ЖЫНЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 33 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ

Кiрiспе

1 ЖЫНЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Жыныстық қылмыстардың түсiнiгі және жүйесі
1.2 Жыныстық қылмыстардың сот-медициналық сипаттамасы

2 ЖЫНЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ТҮРЛЕРІНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ СИПАТТАМА
2.1 Нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану
2.2 Он алты жасқа жетпеген адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттер
2.3 Жыныстық қатынас жасауға немесе нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттерге мәжбүр ету

Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Қосымшалар
3

6
6
9

17
17
20

22

25
28
32

Кіріспе

Курстық жұмыстың өзектілігі. Ең қауіпті, ең көп таралған қылмыстардың бірі жыныстық қылмыстар деп атап кетуге болады. Жыныстық қылмыстарға заңда мыналар жатқызылады: зорлау, нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану, он алты жасқа жетпеген адаммен жыныстық қатынаста болу секілді нәпсіқұмарлық сипатындағы өзге де іс-әрекеттер, жыныстық қатынасқа түсу, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа түсуі, немесе нәпсіқұмарлық сипатында өзге де іс-әрекеттерге мәжбүр ету, жас балаларды азғындау.
Жыныстық қылмыстардың ішінде ең қауіптісі және ең көп таралған - зорлау. Әйелдің жыныстық еркіндігі, жыныстық еркіндігінде қолсұғылмаушылығы, жас балалармен мен кәмелеттік жасқа толмағандардың қалыпты дене дамуы мен адамгершілік тәрбиесіне қарсы әрекеттер зорлау объектісі болып табылады. Әйел адамдардың жыныстық әріптесін өзі таңдауына құқығы бар. Зорлау табиғи түрдегі жыныстық қатынасты зорлықпен жасауды көздейді. Жыныстық нәпсіқұмарлығын басқаша зорлықпен қанағаттандындыру зорлау деп танылмайды, бірақ нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану жауапкершілігіне әкеп соғады. Әйелді еркінен тыс күштеп не психикалық мәжбүрлеу арқылы жасалған жыныстық қатынас қана зорлау деп саналады. Жыныстық қатынас жасауға әйелдің келісімін алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы алуға әрекеттенген адамның әрекеті зорлау деп қарастырылмайды. Мысалы әйелмен некеге тұрамын деп жалған уәде беру. Көбінесе зорлау қылмысын жасайтын қылмыскер өзінің жыныстық мұқтаждылығын қанағаттандырудан бұрын, өз менмендігін көрсету деп те айтуға болады.
Зорлық әр кезде өз көрінісін табады. Жасалатын қылмыстардың жиынтығы, олардың жайы мен динамикасы, айта келгенде, қоғамның белгілі бір даму кезеңіндегі әлеуметтік процесстер мен өзгерістерді бейнелейтін көрсеткіш болып табылады. Сондықтан да қылмыстық және жалпы әлеуметтік статистиканы қамтамассыз ете алатын, ғылыми негіздегі типтік, ерекше әдістемелерді қолдана отырып, қылмыстық әрекеттердің өзгерісін сандық көрсеткіштер арқылы ұдайы және дәл өлшеу қылмыстылықпен күресте де, қылмыстық саясатты дұрыс ұстануды да маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары зорлықшыл әрекеттер қоғамның барлық саласына тарала бастады. Оның себебі қоғамдағы, адамдар бойындағы құндылықтар өлшемінің өзгергендігінде болып отыр. Оның үстіне әлеуметтік шиеленіс пен экономикалық дағдарыс та, адамда болашаққа деген сенімсіздік тудырады.
Жыныстық қылмыстардың қоғамға қауіптілігі өте зор және ол кең өріс алған қылмыстардың бірі. Оның қоғамға қауіптілігі мұндай қылмыстарды істеу азаматтардың заң қорғайтын жыныстық бостандығына қол сұғылмаушылыққа қасақана қол сұғу арқылы, оларға моральдық, рухани, адамгершілік тұрғысынан зиян келтіре отырып, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына зор қатер туғызады.

Сонымен жәбірленушіге көрсеткен зорлық зорлықшыл қылмыстылық болып табылады. Зорлықтың нақтырақ мағынасына келетін болсақ, зорлық құқықта - бір адамның екінші бір адамға оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы. Тән азабын шектірген зорлық - адамның ағзасына тікелей әсер етуі; ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру, түрлі тәсілдермен азаптау-қинау, тағы басқа сол сияқты әрекет ету. Тән азабын шектірген зорлықтың салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Жан азабын шектірген зорлық жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік-жігерін жасыту үшін қорқыту, өлтіремін деп қоқан-лоқы жасау жолымен адамның психикасына әсер етеді. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе, тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Зорлық мән-жайға (қылмыс айрықша қатыгездікпен немесе жәбірленушіні қорлап азаптаумен жасалғанда), қылмыстың жасалу тәсіліне (мысалы кісі өлтіру, әуе кемесін айдап әкету) не қылмыс құрамын айқындаушы белгіге (мысалы зорлау кезінде) қарай жауаптылықты ауырлатуы мүмкін. Зорлықпен жасалған қылмыстар қоғамдық қауіпті сипатта болады. Аса қатыгездікпен, қорлаумен, жәбірленушіні қинап, азаптаумен, зорлаумен жасалған қылмыстар, сондай-ақ адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті әдіс қолданып жасалған қылмыстар "Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің" тиісті баптарына сәйкес жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады.[1]
Әйел адамдарды күштеумен күресу әлемдегі ең бір маңызды, өткір және шешілмес мәселелердің бірі болып отыр. Оның дәлелі халықаралық деңгейде қабылданған БҰҰ-ның 2000 жылға дейінгі әйелдердің жағдайын жақсарту стратегиясы, Әйелдерге қатысты күштеуді түпкілікті жою туралы БҰҰ-ның Декларациясы, Әйелдерге қатысты күштеудің алдын-алу, жазалау және тамырымен жою туралы Америкааралық Конвенциясы және басқа да құжаттар болып отыр. Халықаралық деңгейде мұндай маңызды құжаттардың қабылдануы халықаралық қауымдастықтың, мемлекеттердің өз ішіндегі шешілмес бұл мәселені бірігіп шешуге және онымен күресудің оңтайлы жолдарын іздестіруге деген батыл ниеттерінің көрсеткіші.
Әйелдерге қатысты күштеумен күресуден біздің мемлекетімізде тыс қалмауда. Өйткені Кеңес Одағы ыдырауы, Қазақстанның нарықтық қатанастарға көшуі қоғамның әлеуметтік жіктелуіне, кейбір әлеуметтік топтардың кедейленуіне, жұмыссыздықтың көбеюіне байланысты қоғамда бір-бірін күштеудің тез арада өсуіне әкелді. Яғни, бұл мәселе Қазақстан үшін де тән.
Сонымен берілген курстық жұмыстың мақсаты - жыныстық қылмыстардың қылмыстық-құқықтық сипаттамасын зерттеу. Қойылған мақсатқа жыныстық қылмыстар құрамын оның объектісін, объективтік жағын, субъектісін, субъективтік жағын толық ашу арқылы және оның элементтерін толық ашу арқылы, әйел жынысты адамды зорлаудың мазмұнын ашу арқылы, адамды зорлауға қатысты құқықтық әдебиеттердегі қылмыстық құқық саласындағы ғалымдардың пікірлері мен көзқарастарын және қазіргі кездегі осы саладағы Қазақстандық ғалымдардың көзқарастарын келтіре отырып, сот-тергеу тәжірибесінің материалдарын зерделеп сұрыптау арқылы қол жеткіземіз.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 20-бабымен қылмыстық жауаптылық көзделген әйел жынысты адамды зорлау қылмысы ауыр қылмыстардың қатарына жататыны бізге мәлім. Яғни, тұжырымдама әйел жынысты адамды зорлауды бірнеше рет жасаған тұлғаларға, рецидивисттерге және әйел жынысты адамды зорлау жасаған тұлғаларға қатысты қылмыстық саясат күшейтілуі тиіс.
Осы жұмыстың мақсаттары зорлау қылмысының құрамына талдау жасай отырып, саралау мәселелерін қарастыру.
Осы аталған мақсатқа жету үшін алға қойылған міндеттерімізді шешуіміз қажет:
- жыныстық қылмыстардың теориялық негіздері түсінігін беру;
- жыныстық қылмыстардың түсiнiгі және жүйесін талдау;
- жыныстық қылмыстардың сот-медициналық сипаттамасын беру
- Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы бойынша зорлау құрамын заңдық талдау
- зорлаудың түсiнiгi және құрамын қарастыру;
- зорлаудың күшейтiлген түрлерiн талдау;
- жыныстық қылмыстардың түрлеріне құқықтық сипаттама жасау;
- нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану, он алты жасқа жетпеген адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттер, жыныстық қатынас жасауға немесе нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттерге мәжбүр ету сияқты қылмыстардың сот-медициналық сипаттамасын беру.
Курстық жұмыстың методологиялық негізі. Бүгінгі күні жыныстық қылмыстарға байланысты көптеген ғалымдардың көз-қарастары және ой пікірлері бар. Осы жұмыстың екінші тарауындағы зорлау құрамының объектісіне байланысты келесі ғалымдардың ұсынған ой-пікірлерінің негізінде жазылған: Н.И. Каржанский, А.Б. Куринов, П.П. Осипов. Зорлау құрамының объективтік жағына байланысты: Б.А. Блиндер, Ю.К. Сущенко, Л.А. Андреева, Ю.В. Алекскандров, А.Н. Игнатов, Г.Б. Елемисов. Зорлау құрамының субъектісіне байланысты: С.П. Молдабаев, Р. Орынбаев, Я.М. Яковлев, Л.Я Мильман. Осы қылмыс құрамының субъективтік жағына қатысты: П.С. Дагель, Д.П. Котова, Н.И. Трофимов, А.А. Примаченовк, И.А. Рарок. Жұмыстың екінші тарауындағы ауырлататын және аса ауырлататын мән-жайларға байланысты төмендегі авторлардың көз-қарастары бойынша жазылған: А.А. Пятковксий.
Курстық жұмыста қолданылған әдіс-тәсілдер. Осы жұмыста зорлау қылмысына байланысты ресми статистикалық мәліметтер келтірілген және сот тергеу тәжірибесінен мысалдар қолданылған.
Курстық жұмыстың құрылымы. Курстық жұмыс кіріспеден үш тараудан қорытындыдан және қолданлыған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ЖЫНЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Жыныстық қылмыстардың түсiнiгі және жүйесі

Жыныстық қылмыстың анықтамасын анықтау, берiлген топқа қатыстылығын және оның арнайы және негiзгi белгiлерiн көрсететiн iс-әрекеттi бекiту мақсатында қызмет етедi. Бұл қылмыстар үлкен немесе кiшi болуына қарамастан жыныстық қатынастың тәртiбiн бұзады және қоғамға өте қауiптi болып табылады.
Жыныстық қатынастың тәртiбi әлеуметтiк-экономикалық формацияда анықталған, жыныстық моральға байланысты қоғамда танылған қағидалар мен көзқарастардың маңызын бiлдiредi.
Жыныстық қатынастың тәртiбiнiң мазмұнын жыныстық мiнез-құлық түсiнiгiнен бөлек ашып көрсетуге болмайды. Жыныстық мiнез-құлық қоғамдағы мiнез-құлық нормалары жүйесiнiң құрылымдық бөлiктерiнiң бiрi болып табылады. Жыныстық мiнез-құлық немесе жыныстық мораль адамдардың жыныстық өмiрiнiң барлық жағын реттейтiн мiнез-құлық нормалары жүйесiн өзіне қамтиды.
Ф.Лист жыныстық мiнез-құлық обьектiсi тек жыныстық қатынастар деп көрсетедi.
Бірақ бұл оның түсiнiгiн шектеп көрсетедi. Бiздiң ойымызша жыныстық мiнез-құлық түсiнiгi адамның жыныстық қатынасқа байланысты тәртiп ережелерiн ғана емес, сонымен қатар жыныстық мәселелерiне тиiстi қоғамдағы этикалық және эстетикалық көзқарастар мен әдет-ғұрыптарды да қамтуы қажет. Қоғамдық мiнез-құлық пен жыныстық мiнез-құлық арасындағы қатынас бұл бүтiндей және бөлшектей арақатынас. Мысалы: Қылмыстық құқыққа байланысты кез-келген қылмыс мiнез-құлыққа қарсы, ал жыныстық мораль нормаларын бұзатын қылмыстар арнаулы ғана.
Жыныстық қылмыстардың арнайы белгiсi ретiнде жыныстық қатынастарды реттейтiн негiзгi моральдық нормаларды бұзу болып табылады. Жыныстық қылмыстар басқа қылмыстардан белгiлерiне, айырмашылықтарына байланысты ерекшеленетiн өзiндiк бiр қылмыс тобын құрайды. Осы топтағы қылмыстарға қатысты заң әдебиетiнде жыныстық қылмыс деген термин қалыптасқан. Бұдан бiз жеке тұлғалардың белгiленген құқығын бұзатын жыныстық мiнездегi қылмыстарды түсiнемiз.
Я.М.Яковлев жыныстық қылмыстардың анықтамасын былай дейдi: Жыныстық қылмыстар дегенiмiз - әр түрлi жыныстағы адамдардың арасындағы жыныстық қатынастың дұрыс тәртiбiн немесе жәбiрленушiнiң жыныстық бостандығын бұзатын жыныстық іс-қимыл түріндегі, тұлғаның немесе субьектiнiң жыныстық құштарлығын қанағаттандыру мақсатымен қасақана жасалатын, қоғамда қалыптасқан жыныстық тәртiпке қарсы, жыныстық қатынасқа қол сұғатын, қылмыстық заңмен көзделген қоғамға қауiптi iс-әрекет.
Сонымен қатар жыныстық қылмыстарға байланысты Б.В.Даниэльбек мынадай қысқаша анықтама бередi: Жыныстық қылмыстар дегенiмiз - өзiнiң және басқаның жыныстық құштарлығын қанағаттандыру үшiн қасақана жасалған, қоғамдағы жыныстық қатынастың дұрыс тәртiбiне қол сұғатын, жыныстық сипатқа ие қылмыстық заңмен көзделген қоғамға қауiптi iс-әрекет.
Авторлар ойынша бұл анықтамалар жыныстық қылмыстардың белгiлерiн анықтайтын жыныстық мақсат деген концепциядан туындайды. Бұл жерде олар басқа себептермен жасалған қоғамға қауiптi жыныстық әрекеттердiң жыныстық қылмыстар ретiнде тану мүмкiндiгiн жоққа шығарады. Жасалу негiзi адамдардың жыныстық бостандығына жататын қоғамдағы жыныстық мiнез-құлықтың негiзгi қағидаларын бұзатын қылмыстық iс-әрекеттердi бiр топқа бiрiктiру толық және дұрыс анықталған болып табылады. Бiздiң ойымызша порнографиялық заттарды тарату өзiнiң маңызы жағынан жыныстық қылмыстарға өте ұқсас болып табылады, бiрақ бұл қылмыстар Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексiнiң ерекше бөлiмiнiң басқа тарауынды көрсетiлген. Жыныстық қылмыстардың басқа қылмыстардан айрмашылығы, оның қоғамдағы жыныстық мiнез-құлықтың негiзгi қағидаларын бұзуында болып табылады. Себебi, басқа қылмыстар жыныстық мораль нормаларын бұзумен байланысты емес.
Барлық жыныстық қылмыстар өзiнiң қоғамға қауiптiлiк дәрежесiнiң ерекшелiгiне, маңызына қарамастан туыстас бiр обьектiге қол сұғудан тұрады, яғни жыныстық мораль нормаларына негiзделген жыныстық қатынастың тәртiбiне қол сұғу болып табылады.
Б.А.Блиндер қоғамдағы жыныстық қатынастың тәртiбiн тектiк және топтық обьект ретiнде таныған.
Жыныстық қылмыстың тiкелей обьектiсi әртүрлi. Бұл қылмыстың бiр тобы тiкелей адамдардың бостандығына қол сұғудан тұрса (зорлау), ал екiншi бiр тобы қоғамдық мiнез-құлықты бұзу болып табылады. Зорлау және нәпсiқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерiнiң тiкелей обьектiсi жыныстық бостандық болып табылады.
Жыныстық бостандық дегенiмiз - жыныстық жасқа толған және толмаған азаматтардың өздерiнiң жыныстық өмiрiн ерiктi анықтау құқығын айтамыз. Жыныстық бостандықты шектеу қоғамдық қажеттiлiкпен және бекiтiлген моральдық нормамен анықталады. Мысалы: азаматтар басқа бiреудiң есебiнен өзiнiң жыныстық құштарлығын қанағаттандыруға құқығы жоқ. Сонымен, жыныстық бостандық дегенiмiз - қоғамның немесе басқа адамдардың құқықтарын бұзбай, өз еркiмен өздерiнiң жыныстық құштарлығын қанағаттандыру құқығы болып табылады. Жыныстық бостандықтың түсiнiгi жыныстық құштарлықты қанағаттандыру құқығының барлық жағын қамтиды. Сондықтан басқа адамдардың еркiне қарсы жыныстық сипаттағы кез-келген әрекет жыныстық бостандыққа қол сұғу болып табылады.
Бұл жерде бiз жыныстық бостандық мазмұнына тек жыныстық қатынасқа түсу кiредi деген П.П.Осипов пiкiрiмен келіспеймiз. Сондықтан, басқа адамдардың еркiне қарсы жыныстық әрекет жасау жыныстық қадiр-қасиетке қол сұғу болып табылады.
Жыныстық қатынастың еркiндiгi қағидасы жыныстық моральдың ең негiзгi белгiсi болып табылады.
Көп авторлар жыныстық қатынастардың обьектiсi ретiнде әйелдердiң жыныстық қол сұғылмаушылығын қарастырады. Бiздiң ойымызша жыныстық бостандық терминi дұрыс және дәл алынған десек болады, себебi ол жыныстық моральдың маңызын көрсетедi. Ал жыныстық қол сұғылмаушылық, тек көмекке мұқтаж жағдайдағы немесе айналадағы болып жатқанның мәнiсiн түсiнбейтiндерге байланысты қолданылуы тиіс. Мысалы: кәмелет жасқа толмаған немесе ақыл-есi дұрыс емес адамдарға қатысты айтсақ болады. Шындығында бұл тұлғалар жыныстық қатынаста өздерiнiң келiсiмiне немесе басқа да әрекеттерiне қарамастан қол сұғылмайтын тұлғалар болып табылады.
Қылмыстық құқықтың негiзгi белгiсi болып, қылмыстардың жүйесiн құру негiзiне жататын қылмыстардың обьектiсi болып табылады. Сондықтан жыныстық қылмыстарды топтастырғанда, осы қылмыстың тiкелей обьектiсi басшылыққа алынып құрылуы қажет. Егер қылмыста бiрнеше тiкелей обьект болса, яғни заңмен қорғалатын қылмыстық қатынастың бiрнешеуi бұзылса, онда осы қылмыстың маңызын және бағытын анықтайтын басты негiзгi обьектiнi тауып алу қажет. Көптеген жыныстық қылмыстар тек қоғамда белгiленген жыныстық қатынастың тәртiбiн бұзу емес, сонымен қатар жеке тұлғалардың құқықтарына қол сұғуына да байланысты болады. Мысалы: зорлау, нәпсiқұмарлық сипатындағы күш қолдану әрекетi, жыныстық қатынас жасауға және нәпсiқұмарлық сипаттағы әрекеттердi жасауға мәжбүрлеу тағы басқа. Көптеген авторлар жыныстық қылмыстардың жүйесiн қазiргi заңдарға сәйкес құрастырған. Жыныстық қылмыстардың толық және дәлiрек жүйесiн Я.М.Яковлев бередi. Ол жыныстық қылмыстардың жүйесiн төрт топқа бөлiп қарастырады.
1-Жыныстық бостандыққа қарсы қылмыстар.
2-Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар.
3-Балалар мен кәмелетке толмағандардың дұрыс жыныстық тәрбиесi мен дұрыс жыныстық дамуына және жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар.
4-Әйелдер мен еркектер арасындағы дұрыс жыныстық қатынасқа қол сұғушылық қылмысы. Бұл топқа автор бiр құрамдағы қылмыстарды кiргiзедi, яғни еркек пен еркек арасындағы жыныстық байланыс (мужеложство).
Сонымен қатар Н.Д.Дурманов, жыныстық қатынас саласындағы қылмыстарды келесi топтарға бөледi.
1-Әйелдердiң қадiр-қасиетiне, денсаулығына, бостандығына қол сұғушылық қылмысы.
2-Кәмелетке толмағандардың дұрыс физиологиялық дамуына, бостандығына және жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар.
3-Еркек пен еркек жыныстық қатынасы (мужеложство). Мұнда қол сұғу обьектiсiнде, яғни еркек пен еркектiң мәжбүрлi немесе ерiктi жыныстық қатынас жасауындағы маңызды ерекшелiктер есепке алынбаған.
Бiздiң ойымызша қылмыстың тiкелей обьектiсiнiң ерекшелiктерiне негiзделiп, жыныстық қылмыстарды келесi жүйеге топтастыруға болады:
1-Ересек адамдардың жыныстық бостандығына қарсы қылмыстар (зорлау, нәпсiқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекетi, және жыныстық қатынас жасауға немесе нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттерге мәжбүр ету).
2-Кәмелетке толмағандардың дұрыс жыныстық дамуына және жыныстық қол сұғылмауына қарсы қылмыстар (кәмелетке толмағандарды зорлау, кәмелетке толмағандарға нәпсiқұмарлық күш қолдану әрекетiн жасау, он алты жасқа толмағандармен жыныстық қатынас және нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау және жас балаларды азғындату).
Сонымен қатар жыныстық қылмыстардың жасалу әдiсiне байланысты былай жүйелеуге болады:
1-Зорлықпен ұштасқан жыныстық қылмыстар (зорлау, нәпсiқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекетi, жыныстық қатынас жасауға және нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттерге мәжбүр ету).
2-Зорлықпен ұштаспаған жыныстық қылмыстар (он алты жасқа толмағандармен жыныстық қатынаста болу және нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттер жасау, жас балаларды азғындату).
Жыныстық қылмыстардың жүйесiне байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексi жыныстық қылмыстардың мынадай түрлерiн қарастырған.
1. Зорлау (120-бап).
2. Нәпсiқұмарлық күш қолдану (121-бап).
3. Он алты жасқа жетпеген адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттер (122-бап).
4. Жыныстық қатынас жасауға немесе нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттерге мәжбүр ету (123-бап).
5. Жас балаларды азғындату (124-бап).

1.2 Жыныстық қылмыстардың сот-медициналық сипаттамасы

Сот-медициналық маман зорлау және өзге де ауыр санаттағы жыныстық қылмыстардың жасалу себептерін анықтауға байланысты бірнеше мәрте талпыныстар жасады. Олардың барлығын бір ойға түйіндесек, төмендегідей қорытынды жасауға болады:
1) зорлау және зорлаумен ұштасқан адам өлтірулерді жасау жыныстық тәрбиенің жоқтығымен байланысты; барлық оқу орындары мен еңбек ұжымдары арасында мәдениетті мінез-құлықты қалыптастыруға қатысты, бос уақытты тиімді өткізуге байланысты мәселелерге тиісті түрде көңіл бөлінбейді.
2) порнографиялық баспалардың, фильмдердің және өзге де порнографиялық сипаттағы бұйымдардың ашықтан-ашық сатылуы және таратылуы;
3) ересектердің жас балаларды азғыруы, жыныстық даму кезеңінде жасөспірімдердің ата-аналарының қадағалауынан тыс қалуы;
4) қазіргі жастардың арасында абсолюттік жыныстық бостандық туралы ойдың қалыптасуы;
5) кейбір ер адамдардың өздерін табиғатынан әйелдерден жоғары тұрамын деп санауы, әйел адамдарға қатысты діни көзқарастарға соқыр сеніммен қарауы;
6) зорлау және зорлаумен ұштасқан адам өлтірулер көп жағдайларда алкогольдік немесе есірткілік мастық күйде жасалады;
7) жыныстық сипаттағы қылмыстардың басым көпшіліктері бұзақылық ниетпен жасалады; мұндай ниетпен қылмысты кәмелетке толмағандар жасайды, олар өздерінің құрдастары арасында мақтанып, ересек өмірге араласытындығын, батылдығын дәлелдеу үшін жасайды;
8) жәбірленушілер тарапынан жыныстық жақындасуға жеңіл оймен қарауы, сол арқылы жыныстық қылмыс жасауға өздерінің жағдай жасауы;
9) зорлаумен ұштасқан адам өлтірулер көп жағдайларда қызғаныш нәтижесінде жасалады.
Жыныстық қылмыстарды жасаудың табиғаты мен себептері туралы зерттеуге біздің елімізде онша көп көңіл бөлінбей отыр. Мұндай қылмыстар туралы С.В.Познышев былай дейді: қылмыскерлердің ішінде ең импульсивтілері - жыныстық қылмыс жасаушылар, зорлау жасағандар және жас балаларды азғырушылар. Бұл тұлғалардың жыныстық құмарлығы өте күшті болады және басқа адамдардағы сияқты моральдық сипаттағы комплекстері болмайды, олар тек жеке бастың құмарлығын қанағаттандыру мен тәуекелге бағынады. Олар өзінің әрекеттерінің моральдық, өнегелілік жағына көңіл бөлмейді және ескермейді, тек қылмысты жасаудан кейінгі ұрыс-жанжал, жауаптылықтан ғана қорқады.
Зорлау қылмысын жасайтын кейбір ер адамдарда әйелдерге деген қатігездік көзқарас қалыптасқан. Олар әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлап, өзінің дене күшінің олардан артық екендігін әрқашан дәлелдегісі келіп тұрады.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша, жыныстық зорлық әрекеттерінің себептерін тек әлеуметтік тұрғыда сыртқы факторлардың әсер етуімен ғана түсіндіру мүмкін емес. Мысалы, балалардың көзінше жыныстық қатынас жасау, олардың жыныстық қылмыс жасауының себебі болмайды. Мұндай жағдайлар керісінше бала ер жеткенде оның бойында жыныстық жақындасуға деген жиіркеніштік, сын көзқарасын қалыптастыруы мүмкін.
Жыныстық қылмыстарды зерттеу барысында назар аударатын келесі мәселе - зорлау қылмысын жасайтын тұлғаларға қатысты. Жыныстық жақындасудан ұзақ уақытқа шектелген тұлғалар (мерзімді әскери қызметшілер, бас бостандығынан айырылғандар және т.б.) зорлау қылмысын жасаушылар арасында өте аз кездеседі. Зорлау қылмысын көп жағдайларда өзінің жыныстық құмарлығын тұрақты түрде қанағаттандыруға мүмкіндігі бар адамдар жиі жасайтыны анықталды. Олардың басым көпшілігі үйленген адамдар болып табылады.
Бұл айтылғандар бойынша келесі қорытынды жасауға болады: ер адамдардың жыныстық құмарлықты тұрақты түрде қанағаттандырып тұруы, олардың зорлауды жасамауына кепіл бола алмайды. Отбасылық қатынастардың шиеленісті жағдайда болуы (ерлі-зайыптылардың арасында күнделікті ұрыс жанжалдардың болып тұруы) ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жыныстық құмарлықтарын әлсіретіп, ер адамға үйден тыс жерде жыныстық жақындасудың жаңа объектілерін іздестіруіне себеп болуы мүмкін.
Бірақ, зорлау қылмысын мұндай тізбекпен ғана түсіндіру оның ішкі мазмұнын ашып көрсетпейді, керісінше мәселенің тек сыртқы жағын сипаттайды. Себебі, ұрыс-жанжалсыз, тату өмір сүретін отбасы бар ер адамдар да зорлау қылмысын жасайды.
Зорлау қылмысын жасаудың келесі бір себебі ретінде әйелдің әрекеттеріне, оның мінез-құлқына ер адамның жағымсыз көзқарасының болуы. Мысалы, кейбір ер адамдар спирт ішімдігін бірігіп ішуге келісім берген әйелді, жыныстық жақындасуға да келіседі деп ойлайды.
Жоғарыда аталғандардың барлығы зорлау қылмысын жасаудың себептерін әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қарастырады. Әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қарастыру көптеген жыныстық қылмыстардың жасалу жағдайлары туралы ойды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Зорлау және өзге де жыныстық қылмыстарды әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан түсіндіру біздің ойымызша, зерттеліп отырған барлық қылмыстардың жасалу себептерін толық қамти алмайды. Мысалы, бұл тұрғыда қарт адамдарды немесе жас балаларды зорлаудың себептерін түсіндіру мүмкін емес.
Жас балаларды зорлаған адамдар, соның ішінде зорлаумен ұштасқан адам өлтіруді жасағандар басқа қылмыс түрлерін жасаушылар тарапынан жағымсыз тұлғалар ретінде қарастырылады. Бас бостандығынан айыру орындарында мұндай қылмыс жасағандар басқа сотталғандар тарапынан қорлауға, ұрып-соғуға, өздеріне қатысты жыныстық сипаттағы жеке басын қорлайтын әрекеттерге ұшырауы мүмкін. Мұндай тұлғалар бас бостандығынан айрылғандар қауымдастығынан шеттетіліп, қуғынға түседі, жүйелі түрде қорланып тұрады. Сондықтан да, кейде бас бостандығынан айыру мекемелерінің әкімшілігі жыныстық қылмыс жасағандарды қорғауға мәжбүр болады. Мысалы, өзінің кәмелетке толмаған қызын зорлаған үшін сотталған М. деген азамат, бас бостандығынан айыру мекемесінде басқа сотталғандар тарапынан күнделікті ұрып-соғылатын болған. Оған ортақ үстелге отырып бірге тамақ ішуге, сөйлесуге, есіктің тұтқасынан ұстауға тыйым салынады.
Шетелдік криминология ғылымында зорлау қылмыстарының себептерін түсіндіретін бірнеше теория бар. Олардың мазмұнына қысқаша тоқталған дұрыс:
1. Символдық интеракционистік теория. Бұл теория бойынша әлеуметтік қарым-қатынас белгілер, символдар, қимылдар, көз және сөз ойындары арқылы жүзеге асырылады. Адамдар бірін-бірі бақылайды, басқалардың іс әрекеттерін талқылайды және өздері де соларға еліктейді. Бұлардың қатарына зорлауды да жатқызуға болады. Интеракционистердің тұжырымдамасы бойынша, зорлау дегеніміз - әйелдер мен еркектердің бір-біріне деген қарым-қатынасын және сезімдерін білдіру тәсілдері. Мұнда жәбірленушінің мінез-құлқына қатысты зорлаушының жауапты әрекетіне басты назар аудару қажет. Себебі, жәбірленушілердің өздері зорлау жасауға итермелейді: жыныстық қатынас жасауға шақыруға ұқсас арсыз қылықтар жасау, сөздер айту, қимылдар жасау және т.б. Жәбірленушінің әрекеттері психологиялық тұрғыдан бағалағанда, жәбірленуші емес адамның әрекеттернен ерекшеленеді. Әйелдердің жыныстық әрекеттерге итермелейтін іс-қимылдары олар үшін қауіп төндіруі мүмкін. Аталған теория, негізінен зорлаушының ойына негізделеді, олар өздерінің әрекеттерін келесі сөздермен түсіндіреді: ол жыныстық қатынасқа түсуді өзі ұсынды, ол өзінің әрекеттерімен маған жыныстық қатынасқа түсуді ұсынды, ол қарсылық білдірген жоқ, ол өз шешімін кеш өзгертті және т.б. Бұл жердегі ол сөзі әйелге қатысты айтылып тұр. Айтылғандарды қысқаша қорытындыласақ, символдық интеракционистік теория, зорлау қылмысының басты себебі ретінде жәбірленушінің өзінің іс-қимылдары деп түсіндіреді.
Бірақ, егер қылмыскер жәбірленушінің әрекетін мүлдем дұрыс түсінбесе, бұл теория біршама өзгерістерге ұшырайды. Атап айтқанда қылмыскер де жәбірленуші де бір-бірінің әрекеттерін дұрыс бағаламайды. Әйел ер адаммен сөйлесуден бас тартса, ал ер адам өз әрекеттерін ары қарай жалғастырмаса, әйелде еркек туралы жағымды көзқарас қалыптасады. Ал ер адам әйелдің әңгімелесуден бас тартуын тек әдептілікті сақтау үшін жасалған әрекет деп бағалайды. Нәтижесінде еркек өзінің зорлауға бағытталған әрекеттерін жасауға кіріседі, ал бұл кездегі әйелдің қарсылыған тек жалған қарсылық деп түсініп, өзінің қылмыстық әрекетін соңына дейін жеткізеді.
2. Психоаналитикалық теория. Бұл теорияға сәйкес, зорлау қылмысын жасаушыларда бала кезінен бастап әйелдерге деген жек көрушілік қалыптасады немесе олар әйелдердің мәртебесі төмен, ал еркектердің мәртебесі жоғары отбасыларда тәрбиеленеді. Мұндай отбасыларда тәрбиеленген ер адам өзін әрқашан әйелдерден жоғары көреді. Олар әйелдердің жағдайы жоғары ортаға түскенде, өзінің беделін түсіріп алмау үшін зорлау жасауы мүмкін.
3. Құрылымдық мүмкіндіктер теориясы. Бұл теорияның өкілдері (Л.Кларк және Д.Левис) өз ойларын былай түсіндіреді: ер адамдар әйелдерді белгілі бір ақыға жыныстық қызмет көрсететін тұлғалар ретінде қарастырады. Яғни әйелдердің жыныстық қатынастарға түсу мүмкіндіктері - еркектерге қажет тауар ретінде қарастырылып, оны алу үшін ер адамдар белгілі бір шығынға ұшырайтын әрекеттер істейді. Мысалы, қымбат сыйлықтар жасайды. Ал егер еркектің қаржылық мүмкіндіктері болмаса, өзіне тиесілі нәрсені ала алмайды, сондықтан оны күштеп алуға тырысады, яғни зорлау қылмысын жасайды. Мұндай теорияға қарсылық білдірушілер, неліктен ақшасы бар адамдар да бұл қылмыс түрін жасайды деген орынды сұрақ қояды.
4. Жануарлық инстинкт теориясы. Бұл теорияның жақтаушылары ер адамдардың табиғаты жыртқыш аңға ұқсас деп түсіндіреді. Олар үшін зорлау әйелдерді қорқытып ұстау құралы болып табылады. Сондай ақ, еркектер басқа еркектерден өзінің артықшылығын көрсету үшін, олардың меншігі - әйелдерді тартып алады. Тартып алған меншікке өз билігін (зорлау әрекетін) жүргізеді.
Жыныстық қылмыстардың алдын алу үшін, ең алдымен осындай қылмыстардың жиі жасалатын орындары мен уақыттарын анықтап, сол жерлерде және уақыттарда қоғамдық қауіпсіздікті тиісті түрде қамтамасыз ету қажет. Мұндай қылмыстар жиі жасалатын орындарға ешкім тұрмайтын, бұзылған немесе құрылысы аяқталмаған үйлер, қаланың шет аудандары, парктер, жағажайлар жатады. Ал бұл қылмыс түрі жиі жасалатын уақыт кешкі және түнгі уақыттар. Көп жағдайларда жыныстық қылмыстар, соның ішінде зорлау қылмысы жылы мезгілдерде, яғни көктем және жаз айларында жасалады.
Жыныстық қылмыстармен күрестің басты шарты - осындай қылмыстарды жасауы мүмкін адамдардың жеке басын анықтап алу. Олардың қатарына тек бұрын жыныстық қылмыстар үшін сотталғандар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар ғана емес, сондай ақ жас балаларға, жасөспірімдерге күдікті қызығушылық білдіретіндер, қоғамдық орындарда әйелдерге тиісіп, ескерту алғандар, жәбірленушінің арызы болмағандықтан қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғандар немесе жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық істері қысқартылғандар да жатады. Психикалық кемшіліктер бар адамдар мен өзге де психикалық науқастар ерекше бақылауда болуы қажет.
Психикалық аурулармен ауыратын адамдар жасайтын барлық жыныстық қылмыстардың алдын алуға байланысты жұмыстар осындай тұлғаларды анықтап, оларға қатысты кешенді шараларды қолданудан тұруы тиіс. Бұларға алдын-алушылық, жедел-іздестірушілік, өнегелі-психологиялық, медициналық шараларды жатқызуға болады. Мұндай шаралар жыныстық қылмысты жасауы мүмкін адамдардың жеке басын, олардың психикалық күйін, тұрмыс-тіршілігін және мінез-құлқын терең зерттеуге бағытталуы қажет.
Психикалық аурумен ауыратын адамдар жасайтын жыныстық қылмыстардың алдын алу әр түрлі схемалармен және негіздермен ұйымдастырылуы мүмкін. Атап айтқанда, олар әр түрлі уақыт кезеңдеріне сәйкес жүзеге асырылуы қажет:
1. Бірінші рет жасалатын жыныстық құқықбұзушылықтардың алдын алу. Мұнда мүмкін жәбірленушілерді, соның ішінде кәмелетке толмағандарды қорғауға көңіл бөлу қажет. Бастапқы сатыда осындай әрекеттерді жасайтын адамдар туралы ақпараттардың барлығын қолданған дұрыс. Мұндай адамдарды анықтау күрделі мәселе болып табылады. Сондықтан медициналық құжаттарды толық білу және жедел ақпараттарды белсенді түрде пайдалану қажет.
2. Алдын ала тергеу және сотта істі қарау барысында, жыныстық қылмыстарды жасаған айыпкерлерге болашақта жаңа қылмыстардың алдын алуға бағытталған тәрбиелік әсер ету.
3. Бас бостандығынан айыру мекемелерінде ұсталатын жыныстық қылмыс жасағандарды түзету. Бұл кезеңде мәжбүрлік, тәрбиелік және медициналық шараларымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге қатысты жыныстық қылмыс жасағандарды басқа сотталғандардан қорғауға байланысты шараларды іске асыру қажет. Себебі осындай қылмыстарды жасаған сотталғандар түзеу мекемелерінде басқа сотталғандар тарапынан ұрып-соғылуы, қорлануы мүмкін.
4. Жазасын өтеп болғаннан кейін жыныстық қылмыстарды қайталап жасамаудың алдын алу.
Аталған соңғы кезеңде келесі маңызды мәселелерді бөліп көрсетуге болады: мұндай тұлғаларды есепке алу, оларға жедел бақылау орнату, әлеуметтік және психологиялық, қажет болғанда медициналық көмек көрсету, сенімді қарым-қатынас орнату.
Жыныстық құмарлығы бұзылған барлық тұлғаларға психиатрға және сексопатологқа қаралуды міндеттеу қажет. Себебі, оларға мұндай міндет жүктеу барлық алдын алу шаралардың тиімді болуына септігін тигізеді және оларды дәрігер немесе құқық қорғау органдарының кеңестері мен ұсыныстарын орындауға дайындайды.
Жыныстық қылмыстардың алдын алуға бағытталған басқа да арнайы шаралардың қатарына келесі шараларды жатқызуға болады:
oo белгілі бір уақытта психиатрдың және сексопатологтың куәландыруынан өтіп тұру;
oo стационарлық немесе амбулаториялық емделу;
oo психиатрлардың және сексопатологтың ұсыныстары мен кеңестерін орындауға көмектесу;
oo құқықбұзушының отбасындағы психикалық қолайсыз жағдайды анықтау;
oo мұндай қолайсыз жағдайларды түзетуге байланысты шаралар;
oo психикасына сәйкес келмейтін жұмысын өзгертуге көмектесу.
Жоғарыда аталғандарға қоса жыныстық-психикалық аурулардың мінез-құлқын бақылауды қамтамасыз ететін шаралардың маңызы зор. Мұндай бақылауды олардың жұмыстан және оқудан қолдары бос уақыттарда күшейту қажет. Олардың бос уақыттарын пайдалы әрекеттер жасаумен толықтыру - алдын алу шараларының тиімділігін арттырады.
Жыныстық қылмыстарды жасауға бейім адамдарды анықтау мен есепке алудың қатаң жүйесі болған дұрыс. Мұндай есептер полиция органдарында және психоневрологиялық диспансерлерде жүргізілуі тиіс, есепке алуды белгілі бір кезеңдерде ретке келтіріп, толықтырып және түзетулер енгізіп отырған жөн. Ішкі істер органдарының зорлау әрекеттеріне бейім адамдар туралы психиатриялық ақпараты болғаны дұрыс.
Қауіпті жыныстық қылмыстар жасауы мүмкін психикалық ауытқуы бар тұлғаларды анықтау және есепке алу, осындай қылмыстардың алдын алудағы басты ұйымдастырушылық мәселелердің бірі болып табылады. Бұл мәселе құқықбұзушылардың түрлеріне, олардың мінез-құлық ерекшеліктеріне, психикасының және жыныстық құмарлығының бұзылуына, құқық қорғау органдары мен медициналық мекемелердің мүмкіндіктеріне сәйкес шешілуге жатады.
Егер, белгілі бір тұлғаның жыныстық қылмыс жасайтыны туралы ақпарат құқық қорғау органдарына келіп түссе, оның алдын алуға байланысты шаралар жүргізіуі тиіс, және де бұл қылмыстың алдын алғаннан кейін, ол тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылмаса, оны міндетті түрде бақылауда ұстау қажет. Себебі, психикалық ауытқуы бар адамдарға қайталап қылмыс жасамау туралы ойды қалыптастыру өте қиын. Олардың көптеген әрекеттері қылмыс болып табылмауы мүмкін, бірақ болашақта осындай әрекеттер жыныстық қылмыстарға әкеп соқтыруы ғажап емес. Олардың шынайы ниеті және мақсатын анықтау іс жүзінде мүмкін емес, сондықтан олардың қылмыстық ойларын қандай әрекеттер арқылы жүзеге асыратынын анықтау қиын.
Оларға қатысты алдын алу шараларын ұйымдастырғанда келесі белгілерге назар аудару қажет:
1) бұрын жыныстық қылмыс жасағаны;
2) жыныстық қылмыс жасауға себеп болатын психикалық ауытқуының болуы;
3) олардың еңбек қызметін таңдауы, мысалы педофилді (жас балаларды зорлайтын) тұлғалар балалар оқитын, тәрбиеленетін мекемелерде жұмыс орнын таңдайды, өзінің таныстары мен көршілерінің балаларымен бірге бос уақыттарын өткізуге тырысады;
4) балалық шағында немесе жасөспірім кезінде жыныстық қылықтар жасаумен көзге түскені;
5) қатыгездігі және эмоционалдық кемақылдығы;
6) бұрын белгілі бір себептерге байланысты қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған жыныстық сипаттағы моральға жат әрекет жасағаны;
7) әйелдермен жеке өмірін құра алмау себептеріне байланысты өзін-өзі өлтіруге бағытталған әрекет жасауы.
Жыныстық қылмыс жасаған тұлғаларда психикалық ауытқудың бар не жоқ екендігін анықтау - тек психиатрдың, ал жыныстық құмарлықтың бұзылуына қатысты мәселені анықтау сексопатологтың құзыретіне жатады.
Жыныстық қылмыс жасаушыларды анықтау және жыныстық қылмыстардың алдын алу жұмыстарының нәтижелі болуы тиісті ақпараттарға байланысты болады. Мұндай ақпараттарды төмендегі қайнар көздерден алуға болады::
oo бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамға қатысты түзеу мекемесінен келіп түскен құжаттар;
oo азаматтық сот өндірісінің, некені бұзу, ата-аналық құқықтарынан айыру туралы істердің құжаттары, сонымен қатар жыныстық моральға жат қылықтар жасауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы материалдар және жедел-іздестіру құжаттары;
oo медициналық айықтырғыштардағы, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу, оңалту орталықтарындағы, сондай ақ өзге де құқық қорғау органдарындағы мәліметтер;
oo оқу, жұмыс орны, тұрғылықты жері бойынша мінездемелер;
oo медициналық мекемелердің материалдары, соның ішінде сараптамалар және куәландыру актілері, медициналық карточкалар, психиатр, невропатолог, сексопатологтармен әңгімелесудің, диспансерлік бақылаулардың мәліметтері;
oo жекелеген тұлғаларға, олардың өмір сүру жағдайларына құқық қорғау органдарының тікелей бақылау жүргізуі, сондай ақ жедел-іздестіру материалдары.
Жыныстық қылмыстардың алдын алу тиімді болу үшін ең алдымен кәмелетке толмағандардың осындай қылмыстар жасауға бейімділігін анықтау қажет.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың психикалық ауытқуларын есепке алу, олардың ата-аналарының, мектеп өкілдерінің немесе ішкі істер органдарының медициналық көмекке жүгінуі негізінде жүргізіледі. Көп жағдайларда кәмелетке толмаған құқық бұзушылар ата-аналарының, педагогтардың және ішкі істер органдарының тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан дәрігерлердің қарауына ілікпейді. Яғни жас кезінен бастап психикалық аурулардың, соның ішінде жыныстық сипаттағы аурулардың бар не жоқ екендігін анықтамау, болашақта жыныстық қылмыстың субъектісін қалыптастырады.
Жыныстық қылмыстардың алдын алуға қатысты мәселені талдай отырып, келесі маңызды мән-жайларға тоқталып кету қажет. Біздің елімізде халыққа көрсетілетін психиатриялық көмек жеткіліксіз. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, адамдар психиатрлар мен сексологтардың кеңестерін алмайды, олардың көмектеріне жүгінбейді. Оған қоса мұндай салаларда мамандар да көп емес.

2 ЖЫНЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ТҮРЛЕРІНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ СИПАТТАМА

2.1 Нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану

Нәпсiқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерiнiң анықтамасы ҚР ҚК 121-бабының 1-бөлiгiнде көрсетiлген. Яғни, еркек пен еркектiң жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдiң жыныстық қатынасы немесе жәбiрленушiге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолданбақшы болып не жәбiрленушiнiң дәрменсiз күйiн пайдаланып жасалған нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер жатады. Бұл қылмыстардың қоғамға қауiптiлiгi оны жасау барысында кiнәлi тұлға өзiнiң жыныстық құштарлығын қанағаттандыру үшiн күш қолданады, не қолданамын деп қорқытады немесе жәбiрленушiнiң дәрменсiз күйiн пайдаланады. Еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауы деп (мужеложство) белсендi серiктiң жыныс мүшесi бәсең серiктiң аналды тесiгiне (тiк iшекке) енгiзiлуiн айтамыз. Бұл жерде жәбiрленушi тек еркек ғана болады. Әйел мен әйелдiң жыныстық қатынас жасауы деп (лесбиянсство) әртүрлi нәпсiқұмарлық сипаттағы әрекеттер жасау арқылы әйелдердiң бiр-бiрiнiң жыныстық құштарлығын қанағаттандыру болып табылады. Мұнда жәбiрленушi тек әйел адам ғана болады. Нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттерге (табиғи жыныстық қатынас және еркек пен еркектiң жыныстық қатынасынан басқа) әйел мен еркектiң арасындағы немесе еркек пен еркек арасындағы әртүрлi тәсiлдер арқылы бiр-бiрiнiң жыныстық құштарлығын қанағаттандыруды айтамыз. Мысалы: еркектiң жыныс мүшесiнiң; әйелдiң немесе еркектiң аналды тесiгiне кiргiзiлуiн, аналды тесiкке кiргiзбей жамбас арасында жасауы, ауызына кiргiзiлуi, әйелдiң екi омырауы ортасында жасауы, сондай-ақ жыныс мүшелерiн уқалау, сипалау немесе оған саусағын, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жыныстық бостандыққа қарсы қылмыстар
Кісі өлтіру қылмыстарының жалпы сипаттамасы
Кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың қылмыстық - құқықтық сипаттамасы
Жеке адамға қарсы қылмыстардың құқықтық сипаттамасы
ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҢ ЕРЕКШЕ БӨЛІМІНІҢ ТҮСІНІГІ
Жеке адамға қарсы қылмыстардың қылмыстық құқықтық сипаттамасы
Зорлық-зомбылық көрген әйелдерге әлеуметтік жұмыс технологиясы
ҚЫЛМЫСТЫҢ ОБЪЕКТИВТІК ЖАҒЫН ҚҰРАЙТЫН БЕЛГІЛЕРДІҢ ЖИЫНТЫҒЫ
Жеке адамға қарсы қылмыстар
Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру
Пәндер