Асқар шығармашылық тілге көп мән берген жазушы
Мазмұны:
Кіріспе
1. А. Сүлейменов шығармашылығы – ой тасқынына толы шығармашылық
2. Жанр табиғатындағы ерекшеліктер
Қорытынды.
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Әдебиетке XX ғасырдың екінші жартысында келген,
"алпысыншы жылғылар" деп аталып жүрген әдеби буын төл әдебиетіміздегі
елеулі құбылыс болып табылады. Оны зерттеп саралаудың маңызы зор дер едік.
Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр деуге болады. Оған дәлел ретіңде
сол кезеңдегі әдеби процесс мәселелерін зерттеу нысанына айналдырған
А.Ісімақова, Ө. Көзбеков, Қ. Әбдезұлы, С. Асылбекұлы т.б. зерттеу
жұмыстарын айтып өтуге болады. Асқар Сүлейменов - XX ғасырдың екінші
жартысыңдағы әдеби толқынға қатысты тұлға. Бұл толқынға жататын тұлғалар:
І.Есенберлин, Ә.Нұршайықов, М.Мақатаев, Ш.Мұртаза, О.Сүлейменов,
Ә.Кекілбай, М.Мағауин, М.Шаханов сынды суреткерлер. Мұндағы әрбір есімнің
әдеби құбылысқа айналғаны - ешкім жоққа шығармас шындық. XX ғасырдың екінші
жартысындағы әдеби кезеңнің төл перзенті болып табылар А.Сүлейменовтің
шығармашылығын саралау - осы кезеңдегі әдеби процесті түсініп игеруге жол
ашар іргелі қадам.
Осындай қажеттіліктен барып біз, А. Сүлейменов шығармашылығын зерттеу
нысанына айналдырдық. Жұмыста негізінен жазушы шығармашылығындағы үш салаға
көңіл бөлінеді. Олар: көркем проза, драматургия және сын. Осы үш сала
бойынша жазушы шығармашылығының жанрлық ерекшеліктері сараланады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті:
А.Сүлейменовтың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты талдау, көркемдік
қырларын ашу. Жазушы өз шығармашылығында қандай көркемдік ерекшеліктерге
ден қойды. Олардың шығу түп төркінін анықтау – жұмыстың басты мақсат-
міндеті.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты - жазушы
А.Сүлейменов шығармашылығының көркемдік ізденіс қырларын ашып көрсетіп,
идеялық-көркемдік тұрғыдан саралау.
Осы орайдағы зерттеу мақсатынан мынадай міңдеттер шоғыры келіп
туындайды:
1. Жазушының шығармашылығына тұтас көркемдік талдау жасау.
2. Суреткер шығармашылығының даму кезеңдерін анықтау.
3. Тақырыптың бұған дейіші зерттелу деңгейін анықтау үшін жазушы
шығармашылығы жайлы мәліметтерді жинақтап, саралау.
4. 60 жылдардағы әдеби ағым ауқымында А.Сүлейменов шығармашылығының
ерекшелігін айқындай түсу.
5. Жазушы стилінің қалыптасуына әсер еткен әдеби зандылықтарды
анықтау.
6. Жазушы Асқар Сүлейменов шығармашылығы көркемдік тұрғыдан тұтас
нысанаға айналып отыр.
7. Шығармашылық кезеңдерге шолу, Адасқақ, Қара шал әңгімелер циклы,
Шашылып түскен тіркестер, Эписталярлық хаттары атты философиялық
ой-толғамдары көркемдік идеялық тұрғыдан сараланды.
Зерттеу әдісі:Аталған зерттеу жұмыстары 60-шы жылғылар, 90-шы
жылдардағы әдеби процесс секілді әдеби құбылыстар кешенді түрде слыстыру
әдісі пайдаланылды.
Ғылыми жаңалығы:Жазушы шығармашылығы жөнінде алпысыншы жылдардың өзінде
байсалды пікір қалыптасты. А. Сүлейменов көркемдік танымы туралы түрлі
көзқарастар сол жылдарда қалыптаса бастағандығы нақты деректер келтіру
арқылы зерттелді.
Құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған
әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде зерттеу жұмысының тақырыбының өзектілігі, зерттеудің мақсаты
мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылган тұжырымдар, жұмыстың
теориялық - практикалық маңызы айтылады.
1. А. СҮЛЕЙМЕНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ – ОЙ ТАСҚЫНЫНА ТОЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
Құнды сөз құнарлы ойдан шығады, ойы нәрсіздің тілі де нәрсіз демекші
адамзат санасындағы сан қилы сезімді бейнелі өрнекпен кестелеп сөз арқылы
ғана жеткізуге болады. Өйткені көркем сөз – көрікті ойдың көрінісі. Сондай
сөз шеберінің бірі – А.Сүлейменовтың өрелі ойының терең иірімдерінен тамаша
суретті сөздер өріледі. Оның ақ нөсердей төгілген жыр жолдарында өзіндік
өмір өлшемдері, түйінді, тұғырлы таным дүниесі кестелі өрнекпен нақтыланып,
даралық сипатқа ие болып тұрады.
Асқар – ұлы рух. Рух – от, рух – жан. Ол – адам жанының ең қалтарыс
түкпіріне сәуле түсіретін нұрлы шапақ, адам жанының ең бір нәзік қыл
ішектерін қозғалысқа келтіретін ұлы ырғақ.
Асқарды тануда саясат ықпалынан, уақыт қыспағынан аса алмаған кездер
болды. Енді заман өзгерген шақта азат елдің азат ойымен, азат жүрегімен,
азат зердесімен Асқарды тануға тиіспіз.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданында Шорнақ ауылы бар.
Қарлығаштың ұясындай осы ыстық мекенді маңайдағы ел өнер қонған танымал
азаматтар жетерлік. Солардың бірі – арамыздан мезгілсіз кеткен талантты
жазушы – Асқар Сүлейменов еді.
Көздеген нысанамыз жазушы шығармашылығындағы көркемдік ізденістер
һәм сол ізденістер нәтижесінде пайда болған поэтикалық ерекшеліктерді,
жетістіктерді ашып көрсетпек. Бұл мақсатта біз үш тарапты бағдаршы етіп
алдық. Ол: жазушы шығармашылығындағы көсем сөз, проза, әдеби мақалалар. Әр
сала жазушы шығармашылығындағы бір толық, бүтіндіктен тұрады. Жазушы өз
шығармашылығында қандай көркемдік ізденістерге ден қойды: олардың шығу
түп-төркінін анықтау; жазушының көркемдік қолтаңбасына әсер еткен
қандай әдеби бағыттар болған; жазушы өз шығармашылық ізденіс жолында
дәстүрлі әдеби бағыттар мен жаңаша (модернизм) әдеби ағымдарды қаншалықты
дәрежеде пайдаланады; олардың жазушы қолтаңбалық өрнегіне әсер ету күші
қаншалықты; жазушы қолтаңбасының негізгі ерекшеліктері неден көрінеді;
қысқаша тұжырымдағанда зерттеу міндеттерінің ауқымы осылай болып көрінеді.
Жазушының өзі жоқ, шығармалары сайрап тұр. Мінезі, бейнесі, тұрмысы,
барша тағдыры шығармаларынан өріп шыға келеді. Шығармалары сөйлеп тұрған
жазушыны өлді деуге хақың жоқ. Оны ұғуға көңілдің көзі, зерденің зейілі
болса, жетіп жатыр...
Рух туы желбіреп тұрғанда өткенге тас лақтырып, қарғыс айтпай, одан
сабақ алып, жіберген қателігімізді қайталамай найзаның ұшымен, рух-намыстың
күшімен қорғаған Асқар аға аманатын орындау – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Асқардың әдебиет пен философия, саясат пен идеология, бейнелеу өнері
мен музыка, кино мен театр, архитектура-сәулет, арғы-бергі адамзат
тарихымен терең әрі ыждаһатты түрде айналысып, оқып үйренген, пікір түйген
кезі сол алпысыншы жылдардың ортасы мен жетпісінші жылдарда болатын.
Дұрысын айтсақ, күллі қоғамдық ғылымдар саласының әрқайсысынан терең білім
жинап, энциклопедиялық дәрежеде зерделеген бүгінгі таңға дейін ұлтымыз
арасынан шыққан бірден-бір аса зор оқымысты адам еді.
60-шы жылдардағы қазақ әдеби өмірі өте белсенді, қызғылықты болды.
Лениншіл жас газетінің даңқы шықты. Осы газетте Асқар өзінің Қара шал
әңгімесін жариялады. Жазушылық тұсауын кесті. Осы кезде ол Қазақстан
жазушылар одағының органы Жұлдыз журналында қызмет атқарды. Онда ол
өзінің қаламгер жақын досы М.Мақатаевпен әріптес боп қызмет атқарды. Осы
журнал беттерінде жазушы өзінің сыншылық қабілетін байқап көрді. Шыңдады.
Кейіннен Жұлдыз журналындағы келеңсіз жағдайларға байланысты қызметтен
кетті. Бұл Асқардың бір сүрінетін кездері. Бірақ осы Жұлдыз шаңырағында
Асқар өзін профессионал сыншы ретінде әдеби ортаға танытты. Асқар сол
кездегі әдеби орта мен студент жастар қауымының кумиріне айналды.
Орта кезең. Бұл кезең 70 – 80-ші жылдар шығармашылығын қамтиды. Бұл
орта кезең – орта бел, жазушы шығармашылығының да, өмірінің де орта бел
омыртқа сүйегі. Негізгі жанрларда қалам тартты. Көсемсөз, драматургия,
проза, жеке бас өміріндегі аса күрделі, ауыртпалығы мол ащысы мен тәттісі
қатар келген кезең. Осы кезеңде Асқар шынында біз білетін Асқар болып
қалыптасқан секілді.
Жазушының шығармашылығының түйінді кезеңі 80-ші жылдар соңы мен 90
жылдар басы. Соның ішінде ерекшеленетін тұс ол – 90-шы жылдар. Бұл тұсқа
қатысты шығарма ол – Шашылып түскен тіркестер. Бұл шығарма жазушының
көсем сөз жанрындағы ірі жетістігі. Шығарманың ойшылдық, анализ жасаушылық
сарыны қатты білініп тұрады. Ол сарын өз кезегінде мүлтіксіз тілдік
жамылғымен оралған. А.Сүлейменов шығармашылық феномені осы кезеңде анық
бояу боп көрінді.
Адасқақ - А.Сүлейменовтың прозалық ең басты шығармасы болып табылады.
Оның талантының шын - жарқырап көрінген тұсы. А.Сүлейменовтың негізгі
поэтикалық қуаты ол - проза. Зерттеу еңбегімізде, бізде сондықтан бұл
шығарманы ең басты тірек - нысана етіп алдық.
...Бар мықтағанда белді-белді ақындарымызды Маяковскимен салыстырып,
қай ақынның қай қырға, қай қыратқа шыққанын сөз етіппіз. Прозаны ұмытып та
кетіппіз. Сондай-ақ прозаның өз Маяковскиі жоқ па екен? А.Сүлейменов.
Прозаның Маяковскиі Асқар Сүлейменов әлемдік әдеби процеске ішкерілей
енген, оның терең, қара иірімдерінен нәр алған жазушы. Өзінің алғашқы әдеби
кезеңдегі сыни шығармаларында-ақ ол әдеби процеске әлемдік деңгей
тұрғысынан қарайтынын аңғартқан болатын. А.Сүлейменов прозасы күрделі,
экспериментті проза. Экспериментті болатыны ол әлі толқып тұрған, әлі
аптығы, ыстығы басылмаған проза. Оның поэтикалық ұңғыл-шұңғылы әдеби
тұрғыдан жете зерттеле қойған жоқ. Сонымен бірге, А.Сүлейменов проза
саласында түрлі эксперименттерге көп барған. А.Сүлейменов прозасы ХХ -
ғасыр жаңалықтарын тұтас бойына әдемі сіңіре білген, жинақталған тығыз
әлем.
А.Сүлейменов ой тасқыны әдісіне өзінің жақындығын Адасқақта барынша
байқатады. Адасқақ - А.Сүлейменов қолтаңбасының айнасы. Қалыптасқан
дағды, шынайы стиль бар. Осы шығармасында ол ой тасқыны әдісін мүмкін
болған мөлшерде қолданысқа түсіреді. Адасқақ — ауыр ойға құрылған
интеллектуалды - психологиялық туынды. Шығармада жазушы түрлі баяндау
түрлерін шебер қолданады. Олар: ішкі монолог, жат-тіке баяндау
(несобственно прямая речь) деген сияқты құралдар. Бұл баяндау құралдары
реалистік дағдыда кең қолданыс табатын элементтер. Адасқақта Асқар бұл
баяндау кұралдарын өзгеше басқа ракурста пайдаланып көреді.
Мысалы: шығармадағы I диалог жаттіке баяндаудың (несобственно
прямая речь) кемелді үлгісі. Ал, IV диалогта (Сол күн-түн. Ақан -
эпизодында) ішкі монологтың жарқын үлгісі бар.
Ой тасқыны әдісі - композициялық құрлымға төңкеріс жасаушы әдіс. Онда
кейіпкердің өзінен гөрі оның ішкі ой қатпарына көбірек көңіл бөлінеді. Ой
тасқыны әдісінің кейіпкері сюжеттік кейіпкер емес, психологиялық кейіпкер
(іс-әрекет кейіпкері емес, толғаныс кейіпкері). Біржан осындай ой-
толғаныстық кейіпкер. Шығармадағы Біржан образы реалистік шығармадағыдай
таза, айқын бедерленіп көрінбейді. Ол шығарманың өн бойында сұлбаланып,
үзік-үзік бейне күйінде елес береді. Біржан бұл жерде қарайған обьект.
Кейіпкер болудан гөрі, сана, ой кейіпкер ретінде білінеді. Сыртқы бейне
тұрғысынан қарағанда, Біржан - импрессионистік кейіпкер персонаж. Ал,
кейіпкердің ішкі идеялык, иірімдерінде импрессионистік шашыраңқылык жоқ.
Керісінше болаттай беріктік, жинақылық бар.
Импрессионизм бұл тек бояу емес. Сонымен бірге дыбыс.
Мысалы: ... үш өрме тізгін қатты бұралған ішек боп желге
жылады, желмен жылады [16.18б]. (Жылқы тізгінің тартқанда
шыққан дыбыс-авт.) Жалпы Адасқақтың структуралық қанқасы,
ондағы образдар қозғалысы реалистік қалыптан гөрі
импрессионистік қалыпқа жақын.
Асқар әрбір ірі модернистік үлгілерді пайдаланғанда трафареттік
көшіруге бой ұрмайды. Керісінше, оның бояуын орынды пайдаланып, қазақы
түрге түсіреді. Және де әрбір үлгіні үлкен талғампаздықпен керекті жерінде
шым-шымдап қана кіріктіреді. Мысалы, Адасқақта үлкен образ
жасаушылық қадамдарға барады. Адасқақтың жалпы Асқардың ауыр
оқылатындығына бірден-бір себепкер материал ол, оның өте көп пайдаланатын
образдар тасқыны. Бір жағынан Адасқақ образдар коймасы іспеттес. Осы
құбылыстың сөйлемдік құрылым конструкцияларда қалай жүзеге асатынына мән
берейік. Мысалы, сөйлем: Сөз бен әуеннің бауырына бүккен қызыл қырғын
әсерін, кекіл жарар арын екпінін, тегеурінді тепкісін домбырамен жан
алысып, жан берердей болған, сонау боп келетін бозбас іңірінен бастап
індетіп ұғып жүрген Біржан, мына бәлемен Ажалмен бастас болмаған екен. Осы
сөйлемнің Қарабайыр сүйегі: Сөз бен әннің бар сырын домбыра ұстаған жас
кезінен бастап терең ұғып жүрген Біржан өлім туралы ойлап көрмеген екен.
Осы сөйлемді қабылдау үшін оның негізгі (өз) мағынасынан гөрі образдык
(бөгде) мағынасын түсініп алу керек болады. Әйтпесе сөйлемді үстірт оқып
шыққан адамға ешқандай мағына білінбесі кәдік. Сөйлем түгелдей көркем
образға құрылған. Бұл Асқардың бір ерекшелігі, көркемдік қыры. Образды көп
пайдаланатындығы. Кейде образдар жүйесі мағынаның өзін көлегейлеп тұрады.
Мысалы: Жанботаның толы тегене қымыздай күлкісіне құмалақ тотияйын тастап
жібердім. [11.45б.] Күлкі кәдімгі физикалық материал зат ретінде
суреттеледі. Күлкі - толы тегене қымыз. Ойлауға, санаға сіңіруге ауыр.
Асқарда қиыннан қиыстырған образдар көп. Асқардың бір әдісі оңайды
қиындатып айту.
А.Сүлейменов әдебиеттің тар шеңберінде нәрсіз, сұрықсыз күйде қалған
жоқ. Әлем әдебиетінің шылжырап аққан сан тарау капилляр талшық бұлақ
көздерінен еміне, еркін ішкен шебер.
А.Сүлейменов прозасының тым жаңашыл боп көрінетіні содан. Шындығында
оның жаңашылдығы бар ескіден бой тартпай, олардың әдемісін ішке сіңіру. Ол
мейлі ұлттық үлгі (шешендік өрнек үлгі), мейлі шығыстық сарын (дін), мейлі
батыс эстетикасы (модернизм) болсын жазушы одан бас тартпайды. Жазушы
қолтаңбасынан алуан түрлі үлгілердің бой көрсетуі соған дәлел. Жазушы
қолтаңбасындағы жаңа замандық әдебиеттен, сырттан алынған деуге болатын
тағы бір осындай үлгі, ол - символизм сарыны. Жалпы символизм жазушының
шеберлік үлгісіне (үлкен орны болмағанымен) етене жақын өрнек. Өйткені
әлемдік эстетика иірімдеріне ден қоюшы шебердің символизмнен бойына ештеңе
жұқтырмай кетуі де мүмкін емес. Символизмге А.Сүлейменов етене жақындығын
байқататын бір тұжырымы: Жазушының бір міндеті ой - идеяны ашу емес, оны
мұнартқа көміп мұнармен бүркеу. [7.15б].
Символистердің де мұраты сол логикалық ойдан қашу, түсініксіз боп
көріну, айтарын түпсіз қара түнекке көму (Это огромная алгебра, ключ от
которой потерян. Э.Верхарн. Символизм жайлы айтқаны).
Символизмге тән көкке, ғарышқа деген сүйсініс А.Сүлейменовке де тән.
Символизмдегі сүйікті образдың бірі - күн. Асекең де — ай. Символизмдегі
негізгі тіректің бірі ол - подтекст. Ол жазушыда бар ма? Бар, көп.
Подтекстік мәнерге ие болушы образдың бірі - жылқы. Жылқы жазушы
шығармашылығының өн бойында жүретін үздіксіз маңызды образ - кейіпкер.
Автор танымында жылқы – еркіндіктің символы. Жазушы жылқыны мал атаулыға
санамайды.
Жазушының жаңа атаулыға үлкен ұмтылысы оның XX - ғасырдың эстетикалық
қазанында таза қайнауына әкеп соқты. Осыған келіп біз жазушының эстетикалық
қайнар көзі, шеберлік мектебі деген категориялардың шығу тегін бір сыдырғы
модернизм өлкесіне қарай сырудан аулақпыз. Керісінше, оның негізгі үлес
салмағы ол: дәстүрлі эстетика ұстанымы, реалистік мектеп. Асқар реализмі ХХ
- ғасырда модернизм үлгісімен үлкен ерегіске түскен (ғасыр басында),
кейінірек (ғасыр соңында) бітімге келген, сансыз эксперименттерді бастан
кешіп, сапалық өзгерістерге түскен (мағыналық та, формалық та жағынан) жаңа
қалыптағы реализм.
Адасқақ - сондай жаңаша қалыптағы реализм туындысы.
Адасқақ - тұла бойы сапалы, нәрлі жаңалықтарға тұнып тұрған
туынды. Осы шығарма бойына жалпы ХХ - ғасырдың екінші
жартысындағы қазақ әдебиетінде болған сапалық өзгерістер
жинақталған тәрізді. Ол өзгешелік, жаңалықтар шығарманың ең
бірінші жанрлық сипатынан-ақ көрінеді. Біреулер үшін Адасқақ -
даусыз роман (3.8б.), ал біреулер үшін - повесть, ал автордың
айдарлауында әңгімелер циклы. Мүмкін Адасқақ - философиялық
притча жанрына жатар? Адасқақты реалистік қалыптағы тұрғыдан
қарағанның өзінде жаңалықтар жағынан өте бай. Шығарманың
жанрын анықтаудан-ақ дау-дамай тууы соның ә дегендегі
көрінісі. (Әрине дау-дамай жаңа жаналық атаулының өлшем,
эталоны емес екені анық). Шығарманың композициясына назар
аударайық. Ол өте күрделі механизмнен тұратын дүние. Оның
күрделілігі шығарма дағдыдағы бір қалыпты композиция
жүйесімен құрылмаған. Шығарма еркін композиция жүйесімен
құрылған. Кеңістік, уакыт ара-қатынасы өте ауыр, күрделі боп
келеді. Баяндау жүйесі интеллектуальды алғыр ойға, шым-шытырық
ассоциативті көркем образға құрылған. Композициялық жүйенің
батыл еркіндігі жағынан: әсіресе кеңістік, уакыт феноменінің
ғажайып ерекше ара-қатынасы тұрғысынан А.Сүлейменовты XX -
ғасырдағы үлкен формашыл, реализм мектебінің өкілі
У.Фолкнермен салыстыруға келеді. У.Фолкнерден Адасқақтың
бойында кездесетін поэтикалық элементтер: шиеленіскен сюжеттік
ретроспекциялар, күрделі сан қырлы монологтар т.б.
Біз А.Сүлейменовтың поэтикалық шеберлік сырларын туған топырақпен
байланыстыра іздеуіміз керек сияқты. Бұл тұрғыда бізге негізгі нысана
М.Әуезов шығармашылығы болмақ А. Сүлейменов пен М.Әуезов стилінде ортақ
өрнектер көп. Ең бірінші екі автордағы ортақ стильдік ерекшелік ол біздіңше
- қазақылық. Яғни ұлттық қазақы стиль. Ол қандай қазақы стиль? Оның біз
көретін негізгі бір белгісі ол - шешендік тіл мәйегі болса керек. Ол
М.Әуезовтың Еңлік Кебегіндегі шешендік тіл мен Адасқақтағы тілдік
шеберлік ортақтық. Еңлік-Кебек - ұлттық шешендік үлгінің жаңа драмалық
формаға түсуі. Адасқақ - қазақы ұлттық шешендік үлгінің ХХ - ғасырдың
соңындағы прозалық үлгісі. Оның өзін-өзі ақтаған соны формалық көрінісі.
Адасқақтыңтағы бір: ерекшелігі тілі және бір жағынан
қарағанда М.Әуезов тілінің жаңа философиялық қыры сияқты
болып көрінеді. Ал, М.Әуезов тілі өз кезегінде өзінің поэтикалық
бастауларын Абайдан алмайтын ба еді? М.Әуезов тілінің
философиялық қыры деп отырғанымыз, өз кезегінде М.Әуезов тілі
қазақ тіл байлығын өз бойына жете сіңіре білген жан-жақты бай
тіл. М.Әуезов тілі философиялық, ойшыл тіл. Өткір, шешен тіл,
сурет құрғыш образшыл тіл, интеллектуальды - ғылыми тіл. Осы
қасиеттердің барлығы да А.Сүлейменов тілінде әр түрлі дәрежеде
кездеседі. Соның ішінде оның философиялық - интеллектуальды
жағы басымдау. Бір сөзбен айтқанда әдебиеттегі ықпал ету күшінен
А.Сүлейменов шығармашылығы да ада емес. Оның
шығармашылығына ықпал еткен әдеби ағымдар мен авторлар
жетерлік. Соның біразын анықтап ажыратуға тырыстық. Мысалы,
бүркемелей айтсақ, Фолкнерге Джойстың тигізген әсері қандай
болса, [16.98] М.Әуезов әсері А.Сүлейменовке сондай дәрежеде болуы
ықтимал. М.Әуезов әсері әсіресе А.Сүлейменов шығармашылығынан
анық көрінетін құбылыс. М.Әуезов туралы А.Сүлейменов былай пікір білдіреді:
Идеальный облик культуры - синтез научного знания и душевного переживания:
изваять этот облик было под силу М.Ауезову. Автор бұл жерде М.Әуезовтың
шығармашылық тұлғасы туралы терең мағлұматты пікір білдіреді. Ғылыми сипат
пен поэтикалық қалып ол - М.Әуезовтың шығармашылығына тән құбылыс.
Шашылып түкен тіркестерге жанры жағынан қайын жазба деп айдар
тағуға болады. Қазақ әдебиетінде қайын жазба жазбайтын жазушы жоқ
десе де болады. Алайда А.Сүлейменовтың аталмыш шығармасының бұл
жағдайда өзіндік ерекшелігі бар. Шашылып түскен тіркестердің формасы
әдебиетімізде қалыптасқан қайын жазба үлгісіне келіңкіремейді. Әдебиетте
қалыптасқан дағдыда қайын жазба үлкен көркемдік жүк арқаламайды. Қайын
жазба негізінен шашыраңқы ой-тұжырымнан тұрады. А.Сүлейменовтың
Тіркестері - тұтас бір организм. Бас аяғы жинақы күрделі композициялық
құрылымға ие дүние. Бұл шығарманың архитектоникалық қалпы. Тіл
қолданысына келсек жазушы тілі өте шебер. Әрбір сөйлемін үлкен поэтикалық
салмақ бере отырып сомдайды. Жазушының бұл орайда қолданылатын негізгі
құралдары: афоризимді құнарлы ой дәні, риторикалық сауал, қайын жаб
түріндегі шығарманы стильдік деңгейге көтерген. Оған стильдік – көркемдік
мән дарытқан. Қайын жазбаның стильдік деңгейге көтерілуі төл әдебиетімізде
әлі болмаған құбылыс.
Енді шығарманың ішкі жақ, идеялық мазмұнына көңіл бөліп көрейік.
Шығарма көлемі тым шағын. Бірақ тақырыптық кеңістігі тым ауқымды. Шығарманы
жалпы алғанда мынадай тақырыптарға жіктеуге болар еді: өнер мұраты; ұлтық
болмыс; саясат; тарих; дін; философия; адамгершілік және т.б
Бұнын өзі түгел қамтығандық емес.Өнер мұраты – тақырыбы жазушының
бүкіл шығармашылығындағы алтын арқау желілердің бірі. Өзінің басты идеялық
шығармасы Тіркестерде бұл тақырыпты айналып өтпеген Шашылып түскен
тіркестер А.Сүлейменов шығармашылығының идеялық түйіні іспеттес дүние.
Сондықтан көптеген ой – пікірлер, тұжырым – байлаулар осы шығармада
финалдық шешімге жетеді. Сондай күрделі тақырыптардың бірі - өнер мұраты.
Өнер мұраты тақырыбы жазушының сонау 60 – шы жылдарда жазылған сыни
мақалалардан көрініс табады. Мысалы, жазушының 60 – шы жылдары прозалық
жаңа түр іздеуі нені көрсетеді?!
Ол сол кездегі прозаның өзіне лайықты формалық қалып іздеуі болатын.
Өнер мұраты тақырыбы бертін келе Адасқақта үлкен өзекті тақырыптардың
біріне айналады. Тіркестерде шырқар шынына жетеді. Шығармада осы
тақырып қалай көрінеді екен. Соған келейік. Тіркестер - Асқардың
жалпы эстетикалық – идеялық көз қарасын ашық білдіретін, бүкіл шығармашылық
мәнін ашуға кілт болып табылатын шығарма. Шығарманы зерделей қарағанда
жазушының поэтикалық принціпін ажыратуға болатын іздер бар. Ондай іздер
бірде анық, ашық айтылатын ой – пікірмен, бірде жанама көмескілеу
тұжырымдардан көрінеді. А.Сүлейменовтың жалпы өнерге деген көзқарасын ашық
бейнелейтін тұжырым пікірі: Өнердің өмірден айырмашылығы өнер өмірден
үйренбейді. Оның жаратылыстан болмаса өмірден алар дәрісі жоқ. Өнердің өз
өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар [27.45б] деген сөзінен
көрінеді. Біздің әспеттеп келген тұжырымдарымызға мүлде қайшы пікір. Біз
білетін тұжырымда өнер өмірден үйренуі керек еді. Жазушының бұл ой – пікірі
таза өнер идеясымен сарындас. Алғашқысына қарағанда соңғысының
өмірге аңағұрлым икемді боп шыққаны ақиқат. А.Сүлейменовтың таза өнерге
жақындығы оның модернизм үлгілерін формалық тұрғыдан жамылғы арқау етіп
алуынан білінеді Және бұл жолда ол ұтылған жоқ. Ұтты.А.Сүлейменов
шығармасында көркемдік принціпін стиль, идея секілді поэтикалық
компоненттер арқылы пайымдап өтеді.
Шығармадағы үлкен бір жаңалық – дін тақырыбы. Бұл туған әдебиетімізде
үлкен бақытсыздыққа ұшырап әдебиет ішінен өз орнын ала алмай жүрген
тақырып. Әсіресе, ол ХХ – ғасырда орны толмас үлкен эстетикалық
зардап шекті. Дін тек мемлекеттік жүйеден ғана шеттетілген жоқ,
біздің бүкіл мәдени болмысымыздан ажыратылды. Бұл жерде қызыл
коммунистік цензура аз рөл атқарған жоқ. Әдебиетіміз дінсіз бір қабат
терісі алынған қызыл шақа денеге айналды. Міне осындай рухани мешеулік
жайлаған атмосферада А.Сүлейменов өте жаңашыл, ірі қадам жасайды. Әрине
Асқарда өз ортасының жемісі. Ол өзінің дінге бет бұруын жалған бояулармен
әсірелегісі келмейді. Ішкі болмысты таза қалпында көрсеткісі келеді. Яғни
оның бет бұруында қарама – қайшылық жоқ емес.Бұл тарапта ол өзінің көз
қарасын Мен дінге сенбейтін діндәрмен деп білдіреді. Әрине көркемдік
қабаты да жоқ емес. Бұл өзі жартылай іштей бүркемеленген ой – пікір.
Жазушының Құранның ең бір қадірлі, ірі маңызды сүресін аударуында үлкен
мән бар. Ол Құранға үлкен оқымыстылықпен қарайды. Коммунизм елесін қуған
қараңғы қоғамда өмір сүріп мұндай байламға келу оңай шаруа емес. Оны
аудармашылық ерекшелігінен көруге болады. Сол сияқты жазушы 100 сүренің
алғашқы бес аятының сарыны мен үлкен шабытпен өлең түрінде бес қатар жолдан
төрт шумақ жыр жазған. Асқардың дінге жақындауы бұл біздің қазақ
әдебиетінің дінге жақындауымыз. Діннен үркіп қашқан әдебиетіміз енді оған
шөліркеп бас қоюда. Осы орайда Асқардың дін жайындағы ашық, тура
пікірлерінің құндылығы даусыз.
Шығармадағы үлкен ой толқыны басты деуге де болады, ол ұлттық болмысқа
тән. Жалпы шығырманың ішкі күшті қуат серпіні, ол оның ұлттық бояуының
қанықтығында. Әдебиеттегі салмағы жөнінен А. Сүлейменовтың Тіркестері А.
Байтұрсыновтың Қырық мысал, Маса атты шығармаларымен сарындас, ыңғайлас
деуге келеді. Бұлай деуге себепші: 1) шығармадағы тақырыптық - идеялық
бірлік. Шығарма көтерер жүк тақырып ол – ұлттық идея. 2) Тарихи – саяси
сабақтастық. Екеуінде де шығарма арқауы саясиастарлы оқиға
тәуелсіздік алу кезеңі.3) Пафосы. Публицистикалық ұран салушылық,сыншылдық.
Алғашқы екі шығармада ұран салу сарыны ашық, анық көрінсе соңғысында
поэтикалық емеурін арқылы білінеді.
Ұлт болмысы тақырыбының сығынды көрінісі Тіркестер. Бұл
тақырып қарапайым оңай формада көрінбейді. Асқарда Міржақыптағыдай бір
түсті плакатты ұран салу жоқ. Ұранның өзі бойын жасырып әр түрлі түспен
беріледі. Дін құрыса тіл сақтайды, тіл құрыса үн сақтайды, бәрі құрыса діл
сақтайды. Дін, тіл, діл тізе қосқанда оны оқ қана жеңеді (27.58б.). Жалпы
Асқар сөйлемдері момақан, жуас боп келмейді. Керісінше әрбір ой пішіні,
сөйлемі шиыршық атып, жұтынып тұрады. Неге екенін білмеймін, кейде маған
ақиқат сөздің ашылығы кәдәмгі түйір-түйір дәрі сияқты көрінеді. Бәлкім, бұл
сол дәрінің тәніңді сыздатқан дертке дауа болатыны сияқты, ақиқат сөздің де
қалғып бара жатқан сананды қағып-сілкіп алуымен ұқсастығынан шығар десем,
Асекеңнің артынан қалған мұндай сәулелі ой пікірлері аз емес. Оның
оқырмандар алдындағы беделін көтерген шұрайлы туындылары Кек жинағында
десек те, артық айтқандық емес.
Бұл жинақта қазақ халқының әлеуметтік өмірін, салт-дәстүрін, әдет-
ғұрпын, мінез-құлқын, тіршілігін, қарым-қатынастарын өте шеберлікпен асыра
әсірелемей, сол шақтың болмысына сай, кейіпкерлердің ой-өрісіне дөп келетін
сөздердің өз орнымен қолдана отырып, қазақ халқының дархан көңілінің
керемет көрінісін, халықтың өзіне ғана тән өзге ұлтта кездеспейтін қадір-
қасиетін дара таныта алған.
Сонау ғасырлар қойнауынан бастау алатын ұлттық тәлім-тәрбиеміздің
қайнар көзі болып табылатын шашылып түскен тіркестер Кек жинағанда бүкіл
өн бойында аз емес. Асқар Сүлейменов өз халқының асыл қазынасы,
этнотәрбиенің ұлттық үлгісіне тәрбиелейтін тіркестерге ерекше сергек қарап,
олардың ұрпақ санасын қалыптастыруға тигізетін зор әсерін үнемі назарда
ұстап, орынды пайдаланып отырғанын көреміз. Жазушы сөзімен айтсақ: ...бала
жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы тұшынғанын қаз-қалпында сақтай
біледі екен. Демек, ...Бала қиялы ол көргендерінен көлемді ой түйіп
жатпайды, қайта үзік-үзік үмітін өзінен рахат сезімге бөлене беретін...
көрінеді. Яғни жеткіншек санасына үлкен ойдың түймедей түйіні болып
табылатын тіркестердің тигізетін әсері басқаларға қарағанда әлдеқайда
маңызды болғаны ғой. Осыны Асқар Сүлейменов кейінгі ұрпақ бізге ұғындыра
отырып, оның мәні мен мағынасына терең бойлауды қатаң талап ететінін
көреміз.
Ұлттық тәлім-тәрбие адам болып толысудың ұлы мектебі екенің осы
жинақтан оқығанда әбден көзім жетті.
Енді Кек жинағындағы ұлттық этно-педагогикалық тәлім-тәрбиенің бұлақ
көзі болып табылатын тіркестерге нақтылай тоқталайық:
Кек жинағында автор қазақтың мінезін танытатын тұлпарларға қатысты да
халықтың асыл сөздерін де аз келтірмеген. Иә, біздің мінезіміз бәйгенің
сәйгүлігіне, даланың дауылпаз сұңқарына ұқсайды. Әр қазақтың ат десе, алғыр
құс десе арқасы қозып тұратыны да осыдан болса керек-ті. Сол себептен де
болар біздің халықта жылқыға байланысты айтылған тіркестер өте көп. Оның
біразын осы жинақтан да кездестірдік.
Ат пен азамат тақымға жаратылған. Ел тақымына деген тіркесті қаламгер
атбегінің өзінің атына деген ынтық көзқарасын беру үшін қолдана отырып,
жылқы малының қазаққа қандай қымбат екенін жігіт одан мақұрым болса, онда
ол ер санатынан шығатынын, тұлпар азамат ары, әрі намысы екенін шүйіле
айтады. Атсыз ер қанатсыз құспен тең, Жаяу қалсаң – жау қолына түскенің,
сан қорлықты запырынан ішкенің дейді.
Бұл атты ардақтаудың биік шыңы болса, керек. Жүйріктің қасиетін,
сәйгүліктің бағасын біздің қазақтан артық ешкім ұға алмас. Міне, сондықтан
да ел ішінде жас ұрпаққа ғибрат болатын жылқы туралы тіркестер, мақал-
мәтелдер, толғау жырлар, арнау өлеңдер өте мол.
Адам санасы бүгінгі әлемдік апараттардың қоймасына айналып барады. Бұл
құбылыс келешек ұрпақтарымыздың да сана сезіміне әсер етуде. Әрине, оның
жақсы жағы да, жаман жағы да жетіп артылады. Бала санасы балауса құрақтай
иілгіш, әрі еліктегіш. Сондықтан да көбіне-көп жаман-жақсыны талғап, таңдап
жатпастан бәрін де өзі қабылдай береді. Бір өкінішті жақсы жағы емес,
көбіне жаман жағы баланың еркін, оның болмысын билеп, кететіні. Осының
әсерінен балаларымыз бүгінгі ұлттық этнопедагогиколық тәрбиенің алтын
қазығы – қазақы мінез-құлықты орнықтыратын дәстүрлі отбасы тәрбиесінен қол
үзіп барады. Ұлтымыздың дарынды жазушысы Асқар Сүлейменов Кек жинағында
ұлттық тәлім-тәрбиенің, оның ішінде шашылып түскен тіркестердің бала
мінезінің қалыптасуына, оның дүниетанымдық болмысының өсіп жетілуіне
тигізетін ықпалы орасан мол екенін ескеріп, оған жазу барысын да қайта-
қайта айналып соғып отырған.
Бала тапқандікі емес, бала қаққан мен баққандікі - деп, баланы
дүниеге әкелу аз нәрсе. Ал оны өз орнын табатындай етіп, ұлттық мінезді
бойына сіңіріп, ұлтжанды етіп тәрбиелеу парыз. Егер нағыз азамат
тәрбиелесең, сонда ғана балам бар деуге болады.
Бота бағу, бала бағу – қайсысы қиын?. Ұл өсіріп, қыз асырап отырмыз.
Жалпы, біз талдаған жоғарыдағы тіркестердің мәні мен мазмұны біз айтқан
пікірмен, біз келтірген мысалдармен шектелмейді. Олардың философиялық
мағынасы өзінің қолданысына қарай өзгеріп, жаңа мазмұнға ие болуы әбден
мүмкін.
Қазір бала тәрбиесін бүгінгі теледидарға, компьютерге жүктедік. Ғалам
қаншалықты өзгеріске ұшыраған сайын адам санасы да сонымен бірге жаңа
өзгерістерге ұшырайтыны ақиқат. Осындай кезде адам өзінің тектілік, ұлттық
тәлім-тәрбиесінің негіздері болып табылатын халықтық үлгі-өнегеден қол
үзбеулері ауадай қажет.
Білмеген мін емес, білместікке көнген мін - деген тіркесте Асқар
Сүлейменов білмеген мін емес, дегенмен біл. Білуге ұмтылыс қажет. Адам
туа білмейді. Бірақ ол өмірге ұмтылуы керек. Өмір – үлкен мектеп. Осы
мектепте әр мен деген кеудесінде жаны бар азамат үнемі ізденумен болады.
Сол адамды ғана толық тұлға ретінде қабылдаса болады дегенді меңзейді.
Өтірікті кешіруге болады – тек ақтауға емес. Егер байқамай өтірік
айтқанын мойындаса, оқыс болса, кешіруге болады. Асекең Кісілігін
жоғалтпаса жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады - деген. Тек
ақтауға емес. Ал өтірік – ақтауға тиіс нәрсе емес. Өтірік - өсек, ұрлықтың
алғашқы баспалдағы екенін ашық көрсете отырып, одан алыс болуды үндейді.
Иә, адам баласы ішіне не болса соны сала беретін бос ыдыс емес.
Асекеңді оқыған сайын осы бір ақиқатқа көзің жете түседі. Өзің бір бейнелі
пілтелі шам тәрізді, енді болмаса әлгінде оқыған ой оттығының жарқылынан
тұтанып кететіндей сезінесің. Жазушының ой еркіндігі, интелектуалдық
өресіне тәнті болған сайын сен де бір саты биіктей түскендей боласың.
Асқар шығармашылық тілге көп мән берген жазушы. Бұл турасында жазушы
мынадай ой пікір білдіреді. Сөйлемнің жазатын өмірі бар да, сөйлемнің өз
өмірі бар. Жазарман сөйлемді тірі шөпті таптағандай таптайды. Сөйлемнің тән
екені, сан тарау тамырлары, капилляр-тамыршалары бары ұмыт қалады. Абзацқа,
тарауға, бүкіл кітапқа қызмет ететін сөйлемнің автономды өмір кешерін
ұмытады. Шығарманың бір аты-ырғағы, бояуы кемпірқосақ боп көрінер, күміс
ойы түпке тартар сөйлем ғана. Жазарманға бәрібір, ал жазушы үшін қиынға
түсері - сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін тірі тіркес
тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық
проза ғана қоса алады (27.76б.). Бұл жазушының шеберлік ұстанымы, бір
жағынан поэтикалық декларация деп қабылдауға да болады. Өз шығармашылығында
жазушы осы жолды айнымай жүріп өтті. Жазушы прозасының ауыр оқылуының
себебі де сол тілдік қабаттан. Тілдік жамылғы оқиға мағынаны бүркемелеп
тұрады. Нәтижесінде оқырман, жазушы проза тілін түсіну үшін екі қабаттық
кедергіден өтуге мәжбір. Ол тілдік және мағыналық. Асқар прозасында енді
осы лингвистикалық өрнектер қалай орын тепкен екен ? Ең әуелі Асқарда бұл
процесс троптарды пайдаланушылықтан көрінеді. Ол оған шешуші стилдік,
тілдік мән, реңк береді. Асқардың жазу машығы жасырып, бүркеп, сипап айту.
Оның бұл тәсілінің бет-ажарын ашушы құрал - перифраз. Ол әрбір ұғым, ой-
пікір, іс-әрекет, құбылыс атаулыдан көркем бейне іздейді. Мысалы: көмейдегі
шоқ қыжылды салқын күлмен көмдім, күйік күшіктің қарғысын сыпырды.
(Адасқақтан авт.) Асқар теңеулеріде тың, тосын бояуға ие. Бұл тұрғыда ол
бұрын соңды поэтикалық айналымға түспеген тұрмыстық, заттық құбылыстарды
пайдаланады. Үйдің іші ертіп күміс құйғандай самалаланып кетті.
Жазушы тілдік мәнерінде көп қолданылатын көріктеу құралы - эпитет. Оның
эпитеттері күрделі, ауыр, көбіне метафоралық бояумен беріледі. Енесінің
ешегіне шиқан шыққыр екінді, талапқа бергісіз бұзау тіс өтініш, қос қайнауы
ішіндегі қызыл ет әуен, Осындай троптық әдістердің арқасында жазушыда тосын
суретті эпитеттер көп жасалынады. Бұл құбылыс абстрактылы ұғымдардың
деректі заттармен бетпе-бет тіркесуіне әкеп соғады. Мысалы: беломыртқа
сауал, бүкір күдік, сұхбат су, ырғи ой, бұлт маса, талай таланған қымыз
жеңге, құмырсқа күн; Жазушының бұл өрнектері бір қарағанда дөрекілеу тілдік
комбинация секілді боп көрінгенімен өзін - өзі ақтайтын жері аз емес.
Мысалы: бүкір күдік, бұлт маса, құмырсқа күн деген тіркестерді солғын
тартымсыз көріксіз деп кім айта алады. Керісінше бұлар тілді әсерлейтін,
тілді қозғалтып денесіне қан жүгіртетін амалдар деуге болады.
Асқардың тілдік қолданыстарындағы біз дөрекілеу - деп отырған
тілдік құбылыс жазушы қол таңбасында көп шығармашылық жолдан,
эксперименттік сыннан өтіп орныққан нәрсе. Кезінде бұл өрнек сынға да
ұшыраған. Ғ.Мүсірепов бұны ішкі теңеулері рабайсыз сөйлемдер - деп
атаған. Кейіннен сол рабайсыз (дөрекілік біздің термин.авт.) тілдік
өрнек жазушының қолтаңбалық ерекшелігіне айналды. Біз мұны затшылдық
көрініс (материалъностъ) деп те атағымыз келеді. Яғни дерексіз ұғымның
заттық, деректі ұғыммен контрасты түрде бетпе-бет троптық-фигуралық
байланысқа түсуі. (Немесе, жанды мен жансыздың бетпе-бет келуі). Жанағы
айтылған бүкір-күдік, құмырсқа күн, бұлт-маса деген сияқты. Бұл схеманың
тағы бір әдемі көрінісі ол; Қоржыннан сиымды екі зерен, буаз шібіштің
желініндей өзбек пиала, шүберекке түйілген, ірі пытырадай қос уыс тоқаш
шықты. Бұнда да әдемі затшылдық бар.
Жазушы өзінің поэтикалық, стильдік шеберханасында троптың неше түрін
кеңінен, мол пайдаланады. Бірақ Адасқақта экспериментке аз орын қалған.
Мұнда көп жылғы қорытынды, сығынды шеберлік бар. Мысалы; Бесінде
эксперименттік деңгейде қалған қолданыстар көп. Мысалы: Бар білері; осыдан
келеді. Бұл тілдік құбылыстың түп негізі қайда? Ол өзіміздің ұлттық
тілдерімізде жатыр. Яғни шешендік мектеп, Асқар тілі төгілген қас шешеннің
тілі. Жай қарапайым баяндаудың өзін ол қарабайырлықпен емес, шешендікпен
сөйлейді. Шешендік туралы Ә.Қоныратбаев Мұндай сөздер ( шешендік сөздер
– авт) образдап ойлау мен логикалық ойға бірдей ортақ тілдің күрделенген
фразалық материалы болып саналады (18.84б.) дейді. Асқардың сөз қолданыс
иірімдері осы тұжырымға сай келеді. Образдап ойлау – тілдің көркемдік
қабаты, логикалық ой, ол мағыналық қабаты. А.Сүлейменов жазуында,
прозасында қалай бой көрсетеді екен? Асқар тілінде шешендік өрнекке тән
аллитирация мен ассонанс өте жиі қолданыс табады. Мысалы: Тіліп айтпа,
табан асты тұтанатын тәлпіш тотайлығың бар - бұл жағынан бізге, нағашы
жұртына тартқансың, сайқымазағыңа алмай күліп айт. Тіліп айту мен бүріп
айту болмасын. Бұл Жанботаның Біржанға тіл қатуы. Ескідегі от тілді, орақ
ауызды шешендердің мақамына ұқсайды. Төгілген аллитерация. Шұрқырап кеп
Зерендіге құлағанда көк көлдің көксеркесін шоршытар көк алаң да санаулы
сенің - деген аллитерациялық үйлесім осы үдеден шығатын өрнек. Аллитерация
Асқарда көп қолданылатын тәсіл. Аракідік шебер тоқайласқан ассонанс та
жетерлік. Мысалы: Мұны азын көпке қосып жіберіп, көпті бөліске салмай
тынбайтын тараң, арғын түгіл кенен Керейде біледі. Андыздап шауып
албастыдай басатын арғын емес пе? Шешендік мәйегі ол - афоризм. Жазушыда
ой, сезім жиынтығы есебіндегі афоризмдер көптеп кездеседі. Олар: Әркім өз
жанының түндігін өзі ашады, сұлулықтың да тартқызар азабы көп, ақыл
інге апармайды, ән ақылға апарады, ат арқасына алдымен жақын терлік
сияқты болып келеді. Асқар сөйлемдері ырғақты болып келеді. Оның сөйлем
құру жүйесі көбіне инверсияға негізделеді. Шайнамай тізесін кемірмей
тұяғын тына қояр, тыншы қояр түрі жоқ. Ол оның сөйлемінің қозғалыс
динамикасын арттырады, ұшқыр етеді. Мына бір тіркесті образды алайық: жіп
жолға ұршықтығын; жылқының жолға жүргіштігін айтып отыр. Бір шолғанда көзге
ілінбейтін күрделі қиын образ. Мұнда динамика, зырлаған қозғалыс бар. Сол
сияқты жыл диірмен тіркесті сөз образын да айтуға болады. Осындай ұшқыр
түседі. Етек – жеңін жия алмай жататын, сылбыр, еріншек сөйлемдер Асқарға
тән емес.
Жазушы тілі таптанды - таптаурынға қарсы тіл. Мен де сосын бастан
сөз асырғанша, бас қияр баяғыма бастым (11.62б.). Осы сөйлемдегі кәдімгі
тіркес бастан сөз асырғанша өлгенім жақсы, жер басып жүрмейін деген
қалыптанған тіркестерді өзінше басқа қырынан көріп, құбылтып бас қияр дап
тосын суреттеп отыр. Сол сияқты: қол қатқаным жоқ - дейді. Кәдуәлгіде бұл
тіркес: қол созғаным жоқ, қол салғаным жоқ. Сонымен бірге тұрақты
тіркестердің өзін бұзып арасын ажыратып жазатыны да бар. Мысалы: Жақаннан
жар тапқандай, алқам да, тағы салқамсың дұрысы: алқам-салқам.
Асқар осындай әдемі тілдік эксперименттерге бара отырып өзі де
тіліміздің шырайын кіргізіп әдемі көркем тіркестер тудырады. Мысалы: Отан-
орманы, от- ошағы, шаңырақ-шырағы, шолақ-шыжым тіркес.
Асқар - тіл ойшылы. Ол әрбір сөзді қасаң түрде пайдалана бермей, ойлы
көзбен қарап одан терең мағына іздейді. Оның ұшан-теңіз көп, қым-қиғаш сөз
образдары осындай қадамдардан туады. Мысалы әйел деген ұғымды бірнеше
вариантта алады: қырмызы, көгілдір, сұқсыр. Сол сияқты жаңа сөздер.
Бейталант, кемталант, тоқ қарын (билік басындағыларды айтқаны) көк қарын
(көпті айтқаны, ұрма кезі (жастық шақ), ақыр-түпкіш ( соңы дегені),
сырғамалар (мінез-қимыл өзгерісін айтады. Бұл автордың өзі жасаған сөздер.
Сол сияқты архаизмдер де жазушы лексикасында шебер қолданыс тауып отырады.
Мысалы: қатынпараздық, набыт болу, шобыр, қотан тал, аршындылар, пайыңды
шапқыр, лекер мінген, атпыраш тағыда басқалар. Жазушының образшылдығын
күшейтетін, оның тіліндегі шешендік элемент.
Тілдік жалпы қасиеті: Асқар тілі номинативті емес, риторикалық тіл.
Риторикалық тіл ажарлы, әшекейлі тіл. Троп пен синтаксистік фигураларды
қолданады. Яғни жазушы тілі риторикалық, ауыспалы мағынада қолданылатын
троптық тіл.
Біз А.Сүлейменов поэтикалық тілі туралы айтқанда, біраз,жазушы тіліне
қатысты, өрнектерді белгілеуге, көрсетуге тырысып жатырмыз. Олар: жазушы
тіліндегі троптық қолданыс, шешендік өрнек немесе риторикалық, ауыспалы
мағынада қолданылатын троптық тіл немесе Асқар - тіл ойшылы деген сияқты
ұғымдар боп келеді. Асқар тілі – образдар тасқынынан құралады.
Адасқақ - тілдік инфармациялық қойма. Ол, ұлттық жадтық
-коммуникативтік қызмет атқаратын құрылым, қойма. Ол бүгінді жасайды,
жасампаздық рөл атқарады. Жазушы тіліндегі оккосионализм құбылысы бұған
дәлел. Сонымен бірге, оның үлкен қызметі ол ұлттық-этнографиялық түсінікті,
ұғымды, идеяны тасушы тіл. Мысалы сөз тіркестерін алайық: дүрегей тазыдай,
сам жамырады, қанша қымыз сүзбе болды? Қаншатайдың жал-құйрығы күзелді...
Қаракіреуке жамылып ай тұтылмағанмен, қанша жұлдыз набыт болды? Сол сияқты:
... кеуде мен көмей қатар қатар желіндеп ән уызданс, құндақтағы домбыра
жылаған, аспанның үрпісі дертісе жұлдыз үзілген... (12.39б.). Үпершекке
түскен кездік-бұл А.Сүлейменов қолданысындағы ең бір белгі айқын тілдік
сурет, образдық элемент. Сам жамырады да қатардан көрінетін тілдік өрнек.
Бұның бәрі әдемі қазақы ұлттық өмірден, шығарманың идеялық-тақырыптық
ауқымынан тыс жанама мәлімет, хабар таратушы рөлін атқаратын тілдік
компоненттер. Осы тілдік компоненттердің өзі әр түрлі сипатта білінеді. Бұл
тілдік көріністер тіке мағына емес, ауыспалы образдық мағынада қолданыс
табады. Мысалы дүрегей тазыдай деген теңеуді алайық. Бұл жерде әңгіме
дүрегей тазы туралы боп тұрған жоқ. Дүрегей тазы тек – көркем мағына сурет
үшін алынған элемент. Метафоралық қолданыстар да көп. Сол сияқты жазушы
тіліндегі тұрмыстық-этнографиялық іздер көрінетін көркем образдың
қолданыстар - фразеологиялық формада да білінеді. Әркім өз жанының
түндігін өзі ашады Отарды алтынсұр болсада, қой бастамайды, бастайтын
серке. Өмір ене, өнер - құлын. Байқалғандай А.Сүлейменов үшін бүкіл
тілдік көркемдік комбинациялар ұлттық: салт-дәстүр, тіл, саясат, философия,
дін, тарих, әдебиет, психология үрдісін паш етуші құрылым.
Адасқақ тілінің оның құрылымдық әлемінде бұл тұрғыдан алар орны
ерекше. Адасқақ тілінің айқын, анық бір-ақ мақсаты, идеясы бар. Ол -
ұлттық идея. Тіл стилі бадырайып көрініп тұрған ұлттық-психологиялық өрнек
тілі. Мұндағы ұлттық тілдік философия еркін құлаш сермеген. Керісінше
кейіпкерлер бойына жаға алмаған ұлттық бояу ойды, идеяны жазушы тілдік
тінге, тілдік конструкцияға көшірген, орналастырған. Адасқақтың тілдік
бояуы сондықтан қалың жағылған шығарма. Өз алдына көркем дүние. Сондықтан
да әр уақытта ол өзіне зерттеушілердің жіті көңіл бөлуін қалайды. Тілдік
қағида бұл жерде жетекшілік рөлге көшеді.
Жазушы тілі - ұлтттық тілдің өткені мен бүгінін жалғастырушы алтын
көпір. А. Сүлейменов – эпистолярлық жанрдың хас шебері. Бұл салада ол
үлкен, бедерлі із қалдырды. Жазушы хаттары негізінен қызы Қаркөзге, Әсмаға,
ұлы Әлішерге, жары Әлияға, немерелері Бегзатқа арналған.Жазушы орыс тілін
шебер үлгі күйінде пайдаланады. Жазушы хаттарын алғаш жариялаған Жас
қазақ газеті редакциясы бұл жайында былай деп өтеді: Жазушының хаттарын
қазақшаға аударып та жариялауымызға болар еді, оны жөн көрмедік. Өйткені,
суреткердің ой тереңі, сөз бояу реңкі, ырғақ - әуезі түп нұсқадағыдай
сақталмасы анық (24.27б.). Газеттің сөз бояу - реңкі деп отырғаны
жазушы стилі. Оның ешқандай бөтен, жат қолдың қол сұққанын жақтырмайтын
нәзік тұстары. Шын мәнісінде жазушы қолтаңбалық өрнектері өте
күрделілігімен қатар,тым өте нәзік. Сондықтан ешқандай жасандылық пен жамап-
жасқауды көтере алмайды. Газет оны дұрыс аңғарған. Жазушы хаттары оның
өзіне ең жақын автобиографиялық шығармалар деуге келеді. Хаттарда жазушы
негізінен өзінің туған-туыстарына ең бір жүрек түкпіріндегі сырларын
ақтарады. Бірақ ол жеке хаттарды да Тіркестердегідей стильдік деңгейге
жетіп жазылған. Және тек хат күйінде қалмаған. Жазушы шығармашылығының
поэтикасының бір арналы бөлігін құрайды. Тіркестер философиялық туынды
болса, жазушы хаттары - лирикалық туынды. Бұл тұрғыда газет жазушы
хаттарының топтамасына Кінәз болмыс сырлары деп өте дәл, дөп тақырып
қойған. Жазушы үшін стиль ол - тұтас, автордың өзі мен шығармашылығын бөліп
қарамайтын құбылыс. Сондықтан оның жеке хаттары да осы стильдік ауқымнан
шықпайды. Жазушының ұлы Әлішерге жазған хат тақырыбы ол - өнер,
шығармашылық әлем жайында боп келеді. Жазушы ұлы ол үшін үлкен - пікірлес
жан. Жазушы - ұлы Әлішер үшін қадірлі ұстаз бейнесінде көрінеді.
Шығармашылық жайын жазушы ұлына былай баян етеді.
(В писменном творчестве ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz