмыстың нысаны етіліп М.Әуезов, А.Байтұрсынов, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин, М.Жолдасбеков, Д.Ысқақов, Қ.Мәдібаева, Б.Омаров, А.Шәріп сияқты әдебиет зерттеушілерінің қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуге қатысты еңбектері мен әр дәуірдің бағыты мен көркемдік әдісін танытатын ақын-жазушылар шығармалары алынды.
Дипломдық жұмыстың ғылымилығы. Әдебиет тарихын дәуірлеуге қатысты ғылыми еңбектер мен тәжірибелер жүйелі сараланып, бағыттар мен көркемдік әдістердің, дәстүр мен жаңашылдықтың әдебиеттің даму үдерісіне ықпалы жекелеген ақын-жазушылар шығармашылығы арқылы зерделенді;
қазақ әдебиеттану ғылымы бүгінгі кезең талабында қарастырылып жекелеген ақын-жазушылар мұрасы мен шығармашылық қырларының зерттелуіндегі тұжырымдар сараланды;
қазақ әдебиеті көркемдік дамуының әдеби-теориялық мәселелерін талдаудағы ізденістер сараланып, әдебиет теориясының өзекті тақырыптарын арқау етіп алған зерттеулер талданып қарастырылды.
Зерттеу әдістері: Жұмысты жазу барысында дәстүрлі ғылыми талдау мен жинақтау, тарихи-салыстырмалы, кешенді талдау қолданылды.
Дипломдық жұмыстың теориялық-практикалық маңызы.
Жұмыста ұсынылған тұжырымдарды, қорытындыларды қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиет теориясы курстарын меңгертуде, мектепте әдебиет пәнін тереңдетіп оқытуда, факультатив сабақтарда қолдануға болады.
Дипломдық жұмыстың құрылымы: кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудегі зерттеулер мен тұжырымдар

1.1 Қазақ әдебиеті тарихының зерттелу үрдісі мен өзекті мәселелері
Қазақ әдебиеттану ғылымында, біздің білуімізше, қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің бірнеше үлгісі бар. Жазылған уақыты жағынан алғанда дәуірлеудің тұңғыш үлгісін - Райымжан Мәрсековтің 1915 жылы Қазақ газетінде жарық көрген Қазақ әдебиеті жайынан мақаласынан көреміз. Мақала авторы: Біздің қазақ әдебиетінің осы кезге шейінгісін үш дәуірге бөлуге болады: бірінші дәуірі - ескі замандағы қазақ арасына жазу таралмай тұрғандағы кез - дейді де, әдебиеттің екінші дәурін ел арасына жазудың келуімен, исламдық, шығыстық кітаптардың таралуымен байланыстырады. Ал, үшінші дәуір жөнінде: Абай марқұмнан бері қарай қазақ әдебиетінің үшінші дәуірі басталды [1] - деген қорытынды жасайды. Әрине, Р.Мәрсековтің әдебиетті дәуірлеуі тұңғыш тәжірибе, алғашқы амал болған себепті мұнда шарттылық көп. Дегенмен, әдеби-ғылыми дерек ретінде оның дәуірлеу үлгісін жадымызда ұстауға тиіспіз.
Әдебиет тарихын дәуірлеудің келесі бір варианты Ахмет Байтұрсыновтың Әдебиет танытқышынан байқалады. Еңбектің Жазу әдебиет бөлімінде: Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған. Қазақ ішінде олар көп тұрып, қазақтың тілін, мінезін жақсы білген. Қазақтың өлеңді, сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған [2,45б.]-деп жазба әдебиеттің алғашқы дәуірі дінмен байланыстырылса, екінші дәуір жөнінде: Сындар дәуір деп қазақ әдебиетінің сында болған, яғни сын арқылы шығып, әдеміленген мағыналы сөз, бір мағынасы сыны бар деген болады да, екінші мағынасы мінсіз, толғаулы, сипатты деген болады. Бұл сөздің екі мағынасының екеуі де қазақ әдебиетінің соңғы кездегі жаңа дәуірін сипаттайды [2,45б.] - дейді. Бұдан көретініміз - А.Байтұрсынов әдебиетті діндар дәуір және сындар дәуір (бұл дәуірді ділмар дәуір деп те атайды) деп екіге бөлетіндігі. Әдебиет танытқыш - әдебиет тарихына емес, әдебиет теориясына арналған еңбек екені белгілі. Сондықтан да А.Байтұрсынов үшін әдебиетті дәуірлеу басты мақсат болмаған сияқты. Ол дәуірдің қалыптасу, туу, даму ерекшеліктерін не болмаса олардың сипатын таратып айтпайды. Ғалым үшін маңыздысы - сол дәуірлердің шегінде туған әдеби жанрларды байқату. Әдебиет тарихының болашақтағы дәуірлеушілері үшін әрбір әдеби дәуірдің жанрлық жүйесін көрсетудегі А.Байтұрсынов үлгісі өнеге болуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі, әдебиет тарихы көркем формалардың да өзгеру, қалыптасу, алмасу тарихы екендігі күмәнсіз.
Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуде Мұхтар Әуезов зерттеулерінің орны алабөтен. Жалпы, қазақ әдебиеті тарихының алғашқы зерттеушілерінің қатарынан орын алатын М.Әуезовтің ғылыми еңбектері дәуірлеу мәселесінде де алғашқылардың бірі. Оның бұл мәселеге қатысты зерттеулері өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басынан басталады. Зар заман ақындары, Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі, 1933 жылы жарық көрген оқулықтағы: Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлану дәуірінің әдебиеті және Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті (1870 жылдар мен 1905 жылдар арасы) мақалалары, 1927 жылғы Әдебиет тарихы кітабы және 1959 жылғы белгілі конференциядағы қорытынды сөзі - әдебиет тарихын дәуірлеуге тікелей қатысты ғылыми еңбектер. Осылардың ішінде М.Әуезовтың 1933 жылғы оқулыққа енген екі зерттеу мақаласының ғылыми тұжырымдары әдебиет тарихынан еңбек жазушылар тарапынан ескеріле бермейді. Бірақ, XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы әдеби процесті саралауда бұл еңбектердің маңызы ерекше. Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлану дәуірінің әдебиеті мақаласында автор: Шығарушысы белгілі, уақыты сақталған, байланысты уақиғасы белгілі әдебиет жұрнақтарын біз XVIIІ ғасырдың аяғынан бастап қана көре бастаймыз. Бұлай болуының себебі сол мезгілден бастап қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік өміріне мәдениеті жоғары, жазба әдебиеті бар Ресейдің отаршыл патша үкіметі арласа бастады. Қазақ халқының XVIIІ ғасырдың аяғындағы, XIX ғасырдың ұзын бойындағы әдебиеті негізінде бір жағынан осы патша үкіметінің отарлау саясатына қарсылық тартысын суреттейді - дейді. Осы пікірден М.Әуезовтің әдебиет тарихын XVIIІ ғасырдан бастауға бейім екендігін және соны қолдайтынын аңғаруға болады. Оны Ғалымның 1959 жылғы әдеби мұраға байланысты өткізілген конференциядағы кейбір ойларынан да аңғару қиын емес. Бұл жерде біз үшін басты мәселе - М.Әуезовтің әдебиет тарихын қай кезеңнен бастауында болып тұрған жоқ. Қажеттісі - оның әдеби дәуірлерді қалайша жіктегенінде. М.Әуезовтің еңбектерінен ғалымның әдебиеттің үш дәуірін айрықша бөліп қарастырғанын байқаймыз. Олар: 1. XIX ғасырдың жетпісінші жылдарына дейінгі әдебиет, өзінің айтуы бойынша Отарлану дәуірінің әдебиеті; 2. 1870-1905 жылдар аралығындағы әдебиет (Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті); 3. Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі.
М.Әуезов отаршылдық дәуірдегі әдебиеттің бірқатар белгілерін тарихи-әлеуметтік жағдайлармен байланысты түсіндіре келе, Кенесары, Исатай-Махамбет бастаған көтерілістерге байланысты туған әдебиетке тоқталады. Қазақ әдебиетінің келесі дәуіріне келгенде автор қазақ жеріне капиталистік қарым-қатынастардың енуін жан-жақты сипаттап, Ыбырай Алтынсарин, Абай, Әбубәкір Кердері, Шәңгерей, Мәшһүр Жүсіп есімдерін атап, олардың ағартушылық-діни еңбектерін алға тартады. Бұл мақаласында отаршылдыққа қарсылықты туған әдебиет, айтыс ақындары, сал-серілер поэзиясы жөнінде, олар сол кездегі әдебиетте айрықша көрінгенімен, ешнәрсе айта қоймайды. Бұлар жөнінде ол осы еңбегінің алдында бірнеше жыл бұрын жазылған Зар заман ақындары мақаласында толымды пікірлерін жеткізгендіктен және кеңес саясатының беті 1930 жылдардан бастап сұстана түскен тұста саналы түрде ол тақырыпқа соқпай кеткен деп топшылаймыз. Бірақ, Ы.Алтынсарин мен Абай жөнінде айта келіп, біз қазіргі кезде себебін анықтауға құлықсыз болып жүрген немесе аталған екі ақынды, оған қоса Шоқан Уәлихановты отаршылдыққа қарсы болды деген ыңғайдағы пікірлеріміздің дәлелсіз екенін айқындайтын мынадай объективті тұжырым жасайды: Бірақ бұлардың тобы саяси-әлеуметтік құрылыста патша үкіметінен қысым көрмейді. Қайта содан сыбаға алып, соның өзіне қоңсы қонған тап. Сондықтан ол тап ақындары төңкерісшіл қарсылық тақырыбы мен төңкерісшіл сарын сияқтының ешбіріне де жоламайды. Қазақ өлкесінің олар кезінде отар боп жатуы да бұлардың сана-сезіміне әсер етпегендей болады. М.Әуезовтің әдебиет тарихының білгір тамыршысы екендігі келесі әдеби дәуірдің өкілдерін сипаттап беруінен де айқын аңғарылады: Бесінші жыл төңкерісінің артынан шыққан жаңа үлгідегі ақын-жазушы бұлар тобынан шықпайды. Оларды майданға әкеп шығарған қоғамдық, шаруашылық, саяси күйлердің басқаша боп жаңғырып өзгеруі. Сондықтан олардың өздері де қыр үлгісіндегі қазақ емес, оқыған, еуропаланған қызмет иесі боп жүрген қала туындысы болады. Олардың байшыл-ұлтшыл оқығандар боп қалыптануларында таптық досы,тұстасы да сол қала туындысы, қала ықпалындағы жергілікті буржуалар болады. Ал енді М.Әуезов айқындаған үшінші дәуірге келсек, автор оны Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі деп атаған. Абайдан соңғы дәуірді автор Қазақ газетінде көтерілген ұлтшылдық сарындармен байланыстырады. Бірақ артынша бұл дәуірдің әдеби-көркем сипатына келгенде ол аса білгірлікпен былай деп жазады: Ол жаңалық - жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан реализм сарыны көбінесе құрғақ ой, жағадай сөз күйі осы күнде ішкі терең сезім, нәзік сыр күйіне айналып келеді...Қазақ әдебиетінің бұл дәуірі буыны бекіп, қатарға кірерлік әдебиет болғандығын көрсететін сыршылдық - романтизм дәуірі болады. М.Әуезов атап отырған сыршылдық романтизм әдебиеті сол тұстағы Шәңгерей Бөкееев, Нарманбет Орманбетұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев шығармаларынан көрініс тауып жатты.
Халел Досмұхамедовтің Қазақ халық әдебиетінде (1928, орыс тілінде) ауыз әдебиетінің табиғаты, жазба әдебиеттен ерекшелігі, халық өмірімен байланыстылығы кеңінен әңгімеленді. Халық әдебиетінің қайсы бір үлгі нұсқасының із-түзсіз жойылып кетуі мәдениетіміз үшін орын толмас өкініш болмақ деп білген Халел қазақ ауыз әдебиетінің 46 түрін көрсетеді. Тәуелсіздік алғанға дейін фольклористика ғылымында қазақ ауыз әдебиетінің он шақты-ақ түрі ғылыми айналымда болып келгенін ескерер болсақ, Х.Досмұхамедов зерттеуінің мәні мен маңызы толығырақ түсініледі. Халелдің Махамбет, Мұрат, Шортанбай туралы зерттеулері кейіннен қазақ әдебиетінің тарихын жасау кездерінде кірпіш болып, қаланды десе де болғандай.
Қазақ әдебиетінің өткен кездердегі тарихын зерттеу істерінде С.Сейфуллин айтарлықтай еңбек сіңірді. Ол жиырмасыншы жылдардың соңына қарай баспасөз бетінде ауыз әдебиетін, әдеби мұраны жинауға үндеген бірнеше хат-мақала жазды. Нәтижесінде Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары (1931), Қазақ әдебиеті (1932) өмірге келді. Профессор Т.Кәкішевтің дәлелдеуі бойынша, С.Сейфуллин қазақ әдебиетінің тарихына арнап бірнеше кітап жазуды жоспарлаған. Бізге жеткені соның екеуі ғана.
Сәкен қазақ әдебиетінің төңкеріске дейінгі дәуірін сол кездің саяси-әлеуметтік жағдайына орай, үлкен екі кезеңге бөледі: 1). билер дәуірі, 2). орыс патшасына бағынған дәуір. 1932 жылы жарық көрген Қазақ әдебиетінде осының алғашқы кезеңі билер дәуірінің әдебиеті ғана қамтылған. Мұнда негізінен қазақтың ауыз әдебиеті түрлерге, жанрларға жіктеліп, қарастырылған. Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары хрестоматиясына Бұхар, Балқы Базар, Шортанбай, Досқожа, Сүйінбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Жанақ, Түбек, Орынбай, Сералы, Тоғжан, Құлмамбет, Жамбыл, Майкөт секілді ақындардың өлең, айтыстары енген. Бұлардың біразы баспа бетін алғаш рет көрсе, ал енді кейбіреулері күні кешегі тәуелсіздік алғанға дейін жабық болып келді. Сөйтіп Сәкен Сейфуллиннің Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары, Қазақ әдебиеті атты еңбектері ұлттық әдебиеттің тарихына тұңғыш рет хронологиялық, хрестоматиялық жүйемен желі болып тартылып, қазығы болып қағылды.
ХХ ғасырдың бірінші жарымындағы қазақ әдебиетінің аса ірі өкілі, социалистік реализм әдебиетінің ту ұстаушыларының бірі С.Мұқанов қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу істеріне аса қомақты үлес қосты. Жазушының әдебиет тарихына қатысты зерттеулерін іштей жіктесек, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті болып келеді. Сәбит қазақ әдебиетінің тарихын ХҮІІІ ғасырдан бастап зерттеген. Оның себебін осыған дейінгі ақындардың аттары жөнді сақталмағандығымен, белгілі дәуірде жасаған ақын бар, ол ақынның белгілі шығармасы бар ғасыр қазақ әдебиетінің тарихында ХҮІІІ ғасыр болғандығымен түсіндіреді. Сонан соң бұл дәуірдің әдебиетін қазақ халқының тәуелсіздігін қорғау жолындағы күресін сипаттайтын әдебиет деп анықтаған.
С.Мұқановтың ХҮІІІ -ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті туралы көлемді зерттеуі алдымен, Халық мұғалімі (1941, №6-12) журналында жарияланды. Автор осы кездің әдебиетін 1) ұлт бостандығы үшін күресудің әдебиетке әсері, 2) Зар заман әдебиеті, 3) ақын және айтыстар, 4) шығыс әдебиетінің әсері, 5) просветительдік әдебиет деп, жіктеп қарастыруды жоспарлаған. Кейін кітап болып шыққанда, біраз өзгерістер байқалады. Алдымен, кітап Қазақтың ХҮІІІ -ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер (1942) аталған. Бірінші тарау Бостандық күресі, екіншісі Зар заман, үшіншісі Айтыс туралы болып өзгеріп, бастапқыда жоспарланған Шығыс әдебиетінің әсері, Просветительдік әдебиет тараулары кітапта жоқ.
Кітаптың Бостандық күресі тарауында Бұхар жыраудың, Сырым Датұлының, Махамбет Өтемісұлының өлеңдеріне, Жанқожа батыр, Кенесары-Наурызбай туралы жырларға, Бекет батыр дастанына тоқталған. Автор зар заман әдебиетін Асан қайғыдан бастап, оның өкілдері ретінде Бұхар жырау, Махамбет, Шортанбай, Мұрат, Ыбырай Алтынсарыұлы, Нармамбет, Шернияз, Досқожа, Күдері, Нысанбай, Ығылман сияқты ақындарды атап, өлеңдеріне талдаулар жасайды.
Сәбит Мұқановтың қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың, ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың өмірін, шығармашылығын зерттеп, іргелі зерттеулер жазғаны белгілі. Бұл еңбектер қазақ әдебиетінің тарихына қосылған сүбелі үлес болып, өзінің ғылыми құндылығын күні бүгінге дейін жойған жоқ.
Қазақ әдебиетінің тарихын жасауда күні кешегі тәуелсіздік алғанға дейін ақтаңдақ болып, шешімін таппай келген кезең - ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті болатын. Міне, осы бір саяси күрмеуі күрделі тақырыпқа алғаш рет жол салып, ғылыми тұрғыдан ерлік жасаған С. Мұқанов болды. Оның 1932 жылы шыққан ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне 1 бөлім. Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі деген қосымша ат берілуі автордың кеңестік кезеңге арнап та жеке кітап жазбақ болғанын аңғартады. Кітап негізгі екі бөлімнен тұрады. Ұлт деген не?, Ұлтшылдық неден шығады?, Қазақтың ұлтшыл оқығандары, Ұлтшылдықтың өркендеуі, Алашорда тараулары құрайтын бірінші бөлім түгелдей ұлт, ұлтшылдық мәселелерін сол кездің идеологиялық ауқымы аясында түсіндіруге арналған. Ұлтшыл-байшыл дәуірдің ақын-жазушылары аталған екінші бөлімде алашорда әдебиетінің көрнекті өкілдері А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, О.Қарашұлының, М.Жұмабаевтың, С.Торайғыровтың, С.Дөнентаевтың, Б.Күлеевтің, М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың шығармашылықтары жеке-жеке қарастырылады.
Таптық күрестің барынша күшейіп тұрған отызыншы жылдардың бас кезінде жарық көрген ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде таптық ілімнің әдеби мұра туралы ұстанымдары айқын көрінеді. Тіпті екі бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімі, яғни тең жарымы сол кездің саясатында модный боп тұрған ұлтшылдықтың зиянды екендігін ғылыми тұрғыдан барынша дәлелдеуге күш салып, соның дәлелін қазақ әдебиеті арқылы көрсетуге тырысқан. Автор алашордашыл жазушыларды ұлтшылдар деп, сынайды. Ол кездің саяси өлшемі бойынша, ұлтшылдан өткен қаскөй адам болмайтын. Ал енді ұлтшылды бүгінгі отанын шын сүйетін патриот ұғымында түсінер болсақ, кітапта алашшыл қалам иелеріне дұрыс баға берген деп те қарауға болады.
Сәбит алашордашыл ақын-жазушыларды идеялық жағынан халыққа жат деп, сынап отырғанымен де шығармаларының көркемдік жағына келгенде, аса құнарлы пікірлер айта білген. Мысалы, Мағжан туралы Ақындық жағына келгенде, Мағжан қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ. Абай қазақ әдебиетіне Еуропа үлгісін шет-пұшпақтап кіргізсе, Мағжан дендеп кіргізді. Мағжан өлеңдерінде сыршылдық (лирика) басым келеді. Мағжан қазақ әдебиетінде бейнешіл (символист) ақынның орнын алады - деген пікірі күні бүгінге дейін өзінің құнын жоя қойған жоқ.
М.Баталов пен М.Сильченко 1933 жылы шыққан Очерки по казахскому фольклору и казахской литературе деген кітабында қазақ әдебиетінің тарихын Ыбырай мен Абайдан бастады. Онда да Ыбырайды орыс миссионерлерінің ықпалында болды, Абай феодал ақыны деп, сыңаржақтыққа ұрынды.
Е. Ысмайылов қазақ әдебиетін 1) қазақтың фольклоры, 2) ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті, 3) ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті жүйесінде қарастыруды ұсынды (Е. Ысмайылов. Қазақ әдебиетінің тарихын жасау туралы. Социалистік Қазақстан, 03.09.1938).
Соғысқа дейінгі дәуірдегі әдебиеттің тарихына, оны дәуірлеуге қатысты ізденістер мектепке арналған оқулықтар жазу, хрестоматиялар құрастыру барысында да жүріп жатты. І. Жансүгіров пен Ғ. Мүсіреповтің Көркем әдебиет жинағы (орта мектептің 6-оқу жылы үшін, 1933), М. Жолдыбаев, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаевтың ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу құралы (7-жыл оқу үшін, 1933), С. Сейфуллин мен Ө. Тұрманжановтың Көркем әдебиет (5-оқу жылы үшін, 1934), Е. Ысмайылов пен Т. Ақшолақовтың Әдебиет хрестоматиясы (1939) секілді оқулық, оқу құралдарында әдебиеттің тарихын дәуірлерге бөліп, ұсына бастады.
Соғысқа дейінгі дәуірде қазақ әдебиетінің тарихын игеруге қатысты біршама жұмыстар атқарылып, енді соларды ғылыми тұрғыдан жүйелеу, ғылыми түрде бір ізділендіру міндеті алға шыға бастады. Әдебиет тарихын дәуірлеудің бірнеше үлгілері ұсынылып, пікірталастар жүре бастады.
Қажым Жұмалиев он сегізінші-он тоғызыншы ғасырлардағы қазақ әдебиетінен диссертация қорғап (1941), қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан, яғни ХҮІІ ғасырдан бастауды ұсынды. Бұқарға дейінгі қазақ әдебиетінің барлығы - ауыз әдебиеті; ХҮІІ ғасырдың екінші жартысы, ХІХ ғасырдың бас кезінен бері қарай тарихта бірінші рет аты мәлім, шығармалары да өзінің атымен сақталған ақын - Бұқар жырау. Біз қазақ әдебиетінің, жазба әдебиетінің тарихының басы Бұқар жырау дейміз мазмұндағы осы концепциясын Қазақ әдебиеті (1941), Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі (1948), Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері (2 томдық. 1 том, 1958; 2 том, 1960) сияқты іргелі еңбектерінде жалғастыра түсті.
Осы мәселеге орай, профессор Бейсенбай Кенжебаев арнайы мақала жазып, қазақ әдебиетінің тарихын төмендегіше дәуірлеуді ұсынды:
Бірінші - қазақ хандығы тұсындағы әдебиет. Яғни, ХҮІІ ғасырдың ақырына дейінгі әдебиет.
Екінші - ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әдебиет.
Үшінші - ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет.
Төртінші - ХХ ғасырдың алғашқы 20 жылындағы әдебиет.
Бесінші - Кеңес әдебиеті (Б. Кенжебаев. Қазақ әдебиетінің тарихы туралы. Социалистік Қазақстан, 15.06.1941). Б.Кенжебаевтың бұл дәуірлеуінде бұрынғыларға қарағанда, көп ілгерілеу бар. Соның ең бастысы - қазақ әдебиетінің тарихын ХҮ ғасырдан, яғни қазақ хандығы құрылған кезден бастау керек деген ұсынысы. Б.Кенжебаевтың ұлт бар жерде оның әдебиеті де бар деген ұстанымды басшылыққа алып, қазақ әдебиетінің тарихы қазақ хандығы тарих сахнасына шыққан кезден басталады деуі сол тұстағы қазақ әдебиеттану ғылымы үшін үлкен жаңалық, үлкен ілгерілеу болды.
Қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған Әдеби мұра және оны зерттеу (1959) атты ғылыми-теориялық конференция қазақ әдебиетінің тарихын, оның елеулі өкілдерін зерттеуде айтарлықтай оқиға болды. Десек те орталық мәселе қазақ әдебиетінің тарихын қай кезден бастаймыз дегенде, бұрынғы таптаурын пікір тағы да басым түсті. Қазақ әдебиеттанушыларының төрт көзі түгел жиналған осы бір алқалы жиында Бейсекең бұрынғы пікірін тереңдете түсіп, одан да арыға кетіп, қазақ әдебиетінің тарихын ҮІ -ҮІІ ғасырлардан бастау керек деген ұсынысты ортаға салды. Қазақ әдебиетінің тарихын бұлайша дәуірлеу бір жағынан, сол кездегі идеологиялық канондарға сыя бермейтін болса, екінші жағынан, бұған қазақ әдебиеттануының, оның әдебиетші ғалымдарының өресі жете бермейтін; ең соңында мұндай концепцияны қабылдауға қазақ әдебиеттанушылары дайын емес-тұғын. Конференцияның барысында әдебиетіміздің өткен тарихы жайлы құнды пікірлер білдірген М.Әуезовтің өзі де жиынды қорытқан сөзінде Б. Кенжебаевтың ұсынысын қабылдамай, Қ.Жұмалиевтің пікіріне қолдау білдірді.
Әдебиеттің тарихы қай кезден басталады, оны қалай дәуірлеу керек деген мәселе төңірегіндегі пікірталас алпысыншы, жетпісінші жылдардың әдеби сынында, әдебиеттану ғылымындағы орталық мәселенің бірі болды. Белгілі ғалым Б. Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихының көне дәуірін зерттеу жолындағы ізденістерін жалғастыра берді. Ежелгі әдебиетті зерттеу мәселелеріне арналған бірсыпыра мақалалар жазылып, Көне әдебиет туралы (1967), Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы (1967), Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері (1973) сиқты кітаптар шықты. Бұларда қазақ әдебиетінің тарихы жаңаша көзқараспен мүлдем басқаша пайымдалды.
Ғалымның қазақ әдебиетінің тарихына қатысты айтып келген пікірлері алпысыншы жылдардың соңынан жетпісінші жылдарға қарай тұтас бір ғылыми концепцияға айналды. Бұл концепция бойынша, Әдебиет тарихы халық тарихымен тығыз байланысты, соның бейнесі, көрінісі, сүрлеуі, ол қай кезде болсын халық тарихының ізімен жасалады. Демек, қазақ әдебиетінің ғылыми тарихы да қазақ халқы тарихының ізімен жасалуы тиіс [3.3б.]. Бұл концепция бойынша, қазақ әдебиетінің тарихы төмендегіше дәуірленеді:
1. Бұрынғы әдебиет (Ү-ХҮ ғасырлар). Қазақ ру-тайпаларының ежелгі ру, ұлыс дәуірлеріндегі әдебиеті, көбінше, сол замандардағы түрік ру-тайпаларымен бірге жасаған ортақ әдебиет.
2. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғасыр), қазақтың өзіндік әдебиеті.
3. Қазақтың ХІХ ғасырдағы жаңа, сыншыл, реалистік әдебиеті.
4. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы (1900-1920 жылдардағы) әдебиеті.
5. Қазақ халқының Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі советтік әдебиет [3,3-4б.].
Б.Кенжебаевтың бұл ғылыми концепциясы өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бейсекең алғашында жалғыз болса, кейін қарасы көбейіп, тұтас бір ғылыми мектепке айналды. Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншәлиев, Т.Қожакеев, Р.Бердібай, Т.Кәкішев, Ә.Оспанұлы сияқты белгілі ғалымдар қазақ әдебиетінің тарихын тереңдете зерттеуді қолдап қана қоймай, өздері де рухани мұраны игере түсу істерінде айтарлықтай үлес қосты. Ә.Қоңыратбаевтың [4], Х.Сүйіншәлиевтің [5], М.Мағауиннің [6], [7], С.Қирабаевтың [8], М.Жолдасбековтің [9], Ж.Дәдебаевтің [10], Қ.Сыдықовтың құрастыруымен [11], [12], Н.Келімбетовтің [13], М.Қараевтың [14], А.Қыраубаеваның [15], Р.Бердібаевтың [16], А.Егеубайдың [17] еңбектерінде қазақ әдебиетінің тарихы көне замандарға қарай тереңдей түсті. Р. Нұрғали, У. Қалижан, А. Еспембетов сияқты дарынды ғалымдар Б. Кенжебаевтың ғылыми мектебінен өтіп, ғылыми бағытын жалғастырды. Сондықтан да олардың қазақ әдебиетінің тарихын тереңдете зерттеген ғылыми ізденістері жемісті болып, әдебиет тарихының көкжиегін кеңейте, ұлттық әдебиеттану ғылымын байыта түскен еңбектер өмірге келді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Б.Кенжебаевтың әдебиет тарихын зерттеу, дәуірлеу мәселесіндегі ғылыми концепциясы түпкілікті мойындалып, әдебиет тарихын зерттеу саласында жаңа биіктерге жол бастады. Н.Келімбетовтің [18], Т.Еңсегенұлының [19], У.Қалижанның [20], Қ.Мәдібаеваның [21], Б.Омаровтың [22], А.Шәріптің [23] еңбектерінде қазақ әдебиетінің тарихын зерттеудің жаңа өрістері ашылды. Қазақ әдебиетінің тарихы араб, парсы, қытай деректерімен толығып, тарихтың тереңінде жатқан рухани мұралар баий түсті. Мұның барлығы да рухани мұраны игере түсу істерінің алдына жаңа міндеттер қоюда. Әдебиеттің тарихын жаңаша пайымдаған зерттеулер көрініп, өзіндік пікірі бар жас зерттеушілер шыға бастады.
Қазақ әдебиеттанушы ғалымдардың ішінде б.з. ХV ғ. дейінгі түркілік әдебиетті ортақ мұра ретінде қарастыруды алғаш көтерген, ұлт әдебиетінің тарихын ежелгі дәуірден бастау концепциясын ұсынып, әдебиетіміздің тарихын Орхон-Енисей жазба ескерткіштерімен бастауды негіздеген профессор Бейсенбай Кенжебаев болды. Профессор Б.Кенжебаевтың басшылығымен бірнеше диссертациялар қорғалды, монография, оқулық, оқу құралы түріндегі еңбектер жазылды. Б.Кенжебаевтың Қазақ әдебиет тарихының мәселелері [3] монографиясы, М.Жолдасбековтың Көне түркі ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы атты кандидаттық диссертациясы [24] қазақ ғалымдарының көне түркілік ортақ әдебиетті зерттеудегі алғашқы қол жеткізген табыстары болса, бұл үрдіс одан әрі жалғастық тауып, кең арнаға түсті. Оған дәлел ретінде Қ.Өмірәлиевтің VIII-XII ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері [25], Н.Келімбетовтың Ежелгі дәуір әдебиеті, Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр [18], А.Қыраубаеваның Ғасырлар мұрасы, Ежелгі әдебиет [15], Т.Еңсегенұлының Қазақ әдебиеті тарихының арғы арналары, Көне түркі руна жазба поэзиясы [19], Қ.Сейтжановтың Алтын Орда дәуірі түркі классикалық поэзиясының көркемдік ерекшеліктері және қазақ әдебиетімен дәстүр сабақтастығы [26], И.Нұрахметтің Қазақ әдебиетінің төркіні мен тарихын дәуірлеу [27] атты кандидаттық диссертациялары, т.б. еңбектерде әр дәуірдегі әдебиеттің ерекшеліктері мен дәстүр сабақтастығы, әдеби ағымдардың қалыптасуы мен дамуы тәрізді мәселелер, түркі халықтарының бәріне бірдей ортақ жәдігерлер екені жан-жақты қарстырылады.
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған Иманғазы Нұрахметтің Қазақ әдебиетінің төркіні мен тарихын дәуірлеу атты зерттеуінде көне түркі әдебиетінің бастаулары, дәуірленуі жөнінде тың пікірлер бар. Ізденуші түркі халықтарының әдебиетін дәуірлеуде Ұлыстық дәуір әдебиеті (б.д.д. Х ғ. кезеңінен бастап) деген термин ұсынады. Еңбектің ішінде келтірілген Қытай елінен табылған деректер оның құндылығын арттырады. Қытай деректеріндегі түркілердің рухани тарихына байланысты әдеби үлгілер кеңестік заманда біз үшін жабық жатты. Ол құнды қазынаны оқи алатын мамандардың жетпегендігі, екі ел арасындағы саяси, идеологиялық кедергілердің болғаны түркология ғылымының еркін дамуына кедергі келтірді. Н.Иманғазы өз зерттеуінде төмендегідей дерек келтіреді: Б.з.д. Х ғасыр шамасында жазылған Му Тияньзының өмірбаяны атты жазбада сақ патшасы анасының екі өлеңі сақталған. Өлеңнің бірі Ақша бұлт, екіншісі Сақ анасының үні (қолжазбада бұл батыс патшасының анасы деп жазылған, өлеңді алғаш аударған З.Сәнікұлы сақ патшасының анасы деп аударған екен) деп аталады. Бұл өлеңдер әзірге дейінгі біздің поэзиямыздың ең ескі нұсқасы [27, 11]. Қытай деректерінен келтірген осы мәлімет арқылы Н.Иманғазы қазақ әдебиетінің тарихын б.д.д. Х ғ. бастағанымызды дұрыс деп біледі де қазақ әдебиетін төмендегіше дәуірлеуді ұсынады:
1.Ұлыстық дәуір әдебиеті
1.1 Сақ дәуірінің әдеби нұсқалары
1.2 Ғұн дәуірінің әдеби нұсқалары
1.3 Үйсін-қаңлы дәуірінің әдеби нұсқалары
1.4 Түрк қағанаты дәуірінің
1.5 Қанаттас қағанаттар дәуірінің әдебиеті
1.6 Алтын Орда дәуірінің әдебиеті
2.Ұлттық дәуір әдебиеті
2.1 Ұлттық әдебиеттің бастауы
2.2 Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет [27,16 б.].
Диссертациялық зерттуінде И.Нұрахмет түркі тектес халықтар қағанаты дәуіріндегі әдебиетке Ұйғыр, Қарахан, Түркеш, Қимақ дәуіріндегі әдеби нұсқаларды жатқызады.
Әдебиет тарихын жасаудағы аса бір маңызды мәселе - әдебиет тарихын қай кезден бастау туралы. Қазақ әдебиетінің тарихына арналған жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы алғашқы зерттеулерде (А.Байтұрсыновтың Әдебиет танытқышы, М.Әуезовтің Әдебиет тарихы, С.Сейфуллиннің Қазақ әдебиеті, т. б.) фольклорлық пен әдеби мұраның ара жігі ашылмай, араласып бірге жүрді; әдебиеттің тарихы ауыз әдебиетінен басталған. Ал осыдан отыз жылдай кейін жазылған әдебиет тарихында көп ілгерілеу бар болғанымен де әлі де шешімін таба қоймаған кейбір мәселелер де байқалады. Мысалы, Жамбыл Жабаев, Иса Байзақов, О.Шипин, К.Әзірбаев сияқты ақындардың шығармашылықтары ауыз әдебиеті үлгілері қатарында қарастырылған; әдебиеттің тарихын ХҮІІІ ғасырдан, әдебиет тарихының көрнекті өкілдерінің шығармашылықтарын талдауды іс жүзінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтан бастаған [28].
Осы кезге дейінгі әдеби зерттеулердің тағы басты бір кемшілігі әдебиеттің көркемдік қасиеттерін ашудың орнына көбіне әлеуметтік жақтарына назар аударып, идеялық тұрғыдан бағалаушылықтың өріс алуы, соның бірден-бір әмбебап зерттеушілік құралға айналуы болды. Осы бір жағдайдан қазақ және орыс тілдерінде шыққан Қазақ әдебиетінің тарихының көптомдықтары да тыс қала алмады.
Қазір заман өзгерді. Сол заманмен бірге адам да өзгерді; адамның сана-сезімі өсіп, өмірге жаңаша көзқараспен қарайтын жаңа ұрпақ келді; ғылым дамып рухани құндылықтар өзгере бастады. Осының барлығы әдебиеттану ғылымының алдына жаңа міндеттер қойды. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілер оның тарихы тым арыда, тарихтың түпсіз тереңдерінде жатқандығын анықтай түсті. Қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша бағамдап, жаңа сөз айтқан іргелі зерттеулердің бірі-Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ғалымдарының күшімен шыққан екі томдық Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы болды.
Қазақ әдебиетінің тарихының бірінші кітабы (2001) Ертедегі көшпелі тайпалар тарихы бөлімімен ашылған. Мұнда ертедегі қытай жазба деректеріне сүйене отырып, қазақ әдебиеті туралы сөзді біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІҮ ғасырдағы түркілік тайпалардың сөз өнеріне қатысты мұраларынан бастаған. Осы дәуірлерде өмір сүрген көптеген түркілік ақындардың аттары анықталып, өлеңдері сөз болған.
Екі томдықтың қазақ әдебиетінің тарихын кезеңдерге бөлуінде де бұрынғы жүйеден өзгешелік бар. ХІХ ғасырға дейінгі әдебиет Ертедегі көшпелі тайпалар тарихы, Ежелгі түрік әдебиеті (ҮІ-ХҮ), Қазақтың төл әдебиеті (ХҮ-ХҮІІІ), ХІХ ғасыр әдебиеті, Жаңа жазба әдебиет бөлімдеріне жіктелген. Ал ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті жиырмасыншы ғасыр басындағы әдебиет және кеңес дәуіріндегі әдебиет болып бөлінген. Шетелдегі қазақ әдебиетіне жеке тарау арналған.
Бұл еңбек жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде жазылғандықтан да қазақ әдебиетінің тарихын түгел қамтуды алдына міндет етіп қоймаған сияқты. Сонымен бірге әлі де зерттей, нақтылай түсуді қажет ететін тұстары, пікір таластыратын жерлері де жоқ емес. Десек те толыққанды қазақ әдебиетінің тарихын жасау жолындағы ізденістерде екі томдық Қазақ әдебиеті тарихының қысқаша тарихы өзіндік бағыты, өзіндік жүйесі бар, жаңаша пікірлер айтқан елеулі еңбек болды.
Тәуелсіздік кезінде қазақ әдебиеттану ғылымының жетістіктеріне сүйене отырып, бүгінгі күннің рухына, талаптарына сай келетін көп томдық әдебиет тарихын жасау міндеті күн тәртібінен түспеді. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары қолға алған бұл аса ауқымды да маңызды жұмысты екі мыңыншы жылдары жарық көрген он томдық Қазақ әдебиетінің тарихы атқарып шықты.

1.2 Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетін кезеңдерге бөлудегі ұстанымдары
Жалпы қазақтың саяси-қоғамдық һәм рухани дүниесінің ояну кезеңі болған ХХ ғасырдың алғашқы ширегі Алаш Ренессансын қалыптастырып, ұлт санасын жаңа деңгейге көтергені белгілі. Осы ұлы үдерістің ауқымында Абай кезеңінде дүниеге келген жазба әдебиеті көркемдік жағынан да, жанрлық жағынан да қалыптасты. Мұндай әдеби дамудың айтылу көрсеткіші ретінде ұлттық әдебиеттану туып қалыптаса бастады. Алғаш Айқап журналы, Қазақ газеті беттерінде көріне бастаған әдеби сын, кейінірек Абай, Шолпан, Таң журналдарында, Жас Алаш, Еңбекші қазақ газеттерінде жалғасын тауып жатты. Бұл басылымдарда жарияланған әдеби мақалалар өзінің сипаты жағынан сын жанрындағы дүниелер ғана емес, сондай-ақ, оларда әдебиет тарихының, әдебиет теориясының келелі мәселелері көтерілді. Ұлттық әдебиеттану ғылымының керегесін керіп, уығын шаншып, шаңырағын көтерген дарынды лектің бел ортасында ғажайып дарыны жігіт шағынан-ақ байқалған Мұхтар Әуезов жүрді. Оның Абайдың өнері һәм қызметі (Абай журналы, 1918), Абайдан соңғы ақындар (Абай журналы, 1918), Зар заман ақындары, Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі (Шолпан журналы, 1922), Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлану дәуірінің әдебиеті (1933), Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті (1870 жылдар мен 1905 жылдар арасы), (1933 ) атты еңбектері және Әдебиет тарихы (1927) кітабы қазақ әдебиетінің тарихына, оның ішінде, оны дәуірлеуге тікелей қатысы бар еңбектер. Мұхтар Әуезовтың осы еңбектері одан кейін әдебиет тарихы бойынша жазылған зерттеулерге өз ықпалын тигізді десек, қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуде оның зерттеулерінің орны қазіргі кезде де алабөтен. Жалпы, қазақ әдебиеті тарихының алғашқы зерттеушілерінің қатарынан орын алатын Ғалымның ғылыми еңбектері - дәуірлеу мәселесінде де алғашқылардың бірі.
Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу мәселесінде М.Әуезовтың 1933 жылы жарық көрген ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті оқулығына енген Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлану дәуірінің әдебиеті және Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті (1870 жылдар мен 1905 жылдар арасы), Ұлтшылдық әдебиеттің бас кезі зерттеулерінің мәні айрықша. Мұхтар Әуезовтің осы үш еңбегінде ХҮІІІ ғасыр мен 1918 жылдарға дейінгі қазақ әдебиеті тарихының ең негізгі сарындары мейлінше жан жақты қарастырылады. Автор бұл кезеңді үшке бөлген. Біріншісін, Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлау дәуірінің әдебиеті деп атаған. Бұл шамамен ХҮІІІ ғасырдың соңынан бастап, 1870 жылдарға дейін созылады. Екінші дәуірді Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті (1870 жылдар мен 1905 жылдар арасы) деп атайды. Үшінші дәуір - Ұлтшылдық әдебиеттің бас кезі. Бұл 1905-1918 жылдар.
Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлану дәуірінің әдебиеті еңбегінде автор: Шығарушысы белгілі, уақыты сақталған, байланысты уақиғасы белгілі әдебиет жұрнақтарын біз XVIII ғасырдың аяғынан бастап қана көре бастаймыз. Бұлай болуының себебі, сол мезгілден бастап қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік өміріне мәдениеті жоғары, жазба әдебиеті бар Ресейдің отаршыл патша үкіметі араласа бастады. Қазақ халқының XVIII ғасырдың аяғындағы, XIX ғасырдың ұзына бойындағы әдебиеті негізінде бір жағынан осы патша үкіметінің отарлау саясатына қарсылық тартысын суреттейді - дейді [29,248б.]. Осы пікірден М.Әуезовтің әдебиет тарихын XVIII ғасырдан бастауға бейім екендігін және соны қолдайтынын аңғаруға болады. Оны М.Әуезовтың 1959 жылғы әдеби мұраға байланысты өткізілген конференциядағы кейбір ойларынан да аңғару қиын емес. Бұл жерде біз үшін басты мәселе - М.Әуезовтің әдебиет тарихын қай кезеңнен бастауында болып тұрған жоқ. Қажеттісі - оның әдеби дәуірлерді қалайша жіктегенінде. Бұл дәуірдің әдебиетін сипаттай отырып, автор негізінен алғанда, отаршылдыққа қарсылықты көтеріліс төңірегінде туған поэзияға көбірек тоқталады. Оның ішінде Исатай көтерілісі төңірегінде туған Махамбет поэзиясына, Кенесары көтерілісін жырлаған Нысанбай жырау шығармалары көбірек айтылады. Осы дәуір ауқымында Бұқар жыраудың, Махамбеттің, Нысанбай жыраудың шығармашылығы арнайы бөлімдерде сөз етіледі. Бұл арада Ғалымның жыраулық поэзияға, жырау тұлғасына алғаш рет толымды һәм шынайы баға бергеніне куә боламыз. Ол Бұқар жыраудың өмірі мен шығармаларын айта келіп: Бұл жырау деп аталады. Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек, өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы - толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті - не болса сол көңіл ашар, әлдене дерлік сөз айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи уақиғаның мазмұн-бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады. Олжа, табыс, абыройды ханмен қатар үлеседі... Бұқар сонда үлкен, қырағы саясатты толғаушысы боп, әрбір сөзін ірі-ірі уақиғалардың, ірі мәселенің тұсында ғана айтады [29,265б.]. Қазақ әдебиеттануында жырау тұлғасы жөнінде айтылып жүрген көп ойлар Мұхтар Әуезовтың жырауға берген осы анықтамасы төңірегінен өрістеп келеді. Бұқар жыраудың өмірі мен ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Фольклордың жанырлық түрлеріне талдау
Ғалым еңбектеріндегі қазақ әдебиеттануының мәселелері
Т.Жомартбаевтың публицистикалық шығармалары. Уәйіс Шондыбайұлы шығармашылығының зерттелуі. Қайым Мұхамедханұлының Абайтануға қосқан үлесі
Қазақ фольклорының тарихы және оның зерттелуі
Шортанбай - қазақ әдебиетіндегі зар заман дәуірінің көрнекті өкілі
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әдебиет туралы айтыстар. ҚазАПП тұсындағы тұрпайы социологиялық сындар. Соғысқа дейінгі әдеби мұраны игеру мәселесі
Қазақ фольклоры
Семиотикалық сын туралы түсінік
Қазақ фольклорының тарихы
Орал өңіріндегі қазақ фольклоры
Пәндер