Орыс әскери құрылымдарының Жетісу жеріне жасаған жорықтары



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 55 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

“Қазақстан тарихы” кафедрасы

Дипломдық жұмыс

Тақырыбы

Алатау дуандығы: құрылуы және билік орындары қызметінің тарихы (1818-1867
жж.)

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

1 АЛАТАУ ДУАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ
ЖЕТІСУДАҒЫ САЯСИ ЖАҒДАЙ
1. Ресей империясының Жетісу жерін отарлаудың алғашқы кезеңі
(ХІХ ғасырдың 20-жылдары) ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
2. Ресей билік орындарының араласуымен Жетісу өңірінде жер
дауының шиеленісуі ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
3. Ұлы жүз Приставының құрылуы. Міндеттері мен қызметтері.
Орыс әскери құрылымдарының Жетісу жеріне жасаған жорықтары..

1. АЛАТАУ ДУАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ – ЖЕТІСУ ӨҢІРІН
ОТАРЛАУДАҒЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ
1. Алатау дуандығы әкімшілігінің жергілікті басқарушы топпен
ара қатынасы. Отарлау әдістері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
2. Жетісу өлкесі үшін Ресей және Қытай арасындағы талас-тартыс ... ...
3. Патша өкіметінің Қоқан хандығының ықпалын жою жолындағы
айла-әрекеттері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Отан тарихында методологиялық және фактілік
тұрғыдан жаңа талдауға алуға лайық тақырыптар аз емес. Мұндай қатынасқа
әсіресе отарлық тәуелділік кезеңі ерекше мұқтаж. Сондай-ақ бүгінгі зерттеу
жұмыстарының ерекшелігі осы уақытқа біршама зерттелген тарихи процестер мен
фактілік материалдарды қайталау емес, мәселенің төменгі, астыңғы
қыртыстарына бойлап енуде. Осындай мәселенің бірі Жетісу жеріндегі Ресей
империясының отаршыл саясатын жүзеге асырған патша өкіметінің түрлі
буындардан тұратын әскери-әкімшілік орындарының қызметінің бастапқы кезеңі,
яғни 1817-1867 жж. осы аймаққа орнығу кезінде жүргізген отарлау әдіс-
айласын анықтау болып табылады.
ХІХ ғасырдың І жартысында Жетісу өлкесіне басып кірген Ресей империясы
бірнеше стратегиялық мақсаттарды көздейді:
біріншіден, Жетісу өлкесін Ресейдің өнеркәсібіне қажет арзан шикізат
көзіне айналдыру;
екіншіден, Жетісуға Ресейдің орталық губернияларынан наразы шаруаларды
әкеліп қоныстандыру арқылы әлеуметтік мәселелерін шешу;
үшіншіден, Жетісу өлкесі арқылы Азия елдерімен сауданы жандандыру;
төртіншіден, Жетісу өлкесіне әскердің мол шоғырын орналастыру, оны
маңызды плацдармға айналдыра отырып, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия
мемлекеттерін басып алу, сөйтіп Қазақстанды толық жаулап алуды аяқтау;
бесіншіден, болашақта Жетісу өлкесі арқылы империяның сыртқы
саясатындағы бәсекелесі Англияның Шығыстағы алып отары Үндістанға қауіп
төндіру;
Патша өкіметінің жоғарыда аталған саяси бағыттары жинақтала келіп
Жетісу өлкесіндегі отаршылдық пиғылының бет-пердесі мен көздеген мақсатын
ашып берді.
Қазақ хандарының билігін жойғаннан кейін Ресей өзіне бағынышты
аймақтарында Ресейдің әскери-әкімшілік жүйесін енгізуге нақты мүмкіндік
алып, оны іске асырады. Яғни, қазақ елінде жаңадан аумақтық құрылыс
енгізіліп, соған орайластырып, бүкіл Ресей империясындағы ұқсас басқару
мекемелері құрылды.
Соның бірі Жетісу жеріндегі Ресей империясының отаршыл саясатын жүзеге
асырған патша өкіметінің түрлі буындардан тұратын әскери-әкімшілік орындары
болды. Бұл қызмет орындары патша өкіметінің Батыс Сібір мен Орта жүз
қазақтарының жерін өз иелігіне қаратқаннан кейін 1822 жылы
М.М.Сперанскийдің “Сібір қырғыздары (қазақтары-автор) туралы Жарғысы”
бойынша қазақтарды басқару үшін тағайындалды. Бұлар 1838 жылы Сібір
қазақтарының шекаралық басқармасы құрылғанға дейін Омбы облысына бағынып
келген сыртқы дуандықтардан құралды.
Дуандық әскери-әкімшілік аумақтық бөлік болып есептелінді. Дуандықты
басқаратын дуандық приказдар бір мезгілде құрылып, әскери-әкімшілік
басқармасы ретінде қызмет атқарды. Олардың міндетіне қазақ даласындағы
әскери-полициялық және азаматтық істерді жүргізу тапсырылып, шексіз
биліктің иелеріне айналды. “Қазақстандағы патша әкімшілігі,- деп жазды
академик С.З. Зиманов,- үлкен дербес саяси билікке ие
болды. Бұл мекемелердің іс-әрекеттерін жоғарғы сатыда тұрған билік орындары
қолдады немесе үнсіз ғана кесіліп отырды” 1.
Жаңадан ашылған әкімшілік-аумақтық бөліктері ішкі және сыртқы
дуандықтарға бөлінді. Сыртқы дуандықтар ерекше өкілеттіктерді иеленіп,
шекара мәселесімен де айналысты. Әсіресе 1848 жылы Жетісу өлкесінде
құрылған патша өкіметінің Ұлы жүз Приставы деп аталатын әскери-әкімшілік
мекемесіне зор құқықтар берілді. Яғни, Ұлы жүз Приставының қолында
азаматтық және әскери билік шоғырланды. Сондай-ақ ол тікелей Омбыдағы Жеке
Сібір корпусының командиріне бағынды. Қапалда құрылған жаңа билік
Приставтық болғанымен, іс жүзінде ол штат құрамы және атқаратын міндеті
бойынша дуандық приказ сипатында құрылып, соның қызметін атқарды.
Жетісу өлкесінде топтастырылған Орыс әскерлерінің сан мыңдаған қолы
Орта Азия мен Қытай сияқты мемлекеттерге шабуыл жасауға сақадай сай тұрды.
Оларды азық-түлік және жүк көліктерімен жабдықтау жергілікті әскери-
әкімшілік орындарына жүктелді. Әскери күшке сүйенген дуан бастықтары
өлкедегі тыныштық пен тәртіпті сақтады.
Олар осы мақсатқа жету үшін жергілікті тұрғындарға қарсы қанды
жазалаулар жүргізді. “Азиаттардың орыс аты аталғанда үрейі ұшатындығына қол
жеткізу оңайға түскен жоқ,- деп жазады. Е.Марков өзінің “Ресей
Орта Азияда” деген еңбегінде,- сәл ғана жасалған орысқа деген қарсылық
әрекет үшін бұратаналарды қанға бөктіріп, аяусыз жазалау қажет болды. Жақын
маңнан табылған орыстың өлі денесі үшін бүкіл ауылдар тұрғындарымен
өртеліп, күлі ғана қалатын” 2.
Қарап отырсақ, қазақ жеріндегі Ресей үстемдігінің тарихы оның
жазалаушы мекемелерінің қасіртті “қанды ерліктеріне” толы болғанын
байқаймыз. Жетісудағы әскери-әкімшілік орындары Ресей империясының сыртқы
саясатындағы бірнеше стратегиялық маңызы бар күрделі мәселелерді шешкен.
Мәселен, біріншіден, Орта және Ұлы жүз қазақтарын көрші жатқан мұсылман
мемлекеттерінің ықпалынан айыруға күш салған. Сонымен қатар қазақ
жүздірінің арасындағы бірлікті бұзып, руаралық жанжалдарды қоздырып отыруға
міндетті болған. Екіншіден, Ресейдің Орта Азия, Шығыс Түркістан және басқа
да Орталық Азия елдеріне баратын сауда жолдарының қауіпсіздігіне жауап
берген. Үшіншіден, Англияның Үндістанынан бастап, Қытай және Орта Азия
мемлекеттеріндегі саяси және әскери хал-ахуал туралы мәліметтер жинайтын
барлау орталығына айналған. Төртіншіден, Ресей империясының Қытаймен
арадағы шекараны белгілеуде барлық жұмыстарды атқарған.
Диссертация тақырыбының өзектілігі сонда, осыған дейін Жетісу
өлкесіндегі әскери-әкімшілік қызмет орындарының тарихы арнайы түрде
зерттелмеген. Бұл мекеменің Ұлы жүз қазақтарын Ресейдің билігіне бағындыру
кезінде жүзеге асырған іс-қимылдары мен айла-әрекеттері тарихта мүлдем
ашылмай, ғылыми тұрғыдан өз бағасын әлі күнге дейін алмаған... Сол себептен
де зерттеліп отырған патша өкіметінің Жетісудағы әскери-әкімішілік
мекемесінің отаршылдық жүйедегі ерекше орнын және оның қазақ даласындағы
әскери-қимылдарының өзгешелігін деректер негізінде ашып көрсету өзекті
мәселенің бірі болып табылады.
Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Ресей империясының Жетісу
өлкесіндегі әскери-әкімшілік орындарының 1856 жылдан 1867 жылға дейінгі
аралығындағы қызметі мен тарихын тың деректік материалдар негізінде, жаңа
көзқарастар тұрғысында талдай отырып, оның жұмыс істеу тәсілдерін ашып
көрсету жұмысының басты мақсаты. Осыған байланысты төмендегідей мынадай
міндеттер қойылды:
- ХІХ ғасырдың І жартысында қаруы күшті, әскері мол патша өкіметінің
Жетісуды жаулап алудағы отарлық саясатының мақсаты мен мүддесін түп негізін
айқындау;
- Жетісу өлкесін иелену жолындағы Ресей, Қытай және Қоқан хандығының
арасындағы өзара тайталасы мен күрес жолдарын ашу;
- Жетісудағы патшалық әскери-әкімшілік орындарының құрылу нәтижесінде
өлкенің толық бақылауға алынғандығын, жазалау шараларының күшейгенін
анықтау;
- патшалық Ресейдің билігі Жетісу өлкесіне орнаған кезден бастап жер
дауының күрт шиеленіскенін ашу;
- отаршылдық мүддені жүзеге асырудағы Жетісу жеріндегі әскери-
әкімшілік орындарының айла-шараларының түрлері мен оның әдіс-тәсілдерін
көрсету;
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бүгінгі таңда патшалық Ресейдің Жетісу
өлкесіндегі отаршылдық саясатына қатысты зерттеулер біршама бар болғанымен,
оның әскери-әкімшілік орындарының қызметіне көп көңіл бөлінбеген. Оның
басты себебі әскери-әкімшілік мекемелерін құрал ретінде пайдаланған патша
өкіметі өзінің империялық саясатының “көлеңкелі” тұстарын көпшілікке жария
етпеуге тырысып бақты. Отарлауға байланысты жазылған еңбектер революцияға
дейінгі кезеңдерде жарық көрді. Қазақ елінің Ресей империясының қол астына
өтуінің тарихнамасы өзінің даму барысында ұзақ және күрделі жолдардан өтті.
Соған қарамастан, осы күрделі мәселеге қызығушылық пен ықылас білдіру
Қазақстан азаттық алғаннан бері күшейе түсті.
Революцияға дейінгі деректердің өз алдына құндылығы сонда, осы заманғы
тарихшылар үшін аса маңызды актілерді, көзқарастарды тізбелеп
келтіретіндігінде. Өйткені зерттеуші басқа тарихи деректерден тасада қалған
нақты оқиғалардың шынайы дәлелдерін табуы мүмкін.
Өлкені зерттеуде Ресей саяхатшыларының рөлі ерекше. Себебі қазақ
даласының Ресейдің құрамына енуі, оның өткен тарихын зерттеп, табиғи
ресурстары мен өндіргіш күштерін анықтауды қажет етті. Әсіресе, 1861 жылғы
ре ормадан кейінгі Ресейдің әлеуметтік-экономикалық даму тез қарқынмен алға
басып, жаңа рыноктық қатынаста тез және сеніммен күш алып, жедел дамып келе
жатқан өнеркәсібі мен саудасы үшін барған сайын арзан шикізат көздерін
талап ете бастады.
Сондықтан күн тәртібіне отарлық шет аймақтардың байлықтарын игеру,
олардың ресурстарын анықтау және түбегейлі зерттеу мәселелері қойылды.
Мұнда Орыс географиялық қоғамына едәуір мән берілді. Отаршылдық пиғылды
көздеген патша өкіметі ХІХ ғасырдың ІІ-жартысында көптеген жергілікті
өлкетану қоғамдарының алдарына бодан болған елдерге ғылыми экспедицияларды
жарақтандырып, олар туралы географиялық, статистикалық, этнографиялық және
жаратылыс – тарихи материалдар жинап, оларды өңдеу және тарату міндеттерін
қояды.
Олар өз еңбектерінде өлкеде жағрапиялық жағынан ғана емес, сонымен
қатар ХІХ ғасырдың І жартысында орын алған саяси және әлеуметтік-
экономикалық өміріне жалпылама түрде сипаттама береді. Мәселен, сол
ғасырдың 50-жылдарының аяғынан бастап-ақ өлкеде ғылыми және әскери
мақсаттармен зерттеу жұмыстарын жүргізген П.П.Семенов Тянь-Шаньский,
Ш.Уәлиханов, М.Венюков, Н.Северцов, А.И.Макшеев және тағы басқалары болды
3.
Олардың арасында қазақтың аса көрнекті ғалым және ағартушысы
Ш.Уәлиханов мазмұнға бай және өте құнды еңбектер қалдырған. Ол шовинизмді
мейлінше жан сала қорғаушылар Шығыс халықтарының екінші сорттылығы туралы,
мемлекеттілік пен державашылдыққа таңдаулылардың құқығы туралы еуроцентршіл
идеясымен қаруланғандарға қарсы шыға отырып, қазақтардың дүниезүзілік
өркениет тарихындағы орнын анықтай келіп, орыс идеологтарының қазақтар “мал
сияқты тұрпайы варварлар” деген түсініктерін үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Өзінің тым қысқа өмірінің ішінде ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының
тарихы, жағрапиясы мен этнографиясына арналған бірсыпыра еңбектері мен
қоғамдық-саяси тақырыпқа да толып жатқан шығармаларын жазып қалдырды. Соның
ішінде Жетісудың тарихына көңіл бөліп, Іле өлкесіне жағрапиялық сипаттама
және Ұлы жүз қазақтарын басқару тәртібін ашып көрсетіп, Жетісу үшін
тайталасқан Ресей, Қытай және Қоқан мемлекеттерінің іс-әрекеттеріне талдау
жасаған 4.
Сонымен қатар, Жетісу өңіріндегі патша өкіметінің отарлық билік
орындарының қызметі мен міндеттері жөнінде В.А. Васильев 5, В.Е.
Недзвецкий 6, А.И. Макшеев 7, Т. Седельников 8 өз еңбектерінде атап
көрсетеді. Бұл еңбектерде олар билік орындарының құрылуы мен қалыптасу
тарихын баяндап, отарлау тәсілдерін айқындап берді. Жалпы алғанда
революцияға дейін шыққан еңбектердің басым көпшілігі патшалық Ресейдің
өлкеде жүргізген отаршылдық саясатын ақтау, ұлы державалық көзқарастарды
білдіретін сарында жазылды.
Ресей империясының қазақ даласындағы отарлық билік орындарының
қызметіне ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары да өз бағасын беріп, олардың
жүргізген саясатын өткір сынға алады. Ол авторлар патшалық әкімшілік
жүргізген отаршылдық саясатын ашық талқыға салған және қазақ халқына
әділетсіздік қысым көрсетілгеніне көп көңіл аударған. Сондықтан да қазақ
зиялыларының шығармашылық еңбектеріне оралуымыз төл тарихнамамызға
айтарлықтай үлес қосуда. Мәселен, Алаш жетекшілерінің бірі Ахмет
Байтұрсыновтың “Қазақ” газетінің 1914 жылы №78 санында Ресей үкіметінің
жүргізген отаршылдық саясатын ашықтан-ашық сынаған мақалалары жарық көреді
9.
Патша өкіметінің отарлық саясатына және оның жергілікті әкімшілік
орындарының қызметіне байланысты жазылған еңбектерге тоқталар болсақ, олар
Г.Сафаров 10, П.Г. Галузо 11, А.Сұлтан-Заде 12, С. Асфендияровтардың
13 зерттеулері болды. Бұлардың ғылыми еңбектерінде өлкедегі отарлаудың
көлеңкелі тұстары, орыс езгісінің пәрменділігі, әскери-әкімшілік
орындарының құрылымы мен қызметіне шолу жасап, әрекеттерін ащы шындықпен
көрсетеді. Солардың бірі Г.Сафаров өз еңбегінде өлкедегі отарлау алғашқы
кезде әскери басқыншылық түрінде болып, содан кейін барып Ресейден дайын
күйінде әкімшілік-полицейлік құралдың әкелініп танылғаны туралы қорытынды
жасайды.
Қазақ даласындағы патша әкімшілігінің қызметіне жөнінде және ондағы
халықтың әлеуметтік-экономикалық өміріне байланысты зерттеулер көптеген
кеңестік және қазақстандық ғалымдардың еңбектерінде орын алып, зерттеу
нысандарына айналды. Мәселен Н.А.Халфин 14 және Е.Бекмаханов 15 өз
еңбектерінде ХІХ ғасырдың І жартысындағы Қазақстанныңсаяси дамуына назар
аударса, Б.С.Сүлейменов пен В.П.Басин 16, С.М.Мәшімбаев 17,
С.Е.Толыбеков 18, Г.С.Сапаргалиев 19, К.А.Жиреншин 20 сияқты ғалымдар
патша өкіметінің қазақ даласында жүзеге асырылған жазалау шаралары мен
әкімшілік-саяси жүйесінің құрылымдарына талдау жасаған. Яғни, Б.С.
Сүлейменов пен В.П. Басиннің еңбектерінде патша өкіметінің реформалық
отарлық билікті нығайтуға бағытталған деген ой орын алса, ал
Г.С.Сапарғалиев пен С.М. Мәшімбаевтің еңбектері болса патша өкіметінің
Қазақстанда жүргізген жазалау шаралары мен әкімшілік-басқару жүйесінің
құрылымдарын көрсетеді. К.А.Жиреншиннің зерттеуінде ХІХ ғасырдағы қазақ
даласының саяси даму барысына баға беріледі.
1990 жылдардың басында қазақ елінің Ресей империясының қол астына өту
мәселесінің тарихнамасында екі түрлі көзқарас қалыптасады: тек қана жаулап
алу және бастапқы бодандықты ерікті түрде қабылдау, одан соң әскери күштің
көмегімен қосып алу. Ресей империясының Жетісу өлкесін отарлаудағы басқару
және табиғи байлығын игеру мақсатында іске асырылған шараларын талдауда
М.Қ. Қойгелдиевтің “Жетісудағы Ресей билігі” атты монографиялық зерттеуі
кеңестік тарихнаманың тұжырымдарын қайталамайды. Жарты ғасыр мерзімге
созылған патшалық билік Жетісу өңіріне, оның халқының өміріне қандай
жаңалықтар алып келді, монографиялық зерттеудің сарыны осы тақырып
ауқымында өрбиді. “Түпкі стратегиялық мақсаты Орталық Азияны өзіне қарату
болған Ресейдің бұл бағыттағы әрекеті,- дейді профессор М.Қ. Қойгелдиев,-
әрине, тек Жетісу арқылы ғана өріс алатын еді. Ал бұл кезде Жетісуды жара
ағатын Іле өзенінің шығыс жақ бетнде қытайлықтардың ықпалы байқалса, батыс
бетін Қоқан хандығы билеп төстеді. Жетісу үшін талас барысында бұл екі
мемлекеттің де мүмкіндіктерін жақсы түсінген Ресей үкіметі, түптеп келгенде
мәселенің толық шешімін табуы жергілікті халықтың көңіл-күйіне тәуелді
екендігін дәл бағалай білді” 21.
Отарлаудың ащы шындығы К. Нұрпейісовтың еңбегінде жан-жақты
көрсетілген. Өз зерттеуінде автор қазақтармен көшіп келген келімсектердің
арасында қалыптасқан күрделі қарым-қатынастарға тоқтала келіп, Ресей
мемлекетінің тарапынан жасалынған қатыгездік пен озбырлыққа, жергілікті
халықты ата қонысынан ығыстыру шараларына тоқталады 22.
Отарлау мәселесінің бағыттары мен қадамдары, ұлт зиялыларының
қоныстандыруға қатысты ой-пікірлері мен ұстанымдары Е.Ж.Валиханов 23 пен
В.З.Галиевтің 24, С.Рүстемовтің 25 еңбектерінде қарастырылған.
Ресей империясының Қазақстан мен Орта Азиядағы отарлық саясаты және
жергілікті билік орындарының қызметі шетел зерттеушілерінің еңбектерінде де
көрініс тапқан. Шетел зерттеушілерінің еңбектерін қарастырғанда Гарвард
университетінің профессоры Ричард Пайпстің еңбегі ерекше 26. Себебі бұл
еңбекте тоталитарлық жүйеге қатысты құнды пікірлер айтылған. ХХ ғасырдың
алғашқы жылдарында патша өкіметі, тәжірибе ретінде бірнеше шараларды
қабылдап, нәтижесінде полиция тәртібінен асып түсіп, тоталитаризмнің қара
түнегін орнатқан еді деп, монографиялық еңбегінің үшінші тарауында
революционерлердің пайдаланғандығы көрсетіледі.
Ал Вена университетінің профессоры Андрес Каппелердің зерттеуінде
Ресейдің мұсылман елдеріне қатысты жүргізген отаршылдық саясаты кеңінен
қозғалған 27. Патшалық Ресейдің Түркістан өлкесіндегі мұсылмандарға
қатысты жүргізген саясатының негізгі екі жолы болды. Оның біріншісі
агрессивтік (зорлық-зомбылық, күш көрсету) болса, екіншісі прогматикалық
(жұмсақ, майысқақ) болды деп көрсетеді.
Осы аталған тарихнамалық зерттеулер Ресей империясының өлкедегі
билігінің тарихына объективтік тұрғыдан баға беру қажеттілігін және ғылыми
жағынан құндылығын аңғартса керек.
Диплом жұмысының деректік көзі ретінде алынған материалдарды
бірнеше топтарға жіктеуге болады. Солардың бірі Ресей империясының қазақ
даласына, соның ішінде Жетісу өлкесін мекендеген Ұлы жүз қазақтарын
отарлауға қатысты шығарылған әр түрлі заңдық жинақтар және құқықтық актілер
мен ережелер, әскери-әкімшілік мекемелердің құрылуы, міндеті мен әрекет ету
жөніндегі мәліметтер.
Бұл деректерді “Сборник узаконений о киргизах степных областей” 28,
“Ресей сыртқы саясатының тарихы” 29 құрады. Сонымен қатар Жетісу өлкесі
бойынша жүргізілген шолуларда әлеуметтік, шаруашылық, мәдени және қоғамдық
қатынастар туралы жыл сайын мәліметтер беріліп тұрды 30.
Зерттеу барысында жергілікті әкімшілік мекемелерінің әскери және
азаматтық шенеуніктерінің ресми іс-қағаздары мен жазбалары, Бас штабтың о
ицерлері мен саяхатшылардың естеліктері мен күнделіктері және хаттары
ғылыми айналымға тартылды. Атап көрсетсек, А.Янушкевичтің күнделіктері мен
хаттары 31, П.П. Семенов-Тянь-Шаньскийдің саяхаты кезіндегі еңбектері
32, И. Бабковтың Батыс Сібірдегі қызметі жайлы естеліктері 33, М.
Венюковтың жазбалары 34, Н. Северцовтың зерттеу жұмыстары 35 және тағы
басқалары.
Сонымен қатар көптеген мәліметтерді мерзімді басылым беттерінен
кездестіреміз. Мысалға: “Военный сборник”, “Ветник Европы”, “Русская
старина”, “Русский архив”, “Туркестанские ведомости”, “Вопросы колонизаций”
сияқты баспасөз басылымдарында Жетісу өлкесі жайлы аса маңызды деректер
келтірілген. Бұлардан басқа ХІХ ғасырда орыс мерзімдік басылымдарындағы
деректердің “Царское колонизация в Казахстане” атты еңбекте біршама
жинақталған түрі келтірілген. Онда “Русский вестник”, “Отечественные
записки” және басқа да журналдар Ресей империясының қазақ даласындағы
жаулау жорықтары мен оған қатысқандардың естеліктері және мұрағаттық
деректер бар 36.
Міне, бұл тарихнамалық шолулар Жетісу өлкесіндегі патшалық Ресей
билігінің тарихын қарастырудың қажеттілігі мен маңыздылығын аңғартса керек.

Жоғарыда баяндалған мазмұндағы материалдар бойынша қорытқанда Жетісу
өңірінде патшалық билік жүйесінің қалыптасу, даму және дағдарыс кезеңдерін
терең талдауға мүмкіндік берді.
Кеңестік тарихнама орыс билігінің Қазақстанға келіп орнығуын
прогрестік құбылыс ретінде мойындады. Ал Ресейлік отарлау саясатына қарсы
шыққан саяси күштер күні өткен, ескіні көксеген еодалдық қатынастарды
жақтайтын қорғаушылар есебінде көрсетілді. Империялық жаулап алу саясатын
ашықтан-ашық ақтауды көздейтін бұл көзқарас келмеске кетті.
Біз диссертациямызды орыстардың әскери-әкімішілік орындарының Жетісу
жеріне келіп жүргізген басқыншылық саясатын сыни тұрғыдан қарап, олардың
Жетісу өлкесінде мекендеген байырғы халықтарға жасаған зорлық-зомбылығы мен
оларды бағындыру жолындағы “құйтырқы” іс-әрекеттерін ғылыми негізде
талдаймыз.
Ал Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқан жергілікті
саяси күштердің ресейлік отаршылдыққа қарсылығын мемлекеттік тәуелсіздік
жолындағы күресі есебінде бағалаймыз. Сол сияқты Жетісу жерінде орын тепкен
ресейлік билік жүйесінің көздеген мақсаты да, көтерген жүгі де империялық
мүддеден туындады. Сондықтан да біз Қазақстанға келіп орын тепкен ресейлік
билік “күні өткен хандық биліктен” жоғары болды, қазақ қоғамының жаңа даму
сапасына көтерілуіне жол ашты деген мазмұндағы тұжырыммен мүлдем келісе
алмаймыз. Біздің пікірімізше, патшалық билік тұсында Жетісу жерінде
орыналған саяси өзгерістер қазақ халқын ұлт ретінде жоятын жолға түсірді.
Тек тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана бұл қауіптен құтылуға
мүмкіндік алдық.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері мен территориялық қамту аймағы.
Негізгі әскери-әкімшілік тәртіптің Жетісу өлкесіне енгізілуін 1818 жылғы
Сүйік Абылайхановтың Ресей билігін мойындау жөнінде өтініші нәтижесінде
нақтылай түсуін анықтай отырып, оның 1867 жылдың 11 шілдесіне дейінгі даму
барысын көрсеттік.
Тақырыпқа негіз болған мәселенің территориялық қамту аймағы – Батыс
Сібір генерал-губернаторлығына күшпен қосылған Жетісу өлкесі.
Жұмыстың методологиялық негізі мен әдістері. Зерттеу жұмысын талдауда
біз соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан жаңалықтар мен
түбегейлі өзгерістерді негізге алдық. Бұған дейін патшалық Ресейдің
Жетісудағы жергілікті әскери-әкімшілік басқару билігінің қызметі мен тарихы
арнайы өз деңгейінде зерттеу көзіне айналмай тіпті назардан тыс қалып
келгенін айта кеткен жөн.
Отаршылдық жүйедегі өзіндік орны бар бұл мекеменің қызметтері Кеңестік
кезеңдегі тарихы тар таптық-партиялық ұстанымдар тұрғысынан баяндалып
келген. Міне, сондықтан зерттеу барысында жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер
мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан қазылған зерттеулер
басшылыққа алынды.
Диссертациялық зерттеудің методологиялық және теориялық негізін
диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен өркениеттілік, салыстырмалылық,
талдау, жинақтау және қорқыту, жүйелілік әдістері арқылы бердік. Сонымен
қатар тарихи ұстанымдар мен концептуалдық ережелер, танымдық теория
негіздері алынды.
Диплом жұмысының құрылымы: Кіріспеден, әрқайсысы үш бөлімнен құралған,
екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1. АЛАТАУ ДУАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖЕТІСУДАҒЫ САЯСИ ЖАҒДАЙ

1. Ресей империясының Жетісу жерін отарлаудың алғашқы кезеңі (ХІХ
ғасырдың 20-жылдары)

ХІХ ғасырдың І жартысында Ресей экономикасының жаңа капиталистік жолға
түсуі, өнеркәсібі мен саудасының өрлеуі жаңа өнім өткізетін рынокқа және
шикізат көзі болып табылатын аймақтарға қажеттілікті туғызды. Бұл мәселені
патша өкіметі Қазақстан мен Шығыс елдерін отарлау арқылы шешпек болды.
“Ресей үшін қазақ елін өз отарына айналдыруға басты мақсат елдің табиғи
байлықтарын, арзан жұмыс күшін, арзан шикізатты қажетіне пайдалану,
неғұрлым мол пайда табу болды” .
Әсіресе, патша өкіметі мен орыс буржуазиясын табиғат байлықтры мен мал
өнімдерінің шикізатына өте бай Жетісу өлкесі аса қызықтырды. Ондағы мал
және мал өнімдері Ресей мануфактурасының ең қажетті көздерін беретін еді.
Патша өкіметі Шығыстан шикізат көзін іздестірумен қатар, Азияда орыс
саудасын жандандыруға тырысты. 1817 жылы қабылданған “кедендік ережеде”
Азиядағы сауда-саттыққа үлкен мән беріліп, - “Азиямен сауда жүргізу Ресей
үшін ұлы мақсат”- деп атап өтіледі . Осыған байланысты Жетісу өлкесі
керуен жолдарының торабында орналасқандықтан Шығыс Түркістан мен Орта
Азияның саудасына бақылау жасауына толық мүмкіндік беретін еді. Сондай-ақ,
орыс көпестерне Жетісуды мекендеген Ұлы жүз қазақтарының жері арқылы “ең
қауіпсіз жол” жасалмақшы болды 74,203б.
Жалпы алғанда Жетісу өлкесі Ресей империясының сыртқы саясатында Орта
Азия, Ауғанстан, Шығыс Түркістан және Үндістан сияқты елдерге әскери
жорықтар жасайтын ең қолайлы позиция ретінде аса маңызды стратегиялық
аймаққа айналды. “Бұл жерден Қоқан мен Батыс Қытайға ғана емес,
ағылшындардың Үндістаны да қашық емес”- делінген орыс
деректерінде75,130б.
Ресей империясының Шығысты отарға айналдыру, оның ішінде Үндістанға
қожалық жасау мақсаты І Петр патшадан бастау алады. Қазақстанды Азияға
басып кіретін “алтын қақпа” деп атаған ол, басқыншылық жоспарын
мұрагерлеріне өсиет етіп қалдырады. “Император, - деді Макшеев өз
еңбегінде, - мұрагерлеріне Шығысты Түпкілікті жаулау туралы жоспар құрып
кетеді. Олар осы жоспар бойынша Шығысқа қарай үш бағытпен қимылдады:
Шығыстағы Түркістаннан Үндістанға, оңтүстіктегі Кавказдан Персияға және
Азиялық Түркияға”17,47б. Ресей империясын кеңейтуді және отар елдерден өз
үлесін алуды мақсат тұтқан патша өкіметі шығыс елдерін бөлісуде Еуропадағы
ірі капиталистік елдермен өзара бәсекелестік күреске түседі.
Орыс патшасы І Павелдің тұсында отарлық саясаттың негізгі тетіктері
кең көлемде күш алады. Ол министр М.В.Ростопчинге Ресейдің сыртқы
саясатының бағыт-бағдарын анықтайтын бағдарлама жасауға тапсырма береді.
М.В. Ростопчиннің жасаған жоспары І Петрдің “өсиетіне” сәйкестендіріліп,
1800 жылы қыркүйек айында дайындалады. Оның І Павел сол жылдың 2-қазанында
бекітеді. Ростопчиннің бағдарламасында империяның аумағын ұлғайту ашық
түрде айқындалып, Англия, Франция, Австрия және Пруссия сияқты
мемлекеттердің күш-қуатын әлсірету бағыттары көрсетіліп, Үндістанды
бағындыру үшін қазақ даласы арқылы әскери экспедиция жөнелту және Осман
империясын бөлшектеу қарастырылады77,159-161 б.
Осы жоспар бойынша қимылдаған патша өкіметі отар елдерді бөлісуде
Англияның бірден-бір бәсекелесіне айналады. Азия департаментінің Орта
Азиялық бөлім бастығы Ұлы князьға жасаған мәлімдемесінде мына жағдайды
баяндайды. Онда былай делінген – “Солтүстік Батыс жіне оңтүстіктегі Еуропа
елдерінің жасаған тосқауылдары орыс халқына басқа жолдарды іздеуге
мәжбүрледі. Сондықтан олардың еншісіне Азия ғана тиді. Орыстар бұл жерге
барлық бағыттар бойынша бас салып ұмтылды. Оған апаратын жол бұрыннан үш
бағыттан тұратын: Кавказ арқылы Оңтүстікке, Солтүстік-Шығыстағы қазақ
даласы арқылы Үндістанға және Шығыста Сібірден Ұлы мұхитқа және Қытайға”
78,12б.
Үндістанның Англияның отарына айналуы, Қытай жағалауында ағылшын
кемелерінің тұруы, Ресей империясының аталған жолдармен қимылдауы Англияның
мүддесіне нұқсан келтіріп, орыс-ағылшын қатынасын мүлдем шиеленістіріп
жібереді.
Патша өкіметі Үндістанға иелік жасап, онда ағылшындардың мүддесіне
соққы берумен қатар, шығыстағы мұхитқа шығып, Азияның бүкіл шикізатын су
жолымен тасымалдауды көздеді. “Біздің үкіметіміздің, -деп жазады Н.Павлов –
Батыс және Қиыр Шығыстағы теңіз күштерінің құрылысын аяқтамай жатып,
Түркістан мақтасы үшін Үнді мұхитында флот құруға деген ұмтылысы шектен
асқан қадам болды”80,235б.
Орыстардың Үндістанға соншама көз тігуінің себебі, біріншіден, Азиядағы
теңіз жолына шығуына, екіншіден, Еуропадағы бәсекелесі Англияны шығыста
тізе бүктіруге, үшіншіден, бүкіл Азияға өз бақылауын орнатуға мүмкіндік
беретіндігі еді. Осыған байланысты патшаның алдына Бламберг, Торнау, Хрулев
және тағы басқа әскери шенеуніктер Үндістанды жаулау туралы бірнеше
жобаларын ұсынады. Сол жобалардың бірінде Шығыс Түркістан арқылы Үндістанға
апаратын жолдың бойында жатқан Жетісу өлкесіне үлкен мән беріледі 81,104-
114б.
Бірақ ағылшындар қанша жерден сақтық шараларын жасағанымен, Үндістанда
орыстарға төтеп бере алатындай күш жоқ болатын. Оған ағылшындардың әскери
және саяси жағдайы туралы Кавказ таулы Басқармасының бастығы генерал-майор
Франкини және генерал-майор Гейнстің әскери министрге жазған №19 құпия
баяндама-хаты дәлел бола алады. Онда былай делінген: -“Үндістандағы
ағылшындардың жағдайы өте тұрақсыз және сенімсіз болғандықтан орыс
әскерінің берген кез-келген соққысы Шығыстағы Англияныың құдыреттілігін жоя
алады” 82,11б.
Сонымен Ресейдің сол кездегі Еуропадағы қаласы болған алып империя
Англияның алдын орап, Орта Азия мемлекеттеріне жақындай отырып, оңтүстік-
шығыс, Қазақстан мен Шығыс Түркістанның түйісетін жеріне орнығып алуы, оны
алдыңғы шепке айналдырып, сол арқылы әскери-саяси қайшылықтарын шешуі
едәуір дәрежеде Жетісуды бағындыруға байланысты болды. Орыс
империалистерінің Жетісу жерін отарлауы бірнеше әскери міндеттерден
құралды:
1) гарнизондар мен бекіністер салу, тұрақты әскерлер мен казактарды
орналастыру, қару-жарақ қоймасын жасау;
2) Орта Азияға басқыншылық жорықтарына дайындалу. Дуан және дуандық
приказдар ашып, өлкеде әскери-әкімшілік басқаруды енгізу;
3) Қоқан әскерлерін ығыстырып, қазақ жерін бағындыруды аяқтау;
4) шекаралық аймақта Қытай әскеріне тосұауыл қойып, жауланған қазақ
жерін орыс-қытай шекарасын анықтау және тағы басқалар. Яғни, Жетісу өлкесі
Ресей басқыншыларының негізгі стратегиялық алаңына айналды.
Шығысқа бет алаған патша өкіметі Түркия, Иран, Орта Азия және Қытаймен
байланыс жасап, оларға қарсы белсенді әрекет жасау үшін 1819 жылы Сыртқы
істер министрлігінің жанына арнайы Азиялық департамент құрады. Сол жылы
департаменттің құрамында Азиялық комитет өз жұмысын бастап, тікелей Орта
Азия, Қазақстан және Қытайға байланысты мәселелерді қарастырумен айналысады
73.217б.
ХІХ ғасырдың 20-жылдары патша өкіметі бұл мекемелердің алдына Ресей
империясының билігін мойындамаған Ұлы жүз қазақтарын дипломатиялық
әдістермен және қарудың күшімен жаулап алуды міндет етіп қояды. Ұлы жүз
қазақтарының саяси бытыраңқылығы, ішкі руаралық жанжалдар, күрделі сыртқы
әскерлердің салдарынан Жетісуды мекендеген қазақтарды басып алуда Ресейге
жеңілірек тигенімен, орыстар баяу және өте сақ қимылдайды. Патша өкіметінің
еркін қимылдауына мүмкіндік бермеген, біріншіден, ХVІІІ ғасырдың аяғында
жоңғар хандығын жойып, өз мекендеріне Ұлы жүз қазақтарының қайта
қоныстануына рұқсат беріп, оларды бағыныштылықта ұстағысы келген Қытайдың
жергілікті өкімет орындары болса, екінші жағынан, 1814 жылы Ұлы жүз
қазақтарына қарайтын Ташкентті басып алу арқылы, оларды өз ықпалына
түсірмек болған Қоқан хандығы тұрды.
Аталған екі мемлекеттің Жетісуға салған назарлары Ресей империясының
стратегиялық маңызы бар өлкеге басып кіруіне кедергі жасады. Осыған
байланысты патша өкіметі Жетісуды бағындыруды әр-түрлі іс-шаралар мен айла-
амалдарды қолданады. Олар бірінші кезекте Қазақстанның саяси
тәуелсіздігінің қалдықтарын құртудан бастайды. Яки, зерттеуші,
М.Қойгелдиевтің сөзімен айтқанда: “ Ресей империясы Қазақстанды өзіне
біржола қарату ісіне кіріскен сәтте, онсыз да толық қалыптасып және қатайып
үлгермеген қазақ қоғамындағы мемлекеттік құрылымды біржола жойып, сол
арқылы ұлттық тұтастық пен саяси бірліктің нығаюына мүмкіндік бермеуді
таңдап алған еді”84,25б.
Қазақ қоғамын ыдыратуды мақсат тұтқан орыс әкімшілігі талай рет сыннан
өткен “бөліп ал да, билей бер” деген “құйтырқы” саясатты іске асырып, қазақ
руларын бір-біріне айдап салады. 1915 жылы шыққан қазақтың “Айқап”
журналының №1 санында отарлық саясаттың нағыз бет-пердесін былай деп ашқан:
“Екатерина патшаның Орынбор және Сібір генерал-губернаторларына шығарған
жарлығында:
1) Қырғыз-қазақ халқының бір рубасыларын екінші рубасыларымен араз
қылып, сұлтандарын өз қол астындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз.
Араларына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз.
Осылайша араларына от тұтатып, береке бірлігін алсақ, өзара азып-
тозғандықтарынан қазақ жұрты бөтен патшалықтың қол астына көшіп кетуге
немесе бізге қарсы шығуға дәрмені болмас 85, 255б.
Патшаның жарлығын саяси құрал ретінде пайдаланған орыс шенеуніктері
Ұлы жүз қазақтарын бағындыруда аянып қалмады. Алдымен Орта жүз қазақтарын
жаулап алып, отарлаған патша өкіметі, оларды Ұлы жүз қазақтарына айдап
салып, өз мүддесіне пайдаланады. Атап айтқанда, наймандар мен жалайырлардың
арасында ертеден келе жатқан жер дауын ушықтырып, орталарына от тастап, бір
бірімен жаудай соғыстырады86,73б. Нәтижесінде қазақтар өзара қырылып,
малдарын барымталап, бітіспес жауға айналады. Осыны шебер пайдаланған
орыстар қарамағындағы қазақтарды дан ант қабылдаудан басқа, екі шартқа қол
қойдырып, мөр бастырып алады:
1) Жетісу өлкесіне келген Кенесары Қасымов бастаған қазақтарды жау деп
тану, оларға көмек көрсетпеу;
2) Ресейдің қол астындағы қазақтармен болған дау-жанжалдарды тоқтатып,
олардың барлық талаптарын орындау 120,64-65п.
Патша өкіметі Ұлы жүз қазақтарына үстемдігін орнатқаннан кейін, Ұлы
жүз бен Орта жүз арасындағы жер мәселесін қарап, дау тудырған жерлерді Орта
жүз қазақтарының пайдасына шешіп береді. Бұл туралы Сібір Бас басқармасының
1848 жылы 21 тамыздағы Сібір қазақтарының шекара бастығына жазған №1541
нұсқауында жазылған: “Ұлы жүздің үйсіндері мен Орта жүздің найман
қазақтарының Лепсі, Қаратал, Басқан және т.б. қысқы және жазғы жайлымдар
болып табылатын жерлері жөніндегі №60 мәліметтерін қарап шықтық.
Наймандардың аталған жерлерге құқықты екенін Аягөз дуандығы құрылған
кездегі жазған хаттары дерек ретінде дәлелдеп отыр. Сондықтан, даулы жерлер
наймандарға бекітілсін, ал үйсіндер бұл жерде кезінде көшіп-қонған шығар,
бірақ 1821 жылы біздің билігімізді мойындап, кейін бізден кетіп
қалғандықтан, олар жаңағы аталған жерлерден күдерлерін үзсін” 121,23п.
Патша өкіметі тарапынан жасалған бұл әділетсіз шешім наймандардың
орыстарға көрсеткен көп жылдық “қызметі” үшін берілген “сыйақысы” еді.
Нұсқауға сәйкес қимылдаған патша әкімшілігі Ұлы жүз қазақтарының приставы
майор Врангель мен Аягөз приказының мүшесі Сухомлиновке Орта жүз наймандары
және Ұлы жүздің жалайырлары мен шапырашты қазақтарының көшіп-қонатын
жайылымдарының шекарасын анықтап, бекіту туралы тапсырма беріледі. Олардың
бекіткен шекарасы бойынша жалайырлар мен шапыраштылар мына жерлерде көшіп-
қонып жүруге мәжбүр болды, қыстаулары: Қызыл жаға өзенінің төменгі
бөлігінің екі жағасы, Баскөлдің маңайы, Қызылағаш өзенінің Қоянды сағасы,
Қызылағаш пен Қояндының арасындағы құмдар, Үшкөлге кіретін көлдер; жазғы
уақытта: Шегенқара және Жетімқара төбешіктері, Қара үй және Сары үй
сайларынан батысқа қарай Балжина көлінің жағалауына дейін, ал оңтүстігі мен
солтүстік-батысында Қаратал өзенінің жағалауына дейін, Үшкөлдің маңайы,
Талдыбұлақ пен Тұранағаш бұлағы және Қос құдық сайы. Сондай-ақ Қызылағаш
және Ақешкі өзендерінің аралығындағы Өгейқұм, Жон тауынан ағып, Ақешкі
өзеніне құятын Босорман бұлағы, Үшағаш мүйісінен Өгейқұмға дейінгі аралықты
алып жатқанКөктал, Қызылағаш өзенінің оң жағалауындағы үш бұлақтан тұратын
Үш Қапал, Жалаулы тауынан бастау алып, Ақешкі өзеніне құятын Каукен бұлағы,
Долон тауынан ағып, Ақ ешкінің сол жағалауына құятын Молалы бұлағы, Үш
алмалы шыңынан Қаратал өзеніне баратын Сарыбұлақ, Қызылжар сайынан Қаратал
өзенінің оң жағалауынан төмендегі сайлар: Алмас ағаш, Қоржын төбе, Алқалы,
Өріктөбе, Томар өткел, Арал төбе, Қарамырза, Сарытоғай, Тассуат, Есік
қисық, Ақсақал, Кескен тал, Көп маса, Берік Қарасу, Қандыағаш, Қара тұз
және тағы басқа жерлер еді 121,113-118п.
Батыс Сібір генерал-губернаторының ұйғарымына сәйкес, наймандарда Ұлы
жүз қазақтарымен араздаспай, Аягөз дуандығының шекарасынан аспауға қол хат
береді. 1831 жылы ашылған Аягөз дуандығы мына жерлерді қамтыды:
оңтүстігінде Тарбағатай және Сауыр жоталары, оңтүстік-шығысында Лепсі өзені
мен Балқаш көлі, одан әрі Зайсан ойпатының оңтүстік бөлігіне дейін,
шығысында Сауыр жотасы мен Кендірмек өзенінің аңғары, батысында
Шыңғыстаудан Аягөз өзенінің Балқаш көлінің солтүстік-шығысына дейінгі
аралық. Аягөз дуандығына кірген найман рулары мына жерлерді өзара бөлісті:
қаракерей руынан – қаршын, мұрын, тума, болатшы, сегіз найман матай руынан
– аталық пен қаптағай және садыр рулары Аягөз дуандығының оңтүстік-
батысындағы Лепсі өзендерінің бойын, ал оның солтүстік-шығыс жағындағы
Лепсі өзенінен Қаратал өзеніне дейінгі аралықты – наймандардың матай руы
еншіледі 110,321б
Патша әкімшілігінің жарайырлар мен шапыраштыларға тиісті жерлерді
наймандарға тартып алып беруі салдарынан Ұлы жүз қазақтарының арасында
жайылымдарға деген тапшылық сезіле бастады. Кейін бұл жөнінде Алатау
дуандығының бастығы Колпаковскидің Батыс Сабір генерал-губернаторына
жіберген №2651 мәлімдемесінде ашық айтылады:”Өткен жылы, әсіресе биыл Іле
өзенінің оң жағалауында көшіп-қонып жүрген дулат, жалайыр, шапырашты және
албан руларының арасында қысқы жайылымдардың тарыла бастағанын байқадым. Ал
оның басты себебі Қапал дуандығына кіретін найман руларының Ұлы және Орта
жүз қазақтарының арасындағы шекараны бекіткен кезде жалайырлар мен
шапыраштылардың иелігіне жататын біраз жерлерді ешқандай дәлелсіз, өз
бетінше басып алған. Нәтижесінде шекараның арғы жағында жалайырлар мен
шапыраштылардың ең таңдаулы деген қыстаулары қалып қойған” 122,1п. Оның
үстіне патша өкіметінің Жетісу өлкесіне казактарды әкеліп, қоныстандыра
бастауы, Қытай жерінен қазақтардың қайта көшіп келуі Ұлы жүз қазақтарының
жағдайын одан сайын қиындатып жібереді.
Жетісу өлкесіндегі жер мәселесіне көңіл бөлген Н.А. Аристов өз
еңбегінде былай дейді: “ХІХ ғасырдың 50-60-жылдары орыс-казактарының
қоныстануы үшін қазақтардан көптеген жерлердің тартып алынуы, қазақтардың
белгіленген жерлері азайып, жерлерін орыстарға берген қазақтар басқа
қазақтардың жеріне орналасып, көптеген жайылымдар өз иелерін өзгертті.
Алатау дуандығындағы жерді пайдаланудағы даулардың өршуі және онсыз да жер
жетпей жатқан қазақтарға Қытайдан көптеген Ұлы жүз руларының көшіп келіп
қосылуы жер мәселесін одан сайын шиеленістіріп жібереді” 123,321б.
Жалайырлар мен шапыраштылардың жерлерінен айрылуы, Ұлы жүз
қазақтарының арасында жайылымдардың жетіспеушілігі патша өкіметіне Жетісу
өлкесіндегі отаршылдық саясатын одан әрі өрістетуге жағдай жасады. Патша
өкіметі ендігі кезекте жер дауын ушықтыру арқылы әлі Ресейдің билігін
мойындамаған, мойындағанымен жетегіне жүргісі келмеген кейбір қазақ рулары
мен қырғыздардың күші мен бірлігін әлсіретуді көздеді.
Оның ішінде Жетісу өлкесіндегі Ресейдің билігіне өте қауіпті деген
Тойшыбек, Байсейіт, Әли, Тезек, Сұраншы, Диқанбай және тағы басқа қазақтың
сұлтандары мен билерінің халық алдындағы беделіне нұқсан келтірмек болып,
жайылымдары тарылған руларды солардың иелігіндегі жерлерге қоныстандырады.
Патша әкімшілігінің бұл жерде ойлаған мақсатында қарамағындағы рулар жерден
таршылық көрсе, бірінші кезекте өздерінің билеушілеріне қарсы шығып, бізден
көмек сұрайды, сол арқылы олардың билігін шектейміз немесе оларды көнбіс
билеушілермен алмастырамыз деген саясат жатты.
Әсіресе, патша әкімшілігі үшін албандардың аға сұлтаны Тезек Нұралиев
қауіпті болып саналды. 1855 жылы 3 желтоқсанда Жеке Сібір корпусының
командирі Үлкен Орда Приставына жіберген нұсқауында: “Маған құпия түрде
сұлтан Тезекке қарсы қолданылып жатқан іс-шараларды жеткізіңіз. Қалай болса
да Тезекке қарсы қатаң шаралар қолданыңыз. Сұлтан Әли мен оның балаларын
және бүкіл дулат руларының оған деген өшпенділігін оятып, қарсы қойыңыз.
Оларды барынша қолдап, дем беріп отырыңыз. Оған қарайтын албан руларынан
Тезекке наразы кіші сұлтандар мен билерді және рубасшыларын іздеп тауып,
оларды Тезекке қарсы топтастырыңыз. Дулаттар мен жалайырлардың руларын
Тезектің иелігіне қоныстандырып, жер дауын қоздырыңыз. Осы іс-әрекеттердің
бәрін түлкідей қу және жолбарыстай қатал, билік сүйгіш ордалықтың көзіне
түспей, өте сақ әрі жасырын түрде жүзеге асырыңыз” делінген 124,62п.
Тезек сұлтанды өте қауіпті санаған Жетісудағы патша әкімшілігі
губернатордың берген нұсқауын бұлжытпай орындап, албандардың жеріне
дулаттар мен жалайырларды қоныстандыру жөнінде нұсқау беріп, айдап салады.
Тезек сұлтан да дулаттар мен жалайырларға қарсы іс-әрекетке барып, өз жерін
қорғауға әрекеттенеді. Осыған байланысты 1861 жылы 19 қыркүйекте
жалайырлардың бір топ сұлтандары мен билері Алатау дуандығының бастығына
шағымданады: “Сіздің бекітіп берген қыстауларымызға көптеген руларды бастап
албандарға жататын айт руының биі Кенжебек қоныстанып алды. Олардың аға
сұлтаны Тезекке шағымдансақ та көшетін түрлері жоқ” 125,1-2п.
Тезек сұлтаннан мұндай қадамды күтпеген Алатау дуандығының бастығы
Колпаковский оған былай деп жолдайды: “Жалайырлардың сұлтандары мен билері
маған берген шағымдарында Кенжебек бастаған албандар олардың Малайсарыдағы
және тағы басқа қыстауларын иеленіп алыпты. Жалайырладың қыстаулары қандай
жағдайға дейін тарылғанын білгендіктен мен Кенжебек пен Сұлтанға бөтен
қыстауларды тастап, сіз айтқан жерге барып тұруға бұйрық беруіңізді
сұраймын. Сіз оларға Түгерек бойынан немесе Абдарлы құмынан, болмаса
Майтөбеден бос орын тауып беретініңізге сенімім мол. Келесі күзде бүкіл
шапыраштылар осы жерге келеді. Сондықтан жақсылықпен руларыңызға басқа
жерден қыстау іздегеніңіз дұрыс” 125,4п.
1861 жылы 31 қазанда Калпаковскийдің хатына Тезек сұлтан жауап ретінде
мынадай мәлімдеме жасайды: “Сіздің 18 қазанда жазған хатыңызды алдым. Онда
Кенжебек мекендеп отырған қыстаулардың жалайырлардың мекені депсіз. Бірақ,
Малайсары мен оған жататын таулар ертеден албандардың мекені, сол жерде
олар туылған. Желді Қарасай Кенжебектің әкесі Абаққа қарайды. Қытаймен
достықта болғандықтан біз он жыл бойы бұл жерді уақытша тастадық және қайта
көшіп келдік. Жалайырлардың жері бүкіл Қараталдың бойы, Іле мен Қараталдың
аралығындағы құмға бәрі сияды және кезінде көшіп-қонғанда Мұхамедшахтың
марқұм әкесі Сүйік жалайырларымен Ақешкі, Қызылағаш және Қапалға жақын
жерлерде жүргенін Сіз өте жақсы білесіз. Біз бұл жерге келмей-ақ қойғымыз
келіп еді, бірақ шегірткелер 500 ауылдың шабындығын жойып кетті. Оның
үстіне қытайлықтар барлық албандар мен суандарды қуып жатыр. Егер де менің
бүкіл албандарым мен суандарым Қытайдан көшіп келетін болса, Малайсары және
оның аумағы жалайырларға жоқ. Сондықтан жалайырлар Сүйіктің кезінде көшіп-
қонған жерлеріне оралсын. Ұлы жіздің наймандарымен болған жалпы дуанда
Лепсі біздің жер екендігін айтқан едік. Үкімет бізді қолдаған жоқ, шамасы
ол жерлерді наймандарға берген болуы керек” 125,15-16п.
Патша өкіметінің жүргізген отаршылдық саясатының түпкі мақсатын
түсінген Тезек сұлтан Қытайды ара ағайындыққа шақырған. Тезек сұлтанның
Ресей билігіне бас иіп, екінші жағынан Қытайман байланыс жасамақ болғанын
білген патша әкімшілігі оның әрбір басқан қадамын аңдып, оған ескерту жасап
отырған. “Маған жеткен сыбыс бойынша, сен жалайырларментіл табысу үшін
қытайлықтарды шақырыпсың. Бірақ сен олармен кездесе алмайсың. Өйткені,
біздің үкіметтің келісімінсіз қытайлықтар шекарадан өте алмайды. Егер де
сен қытайлықтарды шекарадан өткізіп, жалайырларға алып келсең, онда сен
жауапқа тартыласың. Сондықтан сізден өтінерім, жалайырлармен келісімге
қытайлықтарсыз-ақ отырыңыз немесе жалайырларды Түгерекке шақырып, сонда
Сұлтанғазы екеулерің қазақтың дәстүрімен дауды бітіріңдер” 125,18п.
Сонымен қатар патша өкіметі Жетісу өлкесін мекендеген қырғыздардың да
ішкі ісіне араласып, жер дауы арқылы бір-біріне қарсы қойып, әлсіреген
қырғыз руларын өз жағына шығарып отырған.
Жетісу қырғыздарындағы жер дауы негізінен ірі рулардың арасында жүріп,
оның ішінде сарыбағыштар мен бұғылардың жер үшін талас-тартысы көптеген
қырғыздардың өліміне алып келген.
Сарыбағыштар мен бұғылардың өзара талас-тартысы қанды қырғынға
айналып, аяғы руаралық соғысқа ұласқан. Сарыбағыштардан бірнеше рет
жеңіліп, әлсіреген бұғылар орыс әкімшілігінен көмек сұрап, Ресейдің
билігіне өтуге ниеті бар екенін айтады. Бұғылардың шешімін қанағаттандырған
патша өкіметі оларды сарыбағыштардан қорғау үшін қазақ әскерлерін жібереді.

1856 жылы 13 тамызда есаул Бутаков бастаған 200 казагі, 1 рота жаяу
әскер және зеңбірегі бар орыс әскері Қастек асуы арқылы сарыбағыштардың
қоныстарына тұтқиылдан басып кіріп, жайылып жүрген барлық малдарын айдап
кетеді. Бірақ сарыбағыштар естерін тез жинап алып, асуға көтеріле берген
орыс әскерін жан-жақтан қоршап алып, табанды түрде шайқасады.
Сарыбағыштардан бұны күтпеген орыстар, айдап келе жатқан малдарын тастай
сала, қаша соғысады. 20 тамызда 8 адамы өліп, 30 адамы жараланған орыс
әскері көп шығынмен Верныйға оралады 19,462б.
Патша өкіметінің бұғыларға көмек берудегі түпкі мақсаты – қырғыздардың
руаралық араздығын өз мүддесіне пайдаланып, бұғылар арқылы Шу алқабындағы
қырғыздарға билігін орнату болды. Патша әкімшілігінің бұғыларды қорғаудағы
екінші мақсаты – егер де сарыбағыштар қырғыздардың ірі руы және бірден-бір
бәсекелесі болып табылатын бұғыларды толық жеңсе, онда сарыбағыштар
қырғыздардың басын біріктіреді деген қауіптен туған еді. Сондықтан патша
әкімшілігі оларға қарсы Ұлы жүз қазақ руларын айдап салуға дейін барды
124,29п.
Сондай-ақ, патша өкіметі сарыбағыштар мен бұғылардың арасындағы
қырқыстарда барынша қолдап отырған.
ХІХ ғасырдың І жартысында басталған Ресей империясының Жетісу
өлкесінде жүргізген отаршылдық саясаты Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың
жағдайын күрт нашарлатып, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық жер иеленудің
маңызды жақтарын қиратты. Патша өкіметінің әлсіз немесе Ресей билігін
мойындаған руларды тәуелсіз көшіп жүрген ірі руларға айдап салып, жер дауын
қолдан жасап немесе ушықтыру, отаршылдық езгінің күрт күшеюіне, рулық-
қауымдық жерлерді жаппай тартып әкелуін тудырды. Осының салдары шаруашылық
қатынастардың мықтап бұзылуына, сұлтандар мен билердің беделі мен ықпалының
күрт құлдырауына әкеп соқтырады.
Нәтижесінде Ресей империясының Жетісу өлкесін жаулап алуына жол ашып,
оның отаршылдық саясаты іске асады. Сонымен қатар патша өкіметі Ұлы жүз
қазақтарын емін-еркін билей бастайды. Оған себеп болған бірінші жағынан
сұлтандар және билердің өзара араздығы мен ауыз біршілігі болмаса, екінші
жағынан патша әкімшілігінің ептілікпен жүргізген әккі айла-әрекеттері еді.
Мұндай саясатты орыс әкімшілігі жергілікті жерің тарихи ерекшелігін,
қазақтардың тілі мен әдет-ғұрпын зерттеу арқылы жүргізіп отырған.

1.3 Ұлы жүз Приставының құрылуы. Міндеттері мен қызметтері. Орыс
әскери құрылымдарының Жетісу жеріне жасаған жорықтары

ХІХ ғасырдың 20-жылдары Ұлы жүз қазақ сұлтандырының бір бөлігі Ресей
билігін қабылдағанымен, патша өкіметі Жетісуда Ресей билігін баянды ете
алған жоқ.
ХІХ ғасырдың 40-жылдары патшалық Ресей отаршылары жетісу өлкесін
жаулауда шешуші кезеңге көшеді. Яғни, орыстар өлкеге басып кіретін әскери
күштерді топтастыра отырып, оларды бекініс шептеріне орналастырады және
әскери-әкімшілік орындарын ұйымдастырды. Сөйтіп Жетісу өлкесін қарудың
күшімен бағындыруға көшеді.
“Қазақтар орыс билігіне “өз еркімен” кірді деп шартты түрде ғана ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Моңғол жорықтары
Әмір Темірді соңғы жорыққа жібермеу
Қазақстанда исламның таралуының басталуы
XIV - XV ғ. ғ. мемлекеттер
ӘМІР ТЕМІРДІҢ БАСҚЫНШЫЛЫҚ СОҒЫСТАРЫ
Қазақстан моңғол дәуіріндегі мәліметтер
Моңғолдардың Қазақстан жерiне басып кiруi
«Түрік» этносы және этнонимі
Әмір Темірдің дүниеге келуі
Алтын орда мемлекеті. Ақ Орда. Ноғай ордасы
Пәндер