Туған жерге деген қазақы ұғым, қазақы көзқарас


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 41 бет
Таңдаулыға:   

М а з м ұ н ы

Кіріспе

1. Серіктің ақындық шеберлігі

1. 1 Табиғатпен тілдесіп, жырмен сөйлеп келемін

1. 2 Ақын жырларындағы көңіл-күй

2. Дін - ізгілік діңгегі

(немесе мұсылманшылық ақын көзімен)

3. Серіктің тағы бір қыры

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі: Жамбыл облысы қай кездерден - ақ өнерге бай өлке. Арыға бармағанның өзінде кешегі жыр алыбы Жамбылдың кіндік қаны тамған, кең алқабын Кенендер әнмен тербеткен, Қылышбай қылыш тілмен өлең өрген, Сауытбек Ақбөпесін «аңсап» өткен өңірде жырдың бесігі тербелмей қалған күн болған емес. Өнердің жасаушысы халық болғандықтан елдің іші қашан да кемел дарындардан кенде емес. Әр кезең өз тұлғасын тудырады, әр өнер иесі өз заманының жемісі.

Бүгінде тамырын тереңге жайған текті Тараздың өнер өлкесіндегі тегеуірінді дарындардың бірі - ақын Серік Мақұлбекұлы Қалиев. Есімі Республика жұртшылығына кеңінен таралып үлгерген осы жерлесіміздің шығармашылығы бүгінде құнарлы топыраққа түскен дәндей тереңнен нәр алып, жапырағын кеңге жайып жайқалған бәйтеректей кемелденіп, жыл санап толыға, молыға түсті. Ақын осы күндері ірілі - ұсақты жеті - сегізге тарта кітаптардың авторы. “Шын мәніндегі өлең қандай болу керек?” деген сұраққа Серіктің жырлары толықтай жауап бере алады. Қазіргі күн поэзиясында өзіндік орны бар, қолтаңбасы қалыптасқан, ешкімге еліктемейтін, көкейінде тұрған, санасына тұнған ойды өзінше қорытып, өзіне ғана нақышты өрнектерімен оюлап бере алатын дара дарын. Ақынның мұндай дәрежеге жетуіне ізденімпаздықпен өткен ұзақ жылдар, шақша басты шарадай етердей жанға тыныштық бермеген шабытты шақтар, күрсінулер, қуанулар, жадыраулар, мұңайулар, бәрі - бәрі тиісті мөлшерде өз ықпалын тигізіп өткен еді. «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тумайды қайшылықта» - деп Мұқағали ақын айтып кеткендей - өлең өмірдегі құбылыстардың сөзбен өрілген көркем суреті. Бүгінгі кезеңнің көркем әдебиетінің дамуына елеулі ықпал етіп, әдебиетке өз ерекшелігімен келген Серік шығармашылығы еленуге тұрарлық. Ешкім де тектен - текке еңбек етпесе керек. Қандай да бір бейнеттің түптің - түбінде берер зейнеті бар. Сол сияқты халық үшін атқарылған игі іс, халық үшін жазылған текті жыр ел алдынан ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір бағасын алу керек. Басқа емес, арнайы Серік Қалиев шығармашылығын таңдауымыздың негізгі осыда жатыр.

Тақырыптың мақсаты мен міндеті: Тақырыптың мақсаты - наным - сенім жағынан «қырық пышақ» болып жатқан қазіргі қоғамдық ахуалға Серік ақынның шығармашылығын негізге ала отырып, сол арқылы жауап беру, шешімін таппай жатқан түрлі рухани мәселелерге қатысты ақын жүрегінің күйн сезіну. Өз ұғым - түсінігіміздің деңгейін ақынның көзқарасымен салыстыру. Діни тақырыптардан өзге де өлеңдеріне жаңа қырларынан талдаулар жасау.

Тақырыптың міндеті - жергілікті қаламгерлердің арасында да шашасына шаң жұқырмас жыр жүйріктері бар екенін, оның бірі диплом жұмысына арқау болғалы отырған Серік ақын екенін дәлелдеп беру. Сол арқылы ақынның әдебиеттегі өзіндік болмыс - тұлғасын даралау. Сан қатпардан құралған «шығармашылық еңбек» атты әлемнің көзге көріне бермейтін елеусіздеу тұстарын аттап өтіп кетпей, оның ой - қырына тиянақты түрде үңілу.

Шындығында поэзия қалай көрсең сол қалпында ғана қалып, астарлылық дегеннен ада сипатта көзге ұрып тұратын бір қалыпты дүние емес. Бұл туралы Үнді халқының даналығы: «Поэзия туралы пікір айту үш соқырдың піл туралы әңгімелесуі сияқты» - дейді. Сондықтан өлең атты ұлылықты тек өзіміз көрген, өзіміз түсінген тұстарынан ғана қарай салмай, ол туралы танымымызды тереңдете түсудің мәні зор. Өлең - тірі организм, онда да мінез болады. Оның да шама - шарқына қарай ғұмыр кешу кезеңі болады. Сүйегі нашар, бітімі жаман өлеңдер ұзақ жасай алмайды. Ал, поэзияның бар талабына жауп беруге лайқты, ойлы да терең, мәнді де мағыналы өлеңдер өмір барда адамзат баласымен мәңгі бірге жасаса береді.

Алғашқы топтағы өлеңдер әлсіз дарындардың қаламынан туып, бақытсыз ғұмыр кешеді. Оларды тіпті «тірі өлең» деп атаудың өзі артықшылық.

Екінші топтағы өлеңдерді өмірге келтіру кемел де кемеңгер дарындардың еншісіне бұйырған ерекшелік. Ондай өлеңдер шынайы сезімнің тереңінен шымырлап шығып, ойдың озық даналығымен өріліп, көркемдіктің ғажайып түрлерімен көмкерілгеннен кейін сол болмысына лайықты ғұмыр кешеді.

«Өлең» атты бекзат дүниенің осы сипаттарына Серік ақынның шығармашылығы қаншалықты жауап бере алады, - біздің мақсат пен міндетіміз сол мәселерді талдау жұмыстарының төңірегінде өрбиді.

Зерттеудің ғылыми болжамы: Серік Қалиевтің ақындығы туралы мұндаға дейін өнер сүйер жұртшылықтың аузынан арагідік пікірлер айтылып жатты. Ақын шығармашылық өмірінде біреуден мақтау естіп қуанды да, біреуден даттау естіп сыналды да. Әркім әр түрлі пікір айтты, әркім әртүрлі баға берді. Бірақ ақын шығармашылығында әлі де сол «пікір айтушылардың» назарына іліге қоймаған, бірақ арнайы тоқталуды қажет ететін тұстары баршылық. Соның бірі Серік шығармашылығындағы - психологиялық паралеллизм.

Диплом жұмысында ақынның шығармашылық жолы:

  1. Исламға келгенге дейінгі шығармашылығы.
  2. Исламға келгеннен кейінгі шығармашылығы.

деп екі кезеңге бөлінеді.

Алғашқы кезеңге қатысты ғылыми жаңалық сол, Серік өлеңдеріне тән психологиялық паралеллизм алғаш рет талдаудан өтеді. Соның негізінде ақынның өлеңдері жайлы тың пікірлер айтылады.

Екінші кезең яғни діни тақырыптарға байланысты өлеңдерінде Серік өлеңдерінің тәрбиелік мәні туралы сөз болады. Ақынның пікірлері қасиетті Құран - Кәріммен, Пайғамбар хадистерімен және Абайдың қара сөздерімен

толықтырып, салыстырылады. Серіктің көзқарасы мен өзіміздің көзқарасымыздағы «Алланы тану» мәселелері тілге тиек етіледі.

Бұл жағынан әлі Серік шығармашылығына талдау жасалынбаған. Диплом жұмысы осы тың дүниеге қарай қадам басып, шама - шарқының жеткенінше талдау жасап көруімен бағалы.

Зерттеу объектісінің теориялық, практикалық маңыздылығы мен әдістемелік негізі: Құран - жеті қабаттан тұратын мына ғаламат әлемнің шексіз де мәңгілік аудармасы. Құран - адамзаттың тәрбиешісі. Құранның негізгі мақсаты - адам баласының жан - тәнін кірден арылтып, рухына бақыттылық қанат тағып, жаннатқа лайық ету.

Алайда осы қасиетті кітаптың біздің халқымызды тәрбиелеудегі ролі қандай? Оның қазақша аудармасынан қазақтар хабардар ма? Хабардар болса неге ондағы айтылған өмір сүру бағыттарына лайық өмір сүрмейміз? - діни тақырыптағы ақынды толғандыратын негізгі мәселер осылар. Алайда, бұл сұрақтар тек Серікті ғана ойға салып қойған жоқ. Өзге дін адамдарын айтпағанда қазақтың бас ақыны, данагөй Абайды да ғұмыр бойы толғандырып өткен еді. Өйткені біздің бұл тұрғыдағы көзқарастарымызда кемістіктер көп. Оқымай - ақ, ізденбей - ақ дін мәселесі төңірегінде де өз ақылымыздың жеткен жерінен шешім шығара саламыз. Ал, ақын ең алдымен өзін туған халықтың мұңын - мұңдап, жоғын жоқтаушысы, жаны адал жанашыры. Батыс әдебиетінің биігінен бар ғаламға еңсе көрсетіп, елеулі ақынға айналған Гетенің: «Дүниеге қандай да бір сызат түссе ол ең әуелі ақын жүрегі арқылы өтеді» - деуі данышпандық. Қоғамдағы қай нәрсеге болса да алғашқы болып елеңдеп, алғашқы болып үн қосатын, осы - ақындар.

Серіктің діни көзқарастары өлең арқылы насихатталғандықтан оның шығармашылығын әсіресе өлеңнің атасы Абаймен байланыстыра қарағанды негізгі нысана етіп алдық. Сонымен қатар бұл зерттеу еңбекте ақынның жеке басының ұстанымы емес, оның өлеңдерінің тәрбиелік мәні туралы айту басшылыққа алынды.

Диплом жұмысының корытындылары мен тұжырымдарын жалпы білім беретін мектептердің бағдарлы сатысында, таңдау бойынша оқитын факультативтерде, әдеби шығармашылық үйірмелерде қолдануға болады.

Зерттеу әдістері: Жұмыстың мақсат-міндеттерін шешу үшін жинақтау, сұрыптау, талдау әдістері қолданылды.

Құрылымы: Диплом жұмысы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.

Кіріспе бөлімде тақырыптың өзектілігі, мақсаты мен міндеті, ғылыми жаңалығы, зерттеу нысаны және құрылымы туралы сөз болады.

Негізгі бөлім - «Серіктің ақындық шеберлігі», «Дін - ізгіліктің діңгегі», «Серіктің тағы бір қыры» деп аталатын үш тақырыптан тұрады.

Қорытынды бөлімде диплом жұмысының жалпы түйіні жайлы әңгіме болады. Жұмыс барысындағы баяндалған сан - қилы пікірлер жинақталып, бір қорытындыға келтіріледі.

Пайдаланылған әдебиеттер - негізгі әдебиеттер, қосымша әдебиеттер және баспасөз материялдары болып үш топқа бөлініп жазылады.

1 Серіктің ақындық шеберлігі

  1. Табиғатпен тілдесіп, жырмен сөйлеп келемін

Болмысынан бойына - даралықтың, ойына - даналықтың нәрін жиған, дархандығы - даладай, аңқаулығы - баладай, арда халқымыз “Найзаның ұшымен, білектің күшімен” сырт көздің “сұғынан” қорғап, бүгінгі біздерге аманат етіп қалдырған құс қанатын талдырардай ұлан - ғайыр мекенін текті өнермен тебірентіп келді. Қазақтың әр аймағы әуелеген әннің, күмбірлеген күйдің, жалыны ыстық жырдың бесігіне бөленіп, маң даланың төсінде небір маңғаз дарындар асыл өнерге алқалы топты ұйытып, тарих тасына аттарын қашап жазып, соңдарына өшпестей - өлместей мұралар қалдырды. Әр рулы елдің өз “мықтысы”, әр өңірлі өлкенің өз мақтанышы болды. Солардың арасында әсіресе Әулиеата топырағының алар орны ерекше. Бұл аймақ қашаннан да өнердегі өресі биік өр ұлдардың мекені еді. Кешегісі мен бүгінгісі қосып есептегеннің саусағын саннан жаңылдыратын Жамбыл облысындағы әсіресе жыр жампоздарының әдебиет әлеміне қосқан үлесі ұлан - ғайыр. Ақындық мектебінің тамыры тереңде жатқан осы мекенде туған бүгінгі таңдағы поэзия жанрының өрен жүріктерінің бірі - ақын Серік Мақұлбекұлы Қалиев [1; 109б] .

Серік 1962 жылы қазіргі Тараз қаласының тақау маңындағы Амангелді ауылында дүниеге келген. Әкесі Мақұлбек адалдығымен де, адамдығымен де айналасына сыйлы адам болған. Сонымен қатар атағы алысқа жайлып кетпесе де Мақұқлбек қарттың екі сөздің басын бір ұйқасқа байлай білетін дарын, қабілеті бар болған көрінеді. “Әкеге қарап ұл өсер”… - дегендей Серіктің ақындық тағдыры әуел баста әкеден берілген осы “екінің біріне, егіздің сыңарына” қонып, дари бермейтін ерекше өнерді жан - тәнімен сүйе біліп, шексіз құмар болған бала кезінен бастау алыпты. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ақынның әкесі туралы жазылған мына бір өлең жолдарын мысалға келтіре кетейік:

…Үлестіріп жақсы сөз жан басына,

Жүріп келем көше өрлей мен де асыға.

“Әкесіне тартпаған” деген сөзден,

Ауыр сөгіс мен үшін бар ма сірә?

[2; 6 б] .

Осылайша басталған Серіктің шығармашылық жолының жемісті тұстары сол кезде өшіп барып, қайта жанданған айтыс өнерімен тікелей байланысты болды. Серік халыққа алғаш айтыс ақыны ретінде танылды. Көзі қарақты көрерменнің есінде болса ол кездегі айтыстың талабы мен тәртібі қазіргіден мүлде басқаша болатын. Өйткені ол “Кеңес үкіметінің” қылышынан қаны тамып тұрған заман еді. Сондықтан айтыстағы жырлануға тиісті басты тақырып ауылдар мен аудандардың, шаруашылықтар мен ұжымдардың жетістік, кемшіліктері болатын. Айтыстың тәртібі бойынша жереби арқылы бір жұпқа түскен екі ақын аз дегенде ай бұрын бір - бірінің елді мекенін аралап, олқы соғып тұрған тұстарын қағазға тізіп алып, өз ауылының жетістігін мақтап, қарсыласының ауылының кемшілігін даттап айтысатын. Қысқасы, қазақтың ғана маңдайына бұйырып, қазақта ғана дамып, кемелденген қасиетті өнер “амалсыздан” саясаттың сойылын соқты. Айтыс қазақ сахынасына қайта оралған сексенінші жылдардың басында алғашқылардың бірі болып Қатимолла, Қонысбай, Аяз, Тәушен, Әсия, Әселхандар шықса - екінші толқын ақындары осы Серік пен оның Жандарбек, Есенқұл, Жадыра, Әзімбек сияқты көптеген замандастары болды [2; 3б] .

Міне, сол тұста бір тәртіпке бағынып, қатып қалған қазақ айтысына Серік өзіндік ерекшелігімен еніп, тың серпін әкелді. Серіктің сол кездегі басты жаңалығы - жұпыны ғана жұптала салатын жұтаң өлеңнің өн бойына қан жүгіртіп, жұртшылықтың жүрегіне жылы тиетін сұлу да сырлы лириканы айтыс сахынасына алып шығуымен өлшенеді. Сондай - ақ елді бір мезетте сергітіп, айтыс тыңдауға деген ықыласын оята түсетін қазақы қалжыңға жүйріктігі де ақынның абыройын асырып, тыңдарманын тәнті етіп, оған деген елдің махаббатын арттыра түсті.

«Бірде Серік пен Үміт Битенова айтысып отырады. Әңгіме Үміттің егіз ұлдары жайлы болып кетеді. Сонда Серік:

Не білесің Үміт - ау, не білесің?

«Жеңемін»! деп Серікті желігесің.

Жинап - жинап баланы бір - ақ туып,

Қайта - қайта туғанға ерінесің!» -

деп жауап қайырады [3; 27б] .

Серіктің мұндай аяқ асты табылған әдемі қалжыңдары мен тамаша тапқырлықтарын тізе берсек өз алдына бір үлкен әңгіме.

«Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді болады» - дейді дана халқымыз. Айтыс жайлы әңгіме қозғағанда Серіктің тағы бір атап өтетін үлкен қыры - ұстаздығы. Облыстардың топтық айтысында бір кездері Жамбылдықтар Семей ақындарынан үлкен жеңіліс тапқаннан кейін біздің айтыскерлердің намысына шоқ түскен шақта облыста ақындар мектебі қайта құрылды. Серік сол мектептен тәлім алған ақындардың сахнада өрелі өнер көрсетулері үшін өз кезінде аянбай тер төкті. Қазір «қазақ айтысының Жамбылдан кейінгі феномені» [5; 5б] . атанған Мұхаметжан Тазабеков белгілі ақын Айтмұхамбет Исақовтың шәкірті екені жергілікті жұртшылыққа аян. Сол Айтмұхамбеттің өзі Серіктің шәкірті. Бұл туралы жуырда ғана жергілікті телеарнаның «Баяғыда» атты хабарында ақын Шорабек Айдаров баса айтып өтті. Одан өзге Ахметжан Өзбеков, Айнұр Тұрсынбаева, Мадина Сәбденбекова сияқты бір топ жас ақындар да осы Серіктің шәкірттері. «Өзі төбе көрсетпесе талантты табу оңай емес» - дейді белгілі жазушы С. Мұқанов [5; 150б] Бойында жыл еткен ұшқыны бар жастардың дарын қабілетін кісі емдеген тамыршыдай дәл басып, оларға бағыт - бағдар сілтеген Серіктің жанкешті еңбегі ақталды. Осы аталған есімдер қазір шаршы топты шаң қылып, талай - талай дода жарған қуатты айтыскерлер ретінде бүкіл Республика жұртшылығына танылып үлгерді. Абайдың:

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға - [6; 135б] .

дегеніндей осы еңбек, осы бейнет еш кеткен жоқ. Шәкірттері ұстаздарының үміттерін ақтады. Бүгін қазақтың айтыс өнері кемелденіп, дами түсті десек осы өнердің тасын өрге сүйреген талай - талай шәкірттер дайындау арқылы атысты алға тартқан арда ұлдардың бірі Серік ақын екенін естен шығармағанымыз жөн.

«Өмір - өзен» - дейтін өрелі сөз бар халқымызда. Расыда да солай, ол бір орында тұрмайды, үнемі алға жылжу үстінде болады. Өнер де сол сияқты. Егер теңіздің немесе көлдің жағалауына барып айнадай жарқырап жатқан айдынға қарап тұрсақ толындардың артқы легінің алдыңғысын қуалап, жағаға шығарып тастап жатқанының куәсі боламыз. Осы мысалдағыдай қашан да өнерге жас буын өкілдері келгенде «ескі» топтың толқыны бірте - бірте оларға орын босатып, шетке қарай ығыса береді. Бұл туралы тағы да Шорабектің «Ақын сахнадан жалыққанынан немесе өлең таппай қалғанынан кетпейді, ол «модадан» қалып қалады» деген сөзін мысалға ала кеткенді жөн көрдік [8; 75б] . Сондықтан, ақын берерін беріп болды, енді одан елең еткізер жаңалы күтудің қажеті жоқ деген тоқтамға келу орынсыз. Өйткені ақын қашан да ақын күйінде қалады. Бойына сүтпен еніп, сүйекке сіңген қасиетті қабілет оны ешқашан да тастап кетпек емес.

Серік айтыс сахнасынан кеткеннен кейінгі өмірінде де көптеген елеулі еңбектер атқарды, ірілі - ұсақты жеке кітаптары жарық көрді. Атап айтар болсақ олар; «Отыз тістен шыққан сөз», «Ақмоншақ», «Жұлдыз сезім», «Егіздің сыңары», «Ғашық хат» тағы басқалар. Сонымен қатар ақын өлеңдері Облыстың ақын - жазушыларының шығармашылығынан құралған «Ұжымдық жинақтарға да» енген. Дипломдық жұмыстың негізгі мақсатына көшпестен бұрын енді Серіктің осы кітаптарында жарияланған өлеңдеріне пікірімізді білдіріп, талдаулар жасап өтейік.

Психологиялық паралеллизм арқылы жүректегі сезімін, жастық тілегін табиғат құбылысымен шендестіру бағзы заманнан бізге жеткен сол бір ұлы сезімді одан сайын мөлдіретіп, ақындық шеберлікпен жырлау Серік Қалиевтің жырларына да тән қасиет. Махаббат сезімін, сұлу да сырлы сезімді табиғат көрінісімен шендестіре суреттей отырып, адам жанының әдемілігін, сұлулығын сөзбен өрнектейді. Ақын сол жан сұлулығын жырға қосады. Асқақ та пәк жан сезімін табиғат көркімен астастыра жырлайды:

Жаз да кетті - ау дегенше әне - міне,

Көз жүгіртем жеткен күз әлеміне.

Басқа бір күн жылытқан жаным мынау,

Қызғанамын мен бірақ сені әлі де, -

Ақын күздің жеткенін жүрек түбіндегі сағыныш, аңсау сезімімен шебер қанаттастырады. Алдан тек табысуды ғана күткен пәк сезім иелерінің жолдары екі бөлек айырылса да бәрібір көңіл түкпірінде. Сол бір аяулы жанға деген мәңгілік сағыныш жүретінін шебер жеткізген. Мәңгілік аңсаумен, күтумен ғұмыр кешудің өзі кейде ауыр боп көрінгенмен, сол ауыр мұң тасасында үзілмеген үміт, түбі бір кездесерміз деген ешқашан орындалмайтын арман тұратыны да айқын. Тағдыр екі бөлектенгенмен мынау жалған дүниеде өзіңе іштей тілектес бір адам барын сезіп жүрудің өзі де бақыт емес пе?! Аппақ уыз сезім әмірінен шыға алмай, сол бір сағынған жанға өлең арнаған лирикалық кейіпкердің жаны мұңдылығымен, тазалығымен қызықтырады. Ешбір жан түсінбеген кезде де оңаша кетіп, сол бір санада сарытап сағыныш боп қалған жанмен жыр арқылы тілдесу тек ақын маңдайына ғана бұйырған бақыт:

Думан құрса, құс біткен жиылып ап,

Үндемейді монтиған бұйығы бақ.

Қиын, қиын - өмірде күтіп өту,

Ал, күтпеу ше - одан да қиынырақ.

Табиғат құбылысы, табиғат стихиясы ақын көңілінде шабытты шағымен астасып кеткен. Сүйген жардың көңілге ұялаған жарқын бейнесін жүрек түбіне сағыныш қып сақтай білген ақын оны ешқашан да ұмытпайды. Шын сүйген жүректің оны мәңгі есте сақтауға, мәңгі күтуге құдіреті жетеді. Лирикалық кейіпкер өмірде сол бір бейнемен мәнді. Міне, осы ойдың нақты көрінісін әлгі бір психологиялық паралеллизм арқылы нәзік жеткізе алған. Осы ойды әрі қарай қозғай берсек шын сүйіскен жүрек, ұғысқан көңіл, табысқан тілек иелерінің бейнесін көреміз. Тағдыр жолының бұралаң, қиындығын іштей ұғынамыз. Нағыз адамгершілік пәк сезімді танимыз. Міне, Серік Қалиевтің махаббат лирикасы психологиялық паралеллизм арқылы философиялық түйін жасаған адам жанының әдемілігін, сұлулығын бейнелеген. Кез - келген адам мәңгілік ғашық боп өтпейді. Тек жан - дүниесі мөлдір де пәк адам ғана басқа бір жанды сүйіп, оған өмір бойы бақ тілеп, өзін сол жолда құрбан етуге де әзір болады. Оған ұлы Абайдың «Жарқ етпес қара көңілімнен» бастап барлық махаббат лирикасын куә етуге болады [9. 242б] . Ақынның адамгершілігі де, сол мөлдір де сұлу сезімді жырлауы да, ғашық жар бейнесін асқақтата, биік бір ұғыммен, мөлдір сезіммен бейнелеуінде. Бір адамды мәңгі сүйген жүрек бар адамға да жақсылық жасауға әзір. Өйткені ол сезім сырын біледі, нала мен мұңды да өз басынан өткергендіктен түсінеді.

Дария жақтан көтерілгенде,

Қып - қызыл болып қалқан - ай.

Өбісіп тұрар от еріндерде,

Бар еді - ау, бір күш қалқам - ай! -

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ прозасындағы фольклорлық сарындар
Айжарық Абылқасымов лирикасындағы ұлттық характер
«Қазақ прозасындағы этно-фольклорлық сарындар сипаты»
Ұлт және ұлттық идея ұғымдары
Ұларбек Нұрғалымұлының прозалық шығармаларындағы ұлттық болмыс
Қазіргі қазақ поэзиясы және ұлттық болмыс
Көш атты өлеңінде
Халықтық астрономиялық танымның лингвистикалық семантикасы
ШАҒЫН ПРОЗАДАҒЫ АУЫЛ ӨМІРІ ЖӘНЕ ОНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ
Ясауи ілімінің тарихи рөлі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz