Дәстүрдің жаңғыруы, Ежелгі қазақ әдебиетінде бар поэтикалық үлгінің дәуірлер өте келе жаңа қырынан түлеуі
МАЗМҰНЫ
Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .1-3
ХІХ ғасыр ақындардың өлеңдеріне шолу ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .4-8
Д.Бабатайұлы өлеңдеріндегі өмір бейнесі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 9-11
Өр рухты Өтемісұлы Махамбеттің өлеңдері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...12-14
Шортанбай шығармашылығы ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .14-16
ХІХ ғ. ІІ жартысындағы ұлы ақындардың өлеңдеріндегі өмір бейнесі ... ... ..17
Үш дананың замана сазы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...17-28
А) Ш.Уалиханов зерртеулерінің мәні мен маңызы
Ә) Ы.Алтынсариннің тәрбиелік мәні зор өлеңдері мен әңгімелері
Б) А.Құнанбаевтың асыл мұрасы
2.2 Шәкәрім шығармаларының өмірлік маңызы ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... .29-30
2.3 Ақан сері өмірінің өз өлеңдерінде көрініс табуы ... ... ... ... ... ... ... .. ... .30-34
2.4 Шәңгерей шығармашылығы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..33-35
Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..36-37
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...38
КІРІСПЕ
Аласапыран ХІХ ғасыр ақындары бәрінен бұрын халықтың жоғын сөзбен жоқтап, елдің мұңын өлеңмен толғаушылар. Жаңа әдебиеттің дәуірлік басты белгілерінің елеулісі де осы. Сол тұстағы әдебиет жанрлары мен көркемдік бітімі де осындай заңдылықтардан тарады. Жыраулар поэзиясы үш түрде жасалған: толғау, арнау, мадақтау, - деп тұжырымдайды академик Сейіт Қасқабасов. Көптеген ақындардың даралық сипаттарға ұмтылып, сол ХІХ ғасырдың өзінде жыраулық үлгі-дәстүрді ұстана отырып, өзіндік көркемдік мән мен танымдық көзқарастарды айқын білдіре түскендігін профессор Әнуар Дербісалин: Мұның өзі ақындар поэзиясының ауыз әдебиетінен біраз ұзап, профессионал әдебиетке қарай бет алуындағы шешуші қадам екендігін жазады. Ақындар поэзиясының айқын сипаты. Бұл ғылыми тұжырымдар қазіргі қазақ әдебиетінің заңдылықтарын сипаттаудағы түйінді көзқарастарды білдіреді. Толғау, арнау, мадақтау тәрізді поэзиялық шығармалар түрлері іштей сан-салалы сипаттарымен ерекшеленіп , жіктеле түсетіндігі мәлім. Тарихи жырлар, тарихи өлеңдер секілді тарихи ықылымнан басталып, бертінгі жаңа әдебиет дәуіріне дейін ұласқан әдебиет нұсқаларының жанрлық бітім болмысы қазақ әдебиетінің де даму заңдылықтарының өзекті тұстарын айқын көрсетіп береді.[1.21]
ХІХ ғасыр ақындарының шығармалары дәстүрлі сипаттармен бірге жаңашылдық, рухымен ерекшеленеді. Көбінесе толғау, тебіреніс үлгісіндегі шығармалар ақын-жыраулардың поэтикалық символдарды шебер қолданып, түрлендірумен, өлең өлшемдірінің өзін барынша еркін құбылту мүмкіндігімен дараланып, поэзияның қайталанбас бітімді ақиқатына айналды. Шал, Дулат, Махамбет сынды дара тұлғалардың асыл сөздері - соның дәлелі.[1.25]
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті жаңа кезеңдегі авторлық әдебиеттің біржолата алдыға шығып, әдеби ағымдардың күш ала бастауымен ерекшеленеді. Осыған дейінгі кезеңде біртіндеп, қалыптасқан авторлық шығармалар ғасырдың алғашқы ширегінде әдеби шарттылыққа айналды. Қазақ даласына, халық тұрмысына келген тарихи өзгерістер, қоғамдық дамудың барынша жедел қарқын алуы, саяси-әлеуметтік дүмпулер әдеби шығармалардың тақырыбынан бастап, поэтикалық болмысына, жанрлық жаратылысына дейін әсер етті. Нақты оқиға, белгілі тақырыпқа арналған, авторы анық шығармалар ел ішінде кеңінен таралды. Әрі ақынның көзі көрген оқиғаларды сипаттауы бір жағынан әсерлі болса, екінші жағынан тыңдаған, оқыған, жанды иландырарлықтай куәгерлік жөнімен баурап, тартып тұратындығы күмәнсіз.
ХVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басындағы кезеңде орын алған тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлардың ықпалымен ақындар шығармаларында мынадай негізгі сипаттар біржолата айқын көрініс танытты. Көркем сөз тебіреністеріндегі бұрын байқалатын әлеуметтік сарындар бұл кезеңде барынша күшейді. Қоғамдық-әлеуметтік толғаныстардың өзара үндесе келе,тұтас бір әдеби ағымға ұласқаны соншалық, ұлттық тарихи сананың өзекті сөзіне айналғандай еді. Бұл сарын қазақ даласына келген орыс отарлаушыларының озбыр саясатына сәйкес одан әрі үдей берді. Тұрмыс-тіршілік, ақлықат (имандылық, адамшылық, кісілік, махаббат, ошақ басы т.б.) мәселелерін толғаған туындылар да өзінше нақтылық сипат алып, үлкен ұлттық әдебиеттің астарындай жарыса дамыды. Олар жер-су, атамекен, ұлт-азаттық, саяси-азаматтық бостандық сарындарына тонның ішкі бауындай үндесіп, өзінше бір көркемдік таным жүйесін құрды. Бұл шығармаларда тарихи-әлеуметтік жағдайлардың ұлттың тұрмыс тіршілігіне, мінез-құлқына жақсылы-жаманды әсері де көрініп отырды. Хандық дәуір әдебиетінің тегеурінді дәстүрі біртіндеп, елдік , мемлекеттік мүддені көксеген ұлттық азаматтық әдебиетке, өріс кеңейте бастаған еді. Хандық құрылымның күйреуі, ел ішіндегі дүрбелеңді кезең, қазақтың табанынан жылжып бара жатқан ел билігінің өкініші ақындарының көкірегінен шер болып құйылды. [1.26]
Курстық жұмыста ХІХ ғасырдағы ақындар толғауларындағы өмір бейнесі, замана көрінісі, халық тағдыры жайлы сөз қозғалады. Сол кездегі ақындардың басты сарыны мен олардың өлеңдеріне арқау болған өмір бейне құбылыстары мен әр ақынның өзіндік ерекшеліктеріне назар аударылған.
Сонымен қатар, жұмыста сол заманның қаламы үшкір, қарымы қарқынды деген ақындар таңдалынып алынып, солардың шығармашылығы, өмірдерегі мен еңбектеріне арқау болған негізгі жағдайлар жақсы көрсетілген. Бір ғана кезеңді сипаттайтын ХІХ ғасыр ақындарының шығармашылық сарыны күллі адамзаттың ғұмырында өміршеңдігімен ерекешеленеді. Олай дейтін себебіміз, Дулаттың, Махамбет, Шортанбай сыныда ақындардың үстем тап пен төменгі тап өкілдері, билік пен халық арасындағы орына алатын келеңсіздіктеріне қатысты мәселелер әлі күнге дейін маңызын жоя қойған жоқ. Осыған қоса, Шоқан қалдырған құнды еңбектердің мән-мағынасы, мазмұн тереңдігі, Ұлы Абай мұра еткен өлеңдер мен қара сөздердің өмірлік, дүниетанымдық тағылымы мен танымы, Ыбырайдан мирас боп қалған білім-ғылымға деген үндеулер қазақ халқының өткені мен бүгінінде сабақтаса келген, негізігі өмірлік мәнін жоғалтпаған аманаттар. ХІХ ,асырда өмір сүрген әнші-ақын, жыршы жыраулар, сал-серілер арасынан ойып алар орны бар Ақана серідей саңлақтарымыздың жөні бір бөлек. Өзінің басынан кешкен қиын-қыстау кезеңдерден терең ой түйіп, соны қиыннан қиыстыра жырға қосқан Ақан шығармашылығындағы өмір өткелдері, достық, махаббат сынды мәнді мәселелер қазіргі қоғамға да, болашақта да маңызын жоймас тақырыптар. Ал философиялық, сүйіспендік тақырыптарға арналған лирикалық өлеңдерді өзінше түрлендіріп, түйіндеп жазған Шәңгерей ақын ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің өзгеше дамуына өзінше үлес қосқан болатын. Оқыған, ойлы, саналы ақын өмірдің әр алуан құбылыстарын өзінше бақылай келіп түйгені - өмірдің әрдайым өзгеріп отыратындығы еді. Ендеше, осындай кемеңгер ақындардың келелі туындыларына жеке-жеке тоқталып өтейік.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХІХ ғасыр ақындарының шығармалары дәстүрлі сипаттармен бірге жаңашылдық, рухымен ерекшеленеді. Көбінесе толғау, тебіреніс үлгісіндегі шығармалар ақын-жыраулардың поэтикалық символдарды шебер қолданып, түрлендірумен, өлең өлшемдірінің өзін барынша еркін құбылту мүмкіндігімен дараланды.Сол замандағы өмір бейнесін ашық көрсетіп сынай түсті.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Осы зерттеуді жүзеге асыру барысында XIX ғасырда өмір сүрген ақындардың өмірі сонымен қатар өлеңдерімен танысуды мақсат етіп қойылды. Осы мақсатқа жету барысында келесідей міндеттер белгіленді:
ХІХ ғасыр ақындардың өлеңдеріне шолу
ХІХ ғ. ІІ жартысындағы ұлы ақындардың өлеңдеріндегі өмір бейнесі
Зерттеу жұмысының нысаны ретінде ғасыр әдебиеті, әдебиет тарихы , әдебиет өкілдері, олардың халықтың өміріне тигізген әсері, әдеби шығармалары алынды.Және осы жұмыстың негізгі бөлімі осы нысандар негізінде жүзеге асырылды.
Зерттеу жұмысының әдістері. Жинақтау-өңдеу-сарапау-талдау-сарал ау-сипттау-салыстыру-іріктеу-жүйеле у.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден , екі тараудан, әр тарауы үш тараушадан және жалпы қорытынды, сонымен қатар пайданылған әдебиеттерден тұрады.
ХІХ ҒАСЫР АҚЫНДАРЫНЫҢ ӨЛЕҢ ТАҚЫРЫПТАРЫНА ЖАЛПЫ ШОЛУ
Тарихи жыр, тарихи өлеңдердің жаңа әдебиеттің дастан, поэма сынды кейіннен әбден қалыптасқан басты жанрларының дамуына негіз болғандығын нақ осы кезеңнің әдеби процесінен байқауға болар еді. Дастан, поэтикалық портреттер, арнау, мадақ, жырларының түрленіп келген әрқилы үлгілері, жыр өлшемінің жаңа әдебиет тынысына орай түлеп жаңғыруы, терме толғаулардың ойшыл философиялық толғамды өлеңдерге ұштасуы - осы кезеңдегі әдебиет тынысының белгілері. Жанақ, Шал (Тілеуке), Абыл, Түбек, Шөже, Орынбай мұраларындағы арнау, тұрмыстық толғам өлеңдерінің өзгеше бітімді өрнектері өткен ғасырлардағы қазақ жырауларының жиі қолданған жыр үлгілерінен өлшем, ырғақ, бейнелеу әдістері жөнінен де даралана бастаған болатын.
Жамандар өзін-өзі зорға бағалар,
Бір өзінен басқаны төмен салар.
Жақсылар ағын судай, асқар таудай,
Жаймалап қайда жақсы орын алар,
Жігіттер, сақтаныңыз жаман достан,
Досыңның жаманынан артық дұшпан.
Өштескен жаудан адам сақтанады,
Тиеді достық оғы қапылыстан, - деп ой тербейтін Шал Құлекеұлы (Бес ғасыр жырлайды кітабының басылымдары бойынша ақынның туған және дүние салған уақыты 1748-1819 ж.ж. деп көрсетіліп келеді. Кейінгі зерттеулерде, 1999 жылы жарық көрген Шал ақын Құлекеұлы кітабында (207-бетінде) 1760-1831 ж.ж. деген мерзімді ұстанған жөн деген тұжырым айтылады) өлең өлшемдерінің өзі-ақ ежелгі жыр, терме үлгілерінен алшақ шығып жатады. Әрине, терме, жыр үлгілеріндегі туындылар Шал ақында да бар. Айтыс ақыны, жыраулық поэзияның ірі өкілі десек те, Шал ақынның шығармаларынан жаңа дәуірге етене жалғасқан ақындық мектептің алғашқы нышандары жиірек көрінеді. Сыршылдық, ойшылдық тебіреністің жеке ақындық мәнерін басы қолданып, дамыта өрбіткен сөз зергерлерінің алғашқы легінде де Шал Құлекеұлының қолтаңбасы тайға таңба басқандай айқын. Шал ақынның шымыр, ширақ туындыларының ұршықтай үйірілген композициялық жинақылығы автордың дара шешендігін, сөз зергері екендігін білдіретін ақындық бейнелі шебер тіркестері қазақ өлеңінің сол замандағы жаңа сипатты бітімінің де дәлелі. [1.27]
Жаманға дәулет бітсе әуе айналар,
Жақсыға байлық бітсе басы айналар.
Басыңа жазатайым бір іс түссе,
Арасы дос пен қастың абайланар.
Халықтың тұрмыстан түйген даналығы. Шал ақынның шығармашылығы осындай өмірге жақындығымен, тіршілік толғамдарының түйінді тақырыптарын (достық, адалдық, қарттық, әйел, құт-дәулет, хан мен қара, т.б.) желілеп өрбітумен, халық, ел, тұрмыс санасына қонымды сөзді сөйлеуімен оқшауланады.
Ауыз әдебиеті шығармаларында батырлық, мәрттік, сал-серілік (рыцарьлық) рухында пафостық леппен жырланып келген ұғымдар ендігі жерде өмірге жақын, шынайылық сипат ала бастады. Мифтік қасиеті басым батырлық, қаһармандық дегендердің орнына - халық, адам басына түскен әртүрлі қилы кезең, қысталаң сәттердегі жүректілік, қару-қайрат көрсетер ерлік туралы ұғымдар келді. Мифтік, аңызнамалық туындылардағыдай сұлулық сарындарының орнына - қылығымен , көркімен, ұлттық әдебімен т.б. кісілік қасиеттерімен ажар сымбаты келісті келісім тапқан адами сұлулық көбірек жырланды. Әдебиетте әлеуметтік портреттер жиі көрініс берді. Жақсы адам мен жаман адам кейпі, жақсы әйел мен жаман әйел сыны, бақыттың баяндылығы мен құсыздық себептері, жомарттық пен сараңдық, қайырымды бай мен сараң бай, халал мен харам секілді тұрмыстық-әлеуметтік толғамдар әр қырынан, оның ішінде адам пиғылымен астастырыла жырланды. Бұрынғы ежелгі классикалық ауыз әдебиетінде де өз деңгейінде желі жалғастырған бұл тақырыптар жаңа дәуір басындағы шығармаларда тұрмыстық, өмірлік мағынасын байытып, заман ағымына жақындатыла түсті. Мәрттік, хас асыл азаматтық туралы әдеби толғам, суреттердің тұтас галереясы қазақ жырының ұзақ тарихында әріден желі тартады.
Әйткенмен, әр ғасырлың әр заманның белгісі айқын. XV ғасырдың аяғында Шалгез (Шалкиіз, 1465-1560) жырау өзгеше бітімді жыр кестесімен:
Жайыңды білген қарындас,
Ол қарындас һәм жолдас
... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
Емен шайнап, тал қайзар,
Құлан, бұлан баласы.
Екі енені тел емген,
Бұзылмайды жас тұлпардың саурысы.
Қатты бір тартып, бек тартсаң.
Қайырылып барып тез сынар,
Қайың оқтың жарқасы.
Белбуардан саз кешсең,
Тобығыңнан келтірмес,
Қамалаған қалың туған арқасы!
деп, қанша қайратты келсе де, туған елсіз ер пұшайманекендігін суреттегенде күрделі баламалармен бағамдап жеткізсе, Би Темірге арнаған сөзінде: [1.28]
Едігеден туған ұғылдың
Мырзасы өзің болғасын
Атан құмас бурасын
Һәр ісіңде турасың, - деп мінездейді. Бұдабай Қабылұлы (1830-1890) арада төрт ғасыр өткендет әйекені жоқтауында тақілеттес ойларын:
Ішіңе симай қинады
Қайратың мен өнерің
Өрге жүзген наһандай
Өнеріңнен не көрдің
Ақырында ажалға
Қайратың болды себебің
Көкем менің бар еді
Ай мүйізді қошқардай
Артықша тағдыр бақ берді
Қанадан шығып тасқандай
Сақилығы бар еді
Баязити Бастамдай
Ақылдыққа келгенде
Рүстеми дастандай - деген жолдармен жеткізеді. Бірінде батырлық пен өнерді зор санаған, бірінде - Ақырында ажалға, қайратың болды себебің - деп, сорға балаған мағыналық шендестіруді тереңдеп айтпағанның өзінде, ХІХ ғасыр ақынының теңеулеріндегі Бастам хандығындағы дәйектемелерді оқыған, тоқыған, кітаби білімі байқалатын адамның сөз өрнегі.
Шалкез бен М. Бұдабайдың осы екі өлеңінмен байқалатын поэтикасындағы стилистикалық ерешеліктер үлкен екі дәуір Шалкиіз жырында қабат-қабат үстемеленіп, үдете түскен ақындық сөз өрнегі қалың күрделі, салалы да қимыл әрекетке бай. Бұдабай Қабылұлының өлеңінде өлең өлшемі мен өрнегінің өзара үйлесімді тепе-теңдігі байқалады. Поэтикалық өрнек, троптар жеңілдетіліп, мағына мазмұн айқындығына, ойдың түсініктілігіне телінген.
Абылай заманында он жеті жасында билік айтқан Көтеш Райымбекұлының (1745-1818) аз да болса, сақталып жеткен шығармаларынан өз заманының өзекті тақырыбы тұрмыс философиясы, елдік, бірлік, бүтіндік сарынында көрінеді:[129]
Аспанда бір жұлдыз бар жылыстаған,
Ағайын жат болмайды ұрыспаған.
Екеуің ай мүйізді көк қошқарсың,
Бастарың бір қазанға сыйыспаған.
Шоң,Шорманым, сен бе едің мақтай жүрген,
Бар өнерің осы ма сақтай жүрген.
Оралдың екі ақиығы араз болса,
Жапалақ жем қылмай ма қаптап жүрген?!
Көтеш ақын дәстүрлі қара өлең үлгісінде өз тұсындағы замана сөзін өрбітеді. Бірліктің, елдіктің жолы сыйластық, ұрпақ жарастығыекендігін насихат етеді.
Ата тілін алмаған арам ұлды,
Аузы түкті кәпірден кем демеңіз.
****
Ата тілін сыйлаған адал ұлды,
Хат оқыған молдадан кем демеңіз.
Әр шумақтың үшінші, төртінші тармағына түскен мағына қазақ ақындарының сол тұстағы әсерінен, ішкі мүдделі ойынан туындаған.
Сегіз сері (Мұхаммед-Қанапия Баһрамұлы (1818-1854)) бірлік, достық ниеттегі өнегелі ойын әдеттегі әнге, суырып салма ақындық мақамға бейім тұратын өзінің әншілік өлең өрнегінен шығып, қарымды, қанатты сөз қатарын түзіп, үлгілі насихат түзеп, мәтелдеп жеткізеді.
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң.
****
Абзал адам кер болмас,
Асыл пенде өр болмас.
Қанша мықты болса да,
Ел қорғамай ер болмас.
Енді бірде:
Алтын кұміс жиһаздың,
Бәрінен артық денсаулық.
Өлеңнің әр орамы жеке-жеке нақыл.
Қайсыбір толғамы халық даналығымен шарпысады, ой жарыстырады. Соңғы екі жолдағы отбасының берекесі туралы көзқарасы тағы да сол тұстағы бірқатар ақындар мен шешенде, ділмарлар шығармаларында қозғалатын ойды өрбіте түскен. Ақын өмір шындығына жақындатып, ауызекі орамды тілмен жеткізіп, өлеңнің құрылымы жағынан да жаңа ырғақпен ойын ұтқыр өріп үдетіп отырса да, мұндай мәндегі, өрнектегі сөздер ықылым замандағы Асан қайғының құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер.. деп басталатын мұңды толғауының мағынасы мен мәнерін еске түсіреді. Дәстүрдің жаңғыруы, Ежелгі қазақ әдебиетінде бар поэтикалық үлгінің дәуірлер өте келе жаңа қырынан түлеуі. Бір қарағанда қазақ өлеңінің тың жаңалығы ретінде көрінсе де, өзегі берік, тамыры тереңде жатқан сырлы сөз. [1.30]
Қазақ халқының тұрмыстық құт-дәулетінің тұғыры әлімсақтан айтылатын Әуелгі байлық - денсаулық, екінші байлық - ақ жаулық, үшінші байлық - он саулық сынды даналық толғамынан мәлім. Есте жоқ ерте замандардан жеткен ақылман сөз. Осының өзі отбасы берекесінің ел тұрмысында қаншалықты маңызды орын алатындығын аңғартып-ақ тұр. Әйтсе де, XVIII-XIX ғасырлардағы аласапыранды кезеңдерде осы тақырып барынша жаңғырып, әр қырынан түрленіп, ақын-жырау, ақындар шығармашылығындағы өзекті үлгілі сөз жүйесіне арқау болған еді. Сынаған, мінеген, мадақтан, өсиет еткен бұл сарындар әулет мұраттарын жан-жақты сараланған туындылар желісін құрайды.
Ақын туралы профессор Мұхаммед Жармұхаммедов: Ақын туындыларынан қанатты сөздер де елеулі орын алады - деп жазады.
Ел бірлігі, ағайынның ырыс-берекесі осы дәуірдегі көп жырланған тақырып. Ол тақырыпты Шал ақын секілді тұлғалар:
Үлкеннен көрген зорлығың,
Жаманнан көрген қорлығың,
Ойлап тұрсаң бозбала,
Дұшпаннан көрген күшпен тең.
Ағайының көп болса,
Бірлігі оның бек болса,
Жамандық жер кез келсе,
Бір-біріне сеп болса,
Бүтін тұрған бұзылмай,
Отыз екі тіспен тең. - деп, ел ішінің берекесіне шақыра толғаса, Нұрым, Махамбеттер жорық жырында жаугершілік, отаршылдық қыспақ тұсында тізе қосып, қаруға - қару, тілекке - тілек тұтастыруды көксейді. Ел бірлігінің, бір жағадан - бас, бір жеңнен қол шығару идеясының осы кезеңде өзекті тақырыпқа айналғандығы да тегін емес.[1.31]
Отаршылдықтың уытынан, саяси-әлеуметтік бұғаудың буындыруынан шаңырағы шайқалып, берекесі қашып, шашылып-шашырай бастаған қауым тірлігін ел жақсылары мен ақын-жырау ойшылдары білді, сезді һәм көрегендікпен болжады. Әріде Асан қайғы сөздерінен бастау алған бұл тақырып, Бұқар, Махамбет, Дулат замаынындағы әдебиеттің туына айналғандай еді.
Өңкей жақсы қосылса,
Бітіреді кеңесті.
Өңкей жаман қосылса,
Шығарады егесті.
Мәмілемен іс бітер,
Бас қосып қалса көп есті.
Жақсының жолы - жарық күн,
Жаманның жолы - көмескі.
Майлықожаның толғауынан алынған бұл үзінді де бірлікке, игі-жақсылардың ниеттестігіне ой бұрады.
Әулет берекесі, баланың ата жолын қууы, отбасы-ошақ қасының сән салтанаты, отбасының дәулеті жайлы тәрбиелік тәлімдік сарын ақындардың барлығының шығармаларында жырланды. Мұның да кемеңгерлік көрегендік негізі бар еді. Елдік мемлекеттік жүйе әлсіреп, ыдырай бастаған тұста ұлттың абыз, жыраулары әулет мәртебесінен тірек іздеп, дәтке қуат етті. Ғасырдың екінші жартысында, жаңа ХХ ғасырдың басына қарай бұл сарын барынша айқын айдынданып, халықтың көксеген тілегіндей естілді.
Жер мен Ел тақырыбы осы кезеңдегі қазақ ақын-жырауларының жан тебіренісі, жүрекжарды қайғы-мұңы секілді жан ауыртарлық мемлекеттік тақырып мәртебесіне көтерілген. Асанқайғы, Қорқыт саздарынан мәлім Жер мәселесі бұл тұста терең түрде, халықтық мүдде биігінде жырланды. Жер қазақ елінің елдігін сақтап қалуы-қалмауы сынды қоғамдық-әлеуметтік таразы басына тартылды.[1.32]
Д. Бабатайұлы өлеңдеріндегі өмір мен заман бейнесі
Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Сандықтас өңіріyде туып, 1871 жылы дүние салған. Жырау алғыр, зерек болып өседі. Жасында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таниды.
Дулат өте шыншыл, турашыл, айтарын кімнен болса да тайсалмай бетке айтатын батыл ақын болған.Барақ төремен кездескенде, оның халықты патша әкімдерімен қосыла талап, жәбір көрсеткенін тайынбай бетіне басады.
О, Барақ жас, Барақ жас,
Жегенге тоқ, ішсең мас.
Жақсы болса ұлығы,
Өз елін жаудай таламас.
Қасқыр тартып, қан шықса,
Жаман ит жұлып жей берер,
Алды-артына қарамас.
Азғын елдің бектері
Қан шықса, елін жұлмалар
Қасқырменен аралас...
Сендер атқа мінген соң,
Тандыр болып суалды
Шалқар көлдей несібем, -
деп күйінеді, Ақын "Кеңесбайға" деген арнауын да әңгімені осы сарында өрбіте келіп:
Ыдысысың параның;
Қотара құйса толмайтын.
Ашылған әбден араның -
Түйені жұтсаң түгімен,
Биені жұтсаң бүгімен,
Қақалмай-ақ толғайтын, -
деп, екіжүзділігін, араны ашылған парақорлығын айтады.[2] Әділ, турашыл Дулат өз тұсындағы қазақтан шыққан әкім-төренің арасында бірен-саран болса да жұртының жайын ойлайтындары барын жоққа шығармайды. "Сүлейменге" өлеңінде Сүлеймен төрені адалдығы, әділдігі, еліне күйінетіндігі, дұшпанға қаһарлы, қаттылығы, мінезінің сабаз, салтанатының сәнділігі үшін марапаттап, шабытты жырын төгеді. Мұнда төренің көңілін аулап, жағынушылық жоқ. Егер ақын Сүлейменнің бойынан мін көрсе, Барақ, Кеңесбай төрелер, Ешен қазы сияқты, бетіне айтқызбайтындай ерекше себеп жоқ - Екіншіден, бұл арнауда да Дулат жаңағы төрелердің міндерін айтып шағынады. Егер бұл міндер Сүлейменнің бойында да болса, онда бұлар жайында сөз қозғамас еді. Үшіншіден, өз көзінің атқамінерлерінің елде итше ырылдасып, патша шенеуніктерінің алдында "қыздай қылышты" бола кететін куыс кеуде құнсыздықтарын:
Орыстың көрсе ұлығын,
Қыздан-дағы қылықты.
Ұлық кетсе, қазаққа
Қорқау қасқыр құлықты, -
деп шенеп, күлкі етеді. Әйтсе де Дулат Сүлейменге елдің нағыз еріне лайық іс тындырдың демейді. Қайта "ниетің түзу болғанмен, сен де айтарлықтай ештеңе тындырған жоқсың" дегенді астарлап жеткізеді[3.301]
Дулат ел өміріне көз жібергенде, адамдар арасындағы қарым-қатынас көріністерін хандық замандағы, бұрыннан келе жатқан өмір қалпы бұзылмаған кездегісімен салыстыра қарайды. Тегінде мәселе хандық билік, бұрынғы ел билеу тәртібі мен феодалдық өмір қалпының ескіргенінде немесе оларға замана ағымына үйлесетін өзгерістер енгізілудің қажеттілігінде емес еді. Мәселе халқымыздың қоғамдық өміріндегі өзгерістердің тарихи қажеттіліктен, эволюциялық даму жолымен емес, күштеумен, отаршылдық саясаттың мүддесіне бағындыра жүзеге асырылғанында еді. Туған халқын отты жүрегімен емірене сүйіп, оның тағдыры толғандырған - Дулат Бабатайұлының шығырмашылығында және сол ұлттың менталитеті мен рухына жат өзгерістер сыншылдық тұрғысынан көрініс тапты. Ақын:
Қой зор болып түйеден,
Құлын зор боп биеден,
Сөз оралмай жүйеден,
Бұзақы би боп тізілді.
Лашын өрлеп ұша алмай,
Ер майданға түсе алмай,
Үлкеннің тілін кіші алмай,
Елдегі жақсы бұзылды, -
деп, жақсы мен жаман, құндылық пен құнсыздық туралы ұғымдардың әділдік, шынайылыққа кереғар түрде өзгергенін сыншылдық, шыншылдықпен көрсетеді. Ақын байлар саудагерлік жолына түсіп, соның арқасында жамандардың бағасы көтеріліп, қырандар - асыл азаматтар ескерусіз, елеусіз болып қалғанын айтады.[4.805]
Мәстек озып, бәйге алды,
Тайша бұл боп, тай қалды,
Бағасыз қыран жай қалды,
Достықтың қылы үзілді, - дейді кейіспен.
Бірталай үлкен ақындар, солардың ішінде Абай, Сұлтанмахмұт та бар, назар аударған: еңбек етіп, бала-шағасын бағудың орнына тамағы піскен үйді аңдып, иесінің қас-қабағын бағып, жағынатың, аузына бірдеңе тисе, елеуреп шыға келетін кер жалқау қазақ кедейінің бейнесін Дулат та айнытпай жасайды. Ондай сорлының өлер жерін білмей, әулекіленген сыйқы әрі күлкілі, әрі аянышты. Сен де ақынды қайталап:
Қымыз құмар, сөз құмар,
Сор құмар өңшең сорлылар,- дейсің ішіңнен.
Ал енді ұлы сықақшы суреттеген мақтаншақ, өтірікшінің сатиралық бейнесі әлгі жалқау кедейдің екінші нұсқасы іспетті.
Жау көргенде, көздейсің
Ши бұтаның тасасын;
Жау кеткен соң, жотада
Кердең-кердең басасың;
Бір күн тойса тамағың,
Тасқын судай тасасың;
Қарның ашса бір түске,
Солбырайып солғандай...
Адам баласы өмірінің мән-мағынасы бақытқа талпынудан тұрады. Ал сол шынайы бақытты отбасынан ғана табуға болатыны жайында ұлы ойшылдар мен ақындар бірін-бірі қайталап айтумен келеді. Отбасы дегеніміз - ерлі-зайыптылардың бірлікте өмір сүретін ұясы ғой. Демек, бақыт - тағдырларын табыстырған қыз бен жігіттің бір-біріне деген айнымас сүйіспеншілігі, өмірде кездесетін куаныш пен қайғыны, баршылық пен жоқшылықты қатар тұрып, тең бөлісуі, сергек сезімталдықпен бірін-бірі аялап, тату-тәтті ғұмыр кешуі деген сөз. Бұл үйлесім бұзылған бойда, отбасының қызығы мен берекесі кетіп, бақыты сорына айналмақ.
Қазақ фольклоры мен ақын-жыраулар шығармашылығындағы отбасы мәселесінде "жақсы әйел - жаман әйел" тақырыбы дәстүрлік сипатқа ие. Ақын-жыраулар арасында аталған тақырыпқа жыр тудырмағаны кемде-кем. Дулат жаман әйел тақырыбын жекелеп алып, мейлінше өткір де шынайы суреттейді.
Жаман болса қатының,
Қонбаса айтқан акылың,
Үйіңнің іші жау болып,
Отыңның басы дау болып,
Көп көзінше қыжыңдап,
Оңашада ызыңдап,
Құрбың келсе, құрысып,
Көрінгенмен ұрысып,
Қайраумен тілің мұқалып,
Қалың өңің жұкарып,
Үйіңнің іші қаңырап,
Өмірден көңлің тоқырап,
Белдеу жаудан жаман жоқ.
Ащы болса да, шындық. Бұл - бір дәуірге, бір ұлт пен ұлысқа ғана емес, барлық заманалар мен халықтарда кездесетін шындық.[5.35]
Махамбет жаңа заман ақыны
Көркем өнер мен көркем әдебиетте қашанда екі процесс қатар жүріп жатады. Бірі - күнделікті тіршілік ағымында болып жатқан құбылыстар мен өзгерістерге сәйкес өткінші тақырыптар мен идеялар, проблемалар мен оқиғалар суреттеліп, әдебиетте өз көрінісін тауып жатады, немесе ойдан туған сюжеттер шартты түрде бейнеленіп, фантастикалық түрде баяндалып, болмыс астарлы сипатта көрсетіледі. Мұндай жағдайды өмірдің өзі, болмыс қажет етеді. Сол қажеттілікке әдебиет пен өнер өзінше жауап береді.
Екіншісі - әдебиет пен өнерде ескірмейтін, өшпейтін мәңгілік проблемалар, мен ой-пікірлер орын табады. Бұлар, көп жағдайда жалпыадамзаттық мәнге ие болады. Сондықтан олар ешқашан маңызын жоймайды, керісінше, әр ұрпақ пен әр қоғам ондай әдебиетті өз кәдесіне жаратады. Алайда мұндай әдебиетті жасау кез-келген ақынның немесе жазушының маңдайына жазылмаған. Тек классиктер ғана мәңгілік және бүкіл адам баласына ортақ ой-пікірі мен сезім дүниесі бар туындыларды бере алады. Ондай шығармалардан әр заманда, әр қоғамда өмір сүретін адамдар өзіне қажеттіні іздейді, оны табады, сөйтіп, одан рух іздейді, қуат алады.
Махамбет те осылай. Одан ХХ ғасыр қазақтары таптық, әлеуметтік мәндегі нәрсені іздесе, бүгінгі ұрпақ тәуелсіздік пен азаттық рухын табуда. Сонымен қатар, біз Махамбеттен жалпыадамзаттық ізгіліктер мен құндылықтарды да іздейміз. Ал, келер ұрпақ Махамбеттен басқа проблеманы іздейтін күмәнсіз. Сөйтіп, Махамбет алдағы ұрпақтарға да, келесі ғасырларға да маңызды әрі мағыналы ой айтып, өз биігінен көрінері сөзсіз. Өйкені ол - классик ақын.
Әлбетте, классиктер де өз дәуірі мен қоғамы талап еткен ой-пікірді айтып, зәру шығармалар тудырады. Ол да белгілі бір кезеңде өзекті болған мәселеге соқпай кетпейді. Махамбет те - солай.
Махамбет - жаңа заман ақыны. Ол өз заманы талап кеткен әдебиетті жасаушы, яғни Махамбет жаңа әдебиеттің басында тұр. Махамбеттің заманы қандай еді? Бұрынғы қазақтың өз мемлкет жоқ болатын. Халық жат жұртқа бодан болған. Ел басшылары халыққа қорған болудан қалған. Керісінше, отарлаушылармен ауыз жаласқан. Ресей тәртібі ене бастаған Жәңгірдің жерге, салыққа, билікке қатысты енгізген жаңалықтары ежелгі тіршілік үрдісіне қайшы келген-ді. Ақсүйектер мен бұқараның алшақтауы күшейген еді. Отарланған елдің бұғаудан құтылу жолындағы күресі тынымсыз жүріп жатты т.б. [1.231]
Міне, осы дәуірде өмірге жаңа әдебиет келді. Жаңа әдебиетте бұрынғыдай әміршіні дәріптеу жойылды. Жалпақ жұртты отаршылар мен хан, сұлтандарға қарсы ашық күреске, қарулы ұрысқа шақыру, жұмылдыру - басты тақырып болды. Осыны жүзеге асыру үшін шығарманы қоғамның қатардағы мүшесіне жолдау - мақсат тұтылды.
Махамбет өз дәуірінің тынысын, талабын дұрыс түсініп, көре білді. Сол себепті де ол әдебиетті жаңа бағытқа бұрды. Ең бастысы көркем әдебиетті хан сарайынан шығарып, бұхара ортасына әкелді. Әдебиеттің міндеті - әміршіге қызмет ету емес, қоғамға қызмет ету деп білді. Қоғамға қызмет ету - әр адамға, оның сезіміне әсер ету, оның бойында рух көтеру, сөйтіп көпшілікке ықпал ету деп түсінді. Осы себепті Махамбет әрбір сөздің қуатын, құдіретін, барынша пайдаланған. Сөйтіп ол, көркем поэзияның өзіне тән табиғи функциясын қайта жандандырды, оны дамыта түсті. Екінші сөзбен айтқанда, Махамбет сөздің магиялық күшін, эмоциялық қуатын, эстетикалық әсерін күшейтіп, зор биікке көтерді.1.232]
Махамбеттің бізге жеткен шығарамсының саны - 80-ге жуық болса, соның 20 шақтысы көтеріліске дейін туғаны сезіледі. Солардың біразында жас ақын жыраулық дәстүрді ұстанғаны көрінеді. Ол бірде ежелден қалыптасқан, көп жырау қолданған, тіпті эпосқа да кірігіп кеткен тұрақты формулалар мен шумақтарды пайдаланса, бірде көрген-түйгені мол мосқал адамша нақылданып сөйлейді, ендігі кезекте ақыл айтып, көп нәрсені қорыта, жинақтай баян етеді. Мәселен, көтерілістен бұрын шыққанға ұқсайтын бір өлеңі - Арғымақ баласы. Мұнда да Махамбет бұрынғы жыраулық үрдсті сақтап, нақыл айтады, дүниедегі текті адамдар мен асыл жануарлардың, басқа да нәрселердің басты-басты қасиеттерін сипаттап, неге солай деген сұраққа өзі жауап береді: [1.236]
Арғымақтың баласы
Арығанын білдірмес,
Арқамнан қосым қалар деп.
Хас жақсының баласы
Арада тұрып сөйлемес
Жауым таба қылар...
(Арғымақтың баласы)
Махамбет шығармашылығына жас кезінен қанына сіңген тектіліктің жолы, естігендері мен көргендері, көңіліне түйгендері оған өзін тәуелсіз ұстауға негіз болғаны шүбәсіз. Мұны біз Махамбеттің шығармаларынан байқаймыз. Мысалы, Арғымақ, сені сақтадым атты толғауында ол көпті көрген дана жырауша адалдық пен арамдық жөнінде, жақсы адам мен жаман адам туралы ой толғап, маңызын ешуақытта жоймайтын, ескірмейтін мәселені қозғайды: [1.237]
Жақсыменен дос болсаң,
Айырылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Алдыңнан шығар өбектеп,
Жаныңа не керек деп,
Жаманменен дос болсаң ,
Айырылмас күні қос болсаң
Басыңа қиын іс түссе,
Қолдан берер есептеп,
Сыртыңнан жүрер өсектеп... [1.238 ]
Исатай қаза болғаннан кейінгі Махамбеттің өмірі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі - ол Жайықтың бергі жағына шығып, қайтадан қол жинауға күш салып, көп әрекеттенген кезі. Екіншісі - ол ойы жүзеге аспай, сегіз жыл сергелдеңге түсіп, қуғында болуы және сатқындықпен өлтірілуі.
Сөйтіп, Махамбет жалғыздықты сезініп, өзінің ойлағанын жүзеге асыра алмағанына, өзін көпшіліктің түсінбегеніне күйініп, қапаланып, біршама өлең-толғаулар шығарады. Бұл - Махамбет өмірі мен шығармашылығы жолындағы ең ауыр, жан күйзелісіне толы кезең. Оның мұңға толы, сезімге бай, көркемдігі кемел өлеңдері мен толғаулары осы мезгілде туған. Олар - ескірмейтін, сыры мен сыны бұзылмайтын, таза поэзия үлгілері. Өйткені бұларда әлемдік мұң теориясына (теория всмирной скорби) лайық терең де тұнық сезім, шынайы да мәңгілік тұлғаға айналған әр адамның басында, жүрегінде болатын мұң, күйік, тарығу, жабығу, жалпы айтқанда, өз заманынан, қоғамынан озған, сол себепті түңілген ойшыл жанның жалғыздықтан шеккен жан азабы бар.
Махамбеттің бұл тұстағы шығармаларының айырықша қасиеті-философиялық ой-толғамға, психологиялық параллелизмге құрылып, ақын өз тағдырын жалпыға ортақ байлам, ақиқат түрінде және табиғаттың құбылысына баламалап әсерлі сипаттайды. Өкініш те, күйіну де, жабығу да, тіпті, түңілу де - бұл шығармада орын алған. Қайда бар? атты өлеңінде осы кездегі өз жайын ақын былайша баян етеді:
Қатын, бала, қара орман,
Баршасын жауға алдырған,
Құрулы жатқан жебеге
Құрсаңынан шалдырған,
Асыра келп ойласам
Бұ заманның шағында
Махамбеттей зарығып,
Мұңды болған қайда бар?
Бұл мұң қара басының ғана мұңы емес. Бұл - жалпақ жұрттың түсінбегенінің мұңы, жаудан жеңілгенінің мұңы емес, керсінше, күш-қайраты, абырой-атағы, беделі дұшпанымен бірдей бола тұрған, тиісті дәрежеде төтеп бере алмаушылықтың мұңы. [1244]
Шортанбай шығармашылығы
Шортанбай ақын әдебиетіміздегі Зар заман деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі. Ол бүкіл саналы өмірі мен бойындағы ақындық асыл дарынын туған халқының отаршылдық езгідегі ауыр халін, оның ертеңгі болашағаның мән-жайын жырлауға арнады, өзі куә болып отырған заманның кесел-мерездерін өзгелерден бұрын сезініп, соны аяусыз әшкерелеуге аянбай атсалысты. Сол арқылы ақын қамсыз жүріп қамалған ел-жұрттың сана сезімін оятпақ болып, осыған орай өз тұсындағы игі жақсыларға да ой салып оларды имандылық жолымен адалдық адамгершілікке тартып дұрыс жолға бастамақ болады. Діннің құдірет күшін дұрыс түсінген ақын өз мақсатын осы ертеден қалыптасқан тәсіл арқылы жинақтауды көздейді. Бұл діншілдік оның кемшілігі емес, қайта оның мұсылмандық жолын жетік білген артықшылығы, даңғыл білімдарлығы болып табылады. Бір атап айтарлық жәйт: ақын ислам шариғаттарын жұртқа бірыңғай насихаттауды көздемеген, қайта сол діндегі имандылық, әділдік, адамгершілік мәселелерін тек халық мүддесіне, оның жарқын болашағына байланысты алып астастыра жырлайды. Бұл ақынның Қожа Ахмет Иасауиден бастау алатын біздегі сопылық әдебиетпен тереңнен жалғасып жатқан көне дәстүрдің айқын көрінісі еді.[1315]
Шортанбай өз дәуірінің шындығын бұлтарыссыз жырлап, көңілдегісін кімге болса да бетке айтатын болған. Қоғамдағы адамның мін-кемшілігін аяусыз сынап жөнге салуды мақсат тұтады. Өзгені сынауды ол, ең алдымен, өзінен бастайды. Ақын өмірдегі тойымсыздық пен дүниеқорлықтың сырын өз басынан тауып: [1317]
Қожа емес едім, сарт едм,
Арқаға келіп нан жедім,
Нан жедім де дәндедім.
Жүйргі болса мінсем деп,
Сұлуы болса сүйсем деп,
Жарамды тонын кисем деп,
Күннен күнге сәндендім - дейді.
Ақынның Зар заман топтамасына кіретін жырлары оның дүниеге көзқарас, танымын ашып белгілейді. Мұнда ол заманның бұзылып, танымастай боп өзгергенін үй-іші отбасындағы көріністер арқылы дәлелдемек болады. Шортанбайдың айтуынша, сүттей ұйып отырған отбасының адамдары дәстүрлі қалпынан айырылып, ата-ананы үлкенді сыйлаудан қалған, тіпті, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы да өзгерген, әркім өз білгенімен жүріп-тұрып, бас-басына би болған заман болды деп шошынады. Мұның ақыры болмашыны кек тұтып, заң қуып арыз жазатын, тілмаштарға жем болатын кез болды деп көрсетеді. [1319]
Мұның өзі қар заман,
Қарлығының белгісі:
Ұл сыйламас атасын,
Арамсідік болған соң,
Атасы бермес батасын...
Өзі қылған өкінбес,
Қыз сыйламас анасын...
Сыйламайды ағасын,
Алысып жыртар жағасын...
Ақсақалдан ұялмас,
Жүгірісіп қалаға
Қаныққан соң жалаға!
Осыған қоса, Шортанбай қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздік жайын сөз ете келіп, бай мен кедейді бірін артық, бірін кем жаратушы бір құдайдың ісі деп қорытса да, олардың ой-пиғылдарының әр түрлі екенін де аңғартады. Ақын Бір пара жанды малды қып, бір пара жанды малсыз қып жаратқан Аллаға ризашылық білдірсе де, бай мен кедейдің арасындағы айырмашылыққа наразылық танытқандай болады:
Байлар сәнге мінеді,
Жазы-қысы құр атты,
Жарлы да өліп қалған жоқ,
Оның да көңілін жұбатты
Жалғанның беріп жарығын
Бишара жанды қуантты
Мінер атқа кем қылып,
Қара жермен тең қылып,
Бір пара жанды жылатты.
Бұдан тыс ақын Жалғанның жарығын бергені үшін ризашылық білдірген кедейді тәубаға шақырып, ал дәулеті тасып шалқып отырса да ұрлық қылатын тойымсыз байлардың парақорлығын да өлтіре сынайды.[1321]
Ақынның пайымдауынша, зар заманның тұсында өз тобындағы жарлы кедейдің қамқоры болып келген байла да қайырымдылығынан айырылып, қарасудан қалды, жаздай арық күздей пішен шапқан момынның тапқанын тілмаш пен бай бөліп алып зорлық-зомбылық жасайтынын да шындық күйінде сипаттайды.
Шортанбай бай мне кедейдің арасындағы қарама-қайшылықты Құдайдың жаратуынан болды, ол тағдыр ісі десе де, байлардың қайырымсыздығы ол дүниеде өзінің алдынан шығады, түбінде Алла алдында жазасын тартады деген сыңай танытады.
Шортанбайдың бүкіл зар жырларын көктей өтіп зер сала қарасақ, бұлардың бәрінің сопылық бағытта, яғни діншілдік сипатта жазылғанын көру қиын емес. Ақынның пайымдауынша, ең алғаш адамды Алла жаратқанда, бірін адал, енді бірін арам, екіншісін ғалым, үшіншісін залым етіп жаратты, сол секілді кәпір мен мұсылман да осы талаптар бойынша өмірге келді. Тіпті, бай мен кедей де Құдайдың әмірімен бақас болып жаралған, елге қызметімен жағатын адал басшы мен парақор, зұлым билеушілер де, сол әлгі талаптың нәтижесі деп санайды, сондықтан ол адам баласына қанағат, ынсап бер деп Алладан сұрайды. Әсіресе, мұсылмандардың ораза намазды қаза жібермей орындап, шариғат жолына берік болуын қалайды, оларды әділдік, адамгершілік, имандылыққа шақырады. Ал, заманның бұзылып, адамдардың мейірімділік орнына жауыздыққа, зұлымдыққа бейім тұруын ақын ақырзаманның жақындауынан деп қорытады. Сонда болатын құдай алдындағы сұрауды, күнәлілер мен күнәсіздердің Сират көпірінен өту мерзімін айтып тәубаға келтірмек болады. Мұны дәрменсіздік әлсіздік, құрғақ мистика деуге келмейтіні түсінікті, ақын бұдан өзге тәрбие жолының жоқ екенін дұрыс пайымдаған. [13.24]
ХІХ Ғ. ІІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ӨЛЕҢДЕРДЕГІ ӨМІР БЕЙНЕСІ
Жаңа дәуір әдебиетінің өкілдері де заман тынысын, жаңа көзқарастарын жырлауда ежелден жалғасып келе жатқан әдеби дәстүрден, дәстүрлі үлгілерден біржолата қол жеткізіп кете қойған жоқ. Ең алдымен жаңа тынысы ой, жаңа көзқарастар мен пікірлер, мазмұн дәстүрлі өлең, жыр, шешендік сөз, қарасөз үлгісіндегі дәстүрлі бітімде көрінді. Қазақ өлеңінің заманалар бойы қалыптасып, түлеп дамып отырған поэтикасы даму,заңдылығының күретамыры сынды көркем сөздің болмысын берік сақтап қалыптастырған болатын. Қазақ өлеңі атты үлкен өнер бітіміне тән ұйқастар, өлшем-ырғақ желісі, бейнелеу құралдарының құнарлы бай жүйесі халық эстетикасының ұзаққа жол тартқан эстетикалық танымының жемісі. Айтыс, арнау, қара өлең, толғау, терме, жыр, дастан, мадақ жырлар, батырлық жырлар, тарихи өлең жырлар кешені де жалғастығын тапты. ХІХ ғасыр ақындық өнердің айырықша кең қанат жайып, дамыған аса жемісті кезеңі деген ғылыми тұжырымосындай шынайы әдеби заңдылықты білдіреді. Әдебиеттің даму ерекшелігі сондай көркемдік тінінің беріктігі мен бірге жаңашылдығынан және сол кезеңде жасаған ақындардың сан жағынан да көптігінен танылады. Жекелеген ақындар шығармашылығындағы жаңашылдық рухымен біртіндеп өлең сөздің, жалпы әдеби туындылардың жанрлық, түрлік, көркемдік түрленулер көрініс тапты. Сөз қолданысары мен поэтикадағы авторлық қолтаңбаның қанық көрініп, даралана бастауы, бір жағынан уақыт талабынан туындаса екінші жағынан, жаңа әдебиеттің өмір тынысынан өрбіген сипаттары болатын. Әйтсе де, ХІХ ғасырдың екінші жартысында, соңында шығармашылық өнерімен әдебиет тынысын айқындаған ақын-жыраулардың мұраларында жаңағы айтылған өзіне дейнгі әртүрлі әдебиет үлглерінің бәрінде бірдей ой толғаушылық байқалады. Ақындардың шығармаларының барлығында жекелеген философиялық, лирикалық өлең, жыр, термелер де ақындардың шығармаларының барлығында дерлік көрініс береді. Бұл кезеңде жасаған ақын-жыраулар сан жағынан да, кейінгіге мұраға қалдырған шығармалары жағынан да аса бай әдеби жәдігерлік қалдырған. [6]
Жаңа дәуір әдебиетінің ірі тұлғаларының әкелген жаңалықтары
ХІХ ғасырдың орта тұсындағы екінші жартысындағы әдебиеттің, ұоғамтанушылық көзқарастың жаңашылдық сипаттары заман тынысынан туындады. Мәдениет пен білім саласындағы орысша хат танып, оқып білім алған, ресей мен Еуропа әдебиетінің дәстүрін жетік түсініп білген, өздері сол дәстүрде қазақ мәдениеті мен әдебиетінің түрлі мәселелерін қозғай бастаған толқын келді. Ақындық өнерде шығыстан гөрі, батыс көркемдік мектептерінің белгілері нышан бере бастады. Білім-ғылымның жаңалықтары мен сол дәуірдегі заман жаңғырығы негізінде әдебиеттің дүниетанымдық мүмкіндігі тереңдеді. Қаламгерлік мәдениет, ақындық парасат биігі көзге шалынды. Ертеректе түрік әдеби мұраларында (Әл-Фараби, Ж.Баласұғын, М.Қашқари) байқалған шы,ым дүниетаным мәдениеті негізінде биік парасат-пайым, жазу өрнегі қайта түлеп жаңғырғандай еді. Енді Еуразия аумағындағы Еуропа мен Азия мәдениеті тоғысында туған әрі ХІХ ғасырдағы ғылым жетістіктері биігінде жазылған, толғанған туындылар туындады.[740]
ХІХ ғасырдағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінде ірі талант кесек тұлғалы өнер иелері шоғырланып көрінеді. Ақындар, әнші ақындар, сал-серілер, айтыс ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz