1921 жылдың ақпан айында



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 44 бет
Таңдаулыға:   
ӘӨК 94 (574):377.4:665.6 "18901990" (043) Қолжазба
құқығында

БЕРДІҒОЖИН ЛЕСҚАЛИ БАЗАРҒАЛИҰЛЫ

Қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласындағы жұмысшы, инженер- техникалық
кадрларының қалыптасуы және өсуі (1890-1990 жж.)

07.00.02 - Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы)

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертация

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Орал, 2009
Жұмыс Қызылорда Болашақ университетінің Тарих және қоғамдық пәндер
кафедрасында орындалды

Ғылыми кеңесші: тарих ғылымдарының докторы, профессор

Т.З. Рысбеков

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы, профессор

К.Л. Есмағамбетов

тарих ғылымдарының
докторы, профессор

Н.А. Абдуллаев

тарих ғылымдарының
докторы, профессор

Т.С. Садықов

Жетекші ұйым: Евразия
гуманитарлық институты

Диссертация 2010 жылы 27 ақпанда сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы
Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (090000, Орал қаласы, Достық
даңғылы, 162) жанындағы БД 14.61.26. Біріккен диссертациялық кеңестің
мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік
университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2009 жылы қаңтарда таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы Б.Г. Шинтимирова
Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Қазақстанның ауыр
өнеркәсіп салаларының бірі мұнай-газ өндірісі маман кадрларының қалыптасу
және өсу жолдарын зерттеуге арналған. Диссертацияда 1890 жылдардан бастау
алатын отандық мұнайшы мамандардың қалыптасу процесі, бұл істегі көршілес
республикалар мен шетел мамандарының қызметі, алғашқы ұлттық жұмысшы,
инженер-техникалық кадрларды дайындау жолдары және олардың сандық және
сапалық көрсеткіштері, жас және жыныстық құрамы зерделенеді. Мұнайшылардың
ел дамуына қосқан ерен үлесі, олардың қоғамдық, өндірістік белсенділігі,
мұнайшы мамандарын дайындайтын оқу орындарының қалыптасуы және дамуы,
атадан балаға мирас болатын еңбек дәстүрі – мұнайшылар әулеттері тарихы,
жалпы жаңа келбетті ұлттық мұнайшы мамандарын дайындау ісі жан-жақты
қарастырылады.
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан мемлекеттілігінің жаңа жағдайда дамуы
мен нығаюы қоғамда, оның ішінде тарих ғылымында жаңа танымдық
көзқарастардың орнығуына, халықтың тарихи даму жолын бағалауда терең де
шынайы ой-пікірлерге негізделген зерттеулерге, жаңа тұжырымдарға жол ашты.
Оның үстіне жүздеген жылдар бойы бодандықта өмір сүруі қазақ халқының
тарихының бұрмалануына, отарлық саясаттың объектісі тұрғысынан
қарастырылуына әкелді.
Мұның өзі зерттеу тақырыбының өзектілігін, өз тарапында оның ғылыми,
қоғамдық-практикалық сұраныстан туындап отырғанын анықтайды.
Қазіргі кезеңде біздің еліміз үшін дүниежүзілік озық тәжірибеге
негізделген индустриялды-инновациялық стратегияны қалыптастырудың маңызы
өте зор. Дамыған өркениетті елдердің барлығы белгілі бір тарихи кезең
бойында физикалық еңбекті қажет ететін өңдірістен капиталды, технология
мен ғылымға негізделген өндіріске дейінгі жолдан өтті. Қазақстанға да
осындай жолдан өтуге тура келеді. Шикізатқа ғана бағыт ұстаған ел болып
қалмаудың амалы ғылым мен техниканың жетістігіне, жоғары технологияға
сүйенген дүниежүзілік стандартқа сай сапалы өнім өндіретін өнеркәсіп
орындарын дамытуға оның өзі заманауи мамандарға тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
Қазақстан халқына Жолдауында Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты
барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз
инновациялық экономика құра алмаймыз [1], – деген болатын. Ғылыми-
техникалық прогрестің, технологиядағы өзгерістердің сұранысы және
перспективаларын жетік білетін, еңбекті ұйымдастыру мен өнім сапасын
әлемдік үлгіде жолға қоюға қабілетті, ой-өрісі кең, парасатты мамандар
қажет екендігінің маңызы күн өткен сайын арта түсуде. Қазақстанда білікті
мамандарды дайындау процесі ұзақ жолдан өтті. 1921 жылдың ақпан айында
Қазақ Автономиялық Республикасы үкіметі кәсіптік техникалық білім берудің
бас комитетін құрды. Осы жылы кәсіптік оқу орындарының саны 30-ға жетіп,
оларда 2000 жас оқыды.
1930 жылдары ұлттық мамандарды дайындаудағы оң өзгерістер Кеңес
үкіметінің іс тетігін кадрлар шешеді деген партиялық ұранына байланысты
басталды. Мұнайлы өлкеде 1930 жылы алғашқы Мұнай техникумы ашылды. Қазақ
жастары үшін инженер кадрларын даярлайтын қазақтың кен-металлургия
институты ашылды. Мұнайшы қазақ инженерлерін дайындауда алғашқы талпыныс –
мұнайшы-жұмысшы факультеті дүниеге келді. Талантты қазақ жастары Мәскеу,
Ленинград, Баку мұнай институттарына, өнеркәсіп академияларына жіберілді.
1960 жылдары Қазақ политехникалық институтының негізі қаланып, мұнайшы
инженерлер дайындайтын мамандықтар ашылды. 1970-1990 жылдары мұнайлы өлкеде
Жаңаөзен мұнай техникумы, Атырау мұнай-газ институты, Ақтау политехникалық
институты ұйымдастырылды.
Мұның өзі Кеңес үкіметінің, әлеуметтік саясатына байланысты орын алған
кемшіліктерге, ұлттың саясатындағы келеңсіз жағдайларға, материалдық
өндіріске басты бағыт беруіне қарамастан, мұнай-газ саласын мамандармен
қамтамасыз етуде бай тәжірибе жинақтағанын көрсетеді. Оны ыждағатты түрде
зерттеп, пайымдаудың озық жақтарын бүгінгі күннің қажетіне орай
пайдаланудың практикалық маңызы ерекше. Ұрпақтар сабақтастығын, өндірістік
дәстүрлер жалғастығын қамтамасыз ету тұрғысынан да зерттеу тақырыбы өзекті,
ол мұнайшылардың жаңа буынын қалыптастыруға, оларға ұлтжандылық тәрбие
беруге көмектеседі.
Ұлттық экономиканың негізі мұнай-газ өндірісі саласын әлемдік деңгейде
дамытып, бәсекеге қабілетін арттыруда Қазақстан Республикасы Президентінің
2003 жылғы 17 мамырдағы №1096 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы
индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы
қабылданды [2, 25 б.]. Мұнай-газ өндірісі саласын кешенді, әлемдік
стандарттар негізінде дамыту бағдарламасының негізі жан-жақты дайындалған
мамандарды дайындау. Осы мақсатта Атырауда шетел инвесторларының көмегімен
мұнайшылар үшін кәсіптік білім жүйесі қалыптастырылды. 2007 жылы
Теңізшевройл кәсіпорыны Құлсары қаласында арнайы маман дайындайтын оқу
орындарын салды.
Бүгінгі күннің міндеттерін әрқашан жаңа тәсілмен шешу жеткіліксіз.
Отандық мұнайшы мамандар дайындаудың мол тәжірибесі мен тағылымдық
сабақтарын пайдалану мәселенің өзектілігін арттыра түседі.
Мәселенің көкейкестілігі бұрынырақ мұнайшы мамандар туралы
хронологиялық, тақырыптық тұрғыдан шектеулі еңбектердің жарық көргенімен,
бір ғасырдан астам уақытқа созылған, қарама-қайшылығы мол үрдіске арналған
жинақы және тыңғылықты еңбектің болмауынан туындап отыр. Біздің мақсатымыз
– әр кезеңдерде жазылған еңбектердегі қайшылықтар мен көзқарастарды және
мәселенің кейінгі кездегі тарихи-танымдық дамуын саралап, мұрағаттық және
басқа да деректер негізінде ой қорыту.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстан жерінен мұнай-газ кендері
ашылып, өндіріле бастағанына 100 жылдан аса уақыт аралығында, көптеген
зерттеулер жарық көріп, маман-кадрлардың қалыптасуы жөнінде түрлі
көзқарастар айтылып, оның тарихнамалық проблемаға айналғанына қарамастан
арнайы сараптамалық еңбектер жарық көрмеді. 1917 жылға дейінгі еңбектер
проблеманың тарихнамасын қалыптастыра қойған жоқ. Ресей басылымдарындағы
және жергілікті баспасөздегі материалдар ақпараттық бағытта баяндалды.
Қазақстандық мұнайшы мамандар тарихының тарихнамасының қалыптасуына өткен
ғасырдың 20 жылдары жарық көрген С.Шарипов еңбектері үлкен рөл атқарып,
кейінгі зерттеулерге елеулі ықпал жасады [3].
С.Шариповтің жергілікті материалдар негізінде жазылған Доссор және
ұлттық мәселе, Жұмысшылар өмірінен, Қазақстандағы маман жұмысшыларды
дайындау мәселесі, Мұнай өндірісі, Эмбанефті атты мақалаларында мұнай
өндірісін дамытудың негізі ұлттық жұмысшы кадрларын дайындауға байланысты
екені тұжырымдалады. Алайда кеңестік тарихнамаға мұндай пікірлер қайшы
келді, оның орнына мұнай кен орындарын ашудағы Орталықтың көмегі, партия
мен кеңес органдарының қызметі дәріптелді. Кеңестік жүйе талаптары,
әсіресе, Е.И.Сауткиннің [4] және Қ.Е.Темірғалиевтің [5] еңбектерінде ерекше
көрініс тапты. Дегенмен, олардың еңбектерінде мұнайшы мамандар туралы
фактологиялық материалдар мен кейбір пайымдаулары әлі күнге дейін ғылыми
құндылықтарын жоғалтқан жоқ.
Е.И.Сауткиннің анықтауынша Қазақстанда мұнайшы мамандарды дайындау
көздері басқа мұнайлы аудандарға қарағанда өзгешелеу болған. Кеңес Одағының
басқа мұнайлы аудандарында жоғары білікті мамандар тікелей сол өндірісте
істейтін жұмысшылардан, ал Қазақстанда олар құрылыс, теміржол
салаларындағы жұмысшылар есебінен дайындалды. Оның себебін Е.И.Сауткин
Қазақстанда мұнай кеніштерінің шалғай орналасуымен және өндіріске тартылған
жергілікті жұмысшылардың сауатсыздығымен байланыстырады. Осыған байланысты
ол жалпы маман дайындау ісіндегі кәсіптік білімнің рөлін жоғары қояды [4,
с. 99].
Қ.Е.Темірғалиев өз еңбегінде мұнайшы кадрларды тұрақтандыру мәселесіне
назар аударады. Зерттеуші әлеуметтік тұрмыс мәселелерінің дұрыс
шешілмеуінен еңбегі ауыр мұнай өнеркәсібінде мамандар тұрақтамады деген
қорытындыға келді [5, с. 69]. Ұлттық мұнайшы кадрларды дярлаудағы сандық
және сапалық өзгерістерді өндірістің басқа салалары мамандарымен салыстыра
отырып, зерттеген А.Н.Нүсіпбековтің [6] монографиясы Қазақстан тарих
ғылымында кадр мәселесін зерттеудегі өзіндік ерекшеліктермен көзге түсті.
Автор мұнай өндірісінде маман жұмысшылар қалыптасуында демографиялық,
географиялық факторларға мән беріп, мұнай кеніштері орналасқан аудандарда
жергілікті халық көп қоныстанғандықтан, ұлттық маман кадр дайындау жеңіл
болды деп көрсетіп, мұнай өндірісі жұмысшыларының жас және жыныстық
құрамын, әйел қызметкерлердің өндіріске тартылу процесін көмір, руда
өндірістерімен салыстыра отырып зерттейді [6, с. 196, 212].
Осы жылдары жарық көрген Қазақстан темір жол саласы кадрларын
зерттеген М.Х.Асылбековтің монографиясында да салыстырмалы зерттеуге
қажетті кейбір мағлұматтар ұшырасады [7].
Кеңестік дәуірдегі тақырып бойынша тарихи ой-пікірдің дамуын түйіндеп
көрсек, мына мәселелерді жинақтап айтуға болады:
Біріншісі – мұнай өндірісі туралы мұрағат деректеріне негізделген
көлемді еңбектердің жазылуы. Екіншісі – материалдарды сұрыптау мен
пайымдауда таптық принципті басшылыққа алған маркстік методологияның
танымдық деңгейінің бір жақтылығы, нәтижесінде ұлттық маман дайындаудағы
шектеуліктер, орталықтың өктемдігі, 1920-1930 жылдардағы өлкедегі аштық пен
нәубеттің әлеуметтік-демографиялық салдарына байланысты тақырыптар
айтылмады. Қазақстандық өндіріс салаларының кадр мәселесіне арналған
С.К.Игибаевтың [8], А.Ш.Алтаевтың [9], Н.А.Абдуллаевтың [10], М.Ж.Таше-
новтің [11] монографиялық, диссертациялық еңбектерінде де зерттеу
тақырыбына қатысты материалдарды кездестіреміз. Оларда білікті инженер-
техник мамандардың өндірістен партиялық номенклатура бойынша кеңес,
комсомол, кәсіподақ жұмыстарына жіберілуі, мемлекеттік ұйымдық тартудың
негізсіздігі, вахталық жұмыс әдісі, кәсіптік техникалық оқу орындарының
жабылуы көрсетілді.
Ұлттық кадрларды дайындауда орын алған мұндай кемшіліктер тәуелсіздік
алғаннан кейін ашық айтыла да, саралана да бастады.
Осы кезеңде тақырыпқа қатысты жарық көрген Ә.Мұқтардың [12] еңбегінде
1920-1940 жылдардағы мұнай өндірісі саласы жұмысшыларын, техникалық
мамандарын даярлау тарихының жетістіктерімен қатар аштық пен нәубеттің
демографиялық салдары тың деректер арқылы баяндалса, А.Нұрсұлтанованың
зерттеулерінде қазақ мұнайшы мамандарының революцияға дейінгі және одан
кейінгі жылдардағы әлеуметтік жағдайы, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезіндегі
жанқиярлық еңбектері жаңаша талданады [13].
Осындай біршама зерттеулердің жарық көруіне қарамастан, бір ғасырдан
астам тарихы бар қазақ мұнай-газ өндірісінің қалыптасу және даму ерекшелігі
жергілікті тұрғындарға тигізген әлеуметтік-экономикалық ықпалы мәселесін
бір-біріне сабақтастыра қарастырып келе жатқан ғалымдар еңбектеріндегі
қайшылықты пікірлерді бір арнаға түсіре отырып, бұл саладағы ұлттық маман
кадрларды дайындау тарихын жаңа методологиялық ұстанымдар мен материалдар
негізінде зерттеуді қажет етеді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу
жұмысы Қазақстан мұнай-газ өндірісі маман кадрларының қалыптасу және өсу
тарихын жаңа теориялық-методологиялық концепция негізінде қарастыруды
мақсат етіп қояды. Осыған орай мынадай міндеттер белгіленді:
– мұнайшы маман кадрларға қатысты тарихи зерттеу еңбектерін
тарихнамалық тұрғыда талдау және жүйелілік тәсілмен зерттеу;
– Қазақстан мұнай-газ өндірісінің әлемдік деңгейге жетудегі мамандар
қызметінің рөлін айқындайтын мұрағат құжаттары мен тарихи деректерін
сұрыптап, жинақтау;
– дерек көздеріне сүйене отырып, тұңғыш қазақ мұнайшы мамандарының
сандық және сапалық құрамын анықтау;
– кәсіби шыңдалған мұнайшы мамандарды дайындау жолдары, әсіресе кәсіби-
техникалық білім берудің әр түрлі деңгейде ұйымдастырылуы мен дамуын
жүйелеу;
– ұлттық кадр даярлаудағы, оларды өндірісте тұрақтандыру ісіндегі
атқарылған жұмыстарды саралау, сол арқылы мұнайшылар құрамын толықтыру
көздеріне талдау жасау;
– отандық мұнай-газ өндірісі инженер-техникалық мамандарын дайындайтын
оқу орындарының дамуын сипаттау, олардың ұйымдастырылу ерекшелігіне,
орналасуына және болашақ маман кадрларды тәрбиелеудегі сан қилы жұмыстарын
зерттеу және талдау жасау;
– жаңа кен орындарын ашудағы қазақстандық инженер-техникалық
интеллигенция өкілдерінің ерен еңбек істерін зерделеу арқылы өндіріс
қызметкерлері мен ғалымдардың бірлескен іс-қимыл әрекеттерін көрсету;
– ұлттық мұнайшы мамандардың қалыптасу, өсу үрдісіндегі Орталықтың
ұстанған кері саясатын, КСРО-ның басқа да мұнайлы аймақтарымен салыстыра
отырып көрсету,оның зиянды әсерін жаңа көзқарас тұрғысында талдау;
-әкімшіл-әміршілдік басқарудың ұлттық мұнайшы кадрларын даярлау ісіне
тигізген зардаптарын 1980 жылдары көрініс берген кәсіптік білімге теріс
көзқарас арқылы өндіріс аудандарында қалыптасқан әлеуметтік-тұрмыс
мәселесінің шиеленісуі арқылы саралай отырып көрсету, мәселенің өзіндік
ерекшелігіне мән беру;
-мұнай өндірісіндегі кадр даярлау, орнықтыру және нарық кезеңіне сай
тәрбиелеу ісіндегі ұлттық мұнайшылар әулеті тарихына жете мән беру, сол
арқылы тарихтағы ұрпақтар сабақтастығының тәрбиелік мәнін ашып көрсету.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Ұсынылып отырған ғылыми еңбек өзінің
ауқымы жағынан Қазақстан мұнайшы мамандарының қалыптасу және әр түрлі
кезеңдерден тұратын өсу, толығу мәселелерін сабақтастық тұрғыда қарастырған
алғашқы ғылыми еңбек болып табылады. Осы кезге дейін ауыр өнеркәсіптің осы
саласы бойынша зерттеу отандық тарихшылар тарапынан қолға алынбаған.
Осыған байланысты зерттеу жұмысының маңызы мен жаңалықтары:
– алғаш рет Қазақстанда мұнай-газ өндірісі маман кадрлары туралы
отандық және шетелдік зерттеу еңбектеріне жүйелі түрде тарихнамалық талдау
жасалып, қалыптасқан ой-пікірлер ұлттық төл тарихымызды жазу үрдісінде
қарастырылды;
– деректанулық мол қор арқылы ұлттық жұмысшы, инженер-техникалық
кадрлары қалыптасуының әлеуметтік-экономикалық, саяси факторлары өзара
байланыста жүйеленді, сандық және сапалық құрамы анықталды;
– мамандар дайындаудағы кәсіптік-техникалық білім орындарының
қалыптасып, даму процесі мұнай-газ кешендерінің даму қарқынымен алғаш рет
сабақтастырыла зерттелді;
– мұнайшы мамандардың білікті кадр ретінде қалыптасуына 1920-1930
жылдардағы аштық пен нәубеттің тигізген ащы зардаптары алғаш рет мұрағат
деректері арқылы сарапталынып зерттелінді;
– мұнайшы мамандардың кәсіптік шыңдалуындағы еңбек жарыстарының рөліне
баға берілді, мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы, саяси белсенділігі, білім
деңгейі зерделенді;
– көмірсутегі өнімдерін өндіру сияқты өте ауыр да жауапты қызметке
қазақ әйелдерінің тартылуы, олардың еңбек белсенділігі және өндірісте
тұрақтануы талданды;
– жоғары білімді мұнайшы инженерлер дайындаудың отандық тәжірибесі
алғаш сараланып, жаңа келбетті қазақстандық инженер-техникалық
интеллигенция құрамындағы мұнайшылардың белсенділігі, жаңашылдығы, өндіріс
басшысының – тұлға ретіндегі қызметіне баға берілді;
– елдегі қалыптасқан әлеуметтік-тұрмыс мәселелерінің мұнай өндірісіне
тигізген әсері, экологиялық-демографиялық жағдайдың шиеленісуіне алғаш рет
ғылыми тұрғыда баға беріліп, тәуелсіздік жылдарында осы мәселенің шешілу
ісіндегі қабылданған шаралар нәтижелері зерделенді;
– мұнай-газ өндірісі саласында қалыптасқан қазақстандық мұнайшы
әулеттерінің қалыптасу, даму, толығу кезеңдерінің бір ғасырлық тарихына
тұңғыш рет ғылыми талдау жасалып, олардың саланың экономикалық-саяси
әлеуетін нығайтудағы елеулі рөлі көрсетілді;
– еліміз экономикасының негізі ретінде, мұнай-газ өндірісін әлемдік
деңгейде дамыту ісінде ұлттық мұнайшы мамандарға қойылып отырған келелі
міндеттерді шешуде алғаш рет мұнайшы кадрларын даярлаудың отандық
тәжірибесі сараланды, жетістіктер мен проблемалық мәселерге мән берілді.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Қазақстанның мұнай-газ өндірісі өз
бастауын 1899 жылғы Қарашұңғыл мұнай бұрқағынан алатындығы белгілі.
Дегенмен, біз диссертациямызда мұнайлы аймақта өнеркәсіптік зерттеулер
басталған 1890 жылдан 1990 жылдарға дейінгі аралықты, яғни Қазақстан
Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік алуына дейінгі кезеңді қамтуды жөн
санадық. Өйткені қазақтар осы кезеңнен бастап мұнай кендерін іздестіру
жұмыстарына алына бастады.
Көмірсутегі өнімдерін іздестіру, өндіру 1890-1920 жылдары Жайық-Жем
ауданында ғана жүргізілсе, 1930 жылдары Ақтөбе облысы, 1960 жылдары
Маңғыстау мұнайы, 1980 жылдары Қызылордадағы Құмкөл кеніші, Батыс
Қазақстанның Қарашығанақ кеніші ашылып мұнай-газ кешенінің алып кен
орындары қалыптасты, өнім берді. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нарық
қыспағынан абыроймен өтуімізге, ұлттық экономикамызды қайта құруға
мүмкіндік берді. Диссертацияның географиялық шеңбері мұнай-газ өндіретін
Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары болып
табылады.
Диссертацияның практикалық құндылығы ретінде төл тарихымыздың
әдістемелік қағидаларын басшылыққа алып, бай деректік материалдар негізінде
жасалған негізгі тұжырымдар мен қорытындыларды, алынған нәтижелерді ғылыми
еңбектер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар дайындауға, сол сияқты
әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы болашақ бакалавр, магистр және доктор
мамандары үшін отан тарихының теориялық және әдістемелік мәселелеріне
байланысты арнайы курстар дайындауда қолданылатындығын айтуға болады.
Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Зерттеу тақырыбының танымдық
және тәлімдік сабақтастығын, тағылымын айқындайтын күрделі сипаты
деректерді сұрыптап, бірнеше бағытта топтастыра зерттеуді алға қойды.
Диссертацияның негізгі деректік базасын мұрағат материалдары құрайды.
1 Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында (ҚРОММ) мұнай
өнеркәсібі туралы мол мұра жинақталған. Атап айтқанда, Қазан төңкерісіне
дейінгі және 1920 жылдар аралығын қамтитын мұрағат тізбелерінде: № 686 қор
Ағайынды Нобельдер серіктестігі, № 687 қор Орал мұнайы акционерлік
қоғамы, № 681 қор Эмба акционерлік қоғамы, № 679 қор Эмба-Каспий
акционерлік қоғамы, № 680 қор А.Н. Леманның Гурьев мұнай кәсіпшілігі
мекемесі, № 695 қор Урал-Каспий мұнай қоғамының жергілікті басқармасы, №
678 қор сауда және өнеркәсіп министрлігі округтік инженері құжаттары, № 29
қор Эмба қоғамына тар табанды теміржол салу рұқсаты құжаттары сақталған.
Кадр даярлауға байланысты деректер № 183 Республикалық өнертапқыштар
кеңесі құжаттарында, № 1972 қазақ политехникалық институты материалдары, №
1479 Қазақ КСР министрлер кеңесі жанындағы жоспарлау комитеті, № 1934
геология министрлігі құжаттары, № 1734 Халық шаруашылығы кеңесі
құжаттарында да кездеседі.
2 Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты (АтОММ) қорларында мұнай
кәсіпшіліктері, кадр даярлау және жекеленген мұнай өнеркәсібі тұлғалары
туралы құнды мәліметтер жинақталған. Эмбанефть бірлестігі және жалпы 1920
жылдан қазірге дейінгі мұнай өндірісі туралы № 146 қор материалдары, №1041
қор мұнай өңдеу зауыты құжаттары, № 742 қор Қазақстанмұнайбарлау тресті,
№ 232 қор мұнай техникумы және № 193 қор жеке мұнайшы тұлғалар туралы
деректер бар. Жеке тұлғалар туралы қосымша № 346 қор материалдары да өте
құнды. Сондай-ақ, Атырау облыстық мұрағаты құрамындағы Мақат аудандық
мұрағатының № 112 қорында жергілікті мұнай кәсіпшіліктерінің құжаттары
сақталған.
3 Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағатында (МОММ) Маңғыстау түбегі
мұнай-газ кен орындарының ашылуы, дамуы туралы құжаттар мол.
Маңғыстау мұнайын ашқан ұжым Маңғыстаумұнайбарлау тресті құжаттары №
136 қорда, Өзенмұнайгаз басқармасы № 317 қорда, Маңғыстаумұнайгаз
бірлестігі № 322 қорда, Жетібаймұнайгаз басқармасы № 346 қорда,
Прорвамұнайгаз басқармасы № 409 қорда, Комсомольскмұнайгаз басқармасы №
440 қорда, политинститут № 118 қорда жинақталған. Сондай-ақ облыс
құрамындағы Өзен қалалық мұрағаты қорларында № 9 Өзенмұнайгаз басқармасы,
№ 41 қорда Өзен мұнай техникумы құжаттары бар.
4 Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты (АқОММ) қорларында: Ембі мұнай
өнеркәсібі солтүстік аудандар басқармасы құжаттары № 1622 қорда,
Қазмұнайбарлау тресті Ақтөбе экспедициясы құжаттары № 1534 қорда
жинақталған.
5 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында (БҚОММ) әлемге
әйгілі Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кешені материалдары сақталған.
Әсіресе, № 384 облыстық әкімдік қоры, № 37 облыстық партия комитеті қоры
мұнай-газ өнеркәсібі туралы құнды тарихи дерек көзі ретінде маңызды.
6 Ресей мемлекеттік экономика мұрағатынан (РМЭМ) № 3429 Бүкілодақтық
Халық шаруашылығы кеңесі құжаттары сақталған қор, № 4372 мемлекеттік
жоспарлау комитеті қоры, №70 мұнай өнеркәсібі министрлігінің материалдары
қорындағы деректер сараланды.
7 Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатынан (РФММ) № 5470 мұнай-газ
өнеркәсібі жұмысшылар кәсіподағының Орталық комитеті материалдары сақталған
қор және № 5587 мұнай өндірісі жұмысшылары кәсіподағы Орталық комитеті
қорларында құжаттар сақталған.
8 Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатының (РФ ОрОММ)
№472 қорында Орынбор жұмысшы факультеті материалдары жинақталған. Сондай-
ақ, № 2889 қорында Қырғыз (Қазақ) автономиялық кеңестік Республикасы
мемлекеттік жұмысшы факультеті құжаттары топтамасы сақталған.
9 Ресей Федерациясы Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатының (РФ АОММ)
№ 18 қорында Доссор мұнайшыларының 1914 жылғы ереуілде қойған талаптары
жинақталған.
10 Қазақстан Республикасы Атырау және Қызылорда облыстық ұлттық
қауіпсіздік комитеті департаменттерінің мұрағаттық анықтамаларында
сақталған деректер де зерттеу барысында пайдаланылды.
Мұрағат материалдары партия, кеңес қызметкерлері, мұнай өндірісін
ұйымдастырушылар С.Мұқашев, Қ.Ізімбергенов, Я.Лаврентьев, Н.Байбаков,
С.Өтебаев, Р.Өтесінов, Б.Сағынғалиев, Қ.Мырзағалиев, М.Балғымбаев,
О.Көшеков, Б.Досманбетов естеліктері мағлұматтарымен толықтырылды.
Мұражай қорлары дерек көзі ретінде алғаш рет айналымға енгізілді.
Статистикалық анықтамалар мен құжаттар жинағы, баспасөз материалдары
сұрыпталып, ғылыми тұрғыдан сараланды.
Зерттеудің теориялық-әдістемелік негізі. Диссертациялық зерттеу
барысында талдау және жинақтау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы,
жүйелік-құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру сияқты жалпы
ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері
қолданылды.
Зерттеудің танымдық мүмкіндіктерін барынша кеңейту мақсатында тарихи-
типологиялық және жүйелілік әдістеріне мән берілді. Сонымен бірге жұмыстың
шынайылығын қамтамасыз етуде тарихи оқиғалар мен құбылыстардың
ерекшеліктерін жалпы заңдылық ретінде қарастырудың методологиялық қателік
екендігі, тарихи дамудың алуан түрлілігі, ұлттық және адамзаттық
құндылықтардың өзара бірлігі туралы принциптер ескерілді.
Диссертацияда көтерілген мәселелердің бағыт-бағдарын анықтауда кеңес
қоғамы жөнінде әлемдік қоғамтану ғылымында қалыптасқан әмірлік экономика,
модернизация, этникалық стратификация теорияларының маңыздылығын атаған
жөн.
Жұмыстың теориялық-методологиялық негізі бірінші тарауда арнайы
қарастырылды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
1 Қазақ мұнайының тарихы өз бастауын 1899 жылғы Қарашұңғыл мұнай
бұрқағынан алып, ал әлем назарына іліне бастауы 1911 жылғы Доссор мұнай кен
орнының ашылуымен айқындалады. Кен орындарын іздеу, ашылу, игерілуімен бір
мезгілде жергілікті халық өндіріске тартылды. Алғашқы мұнайшы мамандар
қалыптасуының алғышарттары, кәсіби-әлеуметтік жағдайы, сандық және сапалық
құрамы мұрағат деректері арқылы алғаш рет беріліп, дәлелденді.
2 Көмірсутегі өнімдері әрқашан қоғам дамуының энергия көзі ретінде
сұранысқа ие. Аумалы-төкпелі 1917-1920 жылдары мұнайлы ауданға жергілікті
жердің шын иелері ретінде ұлттық мемлекетіміздің ізашарлары – Алашорда
үкіметі, соның ішінде Батыс Алашорда басшылары көзқарасы соңғы қол
жеткізген мұрағат және басқа да жазба деректері арқылы ұсынылды.
3 Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқының өнеркәсіпке
тартылуы және ұлттық жұмысшы, инженер-техникалық қызметкерлердің қалыптасуы
Кеңестік өндірістегі кадр саясатымен тығыз байланысты, сондықтан да Кеңес
үкіметінің алғашқы жылдары жүргізілген кадр дайындаудағы жұмыстарының Жайық-
Жем мұнайлы ауданындағы өзіндік ерекшелігі, оның географиялық жағдайы соны
құжатнамалы деректер арқылы дәлелденді.
4 Маман кадр даярлау ісінде алғашқы мұнай техникумы 1930 жылы ашылып,
жоғары білімді инженерлерді даярлау мақсатында Құрамысов атындағы мұнай
рабфагі ұйымдастырылды. Мемлекеттік Үлкен Жем бағдарламасына сай қазақ
жастары Мәскеу, Баку қалаларындағы жоғары оқу орындарына жіберіле бастады,
қазақтың алғашқы тау-кен металлургия институты ашылуы, кеңестік кезеңнің
мұнайлы өлкеге деген таптық саясатының көзқарасы тұрғысында мұрағат, басқа
да дерек көздері арқылы беріліп, ұлттық мұнайшыларды дайындаудың негізгі
бағыттары дәлелденді.
5 Мұнай өндірісі дамуында алғашқы геологиялық зерттеу ұжымдары
ұйымдастырылып, геологтардың ерен еңбегі нәтижесінде Ақтөбе облысы жерінен
мол мұнай қоры табылып, игеріле бастады. Мұнай өндірісінің дамуын
жеделдетуде темір жол, құбыр байланысы дамытылуына байланысты, мұнай-газ
саласын игерудегі орталықтың өктемдік саясаты жергілікті жерде, кадр
даярлау мәселесінде қандай қиыншылықтар арқылы жүзеге асқаны алғаш рет
деректер арқылы дәлелденді.
6 Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО-ның негізгі мұнайлы аудандары майдан
шебінде қалуы себепті, Қазақстанда мұнай-газ өндірісі соғыс арсеналы
ретінде толық қайтарыммен жұмыс жасады. Отандық алғашқы мұнай айыру зауыты
салынды. Жеңіс күнін жақындатуға мұнай өндірісі ұжымдары, жеке маман
кадрлары ерекше үлес қосқаны, бұрын ерекше еңбек үлесі есебінде
болғандықтан, диссертацияда осы кезеңдегі ауыртпалықты мәселенің екінші
жағы: депортация, маман кадрларды еңбек армияларына күштеп тарту, шектен
тыс еңбек нормалары, жас балалар мен қарттарды ауыр өндіріске тарту
мәселелері алғаш рет мұрағат құжаттары арқылы дәлелденді.
7 Соғыстан кейінгі 1950-1960 жылдар Кенқияқ, Прорва, Маңғыстау мұнай-
газ кеніштерінің ашылуымен есте қалады. Бұл жылдардың ел экономикасының
өрлеуіне зор серпін беруінде еңбек жарыстары және әйел қызметкерлердің
мұнай өндірісіне көптеп тартылуы әсер етті, бұл өндірістегі кадр құрамының
тұрақтануына әсер етті. Осы жылдары партиялық кадр саясатындағы мемлекеттік
ұйымдық тарту және қоғамдық шақырулар мұнайшы мамандар құрамының
интернационалдануына жағдай жасаса, ол әлеуметтік қайшылықтарға негіз
болды. Бұның бастысы Кеңестік кадр саясатының біржақтылығы, ұлттық
кадрларды даярлауға көңіл бөлмеу, өзіндік білімі мен басқарушылық қабілеті
бар мамандарды мұнай өндірісінен алшақтату саясаты алғаш рет отандық тарих
ғылымы бойынша мол деректер арқылы берілді.
8 1970-1980 жылдары Қазақстан мұнай-газ өндірісі мамандарының және осы
салаға шығармашылықтарын арнаған ғалымдардың ерен еңбектері нәтижесінде
әлемдік маңызы бар кеніштер: Бозашы, Теңіз, Жаңажол, Құмкөл, Қарашығанақ
ашылып, өнім бере бастады. Осындай алып кеніштер еліміз тәуелсіздігінің
экономикалық діңгегі болды, Қазақстандық жаңа келбетті инженер-техникалық
интеллегенция қалыптасуының негізгі ол саясатқа емес, осы мұнайлы өлкедегі
халықтың кәсіпке деген өзіндік бейімділігі арқылы алғаш рет мұрағат қорлары
арқылы дәлелденді.
9 Өндірістің басқа салалары сияқты, мұнай-газ өндірісінде де
Қазақстандық мұнайшы әулеттері қалыптасып, олардың арасынан бүгіндері
әлемдік мұнай кәсібінің танылған тұлғалары өсіп шықты, олар өндірістің
экономикалық және саяси әлеуетін арттырды. Мұнайшы әулеттері қалыптасуының
тарихи қажеттілігі, ол географиялық орналасуларына қарай және жалпы
өндірістік дамудың қазақ ауылдарынан сырт айналып өтпегендігінің айқын
дәлелі ретінде алғаш рет беріліп отыр. Бұл мұрағат және эпистолярлық
деректер арқылы дәлелденген ұстаным.
10 Тәуелсіз Қазақстанның дамыған, әлеуетті елдер қатарына қосылу үшін
жүргізіп жатқан саяси-экономикалық стратегиялық саясаты, ең алдымен, мұнай-
газ өндірісіне байланысты. Нарық жағдайына сай кәсіби мұнайшы мамандарын
даярлау, оларды әлемдік мұнай алпауыттарымен бәсекелесе алатын деңгейде
тәрбиелеу, сол арқылы ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде отандық
тәжірибеге арқа сүйеу, мұнайшыларды даярлаудың тарихи тағылымы алғаш рет
ғылыми тұрғыда сарапталынып отыр.
Зерттеудің сарапталып, сыннан өтуі. Диссертация ҚР БҒМ Қызылорда
Болашақ университеті Тарих және қоғамдық пәндер кафедрасында
талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі тұжырымдары
халықаралық, республикалық және аймақтық – Қазақстан 1941-1945 жылдардағы
Ұлы Отан соғысында (Орал, 1991), Қазақстанның Батыс өлкесі тарихының кейбір
мәселелері (Атырау, 1998), Шоқан тағылымы – 10 (Көкшетау, 2005), Шоқан
тағылымы – 11 (Көкшетау, 2006), Шоқан тағылымы – 12 (Көкшетау, 2007),
Шоқан тағылымы-13 (Көкшетау, 2008), Орталық Азия елдерінің
мемлекетаралық интеграциялық байланыстарын жаңғырту атты 2-ші Түркістан
Форумы (Түркістан, 2006), VI Халықаралық мұнай-газ химиясы (Томск, 2006),
Каспий теңізі қайранынан көмірсутегі өнімдерін өндіру проблемалары (Атырау,
1998), Қазақстандағы Украина жылы (Киев, Қызылорда, 2008), Халықаралық
Астрономия жылына арналған (Киев, Қызылорда 2009) конференцияларында
көпшілік назарына ұсынылды.
Зерттеу тақырыбы бойынша Қазақстан мұнай-газ өндірісі саласы маман
кадрлары монографиясы (Қызылорда, 2007. -282 б.) жарық көрді және
республикалық, шетелдік (Ресей, Қытай, Қырғызстан республикалары) ғылыми
басылымдарда 63 мақала жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспеден, бес тараудан,
қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі және осы мәселенің
зерттелу деңгейі негізделді, зерттеудің пәні мен нысаны, мақсаты мен
міндеттері анықталды, теориялық-әдістемелік негізі және хронологиялық-
географиялық ауқымы, ғылыми жаңалығы мен тәжірибелік құндылық деңгейі
сипатталады, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар дәйектелген.
Жұмыстың теориялық-методологиялық негізі, тарихнамасы және
деректанулық базасы деп аталатын бірінші тарауда мәселеге қатысты
концепциялық ұстанымдар, тақырыптың тарихнамасы мен деректік базасы толық
талданады.
Қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда жұмысшы табы қалыптаспаған болатын.
Ұлттық аймақтарды да революция ісіне тартуға теориялық негіздеме жасауға
ұмтылған большевиктер партиясының жетекшісі В.И. Ленин Ресейдегі азаттық
қозғалысының тұтастығы туралы теория ұсынған болатын. Ол бойынша Ресейдегі
орыс жұмысшы табының әлеуметтік күресі, орыс мұжықтарының жер үшін күресі
және шет аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалысы бір арнада дамыды деп
тұжырымдалады. Бірақ ол Қазақстанда кеңестер түріндегі пролетариат
диктатурасының отаршылдық сипатын жасыра алмады. Сол себепті ұлттық
аймақтарда, оның ішінде Қазақстанда өндірістің түрлі салаларында жергілікті
халықтан жұмысшы кадрларды жедел қарқынмен дайындау мәселесі күн тәртібінде
тұрды. Бұл жағдай мұнай саласында білікті кадрларды дайындауға да әсер
етті. Бұл жұмыс барысындағы олқылықтарды орыс пролетариатының гегемондық
рөлі жөніндегі қағида шиеленістіре түсті. Этникалық стратификация
теориясы осы жағдайдан туындады. Жұмысшы табының қоғам дамуындағы шешуші
рөлі туралы теория, басқа да кадр мәселесіне қатысты тұжырымдар, теориялық
мәселелер жұмысшы, кадр мәселесі К.Маркс [14], Ф.Энгельс [15] еңбектерінде
көтеріліп, кейін В.И. Ленин [16] шығармаларында әрі қарай дамытылды.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында буржуазиялық мамандарды
революцияшыл жас кадрлармен алмастыру туралы Н.И. Бухарин [17], 1930
-жылдардағы реконструкция кезінде іс тетігін кадр шешеді деп ұран
тастаған И.В. Сталин [18] идеялары маман кадрларды дайындаудың бағыт-
бағдарын анықтады, кеңестік зерттеулердің негізін қалады.
1920 жылдардағы кеңес зерттеушісі М.Брудный жұмысшы кадрларының қоғамда
екі жақты рөл атқаратынын нақтылап айтқанда, оның техикалық (өндіріс
күштерінің өсуі, техниканың дамуы) және саяси (жұмысшы пролетариат
диктатурасындағы басты буын) күш екендігі [19] туралы зерттеуін ұсынды.
1930 жылдары бұл бағыттағы ізденістер жалғастырылды.
А.М. Панкратова жұмысшылардың әлеуметтік құрамына байланысты
зерттеулерге жол ашты [20]. Индустриализация кезінде (1926-1932 жылдары)
деревня кедейлерін өндіріске тартуда қоғамдық негізде ұйымдастыру шаралары
жүзеге асырылды, бұл бағыттағы іс-шаралар 1980 жылға дейін жүргізіліп
келді. Маман жұмысшы кадрларын мемлекеттік деңгейде дайындаудың теориялық
мәселелері А.М. Панфилованың монографиясында ғылыми тұрғыдан негізделді
[21].
Еңбек шақырулары, бүкілхалықтық еңбек жарыстары, маман жұмысшыларды
кәсіптік дайындау мәселелері, сондай-ақ жоғары білімді жұмысшы табы,
жұмысшы интеллигенциясы туралы қағидалар С.Л.Сенявский, В.Б.Тельпуховский
монографиясында жан-жақты тұжырымдалды [22].
Жұмысшы кадрлары және жалпы кадр мәселесін зерттеудің теориялық-
методологиялық мәселелері Қазақстан ғалымдарының еңбектерінде толықтырылды.
Олардың қатарында, А.Н. Нүсіпбековтің кадр тақырыбын зерттеудің теориялық
негіздері, кадрлардың сандық және сапалық құрамы, жас және жыныс ерекшелігі
мәселелерін зерттеуге жол ашуы [23], еңбек жарыстары туралы пікірлер
білдірген М.Уалиев [24], кадр мәселесіндегі ғылыми техникалық революция
әсері туралы Б.Абишева зерттеулерін [25], темір жол кадрлары жөніндегі
М.Асылбеков еңбектерін [26] айтқан орынды.
Алайда, маркстік-лениндік теориялық-методологиялық ұстанымдарды
басшылыққа алған зерттеу еңбектері кеңес қоғамындағы әлеуметтік-
экономикалық қайшылықтарды ғылыми шешу жолын көрсетуде дәрменсіздік
танытты.
1970 жылдардың ортасы мен 1980 жылдары елдегі әлеуметтік-экономикалық
шиеленіс кадр мәселесінде де көрінді.
Белгіленген әлеуметтік-экономикалық дамудың бесжылдық жоспарлары
орындалмады, жұмысшы кадрларын даярлайтын кәсіптік білім тұралады, инженер-
техникалық қызметкерлер әлеуметтік-тұрмыс жағдайларының дұрыс шешілмеуіне
байланысты өндірістен жаппай кете бастады.
1989 жылғы Жаңаөзен қаласындағы ұлт аралық шиеленіс әлеуметтік-
экономикалық дағдарыстың айқын көрінісі болды. Өндірістік аудандардағы
экология мәселесі, еңбек ақы, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру
проблемаларына шағын қалалар проблемасы мен көптеген жұмыс орындарының
қысқаруы, жабылуы салдарынан пайда болған жұмыс күші миграциясы мәселесі
қосылды. Оның бер жағында ірі өнеркәсіп аудандарына шеттегі қандастарымыз
көптеп қоныс аударып, мәселелер шиеленісі өсе түсті. Осы проблемаларды
саралап, тарихи тәжірибені теориялық деңгейде саралауға ұмтылған
З.Алдамжардың Тарих: пайым мен тағылым атты 2003 жылы жарық көрген
мақалалар жинағы жарық көрді [27].
Отан тарихындағы теориялық-методологиялық ұстанымдар туралы соңғы
зерттеулерден Х.Әбжановтың Ұлт тарихы: оны зерттеудің ұстанымдары қандай
болуы керек? атты мақаласын көрсетуге болады. Мақалада З.Алдамжар
көрсеткен теориялық ойлар ғылыми дамытылып, Қазақстан тарихын зерттеудің
қалыптасқан негізгі тұжырымдары ретінде: тарихты жасайтын адам, тарихты
жазуда адамзат тәжірибесі мен тағлымын ескеру, тарихтағы сабақтастық
әсіресе ұрпақтар сабақтастығы, ұлт тарихының гуманизмі, ұлт тарихының
оптимизмі туралы методологиялық тұжырымдармен байытты [28, 118-128 б.].
Диссертациялық жұмыста бұл пайымдаулар да назарға алынды.
1899 жылы 18 қарашада Қазақстанның Қарашұңғыл мекенінде 1894 жылы Л.Н.
Леман басқаратын 1-ші мұнай серіктестігі бұрғылаған 40 метр тереңдіктен
алғашқы Қазақстандық мұнайды бұрқақ түрінде алды. Осы кезден бастап бір
ғасырдан астам уақыт Қазақстан мұнай өнеркәсібі, оны игеруші мамандары,
ұйымдастырушы басшылары туралы түрлі мәліметтер, есептер, зерттеулер
жарияланып, дербес тарихнамалық тақырыпқа айналды. Тақырыптың ғылыми
зерттелу деңгейі тарихи зерттеу әдісіне және әдістемелік ұстанымдарына
қарай үш кезеңге сәйкес келеді. Қазан төңкерісіне дейінгі уақыттағы бірінші
кезеңдегі негізгі ұстанымдар таза ғылыми ақпараттық бағытта болып,
мәселенің тарихи жағы зерттелмеді. Екінші кезеңдегі зерттеу еңбектер
Кеңестік тарих ғылымының дамуымен байланысты. Үшінші кезең Қазақстанның
егемендігімен басталып, ұлттық төл тарихымызды қалыптастырудағы рухани
сілкіністер арқылы туған соны зерттеулермен жалғасады.
Бірінші кезеңде жарияланған зерттеу еңбектер мен ақпараттық мазмұнды
шолуларды саралай отырып түйіндегеніміз, ол Қазақстан жерінде мұнай
өндірісінің Қазан төңкерісіне дейін қалыптасып ғылыми-ақпараттық зерттеу
объектісіне айналғандығы, мұнай өнеркәсібі саласында Қазақстанның алғашқы
өнеркәсіп жұмысшы табының Қазан төңкерісіне дейін қалыптаса бастағандығы,
бұл салада капиталистік-өндірістік қатынастардың қалыптасуы туралы дәлелді
тұжырымдар жасалды.
Жайық-Жем мұнайлы ауданының дамуына, кадрлармен толығуында және
зерттеле бастауында 1935 жылы қарашада өткен КСРО Ғылым Академиясының
арнайы сессиясы маңызды рөл атқарды. Сессияда арнайы баяндамаларды,
академиктер И.М. Губкин, Н.С. Курнаков және қосымша баяндамаларды
академиктер А.Д.Архангельский, В.Е.Тищенко, Г.А.Надсондар жасады.
Эмбанефть тресті басшысы Я.В.Лаврентьевтің: Ембі мұнай өнеркәсібін
кім игеру керек? Бұнда, тек қазақ кадрларын дайындауға ғана арқа сүйеуге
болады. Басқа ұлттар сияқты қазақтардың арасында да талантты, білікті
адамдар бар. Сондықтан, адам тасымалын тоқтатып, ұлттық мамандар дайындауды
жолға қою керек – деген сөздері, жаңа істердің бастауының негізін қалады.
Ғалымдар мен өндіріс басшыларының баяндамалары Үлкен Жем деген атпен екі
том болып жарияланды [29].
1960 жылдары Қазақстан мұнай өнеркәсібінің экономикалық тарихы туралы
ғалым-экономист Т.Шаукенбаев (1913-1985 жж.) құнды зерттеуін ұсынды.
Мұнайлы өлкеде туып, Мәскеу мұнай институтын бітірген (1938 ж.)
Т.Шаукенбаев өзі көп еңбек еткен Ембі кәсіпшіліктерінің экономикалық
тарихын 1899-1959 жылдар аралығына дейін зерделеп, 6-бөлімнен тұратын
Жайық-Жем мұнайлы ауданы (1960 ж.) атты монографиясын жариялады.
Кейін оны Маңғыстау мұнай кәсіпшіліктерімен толықтырып, Қазақстан
мұнай өнеркәсібінің экономикасы (1970 ж.) атты іргелі зерттеуін ұсынды
[30]. Т.Шаукенбаев еңбектерінде мұнай кеніштерінің ашылуы хронологиясын
дұрыс көрсетіп, кеніштердің мұнай қоры мен өнім өндіру көрсеткіштерін
анықтап, көрнекті мұнайшылар С.Зорбаев, Б.Досбаева, Р.Есқариев сияқты
тұлғаларға тоқталады.
Мұнай өнеркәсібінде аз зерттелген салалар мұнай айыру өндірісі,
өндірістік-территориялық кешендер ұйымдастыру және маман кадр дайындаудың
сандық құрамнан сапалық биікке көтерілу мәселелері Г.Б.Каленова [31],
И.К.Камешев [32], В.В.Кисляков [33] сияқты тарихшы ғалымдардың назарын
аударды.
И.К. Камешовтың диссертациясындағы Комплекс кәсіпорындарының кадр
әлеуетінің қалыптасуы және дамуы атты екінші тарауында мемлекеттік-ұйымдық
тарту мен қоғамдық шақырулардың нәтижесінде Маңғыстау мұнай-газ кешенінде
кадр құрамының интернационалдану процесінің тез қарқынмен жүргені нақтылы
қарастырылды [32, 16-17 б.].
В.В.Кисляков өз диссертациясының Қазақ КСР мұнай өнеркәсібінде жұмысшы
кадрларының дайындалуы және қалыптасуы (1946-1970 жж.) атты екінші
тарауында мұнайшы мамандарды дайындаудағы кәсіптік-техникалық білім жүйесін
жан-жақты талдайды. Жұмысшы кадрларын қалыптастырудағы колхозшылардың,
әскер қатарынан босаған жастардың, орта мектепті бітірушілердің,
қызметшілердің үлес салмағын көрсетеді. Сондай-ақ, партия және Кеңес
органдарының ұйымдастыруымен соғыстан кейінгі жылдары жүргізілген
мемлекеттік-ұйымдық тарту, қоғамдық шақырулардың мәні мен маңызын
зерделейді [33, С. 16-17].
Тәуелсіздік жылдары республика экономикасының локомотиві болған мұнай-
газ өнеркәсібінің тарихы жан-жақты зерттеле бастады. Т.Төлепбергенов [34],
Ә.Мұқтаров [35], М.Есалиевалардың [36] диссертациялық ізденістері
мұнайшылар ұжымдарындағы саяси-идеологиялық жұмыстар, 1920-1940 жылдардағы
мұнай кәсіпшіліктері дамуы, 1930 жылдардағы ашаршылық пен нәубеттің мұнайшы
мамандарға тигізген әсері, 1970-1990 жылдардағы мұнайшы мамандарды дайындау
секілді проблемаларға арналды.
Т.Төлепбергенов Қазақстан мұнай, мұнай-химия өндірісі еңбек
ұжымдарындағы партия ұйымдарының идеялық-тәрбие жұмыстары (1976-1985 жж.)
атты диссертациясында партиялық баспасөз материалдары арқылы мұнай-химия
өндірісіндегі: Атырау мұнай өңдеу зауыты, Атырау химия зауыты, Ембімұнай,
Ақтөбемұнай, Маңғыстаумұнай мекемелеріндегі партия ұйымы жұмыстарын жан-
жақты талдады. Ә.Мұқтаровтың Жайық-Жем мұнай кәсіпшіліктерінің дамуы (ХХ
ғасырдың 20-40 жылдары) атты диссертациясының екінші тарауы Жайық-Ембі
мұнай кәсіпшіліктерін дамыту барысындағы ұлттық мамандарды даярлау
мәселелері (1926-1940 жылдар) деп аталып, мұнайшы маман кадрларының
қалыптасу мәселелері талданады. Ұлттық мамандарды даярлаудағы фабрика-зауыт
оқушылығы, мұнай техникумы және Мәскеу, Баку мұнай институттарындағы
мамандарды даярлау жан-жақты көрсетілген. М.Есалиеваның Қазақстан мұнай
өндірісінің жұмысшы кадрлары (1970-1990 жылдар) атты диссертациялық жұмысы
мұнайлы өлкедегі өндірістік бірлестіктердегі мамандар құрамын талдауға
арналған.
Мұнай-газ өнеркәсібі маман кадрларын даярлау проблемасы, 1990 жылдары
жазылған өнеркәсіп салалары жұмысшы, инженер-техникалық кадрлары
мәселелерімен сабақтастыра зерттелді. Олардың қатарында Б.Ж.Әбжаппарова
[37], М.Төлекова [38], Ж.М. Асылбековалардың [39] кандидаттық
диссертацияларын атап көрсетуге болады. Б.Әбжаппарова Қазақстан инженерлік-
техникалық интеллигенциясы республика өнеркәсібін дамытудағы рөлі (1960-
1970 жж.) атты диссертациясында инженер-техникалық интеллигенцияны
мамандар тобына жатқыза отырып, мұнайшы мамандарды даярлаудағы Қазақ
политехникалық институтында 1960 жылдары мұнайшы инженерлерді даярлайтын
бөлімдердің ашылуын және кадр құрамын баяндайды. Мұнайшы инженерлер Карпов,
Хисметов өнертапқыштық арқылы өндірісті жолға қою экономикалық оқудың
арқасы деп қорытындылайды. М.Төлекова Қазақстан өнеркәсіп жұмысшылары
(1976-1985 жж.) атты диссертациясында жұмысшыларды даярлаудағы кәсіптік
техникалық білімнің рөлін, жұмысшылардың кәсіптік техникалық шығармашылығы
нәтижесінде қоғамдық-өндірістік белсенділіктерінің өсуін баяндайды.
Ж.Асылбекованың 1959-1970 жылдары Қазақстан өнеркәсіп жұмысшылары (саны
және құрамы) атты диссертациясында жұмысшылардың ұлттық құрамына, саны мен
сапасына, жас және жыныстық құрамы, әлеуметтік белсенділігі талданды.
Кейін аталған зерттеулер Қ.С. Мұқитовтың [40], Л.Н. Нұрсұлтанованың
[41], Г.И. Көбенованың [42], Л.С. Серикованың [43] ізденістерімен толықты.
Сондай-ақ ғасырлар бастауында Ақтөбе, Маңғыстау және жалпы Батыс
Қазақстан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы зерттеулер де жарық
көрді. Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі бүгінгі күндері көмірсутегі
шикізаты қорын барлау, іздеу, табу, өндіру, өңдеу, тасымалдау т.б.
процестер негізін біріктіретін біртұтас кешен. Сондықтан Отандық мұнай
өндірісі тарихын, оның маман кадрларын көрнекті мұнайшы-ғалымдар Н.Надиров
[44], Б.Қуандықов [45], Л.Қиынов [46], Б.Ізмұханбетов [47], А.Айдарбаев
[48], Е.Әзербаев [49]еңбектерінсіз зерделеу мүмкін емес.
Тақырыптың деректік базасы негізін Қазақстан Республикасы Орталық
мемлекеттік мұрағаты, Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты, Ақтөбе облыстық
мемлекеттік мұрағаты, Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағаты, Батыс
Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы Экономика
мұрағаты, Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы
Орынбор, Астрахань облыстық мұрағаттары деректері құрайды. Деректер
арасында: Қазақ КСР индустрияландыру тарихы (1926-1941 жж.), Қазақстандағы
коммунистік еңбек қозғалысы (1958-1967 жж.), Социалистік мұнайлы Ембінің
қалыптасуы атты құжаттар жинағын да атап өтуімізге болады. Жинақ ішінде
Республикада тіркелген 47 қазақ, 41 орыс тілді облыстық, аудандық газет
беттеріндегі 119-құжатты деректер жарияланған, оларда мұнай өнеркәсібі мен
мұнайшылар туралы деректер өте мол.
Қазақстан мұнай өнеркәсібінің қалыптасып, дамуы және маман кадрларының
өсіп, жетілуі туралы естеліктер, мұражай және статистика құжаттары,
баспасөз материалдары да тарихи құнды дерек ретінде алынды.
Тұңғыш қазақ мұнайшы мамандары: саны және сапасы атты екінші тарауда
алғашқы мұнайшылардың қалыптасуындағы географиялық орналасуы, әлеуметтік
жағдайы, алғышарттары, шетел мамандарының өлкедегі өндірістік қызметі
мұрағат деректері арқылы сараланды.
Каспий теңізінің Қазақстандық жағалауын, яғни Ембі-Жайық өзендері
аралығын өндірістік негізде барлау жұмыстары Ресей үкіметінің Орынбор-
Ташкент теміржолын салу жобасымен тұстас басталды.
Тарихта Қазақстан жеріндегі бірінші мұнай серіктестігі деп аталған
мекеме басында, Петербургте полковник А.Н. Леман бастауымен құрылып, 1898-
1909 жылдары А.Н. Леманның Гурьев мұнай өңдеу мекемесі деп аталды.
Мекеме 1898 жылға дейін Доссор, Ескене, Қарашүңгіл, Қаратонда қолмен
бұрғылау қондырғылары арқылы 60 ұңғыма қазды. 1899 жылдың басында мекеме
жұмысына А.Н. Леман толық иелік етіп, бұрғылау жұмысын жандандыра түсті.
Қарашүңгілде бұрғыланған тереңдігі 38-275 метрлік ұңғымалардың бірінен,
атап айтқанда №7 ұңғымадан, 1899 жылы 18 қарашада 40 метр тереңдіктен мұнай
бұрқағы атқылады. Тәулігіне 22-25 тонна мұнай атқылаған ұңғымадан 5 мың
тонна мұнай алынды. Бұл Қазақстан жеріндегі тұңғыш мұнай бұрқағы еді [50, 8
п.].
А.Н. Леман қарауында қазақ жұмысшылары да болған. Мұрағат деректерінде
олардың есімдері берілген: Көккөз Бегимов, Өтебай Баймағамбетов т.б. Қазақ
даласы мұнайының өндірістік игеріле бастауы Доссор мұнай кенішіне
байланысты.
Жайық-Каспий (УКНО) қоғамы бұрғылап жатқан Доссордағы №3 ұңғымадан
1911 жылы 29 сәуірде 12 00 сағатта 732 пұт тереңдіктен (1 пұт – 0,3048
метр) мұнай бұрқағы атқылады. Бұрқақтан тәулігіне 500 000-600 000 пұт (1
пұт – 86,38 кг) мұнай шығарылды. 30 сағат бойы тынбай атқылаған бұрқақ 30
сәуір күні кешкі 620 сағатта өртеніп, күші әлсірейді. 1 мамыр күні түскі
310 сағатта бұрқақ тоқтап, ұңғыма жабылған.
Полиция мәліметі бойынша 1914 жылы Доссорда 1582 адам тіркелген, оның
1297–і ер, 285–і әйел адам. Доссор өндірісі әкімшілігі мәліметінше 1914
жылы қаңтарда 1503 адам, маусымда 1930 адам тіркелген. Ал, 1915 жылы адам
саны 3 000-ға жеткен. Доссордың өзіндегі жер және киіз үйлерде 143-қазақ
жанұясы, яғни 411 ер, 387 әйел адам тұрған. Доссорға жақын Жәнібек
құдығында 143 жанұя, яғни 462 ер, 315 әйел адам болған. Ащықұдық және
Білеулі елді мекендерінде 50 жанұя, яғни 149 ер, 133 әйел адам тіркелген.
Доссор мұнайлы бұрқағы Ембі ауданының келешегінен үлкен үміт күттіріп,
оның атағын бүкіл әлемге әйгіледі.
Мұнайлы өлке дамуында Мақат ауданын барлау-бұрғылау ісімен төрт мұнай
қоғамы айналысты. Олар: Жайық-Каспий мұнай қоғамы 1910 жылдан 649 метрлік
бір ұңғы, Ембі қоғамы 1913 жылдан бастап 1839,8 метрлік төрт ұңғы, Ембі-
Каспий қоғамы 1913 жылдан бастап 824,3 метрлік екі ұңғы, Колхида қоғамы
1913 жылдан 750 метрлік бір ұңғыда барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізген.
Қажырлы жұмыстар нәтижесінде 1915 жылы 31 мамырда Ембі-Каспий қоғамы
бұрғылаған №2 ұңғыдан 400 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы алынып, Мақат
мұнай кенішінің тарихи беті ашылды.
Мақат кеніші тәулігіне 150-170 тонна мұнай берді.
Мұрағат деректерінде 1900 жылы Қазақстанда 22 680 өнеркәсіп жұмысшысы
болса, мұнай өнеркәсібінде 135 жұмысшы болды. Оның саны 1902 жылы 132, 1903
жылы 34, 1913 жылы 454, 1914 жылы 486, 1915 жылы 663, 1916 жылы 486 адамға
жетті.
Ембі мұнайлы ауданына Ресейден, әсіресе Баку мен Астраханнан маман
жұмысшылар келді. Мұнайшылар арасында әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің
пайда болуы 1911 жылғы Доссор мұнай кенішінің ашылуынан кейін қайта
тіркелді.
1913 жылы Ембі мұнай қоғамы жұмысшылары Баку жұмысшылары
ұйымдастыруымен бес күндік ереуіл ұйымдастырды. Қоғамның әкімшілігі
жұмысшылар талаптарын орындауға мәжбүр болды.
1914 жылы қаңтар айында Доссорда Жайық-Каспий мұнай қоғамы (УКНО)
жұмысшылары бастауымен 1500 адам қатысқан ереуіл өткізді. Ереуілді Баку
және Саратов мұнайшы мамандары: кілтшілер – Федоров, Гундерн, машинист –
Мартышкин, ұста – Тяжев басқарды. Ереуілшілер арасында қазақ жұмысшылары
Х.Бетбенов, Б.Жұбатқанов, А.Айбаров, Т.Сартов болды [51, 50-51 пп.].
Қазақстан мұнай өнеркәсібінде 1917 жылдың басына дейін 10-ға жуық
ереуілдер, бас көтерулер болып өткен. Осы кезеңде Қазақстан территориясында
ірі ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Азаматтық-саяси қайшылықтар
Ресейдегі ақпан буржуазиялық демократиялық революциясы және оның Қазақстанға ықпалының ерекшелігі
Дағдарыс қарсаңындағы бейбіт келісімдер желісі
Қазақ баспасөзiнiң дерекнамасы мен тарихнамасы
Вашингтон конференциясы және «Тоғыз держава келісімі»
Қазақстан елді индустрияландыру кезеңінде
Қазақстандағы аштық, 1921-1922 жж. : құжаттар, статистика, ақпарат
Алаш зиялыларының аштықпен күресі
Мұстафа Шоқайұлы-тарихи тұлғалығын зерттеу
1917 жылғы Қазан төңкерісі және қазақ шаруалары
Пәндер