Қазақстан Республикасының билік жүйесін демократияландыру саясаты


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 30 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 321. 74:321. 01(574) Қолжазба құқығында

СӘРСЕНБАЕВА ЖАНАР ҒАНИҚЫЗЫ

Қазақстан Республикасының билік жүйесін демократияландыру саясаты

23. 00. 02 - Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар

Саяси ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007

Жұмыс Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің теориялық және қолданбалы саясаттану кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекші: саяси ғылымдарының

докторы, профессор

Борбасов С. М.

Ресми оппоненттері: саяси ғылымдарының

докторы Иренов Г. Н.

саяси ғылымдарының

кандидаты Нукенов А. Н.

Жетекші ұйым: Әл-Фараби атындағы Қазақ

ұлттық университетінің

саясаттану кафедрасы.

Диссертация 2008 жылғы 11 қантарда сағат 14 00 -де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі 23. 00. 02 - саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар мамандығы бойынша саяси ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғалатын Д. 14. 21. 03 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13. Конференц-зал.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі 30.

Автореферат 2007 жылғы 29 қарашада таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, саяси

ғылымдарының докторы Г. Р. Нұрымбетова

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстанда конституциялық реформа негізінде президенттік-парламенттік демократиялық билікке көшу процесі зерттелген. Бұған ықпал ететін демократия мен демократияландырудың түрлі модельдері мен мазмұны анықталған. Қазақстандағы билік тармақтарын одан әрі демократияландыру ісін жетілдіру жолдары жан-жақты талданып, ұсыныстар берілген.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық модернизация мен билік жүйесін демократияландырудың жаңа кезеңінде тұр. Жаңа Конституциялық реформаға сәйкес билік жүйесін демократияландыру процесі жүзеге асырылуда және оны жетілдіру мәселелері жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Біріншіден, Конституцияға жаңадан енгізілген өзгерістердің, әсіресе президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшудің мазмұнын талдау кезек күттірмейтін қажеттіліктен туындап отыр.

Екіншіден , демократия феномені әр уақытта нақтылы тарихи дәуірге, яғни оның концепцияларының әлеуметтік-саяси, философиялық эволюциясына байланысты. Сондықтан оның дұрыс және бұрмаланған бұрыс жақтарын айқындау қажет. Оған объективті, ғылыми тұрғыдан қарау - бірден бір дұрыс жол болып табылады.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасының билік жүйесін демократиялық жолмен дамыту мәселесі сан-салалы және күрделі. Олардың бәрі бірдей түгел табан астында жүзеге асырыла бермейтіні белгілі. Ол үшін заңдық және басқа да негіздер жасалуы керек, уақыт та қажет. Сондықтан ол ғылыми зерттеулер мен талдауларды қажет етеді.

Төртіншіден, Қазақстанда демократияландыру процесіне септігін тигізетін факторлардың (сайлау, БАҚ, оппозиция, азаматтық қоғам) жай-күйін және азаматтардың демократиялық мінез-құлқын тәрбиелеу жолдарын анықтау қажет.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тарихта демократия мәселесі аз зерттелген жоқ. Оны оң мән-мағынасында түсіндіруге Монтескье, Гоббс, Локк, Руссо, Кант көп енбек сіңіргені белгілі. “Адам құқы декларациясы” (1791) қабылданған кезден бастап демократия мемлекеттік құрылымның республика түрінде қабылданды. А. Токвильдің “Америкадағы демократия туралы” атты еңбегінің үлкен маңызы болды. Бұл мәселемен кейінірек көптеген ғалымдар және саясаткерлер айналысты (Р. Арон, Г. Алмонд, Н. А. Бердяев, Д. Истон, В. И. Ленин, К. Каутский, Г. В. Плеханов, А. Салмин, Ю. Хабермас және т. б. ) [1] .

Қазіргі таңда қоғамды демократияландыру мәселесі одан әрі зерттеуді қажет етіп, нағыз көкейкесті сипат алып отыр. Президент Н. Ә. Назарбаевтың еңбектерінде бұған үлкен мән беріліп, оның бағыт-бағдары атап көрсетілген [2] . Оның тікелей бастамашылығымен «Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі - еркін демократиялық қоғамды жедел дамыту» атты баяндамасы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сөйтіп президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшу мәселелері Парламентте шешімін тапты.

Қазақстан Республикасының билік жүйесі мәселелеріне байланысты С. И. Абдулпаттаевтың, Б. Т. Аяғановтың, Р. Б. Әбсаттаровтың, Л. А. Байдельдинов-тың, Н. Ж. Байтенованың, А. С. Балгимбаевтың, Ә. Бәкірдің, М. А. Биекеновтың, А. Х. Бижановтың, С. М. Борбасовтың, К. Н. Бурхановтың, А. М. Джунусовтың, А. Дьяченконың, Е. Ертісбаевтің, Ғ. Есімнің, Ж. Жунусованың, С. Зимановтың, Г. Ибраеваның, Л. М. Иватованың, Г. Н. Иреновтың, А. Ш. Ишмухамедовтың, Р. К. Қадыржановтың, Н. Қалиевтың, А. С. Қалмырзаевтың, Д. Кішібековтың, М. Б. Қасымбековтың, С. Қ. Қозыбаевтың, Е. А. Кузнецовтың, А. И. Лұқпановтың, Б. А. Майлыбаевтың, Т. А. Мансуровтың, Д. Медеуованың, Ж. Ж. Молдабековтың, Д. Н. Назарбаеваның, Б. Нарбаевтың, С. З. Нарматовтың, М. С. Нәрікбаевтың, К. Ж. Нугманованың, А. Н. Нукеновтың, Г. Р. Нұрымбетованың, Ә. Нысанбаевтың, В. Ф. Петрованың, Н. В. Романованың, Т. С. Садықовтың, Г. Сапаргалиевтің, Т. Сәрсенбаевтың, С. Т. Сейдумановтың, Ж. Қ. Симтиковтың, К. Л. Сыроежкиннің, И. Н. Тасмагамбетовтың, М. Б. Татимовтың [3] және т. б. еңбектерін атауға болады.

Бұл еңбектердің осы жұмыс тақырыбын тереңірек ашып көрсетуге жәрдемі үлкен.

Сонымен қатар демократияландыру процесіне қатысты мына еңбектерді де атап кеткен жөн. «Еуразиялық кеңістіктегі демократиялық реформалардың тәжірибесі: салыстырмалы үлгілері мен қолданбалы тетіктері» атты халықаралық конференция туралы жинақ жарық көрді. Мұнда негізінен қаралған мәселелер: евразиялық кеңістіктегі саяси транзит; посткеңестік кеңістіктегі реформалардың ерекшеліктері; Орталық Азия елдеріндегі реформалар; ҚР-дағы саяси модернизация және т. б.

С. А. Дьяченконың «Проблемы демократической модернизации в Казахстане» атты диссертациясында [4] өтпелі қоғам саяси жүйесінің трансформациялануы, оның ішінде Қазақстан Парламенттік институтының эволюциясы, орта таптың қалыптасуы, үкіметтік емес ұйымдардың дамуы, Қазақстан социумының саяси мәдениеті, партиялар құру және олардың сайлау кампанияларына қатысу мәселелері зерттелген.

С. А. Сұлтановтың «Представительная демократия переходного общества»[5] атты диссертациялық жұмысында өкілетті демократияның қалыптасу эволюциясы, оның мемлекет пен қоғамдағы орны, оған партиялық жүйенің ықпалы қарастырылған.

Ж. Е. Ішпекбаевтың «Қазақстан қоғамын демократияландыру ауқымындағы жалпымемлекеттік консенсустың қалыптасу ерекшеліктері» атты диссертациясында жалпымемлекеттік консенсус саясатының теориялық мәселелері, оның Қазақстан қоғамын демократияландыруға ықпалы зерттелген[6] .

2004 жылы бір топ авторлардың демократия мәселелеріне байланысты еңбектері [7] жарық көрді. Онда транзитті қоғам жағдайында саяси, идеологиялық, адамгершілік, экономикалық, демократиялық қайта құру мәселелері, Қазақстанның тоталитаризм жағдайындағы дағдарысты қиыншылықтар және тәуелсіздік алудың алғашқы қадамдары, өтпелі кезеңдегі экономиканы реттеудің теориялық мәселелері зерттелген.

Бірақ, айта кету керек, бұл еңбектерде билік жүйесін демократияландыру мәселелері жаңа жағдайға байланысты егжей-тегжейлі зерттелді деуге болмайды.

Демократияландыру комплексті проблема. Оның тармақтары мен жақтарын жеке бөліп алып ғана зерттеумен шектелу, қаншалықты дұрыс болғанымен, жеткіліксіз. Сондықтан диссертация тақырыбы кең ауқымда «Қазақстан Республикасының билік жүйесін демократияландыру саясаты» деп алынып отыр.

Зерттеу пәні болып Қазақстан Республикасы билік жүйесін демократияландыру процесі ерекшеліктерін ғылыми зерттеу жолы таңдалды.

Зерттеудің нысаны демократияның ғылыми концепциялары, оның Қазақстан жағдайындағы ерекшеліктері, мемлекеттік билік тармақтары, құрылымдары және саяси партиялар мен БАҚ құралдары болып табылады.

Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының билік жүйесін жаңа Конституциялық реформа негізінде демократияландыру процесін ғылыми - сараптамалық тұрғыда кешенді түрде зерттеу.

Зерттеудің ғылыми мақсатына жету үшін төмендегідей негізгі міндеттер қойылды:

- Қазақстан Республикасының президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшуінің мәні мен мазмұнын ашып көрсету;

- Тарихтағы демократия концепцияларының және демократияландыру модельдерінің саяси сипатын, оның Қазақстан үшін мәнін анықтау;

- Элиташылдық және авторитарлы демократия үрдістерінің саяси сипатын ашып көрсету;

- Қазақстан Республикасының өтпелі кезеңдегі саяси жүйені демократияландыру саясатына сараптама жасау;

- Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер негізіндегі қалыптасып келе жатқан парламентаризмнің саяси-құқықтық ерекшеліктерін талдау;

- Атқарушы билік пен сот жүйесін демократияландыру ісіндегі жаңа өзгерістерді пайымдау және оны жетілдіру жолдарын қарастыру;

- Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару ісін демократияландырудағы жаңалықтарды сараптау;

- Қазақстанда билік жүйесін демократияландыруға жәрдемдесетін факторлардың жай-күйін, оны жетілдіру жолдарын анықтау;

- Билік жүйесін демократияландыру процесін жетілдіру ісіне байланысты тиісті ғылыми қорытындылар мен ұсыныстар енгізу.

Диссертациялық зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері.

Демократия мәселелерін зерттеу үшін тарихи жүйелеу, диалектикалық, компаративтік, функциональдық әдістемелемік принциптерге сүйендік.

Зерттеу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың еңбектері, әсіресе халыққа Жолдаулары, Қазақстан-2030 бағдарламасы, «Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі - еркін демократиялық қоғамды жедел дамыту» басшылыққа алынды. Сол сияқты Қазақстан Республикасының Конституциясы, Заңдары мен нормативті-құқықтық актілері пайдаланылды.

Зерттеуде сараптамалық және логикалық талдау әдістері қолданылды. Сонымен қатар бақылау, анкеталық сұрау салу, құжаттарды талдау әдістері, қазақстандық саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламалары пайдаланылды.

Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы Қазақстандағы билік жүйесі салаларын демократияландыру процесі алғаш рет жаңа конституциялық реформа негізінде кешенді түрде зерттелді. Соның негізінде төмендегідей теориялық және практикалық ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:

- Қазақстан Республикасының президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшуінің мәні мен мазмұны ашып көрсетілді;

- Тарихтағы демократия концепциялары мен модельдерінің мазмұны және олардың қазіргі Қазақстан билік жүйесін демократияландыру ісіне ықпалы анықталды;

- Элиташылдық және авторитарлы демократия үрдістерінің қазіргі демократияландыру саясатына ықпалы тұңғыш рет ашып көрсетілді;

- Қазақстан Республикасының өтпелі кезеңдегі саяси жүйені демократияландыру саясатына алғы шарт ретінде сараптама жасалды;

- Қазақстан Республикасы Конституциясына жаңадан енгізілген өзгерістер негізінде қалыптасып келе жатқан парламентаризмнің саяси-құқықтық ерекшеліктері айқындалды;

- Атқарушы және сот жүйесін демократияландыру ісіндегі жаңа өзгерістер сараптамаланып, жетілдіру жолдары ашылды;

- Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару ісін демократияландыру жолдары жан-жақты талданды;

- Қазақстанда билік жүйесін демократияландыруға жәрдемдесетін факторлардың (БАҚ, сайлау, оппозиция және т. б. ) жай-күйі мен рөлі анықталды;

- Билік жүйесін демократияландыруды одан әрі жетілдіру ісіне байланысты тиісті ғылыми қорытындылар мен ұсыныстар енгізілді.

Диссертацияның ғылыми және тәжірибелік маңызы. Зерттеулердің нәтижесінде алынған билік жүйесін демократияландыру жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар іс жүзінде пайдаланылуы мүмкін. Мемлекеттік органдар қызметінде демократияның ғылыми мәнін және Қазақстан жағдайындағы ерекшеліктерін түсінуге жәрдемдеседі.

Жоғарғы оқу орындарында саясаттану және әлеуметтану пәндері бойынша «Қазақстандағы демократиялық процестердің мәні және сипаты» тақырыбына дәрістер, арнаулы курстар өткізуге, ғылыми зерттеулерді жетілдіру ісіне негіз бола алады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар

1. Қазақстанда билік жүйесін демократияландыру жолында 2007 жылы өте батыл шешімдер қабылданды. Қоғамдағы кейбір саяси күштер тарапынан халықтың демократияға әлі де болса, мәдени, саяси жағынан дайын еместігі туралы пікірлер айтылғанына қарамастан, Президент Н. Ә. Назарбаевтың стратегиялық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол басқарған мемлекеттік комиссияда партиялар жұмыс істеп, демократиялық реформалардың бағдарламасы нақтыланды. Бұдан 15 жыл бұрын ТМД-ның жас мемлекеттері қалыптаса бастаған кезде, оның кейбіреулері саяси реформалаудан бастаса, Қазақстан экономикаға басымдық берді. Президент Н. Ә. Назарбаев айтқандай, «алдымен экономика, содан соң саясат» деген принцип жүзеге асырылды. Оған халықаралық қауымдастық оң баға берді деуге болады. Бастысы - Қазақстанның саяси тұрақтылығы сақталынды. Қазір мемлекет дамуының жаңа кезеңінде саяси реформаларға да басымдық мән берілді.

2. Қазақстанда демократияландыру жоғарыдан бастау алғанымен, халық арасында бірнеше жыл бойы талқыланды. Себебі өтпелі кезеңде демократияландыру жөнінде посткеңестік республикаларда бұрмалаушылықтар орын алды. Соның салдарынан бюрократиялық тосқауылдар мен жалған демократия бой көрсетті. Жұмыста осыған байланысты жан-жақты талдаулар берілді.

3. Қазақстанның демократияға жетуі үшін әлі де болса, бірнеше ұрпақ ауысуы тиіс деген пікірлер де болды. Н. И. Харитонова өзінің «Демократический выбор для России и для Казахстана» атты жұмысында: «Главная проблема, очевидно, в том, что в России и Казахстане граждане еще не готовы к тому, чтобы жить в истинно демократическом обществе», [8] - дейді. Бұл пікірін ол кеңестік өмірдің салдарынан деп түсіндірмекші болған. Бірақ осы пікірін жазып отырған 2006 жылы кеңестік өмірдің артта қалғанына 15 жыл өткенін естен шығарған. Сөйтіп, біздіңше айтқанда, өзінің теріс топшылауын тұжырымдаған.

4. «Демократия» ұғымы бүкіл әлемде бірдей ме, әлде, қоғамды демократияландыру процесінде әр елдің өзіндік ерекшелігі бола ма деген сұрақ туындады. Бұл жөнінде пікір-таластар аз болмады. Міне осындай жағдайда Президент Н. Ә. Назарбаев демократияландыру жолында Қазақстанның өзіндік жолын таба білді.

5. Қазақстан Президенттік-Парламенттік Республикаға айналды . Конституцияда азаматтық қоғамның алғышарты болып табылатын азаматтардың құқықтары мен еркіндіктері заңдастырылды; баламалы негізде жалпы сайлау жолымен мемлекеттік билікті ауыстырудың тетігі белгіленді; атқарушы билікке тепе-тең болатын жаңа екі палаталы Парламент жұмыс істейді; құқықтық-сот жүйесі реформалануда; өзін-өзі басқару институты қалыптасып келеді; көппартиялық жүйе және саяси плюрализм қалыптасу және даму үстінде; тәуелсіз БАҚ қалыптасуда.

6. Қазақстан Республикасының тұңғыш президентіне қанша мерзімге сайланамын десе де құқығы шектелмейтін болып шешілуі; 2007 жылғы сайлауда бірпартиялы парламенттің «Нұр Отан» партиясы мүшелерінен жасақталуы; Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшелері бір топ өкілдерінің Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болып сайлануы демократияның бір белгісі екені және ұлтаралық татулықты қолдау екені дәлелденді.

7. Конституцияға енгізілген демократиялық өзгерістер өте маңызды және ол халықтың қолдауына ие болды. Бірақ бұл, біздіңше, алдағы кең демократияландыру бағытындағы алғашқы қадам. Қоғамда әлі де болса демократияландыру ісіне кедергі келтіретін келеңсіз жағдайлар баршылық. Мысалы, шенеуніктердің озбырлығы және қоғамда орын алып жатқан жемқорлық және т. б. Олай болса демократияландыру процесін әлі де жетілдіре түсетін тұстар аз емес.

Ең алдымен: а) Парламент құзырын кеңейтіп, атқарушы биліктің құзырын бұрынғысынан тарылту; б) тәуелсіз және объективті сайлап қойылатын сот жүйесін енгізу; в) әкімдерді халық сайлап, жергілікті өзін-өзі басқаруды толық қалыптастыру; г) баспасөз бостандығына демократиялық кепілдік; д) электронды ақпарат құралдарына шығуға барлық саяси партиялар мен қоғамдық күштерге теңдей мүмкіндік берілу қажет.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен мақұлдануы. Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен қорытындылары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде өткен «Будущее глазами молодежи» атты студенттердің ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2000 ж. ) ; Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогика институтында өткен «Қазақ қызы: өткені, бүгіні, ертеңі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2003 ж. ) ; Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттерінің бірігіп өткізген «Актуальные проблемы демократической модернизации Казахстанкого общества» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, желтоқсан 2005 ж. ) ; Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Пути реализации основных приоритетов продвижения Казахтана в число наиболее конкурентноспособных и динамично развивающихся государств мира в контексте задач, поставленных Президентом Республики Казахстан Н. А. Назарбаевым в Послании Народу Казахстана» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2006 ж. ) ; Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткен «Новый этап социально-экономической и политической модернизации Казахстана: проблемы реализации» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2006 ж. ) ; Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Егемен Қазақстанның дамуы: тәжірибе, үрдістері мен болашағы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2007 ж. ) баяндалып, талқыланды.

Сол сияқты диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен ұстанымдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің «саясаттану» бөлімінің студенттеріне дәріс оқу барысында баяндалды.

Сонымен бірге диссертациялық зерттеудің негізгі мазмұны мен теориялық қағидалары бойынша «Қазақстан: билік жүйесін демократияландыру саясаты» атты монография және 10 ғылыми мақала жарық көрді. Мысалы, «Саясат» журналында 2 рет, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Хабаршысында және т. б. басылымдарда.

Диссертация Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттерінің теориялық және қолданбалы саясаттану кафедрасында 2007 жылы 27 қыркүйекте талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Ғылыми еңбектің мақсаты мен міндеттеріне және қисынына сай диссертация кіріспеден, екі тараудан, соған сәйкес жеті тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

Жұмыстың жалпы көлемін 128 бет компьютермен терілген мәтінді құрайды.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның «БИЛІК ЖҮЙЕСІН ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты бірінші тарауының 1. 1. тараушасында демократия концепциясының тарихи эволюциясы зерттелген. Себебі Алғашқы қауымдық құрылыстан бастап демократия үрдістері тарихи өзгерістерге ұшырап отырған, оны зерделемей болмайды.

Алғашқы қоғам жағдайында барлық адам тең жағдайда өмір сүрген: өндіргіш күштері және құралдары қарапайым және оларды жеп-жеңіл әркім дайындап алған. Бір адам ешқандайда біреуді өзіне қызмет істеуге көндіре алмаған. Қоғамның барлық мүшелерін, әсіресе, ержеткен еркектерді біріктіретін халықтық жиналыс болып табылған. Бұл сияқты алғашқы демократия адамзаттың отырықшылығына, егіншілікпен айналысқанына, қалалардың пайда болуына дейін сақталған.

Ежелгі грек полисі Афинада халықтың (құлдардан, әйелдерден басқа) жиналыстарда мемлекеттің (полистің) тағдырын анықтауға мүмкіндіктері болған, ішкі және сыртқы саясатын белгілей алған. Сөйтіп, басқарудың демократиялық және ұжымдық түрлері аристократиялық биліктің орнын басқан. Халық жиналыстарында «сөз еркіндігі», заң алдындағы теңдігі, азаматтардың саяси құқықтары негізделген. Бірақ демократияның антикалық түрлері жеткілікті дамымаған еді. Платонның пікірінше, монархия да, демократия да жаман: Билігі шектен тыс монархия жаман, еркіндігі шектен тыс демократия жаман. Платоннан кейін Аристотель бұл айтылған проблемаларды жаңа қырынан қарастырып, демократиялық басқару принципінің баламалы жолын ұсынған: 1. Басқаруды байлар мен кедейлердің тең жағдайда жүргізуі; 2. Қоғамдық қызмет атқарудың ең төменгі мүліктік шарты; 3. Қызметке сот жолымен жазаланбағандардан басқаларының бәрін қабылдау; 4. Қызметке толық құқықты азаматтардың (еріктілер, құл еместер) барлығын қабылдау; 5. Заңның суверенділігін тану. Демократияның аристотельдік бұл концепциясы жаңа заман жағдайында сақталынған және ірі саяси ойшылдардың шығармаларында одан әрі байытылған.

Орта ғасырларда саяси ой-пікір демократияны басқаша түсіндірудің жолын, яғни монархқа сенім білдірген халық билігін іздестірген. Басқаша айтқанда, корольдік билікті демократиялық легитимациялауға тырысқан. Бірақ, осындай жағдайда мынадай пікір-талас орын алған: билікті жүзеге асыру тек ғана монархтың қызметі ме немесе билік көзі халықта ма? Кейінірек, яғни жаңа заманда халықтың суверендік заңды билік идеясы жетілдірілген . Ол бойынша билік халық атынан Парламентке берілуі тиіс делінген. Осыдан келіп өкілетті демократия идеясы пайда болған. Халық және билік суверенитеті туралы ұғым қалыптасқан.

Қазіргі кездегі демократиялық жүйелер 18-19 ғасырдағы либералдық басқарудың тікелей және жан-жақты ықпалынан бастау алады. Тарихи ой-пікірде либерализм алғаш рет индивидті қоғамнан және мемлекеттен ажыратып, азаматтық қоғамды қорғаған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Саяси партиялар мен Қазақстанның партиялық жүйесі
Үшінші толқынның ерекшеліктері
Қоғамдағы саяси қатынастардың демократиялық негізі
Саяси модернизация туралы ақпарат
Мемлекеттік басқаруды ақпараттық қамтамасыздандыру
Қазақстан Республикасындағы ішкі саяси тұрақтылығы
Кедейшілікке қарсы күресудің халықаралық тәжірибесі
МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ МОДЕЛІ
Мемлекеттің экономикалық саясатын жетілдіру шаралары
Қазақстанның халықаралық экономикаға кіруі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz