РЕСЕЙ БИЛІГІНЕ ӨТУ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 23 бет
Таңдаулыға:   
РЕСЕЙ БИЛІГІНЕ ӨТУ
Қазақстанды жаулап алудың аяқталуы
Қазақтардың сыртқы саяси жағдайының күрделілігі одан аман шығудың
жолдарын іздестіре беруге түрткі болды. 1726ж. Кіші жүз ханы Әбілқайыр,
ағамандар Сүгір, Едікбай, Қажыбай, Құлымбай және басқалары Ресейден кіші
жүз қазақтары үшін “қорғаушылық сұрауға“ елші Қойбағарды жөнелтті. Бірақ
оның бұл сапары нәтижесіз қалды. Әйтсе де Әбілқайыр өзінің көздеген
мақсатын аяқсыз тастамай, 1730ж. қыркүйекте Уфа арқылы Петербургке орыс
әйел императоры Анна Иоанновнаға өздерінің бодандыққа және қорғаушылыққа
алуды сұраған өтінішін хатпен жолдап әрі ауызекі де айтуды тапсырып,
қайтадан елшілік жіберді. 1731 ж. 19 ақпанында бодандығына қабылдайтыны
жөніндегі сенім грамотасына қол қойды. Тиісті ант қабылдау үшін
Қазақстанға Әбілқайыр ханға тапсырылатын грамотамен Сыртқы істер
комиссиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған елшілер жіберілді.
Әбілқайырдың сендіруіне иек артып, Петербургтегілер, Ресей азаматтығына
өтуді Кіші жүздің барлық сұлтандары мен ағамандары қалайтын болар деп
шешті. Алайда, 1731ж. қазанда Тевкелев Ырғыз өзенінің бойындағы
Әбілқайырдың ақ ордасына келгенде Ресей азаматтығын қабылдау мәселесі
бойынша феодалдық ақсүйектердің арасында айтарлықтай алауыздық бар
екендігі анықталды. Барақ Кіші жүзді Ресейге қосу жөніндегі шаралардың
аяқсыз қалуына тырысқанымен, бұл қарсылық әрекеттері сәтсіз аяқталды.
Сонымен, 1731ж. 10-қазанда қазақ ағамандары жиналысының едәуірі шешімнің
қабылдануы үшін дауыс берді.
Орта және Ұлы жүздер Ресейге кейінірек қосылғанымен, Әбілқайыр хан
патша өкіметіне өтініш білдіргенде бүкіл қазақ халқы атынан сөз салған-ды.
Мұның өзі жоңғарларды сөзсіз тоқтатты және оларды орыс-қазақ
қатынастарының, оның әрі дамып бара жатқанына қорқынышпен қарауға мәжбүр
етті. Ресей әйел императорының жарлығында сол кезде-ақ ресми түрде
азаматтығын алған қазақтарды мазасыз көршілерінің жауластық әрекеттерінен
сақтайтындығына кепілдік беретін пункттер болды: “егер Сіздерге,
қайсақтарға (қазақтарға) жаулар шабуылдайтын болса, онда Сіздер олардан
біздің күшімізбен қорғанасыздар”.
Кіші жүздің Ресей азаматтығын алуының дұрыстық негізін теріске
шығармасақ та, Әбілқайырдың Ресей әкімшілігіне сүйеніп, өзінің саяси
қарсыластарының позициясын әлсіретуге, жеке билік жүргізу үшін күресте
өзінің потенциалды бақталастарынан асып түсуге үміт артқан пайдакүнемдік
мүддесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мәселеде орыс тарихнамасында
да бірыңғай пікір болған жоқ. М.Макшеев А.И.Добросмыслов, И.Завалишин,
В.Н.Витебский, И.И.Крафт бодандық туралы келіссөздер жүргізу және құжатқа
қол қою барысындағы Әбілқайырдың іс-әрекеттерін тұтасынан ақтады.
А.И.Левшин бұл бодандықты Әбілқайырдың жеке басы еркінің және “қуатты
елдің қорғаушылығымен күшеюге” үміт артқан басқада халықтың “әкімқұмар
бастықтарының” дәмеленушілік көрінісі деп қарауға бейім тұрды.

БӨКЕЙ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

Шаруашылықтың құлдырауы, жер дағдарысының күшеюі 1801ж. Бөкей
хандығының құрылуына алып келді. 1797 жылдың өзінде-ақ кескілескен күрестің
нәтижесінде қазақтар Еділ мен Жайық өзендері арасында мал жаю құқығын
қайтарып алған еді. Қыс мезгілінде малды Жайықтың арғы бетіне айдаумен ғана
шектеліп қоймай, қазақ ауылдары жаппай өзеннің арғы бетіне көше бастады
және көп ұзамай бұл көшуді Ресей тарапынан реттеп отыру мүмкін болмай
қойды.
Осындай жағдайда Үкімет көшпелі қазақ ауылдарының тілектерін орындауды
қажет деп тапты. 1771ж. қалмақтардың Жоңғарияға қашып кетуінен кейін босап
қалған территорияны қазақтарға бере отырып, үкімет отарлауға қарсы сипат
алып отырған Кіші жүздегі әлеуметтік күресті бәсеңдетеміз деп үміттенді.
Мұндай қоныс аудару патша өкіметінің отарлаушылық мүдделеріне жауап беретін
еді. Ол Кіші жүздің күшін бөлшектеді, қазақтардың бір бөлігін қалмақтар мен
башқұрттар сияқты империя азаматтарына айналдырды, мұның өзі қазақтардан
алым-салық жинауды күшейтуге, сауда қатынастарының дамуына ықпал етті.
Қоныс аударушылардың басында Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтан тұрды.
Оқиғаны көзімен көргендердің бірі. Бөкей сұлтан өзеннің ішкі жағына “патша
шенеуніктері тарапынан берілген әртүрлі ақыл-кеңестердің салдарынан” өтуге
бел байлады. Бұл туралы оның бауыры Шығай да “Менің марқұм бауырым
Нұралыұлы Бөкейді 1801 жылы, Астрахань әскери губернаторы Кнорринг Астрахан
шебінің бастығы Попов арқылы Оралдың ішкі жағына, Ресейдің мәңгі
азаматтығына өтуге шақырған болатын... Бөкейхан менімен және өзінің
ағайындары — басқа да сұлтандармен және өзіне қарасты қырғыздармен, барлығы
он мың үй бүкіл мал-мүлкімен өттік”, — деп жазады.
Патша әкімшілігінің шешімімен, Еділ мен Жайық арасындағы территорияда
Бөкей сұлтанның басқаруымен жаңа қуыршақ мемлекет құрылды, Бөкей сұлтан
1812 ж. хан титулын алады. Бұл мемлекет Бөкей хандығы немесе Ішкі Орда
деген атпен (өйткені, шекаралық мәженің арғы жағында, Ресей империясының
“ішінде” орналасты) белгілі.

Орта және ұлы жүздердің Ресей протекторлығын (“қамқорлығын”)
мойындауы

Орта және Кіші жүздерде хандық биліктің жойылуы

ОРТА ЖӘНЕ ҰЛЫ ЖҮЗДЕРДІҢ РЕСЕЙ ПРОТЕКТОРЛЫҒЫН (“ҚАМҚОРЛЫҒЫН”) МОЙЫНДАУЫ

Кіші жүз Ресей азаматығын қабылдағаннан кейін, Орта және Ұлы жүздің
кейбір билері мен сұлтандары да Ресей “қамқорлығында” болуға тілек
білдірді, алайда өздеріне ешқандай міндеттемелер алған жоқ. Олардың бұл
әрекетінің бірден-бір себебі ішкі саяси күресте Әбілқайырға артықшылық
бермеу еді. Орта жүз бен Ұлы жүз өздерін орыс азаматтарымыз деп таныған
жағдайда Әбілқайыр оларға қарсы орыс әскерін пайдалана алмайтын еді. Өз
қауіпсіздігін осыйлайша қамтамасыз ете отырып, екі жүздің хандары
Жоңғариямен соғысты жалғастырды.
1731ж. аяғында Әбілқайыр мен Бөгенбай батыр өз өкілдерін Орта жүзге
жіберіп, Семеке ханға, егер ол Ресей азаматтығын алатын болса, аймақ
қауіпсіздігін орыс әскерлерінің көмегімен қамтамасыз етуді уәде етті.
Семеке Әбілқайыр елшілерінің ұсынысын қабылдайды. 1732 ж. Ресей құрамына
Орта жүздің біраз бөлігі формальді түрде енеді. Бұдан кейінгі оқиғалар
көрсеткендей Семеке Ресей империясымен жасаған келісімнің шарттарын
сақтамайтынын танытты: Ресей азаматтығындағы башқұрт феодалдарына
шапқыншылық жорықтар жасап тұрды. Жоңғариядан төнген қауіп-қатер, Орта
жүздің ықпалды (феодалдарының) би-шонжарларының өздерін Ресейдің құрамына
қабылдау жөнінде Ресейге қайта өтініш жасауларына түрткі болды. Анна
Иоановнаның 1734ж. 10 маусымдағы грамотасымен Семекенің және оның
жақтастарының өтініші қанағаттандырылды. И.К.Кирилловтың 1737ж. сәуір
айында қайтыс болуына байланысты Орынбор өлкесінің жаңа бастығы болып
В.Н.Татищев тағайындалды. Ол Кіші және Орта жүздер сұлтандары мен
ағамандары өкілдерінің бодандылығын баянды етуге тырысып бақты.
Кіші және Орта жүздер ағамандары мен сұлтандары өкілдерінің 1740 ж.
Орынборда өткен съезі Ресей азаматтығына өтудің алғашқы нәтижелерін
бекітуге ықпал етті. Съезге қатысқан Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан
қалыптасқан жағдайды ескеріп, Қазақстанды жоңғарлардың мүмкін болар басып
кірушілігінен қауіпсіздендіруге тырысып, Ресей азаматтығын қабылдауды
жақтаған пікір айтты. Кіші және Орта жүздердің бір топ сұлтандары мен
ағамандарының 1740 ж. ант беруі Ресейге Орта жүздің тек бір бөлігінің ғана
қосылуын қамтамасыз етті. Ал солтүстік, шығыс және Орталық Қазақстанның
негізгі аймақтары империя құрамына тек ХІХ ғ. 20-40 жж. ғана, патша
өкіметінің әскери-саяси шараларының салдарынан қосылды.

ОРТА ЖӘНЕ КІШІ ЖҮЗДЕРДЕ ХАНДЫҚ БИЛІКТІҢ ЖОЙЫЛУЫ
ХІХ ғ. басында Ресей, Орта Азия хандыдықтары мен Қытайдың ортасында
орналасқан Қазақстанның аса зор стратегиялық маңызы айқындала бастайды.
Азияға әрі қарай жылжу үшін Ресей ең алдымен қазақ даласына бекініп алуы
керек еді. Отарлық саясаттың күшеюі, сондай-ақ өсіп отырған орыс
буржуазиясының экономикалық мүдделерімен де түсіндірілді. Қазақстан орыс
көпестерін мал шаруашылығы өнімдерінің көзі ретінде және Батыс Европа
рыноктарында бәсекеге түсе алмайтын орыс товарларын өткізу рыногы ретінде
де қызықтырды.
Арынғазының тұтқынға алынуын және Уәли ханның қайтыс болуын пайдаланып,
отарлық әкімшілік далаға шабуылға шығуға бел байлады. Өздеріне адал
сұлтандардың бір бөлігіне сүйене отырып, патша өкіметі Солтүстік және Батыс
Қазақстанда “Сібір қырғыздары туралы Уставқа” және “Орынбор қырғыздары
туралы Уставқа” негізделген жаңа басқару жүйесін құрды.
“1822 жылғы Сібір қырғыздары туралы Устав” 1822 ж. М.Сперанскийдің
басшылығымен жасалды. Сібірдің екі бөлікке бөлінуіне (1822 ж.) байланысты
Қазақ даласының территориясы Батыс Сібірге жатқызылды, оның бас басқармасы
1839 жылға дейін Тобылда, ал 1839 ж. бастап — Омбыда болды. Устав бойынша
сібір қырғыздарының ауданы сыртқы және ішкі округтерге (аймақтарға)
бөлінді. Сыртқы округке Ертіс өзенінің арғы жағында көшіп жүрген қазақтар
кірді. 1822 ж. 1838 ж. дейін 7 округ — Қарқаралы, Көкшетау, Аякөз, Ақмола,
Баянауыл, Құсмұрын, Көкпекті округтері құрылды. Округ басында округтік
басқарма (приказ) дуан тұрды, онда әкімшілік, полиция, сот шоғырланды.
Приказдарды аға сұлтандар басқарды, оның жанында төрт уәкіл (заседатель):
губернатор тағайындаған екі шенеунік, және екі жылға билер, ағамандар
сайлайтын екі қазақ жұмыс істеді. Аға сұлтан Уставтың ережелері бойынша
сұлтандар жиынында үш жылға сайланды. Оған қызмет уақытында майор атағы
берілді. Үш сайлаудан табысты өткендер дворян дипломын алуға үміттене
алатын болды.
Округке 15 тен 20-ға дейін болыстар кірді. Болыстарды сұлтандар
басқарды, алайда сұлтандардың болмауы себепті көптеген руларда бұл қызметке
қара сүйек өкілдерін сайлап отырды. Өз жағдайы бойынша олар 12-ші дәрежелі
шенеунікке теңестірілді, олардың өкіметі атқарушылық сипатта болды. Яғни,
дуанның бұйрықтары мен қаулыларын орындау және сот үкімдерін іске асыру
болып табылды.
Әрбір болыс 10-12 ауылдан тұрды. Ауыл ағамандары үш жыл сайын сайланып,
округтік приказбен (басқармамен) бекітіліп отырды. Осындай әкімшілік
ауылдардың әрқайсысы 50-70 шаңырақты біріктірді. Округтер мен болыстарды
құруда рулық бөлініс ескерілді, территориялық белгілер де осыған
сәйкестендірілді. Әрбір округ белгілі территорияға ие болды.
Устав бойынша сот істері қылмыстық және азаматтық болып бөлінді.
Неғұрлым ауқымды (маңызды) істер би сотына берілмеді. Маңызды емес істерді
қарастырғанда да би сотының шешімі округтік приказдарда (басқармаларда)
қайта қаралатын болды. Устав салық жүйесін енгізді — әрбір қожалық үкіметке
100 бас малдан 1 бастан жасақ төлеу міндетті болды. Бұл санға, сауданың
дамуына қажетті негізгі жүк таситын мал-түйе кірмеді. Уставты қабылдаған
қазақтар алғашқы бес жыл салықтан босатылды. Құжатта міндеткерліктің басқа
да түрлері — керуендерді күзету, көлік міндеткерлігі, пошта, байланыс
жолдарын күзету және т.б.жөнінде көрсетілді.
“Сібір қырғыздары туралы Устав” Солтүстік, Орталық Қазақстанды
азаматтық және әскери отарлауға, қазақ ауылдарын белгілі территорияға
бекітуге, жаңа саяси-әкімшілік басқаруды ұйымдастыруға ықпал етуі тиіс
болды, мұның өзі Қазақстанның Ресейге қосылуын аяқтауға ықпал ететін еді.
1822 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эксен жасаған “1824 ж. Орынбор
қырғыздары туралы Уставты” 1824 ж. Азиялық комитет қабылдады. Осыған
байланысты хандық билік жойылды. Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы Орынборға
шақырылып, сол жерде тұрақты түрде өмір сүруге қалдырылды және айына 150
рубль, күміс жалақы беріліп тұратын болды. Оған “Орынбор шекаралық
комиссиясының бірінші мүшесі” атағы берілді.
Кіші жүз үш бөлікке: байұлы руларынан тұратын — батыс; жетіру мен
әлімұлының бір бөлігінен тұратын — орта; әлімұлы руларынан және сондай-ақ
қыпшақтар мен арғындардан тұратын — шығыс болып бөлінді. Бөліктердің
басшылығына қойылған билеуші сұлтандар, іс жүзінде Орынбор шекаралық
комиссиясының шенеуніктері болды, оған председатель бай қазақтар қатарынан
төрт кеңесші және төрт уәкіл (заседатель) кірді. Өз міндеттері бойынша
комиссия губерниялық басқарманың функциясын атқарды.
Әрбір билеуші-сұлтанның жанында офицердің басқаруындағы казак отряды
тұрды. Олардың ставкасы казак станциялары мен бекіністерінде орналасты.
Билеуші-сұлтандар да, олардың көмекшілері де сұлтандар сословиесінен
қойылды.
Кіші жүздегі барлық қызмет адамдарын, ауыл азаматынан бастап билеуші
сұлтанға дейін шекаралық комиссияның ұсынысы мен Орынбор генерал-
губернаторы тағайындап отыр. Мұнда сайлау жүйесі болмады.
Бұл құжаттардың ережелерін іс жүзіне асыру Қазақстанның отарлық
тәуелділікке түскенін көрсететін еді, сондықтан да мұның далада наразылық
дүмпуін туғызуы табиғи нәрсе еді. Алғашқыда оқшау наразылықтар басталған
еді, кейін олар Ресейге қарсы азаттық соғысына ұласты.

ПАТША ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚТАРДЫҢ РУХАНИ ӨМІРІ САЛАСЫНДАҒЫ САЯСАТЫ

ХІХ ғ. басындағы Қазақстанның мәдениеті орыс мәдениетінің және ең
бірінші кезекте орыс білімінің, орыс тілінде оқытатын мектептердің ене
бастауымен сипатталды. Мектептерді ұйымдастыру, бір жағынан, жергілікті
орыс тұрғындарының сауаттылыққа ұмтылысымен, ал екінші жағынан — патша
үкіметінің Қазақстандағы өз әкімшілік аппараты үшін адамдар даярлау
қажеттігінен туындады.
XVIII ғ. аяғында-ақ шептер маңында “горнизондық мектептері”
ұйымдастырыла бастады. 1789 ж. Омбыда жергілікті әкімшілік үшін
аудармашылар мен хатшылар әзірлейтін “азиаттық мектеп”, ал 1813ж. - әскери
училище ашылады, ал 1847ж. Сібір кадет корпусына айналады. 1825ж. Орынборда
әскери училище ашылып, ол да 1844ж. Орынбор кадет корпусына айналады. Бұл
мектептерде, орыстардан басқа, қазақ шонжарларының балалары да оқып, білім
алды. Қаулыларда көрсетілгеніндей, “мектептер азиаттарды орыстармен
жақындастыруға, алғашқылардың бойында орыс үкіметіне сүйеспеншілік пен
сенім ұялатуға және өлкеде көзі ашық, білімді қайраткерлерді дайындауға
ықпал етуі тиіс болды”.
Мектептердің оқу жоспары айтарлықтай ауқымды болды. Орынбор кадет
корпусының “азиаттық бөлімінде” атап айтқанда, әскери пәндердеп басқа, орыс
тілі, тарих, география, математика, минерология, зоология, ботаника, орман
шаруашылығын жүргізу және бірнеше шығыс тілдері оқытылды.
Барлық оқу орындары, патша әкімшілігі қойған отарлаушылық мақсаттарына
қарамастан және оқушылар санының аздығына (орыс шенеуніктері мен аз ғана
қазақ ақсүйектерінің балалары) қарамастан өлкеде орыс сауаттылығының
тарауына ықпал етті.

1867-68 жж. РЕФОРМАЛАР
Шекараларының ауқымы барынша кеңейген Ресей империясының жағдайы
басқарудың әкімшілік жүйесін енгізуге қолайлы болды. Крепостниктік құқық
жойылғаннан кейін Ресей үкіметі земстволардың, сот және қалалардың және
т.б. әлеуметтік-саяси өмірінің ағымын түбегейлі өзгерткен бірқатар
реформалар жүргізді. Капитализм "тереңдеп" әрі "кеңінен ауқым алып" дами
бастады.
Осындай жағдайда Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен
өзгерту міндетін қойды.
Қазақ даласын басқару туралы заң жобасын дайындау үшін үкімет 1865ж.
дала комиссиясы дегенді құрды. Реформаны дайындау кезінде халық бұқарасының
көңіл-күйі ескерілмеді. Ш.Уәлиханов қазақтардың материалдық жағдайы мен
тұрмысын жақсартуға ықпал ететін радикалды реформалар жүргізуді жақтады. Ол
Қазақстанда халықтың өзін-өзі басқаруы негізіндегі әкімшілік басқару
жүйесін енгізуді ұсынды. "Сот реформасы туралы хатында" ол қазақ халқы үшін
ең маңызды шара әлеуметтік-экономикалық жаңалықтар енгізу деп есептеді.
1867ж. 11 шілдеде Александр ІІ - Жетісу және Сырдария облыстарын басқару
туралы Ережелер жобасына; 1868ж. 21-қазанда - Торғай, Орал, Ақмола және
Семей облыстарын басқару туралы Ережелер жобасына қол қойды. Сонымен,
Қазақстанды басқару жөніндегі "үкіметтік шенеуніктердің ойластыруы
негізінде, Сейдалин, Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шорманов сұлтандардың және
басқалардың белсенді қатысуымен патша өкіметі әзірледі. 1854ж. ашылған
Семей, Ақмола облыстарын, 1866 ж. құрылған Жетісу облысын басқаруға
өзгерістер енгізілді. Реформа бірінші рет бүкіл қазақ өлкесін қамтыды.
Әйтсе де хандық билік 1845ж. - ақ тоқтатылған Бөкей (Ішкі) ордасы уақытша
ереже жобасы бойынша Астрахань губерниясының құрамына қосылып кетті.
Облыстар уездерге, уездер болыстарға бөлінді.
Түркістан генерал-губернаторлығының міндетіне әскери және азаматтық
биліктермен бірге, көрші Қытай, Иран және басқа мемлекеттермен
дипломатиялық (елшілік) қарым-қатынастар жүргізіп отыру тапсырылды.
Басқарудың жаңа жүйесі көшпелілер өмірінің патриархалды-феодалдық
құрылысын шайқалтты, сұлтан-билер мен ағамандардың билігін шектеді. 1867-
1868жж. реформаларды жүзеге асыру ру ақсүйектерінің ықпалының әлсіреуіне
әкеліп тіреді, мұның өзі олардың құқықтық, экономикалық және саяси
жағдайларынан көріне бастады.
Әкімшілік басқару айқын әскери сипатта болды. Облыстарды әскери және
азаматтық билікті толығымен өз қолдарына шоғырландырған әскери генерал-
губернаторлар (әскери округтердің командашысы да солар) басқарды. Әскери
және азаматтық биліктің ажыратылмауы - жаңа реформа бойынша Қазақ даласының
әкімшілік құрылымының принципі болды.
1868ж. далалық облыстардағы басқару туралы Уақытша ереже және 1867ж.
Түркістан өлкесіндегі басқару туралы Ереже бойынша болыс басқарушысы өз
қолына полицейлік және басқару билігін шоғырландырды. Ол "тыныштық пен
тәртіптің" сақталуын, салықтардың төленуін және халықтың әртүрлі
міндеткерліктерін өтеуін қадағалап отырды. Билер сотының шешімдерін іс
жүзіне асыру да оның міндетіне жатты. Ауыл ағамандары өз қызмет бабы
шеңберінде болыс басқарушылары атқарған міндеттерді орындады. Қазақ
шаруалары мейлінше ауыр земстволық міндеткерліктерді де өз иықтарымен
көтерді, олар ауылдық-болыстық әкімшілікті асырады, көпірлерді, почта
жолдарын жөндеуге қаржы беріп, әскери бөлімдерді көлікпен қамтамасыз етіп
тұрды.
1867-1868жж. реформамен жалпы империялық заңдар негізінде әрекет ететін
әскери-сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды. Сонымен бірге ауылдарда
билердің феодалдық соттары және Сырдария облысының қыстақтарында қазылар
соты сақталып қалды. Далалық облыстардан тыс жерлерде жасалған қылмыстар,
қазақ малшыларының қылмыстық және азаматтық істерін Ресей заңдары негізінде
уездік судьялар (соттар) қарайтын болды.

ӘКІМШІЛІК-СОТ РЕФОРМАСЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫ

1867-1868 жж. ережелер екі жылға, тәжірибе түрінде уақытша енгізілген
болатын. Алайда бұл “тәжірибе” жергілікті халықтың наразылығын тудыруы
мүмкін болғандықтан жиырма жылдан астам уақытқа созылды. Тек ХІХ ғ. 80
жылдарының соңы мен 90 жылдарының басында ғана патша өкіметі әкімшілік-сот
істері реформасын ендіруді аяқтауға кірісті. 1886 ж. 2 маусымда Түркістан
өлкесін басқару жөніндегі Ереже, ал 1891ж. 21 наурызда — Ақмола, Семей,
Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару жөніндегі Ереже қабылданды.
Генерал-губернатордың билігі бұрынғыдан да зор күшке ие болды. Облыстық
басқару Ресейдің орталық аудандарындағы губерниялық басқарумен теңесті. Ірі
қалаларда полицейлік басқармалар, ал өзге қалаларда — полицейлік өкілдіктер
құрылды. 1891ж. ереже бойынша ауыл ағамандары арасындағы жер мәселелері
жөніндегі дауларды болыс шеңберінде болыстық съездер, ал үй иелері
арасындағы дауларды ауылдық жиындар шешіп отырды. Мұнда болыс басқарушылары
мен ауыл ағамандарына шешуші рөл берілді. Осыған байланысты қауымдар
арасында үш жылға сайланатын болыстық басқармалар мен ауыл ағамандарына өз
өкілдерін өткізу жолындағы аса қатал күрес жүріп жатты.
Сот құрылысы саласында да айтарлықтай өзгерістер болды. Түркістан және
Далалық өлкелерді басқару жөніндегі Ережеге сәйкес Ресей соттарының жүйесі
бітістіруші судьялардан, облыстық соттардан және жоғарғы сот инстанциясы
ретіндегі Үкіметтік сенаттан құрылды. Билер сотына да өзгерістер енгізілді.
Формасы жағынан би сайланып қойылатын халық соты болды. Бұл жаңалық
шариаттық дәстүрлі сотқа соққы болып тиді.

АГРАРЛЫҚ РЕФОРМА

1867-1868 жж. реформалардың ең негізгі мәселесі — жер мәселесі болды.
Бұл құжаттар бойынша (Ереженің 199-ші бөлімі), Қазақстандағы бүкіл жер
мемлекет меншігі деп жарияланды және қазақ ауылдық қауымдарын жер тек
уақытша пайдалануға ғана берілді. Патшаның хан тұқымына (ұрпақтарына) сыйға
тартқан жер учаскелері ғана жеке меншік болып есептелді. ХІХ ғ. аяғы - ХХ
ғ. басында Орталық губерния шаруаларының Қазақстанға жаппай қоныс аударуы
кезінде Ереженің 199- пункті қазақ жерлерін отарлық басып алудың заңдық
негіздемесі болды. Қазақтардың өз жері өздеріне белгілі ақыға беріліп
отырды. Өзендер мен көлдер жағасындағы құнарлы жерлер казак әскерлеріне
берілді. Бұл жерлерде көшіп-қону үшін қазақтар аренда ақысын төлеуі керек
болды. Ал қоныс аударып келген шаруаларға бірқатар жеңілдіктер берілді.
Уезд орталықтарынан олар егістік жер, үй-жай салу үшін жерді және құрылысқа
қажет ағашты тегін алып отырды, сондай-ақ егіншілікпен, сауда және
қолөнермен айналысуға құқылы болды. Мұндай жеңілдіктер христиан дінін
қабылдаған қазақтарға да берілді.
Сонымен, Қазақстандағы жер туралы заң патша өкіметінің реакциялық,
аграрлық саясатына орай жүргізілді.

ҚАЗАҚСТАН ТЕРРИТОРИЯСЫНДАҒЫ КАЗАК ӘСКЕРЛЕРІ

XVIII ғ. арнайы Орынбор казак әскері құрылды. Өз ұйымы жағынан ол
тұрақты әскерге жақын болды және жоғарғы жайық есебі бойынша - Жайық
қалашығынан жоғарғы Жайық қамалына дейінгі шепте қызмет етті. Жайық
казактарының жерлері осы өзен бойында созылып жатты, өзеннің оң жағасына
олар 1745ж. өз күштерімен 7 қамал және 11 форпост тұрғызды. 1769 жылға
қарай Жайық бойында үкіметтік казактардың 15 мың отбасы тұрып жатты.
Жалпы әскердің ортақ меншігі болып есептелген жерде казактар
егіншілікпен, мал шаруашылығымен және балық аулаумен айналысты. 1748 ж.
бастап үкімет қаулысы бойынша казактар жаз айларында жем-шөп дайындап және
бекіністерге жақын жерлерден хуторлар салуға кірісті. Осы уақыттан бастап
Жайық және Илецк қалашықтарының арасындағы Жайыққа құятын кішігірім
өзендердің жағалауларында көптеген хуторлар пайда болды. Жайық пен Еділ
өзендерінің арасына және Жайықтың оң жағалаулы бойына хуторлардың салынуы
қазақтар үшін жердің шектелуіне алып келді, оларға казактардың шаруашылық
құрылыстары бар аудандарда көшіп-қонуға рұқсат етілмеді.
Егер Жайық бойында Жайық және Орынбор казактары мен қалмақтарының
иеліктері жатса, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауы да қазақтарға тимеді.
Бұл жерде Безбородко және Юсуповтар сияқты помещиктердің саяжайлары
орналасты. 305 шақырым жердің өн бойында, яғни Еділ сағасынан Жайық
сағасына дейінгі Каспий теңізінің бүкіл жағалауында осы помещиктердің
жерлері жатты. Екі помещиктің де саяжайлары да іс жүзінде бос жатты, ешкім
тұрмады, олар көпестерге жалға берілді, ал көпестер жағалауларда балық
өнеркәсібі шоғырларын ұйымдастырып отырды. Помещиктердің приказчиктері
(басқарушылары) бұл жерлерге қазақтарды аса жоғары ақы төлегенде ғана
жіберіп отырды.
1752 ж. үй шебін Ертіс шебімен байланыстыратын 10 қамал мен 53 редуттан
тұратын әскери бекіністер шебі салынды. Бұл шеп Омбы қамалын Звериноголовск
(Бағлан) қамалымен байланыстырып тұрды және ол Жаңа Есіл шебі деп аталды.
Нәтижеде орыс шекарасы, Орта жүздің жеріне қарай 50-200 шақырымға
кеңейтілді. Бұл көшіп-қонудың қалыптасқан жүйесін бұзып, қазақтардың
Ертістің оң жағалауындағы жайылымдардан айрылуына әкеліп соқтырды.
Әскери шептердің салынуы патша үкіметіне XVIII ғ. 50-жылдарында Орта
жүз қазақтарының жерін шектеуді заңдастырған заңдық шараларды қабылдауға
мүмкіндік туғызды. 1755 ж. наурызда шетелдер істері Коллегиясы Ертістен
өтуге тиым салды. 1764 ж. бастап қазақтарға Ертістен 10 шақырым, ал
қамалдар мен форпостар ауданынан 30 шақырым алыс жерлерде ғана көшіп-қонуға
рұқсат етілді.
Сөйтіп, қазақтар ең жақсы жайылымдарынан айырылып қалды, қазақ
тұрғындардың казак хуторларын жоюға деген ұмтылыстары осымен түсіндіріледі.
АБЫЛАЙ ХАНДЫҒЫ (1771—1781) ЖӘНЕ ОНЫҢ САЯСАТЫ

Сыртқы қауіппен күрескен бір мезгілде Абылай қазақ жерлерін біріктіруде
зор қажыр-қайрат жұмсады.
1740 ж. Ташкентте Жолбарыс хан өлтіріліп, Ұлы жүздің көпшілік рулары
Төле бидің қолдауымен Қазақ хандығының ресми басшысы — Әбілмәмбетке ант
береді. Әбілқайырдың орыс азаматтығын алып кетуіне Кіші жүздің Батырхан
басқаруындағы көптеген рулары да Әбілмәмбет пен Абылайға бағынды. 1759 ж.
патша әкімшілігі Абылайға Әбілмәмбетті алып тастап, оның орнына өзі
отыруына қолдау көрсетеміз деп уәде етті, алайда, сұлтан бұл қолдаудан бас
тартты. Тек ханның қазасынан кейін ғана, Түркістанда, Қожа Ахмет Иассауи
мешітінде Абылай ақ киізбен көтеріліп, үш жүздің ортақ ханы болып
жарияланды. Абылай хан — барлық қазақ жерлерінде беделі шүбәсіз жүрген
соңғы қазақ ханы болды. Шекара маңында көшіп жүрген Кіші жүздің аз ғана
бөлігі Әбілқайыр балаларының билігін мойындады.
Саяси тәуелсіздігін сақтай отырып, Абылай патша сый-сияпаттарын
қабылдаудан және Петербургте ант беруден бас тартты. Абылай оңтүстіктегі
қазақ қалаларын қайтарып алды, ол аз ғана уақыт ішінде Созақты, Шымкент пен
Ташкентті алды. Алайда, Орта Азия мемлекеттерінің Қытайға қарсы Одағын
құру жолындағы ісі табысты болмады. Одаққа Ауғанстан, Бұқара, Қоқан және
Қырғызстан кіреді деп топшыланған еді, алайда Қоқан хандығымен және
қырғыздармен арадағы қайшылықтар қарулы қақтығысқа апарып соқты.
Қазақстанмен одаққа тек Бұқара ғана келісім берді. Абылайдың мемлекет
ішіндегі қызметі анағұрлым табысты болды. Шоқан Уәлиханов: “Абылай хан
өкіметін шектеуге тырысып отырған күшті ру басшылары мен сұлтандарды
ауыздықтап өзіне бағындырды”, — деп жазды. Сонымен бірге ол билердің
беделін толық жая алмады және олардың еркімен санасуға мәжбүр болды. Хан
маңындағы неғұрлым ықпалды саяси тұлғалар Қазыбек би мен Бұқар жырау болды.
Абылайдың есімі қазақ халқының жадында мәңгі қалды және ұлттық тәуелсіздік
үшін, қазақ мемлекетін қалпына келтіру жолындағы күрестің символына
айналды. Абылай хан 1781ж. Ташкентте қайтыс болды, ол Түркістандағы Қожа
Ахмет Иассауи мешітіне жерленді.

КІШІ ЖҮЗДЕГІ ХАНДЫҚ БИЛІКТІҢ ДАҒДАРЫСЫ ЖӘНЕ С. ДАТҰЛЫ БАСШЫЛЫҒЫМЕН
БОЛҒАН КӨТЕРІЛІС

Қазақстардың отарлауға қарсылығы

Соғыс қарсаңындағы қазақ даласы. Абылай хан қайтыс болғаннан кейін
орталық өкімет әлсіреп кетті және Кіші жүздің қазақтары өз хандығын құрды,
оның басында Қайып сұлтанның ұлы Батыр тұрды. Нұралы ханның және орыс
әкімшілігінің билігінде тек шекараға жақын жерде көшіп жүрген қазақтар ғана
қалды. Олардың ішінде XVIII ғ. аяғында орыс қаруының көмегімен билік
жүргізіп отырған Әбілқайырдың ұрпақтарына қарсы наразылық пісіп-жетіле
бастады. 1773-1776жж. қозғалыс кезіндегі сұлтан бастаған жоғарғы топтың
сатқындығы туралы Нұралы ханның және оның балаларының орыс әскерлерінің
қазақтарға қарсы жазалаушылық іс-әрекеттеріне қатысқанын халық әлі ұмыта
қойған жоқ еді. Сондықтан да XVIII ғ. аяғында Батыс Қазақстанда басталған
соғыс, қазақ халқының Ресейге қарсы және оның қолшоқпарлары болып отырған
Әбілқайырдың ұрпақтарына қарсы ұлт-азаттық соғысы болды.

Соғыс қимылдарының басталуы. Қазақ жасақтарының басында 1773-1776жж.
қозғалысқа қатысушы байбақты руынан шыққан Батыр Сырым Датұлы тұрды. 1785ж.
қарай оның жасақтарында 6 мыңнан аса адам болды.

Патша үкіметі көтерілісшілер шоғырланған ауданға жазалаушы отрядтар
жіберді. 1785ж. ақпанының ортасында Сырым Датұлының жасақтары
жазалаушылармен тікелей кездеспеудің амалымен күрестің партизандық
тәсілдерін пайдаланды және кішігірім отрядтармен Антонов форпостына
(бекінісіне), Сахарный қамалына және т.б. бірқатар бекіністерге шабуыл
жасайды. Қарулы қарсылыққа кездеспеген жазалаушы отрядтар бейбіт қазақ
ауылдарын тонап қырғынға салды. Бұл жағдай ауыл тұрғындарын қарулы
көтеріліске шығуға итермеледі. Сөйтіп, 1785ж. жазында Кіші жүздің негізгі
бөлігі соғыс жалынына оранды. Осындай жағдайда, Нұралы ханының билігінің
анық дағдарысқа ұшырағанын көріп, патша үкіметі көтеріліске шыққандардың
ағамандарымен келіссөздер бастауға кірісті.
1785ж. күзде ағамандар съезі болып өтті, онда патша әкімшілігіне үндеу
қабылданды.
Көтерілісшілер мынадай талаптар қойды: қазақтарға Жайық пен Еділ
арасындағы жер қайтарып берілсін; Орал казактарының қазақ даласына
шапқыншылықтары тоқтатылсын; Нұралы ханның қолынан билік тартып алынсын.
1786ж. сәуірінде Нұралы хан Орынборға қашты, ол маусымда ІІ
Екатеринаның жарлығы бойынша өкіметтен тайдырылды, Уфаға жіберілді, ол сол
жерде 1790ж. қайтыс болады. Орыс үкіметі қалыптасқан жағдайды даладағы
хандық билікті жою үшін пайдаланып қалуға тырысты. Генерал-губернатор
Игельстром Кіші жүзді басқарудың жобасын ұсынды, ол бойынша бүкіл
территория үш бөлікке бөлініп, оларды билеуші-сұлтандар басқаруға тиіс
болды. Оларға шекаралық әкімшілік жолақы төлеп тұрады. Жүзді басқару
“Шекаралық соттың” қолына беріледі. Сотқа әкімшілік органдар —
“расправалар” бағынады. Алайда басқарудың жаңа жүйесі қолайлы болмай шықты.
“Шекаралық сот” билік жүргізе алмады, даладағы бүкіл билік ру ағамандарының
қолына жинақталды. Ресей қазақ даласын бақылаудан айрылып қалайын деп
отырғанын сезе отырып, хан өкіметін және бұрынғы басқару жүйесін қалпына
келтіруге бел буды. Орал казактарының қазақ даласына шапқыншылығы қайта
басталды. 1790ж. жазда атаман Донсков 1500 адамнан тұратын отрядымен 225
үйді қиратты, 150 адам өліп, 57 адам тұтқынға әкетілді. Мұндай
шапқыншылықтар жиі-жиі болып тұрды. Қазақтардың өзін-өзі қорғауды
ұйымдастыруға талпынысы далаға жаңа жазалаушы экспедиция жіберуге сылтау
болды.
Соғыстың аяқталуы. 1790ж. күзде қазақтар Семекенің ұлы халық арасында
ықпалды Есімді сұлтанды хан жариялады. Патша әкімшілігі бұл сайлауды
мойындамай, бұрынғы хан Нұралының інісі Ералының кандидатурасын бекітуге
ұсынды. 1791ж. тамызда Ералыны “сайлау” орнына әскер тапсырылды. Осындай
жағдайда Кіші жүздің ханы сайланды. Сырым Датұлы Ресейдің жаңа қолшоқпарына
қарсы батыл күрес жүргізді. Бұл уақытта ол енді хандық өкіметті жою
идеясынан бас тартып, хан билігін шектеп отыратын кеңес құруды жақтады.
Есім қайтыс болғаннан кейін әкесі Хиуаны билеп отырған Абылай хан Сұлтан
хан тағына отыруға үміттенді. Абылай ханды қолдай отырып, Сырым Хиуамен
және Бұқарамен, ал ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулауы: әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халық арасындағы қатынас
Орыс әскери құрылымдарының Жетісу жеріне жасаған жорықтары
Түркменстандағы жаңалану, жалпы тенденциялар мен даму үрдісінің болашағы
Абылай хан өмірі мен қолбасшылық саясаты
Халық жауына айналған Жаһанша Досмұхамедов
Саяси және құқықтық ілімдер тарихы
ҚР – сы жер қатынастарын құқықтық реттеу тарихы
Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуы және оның мәні
Түркістан өлкесіндегі кеңес билігіне қарсы қарулы қозғалыс (1918-1924 жылдар)
Ұлттық валюта – теңге
Пәндер