Нәзипа Құлжанова қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 30 бет
Таңдаулыға:   
Құлжановтардың өмірі мен қоғамдық қызметі

І. Ерлі-зайыпты құлжановтардың тарихтағы алатын орны
1.1. Өнегелі, ғибратты ғұмыр
1.2. Нұрғали Құлжанов - үлгілі ұстаз әрі қоғам қайраткері
1.3. Алаштың қайраткер қызы
ІІ. Ел үшін төгілген тер
2.1. Абай елінде жасалған жұмыстар туралы бірер сөз
2.2. Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист
2.3. Н. Құлжанованың ұстаздық жолы мен ағартушылық қызметі
2.4.

І. Ерлі-зайыпты құлжановтардың тарихтағы алатын орны
Алаштың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырдың Таныстыру атты поэмасы бар. Бұл поэма - ХХ ғасыр басындағы ренессанстық құбылыс тудырған тұтас қазақ элитасының портреті іспетті. Егер, бұл поэма болмаса қазақтың тасын өрге сүйреген атпал азаматтарын біле алмас па едік?! Себебі, жетпіс жыл бойы қазақты түп тамырынан айырған Кеңес үкіметі асылдарымызды тануға, білуге мүмкіндік берді ме? Алаш зиялыларының еңбектері мен ерліктерін күллі халыққа жария, өнеге еткен бұл поэмасында ақын:
Ардақты бар Нәзипа деген ханым,
Газет, журнал жүзінде жұртқа мәлім.
Оқыса сондай әйел шығар ед деп,
Оқығандар бағалар сөздің дәмін.
Неше күн қыдырсаң да таба алмассың,
Семейдің одан өтер адал жанын.
Ақ көңіл, мінезі оңды, жүзі жарқын,
Ынтасы жеткізбекке әйел халқын, -
деп Нәзипа есімді қазақ қызының есімін атайды. Енді бір жерінде:
Бірге айтайын Нұрғали Құлжанұлын,
Жаңылмасақ бұлайша мұның сынын.
Қайратты, кең ойлайтын сабырлы адам,
Жасымайтын, бермейтін жанға сырын.
Турашыл жан бетіне қарамайтын,
Онан кейін зиянды санамайтын.
Қазақтың ескі, жуан тұқымынан
Жөпшендіні еске алып баламайтын.
Бір айтса, сол сөзінде тұрды деп біл,
Болмайды қате екен деп қайта қайтым.
Бір ұстаған жерінде қалар қатып,
Кім болса да сөйлейді сөзін батып.
Өз көңілінде түзу деп ұққан ойын,
Істейді жіберсең де қазір атып, -
деп Нұрғали Құлжанұлының болмысын сипаттайды. Міне, Сұлтанмахмұт ақынның бұл поэмасы - қазақтың оқығандарын қазаққа таныстырған құнды еңбек. Енді осы өлең жолдарындағы Нұрғали Құлжанұлы мен Нәзипа кім?
Керуен дүниенің көшінен Нұрғали, Нәзипа есімді ерлі-зайыпты Құлжановтар өткен екен. Екеуі де Жазған сөзім жаным ашып Алашыма (А.Байтұрсынұлы) дегеннің нақ өзі болған.
Нұрғали Құлжанұлы - 1869 жылы (кейбір деректе - 1870 жылы) Торғай өңірінде дүниеге келген. Орынбордағы оқытушылар мектебін тәмамдаған. 1905 жылдан бастап Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында ұстаздық қызмет еткен. 1906 жылдың бірінші қаңтарында ІІІ дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталған. 1908 жылы Батыс Сібір Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің мүшелігіне қабылданған. Бөлімшенің мүшелігіне қабылданғаннан кейін өлке тарихына қатысты фольклорлық-этнографиялық мұраларды жинастырып, қазақтың музыкалық өнерінің сақталуына, жинақталуына үлкен үлес қосқан.
Оның мақалалары мен ойлары, лебіздері Қазақ, Үш жүз, Бірлік туы газеттерінде жарияланған. Нұрғалидың ел есінен мәңгілікке орын алған ісі - 1914 жылы ұлы Абай ақынның қайтыс болғанына он жыл толуына орай жұбайы Нәзипамен бірге ұйымдастырған кеші.
Алаш қозғалысына ниеттесіп, Алаш идеясын қолдаған мәдениеттанушы, педагог Нұрғали 1919 жылы Семей қаласында Колчак жендеттерінің қолынан қаза тапқан болатын. Алаштың аймаңдай перзенті Сұлтанмахмұт Нұрғали дүниеден өткенде қайғырып, қазақ үшін жүрек майын шам қылған ер азаматын жоқтаған екен. Ақынның Нұрекеңе деген өлеңі бар-ды. Бұл - азалы жыр.
Ұштың ба нақақ оққа есіл ерім!
Ел үшін еңбек қылған кемеңгерім!
Алаштың Алаш аты жойылмаса,
Бір кетпес жау мойнында қаның тегін...
Құдайым сені-дағы көп көрді ме?
Бейшара бұл қазақтың баласына?
Жақын үшін жан құрбан қылатұғын,
Сендей ұл туа бермес Алашыңа,
- деп орны толмас қазаны күңіреніп, қайғырып жырға қосқан.
Нұрғали мен Нәзипаның қоғамдық-саяси, ағартушылық қызметтері С.Сейфуллиннің Тар жол, тайғақ кешу романында, С.Бегалиннің Замана белестері романында жан-жақты сөз болған.
Нұрғалидың жары Нәзипа Сегізбайқызы 1887 жылдың жиырма жетінші шілдесінде Торғай қаласында дүниеге келген. Нәзипа - ХХ ғасыр басындағы оқыған санаулы ғана қазақ қыздарының бірі. Ағартушы, этнограф, аудармашы, журналист, жазушы Нәзипа Сегізбайқызының артында қалған мұралары ұшан-теңіз. Бірақ, сол мұраларын жұрт біле ме екен?! Сол жағы қиындау болып тұр...
Табиғатынан зерек, алғыр болып өскен Нәзипа 1902 жылы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясын бітірген. 1903 - 1904 жылдары Торғайдағы қыздар училищесінде, 1905 - 1920 жылдары Семей қаласындағы оқытушылар гимназиясында ұстаздық қызмет атқарған.
1913 жылы География қоғамы Семей бөлімшесінің мүшелігіне қабылданған. Қазақ мәдениетін қолдаған Азамат серіктестігі ұйымының белсенді мүшесі болған.
1914 жылдың 26 қаңтарында Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырған. 1915 жылдың 13 ақпанында Петроградтағы мұсылман ауруханасы мен мұқтаж қазақ шәкірттеріне көмек көрсету мақсатында әдеби кеш ұйымдастырғаны және бар.
Нәзипа - қайраткер. Ол - Алаш қайраткері. Алаш қозғалысының белді мүшесі болған, болашақ үшін қыруар жұмыс атқарған қазақтың ақылды да оқыған қызы. 1917 жылғы Семейде өткен қазақ сиезіне қатысып, төралқа құрамына енген. 1920 жылы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының қазақ тіліндегі оқулықтар, кітаптар шығару ісі жөніндегі комиссияның мүшесі болған. А.Байтұрсынұлы жасаған жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі комиссияның мүшесі болып та қызмет атқарған.
Ер азамат иығымен көтеретін істің басы-қасында Нәзипа Сегізбайқызының жүруінің өзі ерлік емес пе?! Қазақ ақыны С.Сейфуллин үкімет бастығы болып тұрғанда Н.Құлжанованың азаматтық, қайраткерлік ісіне сүйсініп, өлең арнаған екен. Ол өлеңнің аты - Самұрық. Өлеңнің бас жағына Қазақстан әуе кемесіне жәрдем жинаушы бірінші қазақ әйелдері комитетінің бастығы Нәзипаға тартамын - деп жазыпты.
Нәзипа - журналист. Қазақ журналистикасының іргетасын қалаған тұңғыштардың бірі. 1922 жылы Еңбекші қазақ (бүгінгі Егемен Қазақстан) газетінде тілші, 1923 - 1925 жылдары Қызыл Қазақстан (бүгінгі Ақиқат журналы), 1925 - 1929 жылдары Әйел теңдігі (бүгінгі Қазақстан әйелдері) журналында жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Бірақ, 1929 жылы ауыр сырқатқа шалдығып, қоғамдық қызметтен қол үзеді.
1934 жылы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанкеліні 47 жасында дүниеден өткен. Алаштың баласына түзу жолды нұсқаған, әйел теңдігін көтерген, ана мен баланың мәселесін шешуге атсалысқан қазақтың қайраткер қызының ғұмыр-жапырағы да құрт ауруынан үзілді. Бірі болса, бірі болмайтын кем дүние-ай... Егер, ол бұл қасіретті сыртқа шалдықпаса, қазақтың жоғын жоқтап, руханиятының пілтесі болып жанатын еді...
Нәзипа Сегізбайқызының ғылыми-шығармашылық мұрасы туралы сөз болғанда оның әдеби-публицистикалық еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Нәзипаның мұрасы - ХХ ғасырдағы әдебиет тарихын толықтырып тұрған аса құнды жәдігер.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Н.Қ. ханымға атты өлеңі бар. Бұл Н.Қ. ханым кім? Н.Қ. ханым ХХ ғасыр басындағы оқыған қазақ қыздарының бірі Нәзипа Құлжанова болатын. Өлең тұтас мазмұнына қарап көрелік:
Рақатсыз өтсе де өмір-жасым,
Бұл жөнімнен құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,
Жарым жолдан қайтпасын, қарындасым!
Су да болар ол жолда, тау да болар,
Жаудың оғы - жайған тор, ау да болар.
Мынау пайда, мынасы зиян демек,
Ол ерліктің ісі емес, сауда болар?!
Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар,
Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар.
Қайраттанып қажымай тырмыссаң да,
Шыққызбайтын жолыңда өрлер де бар.
Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан,
Ұзақсанып жатпаспын жалыққаннан.
Жұрт қолымнан келмесе, өкпелемес,
Барым сақтап, мен аяп алып қалман.
Ел мұңымды білемін ұқпайтынын,
Көтермеге қалғанда шықпайтынын.
Шалыс басып аяқты жығылғанда,
Жатқаныңнан тұрма, - деп мықтайтынын.
Мен өлсем де - өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа немді алар өлімменен.
Өлген күні апарып тығары - көр,
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес - бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,
Ел - бүгіншіл, менікі - ертең үшін!
Бұл - ұлт ұстазының қарындасына берген ілпипат, ақ пейіл батасы, лебізі. Ахаң бұл өлеңін Нәзипаның кітабына алғы сөзін ретінде жазып берген болатын. Бір тарихи деректі айта кетейік, Н.Құлжанова бір жылдары Қазақ АКСР Оқу-ағарту комиссариатының қазақ тілінде шығатын оқулықтар, кітаптар және баспасөз істері жөніндегі арнаулы комиссияның мүшесі болады. Сол оқу комиссариатының арнайы тапсырмасымен Н.Құлжанова Мектептен бұрынғы тәрбие атты оқу құралын жазған. Осы аталған кітабына ұлт ұстазы алғы сөз жазған болатын. Сол алғы сөзінің соңын: Заман амалының жарысынан, заман көшінің қатарынан қалмай өмір сүру үшін бүгінде адамға көп өнер-білім даярлау керек деп аяқтапты. Міне, сол бабаларымыздың арқасында бүгінгі қазақ ғылымының іргетасы қаланды, іргелі ғылымға айналды.
Қызыл Қазақстан журналында Н.Құлжанованың Қазақ әйелдеріне арналған корреспонденциялар туралы (№13, 1922 жыл, 53-55 б.), Күн тұтылғанда (№23-24, 1923 жыл, 111-134 б.), Жалпы әйелдер мейрамы (№15, 1923 жыл, 68-70 б.), Дала соты (№16, 1923 жыл, 91-103 б.), В.И.Лениннің туған күні - 1870 жылғы апрель (№1-2, 1924 жыл, 97-99 б.) мақалалары жарияланған.
Жаңа мектеп (бүгінгі Қазақстан мұғалімі) журналына талантты қайраткердің аудармалары жарияланған. Мысалы, М.Горькийдің 1905 жылғы январьдың тоғызы күні (№14, 1926 жыл 47-53 б. №1, 1927 жыл, 79-84 б.), А.Куприннің Лапылдап жанған крейсер (№2, 1927 жыл, 84-88 б.), Б.Лавреневтің Қырық бірінші (№9, 1928 жыл, 107-118 б.) шығармаларын атауға болады.
Қайраткер, қаламгер Н.Сегізбайқызының әдеби-публицистикалық мұраларын іздестіріп, ескі газет-журналдарды ақтарып, оқып шықтым. Сонау жылдары Арқалықта оқығанымда пединституттың жатақханасынан өз еркіммен шығып, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің жатақханасына орналасып едім. Колледж директоры, білікті басшы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Сабыржан Тасмағамбеттің қолдауымен бір адамдық бөлме алдым. Кең әрі жарық бөлме еді. Бұл ғимарат бұрындары әйгілі Арқалық қонақ үйі болған ғимарат екен. Менің бөлмем - №314. Осы бөлмеде отырып көптеген шығармашылық жоспарларымды жүзеге асырдым. Нәзипа Құлжанкеліні туралы сол кезден бері жазғым келіп жүр еді...
Нәзипа сауатты, өте зерек, ілімі мен білімі бір кісіге жетіп артылатын адам-ақ екен. Мысалы, Әйел теңдігі журналына жарияланған Ақын Шолпан (№3, 1927 жыл, 28-31 б.), Бала емізудің дұрыс тәртібі (№4, 1927 жыл, 22-29 б.), Шай дейтініміз не? (№6, 1927 жыл, 26-29 б.), Баланың жұқпалы аурулары (№8-9, 1927 жыл, 37-42 б.), Қышыма қотыр (№4,1928 жыл, 44-47 б.), Малдың сүті (№10, 1929 жыл, 40-42 б.) мына еңбектерінің мәні мен маңыздылығы әлі күнге дейін өзінің құндылығын жоймаған.
Қазақ ғылымының, соның ішінде педагогика, психология саласының бастауындағы ғылыми негіздердің бірі - ағартушы, қайраткер Н.Құлжанованың мұралары. Нәзипа - Ыбырай Алтынсары, Ахмет Байтұрсынұлы үлгісіндегі тәжірибелі педагог, ғалым. Өмірлік тәжірибесі негізінен Мектептен бұрынғы тәрбие (1923), Ана мен бала тәрбиесі (1927) сияқты іргелі кітаптарды жазды.
Қайраткер, ғалым 1927 жылы Қызылорда қаласынан 5000 данамен басылып шыққан Ана мен бала тәрбиесі атты кітабының кіріспе сөзінде: Бала қалай бітеді, қалай туады, әйел босанған кезінде қалай күтінуі керек, жаңа туған баланы қалай тәрбиелеу дұрыс, баланың тамақтандыру тәртібі қандай болуы керек? деп зор мәселені көтерген екен.
Нәзипа - әдебиетші, әдебиет жанашыры. Әйел теңдігі журналында әдебиетшінің ақын Шолпан Иманбаева туралы жазған мақаласы бар. Бұл ХХ ғасыр басындағы Шолпан есімді қазақтың таланты ақын қызын халқына таныстыруға арналған тамаша әдеби мақала десек артық айтпаған болармыз. Шындығында, бұл - Сұлтанмахмұт ақынның Таныстыруы сияқты мақсатты мұрат еткен мақала.
Әдебиетші Н.Сегізбайқызы: Шолпанды мен ең алғаш көруім Ақмолада, 1921 жылдың күзінде. Соналы, Қорғалжын еліне берген жерінен уезден барған бір инструкторлардың жәрдемімен күйеуінен шығып, Ақмоладан 30 шақырым жердегі апасына келген екен, - деп бастаған екен Шолпан туралы мақаласын.
Н.Құлжанова Шолпанның өлеңдерімен газет-журнал арқылы танысқан. Қызыл Қазақстан журналында істеп жүргенінде Шолпан Нәзипаны іздеп, Орынборға келеді. Кездесіп, әңгімелеседі. Нәзипа Шолпанға ақыл-кеңес беріп, жол сілтеген. Ал, мына мақаласын әдебиетші 1927 жылы Шолпанның қазасын естігеннен кейін жазған.
Шолпан Иманбаева 1904 жылдың мамыр айында Ақмола облысының Қорғалжын ауданы, Майбалық ауылында дүниеге келген. 1923 жылы Ақмола қаласындағы сауат ашу курсында оқыған. Оны бітірген соң, қаладағы балалар коммунасында тәрбиеші болып қызмет істеген. Осы кезден бастап шығармашылыққа ден қойып, өлкелік әйелдер курсында өз өлең-жырларын жиі оқып жүреді. Жолаушы мен жұмыскер деген алғашқы өлеңі 1923 жылы Еңбекші қазақ газетіне жарияланған. Кейін Қызыл Қазақстан, Әйел теңдігі журналдары мен Жас қайрат газетінде саяси-әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері жарық көрген. Иманбаева өз тұсындағы қазақ әйелдерінің мұң-мұқтажын, арман-тілегін жырлаған ақын. Мысалы, Қоңыр қаз, Қазақ әйеліне, Жолдасыма, Апайға. Ақынның өлеңдері мазмұнының өткірлігімен, тілінің көркемдігімен ерекшеленеді. 1926 жылдың он сегізінші қыркүйегінде Ақмола қаласында дүниеден өткен.
Шолпан Орынбордағы қыздарға арналған мұғалімдер курсында оқып жүргенінде жоқшылық салдарынан ауруға шалдығады. Оқуын аяқтай алмай, еліне қайтады. Еліне барған соң, ауруы асқынып, ақын қыз дүниеден өтеді. Талантты ақынның қазасын естіп, қаймығып, қайғырып, оның есімін халық жадынан шығармау үшін арнайы осы мақаласын жазған. Мақаланың атауы - Шолпан ақын. Қандай әдемі! Шолпан Иманбаеваны біліп, танымайтын оқырман елең етіп, оның кім екенін білгісі келіп-ақ тұрады. Иә, ХХ ғасыр басында қазақтың Шолпан есімді ақын қызы болған.
Н.Құлжанова: Шолпан ақын еді. Көбіне әйел мұңын жырлады. Ойына алған сөзді еркін жазатын түрі бар еді. Тәлім-тәжірибесі аздығы өрісін кеңейттірмей келді. Ол кездері қазақ кітабы тіпті аз. Орыс жазушыларына тілі жетпей, Шолпанның ақындығы арманда кетті - деп күңіренеді. Егер, Шолпан дертке шалдықпай, оқуын аман-есен бітірсе, орыс тілін де меңгеріп, талантын шыңдар еді. Нәзипа апасы сықылды қазақтың қажетіне жарар қайраткер тұлға болатын еді.
Тегінде, осы Нәзипа Сегізбайқызы - шолпантанушы. Иә-иә, шолпантанушының нақ өзі. ХХ ғасыр басындағы қазақтың тағдырлы ғұмырлы ақын қызының шығармаларын жинастырып, ақын мұрасына қамқор болған. 1927 жылы Қызылорда қаласынан Шолпанның таңдамалы шығармалары енген шағын жинағын шығарады. Міне, бұл - Нәзипаның азаматтық істеген үлкен сауапты ісі. Біз, бүгінгі жер басып жүрген әдебиет зерттеушілері ақын Шолпанның мұрасын жинастырып, жеке кітап қылып бастыртқаны үшін Нәзипа Сегізбайқызы рухының алдында мәңгілікке қарыздармыз!
Осы жылы, яғни, 2016 жылы ақын Шолпан Иманбаеваның дүниеден өткеніне 90 жыл екен. Дүниенің қызығын көре алмай, ішқұса болып өткен тағдырлы ақынның топырағы торқа болғай!
Айқап газетінің 1915 жылғы №5 санында: Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазыларға тиіс - деген сөз кездеседі. Иә, Нәзипа - ұлтым деп еңбек еткен қазақ қызы. Ол - қазақ тарихындағы №1 әйел-педагог болып саналады.
Біз, ықылым заманнан өткенге құрметпен қарап, салауат айтатын, келешекке үмітпен қарайтын ел емес пе едік?! Әрқашан тарихтың осы бір шағындағы Алаш қайраткерлерінің тағылымды істерін бүгінгі егемен дәуірде ұрпақ жадына сіңіру - ұлттық абыройымызды ұлықтар, елдік қасиетімізді асқақтатар аса маңызды шаруаның айтулы шарасы болмағын (Е.Тілешов) білуіміз керек.
ХХ ғасыр, Алаш қайраткерлері, қазақ оқығандары, қазақтың алғашқы баспасөзі, қазақ ғылымның бастауы туралы әңгіме болған кезде, біз қазақтың қайраткер қызы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанкелінін ұмытпауымыз керек. Нәзипаның ісі, оның атқарған қызметі, тағылымды да өнегелі ғұмыры бүгінгі әрбір қазақ қаракөздерінің өмірлік мақсатына айналуы тиіс. Әрбір қазақ қызы Нәзипаны идеал тұтып, Нәзипаға ұқсап-бақса қазақтың бағы жанары анық.
Менің ұғымымдағы Нәзипа Сегізбайқызының ғұмыры Қалғанша жарты жаңқам сенікі - Пайдалан, шаруаңа жараса, Алаш! (М.Дулатұлы) деген қасиетті сөзге саяды. Анығында, осылай болған. Күмән келтіре алмайсыз!
Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова - саналы ғұмырын қазақтың келешегіне бағыштаған аяулы Алаш оқығандарының бірегейі.

1.1. Өнегелі, ғибратты ғұмыр
Қазақ халқының мемлекеттік тәуелсіздікке ұмтылысында өр тұлғалы қазақ қыздарының да үлесі зор болды. Қазақ қыздарының мінезіне тән ерекше бір қасиет оның қайтпас қайсарлығы, өжеттігі, тіпті керек кезде ел үшін Отан үшін отқа түсуге дейін баруға батылы жететіндігі дәлелденген. Тарихта ел намысын ерлерше қорғап, қайрат көрсеткен қазақ әйелдері де баршылық.
Осы тұрғыдан келгенде 20-30 жылдары қазақ қыздарының арасынан суырылап шыққан Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Шолпан Иманбаева, Аққағаз Досжанова, Мәдина Бегалиева, Сара Есова сияқты қайраткерлердің еңбегі жүйелі түрде зерттеле беруге тиіс.
ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениетінің тарихында ерекше із қалдырған тұлға - Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова. Ағартушы, ұстаз, әлеумет қайраткері, журналист, жазушы, аудармашы Н.С. Құлжанованың тағдыр талайына Қазақстанның ХХ ғасыр басындағы аса күрделі қоғамдық - саяси істеріне араласу тиесілі болды. Қазақ тарихындағы қайшылықтар мен өзгерістерге толы дәуірде Н.Құлжанова өз жолын тапты.
Н. Құлжанова бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданында туған. Ол Ыбырай Алтынсарин ұйымдастырған мектепте оқып, кейін Қостанайдағы гимназияға түседі. Бұны бітірген соң Орынбордағы мұғалімдер семинариясында оқып, үздік бітіреді.
Нәзипа Құлжанова есімін бірінші рет қазақ мәдениеті тарихында елеулі орны бар Қазақ газетінінен кездестіреміз. 26-январда Семейде Народный домда жағрафия жамиғатының әдебиет кеші болды. Бұл кеште халық аса көп болып үйге сыймағандықтан бірсыпыра адамдар кіре алмады. Барған халықтың көбі мұсылман еді, көбірегі қазақ - деп жазды газет.
Осы газеттегі тағы бір мақала Мұхтар Саматовтікі, Потанин докладынан деп аталады. Төңкеріске дейін Омбы қаласында оқыған, кезінде газет-журналдарға үнемі хат-хабарлар жазып тұрған М. Саматов атақты этнограф, фольклорист Григорий Николаевич Потанинмен таныс болған. Сол мақалада: Көп уақыттан бері қазақтың ертегісін, басқа нәрселерін жинамақ көңілімде еді. Өткен жаз Тоқырауын деген жерге барып 27 ертегі жинап қайттым- деген Потанин дерегін келтіре отырып, қазақтар туралы пікірін сөзбе-сөз береді.
Ал Нәзипа Сегізбайқызымен Тоқырауында кездескен соң таңдануында шек болмаған. Қазақтың қай жерінде болса да ғылым сәулесі түсті. Былтыр Тоқырауыннан келе жатып бір ауылға қондым. Бұл ауылда Семейдегі семинарияның қазақша тіл мұғалімі Нұрғали Құлжанов жамиғаты Нәзипа ханым келіп жатыр екен. Сонда Нәзипа ханым әдебиет кешін жасады. Ойнаушылар: Нәзипа ханым, гимназист, 11 жасар қыз гимназистка hәм бір қыз-бәрі де нағыз қазақ. Оқылған өлеңдердің ішінде Некрасовтың өлеңдері де болды...
Осы ретте айта кету керек Нәзипа Құлжанова Қазақстан мәдениеті мен өнері тарихында елеулі із қалдырған Александр Викторивич Затевичпен де таныс болды. Ол: Нәзипа Құлжанова Семей губерниясынан, қазақ әйелдерінен шыққан интеллигент, оқу-ағарту ісінің көрнекті қайраткері деп баға берген Н.Құлжанова әнші болмаса да, қазақ әндерін нақышына келтіре орындайтын өнері болған. Ең маңыздысы - ол кісінің әншілігі емес, қазақ әндерінің нотаға түсуіне көмек көрсетуі. Ол кісі Затаевичке Ғайни-ау, сәулем, Қадыр зары әндерін жаздырған.
Соңғы кеш туралы 1915 жылы Айқап журналы №5 санында Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазылуы тиіс деп жариялады.
Қазақ газеті мен Айқап журналдарынан кейін Құлжанова қаламынан шыққан дүниелерге орын берген 1916 жылдың қарашасынан, 1917 жылдың ортасына шейін Ташкент қаласында шығып тұрған Алаш газеті болды. Онда Алаш жолына, Қайран ақ текемет пен алашам-ай! сынды мақалалары жарық көрді.
С. Сейфулин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, С. Бегалин, С. Торайғыров сынды ғалымдар, жазушылар Құлжановтардың қоғамдық жұмыстары, әдеби еңбектері жайлы реті келгенде еске түсіріп, өз шығармаларында айтып отырды.
Балаң шағында Семей қаласында Құлжановтардың үйінде тұрып, оқыған, қазақтың үлкен жазушысы Сапарғали Бегалин да Замана белестері мемуарлық романында олардың қайраткерліктерін ерекше өрнектейді.
40 жылдай үзілістен кейін алғаш рет Нәзипа, Нұрғали Құлжановтардың есімін Социалистік Қазақстан газетінде жариялаған белгілі ақын Мәриям Хакімжанова екен. Онан кейін де Семей таңы және Иртыш газеттерінің № 96,97 сандарында (19 мамыр 1967жыл), Сарғайған сурет сыры атты К. Сәкиева мен С. Сырымбетовтардың бірігіп жазған, екі газетте бір мезгілде жарық көрген шағын мақала мен қоса екеуінің түскен суреттері шыққан.
Құлжанова өмірінің Семейдегі кезеңі ерекше шығармашылыққа толы болды. Ерлі-зайыпты Нәзипа, Нұрғали Құлжановтар Семей өңіріне шамамен 1904 жылдың аяғында ұлы Абай ақын дүниеден көшкен қаралы жылы қоныс теуіпті. Қос маман өздерінің ұстаздық жолдарын Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында қазақ тілінен сабақ беруден бастайды.
Құлжановтардың Семейге келуін зерттеушілер екі түрлі жағдаймен түсіндіреді. Бірінші пікір - 1905 жылы Құлжановтардың патша сақшы-ларының назарына ілігуімен байланыстырылады. Осыны сезген Нұрғали мен Нәзипа Торғай облысынан шеткері жатқан сахара төріне қарай - Семей қаласына кетеді, - дейді М.Ибраев. Екінші пікірдегілер - Нәзипаның ата-анасының ескі әдетпен біреуге атастырып, қызы үшін қалың мал алып қойғандығын тілдеріне тиек етеді. Санкт-Петербург қа-ласының мұрағаттар қорынан алынған деректе Нәзипа айттырып қойған адамына тұрмысқа шыққысы келмей, ал қалың малды қайтаруға мүмкін-діктері болмағандықтан облыстың әскери губернаторына осы жағдайдан құтқаруға өтініш жасап, солардың көмегімен аулаққа - Семейге жөнелтіл-гендігі айтылады. Сайып келгенде, екі пікір де олардың жолдарын ашу пиғылында екендігі дау туғызбайды.
Құлжановтар Семейдегі іргелі оқу орны болған Оқытушылар семинариясына мұғалімдік қызметке келгенде онда болашақтағы ұлт тұлғалары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, сондай-ақ Әлкей Марғұлан-ның білім алғаны зор мақтанышпен айтылады.
Осы кезеңде қазақ әдебиеті тарихына өшпес із қалдырған ізденімпаздығы арқасында этнография тақырыбын зерттеп, мақалалар жазады. 1917 жылы Семей облыстық қазақ сьезіне қатысып, оның төралқасы құрамына енеді. 1920 жылы Қырғыз Қазақ АКСР Оқу ағарту комиссиаратының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару мен басапсөз істері жөніндегі комиссияның белді мүшесі болған. Осы қызметте жүріп, жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі Орталық комититеттің мүшелігіне енген.
Ұзақ жыл оқытушы болып жұмыс істеген Нәзипа қазақ мектептері үшін оқулықтар жазған. 1923 жылы Орынборда Мектептен бұрынғы тәрбие, 1927 жылы Қызылордада Ана мен бала тәрбиесі атты әдістемелік кітаптары басылып шығады.
Сонымен қатар қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналистердің бірі. 1922 жылы Еңбекші қазақ газетінің редакция алқасының мүшесі, 1923-1925 жылдары Қызыл Қазақстан (бүгінгі Ақиқат журналы) журналында жауапты хатшы, 1925-1929 жылы Әйел теңдігі журналында жауапты қызмет атқарады. Айқап, Қазақ, Бірлік туы, Алаш басылымдарында оқу-ағарту мәселелері туралы мақалалар жариялаған.
Оның есімі педагог, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, этнограф, аудармашы ретінде қазақ тарихында мәңгілік қалды. Мысалы, Б.Лавреневтің Қырық бірінші (1928), А.Куприннің Лапылдап жанған крейсері (1927), А.Скиталецтің Дала соты (1923), В.Короленконың Күн тұтылғандасы (1923) сынды аудармалары оның қаламының ұшқыр, қарымды болғанын дәлелдейді.
Кейде қазақшадан орысшаға да аударды (Ы.Алтынсарин - Көктем).
Нәзипа қазақ және орыс халқы арасында Абайдың поэтикалық шығармашылығын алғаш насихаттаушы болды. Ол Абайдың Махаббат туралы, Желсіз түнде жарық ай (Безветренная ночная луна) өлеңдерін орысшаға аударды. Соңғысының аудармасы 1915 жылы Сибирский студент журналында басып шығарылған болатын.
Нәзипа Сегізбайқызы күнделікті мұғалімдік қызметпен шектелмей, қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтау, музыкалық фольклорына көңіл бөлу, қала өміріндегі маңызды мәдени-ағартушылық шаралардың жүзеге асуына ұйытқы болу жағына баса назар аударады. Нәзипа Сегізбайқызы мен Нұрғали Құлжанұлының Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне қызметкер-мүше (член-сотрудник - Г.К.) болып 1913 жылдың 25 қыркүйегінде жалпы жиналыстың шешімімен сайлануы - сөзімізге толық дәлел. Әсіресе, Императорлық Орыс География қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің есебіне қарағанда 1914 жылдың 1 қаңтарында барлығы 137 мүше болған. Оның төртеуі құрметті мүше, 113-і толық мүше, 20-сы қызметкер-мүше, соның ішіндегі көптеген ұлт өкілдерінен бірде-бір әйел болмаған. Ал жалғыз қа-зақ қызы Нәзипаның сол құрамда болуы - оның қайраткерлік биікке көтеріле бастағанын аңғартады.
Нәзипа Сегізбайқызының Императорлық Орыс География қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне мүше тұңғыш әрі бірден-бір әйел екендігімен қоса, сондағы президиумның тоғыз мүшесінің бірі болған. Және де Нәзипа Құлжанованың қазақ мәдениеті тарихындағы есімін әйгілей түскен екі кеш - сол кездегі тарихи-мәдени құбылыс саналды. Оның бірі 1914 жылы Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына байланысты Семейде үлкен еске алу кеші өтеді. Бұл ақын бабамыз қайтыс болғаннан бергі мерзім ішінде тұңғыш атаулы шара болатын. Сол кезде Айқап журналы Абайды қазақтардың көбі әлі толық білмейді екен. Ол кісіні бір қазаққа емес, барша Семей жұртшылығына кеңінен таныстырған Нәзипа Құлжанова деп жазды. Нәзипа еске алу кешіне көп дайындалды. Рұқсат сұрап, губернаторға хат жазды. Оны үш ай тосады. Ақырында алғашқы кеш Семей қаласында 1914 жылдың 26 қаңтарында өтті. Ол Императорлық Орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің этногра-фиялық, әдеби-музыкалық, вокальдық кеші еді.
Алдын ала кештің бағдарламасы жасалып, кешке кім қатысып, қандай өнер көрсететіндігі анықталып, тынымсыз дайындық жұмыстары жүргізілген. Аталмыш жиын қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының қайтыс болғанына он жыл толуына әдейі арналып ұйымдастырылған.
Кештің бірінші бөлімі тұтас Абайдың өмірі мен қызметіне арналған. Қазақ ақыны Ибрагим (Абай) Құнанбаев және қазақ поэзиясы деген тақырыпта баяндаманы қазақ және орыс тілдерінде жасаған Нәзипа Сегіз-байқызы Құлжанова болды.
Кеште Абайдың әндері мен күйлері орындалады. Орыс көрермендері Нәзипа ханымның таза орыс тілінде сөз сөйлеуіне таң-тамаша қалған. Абайдың өмірбаяны мен творчестволық мұрасы хақында тартымды әңгіме өрбіп, онан Пушкин, Лермонтов сияқты ақындардың шығармаларын қазақша сөйлеткендігі жөнінде қилы салыстырулар келтіріп, ақырында Татьяна мен Онегиннің сүйіспеншілік хикаяларын тарамдай баяндаған.
Екінші бөлімде орыс ақындары мен композиторларының шығармалары орындалса, үшінші бөлімде Г.И.Павловтың Шамандық туралы баяндамасы назарға ұсынылады.
Кеште қазақ халқының әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне байланысты сахналандырылған этнографиялық этюдтер көрермендер көңілінен шыққан. Әрі қазақтың ұлттық киімдерінің үлгілерінен көрме ұйым-дастырылған.
Берер тағлымы мол осынау кештің ойдағыдай өтуіне Нұрғали мырза Құлжановтың, Абай балалары Кәкітай мен Тұрағұл Құнанбаевтардың, ақынның інісі, ірі қаламгер Шәкәрім қажы Құдайбердиевтің лайықты үлес қосқандықтары айдан анық еді.
Н. Құлжанова ұйымдастырған, екінші кеш 1915 жылдың 13 ақпанында өткен. Кештен түскен қаржы Петроградтағы мұсылман соғыс ауруханасы (лазарет) мен тұрмысы нашар қазақ шәкірттерінің мұқтажын өтеуге тең бөлініп жұмсалған.
Жалпы қазақ өнері хақында сөз сөйлеп, әсіресе, Біржан-Сара айтысының тарихын көпке білдірген Нұрғали Құлжановтың ойлары да көптің көкейінен шыққан.
Соңғы кешке жаңа орындаушылар, әсіресе, талапты жастар көптеп тартылған. Семей Оқытушылар семинариясының шәкірттері Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаев, Тайыр Жомартбаев пен Мұстақым Малдыбаев, медресе тәмамдаған азаматтар, ұстаз, ақын, журналистер, Абайдың жанында жүретін заманындағы белгілі скрипкашы Мұқа Әділханұлы өнер көрсеткен.
Онан соң Орал, Торғай, Жетісу, Семей облыстарының жас келіншектері ұлттық киім үлгілерін көрсетті. Ең ақырында қыз-келіншек, бозбала айнала отырып өлең айтысып, әдебиет кеші осымен сағат 12 жарымда тарқады, - деп жазды Міржақып Дулатов.
Сонымен, сөзімізді түйіндесек, тарихшы Кәрібжанова Гүлжан Арапқызы айтқандай: Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова көп қырлы талант деуге әбден лайық. Ол - ұстаз, ағартушы, қайраткер, журналист, жазушы, аудармашы. Ол - қазақ мәдениеті тарихынан өз орнын ойып алуға тиіс ірі тұлға.

1.2. Нұрғали Құлжанов - үлгілі ұстаз әрі қоғам қайраткері
Құлжанов Нұрғали 1896 жылы Торғай уезінде дүниеге келген ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың бағына біткен мәдениет қамқоршысы, Алаш қайраткерлерінің бірі. Орынбор мұғалімдер семинариясын бітірген. 1905 жылда Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында сабақ беріп, соңынан жоғары бастауыш колледжде қазақ тілін оқытады. 1906 жылы 1 қаңтарда 3-дәрежелі Қасиетті Станислав орденімен марапатталған. [1] 1908 жылы Батыс Сібір Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне мүше болып қабылданады. Бөлімшенің тексеру комиссиясы құрамында болып, аймақ тарихы мұражайы бөліміне көне тарих, музыка, фольклорлық мұра туралы материал жинауды тапсырған. 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына Нәзипа Құлжановамен бірге әдеби кеш өткізуге қатысады. Облыстық қазақ съезінде 1917 ж. Семей облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып сайланған. Қазақ комитетінде жүріп, ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуіне үлес қосады. Қазақ, Бірлік туы, Үш жүз газеттерінде жазған мақалалары жарияланды. 1919 жылғы тарихи оқиғалар барысында Колчак жендеттерінің қолынан қаза тапты. [2]
Нұрғали Құлжанов аласапыран ауыр күндерде өз халқының болашағы үшін күрескен қоғам қайраткерлерінің бірі. Ол өткен қаратүнек заманда орыс мәдениетінен нәр алып прогресс жағында болды, қазақ жастарының оқып білім алып, азамат болып қалыптасуына айрықша көңіл бөліп еңбек сіңірді.
Нұрғали Құлжанов сияқты жайсаң жанның таңғажайып тұлғасын, өмір жолын бір мақалада түгел қамту, әрине, мүмкін емес. Сондықтан біз бұл жерде ұстаздың жүріп өткен ізін, халық үшін аянбай істеген қызмет жолын шолып қана өтуді дұрыс көрдік.
Нұрғали Құлжановтың балалық шағы қазақ аулында, еңбекші бұқараның арасында өтеді, білімі артып, сана-сезімі өсіп, ұлғая келе оның дүние тану дәрежесі де биіктей түседі, өзін қор - шаған шындыққа сыншыл көзбен қарап, өз халқының өміріндегі құбылыстарды ұға бастайды.
Бостандыққа білім мен әлеуметтік про - греске ұмтылған өршіл қайсар Нұрғали Құл - жановтың бет алысы билеуші үстем тап өкіл - деріне, патша чиновниктеріне ұнамайды. Қа - зақ даласын емін-еркін билеп төстеген бай-феодал - дарға алдына тосқауыл болатын Нұрғали Құл - жанов сияқты қайсар көзі ашық жастың ізіне түседі, айтқанына көніп, айдағанына жүріп келген қазақ аулының тыныштығын бұзатын Құлжановтарды ертерек елден айдап шығып, көзін жоғалтудың қамына кіріседі. Оның үстіне, орыстың алдыңғы қатарлы таңдаулы дәстүрінде тәрбиеленген Нұрғалидың зайы - бы Нәзипа Құлжанова жұрттан бұрын азаттық жолына түсіп бостандық, теңдік туын көтерген, күң болып қасірет шеккен, ошақ басындағы қазақ әйелдеріне игі әсерін тигізеді. Бұл жағдай қазақ аулын билеп-төстеушілердің ашу ызасын келтіреді. Сондықтан жаңалықтың батыл жаршыларының соңына түсті, оларды қуғынға ұшыратты. Патша жендеттерінің улы тырнағына ілініп кетпеуі үшін Құлжановтар өз қонысын тастап, Семей қаласына келді.
Олардың Семейді қалауы ол кездейсоқ емес еді. Өйткені ол үлкен облыстың ор - талығы ретінде оған Қарқаралы, Павлодар, Өс - ке - мен, Зайсан, Се - мей уездері қарады. Семейде орыс, қазақ оқу орындары басқа жер - мен салыстырғанда көп еді. Жас қазақ интеллигенттері өсіп келе жатқан дала өлке - сіндегі мәдениет орталықтарының бірі сана - латын.
Оның үстіне Ресейдің алдыңғы қатарлы ойшылдарын, олармен пікірлес азаматтарды Семейден жиі кездестіруге болатын еді. Бұлар жергілікті қазақ халқына, оның озық пікірлі оқыған жастарына игі ықпалын тигізіп, оларды артынан ертіп, алғы арман мақсаттары үшін күреске бастады. Сол орыс халқының демо - кратиялық, революциялық бағыттағы аяулы ұлдарының қатарына қазақтың ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты ағартушыларының жолын қуған про - гресшіл ағартушы, демократ қазақ инте - ллигент - терінің тобына Нұрғали Құлжанов та енді.
Көптеген ұлттар мен халықтарды қыспаққа ұстап отырған патша үкіметі тұсында мектепке қазақтың ана тілін оқытудың қаншалықты қиындыққа түскені өзінен өзі мәлім. Қазақ тілінің оқулықтары, көмекші құралдары әлі жасалмаған кезде, ұлы орысшыл шовинистер бұратана халықтың тілі деп қарайтын кезде, әртүрлі ұлттан құралған оқушылардың сүйікті мұғалімі болу Нұрғали Құлжановтың аса білімді, оқыту, тәрбиелеу жұмыстарының методикасын жете меңгерген озат педагог болғандығын аңғартады.
Н. Құлжанов кезінде Алтынсарин бастаған дәстүрді одан әрі дамытып, қазақ балаларына арнап сауат ашу мектептерін ұйымдастырды, және сол мектептер үшін қазақ тілінің әліппесін жазу жұмысымен шұғылданды [3].
Қызметтес болған жолдастарының және өз қолында оқып білім алған шәкірттерінің ай - туынша Н. Құлжанов жазған қазақ тілінің әліппесі өзінің мазмұны және құрастыру прин - ци - пі жағынан жақсы туынды болған. Мұнда ав - тордың орыстың атақты педагогтарының оқулықтар құрастыру жөніндегі методикалық табыстарына сүйенгендігі байқалады. Бірақ, әртүрлі себептермен Әліппе басылмаған. Алайда оны қазақ мұғалімдері кезінде қолжазба ретінде бірінен бірі көшіріп алып, тіл құралы ретінде пайдаланып жүрген.
Нұрғали Құлжановқа мамандығы жағынан жақын, пікірлес дос, жолдас болғандардың ішінен Мұстахим Малдыбаев, Бекенғалиды (Бекмұхамбет Жақыпұлы) атап кетуге болады. Осылармен бірігіп Н. Құлжанов 1913 жылы Семейдің Заречная слабодкасында қазақ бастауыш мектебін ашады [3].
Мұндай мек - тептер ол кезде Ашық типті мектептер деп атайтын. Бұл мектептерге қазақ тілінің оқу құралы өте қажет еді. Әліппені жазуға басты себептің бірі де осы.
Сонымен қатар, Нұрғали Құлжанов сол кезде Семей қаласында жетім балаларға арналып ашылған Жамияти Хайрия (садақа қоғамы) деп аталатын тәрбие үйлерін ұйымдастыруға да белсене қатысады. Онда қазақтың бір - сыпыра жетім балалары тәрбиеленді. Өйт - кені Жамияти Хайрия негізінен халықтан жи - налған қаржымен күн көретін. Сол қаржыны қазақ азаматтарынан жинау жұмысына Нұрғали Құлжанов белсене араласады [4].
Нұрғали мен Нәзипа екеуі де өздері өскен ортасында жайсаң мінездері, жолдасқа, досқа деген адалдықтары, турашыл, әділетті, адам - гершілік қасиеттері ерекше көзге түсіп, көп - шіліктің құрметіне бөленген.
Құлжановтар оқу іздеп Семей қаласына даладан келіп жататын қазақ жастарына қолынан келгенінше қамқорлығын жасап, оларды оқуға орналастыруға, қаржымен көмектесуге көп күш жұмсады. Тіпті көптеген жастар оның үйінде тұрып оқыды. Нұрғали мен Нәзипаның осындай көмегі тиген адамның бірі - қазақтың белгілі жазушысы Сапарғали Бегалин. Ол алғаш рет Семейге оқу іздеп келгенде, бір жылдан астам сол Құлжановтардың үйінде жатып оқы - ғанын айта келіп: Күндіз жұмыс істеп кешкілікте бір-екі сағат Нәзипаның өзі, кейде Нұрекең де сабақ үйретіп, жазу жаздырып, есеп шығартады [5] деп жазды. Сапарғали осы үйде жүріп сол кездегі жаңа шыққан кітап, журнал, газеттермен танысып, оларды оқып үйренеді. Нұрғалидың тікелей көмегімен қызыл школ деп аталатын орыс мектебіне түскен Сапарғали сабақты жақсы оқиды. С.Бегалин көзбен көрген, бастан кешкен жайларға құрылған өмірбаяндық романы Замана белестерінде жоғарғы айтылған жағдайды еске ала келіп: менің осы мақтана айтып отырғанымның ерекше бір нәрі - Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің үйінде тұрған бір жылдық өмірім еді. Өйткені, ол үйде Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің адамгершілік ерекше қасиеттерін өзіме өнеге етсем, оның үстіне сол үйде тұрғанда жаңа заман сәулесін ана тілімді құрметтей оқитын газет, журнал болды [5] деп зор шабытпен жазды.
Октябрь революциясының алғашқы жыл - дарында Зайсан уезінде алғаш уездік халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, сауатсыздықты жою және балалардың панасыздығымен күресу жөніндегі төтенше комиссияның председателі болған Георгий Михаилович Хамутов - Құлжановтар семьясының жақын досы болған. Семейдің мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезінде ол екі жыл (1906-1907 жылдары) Құлжановтардың үйінде тұрып, тәрбиеленген. Өз ұстаздары Нұрғали мен Нәзипа туралы 1967 жылы жазған естелігінде: Мен 1906-1907 жылдары Семейдің мұғалімдер даярлайтын семинариясында оқып жүргенде Құлжановтан сабақ алдым. Орыс тілін аса жақсы сөйлейтін, оқымысты қазақ көргенім осы еді... Мен Құлжановтардың үйінде екі жыл пәтерде тұрғанымда тағы да бір білгенім, олардың саяси және әдеби кітаптарды өте көп оқитыны. Мен алғаш рет А. С. Пушкиннің Капитан қызы повесін Нәзипаның қолынан көріп: Бұл неғылған кітап? - деп сұрағанымда, Нұрғали қатты ренжіп: Пәлі, оны білмесең несіне орыс болып жүрсің, - деп артынан мазмұнын ұзақ әңгімелеп бергені бар. Өзінің Құлжановтар туралы пікірін қорыта келіп, Г.М. Хамутов: Менің олармен бірге өткізген уақыттарымды өмірімнің ең бір жақсы кезеңі деп есептеймін. Жасымнан жетім өскен мен бұл үйде таза әкелік көзқарасты, күнделікті аналық қамқорлықты кездестірдім. Ол екеуінің мейрімі кеудеме нұр құйды. Мен олардың алдындағы адамгершілік парызымды қалай өтесем деп терең ойға қалушы едім. Бұларды құлай сүйгенім, құрметтегенім сонша, Нұрғали Құлжанұлы оқытқан қазақ тілін бар ықыласыммен оқып, мұқият үйренуге бел будым. Менде қазақ тілінен әр уақытта өте жақсы деген баға болды ... Нұрғали мен оның әйелі Нәзипа сол кездегі жоғары мәдениетті, прогресшіл көзқарастағы кісілер еді.
Адам баласына жақсылықты ғана ойлайтын жаны кең, бауырмал Нұрғали мен Нәзипа өзде - рінен дәріс алып жүрген оқушыларға және Семей қаласында тұратын, оған сырттан келіп кетіп жүретін ойшыл талапты жастардың бәрі - не де ақылшы ұстаз, жаттығы жоқ жақын жол - дас, жанашыр дос болды, оларға кішіге - аға, апа, үлкенге - іні, қарындас болды. Мысалы, халық - тың сүйікті ұлы бола білген дарынды ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Нұрғали және Нәзипа Құлжановтардың қоғамдық өмірі мен қызметі
Әйелдер публицистикасының ерекшеліктері
Республикалық әйелдер баспасөзінің тұңғышы - Азат әйел
Н.Құлжанованың мұраларының зерттелуі
Қазақстандағы мектепке дейінгі педагогиканың дамуы
Қазақстандағы мектепке дейінгі педагогика
Семей бөлімшесінің мүшесі ретінде Орынборда Қазақстанды зерттеу жөніндегі қоғамда жауапты қызметкер атқарған алғашқы қазақ әйелі
Әйелдер басылымдарының дизайны
Бөрте ханым - Шыңғыс ханның әйелі
Құлжанова Назипа Сағызбайқызы
Пәндер