Салалас құрмалас сөйлемдер



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 46 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ

Д И П Л О М Ж Ұ М Ы С Ы

Қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдер

Алматы, 2011
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

I. ҚАРСЫЛЫҚТЫҚ ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР, ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ,
ЗЕРТТЕЛУІ

II. ҚАРСЫЛЫҚТЫҚ САЛАЛАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР,
ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ, ЖАСАЛУЫ, ТҮРЛЕРІНІҢ ЖҰМСАЛУ
ЕРЕКШЕЛІГІ

III. ҚАРСЫЛЫҚТЫ БАҒЫНЫҢҚЫ САБАҚТАС ҚҰРМАЛАС
СӨЙЛЕМДЕР, ЖАСАЛУЫ, ЖҰМСАЛУЫ

ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ тіл білімінде қарсылықтық құрмалас
сөйлемдердің зерттелуі бірден қалыптасқан құбылыс емес және олардың
грамматикалық табиғаты туралы біршама зерттеу еңбектері болғанымен, мәселе
толық және жан-жақты шешілді дей алмаймыз. Өйткені құрмалас сөйлем –
біртұтас жүйелі құбылыс. Қарсылықтық салалас пен қарсылықтық сабақтас
құрмалас сөйлемдердің әрқайсысының синтаксистік форма алуы өзінше
қалыптасқанымен, олардың функциясында ортақ жайттар көп. Қарсылықтық
салалас пен қарсылықтық сабақтас құрмалас сөйлемдердің арасындағы осындай
өзгешеліктердің сипатын ашу, олардың құрылымдық, функционалдық арақатынасын
анықтау бітіру жұмысымның өзектілігін дәлелдей алады.
Қазіргі қазақ тіл білімінде қарсылықтық құрмалас сөйлемдер жүйедегі
грамматикалық тұлға ретінде аталып жүр, оларға анықтама беріліп, жасалу
жолдары көрсетілгенімен, функционалдық тұрғыдан толықтай зерттелмеген.
Қарсылықтық сөйлемдердің қарсылықтық салалас, қарсылықтық сабақтас атты
түрлері әбден жіктеліп, орныққан десек те, құрмаластың осы екі түрінің
арасындағы өзгешелік бар ма, жоқ па, болса қандай деген мәселе әлі күнге
дейін айтылмай келеді. Қарсылықтық салалас сөйлемдердің өз ішінде де
түгелдей шешімін таппаған түйіндер баршылық. Мысалға қарсылықтық қатынасты
тудыратын жалғаулықтар туралы айтқанда қарсылықтық жалғаулықтардың бір-
бірінен семантикалық ерекшелігін, жұмсалуындағы өзгешеліктерін айтуымызға
болады.
Қарсылықтық сабақтас құрмалас сөйлемдердің сипаты туралы тіл білімінде
алғаш А.Байтұрсыновтың Тіл құрал атты кітабында айтылады. Содан бері
жарық көрген еңбектерде, зерттеу мақалаларында қарсылықты сабақтас
сөйлемдердің сипаты мен оларды жасайтын формалар берілген. Бірақ қарсылықты
сабақтастардың даму тарихы туралы бірізді пікір жоқтың қасы. Біздің
ойымызша, қарсылықты сабақтастарды жасауға қатысатын формалардыңи даму
тарихын саралап ашуды және де сөйлемдердің контексте түрлі болып келетініне
қарай оларды бірнеше мағыналық қатынастарға бөліп көрсетуді қажет етеді деп
ойлаймын.
Сонымен қатар қазақ тіл біліміндегі байланыстырушы қайталама
амалдардың сипаты туралы да айта кету жөн деп ойлаймыз. Себебі
байланыстырушы қайталама амалдар салаластық, сабақтастық қазақ тілінің
жүйесінде тек грамматикалық білім ретінде қалып қоймай, коммуникативтік
талғам жүйесіне де түсіп келе жатқандығын ескертетін процесс.
Зерттеу нысаны. Менің жұмысымның зерттеу нысаны қарсылықтық салалас
пен қарсылықтық сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрылымдық функционалдық
арақатынасы. Қарсылықтық қатынас деген жалпы мағына, ол табиғаттағы,
болмыстағы қарама-қарсы әрекеттерді, процестерді не болмаса адамдардың
тікелей қатысуымен болған әрекеттердің қарама- қарсылығын баяндайды. Бұл
байланыстардың тілдік бейнесі сөйлемде көрініс тауып, олар қарсылықтық
құрмалас сөйлемдер деп аталып жүр.
Қарсылықтық құрмалас сөйлемдер грамматикалық жағынан екі түр арқылы
беріледі. Олар қарсылықтық салалас сөйлемдер мен қарсылықты сабақтас
сөйлемдер.
Алғашында қайырыңқы, ереуіл деген атпен танылған қарсылықтық
салалас сөйлем құрамындағы жеке сыңарлар бір-біріне қайшы мәнде тұрады,
яғни бірінші компонентте айтылған оқиғаға екінші компоненттегі оқиғаға
қарсы келіп отырады. Бұл қарама-қарсылық баяндауыш формасының сипатына және
де бірақ, алайда, ал, әйтсе де, сөйтсе де, әйткенмен, т.б. қарсылықтық
жалғаулықтардың қызметіне сүйенеді.
Бағыныңқы компоненті басыңқы сөйлемдегі оқиға мазмұнына қарама- қарсы
мағыналық қатынаста келетін сөйлемдерді қарсылықты сабақтас құрмалас деп
атаймыз. Бұл сөйлемдерді жасауға есімше, көсемше, шартты райлы етістік
формасына түрлі дәнекерлер қосылу арқылы жасалады. Зерттеу жұмысымның
нысаны – осы амалдар және олар арқылы құрылған қарсылықтық құрмалас
сөйлемдер.
Зерттеудің дерек көздері. Зерттеу нысаны болған қарсылықтық құрмалас
сөйлемдердің жасалуын, жұмсалуын көрсетуге негіз болған сөйлемдер қазақ
әдебиетінің классик жазушылары М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің және
І.Есенберлиннің, М.Мағауиннің, А.Нұрмановтың, С.Мұратбековтің, Ә.Таразидың,
З.Қабдоловтың шығармаларынан алынды.
Ғылыми жаңалығы. Тіл білімінде айтылып жүрген қарсылықтық құрмалас
сөйлемдер білдіретін қарсылықтық қатынас жалпы мағына, оның конкретті
көріністерін тілдік деректерге сүйене отырып ашуымыз керек. Яғни,
қарсылықтық қатынастың қай түрі обьективті қатынасты көрсетеді, қайсысы
табиғат, болмыстағы, не адамдардың іс-әрекетінің қайшылығын, қарама-
қарсылығын көрсетеді. Бұл – бір.
Екінші, қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдердің байланысу амалдарына
байланысты ерекшеліктерін ашу. Қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемді
ұйымдастыратын амалдар білдіретін жалпы қарсылық мағынасына қарай бір
болғанымен, семантикасында, контекстегі қолданылу ерекшелігіне қарай бірдей
емес, өзгешелік байқалады. Оларды бірінің орнына бірін жұмсауға келмейді.
Үшіншіден, қарсылықты сабақтастың даму ерекшелігі, грамматикалық
түрлерінің қызметі, олар білдіретін мағынасы, бір-бірімен байланыстылығы
жайында сөз еттік. Қарсылықты сабақтас сөйлемдердің грамматикалық
формаларына талдау жасалып, олардың жұмсалуындағы ерекшеліктеріне талдау
жасап, статистика жүргізіп ашып көрсеттік. Әр форманың қолданылу
ерекшелігіне байланысты оларды іштей мағыналық топтарға, қарсылықтық
қатынастарға жіктеп көрсеттік.
Төртіншіден, қарсылықтық салалас пен қарсылықтық сабақтастың
функционалдық арақатынасын анықтадық.

I. ҚАРСЫЛЫҚТЫҚ ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР, ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ, ЗЕРТТЕЛУІ

Қарама-қарсылық немесе терістеу заңы - диалектиканың негізгі
заңдарының бірі. Қоғамның субьектісі ретінде адам айналасында болып жатқан
құбылыстарды тек бақылап қана қоймайды, оған ықпал етеді, тікелей қатысады,
қабылдайды. Қоғамдағы құбылыстар мен оқиғалар туралы көрген- түйгенін ой
елегінен өткізеді, баяндайды, ол туралы көзқарасын білдіреді, мақұлдайды не
терістейді. Адам мен қоғам арасындағы осы байланыстың тілдік бейнесі
сөйлемде көрініс табады. Қазіргі қазақ тіл білімінде мұндай сөйлемдер
қарсылықтық құрмалас сөйлемдер деп аталады. Бүл сөйлемдердің
компоненттері бір-біріне қарама-қарсы әрекеттерді, оқиғаларды баяндайды.
Қарсылықтық құрмалас сөйлемдер грамматикалық жағынан ұйымдасу
ерекшелігіне қарай мынадай екі түрлері арқылы білінеді:
1. қарсылықтық салалас сөйлемдер;
2. қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер.
Қарсылықты салалас сөйлемдерде алдыңғы сыңарында айтылған жайға
екінші сыңарында баяндалатын жай қарама-қарсы мағынада жұмсалады және
конструкцияға қатысатын компоненттер баяндауыштары түгелдей тиянақты
формада қатысады. Олардың арасындағы синтаксистік байланысты жүзеге
асырып, қарама-қарсылық мағынаны айқын білдіруге, кейде оны күшейтуге
қызмет етіп тұратын жалғаулықтар: бірақ, дегенмен, алайда, сонда да, солай
болса да, сөйтсе де, әйткенмен, әйтпесе, ал [1.693]
Бағыныңқы компоненті басыңқы сөйлемдегі оқиға мазмұнына қарама-қарсы
мағыналық қатынаста келетін сөйлемдер қарсылықты бағыныңқылы сабақтас
сөйлем деп аталады.
Қарсылықты бағыныңқы сөйлемдердің жасалу жолдары әр алуан болып
келеді. Олар төмендегіше:
1. Шартты рай тұлғасы арқылы құрмаласу. Бұл жолдың өзін екіге бөлуге
болады:
1) Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы етістіктің шартты рай тұлғасында (-
са, -се) тұрады;
2) Шартты райлы етістікке да, де дәнекерлігі қосылады. Қарсылықты
бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем жасаудың бұл жолы - ең көне, әріден
келе жатқан жол.
2. Есімше арқылы құрмаласу. Бағыныңқы сөйлем баяндауышы етістіктің
өткен шақ есімшесіне көмектес септігінің жалғауы жалғану арқылы жасалады.
3. Көсемше арқылы құрмаласу. Қарсылықты бағыныңқы сөйлем баяндауышының
бұл жолы әрдайым күрделі келеді де, көсемшенің -а, -е жұрнағы оларға бірдей
жалғанып отырады.
Қарсылықтық салалас, қарсылықтық сабақтас құрмалас сөйлемдер
грамматикалық құрылысы жағынан осылай алшақ, бірақ білдіретін мағыналық
қатынасы жағынан біріне-бірі вариант болып, жарыса жұмсалады.
Осы жағдайға қарамай және салалас құрмалас сөйлемдердің сабақтастардан
көп бұрын қалыптасқанына қарамай қарсылықтық құрмалас сөйлемнің қарсылықты
бағыныңқылы сабақтас түрлері сөзде озық жұмсалады.
Зерттеу жұмысымның мақсатына орай статистикалық әдісті қолдана отырып,
қарсылықты қатынасты көрсететін тұлғалардың қолдану ықтималдығын көркем
әдебиеттегі тілдік мәліметтер негізінде сараптау барысында қарсылықтық
сабақтас сөйлемнің қарсылықты салаласқа қарағанда қолдану ықтималдығының
жоғарылығы анықталды.
Статистикалық әдіс арқылы анықталған талдау нәтижесі төмендегі
кестеден көрінеді:
1-кесте. С.Мұқановтың Өмір мектебі романының 119-169 беттеріндегі
қарсылықтық қатынасты білдіретін салалас, сабақтас сөйлемдердің сандық
мәліметі

Қарсылықтық қатынасты білдіретін салалас, сабақтас Сараланудағы сандық
сөйлемдердің құрылымдық-семантикалық көрсеткіш
топтастырылуы

Қарсылықты қатынасты білдіретін салалас, сабақтас
құрмалас сөйлемдердің жалпы саны 64
Қарсылықты салалас сөйлемдер 23
Бірақ 20
Сонда да 2
әйтпесе 1
ауыспалы іргелес 6
-п еді 5
қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлем 35
-ған+мен тұлғалы бағыныңқы компонент 22
-са, -се тұлғалы бағыныңқы компонент 3
-са да тұлғалы бағыныңқы компонент 4
-а тұра тұлғалы бағыныңқы компонент 4

Жоғарыды келтірілген статистикалық мәліметтер салалас, сабақтас
құрмалас сөйлемдердің түр-түрінің жұмсалуын билейтін коммуникативтік талғам
бар екенін көрсетеді. Сондықтан салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдерді тек
грамматикалық ерекшелікпен бөлінген түрі деп қарамай, коммуникативтік
жағынан ерекшеленетін, арнаулы коммуникативтік қызметке бейімделген
синтаксистік тұлғалар болып танылуға тиіс. Осыдан барып құрмалас
сөйлемдердің салалас, сабақтас болып топталуы тек теориялық білім үшін ғана
емес, практикалық та мән алады.
Коммуникативтік талғамға сай күрделі пікірді хабарлайтын синтаксистік
тұлғалар сегменттік, тізбектілік типті құрылысқа жүгінеді.
Сабақтас құрмалас сөйлемдер тізбектілік талабын атқарады. Салалас
құрмалас сөйлемдер сегменттік талабын өтейді. Қазақша сөзде лебізді
тізбекті етіп құрау қалаулы. Осы себептен сабақтас құрмалас сөйлемдер басым
жұмсалады.
Қазақша сөзде сегменттеліп құралуға бет алған лебіз сөйлеу процесінің
үстінде коррекцияға түсіп, тізбектілік сипатқа ие болады.
Сегменттік талаппен құралып, сегменттікті көрсететін жалғаулықтары бар
құрмалас сөйлемге сөйлеуші, байланыстырушы қайталамаларды енгізіп,
тізбектілік сипатын қосып жібереді.
Енді соңғы әнді есітіп қалуға ауылдың бар адамдары бүгін әсіресе
құмартқан, бірақ құмартқанмен шеткі қоңыр үй-малшы, жалшылар үйінен сол
әнді тыңдауға талпынған талай жан бара алмай, өкініш пен күйікте қалған
(М.Әуезов).
Сөйлеушілердің тізбекті құрылған лебізге құмарлығы тағы мынадан
көрінеді.
Тізбектілік, тек сабақтас құрмалас сөйлем үлгісінде ғана орындалып
қоймайды. Ол салыстық үлгіде де орындалады.
Өмір шындығына жанаспайтын қайдағы бір жылымшы махаббатты жыр
кітаптарды оқып алып, бұл әйел әрине сондай жылымшы махаббат іздеп мына
толық жігітке ерге шыққан ғой. Қара қияқ мұрт, қара қалың қасын көрді де
ғашық болды, әрине. Ғашық болдым деп ойлады, әрине. ойлады да өзін-өзі
алдады. Алдады да ерге шықты. Шықты да өкінді. Кітаптағы жылымшы махаббат
өмірде қышқыл екен. Енді бұл сорлы соған өкінетін болар (Ә.Тарази).
Байланыстырушы қайталамалар анафористік құрылымда да жұмсалады: солай
етті де - сөйтті де, олай етсе де - өйтсе де, т.т. көп жалғаулықтар осы
анафористік құрылымдар негізінде дамып шыққан.
Осы фактілер тізбектіліктің, оны іске асырушы амалдардың қазақша
сөйлеу дәстүріндегі, синтаксистік жүйедегі ерекшелігін, орнын байқатады.
Тізбектілікті құрылыс, оның таңдаулы болуы адамның о бастағы табиғат
құбылыстарын, табиғаттағы заттарды көру, тану, айту дәстүріне байланысты,
соны үлгі етуіне байланысты орныққан. Адам бұл айтылғандарды орналасу
ретін, бірінен соң бірінің ілесіп келу ретін қуып көрген, айтқан, таныған.
Осы дәстүр, тәртіп синтаксистігі тізбектіліктің орнығуына, қалаулы болуына
негіз болды [2.27].
Қарсылықтық құрмалас сөйлемдердің қарсылықты салалас, қарсылықты
бағыныңқылы сабақтас атты ортақ сипатымен біріккен, бірақ іштей жасалу
ерекшелігі бар кіші грамматикалық-семантикалық түрлерді бөліп шығарады.
Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемге қатысты алғашқы пікір, тұжырымдар
П.М.Мелиоранский, Н.И.Ильминский және т.б. түркітанушы ғалымдардың
еңбектерінде көрініс тапты. Петербург университетінің профессоры, Шығыс
зерттеушісі, көрнекті түрколог П.М.Мелиоранскийдің Краткая грамматика
казак-киргизского языка деген еңбегі екі кітап болып Петербургте басылып
шықты. Бірінші кітабы – фонетика мен морфологияға арналды (1894), екінші
кітабы – синтаксиске арналды (1897). Бұл екінші кітабын синтаксиске
арналған еңбек деуге болады.
Автордың бұл кітабында синтаксис саласы екі тарауға бөлінген: бірі –
жай сөйлем, екіншісі – құрмалас сөйлем. Осыған дейін шыққан еңбектерде
құрмалас, жай сөйлем деп сөйлемдерді жіктеу болмаған. Бұл тақырып бірінші
рет осы еңбектен көрініс тапты. Әрине, бұл еңбекте құрмалас сөйлем қазіргі
түсінігіміздей сипатталған жоқ.
Атап айтқанда, құрмалас сөйлемнің анықтамасы, оның жай сөйлемнен
айырмашылығы, құрмаластың салалас, сабақтас, аралас түрлері сөз етілмеді
[3.193].
Құрау, құрылыс мәнін беретін құрмалас атауының қазақ тіл білімінде
танылып, ұғымына сай жадымызда қалыптасып қабылданып кетуі алғашқы
тілтанымпаз А.Байтұрсынұлы есімімен байланысты. Ғалым Тіл тағылымы деген
еңбегінде жалпы сөйлем жүйесіне аса көңіл аударып, сөйлегенде, жазғанда
кім де болса ойын айтады. Ойын айтуға тиісті сөздерді алады да, олардың
басын құрап, біріне-бірінің қырын келтіріп, қиындастыратынын сөйлемнің қай
түріне болсын бағыттаған [4.368]. Ғалым сөйлемдер арасында екі түрлі
жақындық болады. Бірі – ішкі, бірі – тысқы. Ішкі жақындық – мағына
жүзіндегі жақындық. Мағына жақындығынан басқа жақындық жоқ сөйлемдер
іргелес деліп, мағына жақындығынан басқа қисын жақындығы бар сөйлемдер
құрмалас деліп аталады.
Іргелес сөйлемдерге мысалдар: Күн кеш болды. Ат болдырды, ел
көрінбеді. Батыр сасайын деді. Автор бұл үш сөйлем біріне-бірі тек ой
іргесімен ғана жанасқаны болмаса, бастарын қосып тұрған басқа еш нәрсе жоқ.
Сондықтан бұлардың араларына [.] қойылады дейді.
Құрмалас сөйлемдердің құрмаласуы 2 түрлі: сыйыса құрмаласу, киыса
құрмаласу. Сыйыса құрмаласса, сөйлем сыйысулы құрмалас деліп, қиыса
құрмаласса, сөйлем қиысулы құрмалас деліп аталады.
Сыйысулы құрмаласқа мынадай мысал келтіреді: Қарабай мен Сарыбай аңға
шықты. Бұл сөйлем екі сөйлемнің сыйысып, қосылғанынан болған: Қарабай аңға
шықты. Сарыбай аңға шықты.
Қиысулы құрмаластар біріне-бірі тең болып та, бірінен-бірі кем болып
та қиысады. Қиысулы құрмаластағы сөйлемдер тең болса, салалас құрмалас
деліп аталады. Тең болмай, бірінен-бірі кем болып қиысса, онда қиысулы
құрмалас сабақтас деліп аталады[4.300]
Сөйтіп салалас құрмаластың қиысуы 5 түрлі (жиылыңқы, қайырыңқы,
айырыңқы, сұйылыңқы, қойылыңқы) болады деп көрсетеді де, әрқайсысына жеке-
жеке түсінік беріп, мысал келтіреді. Eгерде алдыңғы сөйлемге кейінгі
сөйлем қарсы мағыналы болып қиысса, қайырыңқы қиысулы болады. Мәселен,
Қылыш жарасы бітер, сөз жарасы бітпес, Мен бардым, сен үйде болмадың
[4.302]. Ғалымның бұл келтірген мысалдары қазіргі қазақ тіл білімінде
ауыспалы іргелестерге жатады.
Содан соң автор сабақтас сөйлемнің сипаты, оның белгілері мен түрлері
туралы тиянақты ой айтады: Сабақтас сөйлемнің белгісі бірнеше сөйлемнің
бірігіп, біріне-бірі сабақталып, байланысып айтылуы. Сөйлемдер сабақталып
біріккенде, бірі – басыңқы болып, екіншісі – бағыныңқы болып бірігеді
[4.302]. Бағыныңқы мен басыңқы сөйлемнің табиғатына түсінік бере келе автор
сабақтас құрмалас сөйлемнің 10 түрін бөліп көрсетеді:
1. Бастауыш бағыныңқы сөйлем;
2. Анықтауыш бағыныңқы сөйлем;
3. Толықтауыш бағыныңқы сөйлем;
4. Мезгіл пысықтауышының бағыныңқысы;
5. Мекен пысықтауышының бағыныңқысы;
6. Сын пысықтауышының бағыныңқысы;
7. Себеп пысықтауышының бағыныңқысы;
8. Мақсат пысықтауышының бағыныңқысы;
9. Шартты бағыныңқы;
10. Ереуіл бағыныңқы.
Тілші-ғалым А.Байтұрсынов қарсылықты сабақтас сөйлемді ереуіл
бағыныңқы деп атап, мынадай мысал келтіреді: Тартса да бар күштерін аямай-
ақ, аслан жүк орнынан қозғалмады. Сөйлем мазмұны бір-біріне қарсы ереуіл
келіп тұр. Сондықтан мұндай басыңқы сөйлемге ереуіл келетін бағыныңқы
сөйлем ереуіл бағыныңқы деліп аталады.
Ереуіл бағыныңқының белгісі пәлен етсе де, пәлен болса да деп ереуіл
раймен айтылады.
Мысал: Күні бойы қараса да, таба алмады. Қыс қатты болса да, мал
аман шықты [4.307].
Содан кейін қарсылықтық құрмалас сөйлемге қатысты әрі мағыналық, әрі
құрылыстық жағынан тың тұжырымдар С.Аманжоловтың Қазақ әдеби тілі
синтаксисінің қысқаша курсы деген еңбегінде қозғалды . Бұл еңбегінде автор
құрмалас сөйлемдерге, оның түрлері мен сабақтастың шығу тарихына қысқаша
тоқталады. Құрмалас салаластың шығуында ешбір жұмбақ жоқ. Ал сабақтастарды
алып қарасақ: бірден түсіну оңай емес, неше түрлі қат-қабат формалар арқылы
ізі жасырынған. Құрмалас сабақтастардың негізгі түрі көсемше арқылы, есімше
арқылы, шартты рай етістігі арқылы жасалатынын білеміз [5.176].
Ғалым құрмалас сөйлемдердің 4 түрін көрсетеді:
1. Салалас құрмалас сөйлемдер
2. Сабақтас құрмалас сөйлемдер
3. Аралас құрмалас сөйлемдер
4. Тиянақты басыңқысыз сабақтас.
Осының ішінде салалас сөйлемдерді тұлғалық жағынан 2-ге бөледі:
жалғаулықсыз салалас, жалғаулықты салалас.
Жалғаулықсыз салалас туралы революцияға дейінгі қазақ тілі
грамматикасында сөз болмаған. Тек 1938 жылдан бастап шыққан қазақ тілі
синтаксисінде жалғаулықсыз салаластардың өзара жігін ашпай, тек іргелес деп
атап кеткен.
1942 жылы синтаксистің екінші басылуында жалғаулықсыз салаластар
ыңғайлас, қарсылықты, себеп-салдар, анықтамалы болып 4-ке бөлініпті
[5.181].
Бұл кітаптағы қарсылықтық салаластардың мысалдары: Асқар тау биік дер
едім, - Көрініп тұр төбесі (Жамбыл). Бас болмақ оңай, бастамақ қиын
(мақал). Хорунжий Полонисто өлген жоқ, монтерді тапты (Н.Островский). Онда
қарсылықтарға жалғаулықтары түскен (айтылмаған) тегі жалғаулықты сөйлемдер
деп түсіндірме берген.
С.Аманжолов жалғаулықсыз салалас сөйлемдердің 11 түрін, ал жалғаулықты
салаластардың 8 түрін көрсетеді. Қарсылықтық құрмаластар жалғаулықтар
арқылы да, жалғаулықтарсыз да жасала алатынын айтқан.
Сабақтас құрмаластарды ірі 3 салаға бөледі:
1. Шартты бағыныңқылы сабақтас
2. Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас ( Күн бұлттанса да, жаңбыр жауған
жоқ)
3. Пысықтауыш бағыныңқылы сабақтас.
Қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің жасалу жолының 3 түрін көрсеткен:
1. Шартты райлы етістікке ( -са, -се) да, де шылауы қосылу арқылы;
2. Өткен шақ есімшеге көмектес септігінің жалғауы жалғану арқылы;
3. -мақ тұлғалы етістік есімге (тұйық етістікке) түгіл шылауы қосылуы
арқылы.
Сонымен қатар қарсылықты сабақтас сөйлемнің 2 түрін көрсетеді: жай
қарсылықты және ереуіл қарсылықты. Бірақ автор оларға анықтама, мысал
келтірмейді.
1941 жылы құрмалас сөйлемдердің топтастырылуына байланысты С.Жиенбаев
Синтаксис мәселелері деген еңбегін шығарады. Ғалым: Бағыныңқы сөйлем
дегеніміз – о бастағы жай сөйлем. Жүре келе ол жай сөйлем басқа сөйлемнің
бір мүшесіне айналып кеткен.
Бағыныңқы сөйлемдердің басыңқыға бағыну жолдары мыналар: олар немесе
құр интонациямен бағынады. Немесе есімдік я жалғаулық арқылы байланысады,
немесе етістік баяндауышының есімге айналған өзгеше бір формалары арқылы
байланысады. Бұл классификация бағыныңқының барлық түрлерін қамтиды. Бұдан
тыс қалатындар – шартты мен қарсы бағыныңқы және бұрма сұраумен келетін
сөйлемдер.
Тарихи процесте сабақтас сөйлем салаластан туады да, салалас сөйлем
жай сөйлемдердің тігілей қосылғанынан пайда болады [6.8] дейді.
Автор салаластың 4 түрін ( ыңғайлас, қарсылас, талғаулы, себеп-
салдар) көрсетіп, оның ішінде қарсылас салаласқа қысқаша тоқталып өтеді.
Ал сабақтас құрмалас сөйлемді сөз еткенде, С.Жиенбаев Бағыныңқы
сөйлемдерді басыңқы сөйлемнің бір мүшесі қатарында есептеу керек. Басыңқы
сөйлем дегеніміз - жай сөйлем. Олай болса, бағыныңқыларды да жай сөйлемнің
мүшелеріне жіктейміз. Жай сөйлемдерде қандай мүшелер болады? Ондағы мүшелер
бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыштар. Олай болса,
бағыныңқылар да негізінен осы ізбен анықтауыш, тоықтауыш, пысықтауыш
бағыныңқы болып, бастауыш, баяндауыш бағыныңқы болып жіктелуге тиіс. Осылай
еткенде жай сөйлем мен сабақтас сөйлем арасында белгілі бір тетелестік
сақталады. Жай сөйлем талдауын меңгеріп алсақ, сабақтасты да осы принциппен
тексереміз [6.18] дей келіп, қарсылықты бағыныңқы сабақтасқа тоқталмайды,
тек жасалу жолының 2 түрін көрсетіп ( өткен шақ етістікке көмектес
септігінің қосылуы арқылы, шартты райлы етістікке да, де шылауы жалғану
арқылы), мынадай мысал келтіреді: Тартса да бар күштерін аямай-ақ, Асылан
жүк орнынан қозғалмады (Крылов).
Одан кейін құрмалас сөйлемдердің жалпы теориялық мәселелері, түрлері
мен жасалу жолдары кең түрде көрініс тапқан еңбек – Н.Сауранбаевтың
Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. Құрмалас сөйлем жүйесінде
ғалым бірінші рет іргелес құрмаластар туралы айтты: Іргелес құрмаласта
салаластың да, сабақтастың да белгісі бар. Салаласқа тән белгісі ондағы жай
сөйлемдердің грамматикалық жағынан бір-бірімен тең дәрежеде
құрмаласатындығы және сөйлемнің баяндауышы тиянақты қалыпта болатындығы.
Бұл екі қасиет іргелес құрмаластарды салалас құрмаластармен жақындастырады.
Ал іргелестерді сабақтастармен жақындастыратын белгі іргелестегі жай
сөйлемдер ішкі мағына жағынан бірін-бірі сипаттап, бір- біріне тәуелді
болып байланысады. [7.27]
Бірақ автор іргелестердің түрлері туралы ештеңе айтпайды, тек
қарсылықтық мағынаны білдіретіндері қарсылас салалас және қайшы сабақтас
деп жіктеген.
Қарсылас салалас сөйлемге анықтама беріп, өз пікірін мысалдармен
дәлелдейді. Ал қарсылықты сабақтастарға қайшы сабақтас деп термин теліп,
оның жасалу жолының 3 түрін көрсетеді.
1. Есімше баяндауышқа -мен қосымшасы жалғану арқылы;
2. Шартты баяндауышқа да қосалқысы ілігуі арқылы;
3. Күрделі баяндауышқа бол, бер, ал сияқты көмекшілердің
болымсыз түрде, қайшы мәнде айтылуы арқылы құрмаласады.
Сондай-ақ қарсылықты бағыныңқы сөйлемдердің сыйыспалы қайшылас деген
екінші түрін көрсетіп, оған жеке сөйлемдердің бастауышы ортақ болатын
сабақтас құрмаластарды жатқызады. Мысалы: Осы күні кешке Қара Шоқыға
жеткенмен, Абай әке қасында Күнкенің аулында қалған жоқ (М.Әуезов).
Күндізгі уақыттар Құнанбай асығып суыт жүргенмен, жолдағы белгілі-белгілі
ауылдарға кеп түскенде, үнемі тез аттана алмай қалады (М.Әуезов). [7.82]
А.Ысқақовтың 1940 жылы Халық мұғалімінде құрмалас сөйлемдер туралы
құрмалас сөйлемдер мәселелері атты мақаласы шықты. Бұл мақаласында ғалым
құрмалас сөйлемдерді салалас, сабақтас, аралас болып 3-ке бөледі де, соның
ішінде қарсылықтық мағынаны білдіретіндері – қарсылықты (ереуіл) салалас
сөйлем, қарсылықты жалғаулықсыз сөйлем және шарттылықты (ереуілді)
пысықтауыш бағыныңқы сөйлем деп бөліп көрсетеді. Автор қарсылықты бағыныңқы
сөйлем шартты рай тұлғасына да, де жалғаулық шылауы тіркесуі, өткен шақ
есімшеге көмектес септігінің жалғауы жалғану арқылы жасалатынын көрсетеді.
Салалас сөйлемдерге байланысты Ә.Хасеновтің 1954 жылы Халық мұғалімі
журналында Салалас құрмалас сөйлемдер және олардың тыныс белгілері деген
мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада салаластың өте ертеден келе жатқан
категория екенін айта келіп, мағыналық жақындықтарына қарай оларды 5-ке
бөледі: ыңғайлас, қарсылықты, себепті, талғаулы, түсіндірмелі.
Ғалым қарсылықты құрмалас сөйлемге түсінік бере отырып, мынадай
мысалдар келтіреді: Қасына шопан ертіп еді, бірақ ол ілесе алмады
(Ғ.Сланов). Өзгеге көңлім тоярсың, Өлеңді қайтіп қоярсың (Абай). Сәуле
күлейін деп еді, - күле алмады. Ондағы ойы мына түріммен көрінбейін, кете
берсін дегендік еді, ол дегені болмады (Ә.Әбішев).
Ғалымның бұл мақаласында салалас сөйлемге жалпы сипаттама берген,
бірақ оның түрлеріне толықтай тоқталып өтпеген десек те болады.
М.Балақаев, Т.Қордабаев авторлығымен шыққан Қазақ тілінің
грамматикасы. Синтаксис деген еңбекте Т.Қордабаев қарсылықтық мағынаны
білдіретін құрмалас сөйлемнің түрі ретінде қарсылықты салалас және
қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлем түрлерін бөліп шығарады. Қарсылықты
бағыныңқы сабақтастың жасалуының 4 түрлі жолын көрсетеді:
1. Шартты рай тұлғасы арқылы;
2. Шартты рай тұлғасына да, де дәнекерлігі жалғану арқылы;
3. өткен шақ есімшеге көмектес септігінің жалғауы жалғану арқылы;
4. көсемше арқылы құрмаласу. Қарсылықты бағыныңқы сөйлем баяндауышының
бұл жолы әрдайым күрделі келеді де, көсемшенің -а, -е жұрнағы оларға бірдей
жалғанып отырады [8.203].
Кейін автордың пікірі 1995 жылы жеке кітап болып шыққан Қазақ
тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі еңбегінде толықтырылып басылды.
Онда қарсылықтық құрмаластардың екі түрін көрсетіп (қарсылас салалас және
қарсы бағыныңқылы сабақтас сөйлем), оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталып
өтеді. Қарсылас салаластың компоненттер арасындағы қайшылықтың төрт түрін
келтіреді. Сонымен қатар қарсылықты бағыныңқы сабақтастың жасалу жолының
тағы бір түрін қосады: ол бағыныңқының баяндауышы -ша, -ше қосымшалы
есімшеден жасалады [9.116].
Қ.Есенов синтаксис саласындағы қадамдарын 1950 жылдардың соңын ала
бастап еді. Содан бергі уақытта құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сипаттағы
түріне ерекше көңіл бөліп, бұл жайында бірнеше монографиялық еңбек ұсынды,
зерттеу жұмыстарын да жүргізген. Ғалымның 1969 жылы Қазіргі қазақ
тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер атты диссертациялық
жұмысы жарық көрді. Кейін бұл зерттеулерін Құрмалас сөйлемнің синтаксисі
кітабында толықтырып басты. Қ.Есенов құрмалас сөйлемді салалас, сабақтас,
аралас деп 3-ке бөліп, оның ішінде қарсылықтық мағынаны қарсылықты салалас
және қарсылықты бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер білдіретінін және олардың
әрқайсысының жасалу жолына толық түсінік берді.
Қарсылықты салаластарды ішінара жалғаулықты, жалғаулықсыз деп
жіктейді. Жалғаулықты қарсылықты салалас сөйлемнің жасалу жолының 3 түрін
көрсетеді:
1. Алғашқы компоненттің баяндауышы – болымды, соңғысынікі – болымсыз
болады. Мысалы: Алдымызда жүз саржан шамасында Үсімбектің үйі тұр, бірақ
Шұға көрінбейді (Б.Майлин).
2. Алғашқы компоненттің баяндауышы – болымсыз, соңғысынікі – болымды.
Мысалы: Жұрттың көбі елемейді, бірақ бұл ішінен жіпке тізіп отырады
(С.Сейф.).
3. Екі жақ компоненттің де баяндауышы болымды тұлғамен беріледі.
Мазмұн желісінен және қарсылықты жалғау арқылы қарама-қайшылық мән білініп
тұрады. [10.34]
Ал қарсылықты сабақтастың жалғаулықсыз түрінің жасалуының 5
түрін көрсетеді. Олар:
1. Алғашқы компоненттің баяндауышы – болымды, соңғысы – болымсыз
тұлғамен айтылады:
a) -п формантты көсемше арқылы жасалады. Алғашқы компонентте істің
орындалғаны белгілі болып тұрады. Мысалы: Тәңірберген бірер рет тіл қатып
еді, Еламан үндемеді (Ә.Нұрпейісов).
ә) қалау райлы етістікпен тіркеседі, мұндайда істің әлі басталмағаны
көрсетіледі. Мысалы: Ұмтылып арбадан түсейін деп еді, Нұрғали басып
жібермеді (Б.Майлин).
2. Алғашқы компоненттің баяндауышы – болымсыз, соңғысынікі – болымды.
3. Екі жақ компоненттің баяндауышы – болымды, бірақ мазмұн көрінісінен
қарама-қарсылық мән байқалады.
4. Екі жақтың баяндауышы да болымсыз болады.
5. Сөйлемдегі қайшылық мән кейде жеке сөздердің салғастырыла жұмсалуы
арқылы да беріледі. Мысалы: Бас болмақ оңай, – бастамақ қиын (мақал).
[10.35]
Ғалым қарсылықты бағыныңқыларды сөз еткенде, оларды жалпы түрде екі
топқа жіктейді: реалды және ирреалды қарсылықты бағыныңқы.
Реалды қарсылықты бағыныңқыда оқиғаның орындалғаны немесе орындалып
жатқаны баяндалады. Басыңқы компоненттің баяндауышы болымды болады. Мысалы:
Қанша ашу шақырдым десе де, Жәуке тыңдап отыр осы әнді (Б.Майлин). Олардың
қолдары байлаулы, мойындары бұғаулы болғанмен, өз жерлерінің үстінде нық
басады (С.Талжанов).
Иррелды қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің бағыныңқы сөйлемнің белгілі бір
істі орындау жайында әрекет жасалғанымен, басыңқыда түпкі нәтижелі істің
орындалмағаны байқалады. Басыңқы компонент болымсыз формада тұрады, не
болмаса болымсыз мәндегі емес, жоқ сөздері арқылы келеді. Мысалы: Бұл жөнде
екі кездесу болса да, советник Кошкинді өз ырқына көндіре алмады
(М.Әуезов). Мен айтсам, қарысып тыңдамайды (Б.Майлин). [10.87].
Бірақ қазіргі қазақ тілінің теориясында ғалым бөліп көрсеткен
қарсылықты бағыныңқының реалды және ирреалды түрлері сөз етілмейді.
Ал ғалым Р.Әмір Қазақ тіліндегі жалғаулықтар деген еңбегінде алғаш
рет жалғаулықтардың шығуы туралы айта келіп, оларды мағынасы мен жұмсалуына
қарай бірнеше топқа бөліп топтастырды. Соның ішінде қарсылықтық
жалғаулықтардың әрқайсысының даму тарихы мен жұмсалуына жеке-жеке тоқталып,
кең түсінік берді[11.22].
Ғалым қазақ тілі құрмалас сөйлем жүйесінде үш құрылымдық түрді бөліп
көрсетеді:
1. Жалғаулықты салалас құрмалас сөйлемдер;
2. Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер;
3. Сабақтас құрмалас сөйлемдер.
Оның ішінен іргелестерді бөліп алып, оны құрылыс ерекшелігіне қарай
тұрақты іргелес және ауыспалы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер деп
топтайды. Автордың көрсеткен іргелестері құрмалас сөйлем қалыптаса бастаған
кездегі сөйлемдерден өзгеше сипатта, кейіннен пайда болған коммуникативтік
талаптарды ескергендігінен туындағаны айқын.
Ғалым Р.Әмір қарсылықтық құрмаластарды қарсылықты салалас құрмалас
сөйлемдер, қарсылықтық іргелес салалас (ауыспалы іргелес және тұрақты
іргелес деп екі түрін бөліп көрсеткен), қарсылықты бағыныңқылы сабақтас деп
үш түрін көрсеткен.
Соңғы шыққан “Қазақ грамматикасында (2002 жылғы) қарсылықтық
құрмаластардың түрлері осындай.
Т.Сайрамбаев пен Б.Сағындықұлы авторлығымен 2007 жылы Құрмалас
сөйлемдер жүйесі деген оқулық шықты. Онда құрмалас сөйлемдердің зерттелуі,
түрлері туралы жазылды. Автор қарсылықты мағынаны білдіретін құрмаластың
қарсылықты салалас пен қарсылықты сабақтас түрлерін бөліп көрсеткен де,
оларға сипаттама беріп өтеді.
Сонымен қатар жалпы құрмалас сөйлемдер туралы соңғы уақытта
диссертациялық еңбектер де біршама жазылды. Оларға Т.Н.Ермекованың,
Ә.Қ.Елшібаеваның, С.С.Айтжанованың зерттеу жұмыстарын айтсақ болады. Бұл
еңбектерде құрмалас сөйлемдердің зерттелуі туралы, салалас сөйлем мен
сабақтас сөйлемнің арақатынасын ашып көрсетуге талап жасалынды.
Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің қалыптасуы туралы тіл
білімінде түрлі пікірлер айтылады. Н.Дмитриев, Н.Баскаков, Н.Гаджиева,
М.Закиев, Е.Убрятова, т.б.түрколог ғалымдардың пікірлері әртүрлі
болғанымен, дербес сөйлемдердің жай ғана тіркесіп келуі құрмалас сөйлем
емес екендігін, оны әлдеқайда күрделі құбылыс ретінде танудың қажеттілігі
жөніндегі пайымдаулары тоғысып жатты.
Орыс тіл білімінде құрмалас сөйлемдерді құрылымдық жағынан сипаттаған
А.Шахматов, А.Пешковский, Н.Шведова, М.Алехина сияқты ғалымдар тобы
құрмалас сөйлем компоненттерінің арасындағы салаласа, сабақтаса байланысуды
ажыратудың формальді белгілерін атап көрсетіп, синтаксистік компоненттердің
байланысу жолдарын алғашқы орынға қояды, осы синтаксистік байланыс
негізінде жай сөйлемдердің тіркесуінен жасалған сөйлемдерді құрмалас сөйлем
деп таниды. Қазақ тіл білімінің құрмалас сөйлем синтаксисі осы құрылымдық
принципті негізге алып дамыды.
Н.Поспелов, В.Богородицкий тәрізді ғалымдардың бір коммуникативтік
бірлік ретінде берілетін тұтас синтаксистік құрылымды құрмалас сөйлем
ретінде санайтын көзқарасын ұстанатын ғалымдар қатарынан М.Серғалиев,
Қ.Есенов, Р.Әмір көрінеді.
Адамзаттың пікір алысуына дәнекер болған жай сөйлемдердің өзара
байланысуы арқылы қарым-қатынастың келесі сатыдағы көрінісін сипаттайтын
құрмалас сөйлемдердің пайда болу мерзімін бір уақытқа телуге болмайды.
А.Потебня, Т.Қордабаев, т.б. ғалымдардың айтуынша тіл дамуының көне
заманында құрмалас сөйлемнің салалас түрі ғана болған. Тілдік
категориялардың даму заңдылықтарына орай, салаласа байланысудың негізінде
сабақтаса байланысу келіп шыққандығын Н.Сауранбаевтың еңбегінен көруге
болады. Түрколог ғалым Б.А.Серебренников, Н.З.Гаджиева Сравнительно-
историческая грамматика тюркских языков деген еңбегінде орыс тіліне
қатысты айтқан Я.А.Спринчактың пікірін негізге ала отырып:
Обьединение простых предложений в одно сложное первоначально происходило
путем простого примыкания. Сочиненные предложения в тюркских языках
развивались единственным путем – из сложения простых предложений с
сохранением их грамматической самостоятельности. Естественно, что их
структурный тип соотносится с довольно ранним периодом пратюркской
общности. Этим самым подтверждается общепринятое в лингвистической
литературе положение о том, что подчинение предложений (гипотаксис)
развивалось на основе сочинения (паратаксиса) предложений [ 12.276]
дейді.
Белгілі түрколог-ғалым Э.Севортянның құрмалас сөйлемдерді тереңдей
зерттеу мәселесі жекелеген түркі тілдеріндегі бағыныңқы сөйлемнің даму
бағытымен және ондағы кейбір ортақ тенденциялардың айқындалуымен байланысты
болатындығын айта келе, құрмалас сөйлемдердің екі түрінің ерекшелігін
сипаттауы – бүгінгі күнге дейін құндылығын жоймаған пікір. Формы выражения
подчиненности зависимых, т.е. придаточных предложений обусловлены
историческим ходом развития сложного предложения. С этой стороны в тюркских
языках намечаются главные (но не единственные) линии развития сложного
предложения и формирования соответствующих типов предложений:
1) образование сложных предложений путем сложения двух простых в
результате возникновения между ними каузативных, временных, определительных
и других отношений; это путь синтаксического сращения предложений;
2) образование сложных предложений путем усложнения и обогащения
простого предложения на почве развития его отдельной части или
трансформации определительных групп в предикативные, или, наконец,
возникновения подлежащего в деепричастных обстоятельственных оборотах
постого предложения; это путь вычленения зависимого предложения в недрах
независимого.
Каждый из этих типов сложных предложений имеет свойственное ему
оформление придаточного предложения и его сказуемого.
Соединение двух простых предложений дает разный результат, зависящий
от характера развивающихся между ними смысловых отношений. Если содержания
обоих предложений складываются и в результате возникает новое, обьединенное
содержание, то образуется сложное предложение сочиненного типа. Если
содержание одного предложения превращается в пояснение другого и
становится, таким образом, к нему в отношения смыслового подчинения, то
налицо условия для развития данного комплекса в сложное предложения
подчиненного типа [13.126].
Құрмалас сөйлемдердің пайда болу жолдары туралы А.А.Потебняның
кейбір зерттеулеріне сүйене отырып А.Рифтин мынадай теория ұсынған болатын.
Көне заманда сөздер мен сөйлемдердің байланысының нашар болғандығын
А.Рифтин де Аккад тіліндегі құрмалас сөйлем дамуының екі жолы туралы
деген мақаласында айтқан [14.66]. Бұл теорияға сәйкес құрмалас сөйлемдердің
дамуы төменде көрсетілген екі жолмен жүрді:
1) Салаласа байланысқан екі жай сөйлем артынан сабақтас құрмалас
сөйлемге айналады.
2) жай сөйлемнің етістікті оралымдары бағыныңқы сөйлемдерге айналып,
сабақтас құрмалас сөйлем құрайды.
Осы мақаласында А.Рифтин тетелес тұрған екі жай сөйлемнің салаласу
негізінде бір-біріне қосылуы, бірігуі құрмалас сөйлем дамуының бірінші жолы
дегенді айтады. Құрмалас сөйлемнің мұндай түрі яғни компоненттері бір-
бірімен ешқандай қосымша дәнекерсіз, тек мағына жақындықтарына қарай
іргелес, қабыса айтылулары арқылы байланысатын түрі паратаксис деп аталады.
Тарихи дамудың барлық кезеңдерінде түркі тілдеріне жай сөйлемдердің
тізбектелген жүйесі тән, сондай-ақ олар бір-бірімен қабыса байланысқан.
Екінші көзқарас тілші ғалымдар арасында бірауыздан қолдау тапты деуге
болмайды. Кейіннен Г.С.Кнабе бұл теорияны жоққа шығарады. Ол үндіеуропалық
тілдерде етістікті оралымдардың бағыныңқы сөйлемге айналуының
кездеспейтіндігін ескертеді, бірақ гипотаксистің паратаксис негізінде
өрбігендігі туралы салыстырмалы синтаксис пен жекеленген тілдердің тарихи
синтаксисін зерттеушілері толық мойындайтынын айтады. Осылайша, А.Рифтин
ұсынған дамудың екінші жолын үндіеуропалық тілдерінің материалдары нақтылай
алмады. Дегенмен, көптеген түркітанушылар А.Рифтин көзқарасын қолдады.
Ғалымдардың айтуынша, алдымен салалас құрмалас пайда болған да, соның
негізінде сөйлемнің әртүрлі дәнекерлер арқылы байланысатын түрлері, соның
ішінде сабақтаса байланысатын түрлері тіл дамуының кейінгі дәуірлерінде
пайда болған. Бұл пікірдің дұрыстығын түркі жазба ескерткіштері де
дәлелдейді. Мұны Құрмалас сөйлем және олардың даму жолдары деген
мақаласында Н.Т.Сауранбаев та айтқан еді: Жеке сөйлемдердің бір-бірімен
байланысуы түркі тілдерінің ескі дәуірлерінде басталған, яғни сөздердің бір-
бірімен байланысуы сияқты жеке сөйлемдер де өзара байланысатын болған
[15.113] . Көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеуші ғалымдар Ә.Құрышжанов,
М.Томанов Орхон-Енисей жазуы ескерткіштерінің зерттелу тарихы мен
грамматикалық очектері деген еңбегінде шығу тегі жағынан жалғаулықсыз
салаластардың алғашқылығын, жалғаулықты салаластардың эпитафиялар тілінен
кездеспеуін олардың тарихи жаңа категория екендігімен байланыстырады
[16.99]. Расында да көне жазбалар тілінен бір-бірімен ешбір дәнекерсіз,
қатар тұрып байланысқан сөйлемдерді жиі кездестіруге болады:
Атым Ел Туған тутуқ, бен теңрі елімке елчісі ертім, алты бағ будунқа
бег ертім. Аудармасы: Атым – Ел Туған тутуқ, мен теңрілік елімнің елшісі
болдым, алты баулы халыққа бек болдым. Талас жазуының ескерткіштерінен .
Салалас құрмаластың алғашқылығы туралы С.Жиенбаев: ...құрмаластың
салалас, сабақтас түрлерінің өзі қатар пайда болмаған. Құрмаластың алғашқы
түрі – салалас құрмалас. Салалас құрмаластың өзі де тілдің, онымен қатар
ойлау процесінің біраз күрделіге айналғандығының белгісі[6.8], – дейді.
Түркі тілдеріндегі құрмаластардың қалыптасып, даму эволюциясын
Э.В.Севортян жай сөйлемнен салалас құрмалас сөйлем арқылы құрмаласқа
бағыты негізінде дамығандығын, ал сабақтас құрмаластардың пайда болуы деген
мәселеде оның дамуының басты екі жолы деп төмендегі сөйлем типтерін
көрсетеді:
1) Екі жай сөйлемнің өзара каузативті, мезгілдік, анықтауыштық
байланысқа түсуі нәтижесінде қалыптасқан сөйлемдер;
2) Жай сөйлемнің жекеленген мүшелерінің дамуы нәтижесінде күрделенуі,
сөйтіп көсемше оралымды пысықтауышты жай сөйлемдерде бастауыштың пайда
болуы нәтижесінде қалыптасқан сөйлемдер [13.126]. Жоғарыда
айтылғандарға қорытынды жасай отырып төмендегідей тұжырымдар жасауға
болады:
1. Қарсылықты құрмалас сөйлемдер бүгінгі күнге дейін біршама тиянақты
зерттелді. Қарсылықты салалас, сабақтас сөйлем жөнінде едәуір еңбектер
шықты. Олар оқулық түрінде, монография, диссертация түрінде жарық көрді.
Сол еңбектерде қарсылықты салалас, сабақтас сөйлемдер құрмалас сөйлемге тән
теориялық мәселелер тұрғысынан қаралды.
2. Қарсылықты салалас сөйлемдердің сипаты, өзіндік ерекшелігі, олардың
арасын байланыстырушы қарсылықтық жалғаулықтардың шығуы, қызметі, мағыналық
ерекшеліктері сараланып көрсетілді.
3. Қарсылықты сабақтас сөйлемнің сипаты, өзіндік ерекшелігі, жасалу
жолдары, мағыналық қатынастары анықталды.
4. Салалас, сабақтас сөйлемнің құрамы, қызметіне байланысты азды көпті
еңбектерде қарсылықты салалас пен қарсылықты сабақтас сөйлемдердің
арақатынасын ашуға талап жасалды.

II. ҚАРСЫЛЫҚТЫҚ САЛАЛАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР, ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ, ЖАСАЛУЫ,
ТҮРЛЕРІНІҢ ЖҰМСАЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ

Қарсылықты салалас сөйлемдер деген қазір әбден орныққан атау.
Алғашқы оқу құралдарында қайырыңқы, ереуіл деген атпен танылды. Бұл
сөйлем құрамындағы жеке сыңарлар бір-біріне қайшы мәнде тұрады, яғни
бірінші компонентте айтылған оқиғаға екінші компоненттегі оқиғаға қасы
келіп отырады. Бұл қарама-қарсылық көбіне баяндауыш сөздерінің болымды,
болымсыз грамматикалық сипатына және бірақ, алайда, дегенмен, әйтсе де,
сөйтсе де, әйткенмен, әйтпесе, сонда да, онда да, ал жалғаулықтарының
қызметіне сүйенеді. Қарсылықты салалас сөйлемдегі қарсылықтық қатынастар
осы жалғаулықтар арқылы анық білінеді. А.Ысқақовтың Қазіргі қазақ тілі.
Морфология еңбегінде жалғаулықтарға мынадай анықтама берген: Жалғаулықтар
өзара тең бірыңғай сөздердің, бірыңғай сөз тіркестерінің және бірыңғай
сөйлемдердің араларындағы әрқилы қатынастарды білдіреді [17.385]. Ал
А.Салқынбай Қазіргі қазақ тілі атты кітабында Жалғаулықтар бірыңғай
тұлғалардың (сөздердің, сөз тіркесінің, сөйлемнің) арасын байланыстырып
қана қоймайды, сонымен бірге олардың арасындағы мағыналық қатынасты
(шарттылық, қарсылық, ыңғайластық, себеп салдарлық, талғаулық, т.т.) да
анықтайды [18.305] дейді. Ал Н.Сауранбаев құрмалас сөйлемдердегі
компоненттерді бір-бірімен байланыстыруда жалғаулықтардың рөлі ерекше
екенін ескеріп, Қазақ тіл білімінің проблемалары атты еңбегінде
жалғаулықтардың табиғаты туралы былай деп тұжырымдайды: Сфера действия
союзов распространяется преимущественно в пределах одного отношения, именно
в тех случаях, когда отношение одного слова к другому предложению является
равным или независимым. Они определяют специфические особенности
сложносочиненного предложения в отличие от сложноподчиненного. В сочиненном
предложении функцию выражения синтаксических отношений принимают на себя
союзы, чем и обусловливают смысловую, структурную и прочую
самостоятельность простых предложений в составе сложного [19.330].
Қарсылықтық жалғаулықтар негізінде бұрынғы сөйлемде айтылған ойға
соңғы сөйлемдегі ойдың мағына жағынан қарама-қарсы екенін аңғартуға дәнекер
болады.
Қарсылықтық жалғаулықтардың әрқайсысының өзіндік ішкі лексика-
грамматикалық мағынасының қалыптасу жолы бар, соған сәйкес семантикалық
құрылымында ерекшеліктер бар. Ішкі мағыналық құрылымындағы ерекшеліктер
мәтінде немесе сөйлем ішінде байқалады. Лебізде де барлық уақытта бірінің
орнына бірі жұмсала бермейді.
Қарсылықтық жалғаулықтардың сөйлем ішіндегі ойдың мазмұнына қатысты
жалғану реті бар. Оларды қалай болса солай қолдануға немесе бірінің орнына
бірін жұмсай беруге болмайды. Тіпті ұқсас мән беретін шылаулардың өзін
бірінің орнына бірін жұмсауға, көбінесе, келе бермейді. Мәселен, бірақ,
дегенмен, әйтсе де, алайда шылауларының мәтінде жұмсалу реті бар, барлық
жағдайда бірінің орнына бірі жұмсала алмайды. Бірақ жалғаулығының қарсы қою
мәні ерекше күшті де, сөйлемдегі ойлар бір- бірімен оппозицияда тұрады.
Онымен салыстырғанда, дегенмен, әйтсе де, сөйтсе де, онда да шылауларының
қарсылық мәні әлсіз болып келеді.
Осыған орай қарсылықтық жалғаулықтардың мәтіндегі лексика-
грамматикалық мағыналарын ескере отырып, былайша бөліп топтастырдық:
1. Бірақ, алайда, ал қарсылықтық жалғаулықтары
2. Әйтсе де, сөйтсе де, әйткенмен, дегенмен қарсылықтық жалғаулықтары
3. Онда да, сонда да қарсылықтық жалғаулықтары
4. Әйтпесе қарсылықтық жалғаулығы
Осыған сай жеке-жеке әр қарсылықтық жалғаулықтарға, оның жұмсалу
ерекшеліктеріне тоқталып өтейік.

1. Бірақ, алайда, ал қарсылықтық жалғаулықтары

Қазақ тіліндегі қарсылықтық жалғаулық – бірақтың этимологиясы белгілі:
сан есім бір+демеулік ақ. Сан есім бір демеулік екеуі қосылып алғаш
тежеулік мағыналы жаңа демеулік тудырды. Оның тежеулік мағынасы осы күнгі
тек демеулігіне жуық болған. Осы тежеулік мағынасы арқылы бірақ қарсылықтық
жалғаулыққа өтті. Бұл жалғаулықтың қалыптасу процесі осы ізбен жүрді деп
жорамалдауға себепші жалғыз-ақ деген сөз. Бұл сөз қазіргі тілімізде
тежеулік демеулік. Бірақ оның қарсылықтық мағыналы жалғаулық ретінде
жұмсалатыны да бар. Жалғыз-ақ сөзі де сан есім (жалғыз) мен демеуліктің (-
ақ) бірігуінен пайда болған. Мысалы: Тоғжанның да Мәмбетейде атастырған
күйеуі бар, жалғыз-ақ ол бар екен деп, Тоғжан да ынтығып тұрған жоқ
(М.Әуезов).
Қарсылықтық жалғаулықтардың ішінде ең жиі жұмсалатыны – бірақ. Себебі
бірақ басқа қарсылықтық жалғаулықтарға қарағанда ерте пайда болып, әбден
абстрактыланған. Ол өзінің төркін сөзінің лексикалық мағынасынан түгелдей
қол үзіп, бойына осы грамматикалық мағынаны сіңірген. Онда модальдық,
экспрессивтік, қоспа мағына да жоқ.
Бірақ жалғаулығының сөйлемдер арасындағы қызметі қарсылық қатынасын
білдіру. Бұл қарсылықтық қатынас байланысқа түсуші сөйлемдердің нақтылы
мазмұнына қарай түрліше құбылып байқалады. Р.Әмір Қазақ тіліндегі
жалғаулықтар атты кітабында оның 7 түрін көрсетеді [11.50]:
1. Құрмаласқа енген екі сөйлемнің соңғысы алдыңғы сөйлемде айтылған
істің толық тұжырымдалғандығын хабарлайды. Бірінші сөйлем, көбіне, алдағы
уақытта болатын немесе ойға енді алынған істі білдіреді. Ал екінші осы ойға
алынған, жоспарланған істің жүзеге аспай қалғандығын айтады. Мысалы:
Бәкизатқа сапарлары сәтті болғанын айта бастап еді, бірақ ол тыңдамай,
миығын тартып күлді де, тұрып кетті (Ә.Нұрпейісов). Онан соң жанындағы өзі
құралпы басқа да шалдарға қарап қостау күткен еді, бірақ іле құптап тіс
жара қойған ешкім болмады (С.Мұратбеков). Шүкей мен Балжан сол түні жоғалып
шықты, бірақ құтыла алған жоқ, лайсаң кездегі аттың ізі ұстап берді
(С.Мұқанов).
2. Бірақ жалғаулығынан кейін тұрған сөйлем алдыңғы сөйлемде айтылған
оқиғаның өзін тежемейді, соның нәтижесі ретінде тууға тиіс оқиғаны тежейді.
Мысалы: Сөз самсап-ақ тұр, бірақ қайсысын жазарын білмеді (Ж.Аймауытов).
Сауыттың айтуынша, ол қазір тоқсан жастан асып отыр, бірақ есі де, жүрісі
де тың, шаруасы өте нашар (С.Мұқанов). Үйге келсем, төсектер салулы, бірақ
ешкім жатпапты (С.Мұратбеков). Мұнан өзге де талай талай шымбайға батар
сөздер айтылған көрінеді, бірақ бірі есінде жоқ (С.Мұратбеков).
3. Енді бір мысалдарда сөйлемдердің арасындағы қарсылықтық қатынас
мынадай болады. Бірінші сөйлем бір оқиға, құбылыс туралы ой хабарлайды.
Жалғаулықтан соң тұрған сөйлем бірінші сөйлемнің мазмұнын жартылай тежейді.
Ол бірінші сөйлемде айтылған оқиғаны түгелдей жоққа шығармайды, тек оны
шектейді: кейбір кем-кетігін хабарлайды, шүбәлы екенін айтады немесе
оқиғаның шарқын бір шақтаулы қалыпқа түсіреді, т.т. Мысалы: Совет Өкіметі
қалыңмалды жоюға заң да шығарар ғой, бірақ, онымен, қалыңмал біразға дейін
жоғалмайды ғой деймін (С.Мұқанов). Гимназида оқып жүргенде-ақ зерек, пысық,
шешен бала болған. Содан әлі пысық, бірақ ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Құрмалас сөйлемнің түрлері
Жүсіпбек Аймауытовтың "Ақбілек" романындағы құрмалас сөйлемдер
Түсіндірмелі салалас сөйлем құрмалас сөйлемнің бір түрі ретінде
Құрмалас сөйлемдерді жіктеу мәселесі
Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
Құрмалас сөйлемнің ғылым ретінде даму, қалыптасу жолы
Қарсылық мәнді құрмалас сөйлемдер
Құрмалас сөйлем ықшамдалуының басқа тілідік құрылымдармен байланысы
САБАҚТАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ
Тілдегі үнемдеу заңдылығының теориялық негіздері
Пәндер