Синтаксистік құрылыс және стильдер жүйесі


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   

СИНТАКСИС

Синтаксистің стилистикалық қызметі

Синтаксис - сөз тіркесінің, сөйлемнід құрылысын зерттейтін грамматиканың бір бөлімі. Бұл бөлімде сөздердің тіркесу қабілеттілігі, байланысы, сөз тіркестері мен сөйлемдердің түр-түрі, құрамы қарастырылады. Сонымен қоса тілдің синтаксистік ережелері мен синтаксистік заңдылықтарын айқындау мақсаты, көзделеді, тілдің синтаксистік тұлғалары мен синтаксистік құбылыстарын айқындау мен олардың мағыналық ерекшеліктері де сөз болады.

Тілде мағынасыз, мағына білдіруге қатыспайтын нәрсе жоқ. Әсіресе синтакснстік категория мен синтаксистік тұлғалар - адам ойын жинақты, тиянақты түрде білдірудің ұйымдастырушы бөлшектері де, сөйлем - ойды білдірудің негізгі формасы болып есептеледі. Сондықтан синтаксисті оқыған кісі рның мағыналық жақтарына мән беруге тиіс, ал тіл ғылымында синтаксистің жеке мәселелері өздеріне тән мағыналарымен бірлікте қарастырылуға тиіс.

Олай болса, стилистика ғылымының синтаксисті зерттеуінің мақсаты не болмақ?

Стилистика сөздер қалай тіркеседі, сөйлемдер қалай құралады, олардың тілдегі қалыптасқан жүйелері қалай болады, дегендерге жауап іздемейді және олардың әрқайсысы қандай мағынада айтылады? деп те жатпайды, - кісінің мақсатты ойын қалайша дұрыс айтуға болады? Ол, міне, осы сұраққа жауап іздеу мақсатымен синтаксис мәселелерін қарастырады. Сонда стилистика синтаксистік тұлғалардың жұмсалу аясын, мағыналық құбылыстарын, кісіге етер әсерін, экспрессивтік мағыналарын тіл жұмсау шеберлігі тұрғысынан қарастырады.

Сайып келгенде, стилистиканың мақсаты - дұрыс сөйлеуге, дұрыс жазуға үйрету.

Шебер суретшінің суреті, композитордың музыкасы, зергердің өнері - бәрі де нәзіктілікті ирек етеді. Онысыз ешбір өнерде шеберлік қасиет болмақ емес. Сөз шеберлерінің де жазғандарында қыбын тауып қиюластырып айтылған нәзік үн, әсерлі леп, терең мағына болуға тиіс.

Тілдің ой өрнегін салу қасиетін ұлы Абай сондықтан да былай суреттейді:

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһра ала алмас . . .

Толғауы тоқсан, қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл!

Стилистика ғылымы, соның бір саласы синтаксистік стилистика, осындай толғауы тоқсан тілдің ой өрнегін дұрыс салу мүмкіншілігін қарастырады; сөз маржанын тани білуді, сөйлемді дұрыс құрай білуді үйретеді.

Әрине, айтылғанның, жазылғанның бәрі бірдей “маржан” емес. Олардың да жақсысы бар, жасығы бар. Стилистика жақсыдан үйренуге, қате-кемшіліктен болуға шақырады.

Әрбір стильдік синтаксисінде өзіне тән ерекшеліктері болады. Мысалы. нақышы мол көркем тіл үлгілерін көркем әдебиет стилінен, синтаксистік амалдарды күрделі дәлме-дәл пайдаланып, сөйлемдерді қатаң құрау үгілерін ғылыми әдебиет стилінен байқаймыз. Әсіресе ғылыми стильде жазған адам ойының дәлме-дәл айтылуын көздеиді. Ол логикалық байланыстағы ойды бұлтартпай әрі дұрыс білдіретіндей тіл мүмкінділіктерін пайдаланып, тура мағыналарында жұмсауға тырысады. Сондықтан ғылыми стиль синтаксисінде күрделі құрам, құрмалас сөйлемдер жиі қолданылады.

Әдеби тілдің қай тілінде болмасын - оның бәріне тән нәрсе-ой айқындылығы, ол үшін сөйлем дұрыс құралу керек. Осы талап тұрғысынан әдеби тілдің сөйлемдері әбден қиюластырылып, сөздері рет-ретімен орна-ластырылып, синтаксистік басқа да тәсілдер белгілі қалыпқа түсіріліп жазылады. Әдеби тілде жазып отырған не сөйлеп тұрған кісі сөйлем құраудың бұл талаптарын да, оған керекті синтаксистік мүмкіншіліктерін де жақсы білуге тиіс.

Әдеби тілдің синтаксисін дұрыс бағдарлау үшін оны сөйлеу тілінің синтаксисімен салыстыруға болады.

Сөйлеу тілінің синтаксисі әрдайым жүйелі бола бермейді. Өйткені адамдар өз ара қарым-қатынас жасауда біріне-бірі әр алуан өмір әрекетінің жайын сөз қылады. Ондайда олар айтпақ пікірін алдын ала ойланып жазып алмай да сөйлей береді. Тіпті ойын ойланып, толғанып сөйлегенмен, оның сөйлем құрауында тілдік нормалар сақтала бермеуі мүмкін. Әдетте сөйлеу тілінің синтаксисі қарапайым, сөйлемдері қысқа-қысқа, көбінесе толымсыз болады.

Әдеби тіл халық тілінің ең жоғарғы формасы болатындықтан, студенттер стилистика пәнін әдеби тіл материалдары негізінде игеруге тиіс.

Әдеби тіл синтаксисінің стилистикаға да негізгі объекті болатын бір бүтін бөлшегі - сөйлем. Сөйлемдер әр алуан сөзден, сөз тіркестерінен құралып, түрлі-түрлі мағынада, экспрессивтік қызметте жұмсалады, олардың түрі көп, стильдік сыр-сипаты, кедір-бұдыр қыры көп. Сонымен қатар ол кісі ойының ғажайып жеміс бақшасы тәрізді. Сол бақшаның жемісінен "дәм татам" деген кісі сөйлемдердің стильдік қызметіне қанық болып, өзі оларды дұрыс жұмсай алатын болады.

Біздің басқаға хабарлайтын ойымыз жеке сөйлемдермен шектелмей, ұласа айтылған көптеген сөйлемдер қатарымен тиянақталып тұрады. Сондықтан сөйлем тізбектері бір-бірімен өз ара дұрыс байланыста болуға тиіс. Бұл - стилистика ғылымының басты талабының бірі. Мына мысалды сол талапқа сай құралған сөйлемдер тізбегі деуге болады.

Күн батып бара жаткан кезде, күйеулер отырған үйден үш-төрт жігіт шығып, қыз-келіншек отырған үйге қарай жүрді. Төрт жігіттің біреуі батсайымен тыстаған ақ елтірі тымағын көзіне таман киіп, насыбай атқан ернін томпитып шырт түкіріп қойып, қолындағы кішкене ақ домбырасын сыңқылдатыл шертіп келе жатты (С. Сейфуллин) .

Осындай, өз ара ішкі логикалық әрі синтаксистік байланыстағы сөйлемдерде ой дәлдігі, сөзбен салынған сурет болса, оның эстетикалық әсерін бірден түсініп, тез сеземіз. Ал байланыстары айқын емес сөйлемдер қатары айтайын деген ойдың түсінігін ауырлатады, не мүлде түсініксіз етеді. Оның үстіне сейлемдер қатары дұрыс тізіліп әрі мағыналық, әрі синтаксистік сымбаттылығын сақтамаса, айтылған ойда көрік болмайды, кейде бұлдыр, түсініксіз болады:

1. Оның әйелге тән тартымды рең басына маңғаз келбеті жарасып-ақ тұр. Бірақ оған қарамастан Ольга Всеволодина ағынан жарылып аңқылдап, біздің сұрақтарымызға барынша зейін қойып, зердемізге толық, жеткізгенше түсіндіруге тырысып бәйек болып-ақ отыр ("Адам және химия", 72-6. ) . Бұл мысалда әйелдің әсем келбетіне сұңғақ я денесі жарасып тұр деу үшін толып жатқан артық сөз қолданылған. "Оған қарамастан"екі сөйлемді ұластырушы жалғаулық қызметіндегі сөздер. Бұл арада олардың екі сөйлемді байланыстыру қызметінде жұмсалуының реті жоқ. Әйел тартымды, әдемі еді, соған қарамастан бізбен жақсы сөйлесті дегенде, қандай логика бар? Әйел ауру еді, соған қарамастан бізбен жақсы сөйлесті десе, оның жөні бір басқа. Онда оның - "дені сау", оз ара дұрыс байланысқан салалас құрмалас сөйлем болғандағысы.

2. Біз жоғарыда Орхон ескерткіштеріне жататын Тонькөкке арналған ескерткіштің тіліне біркелкі шолу жасадық. Осыған байланысты Тонькөк ескерткішін тек қазақ тілі материалы тұрғысынан қарауға болмайды. Мұндай ескерткіштер бүкіл түркі тілдеріне ортақ мұра. Бұл салада істелетін жұмыстар алда сан алуан (Қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясының мәселелері, 5-шығуы, 107-6. ) .

Осында төрт сөйлем бар. Оның біріншісі мен екіншісі арасында, үшінші мен төртінші сөйлем арасында ешқандай мағыналық байланыс жоқ, төртеуі төрт жаққа қарап тұр. Олардың басы зорлықпен бір жіппен байланып, қосақ-тала салынған сияқты. Оның үстіне текстегі жеке сөздер дұрыс қолданылмаған. Сондықтан автордың ойы дұрыс шықпаған. Оның айтайын дегені мынау: Біз жоғарыда Орхон ескерткішінің бірі Тонькөк ескерткіші тіпіне біраз шолу жасадық. Соған қарағанда, ол ескерткіш тілінің материал-дары тек қазақ тіліне емес, бүкіл түркі тілдеріне ортақ мұра екендігі аңғарылады.

Ойы анық, қаламының ебі бар адамның сөзінен сөз туып, сөйлеміне сөйлем ілесіп, ондағы сөздер қатары дұрыс тізіліп, олар әрі мағыналық, әрі синтаксистік байланыста айтылады. Бұл - жазу, сөйлеу өнерінің басты шарты. Сол өнерге баулитын да - стилистика ғылымы. Сонымен қатар стилистика ғылымының ерекше көңіл бөлетін мәселесінің бірі - синтаксистік синонимдердің қолданылуы.

Синтаксистік құрылыс және стильдер жүйесі

Мақсатты ойды дәлме-дәл айтуға жарамды тілдік тәсілдер жүйесі стильдер тобын құрайды. Әдеби тілдің ондай жүйелік қасиеті оның қоғамдық қызметі арту нәтижесінде, халық тілінің байлықтарын сұрыптап, талғап пайдалану нәтижесінде қалыптасады. Әдеби тіл қарым-қатынас қызмет бабына лайық түрлі стильдердің дамуына ұйтқы болса, керісінше, стильдер салаларының жетіліп кемелдене түсуі әдеби тілдің дамуына зор үлес қосады. Өйткені әр алуан әдебиет, мысалы, көркем әдебиет, ғылыми еңбектер әдебиеті, публицистика өсіп өркендеген сайын әрбір стильге тән тіл байлықтары сол топқа ойысады да, олар әдеби тілдің байлығына айналады. Тілдік тәсілдердің жеке стильдерге тиімділік орайында саралану барысында әрбір стиль тілде бұрын бардың негізінде және өзге тілдің игілікті ықпалы-мен кемелденеді, әдеби тіл жаңа сөз, жаңа орамдар тудырды, грамматикалық тұлғалар мен синтаксистік құрылыстардың тілдегі бұрынғы қызметтерін жандандырып, молайтып, оларға ерекше мағына үстейді.

Тіл байлықтарының жеке стильге бейімделе саралану дәрежесі әрбір стильдің қоғамдық қызметімен, сол құрамда жұмсалу тарихымен байланысты. Жазба әдебиет стильдерінде бәрінен де сөздік қордың жеке стильдерге тиімді болып оқшаулануы айқын болады да, морфологаялық тұлғалардың, оларға қарағанда, стильдік мүмкіншілігі солғын болады, ал синтаксистік формалар мен синтаксистік тәсілдердің соңғылардан гөрі стильдік орайда жұмсалу мүмкіншілігі мол. Соның өзінде тілдің синтаксистік құрылысы, біріншіден, барлық стильге ортақтық қасиетінің күштілігінен оның бір-бір қазыққа арқандалған, басы байлы белшектері аз болады, екіншіден, дамыған стильдер жүйелерінің қарым-қатынасы күшейген сайын, бірінен-бірі нәр алып, ауыс-түйіс орайда дамиды.

Синтаксистің стильдік қызметі, стильдік тәсілдері мол болатындықтан, әсіресе көркем әдебиет тілі тұрғысынан оның мүмкіншілігі өте жоғары бағаланады. Сондықтан болар, А. И. Ефимов "Стиль дегеніміз - құрылымдық-синтаксистік категория" - деп есептейді. Өйткені синтаксистік тәсілдердің көріктеу мүмкіншілігі әр алуан болатындықтан, жазушының синтаксисінен оның шығармаларының стильдік ерекшеліктері айқын көрінеді. Мысалы, шебер жазушы-стилистердің қаламынан шыққан "көркем сөз үлгілерінде авторлық пафос та, баяндаудағы экспрессивті-эмоциялы бояулар да, авторлармен персонаждардың дүниеге көзқарастары да, олардың ішкі сезімдері де көбінесе көркем туындылардың синтаксистік құрылыстары арқылы беріледі.

Басқа тілдік стильдер салалары үшін де тілдің синтаксистік құрылыстарын, олардың мол мүмкіншіліктерін дұрыс пайдаланудың мәні зор.

Әдеби тіл стильдерінің барлық түрлері үшін, барлық синтаксистік категориялар мен синтаксистік құрамдардың стильдік топтарға тәндік белгілері тайға таңба басқандай бадырайып көрініп тұрмайды, ондай нәзік құбылыстың ысылған, көреген көзге бірден байқалатындары да бар. Оларды былай қойып, кез келген синтаксистік бірліктерді белгілі стильдер аясында жалпы синтаксистік заңдылықтарын сақтай отырып, шебер, орынды, ретін тйуып дұрыс қолданса, олардың бәрінің стильдік еңі, стильдік қызметі болады. Мысалы, Мен оны көрдім. Екі бала дедектеп жүгіріп келеді тәрізді қарапайым жай сөйлемдер жатық, дұрыс құрылса, жалпы стильдік кескіндері де дұрыс деп танылады. Ал сондай сөйлемдердегі сөздердің біріне ой екпінін түсіріп, әуенін өзгертіп айтсақ, әрине олардың стильдік өңі бұрынғыдан өзгеше болады. Немесе Қолыңды тарт пен Тарт қолыңды! деген сөйлемдердегі сөздердің саны бірдей болғанымен, құрылысы, стильдік қызметі екі түрлі: алдыңғыда біреуге біреудің жай солғын бұйрығы айтылса, соңғыда долданып, ектемдікпен, ақыра, кейіп бұйырғандық аңғарылады.

Жақсы стилистер, осылайша, ана тілінің жалпы синтаксистік нормалары мен басқа да мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, сөз тіркестерін, сөйлемдерді өздерінше ерекше нақыш, әуен, екпінмен айтуға лайықтап та құрастырады. Көркем сөз шеберлері "ой толқынын, сезім ырғағын, пси-хологиялық тартыс пен тай-таласты тың тілмен, өзінше бір ораммен орайлап айтқысы келеді", - дейді М. О. Әуезов. Сол үшін сөз зергерлері тілде жоқты емес, әдеби тілде, халық тілінде барды "қиыннан қиыстырған" "тың тілмен" ой өрнегін құрастырады. Сондайдан әр сөз шеберінің өзіндік стиль ерекшеліктері жасалады.

Әдеби тілдің барлық стильдеріне қойылатын синтаксистік стиль талаптары тұрғысынан қарағанда, сөз тіркестері мен сөйлемдер құраудың нысанасы - ой айқындылыры екеңін жоғарыда айттық. Сол үшін сөйлемдегі сөздер сымға тізілген маржандай тандамалы, талғаулы, сөздердің сөйлемдердің мағыналық және синтаксистік байланыстары мүлтіксіз болуға тиіс. Синтаксистік құрылыстың осындай сымбаттылық қасиеті ана тілінің ғасырлар бойында қалыптасқан занды жүйелеріне негізделеді.

Солай бола түра әр стильдің қызмет бабы ыңғайына қарай синтаксистік құрылыстың жеке түрлерінің жеке стильге тән екендігі байкалады. Мысалы, әдеби тілде жиі жұмсалатын прогресшіл адамзат, қарқынды еңбек, жүзеге асыру, қолдау табу, кызу құттықтау, салтанатпен мерекелеу, бейбітшілік күштер, сүтті бастама, еңбек өнімі, зор ынта, табыстармен жауап беру тәрізді сөз тіркестері публицистика стиліне тән болса, асау терек, асау жүрек, қанды кек, алтын күн, салқын самал, тулаған толқын, ынталы жүрек, жанымның жарық жұлдызы, жүректің кен дариясы, суық ақыл (Абай), ой астары, бейбітшілік бақшасы, Отанымның жүрегі, жүрек сыры сияқты ауыспалы метафоралық сөз тіркестері көркем әдебиет стиліне тән, ал дауысқа қою, баяндама жасау, басшылық ету, қаулыны орындау, қол қою, мөр басу . . . сияқтылар кеңсе тілі стиліне тән. Сондай-ақ диалогты сөйлемдер сөйлеу тілі стиліне тән болса, Мидай дала. Жарық ай. Есік алды ығы-жығы тәрізді атаулы сөйлемдер көркем әдебиет тілі стиліне тән.

Сөйлеу тілі стилінде түсінігі ауыр күрделі орамдар, шұбатылған аралас құрмалас сөйлемдер көп айтылмайды. Ондай күрделі синтаксистік құрылыстарды ауыз екі тілде бірден дұрыс құрастыра салу да, оларды сазына келтіріп айтып шығу да, таңдау да қиын болатындықтан, шешендер әдетте сөйлемдерді тап-түйнақтай етіп ықшамдап, логикалық, синтаксистік байланыстарын берік ете баяндауға тырысады.

Ғылыми әдебиеттер стиліне де сондай талаптар қойылады, бірақ оқып түсінуге, кейде тыңдап ұғынуға арналған ғылыми еңбек, баяндамалардың текстерінде күрделенген орамдар, құрмалас сөйлемдер, сірестіріп құрастырған жайылма сөйлемдер жиі ұшырайды. Көркем әдебиетте де, мы-салы Л. Н. Толстойдың "Соғыс және бейбітшілік", М. Әуезовтің "Абай жолы", Ғ. Мүсіреповтің "Оянған өлке" романдарында күрделенген синтаксистік құрылыстар көп-ақ. Бұлардың жұмсалу мақсаты ғылыми әдебиеттегіден басқа. В. Г. Белинский айтқандай, ғалым дәлелдейді, ал жазушы суреттейді: "Философ силлогизмдер арқылы сөйлейді, ақын образдар, картиналар арқылы сөйлейді, бірақ екеуінің де айтатыны бір нәрсе"'.

Бір "нәрсені", бір ой, бір пікірді түрліше айтуға болатыны әдеби тілдің стильдік мүмкіншілігінің молдығын көрсетеді. Оларды белгілі стильдерге тән етіп, екшеп, "шоғырлау әдеби тілдің қоғамдық қызметінің кеңеюі барысында пайда болады. Стильдердің оқшауланып қалыптасу дәрежесі әдеби тілдің тарихымен, әр стильге тән әйебиет кадрларының молайып, марқайып дербестік сапасының артуымен байланысты.

Бір стильге тән құбылыс басқа стильдерге мүлде жат, оларда қолдануға болмайды деген ұғым тумау керек. Мысалы, терминдік тіркестер көбінесе публицистік және ғылыми стильге бейім, солай бола тұра олардың біразы көркем әдебиетте де кездесуі мүмкін. Мысалы, шахтерлер өмірінен жазылған "Қарағанды" романында кәсіби терминдер тіркестері көп, немесе айналаны суретгеу мақсатында жұмсалатын атаулы сөйлемдер көркем әдебиетке тән бола тұра, публицистикалық әдебиеттерде де кездесе береді.

Көркем әдебиетке тән көріктеу тәсілдерінің кейбір үлгілері жоғарғыдай газет-журнал тілінде жұмсалуы, немесе көркем әдебиеттегідей газет беттерінде ақ-алтын (мақта), қара алтын (көмір), Сыр маржаны (күріш), табыс кілті, сияқты ауыспалы мағыналы тіркестердің жұмсалуы әдеби тіл стильдерінің жігі білінбейтін біртұтас екенін көрсетпейді, стиль мен стильдің қарым-қатынасының, байланысының мол екенін көрсетеді. Стильдер тармақтары сараланып кемелденген сайын олардың жоғарғыдай ауыс-түйіс байланыстары күшейе береді.

Синтаксистік категориялардың бірі ол стильге, бірі бұл стильге ойысады деуге болмайды. Солардың әрқайсысының ішінара жеке түрлерінің, тәсілдерінің белгілі стиль аумағында көбірек қызмет атқаруы мүмкін (ондайды кейінгі талдаулардан көруге болады) .

Синтаксистік құрылыстың стильдік кызметін, стильдік бояуын айқын білдіруге себепкер болатын амалдың бірі -интонация.

Әдеби тілде жазылғанның бәрі оку үшін жазылады. Жақсы стилист әрбір сөйлемді құрастырғанда, оның айтылуы мен мазмұны, стильдік қызметі арасында тығыз байланыс бар екенін сезеді. Сайып келгенде ол байланыс жазушы мен оқушы арасындағы байланыс болып шығады.

Әрбір сөйлемнін, тұтас сөйлеудің мазмұнына, стильдік қызметіне лайық айтылу сазы болады. Оларды өздеріне лайықты үнмен, тиісті екпінмен, өз әуенімен дұрыс оқып, дұрыс айтқанда, текст пен оның жеке сөйлемдеріне жан біткендей болады. Солар арқылы синтаксистік орамдар мен синтаксистік тұлғалардын әсіресе стильдік қызметтері өз орнында дұрыс танылады.

Сондықтан хатқа жазылмағанды ғана емес, жазылғандарды да дұрыс оқу, дұрыс айтудың стильдік қызметі ерекше болады. Ойға лайық құралған синтаксистік құрылысты нақышына келтіріп, табиғи сазымен, тиісті әуен-ырғағымен, тиісті қарқынымен айтылмаған сөйлемдер, басқа да синтаксистік тұлғалар нысанаға дәя тимеген оқ сияқта. Сонымен қатар, мысалы, ол жақсы жігіт екен. Сеиі кім шақырды? Айтқаным - айтқан, айтқанымнан қайтпан! сияқты сөйлемдердің белгілі стильдік орайда жұмсалуы олардың құрам, құрылыстарымен де, айтылу ерекшеліктерімен де өлшенеді. Сөйлемдердің айтылу қарқыны, дауыс ырғағы, айтылу екпіні, әуені - айтылу сазы (интонациясы) құбылмалы болуы, сөйлеушінің, айтушының еркіндігі субъективті құбылыс емес, ойдың айтылу мақсаты, ойды білдірудің син-таксистік құрылысы өмірдің әр алуан жайтгарын білдіруге негізделген құбылыс. Сондықтан әр сөйлемнің интонациясы оның өзіне тән табиғатына лайық болуға тиіс.

Синтаксистік синонимдер

Жақсы стилист болу - сөз зергері болу деген сөз. Сөз зергері мақсатты ойдың тек түсінікті болуын ғана емес, көркем, әсерлі болуын да көздейді. Ол үшін сөз орамын түрлендіріп, нақыштап, барынша жатық етіп құруға тыры-сады. Мысалы, жазушы М. Әуезов "Абай жолы" романында алыс жолдан келе жаткан Әбішті қарсы алып, алдынан шыққандар туралы былай дейді:

Омырауларын тер басқан, демігіп танауратқан сәй-гүліктерді зорға тоқтатқан ауыл кісілері күймеге соқтыға жаздап, дабырлап сәлем берісті. Қуаныштың айғай-шуын, шат күлкісін Әбіштің алдына ала шықты. Осы мысалдағы соңғы сөйлемді сурет зергері емес, жай қарапайым қазақ, "Ауыл кісілері Әбіштің алдынан шықты, оны қуанып қарсы алды" дер ме еді? Не десе де, сөз нақышын М. Әуезовтей келтіріп айтпаған болар еді. Немесе:

Жанымның жарық жұлдызы,

Жамандық күнде жарымсың, - дегенді Абай ғана айта білді.

Тілде бар сөздерді, сөйлем құрылысын осылайша шеберлік биігінде тұрып жұмсаушы ойшылдар санаулы-ақ болар.

"Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?" дегендей, адам ойының ұшы-қиыры жоқ. Сондай-ақ, тіл байлығы да ұшан-теңіз, Сол теңіз дүниесіне сүңгіп, ой өрнегіне керекті тілдік материалдарды, грамматикалық тәсілдерді дұрыс пайдалана білу үлкен шеберлікті керек етеді.

Тілге бай, сөзі жатық кісілер ана тілінің мүмкіншілігін молынан пайдаланады. Соның бірі - синонимдер. Мәндес сөздер, мәндес грамматикалық тұлғалар мен синтаксистік тәсілдер өз орнында дұрыс қолданылса, тілге ерекше өң береді. Қазақ тілі синтаксисінің сондай мүмкіншілігін байқау үшін бірнеше мысал келтірейік:

1. Істің мақсатын білдіру үшін, егер: Мен Алматыға оқуға келдім десек, осыны тағы қалай айтуға болады? деген сұрақ туады. Осы сөйлемнің пысықтауышы "оқуға" дегеннің синонимдерін тауып, сол сөйлемді былай өзгертіп айтуға болады:

1. Мен Алматыға оқу мақсатымен келдім.

2. Мен Алматыға оку үшін келдім.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Синтаксистің стилистикалық қызметі
Ғылыми стиль - кітаби стилінің бір түрі
Қазақ тілі стилистикасы пәнінен дәрістер
Қазіргі қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің лексикалық жіктелісі
Қазақ және ағылшын газет беттеріндегі саяси метафораларды аудару ерекшеліктері
Жазбаша тілге баулу икемділіктері мен дағдыны дамытудың теориялық негіздері
Стилистикалық категориялар
Американдық газет мәтіні ұлттық-мәдени ақпарат көзі ретінде және оны аудару ерекшеліктері
Жалпы тіл ғылымындағы стилистика ғылымының ғылыми – теориялық негіздері (зерттеушілік әдісті қолдану)
АРНАЙЫ МӘТІНДЕРДІҢ ЛИНГВОАУДАРМАШЫЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН СИПАТТАУ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz