АЗИЯНЫҢ БИІК ТАУЛЫ АЙМАҚТАРЫНЫҢ АУДАНДАСТЫРЫЛУЫ МЕН ІШКІ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 56 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

І ТАРАУ. АЗИЯНЫҢ БИІК ТАУЛЫ АЙМАҚТАРЫНЫҢ

ФИЗИКАЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ МЕН ЗЕРТТЕЛУІ

1. 1 Азияның биік таулы аймақтарының физикалық-географиялық жағдайын зерттеген ғалымдар

1. 2 Климаты мен ішкі сулары

1. 3 Табиғат ландшафтысының құрылымы

ІІ ТАРАУ. АЗИЯНЫҢ БИІК ТАУЛЫ АЙМАҚТАРЫНЫҢ

АУДАНДАСТЫРЫЛУЫ МЕН ІШКІ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ

2. 1 Азия аймағындағы таулы облыстардың физикалық-географиялық

аудандастырылуы

2. 2 Азияның биік таулы аймағындағы табиғат ресурстарының игерілуі

мен экологиялық жағдайы

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

КІРІСПЕ

Тақырыптың көкейкестілігі: Жер бетіндегі биік таулардың айнала қоршаған орта үшін, ондағы болып жатқан әр түрлі ішкі және сыртқы әрекеттердің, жер шарындағы тірі ағза мен климаттық жағдайдың қалыптасуында маңызды рөл атқаратыны белгілі. Әсіресе, оның жер бетіндегі климат пен экожүйенің тұрақтылығын сақтауда ерекше қызмет атқаратыны белгілі. Бұл әрекеттер жер асты процестерінде түрлі тектоникалық және геологиялық қозғалыстар мен ауытқуларға негіз болады. Осы болатын географиялық құбылыстар жер беті тауларымен, әсіресе биік тауларымен тығыз байланысты [1] .

Дүниежүзіндегі ең биік таулардың негізгі бөлігі Азия территориясында бой көтерген. Бұл таулар өзінің физикалық-географиялық жағдайымен дүниежүзілік таулардан өзінің ерекшіліктерімен оқшауланып тұрады. Ең алдымен оның географиялық орналасуы мен географиялық қалыптасуы, жер бедері, климаты табиғи ландшафтысы және өзендерінің гидрологиялық режимдерімен ерекшеленеді [2] . Сонымен қатар, жер шарындағы табиғат нысандарының ішінде ораграфиялық жағдайы бойынша да зерттеуге өзекті сипат береді. Осындай өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, біз дипломдық жұмысымыздың тақырыбын « Азияның биік таулы аймақтарының физикалық-географиялық ерекшеліктері » - деп белгіледік. Себебі, бүгінгі күні болып жатқан табиғаттағы ырғақтылық құбылыстардың өзгеруі мен қалыптасуында Азияның биік таулы аймақтарының алатын орны ерекше.

Зерттеу жұмысының мақсаты: Азияның биік таулы аймақтарының қалыптасуы мен даму ерекшелігі және оның физикалық-географиялық жағдайын тереңірік зерттей отырып танысу. Осы мақсатты орындау үшін келесі міндеттерді шешу керек:

Зерттеу жұмысының міндеттері:

- Азияның биік таулы аймақтарының геологиялық қалыптасуы мен зерттелуіне сипаттама жасау;

- климатты қалыптастыруда таулардың қызметіне сипаттама беру;

- атмосфералық ауа циркуляциясына енетін ауа ағындарының қозғалысына дүние жүзіндегі ең үлкен орографиялық тосқауылдығын анықтау;

- ішкі суларына (өзендері мен көлдері) гидрологиялық тұрғыдан талдау жасай отырып, олардың қоректену көздерін анықтау;

- жер беті өсімдіктер мен жануарлар дүнифаунасы мен флорасына, олардың таралуы мен түрлеріне биогеографиялық тұрғыдан талдау жасау;

- Азиядағы биік таулардың өзіндік ерекшеліктерінің элементтерін талдап көрсету.

Жұмыстың зерттеу нысанасы: Азияның биік таулы аймақтарының физикалық-географиялық жағдайы мен ерекшеліктері.

Зерттеу жұмысының әдістемесі: Дипломдық жұмыста зерттеліп отырған аймақтағы таулы өлкенің физикалық-географиялық ерекшеліктерін анықтау барысында салыстырмалы-географиялық, картографиялық әдістер қолданып, түрлі авторлардың геологиялық, геоморфологиялық, географиялық тұрғыдан жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері талданды.

Физикалық географияның ғылыми-теориялық қағидалары негізге алынды.

Диплом жұмысының ғылыми және практикалық маңызы: Азияның биік таулы аймақтарының физикалық-географиялық ерекшеліктерін зерттей отырып олардың географиялық орнына ғылыми тұрғыдан баға беру. Бұл зерттеу нысанасындағы таулардың орналасуы мен қалыптасуына баға бере отырып, ондағы флора мен фаунаның құрылымын анықтау және климатының қалыптасуы мен айнала қоршаған табиғи ортаға әсерін көрсету. Сонымен қатар биологиялық түр ретінде жойылып бара жатқан сирек өсімдіктердің қазіргі түрлерін сақтаудың экологиялық мәселелерін шешу.

Азияның биік таулы аймақтарының географиялық жағдайын орта мектеп пен жоғары мектептің оқу үрдісінде материктер мұхиттардың басты нысаналары ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Орта мектептерде физикалық география курстарын өткен кезде диплом жұмысында келтірілген мәліметтерді пайдалануға негіз бар.

Сонымен қатар, мектепте оқушылардың ғылыми жұмыстарын ұйымдастыруда өзіндік тапсырмаларды орындауда диплом жұмысының мазмұнында тұжырымдалған пікірді қарастыруға болады.

Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі негізгі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І Тарау. Азияның биік таулы аймақтарының физикалық-географиялық жағдайы мен зерттелуі

1. 1 Азияның биік таулы аймақтарының физикалық-географиялық жағдайын зерттеген ғалымдар

Азияның биік таулы аймақтарын зерттеуде орыс ғалымдарының рөлі айтарлықтай зор болды. Әсіресе, орыс саяхатшы ғалымдары өзімен іргелес жатқан жер шарының ең үлкен материгі Азияны, онда тұратын халықтармен қарым-қатынас, сауда жасауды ертеден-ақ ойластырды. Бірақ көпке дейін Азияның географиялық жағдайын, халқын жақсы білмеді. Бұған алғашқы жол ашқандар - діншілдер, елшілер, кейінірек саяхатшылар, географтар болды.

Батыс европалықтар сияқты орыстар да аты аңыз болған Үндістанды Азия жерінен іздеді. Мәдениеті жоғары бұл елмен жұрттың бәрі де байланыс жасауды армандады. Бірақ Азия түкпіріндегі, мұхит қоршауындағы Үндістан европалықтарға оп-оңай ашыла салмады. ХVІІ ғасырда байлығымен, ертеден дамыған мәдениетімен аты шыққан, даңқы жер жарған Үндістанға орыстар басқа елдерден бұрын жетпекші еді, бірақ оған баратын жол белгісіз болды. Ғалымдардың арасында Афанасий Никитин Үндістанға Васко да Гамадан 25 жыл бұрын құрлық арқылы барып келген. Бірақ, ол кезде оның әкелген географиялық, этнографиялық бағалы материалдарын орыс патшасы білмеді. Саяхатшының жазғандары шіркеу қоймасында ескерусіз қалды. Ресей патшасы 1754 жылы Үндістанға тұңғыш орыс елшісін жіберді. Үндістанға елші болып атанған Юсуп Қасымов Ауғанстан жеріне өте алмады. Содан кейін Үндістанға елші етіп көпес Маленькийді жіберді. Ол Үнді патшасында болып, сауда жасауға келісті. Солтүстік Үндістан мен Орталық Үндістанды аралап, Ресейге географиялық материалдар әкелді. Маленький де Афанасий Никитин сияқты 1701 жылы еліне жетпей, жолда, Шемахада қайтыс болды.

Петр І 1717 жылы Үндістанға А. Бекович-Черкасскийді жіберді, ол жолда қайтыс болды. Кезекті саяхатшы, музыкант Г. С. Лебедев Үндістаннан бағалы кітаптар әкелді.

Европалықтар Үндістан, Қытай, Монғол, Тибет жерлерін зерттеуге ертеден-ақ құштар болды. Өйткені оларды Азияның бағалы металдары, асыл тастары, жібегі қызықтырды. Ертеде бірен-саран Азияға өткендер, оның тамаша табиғатына, халқының мәдениетіне, архитектуралық ескерткіштеріне таң қала қарайтын. Азияға өтуде европалықтарға көптеген қиыншылықтар кездесті. Өйткені екі араны асқар-асқар таулар мен шөлдер, сол жерлерді мекендеген жауынгер татар-монғолдар, түрік мемлекеті - Осман империясы алып жатты. Европалықтар Азияға өткенде зерттеу мақсатын ашық айтпастан діншілдер, саудагерлер, елшілер деген әр түрлі себепті сылтау етті. Ал орыстардың Монғолиямен, Қытаймен байланысы, кейінірек, орыс патшалығы нығая бастаған кезден басталды. 1616 жылы Монғолияға барған бірінші елші - Василий Тюменцев. Ол Кузнец Алатауынан, Саяннан асып, Енисей өзенінің жоғарғы ағысынан өтіп, Солтүстік-Батыс Монғолияға жетті. Иван Петлин екінші рет осы жолмен Азияға 1618 жылы өтті. 1654 жылы орыс елшісі Федор Байков төте жолмен, Ертіс бойымен жүріп, Монғолияға, Қытайға, оның астанасы Пекинге барды.

Осы елшілерден кейін 1689 жылы Қытай мен Россия арасында тұңғыш келісім жасалды. Бұл Қытай халқының басқа елдермен жасасқан ең бірінші келісімі еді. Бұлардың жол-жөнекей жазған Орталық Азия туралы географиялық материалдары брінші деректер болды. ХІХ ғасырда Орталық Азияны ғылыми тұрғыдан дұрыс зерттеп, оның жаратылыс жағдайын, халқының әдет-ғұрпын анықтау Орыс география қоғамының басшылығымен жүргізілді. Әсіресе Орталық Азияны зерттеуде Н. М. Пржевальскийдің еңбегі география ғылымында өте маңызды орын алады. Пржевальскийге дейін де Ішкі Азияда Филипп Ефремов, қазақ халқының тұңғыш ғалым-саяхатшысы Шоқан Уәлиханов пен Г. Н. Потанин болған. Н. М. Пржевальскийден кейін, Орталық Азияны - Қытай, Монғолия жерлерін, Тибетті оның замандастары, шәкірттері - М. В. Певцов, Г. Е. Грумм-Гржимайло, В. И. Роборовский, П. К. Козлов, В. А. Обручев т. б. зерттеді.

Г. Н. Потанин. (1835-1920) . Григорий Николаевич Потанин белгілі саяхатшы-географ. Ол Орталық Азияны жан-жақты зерттеді. 1876-1877 және 1879-1880 жылдары Потаниннің Солтүстік-Батыс Монғолияға жасаған саяхаты өте жемісті болды. Оның зерттеу еңбектері 1881 жылы екі том болып жарияланды. 1883 жылы «Солтүстік-Батыс Монғолия очеркі» екі том болып басылды. 1883-1886 жылдары Орталық Монғолияға, Қытайға, 1892-1893 жылдары Шығыс Тибетке жасаған экспедицияларының дүние жүзілік маңызы болды.

Бұл экспедициялар мен саяхаттар кезінде Потаниннің қасында оның сүйікті жұбайы, әрі жәрдемшісі А. В. Потанина бірге болып, оған көмектесті. Бұлар Ішкі Азияның асқар тауларын, құлазыған шөлдерін, жазық даласын атпен, түйемен аралады. Қазақ, қытай, монғол, ұйғыр, дүнген халықтарының әдет-ғұрып, өмір тарихын, мәдениетін зерттеді. Гуманист, демократ Потанин патшаның отарлау саясатына қарсы болды. Қазақстан, Сібір, Азия халықтарының тілін үйреніп, бәрін туыс, бәрін жақын көрді. Жас кезінде-ақ өзінің туған жері Ертіс бойындағы орыс дворяндарының қазақтарды аяусыз жұмсап, қанағанын көріп, оларға жаны ашитын. 1873 жылы ол «патшаның отарлау саясаты негр сатудан да жаман, адам баласына қарсы қылмыс», - деп ашық жазды.

Григорий Николаевич, қазақтың данышпан ұлы Шоқанмен достасып, туған өлкесін бірге зерттеді. Орыс, қазақ халықтарының достық бейнесін көрсетіп, олардың бақытты өмірге жетуін тіледі. Омбыдағы достары, әсіресе, Н. М. Ядринцев пен оның жұбайы Александра Викторовна ғылыми-зерттеу жұмысына көмектесті. П. П. Семенов-Тянь-Шанский Г. Н. Потанинді қамқорлығына алды.

Академик В. А. Обручев Потанин еңбегін бағалап былай деді: «Ішкі Азияны шын мәнінде ғылыми тұрғыдан зерттеу ісі, атап айтқанда, Потаниннің, Пржевальскийдің және Певцовтың саяхаттарынан басталды. Үшеуі бірігіп Ішкі Азияның географиялық бейнесін жасады, ал кейіннен әр түрлі мамандығы бар саяхатшылар сол бейнеге өрнек жасай бастады».

Н. М. Пржевальский (1839-1888) . Николай Михайлович Пржевальский атақты ғалым-географ, Орталық Азияны алғаш рет зерттеп, көп жерлерін картаға дұрыс түсірген, жаратылыстану, география ғылымдарына көп жаңалық еңгізген ғалым. Бүкіл өмірін ғылым мен саяхат жолына бағыштаған қайраткер.

Пржевальский - Семенов-Тянь-Шанскийдің сүйікті шәкірті. Оның Орталық Азияны зерттеудегі саяхаттарының бәрі де Семенов-Тянь-Шанскийдің басшылығымен жүргізілді.

Пржевальский Орталық Азияға алғашқы саяхатқа шыққан кезде Менделеев пен Ковалевскаяның, Сеченев пен Мечниковтың, Тимирязев пен Докучаевтың ғылымға ендірген жаңалықтары бүкіл дүние жүзіне әйгілене бастады. Пржевальский орыс ғылымының дамып, дүние жүзі ғылымына түрлі жаңалықтар енгізген дәуірде өмір сүрді. Сол кезде Уссури өлкесін, іргелес жатқан Орталық Азияны зерттеу жұмысы Николай Михайловичтің үлесіне тиді.

Пржевальскийдің экспедициялары: Уссури өлкесіне саяхат (1867-1869) . Бірінші - Монғол экспедициясы (1870-1873) . Екінші - Лобнор - Жоңғар экспедициясы (1876-1877) . Үшінші - 1-Тибет экспедициясы (1879-1880) . Төртінші - 2-Тибет экспедициясы (1883-1885) .

Николай Михайлович 1867 жылы өз өтінішімен Сібірге әскери қызметке, Уссури өлкесін зерттеуге барды. Бұл сапарында ол Орыс география қоғамына бірқатар жаңа деректер әкелді. Осыдан кеін ғана Пржевальскийге 1870 жылы Орталық Азияға бірінші рет саяхатқа шығуға мүмкіншілік туды. Осы сапар ғалымды қатты көңілдендірді. Жол азабына, ауа райының қиындығына қарамастан Монғолия тауларын, Алашань шөлін зерттеп, белгісіз жерлерді географиялық картаға түсіріп, ғылыми табыстарға жетті.

Саяхатшы 1870-1873 жылдардағы бірінші экспедициясында Сібірдегі Кяхта қаласынан шығып, Калган, Пекин қалалары арқылы Хуанхе, Янцзы өзендеріне, Алашань, Гоби шөлдеріне, Солтүстік Тибетке дейін барып қайтты.

Осы саяхаттан Петербургке есен-сау оралған Пржевальскийді Орыс география қоғамы Константин медалымен наградтады. Шетел географиялық қоғамдары оған сыйлық жіберді. Экспедиция қорытындысы «Монғолия және Таңгуттар» деген атпен кітап болып шықты.

1876-1877 жылдары Пржевальскийдің екніші экспедициясы Орталық Азияда болды. Экспедиция Іле өзенінен шығып, Тянь-Шань арқылы Лобнор көлінде, Алтынтауда болып, тағы басқа жерлерді зерттеп, Зайсан селосына оралды. Орта жолда ғалым науқастанып, Зайсанда қыстап қалады да осы сапары жайлы «Құлжадан Тянь-Шань арқылы Лобнорға» атты кітап жазды. Саяхатшының бұл еңбегін жоғары бағалап, Орыс география қоғамы оны қоғамның құрметті мүшесі етіп сайлады. Лондон, Берлин географиялық қоғамдары да оны медальдармен наградтады. Кейін Орыс география қоғамы Орталық Азияға Пржевальскийдің үшінші экспедициясын ұйымдастырып, оны тағы да үлкен дайындықпен алыс сапарға аттандырды. 1879-1880 жылдардағы осы экспедиция Жоғар Алатауы, Шығыс Тянь-Шань, Нань-Шань, Тибет тауларын, Кукнор көлі мен Алашань шөлін, Монғолия жерін басып өтіп, Отанына Кяхта қаласы арқылы оралды.

Пржевальскийдің үшінші саяхаты нәтижелі болды. Ғалым 1880 жылы Орыс география қоғамында есепті баяндама жасады. 1881 жылы Москва университеті мен Петербург университеті оны өздеріне құрметті доктор етіп сайлады. Осы жылы Ғылым академиясында оның Орталық Азиядан жинаған бай коллекциялары көрмеге қойылып, көпшілікке таныстырылды. Еліміздің және шетелдің ғылыми орындары Пржевальскийді өзіне құрметті мүше етіп сайлады. Бұл экспедиция қорытындысын ол «Зайсаннан Хами арқылы Тибетке, одан Сары өзен бастауына дейін» деген еңбегінде жазды.

1883-1885 жылдары Орталық Азияда Пржевальскийдің төртінші экспедициясы Кяхтадан шығып, Гоби шөлі Кукнорға барды. Одан әрі Хуанхэ, Янцзы өзендерінен өтіп, Цайдам даласының үстімен Такла-Макан шөлінің оңтүстігіне орай Лобнорғакелді. Орталық Тянь-Шаньнан асып түсіп, Ыстықкөл жағасында болды да, одан Петербургке кетті. Саяхатшының ізбасарлары В. И. Роборовский мен П. К. Козлов та өз беттерімен зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Дүние жүзінің көптеген географиялық орталықтары Пржевальскийді Орталық Азияның ғылыми тұрғыдан тұңғыш зерттеушісі деп танып, оған өздерінің сыйлықтарын жіберді. Ал 1886 жылы саяхатшыға генерал-майор атағы берілді. 1887 жылы Академия оған арнап алтыннан медаль құйғызып, саяхатшыны наградтады. Медальдың бір бетіне Пржевальскийдің суреті салынып, екінші бетіне «Орталық Азия жаратылысын тұңғыш зерттеушіге» деп жазылды.

М. В Певцов (1843-1902) . Михайл Васильевич Певцов Орталық Азияны зерттеуші белгілі саяхатшы. Ол Орталық Азияға шыққан экспедицияларды басқарды, Қытай, Монғолия жерлерін төрт жылға жуық аралап, 16 мың километр жол жүрді. Оның бір-біріне байланысты жалпы географиялық зерттеулері нәтижелі болып, Жоңғар даласы, Гоби шөлі, Кунь-Лунь, Тянь-Шань таулары туралы жан-жақты материалдар жазды. Ол жүрген жерінің географиялық жағдайын, топографиясын, геологиялық құрылымын, өсімдігін, жануарлар дүниесін мұқият зерттеп, күнделігіне түсіріп отырды. Осының нәтижесінде «Жоңғария очерктері» деген еңбек жазды. Оның бұл еңбегін жоғары бағалап, Орыс география қоғамы оны өзінің кіші алтын медалымен наградтады.

Саяхат кезінде Певцов Монғолиядағы, Алтай тауы мен Гоби шөліндегі 44 шыңдар мен төбешіктердің, белең-белестердің биіктігін анықтады. Оның өсімдік құрамынан, жануарлар дүниесінен жинаған коллекциялары әрі мол, әрі бағалы болды.

1882 жылы Певцовтың үшінші экспедициясы Жоңғарияның солтүстік-батысын зерттеп қайтты. 1887 жылы ол Петербургке, гненералдық штабтың Азия бөліміне қызметке жіберілді. 1888 жылы Н. М. Пржевальский аяқтай алмаған экспедицияны Орыс география қоғамы Певцовқа тапсырды. Оның бұл сапарына бұрын Пржевальский экспедицияларына қатысып жүрген географтар - В. И. Роборовский мен Т. К. Козлов және геолог К. И. Богданович қатысты.

1889 жылы майда Ыстықкөл жағасынан Орталық Азияға аттанған Певцовтың 4-экспедициясы 1891 жылы 1 январьда шекарадағы Зайсан көлі маңынан келіп шықты. Бұл ХІХ ғасырдағы Орталық Азия экспедициялары ішіндегі ең табыстыларының бірі болды. Ол жол-жөнекей 10, 5 мың километр жерді картаға түсірді, 3335 географиялық биіктікті белгілеп, 47 пункттің географиялық координатын анықтады. Токсун ойысын, Бақраш көлді, Россия шекарасындағы Үлкен Манас дөңін тұңғыш рет (Орталық Азия) зерттеп, картаға түсірді. Ғалым алғаш рет Орталық Азия жерін зерттеуде П. П. Семенов - Тянь-Шанский бастаған комплексті тәсілді қолданды.

Тибет экспедициясынан оралған соң саяхатшы өмірінің ақырына дейін Петербургте тұрып күрделі ғылыми-зерттеу жұмысымен шұғылданды. Ғылыми мақалалар жазды. Бұрын белгісіз бірнеше тау жоталары мен ойыстарды белгілеп, картаға түсірді. Шығыс Жоңғарияның, Такла-Макан шөлінің, Кунь-Лунь тауының алып жатқан орнын, шекарасын белгіледі. Жалпы Орталық Азияның географиясын, гидрографиясын анықтады.

В. И. Роборовский (1856-1900) . Всеволод Иванович Роборовский Орталық Азияға 4 рет экспедицияға шығып, география ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты. Саяхатшы алғашқы екі экспедицияға өзінің ұстазы Н. М. Пржевальскиймен бірге шықты да, үшіншісіне М. В. Певцовпен бірге барды, төртінші экспедицияны өзі басқарды. Ол Шығыс Тянь-Шань, Нань-Шань, Кунь-Лунь, Тибет тауларының солтүстігін зерттеп, картаға түсірді. Турфан ойпатының және Орталық Азияның көптеген жерінің географиялық жағдайларын зерттеп, биіктігін анықтады, толып жатқан өсімдік гербарийі мен жануарлардың терісін жинап әкелді. Өзі жақсы суретші болғандықтан Орталық Азияның кейбір ғажайып көріністерін суретке түсірді. Оның осындай материалдарының негізінде Орталық Азияның бұрынғы карталарына түзету енгізілді.

Роборовский Орталық Азияның табиғатын жақсы білетін, әрі көпті көрген саяхатшы еді. Сондықтан 1893 жылы Орыс география қоғамы оны Орталық Азияны зерттеуге арнап құрылған экспедицияға басшы етіп тағайындады. Бұл экспедиция Пржевальск қаласынан шығып, Текес өзенін, Үлкен Жұлдыз дөңін басып өтіп, Шығыс Тянь-Шань тау жотасынан асып, Қашқария арқылы Лукчун, Турфан ойпаттарын зерттеді. Хами даласынан тағы түйелерді көрді. Цайдам даласында болып, жаз бойы Нань-Шань тау жотасын зерттеп, Кукунор көлінің оңтүстігін ала Шығыс Тибетке - Сычуань провинциясына барды.

Экспедициядан оралған соң Роборовский ауру халіне қарамастан география қоғамына есеп беріп, жұмыстарын қорытындылап, «1893-1895 жылдардағы Орыс география қоғамының экспедициясы» деген үлкен еңбегін жариялады.

Г. Е. Грумм-Гржимайло (1860-1936) . Григорий Ефимович Грумм-Гржимайло Орта Азияны зерттеуші атақты саяхатшы-географ. Ол зерттеу жұмысына кіріскен кезде Азияның биік таулары: Памир, Тянь-Шань, Тибет, Кунь-Лунь, Гиндукуш, Нань-Шань белгілі болғанымен олардың әлі де көптеген ашылмаған сыры бар еді. Олардың кейбір нүктелері географиялық картаға дұрыс түспеген. Сондай-ақ Азияның құлазыған шөлдері, өзендері, көлдері, оларды мекендеген халықтардың тарихы, шаруашылығы, этнографиясы ХІХ ғасырдың батыл зерттеушілерін күткендей еді.

1884 жылы Грумм-Гржимайло университет бітірген соң белгілі памир экспедициясын бастады. Ол Ош қаласынан әрі Алай, Заалай жоталарынан асып, Муксу өзені мен Қаракөлде болып, бір жазда көбелектің 146 түрінен 1200 коллекция жинады. Мұның 30 түрі ғылымға бұрын белгісіз еді. Ғалым омыртқалы жануарлардан да коллекциялар жинап, ол жердің ауа райын, жер бедерін, тау тізбектерін де зерттеді. Экспедициядан оралған соң, Орыс география қоғамына есеп бері, 1885 жылы екінші рет Памир-Алтай тауларының батыс жағын зерттеп қайтты.

1886 жылы Грумм-Гржимайло Азияға тағы да экспедиция ұйымдастырды. Ол Ош арқылы Орталық Тянь-Шаньнан асып түсті, Қашқарияда болып, қайтадан Ошқа оралды. Осы экспедицияның нәтижесінде ғалым Памир-Алтай, Тянь-Шань тауларының жануарларының ерекшеліктерін анықтады, Ғалым 1887 жылы інісі Михайл Ефимович Грумм-Гржимайло екеуі Қашқария, Қарақорым, тағы басқа Орталық Азия жерлерін зерттеп қайтты. Бұл зерттеулердің нәтижесі оның «Памир . . . » деген еңбегінде жазылған.

1889-1890 жылдары Грумм-Гржимайло өз экспедициясын бастап, Орталық Азияға аттанды. Экспедицияда бірсыпыра адамдар болды. Ғалым екі жылға созылған осы сапарында өмірге дүние жүзілік маңызы бар географиялық жаңалықтар әкелді. Әсіресе Шығыс Тянь-*Шань тау жоталарын зерттеді. Лукчунь ойпатының теңіз деңгейінен 154 метр төмен жатқандығын анықтап, бұрын белгісіз Байшань тауын ашты.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы
Жамбыл облысының геоэкологиялық аудандастыруы
Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы оқу - әдістемелік кешен
Қазақ жері туралы ерте географиялық мәліметтер
Азияның өсімдік жамылғысына сипаттама
АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ АУДАНДАСТЫРЫЛУЫ
Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ТЕРРИТОРИЯСЫ ТАБИҒАТЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Алматы қаласының сейсмо-белсенділігін зерттеу
Жамбыл облысының топырағы әралуан
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz