Шешендік сөздердің маңызы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 26 бет
Таңдаулыға:   
Шешендік Өнердің құндылықтары

Мазмұны

Аннотация
Кіріспе
I Негізгі бөлім: Шешендік өнердің құндылықтары
1.1. Шешендік сөздердің маңызы
1.2. Шешендік сөздердің құрылысы
1.3. Шешендік сөздердің түрлері
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер
  

Аннотация
Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры – шешендік өнер. Халқымыздың
даналығының үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан екшелеп
өткен мұра, асыл қазына.
Бұл ғылыми жұмыс өнердің құндылықтарын, атап айтқанда, шешендік
сөздердің тарихи шындылыққа қатысын көрсетіп, жас ұрпақты ойшылдықа,
тапқырлыққа баулып, шешендік сөздердің танымдық, тәрбиелік, эстетикалық
мәнін танытуды мақсат еткен.
Бұл мақсатқа жету жолында, алдымен тақырыпқа қатысты зерттеудің дерек
көздерін танытатын әдебиетші ғалымдардың теориялық еңбектері негізге
алынған. Шешендік сөздердегі дара шығармашылықтың ролін айқындау мақсатында
нанымды дәлелдер келтірілген. Бұл ғылыми жұмыстың негізгі бөлімінде айқын
аңғарылады. Кіріспе және қорытындыда тақырыпқа қатысты зертеушінің өзіндік
ой-тұжырымы халқымыздың рухани танымпаздылығына деген көз қарасы
келтірілген. “Кен асылы – жерде, сөз асылы - елде” дегендей, қазақ халқының
қасиетті өнерінің туын асқақтата желбіреткен ұшқыр ойлы, тапқыр тілді, аузы
дуалы, сөзі куәлі, ділмар шешен-билердің өсиетті де нақыл сөздерін, өмір
тәжірибелерін үлгі-өнеге етіп жеткізе білу жұмыстың негізгі мақсаты ретінде
қарастырылады. “Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді
ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын
түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр – деп
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, тарих та, әлеуметтану да өз
негізін ел ұйытқысы болған рухани көсемдердің, шешен, билердің мәнді де
қисынды, батыл да тоқтамды сөздерінен алатындығының дәлелі.
Сондықтан “Жақсы сөз бейне шамшырақ, орнаған мықтап көңілге”, - деп
Жамбыл атамыз жырлағандай, көңіл түпкіріне мықтап ұялаған, жан дүниемді
жадыратқан, қалам тербеуіме себепші болған шешендік сөздер туралы сөз
мұнымен бітпейді. Ол – алдағы уақыттың, ертеңгі күннің еншісінде.
Кіріспе
Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпай сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Абай Құнанбаев
Қазақ жұрты жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Оның қиыннан
қиыстыра, төтеннен төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі,
аталы да баталы, нақыл, қанатты ойлары жөнінен өзіміз де, өзгелерде таңдай
қағып айтудамыз. Шешендігінің үстіне қазақ халқы – ақын халық. Түйеге
мінгеннің төрт ауыз, атқа мінгеннің алты ауыз өлеңі бар демекші, кез-келген
үлкен-кіші, әйел-еркек “ауылдың алты ауызын”,“қонақ кәде”, “жар-жар”, “бет
ашар”, “тойбастарды” домбыраға қосылып термелей жөнеледі.
Ал аналар болса, түн ұйқысын төрт бөліп, түнде бесік таянып, бесік
жырын тербейді. Ақын жыраулар болса, таң бозарып атқанша елін қорғаған
батырлар, хандар, билер жөнінде және махаббат хикаясын шертіп хисса –
дастан толғайды. Демек, ақындық пен шешендік өнер егіз. Оны бір-бірінен
ажырата қарау әбестік.
Ал, би, шешендер даулы мәселені түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып
отырған. Тындырғанда да хатсыз, харарсыз, ауызша жүзеге асып, бітіп жатқан.
Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, милицияның да,
қаншама мекеме, ұйым басшыларының да қызметін атқарып келген ғой.
Атқарған да ол билердің кесім, бітімі көпшіліктің көзінше ашық аспан
астында айдан анық жария боп отырған. Ешқандай құпия, алдын ала ымыраласу,
пәтуаласу деген болмаған. Билер өзінің сөзін, білік шешімін, “Ал, халайық,
бұған не дейсіңдер, ризамысыңдар?” деп көпшілікке салып мақұлдасар еді.
Бұдан артық қандай жариялылық болмақ. Сондықтан да халық “Тура биде туған
жоқ, туғанды биде иман жоқ”, “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” деп мақалдап
кеткен.
Осы күнгі айтып жүрген жариялылық, демократиялық, адамгершілік пен
гуманистік дегенінің өзі осы емес пе?
Сондықтан да халық өзінің от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жара
әділ билік айтатын шешен билерін ханнан бетер қадірлеп, сыйлап, олардың
айтқан кесімді, бітімді сөздерін жадында сақтап келген. “Түгел сөздің түбі
бір, түп атасы Майқы би”, “Төле би былай депті”, “Қаз дауысты Қазыбек би
айтыпты”, “Әйтеке би айтқан сөз екен” деп ауыздарынан тастамайды.
“Әлемде сөзден күшті не бар екен?!”- дейді ғұлама ғалым М.Әуезов.
Ал М.Горький “Сөз – барлық фактілердің, барлық ойдың киімі” [1,39], -
деп жазды.
Ал тіл –“ ... адам қатынасының аса маңызды құралы”[1,38].
Тіл - халықтың тарихы, шежіресі, халықтың күллі өмірінің жаңғырығы мен
ізі; одан сол тілде жасаушы халықтың арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы,
күллі рухани өмірінің үні естіліп тұрады.
Тілдің осындай аса маңыздылығының бір сыры оның құдірет-күшінде.
Халқымыздың “Өнер алды - қызыл тіл”, “Піл көтермегенді тіл көтереді”, “Сөз
сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді”, “Бір жақсы сөз бітірер мың көңілдің
жарасын” тәрізді мақалдары сол ғажайып қуат-қасиетке байланысты туған.
Ел аузындағы бір әңгімеде ертедегі бір патшаның өзіне арнап алғашқы
күні дәмді, ертеңіне сүйкімсіз тамақ дайындап әкелуді талап еткені сөз
болады. Мұны орындау бас уәзірге жүктеледі. Сонда уәзір ол екі күнгі
тамақты тек қана қой тілінен пісіртеді. Кейін патша бұның себебін
сұрағанда, әлгі уәзірдің ақылшы қызы тұрып. “Тақсыр, жақсылық та,
жаманшылық та тілде ғой”,-деп жауап береді.
Сөз, тіл құдіреті әсіресе от ауызды, орақ тілді шешендердің
әділетсіздікті, адамгершілікке жат мінез-құлық, іс-әрекетті батыл
әшкерлеуде; адалдықтың асыл айнасына дақ түсіртпеу жолындағы күресте;
қытымыр заманның ел, ер, жесір, жер дауларын шешкен тұстарда айқын
көрінеді. Мысалы, қазақ жерін үш рет шауып және жеңілген жақтан барған
елшілерге есе бермей сарсылтқан Қонтәжі ханға 14 жасар Қазыбек:
- Қазақ деген – мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан
елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын
деп, найзаға үкі таққан елміз.
Біз дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ
асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл
болам деп тумайды; анадан қыз туса, күң болам деп тумайды. Ұл мен қызды
қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз – қазақ, қырлысқалы
келгенбіз; сен темір болсаң, біз – көмір, еріткелі келгенбіз. Қазақ, қалмақ
баласы табысқалы келгенбіз, танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз;
танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен – арыстан,
алысқалы келгенбіз; жаңа үйреткен жас тұлпар, жарысқалы келгенбіз; тұтқыр
сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең, жөндеп бітіміңді айт! Бермесең,
дірілдемей жөніңді айт, не тұрысытын жеріңді айт! – дегенде, Қонтәжі не
дерін білмей сасып:
- Өзің сөзге келетін бала болсаң, отырған орның қандай төмен еді,
былай жоғары шықшы, жоғары, - деп, оң қолтығын аша береді. Сонда Қазыбек:
- Біздің қазақтың әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөз
сөйлейді.
Өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбеде отырғанмен бірдей,-
деп, жалт бұрылып орнына қайта барып отырады... Қалмақтар жұдырықтай
баладан ханның қара суға түсіп, осынша дірілдеп кеткеніне ренжиді.
Сонда хан бала сөзінің “Қане, тыпыр етші, көрейін!” деп, екі иығында
аузынан от шашып тұрған нақ екі аю тәрізді көрінгенін айтады. Тәкаппар
Қонтәжі даугер баланың жақтап келген мал мен жанын есептеп алдына салып
беріп, елшінің әрқайсысына бір тоғыздан сый тартады [2,100-101] Сөйтіп,
нағыз иесін тапқан сөз өз ғаламатын осылай танытады.
Бұл - бір ғана мысал. Шешендік сөздердің шеберлігі, құндылығы осындай
сөз сайысында, алқа топтың алдында бағаланатын болған.
Сонымен қазақ шешендік сөздері қиыннан қиысатын, өзіндік орны,
көркемдік ерекшелігі бар халық ауыз әдебиетінің дербес, әрі құнды жанры
болып табылады. Шешендік өнер көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйренуді
тілейтін, тартысқа түсіп жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Нағыз
шешен үшін сөз шебері болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр,
топта тайсалмай сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болу
қажет. Шешендік өнердің қиындығын Бұқар жырау бабамыздың:
Ел бастау қиын емес,-
Қонатын жерден көл табылады
Қол бастау қиын емес,-
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ [3,328],- дейтін сөзі
соны дәлелдейді.
Шешендіктің осындай қиындығы мен құндылығын түсіне білген, көзі ашық,
көкірегі ояу әрбір адамды бейжай қалдырмасы анық.
Қазіргі жаһандану заманында, ғылыми – техникалық прогрестің жетілген
тұсында білім нәрімен сусындаймын деген адамға ақпарат алудың мол
мүмкіншілігі бар. Ол – теледидар, радио, компьютер, интернет жүйелерімен
байланысты. Бұл - әрине құптарлық жағдай.
Дей тұрғанмен, халқымыздың тарихи рухани мұраларын ардақтап, олардың
тәрбиелік мәнін, құндылықтарын дөп басып, көңілге тоқу - өзім үшін де, өз
замандастарым үшін де артық болмас еді.
Бұл тұрғыда, ғылыми ізденісімнің мақсаты да осыған саяды. Орындалып
жатса, нұр үстіне нұр болары даусыз.

I Негізгі бөлім: Шешендік өнердің құндылықтары
1.1. Шешендік сөздердің маңызы
Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры – шешендік өнер. Халқымыздың
даналығының үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан екшелеп
өткен мұра, асыл қазына.
Шешендік өнерге ерте заманнан бастап үлкен мән берілген. Ежелгі грек,
рим елдерінде шешендік өнерді “риторика” деген атпен жеке пән ретінде
оқыған.
Дүние жүзіне әйгілі ерте заман шешендері Пратогор, Демосфен, Цицерон,
Квинтилиан сияқты өз заманының мемлекет қайраткерлері, ойшылдары болған.
“Риторика” ғылымы өнердің падишасы ретінде ерекше бағаланған.
М.В.Ломаносовтың 1748 жылы басылып шыққан “Шешендікке қысқаша
басшылық” атты еңбегі бұл өнердің Ресейде дамып қалыптасуына түрткі болды.
Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-
XIIIғ.ғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XVғ.ғ.) есімдерімен қатысты
қалыптасып, өркендей түсті.
Шалкиіз, Бұхар (XV-XVIIIғ.ғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз
дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты.
Шешендік өнердің кеңінен дамып, биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғ.ғ. Бұл
кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз
тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді.
Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті
туындыларынан, ертегі, аңыз - әңгімелерден, өлең – жыр, дастандардан
ұшыратамыз. Осы сөз өнерінің кең қанат жайып, орнығып дамуында тапқырлық
пен шешендіктің тамаша нұсқалары мен жыраулар толғаулары, айтыстар мен
мақал – мәтелдердің орны ерекше. [4,77-78]
Қазақтың шешендік өнерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары
жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (XIX)
зерттеп, жинаған болатын. Ол: “Қазақтар... мүдірмей, кідірмей, ерекше
екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі сөйлеп отырғанның
өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір
өлең екен деп қаласың”, - деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің
тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен
шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған.
Сондай-ақ, қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерін жинап
жариялағандардың бірі – Ы.Алтынсарын. Ол халық даналығының жас өспірімдерді
тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін жете
танып, өз еңбектеріне арнау етті.
Шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі – М.Әуезов “Қазақ
әдебиеті тарихы” (1927 ж) еңбегінде “Билер айтысы” деген арнаулы тақырыппен
шешендік сөздердің кейбір түрлеріне мысалдар келтіреді.
А.Байтұрсынов шешендік өнерді жеке алып қарастырып, құнды пікірлер
білдірді (1926 ж) Шешендік сөз, көсем сөз, дарынды сөз деп үш топқа бөліп,
әрқайсысын қолданыс орнына қарай (саясатқа қатысты, сотта сөйлеу, қошамет
сөздер, ғалымдардың ғылыми тақырыптағы сөзі, діни уағыз сөздер) іштей тағы
беске бөліп, әрқайсысына қысқаша түсініктер берген.
Отызыншы жылдары шешендік сөздерді жинау, зерттеу ісіне С.Сейфуллин
үлес қосса, қырқыншы жылдары бұл жөнінде ғылыми еңбек жазған адам - Әмина
Мәметова болды. [5,145]
Соңғы жылдарда шешендік сөздерді жинап, зерттеу мәселелеріне
байланысты Б.Адамбаев, Т.Кәкішев, С.Негимов, Т.Жарқынбекова, Н.Төреқұлов,
М.Қазбеков, І.Есхожин және т.б. әдебиетші - ғалымдардың еңбектері жарық
көріп, ғылыми диссертациялар қорғалуда. Бұндай игі істердің жалғасын таба
берері сөзсіз.
Сонымен шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға
құрылады. Халық мақалдарында: “Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды”, “Бас
кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” , - деп сөзді айтушыға да, оған құлақ
қоюшыға да биік талап қойған. Демек шешеннің ең негізгі құралы – сөз. Ол
тыңдаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге бөлеген.
Сөз туралы бөлтірік шешен: “Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе
жоқ. Сөзді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор
етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл”,
- деп толғайды. Бұлар – “Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан
елдің арасына бітім айтатын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын
даналық сөздер иесі”. Мұндай сөз білетін, жөн білетін адамға ел ісіне
араласуға, халық атынан сөйлеуге құқық берілген.
Шешендік түрлі топтан, рудан шыққан. Бірақ бұл өнердің кілтін топ пен
ру шешпейі. Қарамеңде сияқты заман қайшылығын танып, сол тұста әділет
айтқан, үлкен мен кішінің, ел мен ердің арасындағы ынтымақты жақтаған адам
ғана шешкен. Көбей мен Еспенбет тентектің сөзін ел тез ұмытқан, ал ел қамын
жеген шешендер сөзін ұзақ уақыт ұмытпаған.
Кейбір шешендік сөздер жұмбақпен айтылған. “Асқар таудың басына қар
жауғалы қанша болды? Бұлақтан су аққалы қанша болды”– деген сұраққа
патшаның қырық уәзірі емес, Аяз би ғана дұрыс жауап берген.
Кейбір шешендік сөздер сатира түрінде айтылған. 1890 жылдары Сыр
бойының аты-шулы шешені Досбол тоқсанға келіп, төсек тартып жатқанда оған
қыпшақтың үш баласы Байсын (соқыр), Саудақұл (пұшық) және Байжан (таз)
келіп, көңіл сұрайды. Аттанар алдында Байсын: “Уа, Досбол – аға, жасыңызда
қазақ баласына қызыл тілден бәйге бермей ауызбен құс ілдіңіз. Енді
төріңізден көріңіз жуық болыпты, о дүниеге не деп барасыз?”-депті.
Сонда Досбол:
- Уа, сабаздарым, тумақ болса, өлмек бар. Өлмейтін де адам
болады: жақсының аты өлмейді, молданың хаты өлмейді. Менің о
дүниеге барғанда айтар сөзім жоқ. Айтар болсам, кешегі әруақты
ерлерге қонған бақ құсы бүгінде қара шыбын болды, ол ұшып
соқырдың көзіне, пұшықтың мұрнына, таздың басына қонды деп
барсам керек, - депті.
- Шешендік сөз дау-шараға көбірек қолданылған. Би ру қамын жесе
жақсы болады дейтін ұғымдар үстем болған. Әрбір ру тәуір
сөздің бәрін өз биіне жапсырған. Бірақ халық: “Тура биде туған
жоқ, туғанды биде иман жоқ” деп, ондай билерді ұнатпаған.
Шоқан: “Бұрынғы шешендерді ешкім сайлаған емес, турашыл болған
соң оларды ел “би” деп атаған”, дейді. Досбол би болған емес,
тек дүр сөздің ұстасы болған.
Шешендердің сөз таластыруы қазақта жиі кездеседі. Қоңырат Сапақ атты
шешен болыпты. Бір жиында ол сұңқылдап сөз бермесе керек. Сонда бір рудың
шешені оны кеміте сөйлеп: “Сөйле, сөйле, құлағы жоқ шұнақ биім, құйрығы жоқ
шолақ биім”, - депті-міс. Сапақтың баласы жоқ екен. Сонда ол: “Құлағым жоқ
болса, сұңқар шығармын, құйрығым жоқ болса, тұлпар шығармын. Берейін десе,
құдайың баласы жоқ па, жіберейін десе пәлесі жоқ па?”-деген екен. Содан соң
әлгі бидің он баласы өліп, Сапақ балалы болған екен деседі.
Кейбір шешендік сөздер өмірдегі диалектикалық құбылыстарға құрылады.
Бір хан өзінің билеріне: “Бұл дүниеде не өлмейді?”-деп сұрақ қойса, олар
өлмейтін нәрселер қатарына жер, су, ай және күнді жатқызыпты. Ал Жиренше
шешен болса:
Ағын судың өлгені, Қар астында қалғаны.
Аязда мұз боп қатқаны. Ажал деген атқан оқ,
Асқар таудың өлгені, Одан ешкім құтылмас.
Басын бұлттың басқаны. Дүниеде не өлмейді
Ай мен күннің өлгені, Жақсының аты өлмейді,
Еңкейіп барып батқаны. Ғалымның хаты өлмейді,
Қара жердің өлгені,

- депті. Майқы би айтыпты дейтін, ел есінде сақталып, мақал - нақылға
айналып кеткен аталы сөздерде адамгершілік, ар – намыс, ел бірлігін сақтау
бар.
Ондай ойлы, сары алтындай салмақты сөздердің көбісі өз тұсындағы
хандарға, би, бектерге бағыштай айтылғаны да аңғарылады. Мысалы:
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Ел болуды ойлаңдар.
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Естіге айтқан тура сөз
Бірлік түбі - береке, Шыңға тіккен тумен тең
Береке түбі – мереке. Езге айтқан тура сөз
Ақ білектің күшімен, Құмға сіңген сумен тең.
Ақ найзаның ұшымен

Кімнен кім туады?” деген сұраққа Майқы би былай деп жауап беріпті:
Тұлпардан тұлпар туады, Таздан жарғақпас туады.
Сұңқардан сұңқар туады. Сараңнан бермес туады,
Асылдан асыл туады, Соқырдан көрмес туады,
Жалқаудан масыл туады. Мылжыңнан езбес туады,
Масылдан малбақпас туады, Қыдырмадан кезбе туады...
Тілазардан қалжақпас туады.

Осы бір Майқы бабамыз айтып кеткен түбі бір түбірлі сөз сол заманнан
бері атадан балаға мирас болып айтылып келеді. [2, 15-16]

1.2. Шешендік сөздердің құрылысы
Шешендік сөздер, көбінесе, түсінік сөзбен басталады. Түсінік сөзде
айтылмыш шешендік сөздің нендей мәселесімен байланысты, қандай жағдайда
туғандығы және кім айтқандығы баяндалады, әрі түсінікті болуы шарт.
Сондықтан да шешендік сөз құрамының бұл бөлімін айтушы ықтиярынша өзінің
мүддесі мен мақсатына қарай өзгертіп, уақиғасын алмастырып, айтушысын
ауыстырып жіберуге мүмкіндігі бар. Бір тектің бірнеше авторы болуының бір
себебі осыдан. Түсінік сөздің өзі көркем болмағанымен, шешендік сөздің
мағынасы мен көркемдік маңызын ұғыну үшін мәні зор.
Әдетте шешендік сөз түсініктен кейін немесе сонымен аралас айтылады.
Шешендік сөздің тілі көркем, мағынасы қызық болумен бірге сөздері
сұрыпталған, сөйлемдері қалыптасқан болып келеді. Бірен-саран өзгерістер
енгізу болмаса, түп нұсқаға түбегейлі өзгеріс жасау ақын, шешен адамдар
болмаса-кез келген кісінің қолынан келе бермейді. Сондықтан түсінік сөздей
емес, шешендік сөз әлдеқайда тұрақты келеді.
Шешендік сөздерді құрылысына қарай термелі сөз, пернелі сөз деп екіге
бөледі. Құрылысы өлең-жырға ұқсас шешендік сөздерді термелі сөздер дейміз.
Шешендік термелі сөздің өлең-жырдан негізгі айырмашылығы шешендік терме
үшін буын-бунақ саны біркелкі болып келуі шарт емес. Оның үстіне шешендік
термеде сөйлемнің ұйқасынан гөрі ырғағына, ішкі мағыналық байланысына назар
салынады. Сондықтан да өлең-жырда буын толтыру, жол ұйқастыру үшін алынатын
артық сөздер шешендік термеде болмайды. Тек ең қажетті сөздер таңдап-талғап
алынады.
Шешендік терме түр жағынан “белый стих” деп аталатын, орыс әдебиетінде
ұшырайтын, ырғақты өлеңдерді еске түсіреді.
Негізінен өлең-әнмен, жыр-әуенмен айтуға келеді. Ал шешендік терме
әнге салып, әуенге қосып айтуға келмейді. Оның есесіне шабытпен шапшаң
жауаптасуға, ауызекі сөйлеуге ептейлі болады. Бірақ, бұдан шешендік терме
біркелкі буын, бірыңғай ұйқастан қашады деген ұғым тумаса керек. Қайта
шешендік сөзді мәнділігіне, дәлділігіне қарай іріктеп, сұрыптап алумен
бірге олардың өзара ұйқасып, үндесіп келуіне үлкен мән берген.
Қамқа тонның тозғанын Қарындас білмес, жат білер.
Көп жасаған қарт білер, Артқы қастың батқанын
Ағайынның азғанын Қаптал білмес, ат білер!

– деген толғау осыған дәлел. Бірақ шешендік терменің бәрінде мағыналық
байланысына ұйқасы сай келе бермейді.
Аласаны атқа санама, Егіз екі сынама,
Жаманды еске санама. Тіріде сыйласпаған туыс
Бір сынаған жаманды Көзіңе құм құйылсын,
Өлгенде жылама,

–деген мысалда бунақ та, ұйқас та бар. Бірақ ол ақындық ұйқас емес,
шешендік ұйқас, буын саны да әрқилы.
Көркем қара сөзбен айтылған шешендік сөздерді пернелі сөз деуге
болады. Шешендік пернелі сөздің ерекшелігі сөздері сұрыпталған, сөйлемдері
ықшам және бірімен бірі көлемі жағынан қарайлас болады.
Шешен кісі желдіре-желдірте сөйлеп отырғанда пернелі сөз бірде
ұйқасып, бірде үндесіп өлең сияқты естіледі.“Ағайын жұртың бар болсаң көре
алмайды, жоқ болсаң - бөліп бере алмайды; жақсы болсаң күндейді, жаман
болсаң – жүндейді. Қайың-жұртың қолыңның ұзынына қарайды, жағаңның қызылына
қарайды; берсең жағасың, бермесең пәлесіне қаласың...” деген толғауда
көркемдікпен бірге онда ойға үйлес үндестік те, ұйқас та бар. Шешендік
пернелі сөздерде айтылмыш ой ежіктеліп жатпайды, түйінді пікір, тұжырымды
сөзбен қысқа қайырылады.
Термелі сөзге де, пернелі сөзге де ортақ жалпы шешендік сөздерге тән
бірнеше көркемдік ерекшеліктер бар. Ең алдымен шешендік сөздердің көлемі
шағын, сөйлемі ықшам келеді дедік. Оның өзі қасаңдау, ұзақ термеден қажетті
сөзді қалыпқа құйғандай іріктеп алып, жаттап, жадында сақтауға да, керек
кезінде жаңғыртуға да қолайлы. Тыңдаушысын жалықтырмай, зеріктірмей ұйытып,
үйретіп әкетуге себеп болады. Өйткені “көп сөз қола, аз сөз алтын” деп
халық бос сөзді, көп сөзді жақтырмайды, одан гөрі тауып айтылған бір ауыз
дәмді сөзді артық санайды, жадында сақтап қалады. Бірақ, шешендік сөз қысқа
болғанымен мақал-мәтел емес, бір уақиғамен байланысты туған, белгілі
адамдардың атынан айтылған сөздер. Бұл қасиет шешендік сөзге сенім
туғызады. Өмірге үйлес келу, тыңдаушыны иландыра білу ауыз әдебиеті үшін
де, жазба әдебиеті үшін де құнды қасиет.
Шешендік сөздердің құндылығы тек шыншылдығында емес, ойының
тапқырлығында да деуге болады. Қиуасыз жерден жол, қисынсыз жерден сөз табу
шешендік өнердің аса бағалы қасиеті.
“Көшерімді жел біледі, қонарымды сай біледі, соны сұрата жіберген хан
ақымақ па, сұрай келген сен ақымақ па?” – деп қаңбақ атынан ханға жауап
берген Жиреншенің сөзі тапқырлық сөздің ғажап үлгісі. Шешендік сөздердің
тартымдылығы, тапқырлығымен бірге, дәлелділігіне, сөздердің қисындылығына
байланысты.
“Сөздің шынына қарама, қисынына қара” деген мақал мәселенің дәлелді,
ойдың жүйелі болуына үлкен мән бергендікті аңғартады.
Бір бай Таубай шешеннің ауысқан тоқтысына тоқты беріп құтылмақ болады.
Бірақ Таубай “тоқтымды өсіммен бересің” деп оған көнбейді. Екеуі төрешіге
барғанда, тоқтыңа тоқты берсе, -алмайды,-дейді, енді не аласың, бар!-депті
төреші.
- Тоқтылы қой, тоқымды киіз, тоқты қарын май, тоқсан құрт алысым бар,
өйткені тоқтымды алғанына бір жыл болды. Жыл асқан тоқты тұсақ болады, бір
рет қоздайды, екі рет қырқылады, тоқсан күн сауылады, - дейді даугер.
- Айтқанын беріп тезірек құтыла гөр, келесі жылға қалса қоралы қой
даулар мынау, - депті төреші.
Мұндай тапқыр, дәлелді сөз дауда ұтады, тыңдаушысын ұйытады. Қазақ
елшісінің қалмақ ханына “Сен темір де, мен көмір еріткелі келгенмін”
дейтіні де содан.
Жоғарыдағы мысалдан шешендік сөздердің тағы бір қасиетін, яғни сөздері
үйлес, дыбыстары үндес келетіндігін көреміз. “Тоқты”, “тоқым”, “тоқсан”-
деген сөздер мағынасымен қатар тұлғалас, дыбыстас келіп, сөйлемге көркемдік
түр беріп тұр.[5,172-173]
Шешендік сөздердің сырын ашып, сынын келтіретін көркемдеу әдісінің
бірі - салыстыру, шендестіру тәсілі. “Бір оқты құлан көтереді, екі оқты
ұлан
көтереді” деп қазалы-қара Жиренше шешен мен Аяз би, Сырым мен Исатай
батырлар сондай от ауызды, орақ тілді адамдар болған.
Демек, шешендік сөздерді озат ойшылар мен тілмаш шешендер жасап халық
сынынан, ғасыр шыңдауынан өткізген, сөз өнерімен соғылған әдеби мұра, асыл
қазына деуге болады.

1.3. Шешендік сөздердің түрлері.
Шешендік сөздер мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау,
шешендік дау болып үшке бөлінеді.
Шешендік арнау. Өмірде сан алуан оқиғаларға сай әр түрлі мазмұнда
айтылған. Қуанышқа үлкендер бата беріп, игі тілек айтып, қайғыда басалқалы
ақыл айтылып, көңіл білдірулер тілекпен жалғасып отырған. Халқымыз “Жақсы
сөз-жарым ырыс” деп жылы лебізге үміт артып келген.
Үлкен кісілерден бата сұрап, сол баталардың құдірет-күшіне сенетін
болған. “Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер” деген мақал осындай
сеніммен туған болса керек.
Халқымыз байлық көзін еңбекке байланысты алып қарастырған. Мұны Асау
бидің Өгіз биге берген батасынан аңғаруға болады: “Бай болатын үйдің иті –
сақ, әйелі - малсақ, қызы – көрікті, ұлы епті болар еді, үйінде осы төрт
нұсқаның бірі жоқ. Екі сиыр, бір ат, саған мұнан артық мал да бітпес”,-
деген екен. Осы тұста “мал таппас жігіт болмас, құрарын айт, ұл таппас әйел
болмас, тұрарын айт” деп, ер азамат тапқан малдың көбею жолдарын би тап
басып, дәл көрсеткен.
Асау би “әйелі малсақ болса” деп текке айтып отырған жоқ. Әйел – үйдің
береке-құты, байлық көзі. Халық жырларында бұл туралы мынандай ұтымды
жолдар кездеседі.
Алғаның жақсы болса – абыройыңның тұрағы,
Атың жақсы болса – дүниенің пырағы.
Балаң жақсы болса – екі көздің шамшырағы!
Мұндай ұтқыр жырлар билер сөзінде де кездеседі. Сөйтіп барып бұлар
мақал-мәтелге ұласып отырған.
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шешендік сөздердің жанрлық ерекшелігі. Шешендік сөздердің көркемдік сипаты
Шешендік сөздердің ерекшеліктері және оны оқытудың тиімділігі
Шешендік сөздердің жанрлық ерекшелігі
Шешендік сөздер түрлері
Шешендік сөздердің мазмұны мен құрылысы
Бастауыш мектепте ана тілі сабағын оқыту барысында оқушылардың сөздік қорын, сөз мәдениетін қалыптастыру арқылы оларды шешендік өнерге баулудың тиімді әдіс-тәсілдерін ашып көрсету
ШЕШЕНДІК СӨЗДЕРДІ ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІН ДАМЫТУ
Шешендік өнерді оқыту әдістемесі
Шешендік өнердің тарихы
ҚАЗАҚТЫҢ ШЕШЕНДІК СӨЗДЕРІНІҢ ХАЛЫҚТЫҚ СИПАТЫ
Пәндер