ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ ӨНЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
1. ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ ӨНЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
1. 1 Шаруашылық - көшпелілер әскери өнерінің
қалыптасуындағы негізгі фактор
1. 2 Қазақ әскери өнерінің қалыптасу кезеңдері
2. ӘСКЕРИ ӨНЕРДІҢ ШЫҢДАЛҒАН ШЫҢЫ - ЖЕКПЕ-ЖЕК
2. 1 Әскери өнердегі жекпе-жектің орны
2. 2. Ер қаруы - бес қару
ҚОРЫТЫНДЫ
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
Сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың өткен өмірі қазіргі таңда көпшіліктің, соның ішінде жас буынның қызығушылығын тудыруда. Халықтың, келешек ұрпақтың бойында ұлттық сананы, ұлттық рухты қалыптастыратын шынайы тарихты жазу - тарихшылардың алдында тұрған басты міндет. Бұл салада Президентіміздің бастамасымен “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша орасан зор істер атқарыла бастады.
Тарихпен бірге тарихи сана да өзгерді демекші, соңғы жылдары елімізде болып жатқан қоғамдық тарихи қатынастардың өзгерістерге ұшырауы қоғамдық санаға да тікелей әсер етуде. Тарихқа үңілу көшпелілердің әлемдік өркениет дамуына қосқан үлесін, оның ішінде “әскери өнерді” білу міндетін жүктейді. Қазақ халқының өткен тарихындағы атүсті зерттелген мәселелердің көпшілігі бүгінгі заман талабына сай қайта қаралып жатса, кейбір мәселелер бойынша терең зерттеулер жүргізілуде.
Қазақ хандығының нығаю, күшею процесі және халық ретінде тарихи сахнада өзін-өзі танытуы жайдан-жай келе қойған жоқ, ол ұзақ уақытқа созылған жер үшін, бейбіт өмір үшін қан төгіскен, шабысқан, атысқан табанды күрестердің, осы күрестер барысында халықтың соғыс ісіне бейімделуі мен шыңдалуының, қазақ хандарының шебер жүргізген дипломатиялық және әскери-қолбасшылық саясаттарының нәтижесінде келді.
Қазақ халқының әскері қазақ жерін, халқын сыртқы жаулардан қорғау, өзінің жер аумағын ұстап тұру және кеңейту мақсатында өз заманының және алдындағы дала көшпелілері - түркі-монғол тайпаларының ғасырлар бойы шыңдалған әскери ісі мен өнерінің кейбір элементтерін өзінің өмір сүру салтына сай қабылдауы мен өзіндік төлтума көшпелі және мәдени-шаруашылық өмір салты дарытқан табиғи әскери іске бейімделу нәтижелерінде қалыптасты. Әскери өнердің құрамдас бөлігі болып есептелетін жекпе-жектің де аталған жүйеде алатын орнын тиісті деңгейде қарастыру қажеттігі туындайды.
Түркі-монғолдардың әскери өнерінің заңды мұрагері - қазақ әскери жүйесі де өз бойына көшпелілердің барлық жетістіктерін сіңірді. Соның ішінде, әсіресе, батырлар жекпе-жегін ерекше атап өту керек. Батырлар жекпе-жегі - әр ұрыс алдында екі жақтың күштерін сынасу мақсатында өткізіліп отырған, жауынгерлік борыш болып есептелген батырлардың дәстүрлі міндеті ғана емес, ол әскери өнердің шыңдалған бір көрінісі іспеттес.
Соғыс атаулының ең қызықты да шешуші бөлігі болған батырлар жекпе-жегі, батырлардың жауынгерлік тұлғасы жас ұрпақты тәрбиелеуге үлгі, әрі сабақ болуы тиіс. Батырлар өнеріне жастардың қызығушылығын арттыру арқылы Отан сүйгіштік пен тарихқа қызығушылығын дамыту - қазіргі таңдағы қоғамның көкейкесті мәселелерінің бірі. Қазақ халқының өзінің ұлттық ерекшеліктеріне, салт-дәстүріне, өмір сүру тіршілігіне сай өзіне тән әскери өнері, әскери дәстүрі болуы, қару түрлерін жетілдіруі, қазақ хандары мен батырларының соғыс тәсілін жетік меңгеруі - Қазақ мемлекетінің өз қол астында үлкен жер аумағын ұстап қала алуына себеп болды.
Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз батырлар ерлігін өскелең ұрпаққа өсиет қылып, бір жағынан аманат етіп, құлағына құйып отырған. Бұл болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ең басты негіздің бірі болды. Сондықтан да, бұл тақырыптың өзектілігі - жастарға Қазақ халқының тарихының батырлық жарқын сәттерінен мысал келтіре отырып үлгі-өнеге, сабақ алдыра білу. Ал осы мәселе жөнінде жекпе-жектің орнын ерекше атап өту қажет.
Жалпы әскери өнердің қалыптасуының алғы шарттарын шаруашылық фактормен байланыстыра отырып қарастыру, қазақтардың әскери жүйесін түркілер әскери өнерінің заңды мұрагері ретінде қарастыру, соғыс стратегиясы мен тактикасының заман талабына сай жетіліп отырғандығын, оның ерекшелігі мен нәтижелерін талдау, әскери өнердегі жекпе-жектің орнын, оның маңызы мен мәнін ашу, батырлар тұлғасын, жауынгерлік біліктілігін жан-жақты қарастыру сияқты мәселелерді ашу - осы жұмыстың басты мақсаты болып табылады.
Қазақ халқының әскери тарихын, өнерін, дәстүрін, жалпы алғанда әскери-тарихи тақырыпты көшпелілік тарихынан бөліп алып қарауға болмайды. Себебі, қазақ халқының әскери даму тарихынан өз алдындағы көшпелілердің кейбір әскери элементтерінің көрінісі біте қайнасып жатқан тарихи сабақтастықта, әрі өзіндік мәдени-шаруашылық тұрмыс деңгейіне сай сұрыпталып қабылданғаны байқалады.
Белгілі қазақтың ғұлама ғалымы Ш. Ш. Уәлихановтың ғылыми зерттеулері [1] қазақ халқының тарихын зерттеудегі баға жетпес қазына болып табылады. Ш. Ш. Уәлиханов өз зерттеулерінде қазақ халқының ежелгі деректері ретінде халық эпосына, этнографияға, ауызша жеткен әңгімелерге, аңыздарға басты назар аударады. Ол қазақ халқының шығу төркінін, жүздердің құралуын, рулық құрамды, әскери ұйымдасудың тактикасын, оқ-дәрі жасау технологиясын, қару-жарақ түрлерін зерттеді.
Генерал-лейтенант М. И. Иваниннің көшпелілердің әскери өнері мен дәстүрін зерттеудегі алғашқы қадам іспеттес еңбегін [2] атауға болады. Аталмыш еңбекте дала көшпелілерінің Шыңғыс хан мен Әмір Темір тұсындағы әскери өнер, ірі қолбасшыларының әскер құруы мен оны басқару тәсілдері, соғыс жүргізу әдістері, әскери заңдары, жазалау тәсілдері, ұрыс тактикалары және тағы басқалары жан-жақты баяндалады. Осы іспеттес А. И. Левшин еңбегі де [3] қазақтардың әскери жүйесіне қатысты мәліметтерімен бағалы.
Б. Я. Владимирцев еңбегі [4] Шыңғыс хан тұсындағы монғолдардың әскери жүйесіне арналады. Қазақ әскери өнеріне монғолдардың тікелей ықпалы болғанын ескерсек, бұл еңбектің де берері мол.
Қазақтардың орта ғасырлардағы тарихын танып білуде орыс шығыстану мектебінің негізін салушылардың бірі В. В. Бартольдтың [5] ғылыми зерттеулерінің маңызы зор, өз еңбектерінде ол XVI - XIX ғасырлардағы қазақтардың көрші халықтармен мәдени және сыртқы саяси байланыстарын қамтиды. Осы салада жазылған еңбектерінен қазақтардың әскери құрылымы, қару-жарағы, киім-кешегі, әскери шендері жөнінде құнды деректер алуға болады.
Қазақтың керемет тарихшысы Е. Б. Бекмаханов еңбегі [6] Кенесары хан тұсындағы қазақ әскерінің құрылымын, соғыс қимылдарын жан-жақты қарастырады. Кенесарының 20 мыңдық тұрақты әскері патшалық Ресейдің жазалау отрядтарына тамаша маневр, іс-қимылдарымен үнемі тойтарыс беріп отырған. Бұл сол тұстағы қазақ әскери өнерінің әлі де өз күшінде екендігін айғақтап берді.
В. Н. Кунның қаумалай аң аулаудың тәсілдері мен көшпелі өмірдің әскери ісі мәселелеріне арналған еңбегін [7] атауға болады. Қазақтардың әскери құрылымы, әскери бөлімдері туралы, әскери тактика мен стратегия, қару-жарақ, қорған-бекіністер туралы зерттеген А. А. Росляков [8-9] өзінің осы тақырыпқа арналған еңбегінде Азия көшпелілерінің әскери жүйесін жіктеп береді. Г. И. Семенюктің [10] XVIII - XIX ғасырлардағы қазақтардың әскери істері бойынша жазылған мақаласы толықтай орыс деректеріне негізделген. Онда Ресей империясының құрамына енген қазақтардың ұрыс тактикасы мен ру-тайпалық жасағы, қару-жарақтары туралы мәліметтер берілген.
Академик Ә. Т. Қайдаров өзінің зерттеу мақалаларында [11] қазақ жауынгер батырының кешенді қарулануына және олардың этнолингвистикалық атауларына қазақи деректер мен музей экспонаттарына сүйене отырып, жан-жақты тоқталады. Қазақтардың ұлттық қару-жарақтары, оларды қолдану өнері туралы мәселе В. П. Курылевтың [12] еңбектерінде де баяндалады. Бұл еңбектердің негізгі арқауы ретінде әскери ұйымдасудағы аңшылықтың рөлі, қару-жарақ мәселесі, баланы жастайынан әскери іске тәрбиелеу мәселелері сөз болады.
Р. С. Липец еңбегінің [13] негізгі арқауы - түркі-монғол эпостарындағы батырлар мен атының образдарына арналады. Батырлық эпостар негізінде жауынгер тұлғасын бейнелеп, образын жасайды.
Көшпелілер қару-жарағының қалыптасуы мен даму мәселелері орыс қарутанушысы Ю. С. Худяковтың еңбектерінде [14-15] өз орнын табады. Көшпелілер қару-жарақтарының даму эволюциясын археологиялық материалдар негізінде кешенді түрде дәлелдеп береді.
Өз тәуелсіздігімізді алғалы, бұл тақырыптар бойынша жаңаша көзқараста көптеген еңбектер жарық көрді. Э. Ж. Валиханов өз еңбегінде [16] қазақ-жоңғар қатынасындағы әскери іс-қимылдың негізгі кезеңдеріне, стратегиялық және тактикалық әдістеріне, әскери ұйымдастыру мен қарулануына тоқталса, Ж. М. Жетібаев [17] Батыс Қазақстан өлкесі қазақтарының қазба ескерткіштеріне және археологиялық қазба жұмыстарының деректеріне сүйене отырып, қазақтардың қару-жарақ түрлерін бейнелейді. Сонымен қатар, соңғы кездері қазақ халқының әскери тарихын өзінің зерттеулеріне арқау етіп жүрген әскери істі зерттеуші К. Р. Аманжоловтың еңбектерін [18] атауға болады. В. А. Моисеева еңбегі [19] қазақ пен жоңғарлардың әскери тарихына арналады. Еңбекте соғыстар, әскери қимылдар туралы кеңінен баяндалады.
Т. И. Сұлтанов пен С. Г. Кляшторный еңбектерінде [20-21] әңгіме болатын басты мәселе - Өзбек ұлысы мен Қазақ хандығының XV - XVII ғасырлардағы қоғамдық-саяси, этникалық, әлеуметтік-экономикалық өмірі болғанымен, зерттеулерінің біраз бөлімдерін әскери дәстүрлердің көшпелілер өміріндегі рөліне, қазақтардың ру-тайпалық жасақтарына, соғыс тулары, әскери тактикасы мен қару-жарақ жасау техникасына арнайды. Монғол тарихшысы д-р Эренжен Хара-Даван еңбегі [22] Шыңғыс ханның өміріне, оның жаулап алушылық жорықтарына, Монғол империясының құрылып, оның әкімшілік, әскери және саяси құрылымына бағышталады. Монғол армиясының әскери құрылымы туралы бөлімі тақырыпқа тікелей қатысты.
Соңғы жылдары жарық көрген Т. К. Алланиязовтың еңбегінде [23] көшпелі қазақ халқының әскери ісіне көне заманнан XIX ғасырға дейінгі аралықты қамтитын жалпы шолу жасалады. Ал Қ. С. Ахметжанов [24] бай деректерге, негізінен халық ауыз әдебиетіне сүйене отырып, өз еңбегін иллюстрациялық безендіру арқылы мазмұнды түрде баяндайды. Осы сияқты Ж. Қасымбаев еңбегі [25], А. Қ. Жұмаділ [26] пен И. Ерофееваның [27] жекелеген мақалалары да тақырып шеңберін кеңейтуге үлес қосады.
Қазақ халқының XVII - XVIII ғасырлардағы әскери ісінің тарихы А. К. Көшкімбаевтың [28-31] жұмыстарында өз дәрежесінде көрінісін тапты. Ш. Е. Қартаева Қазақ мемлекетінің әскери құрылымын, қазақтардың ұлттық қару-жарақтарды жетілдіруі мен жауынгерлік дәстүрлерін өз еңбегіне [32] арқау етеді.
Әскери өнердің қалыптасуына бастама жол салған сақ жауынгерлерінің соғыс жүргізу сипаты мен ерекшеліктерін, олардың көршілерінің жадында мәңгі қалатыны туралы айтып кеткен Геродоттың еңбегі [33] өте құнды дерек. Әскери өнердің ең шарықтау шегі түркі дәуіріне тұспа-тұс келсе, сол дәуір иелерінің аталған өнердегі жетістіктерін араб авторлары өз еңбектерінің арқауы етеді. Араб авторлары Әл-Джахиз [34] бен Ибн-Фадланның [35] түркі жауынгерлеріне жасаған сипаттамалары әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Сол сияқты Әбілғазы да өз мәліметтерінде [36] түркі тайпаларының әскери тарихын баяндап өтеді.
Монғолдардың әскери жүйесі бойынша алғашқы жалпылама еңбектер [37-38] жарық көрді.
XV-XVIII ғасырлардағы Қазақстанның тарихын зерттеуде “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме”, “Фатх-нама”, “Шейбани-наме”, “Михман-наме-йи Бухара”, “Зубдат әл-асар”, “Тарих-и Абулхайыр-хани”, “Бадай әл-вакаи”, “Тарих-и Рашиди” дерек мәліметтері [39] ерекше бағаланады. Бұл шығармалар бірін-бірі толықтырып, айтулы кезеңдегі халықтың әскери өнері мен дәстүрінен құнды мәліметтер береді.
Деректер қатарының санын қазақтардың ерлік эпостары [40-42] мен халық ауыз әдебиеті [43] , көркем шығармалары [44-47] толықтырады. Тақырып аясында мерзімді басылымдар [48-49] пайдаланылды, жұмысқа қатысты қосымша, сөздіктер де [50-53] қолданылды.
Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ ӨНЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
1. 1 Шаруашылық - көшпелілер әскери өнерінің
қалыптасуындағы негізгі фактор
Көшпелі өмір сүрген тайпалардың шаруашылық түрлеріне байланысты жайылымдық жерлердің табиғат ерекшеліктерін ескере отырып, төрт түліктің жайылымына қолайлы жер таңдай білуі қажеттіліктен туындаған. Профессор В. Н. Кунның Орта Азияның табиғат жағдайларын зерттей келіп жасаған тұжырымдамасында жазық жайылымдық жерлер түйе мен қой бағуға өте тиімді әрі қолайлы екендігі туралы баяндалады. Таулы жайылымдық жерлердің ең негізгі ерекшелігі шабындық шөптердің төрт түлікті асырауға аса қолайлылығы еді, ірі қара мен жылқы малын көктем мен күзде ғана емес, сонымен қатар жазда да, ал қар аз түскен жағдайда, бүкіл қыс бойы азықпен қамтамасыз еткен. Әсіресе биік таулы жайылымдардың шөбі шүйгінді, құнары мол болды. Ерте кезден бері таулы аймақты елдердің жайылымдық жерлері мал өсіруші көшпелілерді қызықтырған, оларды таудың вертикалды ерекшелігіне сай, төменнен жоғарыға, жоғарыдан төменге көшіп жүруге мәжбүр етті. Сөйтіп, көшпелілер толқыны жазда таулы аймаққа ауып, қыста жазықтық жерге көшіп отырған [7; 17] . Сондай-ақ, көшпелілер таулы жайылымды және өзен аңғарларын игерген соң, ірі қара мен жылқы басын көбейтуге мүмкіндік алады, ал құмды жайылым мен жусанды даланы мекен еткен көшпелілердің түйе мен қой бағуы басым болды.
Жайылым түрі табынның бағытын анықтайды, ал көшпелілердің мекені табынның икеміне орай, жайылым түрімен тығыз байланыста болды.
Қыста көшпелілердің негізгі толқыны өзен аңғарлары мен теңіз жағалауына таяу жерлерге орналасып, жазда солтүстікке, орманды аймақ пен шөпті далаға көтерілген. Осыған сай, күзде жылқылар семіз болғанда, отырықшы аймақтарға өздерінің қанды шапқыншылықтарын бастаған.
Қазірдің өзінде ауқымды кең жазық алқапты жерде шаруашылықтың бір түрі - экстенсивті көшпелі мал шаруашылығы көп ғасыр бойы үстемдік етті десек, қателескен болмас едік.
Көшпелі экстенсивті мал шаруашылығының мынадай негізгі ерекшеліктерін айқындауға болады:
1. Көшпелі мал шаруашылығы азықты алдын-ала дайындау науқаны мен малды қорада ұстауды қажетсінбеген. Мал жайылымда өне бойы болған және қажетті жем-шөбін өзі тауып отырған;
2. Жоғарыда айтқандай, азықты өзі іздеп табуда тәулік бойы үнемі қозғалыста болады, ал қозғалыс қашықтығы жем-шөптің молдығы мен сапасына байланысты болады;
3. Әр аймақтың жайылымдық азығының жарамдылығы, өсімдік құрамы мен өсіп-өну дәуіріне байланысты әр маусымда ауысып отырған. Маусым аяғындағы жайылымның азаюы мал азығын басқа жайылымнан іздеуге мәжбүр еткен;
4. Табынның маусымдық қозғалысы жайылысқа, өріске айдауға, бағуға ұласады, яғни бір жерден екінші жерге қозғалу мақсатында табынды саналы түрде басқарып, табынға қажетті жайылымдық жерлер ұйымдастырылып отырған;
5. Саналы адам еркінің араласуы, табынның көбеюі мен өмір сүру жағдайына айтарлықтай өзгерістер енгізеді. Егер адам өзі осы табынмен күн көріп отырса, демек ол табынды жыртқыш аңдар мен табиғат апаттарынан қорғауға мәжбүр болады. Қозғалыстар адам қабілетінің арқасында керекті жайылымдар мен су аңғарларының бойына таяу ауысып, малды құнарлы шөптесін жерлерде ұстауды және оларды азығы мол жерлермен айдауын қамтамасыз етті. Осыдан барып қыстау мен жайлау пайда болып, көктем мен күзде осы екі аралықта көшіп жүру қалыптасады [7; 20] .
Адамға осындай табынды иемдену үшін көп нәрсе қажет бола бастады. Бұл алдымен белгілі бір мал түрінің қажеті мен мінезін білуді, өсімдіктің азықтық пайдасын, кеңістіктегі шөп түрлерінің орналасуын және қысы-жазы, күні-түні айна-қатесіз бағыт таба білуді міндеттейді.
Көптеген ғасырлар бойы адам бақташы болу жолында тәжірибе жинақтау үшін, аңшылық пен терімшілік кәсібі жолынан өтеді. Кейінірек кезеңде аңшылықты кәсіп еткен тайпалар бақташы көршілерінің малдарын басып алу мен айдап кетуі нәтижесінде бірте-бірте мал бағудың қыр-сырын үйрене отырып, өздері де бақташылыққа көше бастады. Аңшылық кәсібі ұзақ уақыт бойы халық шаруашылығының жетекші саласы болып келсе, енді оның орнын мал шаруашылығы басты.
Дегенмен, әскери өнердің қалыптасуында аңшылықтың орнын ерекше атауға болады. Өйткені аңшылық әскери маневрді, әскери қимылдарға даярлықты жетілдірген. Соғыс қимылдары қарсаңында көшпелілер міндетті түрде аң аулаудың қоршау тәсілін орындап отырған.
Аңшылық негізгі 3 әрекеттен тұрды: барлау, ізіне түсу және аңды қолға түсіру [28; 53] . Аңшылыққа қатысушылар 3 бөлікке бөлінеді: аңшылықты басқарушы, қатардағы жауынгерлер және қарапайым халық. Соңғылары аңшылыққа тікелей қатыспайды, олар аңдарды жинаумен, бөлумен, ас дайындау және тағы басқа жұмыстармен айналысқан [7; 20] . Бұндай құрылым туралы және қазақ халқының тұрмысындағы мұндай аңшылық дәстүрлерді халық ауыз әдебиетінен көруге болады.
“Аңшылық қызығына құмартып, бойларына күші сыймай тұрған аламан атаулы сол сәтінде-ақ салқын сабырмен апта бойғы сүргіннің ең соңғы, ең жауапты жұмысына кіріскен. Шығыршығы тарқамаған алып шеңбердің әр тұсында шағын шеңберлер пайда бола бастайды. Кәсібіне машықты жігіттер алға шығып, аңшылыққа кесел келтірер бітеу мойын қабандарды атып жықты, қоршауға түсіп қалған, жалақ-жұлақ етіп, қоңыр аңдар үйірін шеттей ерсілі-қарсылы сабылып жүрген қасқырлардың көзін құртты . . . ” [44; 117-118] .
Аңшылықтың қоршау тәсілі көп адамның қатысуын талап етеді, сол себепті ұжымды ұйымдастыру үшін, яғни маңызды аңшылық шарасын іске асыруда тәртіп пен белгілі бір құрылымды қажет етеді. Ұзақ уақытты қамтыған аңшылықтың тәжірибесі нәтижесінде үштік ұйым қалыптасады, олар: оң мен сол қанат және орталық. Аңшылар жоғарыда аталған үш бөлікке бөлініп, жартылай шеңбер түзейді. Саптың алдында аңшылықты барлаушы тұрады, оның міндеті - аңдарды бақылап жүру. Әр қанаттың өз басшылары болған. Қанаттардың ішінде тәртіп сақтаушы арнайы адамдар белгіленген.
Бүкіл аңшылықты бір-ақ адам басқарған, ол хан немесе атақты батыр болған. Оның бұйрықтары сөзсіз орындалып отырған. Аңшылықты басқарушы әрдайым шептің ортасында жүріп, іс-қимылдарды бақылап, белгілер беріп отырған. Осындай басшының қызметтері соғыс кезіндегі көшпелі қолбасшының қызметімен сәйкес келеді.
Басшылық бұйрығымен барлығы құжынаған аңдарды ортаға алып, бір мезгілде екі қанаты мен орталығы шеңберлене береді. Шеңберді кішірейте беру арқылы жылдамдықты үдете береді. Содан кейін аңдарды садақ, жебемен ата бастайды. Бірақ бірінші болып аңды өлтіру құқығын басшыға береді . “ . . . Ораз-Мұхаммедтің садағы сай еді. Дүбірлете шапқан тарпаң арқан бойы ғана қалды. Ораз-Мұхаммед сонда ғана жай тартар сәтті өткізіп алғанын аңдаған. Садағын лақтырып тастап, тақымынан ұзын найзасын суырды. Бұла тарпаң мен будан тұлпар аяқтары айқаса шайнасып қалды. Сол мезетте Ораз-Мұхаммед те үзеңгіге шірене бере, тарпаңның сағағына бойлата найза салған” [44; 116] .
Аңшылықтың сәтті өтуі жылдамдыққа, тәртіп пен бірлікке байланысты болды, сонда ғана аңдар шеңберді бұзып өте алмайды. Кез келген біраз уақыттық кешігу немесе шеңбердің ажырауы аңдардың сытылып шығып кетуіне жол береді. Сондықтан қоршау тәсілі кең кеңістікте жүргізілгендіктен, аса дәлдікті, қимылдың келісілген болуын және аңшылардың жалпы тәртібін талап етті. Әдетте, күніне бірнеше айдау жүргізілген, аңшылар кешке тұрақтарына қайтып, олжаны бөліске салатын болған [7; 21] .
Аңды қоршау тәсілімен аулауды көшпелілер жете меңгереді. Көптеген шетел саяхатшылары көшпелілер туралы жазбаларында аңшылықты жүргізу тәсілдерін жазып кетеді. Рубрук монғолдардың аңшылығы туралы былай деп жазады: “Когда они охотятся на зверей, то собираются в большом количестве, окружают местность, про которую знают, что находятся звери, и мало по малу приближаются друг к другу, пока не замкнут зверей друг с другом, как бы в круге, и тогда пускают в них стрелы”[37; 231] .
Шыңғыс хан кезіндегі монғолдардың қоршау тәсілімен аң аулауы халық шаруашылығында маңызға ие болды да, әскери тұрғыдан да өзіндік орнымен ерекшеленді. Орыс ғалымы Б. Я. Владимирцевтің айтуынша, аңшылық барлық жорықтың, соғыстың, шапқыншылықтың айнымас серігі болды, соның арқасында әскер азығын алды, соғыс жүргізу қимылдарына қажетті дайындық маневрлерін жүзеге асырды [4; 40] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz