Қазақ поэзиясында бірқақпай өте дамыған шағын жанр


ӘОЖ 821. 512. 122-7 Қолжазба құқығында
УШУРОВА ГУЗАЛ АРКИНОВНА
ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ сатирасы
10. 01. 02 - қазақ әдебиеті
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекшісі: Әбдіғазиұлы Б.,
филология ғылымдарының докторы
Ресми оппоненттері: Әбдезұлы Қ.,
филология ғылымдарының докторы
Қорабай С.,
филология ғылымдарының кандидаты
Жетекші ұйым: Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті
Диссертация 2010 жылы «27» тамыз күні сағат 16. 00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы филология және педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 05. 05 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010. Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, кіші мәжіліс залы.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық пелагогикалық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат «23» шілдеде 2010 жылы таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым-хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. ХХ ғасыр аяғы ХХІ ғасыр басындағы қазақ сатирасы қазақ сөз өнерінің аса арналы саласының бірі. М. Рәш, О. Әубәкір, Ү. Уайдин, Ғ. Қабышұлы, Қ. Ілиясұлы, К. Әмірбек, Т. Әмірбекұлы т. б. суреткерлер шығармашылығы қазақ сатирасы контексінде зерттелгенде ғана әдеби үдерістегі осы жанрдың табиғаты толық ашылмақ. Бүгінгі отандық әдебиеттану ғылымы сөз өнері жанрларының көркемдік қуатын тану арқылы, қазақ сөз өнерінің даму жолын, ұлттық дүниетанымның мәдени-философиялық болмысын тануға ұмтылыс бағытымен келеді. Бұл диссертациялық жұмыста осындай келелі басым бағыттар автордың ізденісіне кеңінен жол ашып отыр.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Сатира адамзат қоғамында ерекше орны бар мәдени құбылыс. Латынша satura - аралас(араластырылған) деген мағына береді, алғашында көп дәмнің қосындысынан араластырылып жасалған тамақтың атын білдірген. Сатира өмірден өнерге ауысып, антикалық дәуірде позияның жанры ретінде сөз өнерінде көрініс тапқан. Дегенмен оның жанрлық табиғатын айқындау оңайға соқпаған. Кезінде ол туралы Гегель «теория оны қарастырғанда қиындыққа ұрынған, өйткені сатираны қай жанрға жатқызу керек. Онда эпикаға жақындатындай айқын белгілер жоқ, ал, лирикаға жатқызудың өзі қиындыққа соғады» деген болатын[1, 84 б] . Сатираның басты басты жанрлық белгісі-өмірдегі түрлі келеңсіз құбылыстарды күлкімен емдеу. Кейіннен сатира сөз өнерінің барлық жанрында көрініс тапты.
Сатира-адалдықтың, адамдықтықтың қаруы. Онда қоғам болмысындағы және адам бойындағы ең келеңсіз қөріністер мен қылықтар сыналады. Сондықтан да оны кейде күштілер қаруы тұрғысында атайды. Сатира қару ретінде негізінен көпшіліктің қамын ойлайды, адалдық жолы үшін күреседі. Сөз өнеріндегі нағыз күрескерліктің көрінісі ретінде барлық жанрда көрініс тапты дейтініміз сондықтан. Әдебиеттің осындай халық қамын ойлайтын табиғатына академик Серік Қирабаев былай баға берген: «…қазақ халқының ояна бастаған тұсында, оның ұлт-азаттық жолындағы күресі туын берік ұстап, халық өмірінің шындығы мен алдыңғы қатарлы идеясын жырлаған қоғамдық сананың бір түрі - қазақтың ұлттық әдебиеті болды»[2, 26 б] . Бұл бағдарда әрине, қазақ сатирасы қашан да алдыңғы саптан көрініп отырды. Сатираның тақырыптық диапозоны аса өрісті: тұрмыс, мінез көріністері, қоғамдық өмір мен саясаттағы келеңсіздік, адамшылықтан ауытқу, т. б. оның қырағы көзінен қашан да тыс қалмайтын. Жалпы сөз өнерінің, оның ішінде сатираның негізгі өзекті мәселесі қоғамдағы келеңсіздіктер мен адам бойындағы мінез-қылықтарындағы кемшілікерді уақытында тауып, «емдеп» отыратын құдіреттілігінде дей аламыз.
Сондықтан әдебиеттану ғылымы кезең-кезеңімен, дәуір-дәуірімен сатираның даму бағытын зерттеп, ондағы ірі сатирик тұлғалардың шығармашылығын жан-жақты саралап отыруы отандық ғылымның да, қоғамның да талабы деп түсінеміз.
Сатира - қазақ сөз өнерінде бастауын фольклордан, ауыз әдебиетінен бастайды. Кейінгі жылдары фольклорлық және әдебиет жанрларының табиғатында өзгешелік барлығы ғылыми зерттеулерде нақтылы айтыла бастады. Дегенмен, сатираның өміршеңдігі сонда, ол - фольклорлық және әдеби жанрларда қатар көрініс таба беретін мәдени феномен. Мәселен, академик, фольклорист-ғалым Сейіт Қасқабасов сатираның фольклорда көрініс табатынын терістемейді: «Жануарлар арасындағы өзара қақтығыста жыртқыштар еш уақытта бірін-бірі жеңіп шықпайды. Жануарлар жайындағы ертегілердегі терең мәнді мораль мен өзіндік ерекшелігі бар әлеуметтік утопизм нақ осыдан көрінеді. …Әрине, кейбір ертегілік варианттарда жолбарыс - жануарлар ханын, түлкі - биді, жыртқыштар ұйымдастыратын тойлар - байлар тойын еске түсіріп отырады. Мұндағы сатиралық астар да белгілі биікке көтеріледі. »[3, 29 б] . Сатиралық дәстүр классикалық Шығыс әдебиетінде «Мың бір түн», көне санскритте «Панчатантра», парсы, қазақ-түркі фольклоры мен ауыз әдебиетінде Қожанасыр мен Алдаркөсе туралы, т. б. әңгімелер сатиралық дәстүрімен ерекшеленеді. Жыраулық поэзияда да сатираның өз орны болды. Махамбет поэзиясында сатира ұшталып өткір сынмен қайрала дамыды. Қазақ әдебиетінің әр дәуірінде сатира сөз өнерінің жанрларының бірінен-біріне ұласа отырып, Абай дәуірінде қазақ поэзиясында даралана көрініс тапты. Кейіннен ХХ ғасыр басында Ш. Құдайбердіұлы, А. Байтұрсынов, М. Сұлтанқожаұлы, Т. Ізтілеуов, С. Торайғыров шығармашылығында кездессе, одан әрі Сәбит Дөнентаев, І. Жансүгіров, Б. Майлин т. б. шығармаларында жалғасын тапты. ХХ ғасырда сатира қазақ әдебиетінде поэзиялық, прозалық және комедиялық жанрларда қарқын алып дамыды. Ол кезеңде жазылған Ғ. Мүсірепов, Е. Алдоңғаров, А. Сегізбаев, Қ. Қуанышбаев, Ж. Сәрсеков, Е. Дүйсенбеков, т. б. -дың сатиралық туындыларын атауға болады.
Сатираның қазақ әдебиетіндегі айрықша қарқынмен даму үрдісі ХХ ғасырдың аяғы ХХІ ғасыр басындағы әдебиетпен тұспа-тұс келді. Бұның өзі кездейсоқтық емес еді. Ол тарихи-қоғамдық өзгерістермен, халық тұрмысындағы қиыншылықтармен, халқымыздың тарихи-мәдени өміріндегі рухани серпілістермен, түрлі қайшылықтармен тығыз байланысты болатын. Сатиралық күлкі қоғамдық мәні бар құбылыстарға, олардың өмірдегі көріністеріне бағытталатыны белгілі. Сатираның сапасы оның қоғамдағы келеңсіздікті дәл тауып бағалауында, яғни оның қоғамдағы кемшіліктерді сынап, дер кезінде алдын алуында. Сатира - халықтың қоғамдағы келеңсіздіктерге қарсы ішкі қарсылығының көрінісі. Алпысыншы-жетпісінші жылдары әдеби аренаға шыққан А. Тоқмағанбетов, С. Адамбеков, Ж. Алтайбаевтан, Ш. Смаханұлы, кейінгі толқын М. Рәш, О. Әубәкіров, Ү. Уайдин, Ғ. Қабышұлы, Қ. Ілиясұлы, К. Әмірбек, Т. Әлімбекұлы т. б. болатын.
Сатира отандық әдебиеттану ғылымында әдеби үрдіс аясында, жекелеген шығармашылық тұлғалар шығармашылығы әр жылдары зерттеліп отырды. Дегенмен ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ сатирасы тұтас контексте зерттелмеді. Осы кезеңдегі сатираның тақырыптық-жанрлық, көркемдік-бейнелілік табиғаты бүгінгі таңға дейін жүйелі де арнайы зерттеудің объектісі болмады. Сондықтан да диссертациялық зерттеу жұмысына арқау болған ғасырлар тоғысындағы сатира табиғатындағы жанрлық-тақырыптық, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктер отандық әдебиеттану ғылымының негізгі зерттеу объектілерінің біріне айналып, осы ғылым аясында жүйелі қарастыруды қажет етіп отыр. Диссертациялық жұмыста сатираның табиғаты оның даму жолымен және сол кезеңнің тарихи-әлеуметтік жағдайымен бірлікте алынып, тұтас контексте талданады. Бұл орайда диссертациялық жұмыста сатирадағы көркемдік дәстүр, сатираның тақырыптық-жанрлық ерекшелігі, сатиралық бейне мен көркем тіл қуаты, сатирадағы объект-құбылыс пен автор ұстанымы тәрізді мәселелер ғылыми дәлелді тұжырымдармен зерттеледі.
Осы тұрғыдан алғанда диссертациялық жұмыстың зерттеу объектісіне айналған ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ сатирасы өзінің жанрлық-тақырыптық, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерімен даралана отырып, бүгінгі тәуелсіз елдің биік мұраттарының бірі - ұлттық сөз өнері мұраларын толықтырып, ғылыми айналымға түскен пікірлерді жүйелеп, бір ізге түсіруімен де ерекшеленеді.
Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі . Қазақтың мол мәдени мұрасында, сөз өнерінде сатираның орны ерекше болғанымен, оның жүйелі түрде отандық әдебиеттану ғылымында зерттеле бастауы жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысына тиесілі. Жалпы алғанда осы кезеңнен бастап сатира табиғаты белгілі бір дәрежеде әр қырынан зерттелді, ондағы жекелеген ақын-жазушылар шығармашылығы қарастырылды. Сатира табиғатын тану мәселелері саласында диссертациялар қорғала бастады. Атап айтатын болсақ, Ғ. Әбетов, Т. Қожакеев, М. Тілеужанов, А. Мұсаев, Е. Тұрсынов, Р. Алтынбекова, С. Қорабай, А. Рахимова, Ә. Қабылов және тағы басқа ғалымдар диссертациялық жұмыстар қорғады. Сонымен қатар қазақ сатирасы жайында Қ. Мұхаметжанов, Ғ. Қабышев, Р. Нұрғали, С. Оспанов, З. Серікқалиев, Б. Сарбалаев сияқты ғалымдардың жекелеген еңбектері мен зерттеулері жарық көрді. Сондай-ақ, мерзімді баспасөзде де көптеген зерттеу мақалалар жарияланды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты қазақ сатирасының идеялық-жанрлық және көркемдік-бейнелілік ерекшелігін, эстетикалық қуатын айқындау, олардың қазақ әдебиетінде алар орнын қарастыру. Сатираның жанрлық-көркемдік табиғатын бұрын зерттеген ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып талдау.
Сатираның қазақтың рухани өміріндегі болмысы әр жанрда айқын көрініс тапқан. Қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың аяғы ХХІ ғасырдың басында сатира дәстүрін дамытушы ақын-жазушылардың, жалпы суреткерлердің сатира жанрын өрістетудегі алар орны, қосқан үлесі, өзіндік ерекшеліктері жүйелі түрде қарастырылмағандығын ескерсек, оны байыпты саралап, бір жүйеге келтіріп, ғылыми-теориялық тұрғыдан қарастырудың қажеттілігі арта түседі. Осы орайда, біз өз тарапымыздан сатира табиғатын, оның көркемдік, эстетикалық қуатын қарастыруды мақсат еттік.
Диссертациялық жұмыстың көздеген мақсатына жету үшін ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайдағы түрлі оқиғалар, мінездегі өзгерістер, адам табиғаты мен әдеби дамудың сабақтастығы, қазақ әдебиетіндегі ағымдар мен көркемдік әдістер, сөз өнеріндегі сатиралық образдар туралы тұжырым-түйіндер, олардың қоғамдағы типтік бейнелері, философиялық толғаныстар, көркемдік өрнектер тұтастықта қарстырылады.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру жолында мынадай міндеттер қойылды:
- Диссертациялық жұмыста қамтылып отырған кезеңдегі сатира жанрының даму үдерісін теориялық тұрғыдан саралау;
- Зерттеу нысанына алынған сатирик ақын-жазушылардың поэзиялық шығармаларындағы сатира табиғатына талдау жасау ;
- Прозалық үлгіде жазылған шығармалардың сатиралық табиғатындағы көркемдік-стильдік ерекшеліктерді айқындау;
- Сатирик қаламгерлердің шығармаларындағы драмалық форманың қолданылу ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан саралау;
- ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ сатирасының тақырыптық-жанрлық бағыт-бағдарына барлау жасау;
- Сатиралық шығармалардағы сатиралық бейне(образ) мен тіл көркемдігі мәселелеріне талдау жасау;
- Сатирадағы объект-құбылыс пен автор ұстанымы мәселесін қарастыру.
Зерттеу жұмысының нысаны мен пәні. Диссертациялық жұмыстың нысаны болып табылатын ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ сатирасының әдеби үрдіс аясындағы орны және оның бүгінгі ұлттық сөз өнеріндегі орны зерттеу жұмысында жаңаша бағаланды. Қазақ сатирасының қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихындағы көркемдік-эстетикалық дәстүрлермен сабақтастығы, сатираның сын айтудағы қуаты, өткірлігі, идеялық-тақырыптық мазмұны сөз өнері жанрларының сипатын ашатын құрамдас бөліктер ретінде қарастырылды.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Диссертациялық жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі ретінде әдебиеттану және фольклортану ғылымдарының жетістіктері, әдеби мұраларды кешенді түрде зерттеудің ғылыми әдіс-тәсілдері алынды. Негізінен, ұлттық әдебиеттану ғылымындағы теориялық тұжырымдар, сатира табиғатын, оның әр жанрда көрініс табу ерекшеліктерін қарастырған ғылыми еңбектер диссертациялық жұмыстың негізгі әдіснамалық әрі теориялық өзегі болды.
Диссертациялық еңбекті жазу барысында ХХ-ХХІ ғасырлардағы ұлттық әдебиетіміздегі көрнекті ақын-жазушылар мен ғалымдардың, атап айтқанда, М. Жұмабаевтың, А. Байтұрсыновтың, Ж. Аймауытовтың, М. Дулатовтың, М. Әуезовтің, Қ. Жұмалиевтің, М. Ғабдуллиннің, Б. Кенжебаевтың, М. Қаратаевтың, З. Ахметовтың, М. Базарбаевтың, З. Қабдоловтың, Т. Қожекеевтің, Р. Бердібайдың, Н. Ғабдуллиннің, Ш. Елеукеновтің, Т. Кәкішевтің, Қ. Әбдезұлының, С. Қорабайдың, Р. Нұрғалидың, Б. Әзібаеваның, Б. Әбдіғазиұлының, тағы басқа да ғалымдардың еңбектеріне, монографиялық зерттеулеріне, сондай-ақ, ұжымдық сипаттағы ғылыми зерттеулерге назар аударылып, қажетті кезінде ретіне қарай пайдаланылды.
ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ сатирасын, оның әдебиетіміздің әралуан жанрларында даму көріністерін, ондағы тақырыптық-идеялық мәселелерді көркемдік-эстетикалық категориялар контексінде қарастыру - диссертациялық жұмыстың басты мәселесі болоып табылады. Зерттеуге нысан ретінде алынған мәселені қарастыру барысында жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы әдістер басшылыққа алынды. Жүйелі-кешенді және тарихи-салыстырмалы әдістер аясында сатира табиғатын, оның сөз өнеріндегі мәнін зерттеудегі негізгі нысана - сатираның қоғамдағы және адам танымындағы орнын, сондай-ақ, ондағы бейнелілік мәселесін, сөз өнеріндегі нақты жанр контексінде қалай ашылғанын тану және автор ұстанымын айқындау болды. Басқа да ұлттар әдебиетітерндегі юмор, әзіл, сарказм, ирония, тағы басқа сатиралық-комедиялық көркем бейнелеу материалдарымен салыстыра отырып, қазақ сатирасының ұлт мәдениетіндегі рухани орнын айқындау.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ сатирасының ұлттық әдебиетте поэзиялық, прозалық және драмалық жанрларда көрініс табуын саралау, олардың көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерінің тарихи-теориялық аспектіде қарастырылуы, ұлттық және әдеби дамудағы көркемдік дәстүр мен үндестік, сабақтастық жағдайында әдеби теориялық тұрғыда кеңінен талдануы зерттеу жұмысының басты ғылыми жаңалығы болып табылады.
Қазақ сатирасының жанрлық-тақырыптық, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктері ұлттық әдебиеттану ғылымындағы сатиралық жанрлардың даму типологиясымен тұтастықта алып қарастырылды.
ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ сатирасының кешенді түрде зерттеліп, ғылыми айналымға енуі диссертациялық жұмыстың жалпы ғылыми жаңалығын айқындайды.
Диссертациялық жұмыста ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің даму, қалыптасу тарихындағы қазақ сатирасының алар орнына кешенді құбылыс ретінде баға берілуі де - зерттеу жұмысының жаңалықтарының бірі.
Диссертациялық жұмыста сатираның ең алдымен комедиялық түр екендігі, әлеуметтік құрал екендігі, сатираның «антиидеалдық» табиғаты, сатирадағы юморлық ұстаным, сатиралық бейне(образ), сатираның жанрлары: мысал, эпиграмма, бурлеск, памфлет, фельетон, т. б. ерекшеліктері және олардың жанрлық табиғатын құрайтын қуатты элементтер мен факторлар жан-жақты қарастырылды. Зерттеліп отырған кезеңдегі сатира көркемдік-эстетикалық жағынан жан-жақты қаралып, талқыланды.
Қорғауға ұсынылған негізгі ғылыми тұжырымдар:
- Қазақ сөз өнеріндегі сатира жанрының орны, зерттеуге алынып отырған
- кезеңдегі даму үрдістерін, зерттеу нысанасына алынған қаламгерлердің поэзиялық шығармаларындағы сатира табиғатын саралау арқылы әдеби үрдістегі сатиралық жанрлардың белсенділігі айқындалды;
- Сатиралық жанрлардың ұлт мәдениетіндегі даму үрдісі қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер кезіндегі өнер мен ғылымның, басқа рухани салалардың дамуымен үндестікте жүзеге асады;
- авторлардың тақырып таңдауы және оңтайлы формада жеткізуі арқылы сатиралық шығармалар қоғамдық өмірдің шын мәніндегі көркем айнасы дәрежесіне көтерілді;
- Сатирик авторлардың прозалық шығармаларындағы сатира табиғатын тану жалпы әдеби үдеріс аясында бағаланады.
- Сатираның алдымен лирикалық поэзияның жанры ретінде қалыптасқаны, басты жанрлық белгісі ретінде әдебиеттану ғылымында оның қоғамдағы түрлі келеңсіз құбылыстарды сынайтын қуатты сын айтар табиғаты аталады;
- Сатира бейнелеу тәсілі, сонымен қатар, көркемдік-эстетикалық фактор, яғни фольклорда және әдебиеттің барлық жанрында көрініс табатын мәдени феномен болып табылады
- Сатира - халықтық мәдениеттің көрінісі. Әр дәуір, әр кезең өз күлкісін, сатирасын тудырады. Күлкі-еркіндіктің көрінісі. Карнавал, халықтық ойын-сауықта «хан да бір, қара да бір» болып көңіл көтергенде көп нәрсені еркін айтуға мүмкіншілік берілген. Жай күндері айтуға тиым салынған нәрсені сондай бір көңіл көтерген халықтық думанда айтып салуға болған. Сатира, бастауының осындай ойын-сауықтан алатындығы туралы тұжырым жасалды;
- Сатирадағы объект-құбылыс пен автор ұстанымы бір бола бермейді. Сатирададағы образ көбіне антиидеал болып келеді. Бірақ осыған қарап сатиралық шығармада автор ұстанымы көрініс таппайды деген ұғым тумауы керек. Автор ұстанымы сатирада бірде жасырын түрде көрініс тапса, кейде сентенция түрінде көрініс тауып жатады. Немесе, диалог барысында көрініс табады, кейде реплика түрінде көрініс табады. Сондықтан қандай да бір сатиралық шығармада авторлық ұстаным сол объект-құбылыстың ортасында көрініс тауып отырады.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Қазақ сатирасының жанрлық-тақырыптық мәселелерін, бейнелілік-тілдік ерекшелігін талдаудан алынған зерттеу жұмысының нәтижесі ретіндегі тұжырым қағидалары мен бағыты жұмыстың теориялық мәнін анықтайды. Зерттеудің практикалық мәні - әдебиеттану, қазақ әдебиеті пәндерінде сатиралық шығармаларды, оның ішінде сатиралық жанрларды, сол жанрлардың көркемдік-эстетикалық мәселесі туралы оқылатын дәрістер мен сабақтарға, осы тектес ізденістерге көмекші құрал болып, арнаулы курстарға қолданыла алады.
Зерттеудің сарапталуы. Зерттеудің негізгі қорытындылары мен нәтижелері республикалық баспасөз беттерінде, ҚР Білім және ғылым саласындағы Бақылау комитеті белгілеген ғылыми басылымдарда жарық көріп, республикалық, халықаралық конференцияларда баяндалды.
Диссертациялық жұмыс Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеттің қазақ әдебиеті мен тілі кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды бөлім, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ сатирасы, оның бүгінгі таңға дейін зерттелу деңгейі жүйелі түрде жинақталып айтылды, сондай-ақ тақырыпты зерттеу принциптері айқындалды.
Диссертациялық жұмыстың бірінші бөлімі «Поэзиялық сатира табиғаты» деп аталып, ол бөлімнің үш тараушасында «Поэзиялық сатираның тақырыптық-жанрлық ерекшелігі» мен «Поэзиядағы сатиралық бейненің(образ) жасалу жолдары» және «Поэзиялық сатирадағы объект-құбылыс пен автор ұстанымы» қарастырылды. Поэзиялық сатира табиғатын толық тану үшін, оның көркемдік және мәдени-эстетикалық мәнін кешенді зерттеу қажет болды. Осы тұрғыда бірінші бөлімде зерттеу жұмысына алынған нысанның теориялық-әдіснамалық мәселесі қарастырылды. Сатира жанрының поэзиядағы, сөз өнеріндегі аса өзекті мәселе екені осы тарауда жан-жақты сараланды. Сатира алдымен лирикалық поэзияның жанры ретінде қалыптасқаны, басты жанрлық белгісі ретінде әдебиеттану ғылымында оның қоғамдағы түрлі келеңсіз құбылыстарды сынайтын қуатты сын айтар табиғаты аталады. Сатираның көркемдік-эстетикалық фактор ретіндегі, фольклорда, әдебиет жанрларында көрініс табатын мәдени феномен ретіндегі табиғаты сараланды.
Әдебиеттану ғылымында сатираның өзіндік табиғаты жағынан әдебиеттегі жанр ұғымынан әлдеқайда аясы кең екендігі туралы таным бар. Бұл бағыттағы ғалымдар сатираның жеке жанр бола алмайтынын, оның тәсіл, стиль сондықтан барлық жанрларда көрініс табатын көркемдік құбылыс екендігін айтады. Осы анықтамада сатираның қолданыс аясы кеңейтіліп көрсетілген. Яғни, сатира тұтас күлкі мәдениетінің феномені ретінде қарастырылған. «Мәдени-философиялық сөздікте» сатираға мынандай қысқаша анықтама берілген: «Сатира (лат. Satura - қосынды) - болмыстағы жарамсыз құбылыстарды сықақ етіп, әшкерелеп көрсету және сол жанрда жазылған шығарма. Сатира алғашқыда антик дәуіріндегі халықтық «күлкі мәдениетінің» шеңберінде дүниеге келген»(3, 228) . Сатиралық сынау, сатиралық әжуаның бастауы халықтық күлкіге барып ұласады. Оның мәні тереңде, мың жылдық дәстүрі бар танымның «теріс аударылған» түрі сатира. Халықтық күлкі аса уытты, сатираның табиғатында сол күлкі көрініс тапқан.
Ол - халықтық мәдениеттің көрінісі. Әр дәуір, әр кезең өз күлкісін, сатирасын тудырады. Ал қазақтың сатирасы да әр жанрда көрініс тапқаны әдебиеттану тарихынан белгілі. Сатиралық жанр фольклорда, ауыз әдебиетінде, кейінгі ғасырлардағы әдебиеттерде дәстүрлі жалғасын тауып келіп, әсіресе Абай шығармаларында айрықша көрініс тапты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz