Өлім жазасын жақтайтындардың көп тараған тағы бір уәжі - экономикалық уәж


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 4 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Н. В. Белоруковтың «Қазақстанда өлім жазасын жою: қазіргі жағдайы және болашағы» атты тақырыпта сөйлеген сөзі. Париж қаласы (Франция) 2007 жылғы 1-4 ақпан.

«Қазақстанда өлім жазасын жою: қазіргі жағдайы және болашағы»

Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар, ханымдар мен мырзалар!

Сіздерді құттықтай отырып, өзімнің кейбір ойларымды ортаға салуға мүмкіндік бергені үшін осы шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер.

Өлім жазасы тақырыбы жүздеген жылдар бойы бүкіл әлем халқын толғандырып келуде. Бұл адамзат баласын бітіспес екі лагерге: өлім жазасының жақтастары мен қарсыластарына бөліп тастаған, ғасырлар бойы оның ой-санасын сергелдеңге салып келе жатқан мәселе. Олардың алғашқылары елде өлім жазасының жоқтығы - оның өркениеттілігінің көрсеткіші деп бізді сендіріп бағады. Ал екіншілері болса, қоғам өркениеттілігін онда өлім жазасының мүлде болмауы емес, қайта керісінше өлім жазасы тағайындалатын рақымсыз да қатыгез қылмыстардың болмауы ғана айқындайды деп есептейді.

«Қанға-қан, жанға-жан» деген қанды кек қағидасы бойынша жазалау, қорқыту - бүгінгі таңда өлім жазасына кесу туралы үкімдердің пайдасына айтылып келе жатқан дәлел болып тұр. Енді сол үкімдердің қаншалықты тиімді екенін және алдын-алу шарасы ретінде өзін-өзі қаншалықты ақтайтынын қарастырайық.

Бәрінен бұрын, кінәсіз адамды өлім жазасына кесу қаупі әр кезде де болғанын есте сақтаған жөн. Әлемде қылмыстық сот ісін жүргізудің әбден жетілдірілген жүйесі жоқ және олардың ешбірі де, заңдарда қарастырылған процедуралық кепілдіктердің санына қарамастан, білместікпен немесе әдейі жасалған қателерден сақтандырылмаған. Қателік жасау, соның ішінде орны толмас қателік жасап, кінәсіз адамды өлім жазасына кесу - бүгінгі күннің ащы шындығына айналып отыр.

Өлім жазасын жақтаушылардың басты уәжі - ол қылмыс жасаудан қорқытудың, соны тежеудің факторы болып табылады. Алайда көптеген зерттеулер өлім жазасы қылмыс деңгейіне қалай әсер ететінін, ол жойылған жағдайда салдары қандай болатынын әлі күнге дейін ғылыми түрде дәлелдеп бере алмады. Қылмыс жасауды ойластыра отырып, қылмыскер әдетте тағайындалатын жазаның қатаңдығын емес, жауаптылықтан құтылу жолдарын ғана іздестіреді. Егер ол қылмысы ашылмауына сенімді болса, онда оны ең қатаң жаза да тоқтата алмайды. Осыдан туындайтын қорытынды: егер біз ықтимал қылмыскерді қорқыту факторы туралы айтар болсақ, онда бұл фактор ретінде жазаның қатаңдығы емес, оның бұлтартпастығы болуы керек. Қылмыстың уақтылы ашылатынына, ал айыптылардың сотқа тартылатынына қоғамның сенімі қылмысты тежеудің шешуші факторы болып табылады. Өйтпеген жағдайда өлім жазасы қылмыс деңгейінің төмендеуіне әсер ету құралына айналмай, құқық қорғау жүйесінің тиімсіздігін көлегейлейтін қатал бет перде болып қала береді.

Өлім жазасының тежеуші ролі туралы аңыз қоғамның санасына да тікелей әсер етеді. Әр елде жүргізілген әлеуметтанушылық сұраулар көрсеткеніндей, халықтың көпшілігі бұл жаза түрін қолдайды. Өлім жазасын жақтайтындар сондықтан оны өздерінің басты уәжі ретінде кеңінен қолданады. Бұл тұрғыда Қазақстан да шетте қалған жоқ, бізде сұралғандардың 70 пайызға жуығы өлім жазасын қалдыруды жақтап отыр. Сұрау салу қорытындылары біршама қызық жәйттердің бетін ашты. Өлім жазасына қарсы шығушылардың көпшілігі жазаның осы түрінен бас тарту қажеттілігін дәлелдей алатын сауатты адамдар екен. Соның негізінде, халықтың пікірін тыңдап қана қоймай, өлім жазасынан бас тарту тиімділігінің аргументтері, адамның түбегейлі құқықтары және аболиционисттік қозғалыстың мақсаты туралы толық ақпарат беру қажет деген ұйғарым жасалды.

Тағы бір айта кететін ерекшелігі, өлім жазасынан бас тарту мүмкіншілігі туралы мәселені қарастыруды парламентшілер емес, Республика Президенті ұсынды. Бұл ретте өлім жазасын қолдануды шектеу алда тұрған мақсат емес, қылмыстық құқық саласын ізгілендіруге бағытталған ауқымды бағдарлама элементтерінің бірі ғана еді, оны жүзеге асыру мемлекетке жазалау құралдарын үнемдеп, қылмыскерді жазалаудың басқа тәсілдерін кеңінен қолдануға мүмкіншілік беретін, қылмыстық санкциялардың саралаулы және икемді жүйесін құруға әкеп соқтырды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың өзінде-ақ, елде құқықтық реформа басталуымен бір мезгілде өлім жазасын кезең-кезеңмен жоюға бағыт алынды, Қазақстан оны қатаң ұстанып келеді. Бұл еліміздің халықаралық ұйымдарға кіруі үшін өлім жазасынан бас тартуы міндетті шарт ретінде қарастырылатын халықаралық-құқықтық міндеттемелеріне немесе оларға мүшелігіне байланысты емес еді. Әуелі ұрлық, жалған ақша жасағаны, валюталық операциялар туралы ережені бұзғаны үшін тағайындалатын өлім жазасы заңнама арқылы жойылды. Кейінірек қарақшылық жасағандарға, түзеу мекемелерінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандарға, кісі зорлағандарға және пара алғандарға қолданылатын өлім жазасынан бас тартылды. Өлім жазасын қолданудың аясын шектеу үрдісі 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Қылмыстық кодексте де жалғасын тауып, ол осы жаза тағайындалуы мүмкін әрекеттердің санын екі есеге қысқартты. Нәтижесінде өлім жазасын соттар ауырлататын мән-жайларда қасақана кісі өлтіргені үшін ғана тағайындайтын болды. Кодекс өмір бойы бас бостандығынан айыруды өлім жазасының баламасы ретінде белгілеп, сондай-ақ өлім жазасын қолданудағы жаңа шектеулерді және осы жазаға кесілген тұлғалар құқықтарының қосымша кепілдіктерін бекітті. Өлім жазасын әйелдерге, сондай-ақ 18 жасқа толғанға дейін қылмыс жасаған тұлғаларға, және үкім шығарылатын кезде 65 жасқа толған ер кісілерге тағайындауға тыйым салынды. Кінәліге өлім жазасы барлық судьялардың бірауыздан қабылданған шешімі бойынша тағайындалатыны, ал үкім оның қолданысқа енгізілгенінен кейін кемінде бір жыл өткен соң орындалатыны туралы ереже заңнама арқылы бекітілді.

Осылайша, біз БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылармен қарым-қатынаста болу жөніндегі жетінші конгресі бекіткен «Өлім жазасына кесілгендердің құқықтары қорғалуына кепілдік беретін шараларды» ескеріп қана қоймай, жекелеген позициялар бойынша, мәселен өлім жазасын әйелдерге қолдануды толығымен жою бөлігінде алға шығып кеттік.

Өлім жазасының қолданылу аясын одан әрі тарылтуда жасалатын келесі маңызды қадам - ол өмір бойы бас бостандығынан айыруды практика жүзінде енгізу болатын. Тек осы жаза ғана өлім жазасының шын мәніндегі баламасы бола алатын еді. Бұл сенімділік сот практикасының материалдарына негізделген еді. Жаңа Қылмыстық кодексте қасақана адам өлтіргені үшін берілетін ең ұзақ жаза - өмір бойы бас бостандығынан айыру 15 жылдан 20 жылға дейін, ал үкімдер жиынтығы бойынша - 30 жылға дейін көбейтілгеннен бері, өлім жазасы шығарылған үкімдердің саны екі есеге азайды. Судьялар бас бостандығынан айырудың жаңа, одан да ұзақ мерзімдеріне көңіл аудара бастады. Осыдан келіп, өмір бойы қамауда ұстау институтының пайда болуы өлім жазасына кескен үкімдер шығарылатын жағдайларды мейлінше азайтады, ал бұл болса өлім жазасынан толықтай бас тартудың алғышартын жасайды деп пайымдауға мүмкіндік береді.

Өлім жазасының баламасы ретінде өмір бойы қамауда ұстауды енгізу туралы мәселені талқылай отырып, сотталғандар үшін, жағдайы нашар түрмеде ұзақ уақыт қамауда жатқаннан гөрі, өлім жазасы артығырақ деген екіұдай пікірлерді де еңсеруге тура келді. Мұндай пікірлер өлім жазасы секілді өмір бойы тұтқындау да мейлінше үрейлендіретінін дәлелдейді. Егер тұтқындалғандар өздері ұсталатын жағдайдан гөрі өлім жазасын артығырақ деп тапса, онда бұл «ешкімді қинауға немесе адамгершілікке жатпайтын және абыройын түсіретін қарым-қатынас жасауға немесе жазалауға болмайды» делінетін халықаралық міндеттемелер мен ұлттық заңнама нормалары сақталмауынан айғақ береді.

Өлім жазасын жақтайтындардың көп тараған тағы бір уәжі - экономикалық уәж. Олардың пікірінше, өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айырумен алмастыру мемлекет бюджетіне қымбатқа соғады. Шынында да, «Халықаралық түрме реформасының (PRI) » есебі бойынша түзету мекемесінде тұтқындалғанның халықаралық стандарттарға толық жауап беретін бір орнының құны жылына 20 мың АҚШ долларын құрайды. Сонда, адамды қамауда ұстағаннан гөрі өлім жазасына тарту арзанырақ болғаны ма? Бірақ бұлай деп ойлау, сыпайы айтқанда, имандылыққа жатпас еді, ал екінші жағынан алғанда, бұл проблеманы толығымен ысырып тастай салу да қателік болар еді, бірақ бұдан шығар жол бар. Ол - жеңіл және орташа қылмыстар жасайтын тұлғаларға қатысты қылмыстық-құқықтық саясатты өзгерту. Жазалау мерзімін азайту есебінен тұтқындалғандардың жалпы санын қысқарту, шартты түрде мерзімінен бұрын босату институтын тиімді қолдану, бас бостандығынан айыруға байланысы жоқ жазаларды кең көлемде пайдалану, қамауға алуға балама болатын бұлтартпау шараларын енгізу - міне бюджет қаржысын үнемдеудің нақты көзі осылар. Баста айтып кеткенімдей, Қазақстанда қылмыстық саясатты ізгілендіру бағдарламасын іске асыру барысында бұл мақсатқа қол жеткізілді. Нәтижесінде елімізде тұтқындалғандардың саны екі есе азайып, Халықаралық түрме зерттеулері орталығының мәліметі бойынша, Қазақстан 100 мың тұрғынға шаққанда тұтқындалғандардың саны бойынша әлемдегі 3-ші орыннан 24-орынға жылжыды.

Ел Президентінің өлім жазасын қолдануға мерзімсіз мораторий жариялау туралы 2003 жылғы 17 желтоқсанда Жарлық қабылдауы жүргізілген реформаның шарықтау шегі және заңды түрдегі нәтижесі болды, сол арқылы жазаның бұл түрінің іс жүзінде күші жойылды. Жарлықта соттардың өлім жазасына кесу туралы шығарған үкімдерінің орындалуын тоқтату, сондай-ақ Жарлықты жүзеге асыруға және өлім жазасының баламасы болып табылатын жазаның жаң түрін - өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын енгізуге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізу туралы Үкіметке жүктелген тапсырмалар көзделген болатын. Бұл заң қабылданды. Заңнамалық актілерге осы заң енгізетін түзетулер мораторийдің күші қолданылатын сотталғандардың құқықтық мәртебесін және құқықтарына, соның ішінде, сотталғанның бұдан бұрын өтініш бергеніне қарамастан, өлім жазасына кесу туралы үкімді қайта қарау және рақымшылық жасау туралы өтініш беру құқығына берілетін кепілдіктерді бекітті. Сонымен қатар Үкіметке және басқа да мемлекеттік органдарға еліміздің криминогендік жағдайына үнемі мониторинг жүргізу және қоғам пікірін зерделеп отыру тапсырылды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА МОРАТОРИЙ
Өлім жазасының түрлері
Қазақ және орыс тілдеріндегі гүл атауларына салғастырмалы талдау
Қазақстанда өлім жазасын жою қазіргі жағдайы және болашағы
Қазақ тіліндегі әйел қолөнеріне байланысты халықтық лексиканың этнолингвистикалық сипаты
Қазақ тіліндегі кісі есімдерінің ескерткіштер мен шежірелердегі қалпын талдап, оны қазіргі қазақ тіліндегі атаулармен байланыстыра зерттеу
Өлім жазасын қолданудың ғаламдық үрдісі
Өлім жазасын қолдану туралы
Лингвомәдениет
Шетелдердің қылмыстық заңнамасы бойынша қылмыс құрамының құқықтық сипаттамасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz