Найман моңғол тілінде сегіздік - сегіз тайпаның одағы деген сөз


ӘӨЖ 811. 512. 122' 1 Қолжазба құқығында
Сейітова Шынар Ботайқызы
ҚАЗАҚ ЭТНОНИМДЕРІНІҢ ТАРИХИ-ЛИНГВОМӘДЕНИ ЖҮЙЕСІ (Шығыс Қазақстан аймағы материалдары бойынша )
10. 02. 02 - қазақ тілі
Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2009
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында орындалды
Ғылыми кеңесші: филология ғылымдарының
докторы, академик Ә. Қайдар
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының
докторы, академик Ө. Айтбаев
филология ғылымдарының докторы,
профессор Б. Шалабай
филология ғылымдарының докторы
А. Тұрышев
Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университеті
Диссертация 2009 жылы « 05 » маусым сағат 14-00 ҚР БжҒМ
А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53. 38. 01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29.
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады. ( 050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .
Автореферат 2009 жылы « __ » таратылды
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Ж. Манкеева
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Қазіргі таңда ұлт мәдениетін жаңғыртып, тануда, әсіресе бұрынғы кеңестік жүйеде өмір сүрген сан ұлттар тарихын зерделеу, тарих қойнауынан тіл арқылы жеткен мәдениеттің мәйегін таразылау, салмақтысын, сапалысын сол ұлттың рухани арқауы ету өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны сөзсіз. Ел егемендігінің оң өзгерістері қазақ қоғамында тың серпін туғызып, елдің рухани жадынан ұмыт бола жаздаған ата мұраға - төл тарихымыз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміз бен өнеріміздің асыл қазыналарына қайта үңілуге мол мүмкіндіктер алып берді. Халқымыздың елдігін, ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын сипаттайтын аталы да кестелі сөздердің ұлт болмысына сай сыр-сипаты ашыла бастады.
Халқымыздың ежелден дәріптеп, қастерлеп келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып отырған қазақ ескіліктерін құрайтын рухани құндылықтардың бірі - ата-баба шежіресі, аңыз-әпсаналардан аршып алынған мағыналық бірліктер, ел ішіндегі көзі қарақты, көкірегі ояу саналы адамдардың аузынан, мұражайлардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған, жинастырылған тілдік материал жаңа сапада, «ұлт пен мәдениет» сабақтастығында зерттеу нысанына айнала бастады.
Осымен байланысты ХХI ғасыр тіл білімінде тілді тек қарым-қатынас құралы емес, сонымен қатар ұлттың мәдени ақпараты жинақталған код ретінде қарастыратын бағыт қалыптасып, тіл білімі ғылымының дамуы антропоөзектік бағытта жүргізілген зерттеулермен толығуда. Бұл тектес зерттеулерге дәйек болатын кез келген халықтың ерекшелігі, менталитеті тілінен көрініс тауып, оның барлық деңгейлерінен байқалатыны мәлім. Осы тұрғыдан мазмұны ұлттық, тұлғасы сан алуан тұрақты тіркестердің күрделі табиғатын толық біліп, жете түсіну, оның толып жатқан сан-салалы мәселесін әлі де жан-жақты зерттей түсудің мәні ерекше.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Тұрақты тіркестер - құрылысы жағынан ықшам, көркем, мағынасы жағынан терең ой, кең мазмұнды қамтитын, асқан шеберлікпен жасалынған сөз өрнегі. Бұл ықшамдау мен көркемдік қазақ тіліндегі тұрақты тіркестерді дайын құрылым ретінде әр түрлі мәтіндерде қолдана беруге мүмкіндік береді. Қазақ тілін тұтынушылар шығу уәжін білмесе де, оны ойланып ізденбесе де, белгілі сөздікке енген тұрақты тіркестердің мазмұнын, мәнін өте жақсы біледі, уәжді де, уәжсіз түрде де қолдана береді. Алайда тілімізде, әсіресе, аймақтық ерекшелігі бар сөйленістерде, сөйлеу тілінде сөздікке енбеген, жалпылық сипат алмаған, өзінің шығу тегінен қол үзе қоймаған, уәжін жоғалтпаған тұрақты тіркестер баршылық. Соның бір аймағы - кенді Алтай өлкесі, Шығыс Қазақстан аймағы. Бұл аймақта көптеген тұрақты тіркестер тарихи оқиғалар мен белгілі бір жағдаяттарға қатысты кісі есіміне байланысты жасалып, уақыт өте келе тұрақты тіркес дәрежесіне көтерілген. Ру-тайпа, оның құрамы, еліне байланысты айтылған қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты теңеулер, бойына ақпараттық мән жинаған тұрақты тіркестер - бүгінгі күнге дейін ел аузында сақталған, тұтастай алғанда елдің өз өткені туралы пайымы мен ұғымын аңғартатын, өзгеше бір таным көзі, дерек қоры.
Қазақ ұлтының болашағы үшін негізі мол, жай ғана сөз емес, ел тарихын тіл арқылы танып білу - әлемді тіл арқылы тану бағытындағы Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестердің (әрі қарай РТАҚТТ) этнолингвистикалық, лингвомәдени сипатын анықтау - салалық тұрақты тіркестерді зерттеудің өзекті мәселелерінің бірі. Аймақтық этнотұрақты тіркестерді тілдік тұрғыдан арнайы зерттеу қолға алынбаған, сондықтан зерттеу жұмысы нәтижелері тұрақты тіркес мәселесін толықтыратындығымен де өзекті.
Кейбір мағыналық бірліктер уақыт озған сайын көпшілік жадынан шығып, оның кейбір сұлбасы ғана сақталынып қалған. Сондықтан ру-тайпа атауларынан, белгілі тарихи тұлға есіміне қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестерді тілдік дерек негізінде жаңа сапада қайта жаңғырту да жұмыстың өзектілігін көрсетеді. Т. Жанұзақ, Қ. Рысберген өздерінің «Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы» деген еңбегінде «қазақ ономастикасының ең қызықты да күрделі саласы саналатын ру, тайпа атаулары жүйесін, соған байланысты шежіре, әңгімелердің екінші рет номинациялану үрдісін тілдік тұрғыдан зерттеу әлі де қолға алынған жоқ. Сондықтан бұл онимдік топты лингвомәдени, танымдық-когнитивтік негізде зерделеу нәтижелі болмақ», - [18, 120] деп атап көрсетеді. Қазақ тілінің сөздік қорындағы даяр қалпында қолданылатын ТТ-дің қалыптасу уәждерін, шығу тарихын, мағыналық, тақырыптық тобын, этнолингвистикалық, лингвомәдени ерекшелігін зерделеу, саралау - тіл білімі ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі. Өз тегін білу - қазақ халқына тән қасиет. Осы ата-баба, тегі туралы естеліктер ұрпаққа, әрине, тіл арқылы қалатыны, жететіні анық. Бізге сол ру, ел туралы мәліметтер әр түрлі мақал-мәтелдер, нақыл сөздер арқылы жетіп отырғаны да белгілі.
Қазақ тіл білімінде бұған дейін фразеологизмдердің қалыптасуы, тілдегі әртүрлі құбылыстарға байланысты олардың өзіндік даму тарихы, құрылымы туралы сөз болғанымен, ру-тайпа атауынан қалыптасқан тұрақты тіркестердің танымдық, лингвомәдени, этнолингвистикалық болмысы арнайы зерттеу нысанасы болған емес. Қазіргі қазақ тіліндегі ру-тайпа атауынан қалыптасқан тұрақты тіркестерге жеке тақырып арналып саралануы, шежірелік дерек көздерден алынған тұрақты тіркестерді тілдік санамен байланысты қарастыратын антропоөзектік парадигма арқылы саралануы, этностанымға басты назар аударылуы, талдануы жұмыстың өзектілігін айқындайды. Соның ішінде өз бастауын тіл білімі тарихының тереңінен алатын әр алуан лексикалық бірліктердің «екінші деңгейлік мағынасын» - этнолингвистикалық мағынасын тіл білімі тұрғысынан зерттеу, көпшілік жадынан шыға бастаған Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестерді (найман жолы, арғын-аға баласы, уақ-жерге түскен шуақ т. б. ) жаңа сапада қайта жаңғыртудың мәні ерекше. Сондықтан бұл да жұмыстың өзектілігін белгілейді.
Нақты айтқанда, қазақ тіліндегі ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестерді зерттеуде қазіргі тіл ғылымының жетістіктеріне сүйене отырып лингвомәдени, этнолингвистикалық тұрғыдан ұлттың мәдени ақпараты жинақталған код ретінде қарастыруға мән беру, этнонимдердің тілдік табиғаты мен этномәдени сипаты, этнотұрақты тіркестердің лексика-семантикалық ерекшелігі қарастырылуы жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Жұмыстың негізгі мақсаты - орта жүздегі алты арыс ел - арғын, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат, найман, яғни Шығыс Қазақстан аймағында қоныстанған осы ру-тайпаға қатысты қалыптасқан атаулар мен тұрақты тіркестердің тарихи-тілдік табиғатын, уәждену ерекшелігін қарастыру. Ру-тайпа атауларынан, тарихи тұлға есімдерінен қалыптасқан тұрақты тіркестерді таксондық тұрғыдан жіктеу, лингвомәдени, этнолингвистикалық сипатын анықтау. Осы мақсаттарды шешу үшін мынадай міндеттер қойылды:
- Шығыс Қазақстан аймағындағы этнонимдердің тарихи-лингвистика-лық сипатына шолу жасау;
- Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан, прецеденттік есімдерден қалыптасқан тұрақты тіркестердің қолданылу аясын анықтау;
- Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестердің таксономиялық жігін анықтау;
- Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестерді Адам, Қоғам салалары бойынша топтастыру;
- зерттеу нысанына алынған тұрақты тіркестердің этномәдени негізін қарастыру;
- жинастырылған тілдік бірліктер негізінде Шығыс Қазақстан аймақтық ру-тайпа санасындағы концептуалдық жүйені айқындау;
-Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестердің қазақ тіліндегі арғын, найман, қыпшақ, уақ, керей, қоңыраттан тарайтын, тап, тармақ атауларынан, аталмыш атаулар негізінде қалыптасқан тұрақты тіркестердің шығу тарихын, шежіре материалдарына сүйене отырып анықтау және оларды этнолингвистикалық тұрғыдан қарастыру болып табылады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестердің мазмұны, құрылымы, жүйесі, негізі - осыған дейін қазақ этнолингвистикасында да, ономастикасы мен диалектологиясында да арнайы зерттеу нысанына айналмаған, тың тақырып. Сондықтан Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестер алғаш рет зерттеу нысанына айналып отыр деп нық айта аламыз. Аталмыш тұрақты тіркестердің мазмұн межесіне тірек, негіз - ұлттың өміріндегі әр түрлі құбылыстар, күнделікті тұрмыс-тіршілік әрекеті нәтижесінде туындайтын сан алуан жағдаяттар. Тұрақты тіркестерде рудың, оның бір тармағының, табының сипатын ашатын, табиғатын тап басып танытатын, тапжылтпас ақиқат, ақпараттық мән болатындығы дау тудырмаса керек. Осы сала бойынша басқа түркі тілдес тілдерде де лингвомәдени, этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеулер қолға алына қойған жоқ. Қазақ тілінде тек шежірелік кітаптардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан, көркем әдебиеттерден бірді-екілі мысалдарды кездестіруге болады. Жұмыстың басты жаңалығы - жинақталған тұрақты тіркестердің белгілі бір жүйеге түсіріліп, арнайы тілдік тұрғыдан талданып, лингвомәдени аспектіде қарастырыла отырып, концептілік өрісінің саралануы, кейбіреулерінің этнолингвистикалық мағыналарының ашылуы. Сондай-ақ зерттеудің ғылыми жаңалығы қатарына мыналарды жатқызуға болады:
- Шығыс Қазақстан аймағындағы этнонимдер ономосологиялық ленсикология, тарихи тұрғыдан қарастырыла отырып, оларға тілдік негізде талдау жасалып, оним ретінде қолданылу өрісі анықталды;
- этнонимдерге байланысты тұрақты тіркестердің заңдылық сипаты мен қолданыс аясының ерекшеліктері сараланды;
- ғылыми тұжырымды іске асырудың ұстанымы ретінде Шығыс Қазақстан аймағындағы этнотұрақты тіркестер жүйелілік заңдылығына сүйене отырып топтастырылды;
- жинақталған тілдік бірліктер ішіндегі прецеденттік есімдерге байланысты тұрақты тіркестер қолданылу қызметінің аясына қарай бөлініп, көрсетілген қызметтері контекстік реңкіне қарай кешенді жүзеге асатыны дәлелденді;
- этноним атауларға қатысты тұрақты тіркестердің тілдік коды сол тіркестің пайда болуына негіз болған экстралингвистикалық жағдаят негізінде аршылып, қазақ танымы үшін ақпараттық кодқа, ұлттық таным үшін мәдени кодқа айналдырылды;
- Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестердің бірінші деңгейлік мағынасы негізінде екінші деңгейлік мағына қалыптасуының уәжі анықталды;
- Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестер этнолингвистикалық тұрғыда топонимдік атаулар, шешендік үлгідегі мағыналық бірліктер, бата-тілек, кәсібіне қатысты және т. б. тақырыптар аясына шоғырландырылып, этнолингвистикалық сипаты анықталды;
- тұрақты тіркестердің бейкодталуы арқылы сол аймақты мекендеген халықтың құндылықтар жүйесі, менталитеті, мәдениеті, танымы, білімі көрініс беретіні нақты талдаулар арқылы берілді. Этнотұрақты тіркестерді қарастыру барысында талдау теориясының негізгі терминдік, ұғымдық аппараты берілді;
- Тұрақты тіркестер өз бойында, құрамы мен құрылымында сол өңірге тән экстралингвистикалық деректерді, ерекшеліктерді сақтап қалғаы дәйектелді;
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Жұмыстың баса айтылуға тиісті деген теориялық маңызына, алдымен, мынаны айтар едік: қазақ халқының ұлттық дүниетанымы, менталитеті, мәдениеті, білім қоры, табиғаты, болмысы туралы бұрынғы Кеңес дәуірі заманында қырқылып қалған мәліметтер мен деректердің орнын толтыру: ұлттық мәні бар, мазмұны бар деректерді сүзгіден алып шығып, ұлт болмысын танытатын ақпарат көзі ретінде зерделеу. «Ру», «жүз», «тайпа», «шежіре», «арғын», «найман» т. б. ұғымдар мен атауларға, этноқұрылымдық жүйе мен төл мәдениетіне сәйкес ұлт тарихы, ұлт құндылығы деп қарастырылды. Таралымы шектеулі аймақ көлемінде қолданылатын тұрақты тіркестердің жиналып, жүйеленуі, құрылымы мен мазмұны айқындалуы, мазмұн межесінен ұлттың менталитетін танитын қасиеттердің аршылуын аталған жұмыстың қазақ лингвомәдениеттану, қазақ лингвоелтану теориясына қосар өзіндік үлесі деп санаймыз. Ру-тайпаға байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестер рухани құндылықтары мол, әрі бай қазақ ескіліктерінің жүйесінен үлкен орын алып, тақырыптық топтарын, құрылымдық сипатын айқындауға, олардың ұлттың мәдени өмірімен, қазақ елінің тұрмыс-тіршілігімен байланысын танып білуге септіген тигізеді. Кешенді түрде зерделенген аймақтық дәрежедегі тұрақты тіркестерді арнайы зерттеген осы жұмыстың кейбір теориялық мәселелері мен талдамалары қазақ тіл білімінің фразеологиясының теориялық жақтан толықтырылуына белгілі дәрежеде өз үлесін қосады деп ойлаймыз. Зерттеу барысын және ұстанымдары мен нәтижелерін қазақ этнолингвистикасы, ономастикасы, лексикологиясы, этнологиясы, этимологиясына қатысты кейбір мәселелерді зерттеуде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін тіл білімінің этнолингвистика, лингвомәдениеттану мен лексикология салалары бойынша жүргізілетін арнайы курстарда пайдалануға болады. Қазақ елінің тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста болғандықтан халықтық педагогика саласының оқу-тәрбиелік, дидактикалық бір белгісі ретінде мектеп бағдарламасына енгізіп, қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында пайдалануда тиімді. Жұмыс нәтижесі болашақта этнолингвистикалық сөздік жасау ісіне материал бола алады.
Зерттеудің әдістері мен тәсілдері. Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестердің қолданыс өрісін көрсету мақсатында сипаттама тәсілі, олардың тілімізде атқаратын қызметі мен тақырыптық топтарын, уәжділік үрдісі мен лексика-грамматикалық модельдерін айқындауда аналитикалық-синтетикалық, кейбір мағыналық бірліктердің екінші деңгейлік мағынасын қарастыруда тарихи-салыстырмалы тәсіл қолданылды. Сонымен қатар аймақтық ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестердің тілдік мәнін халықтық ұғым-түсініктерге сүйене отырып сипаттау үшін, этнолингвистикалық тұрғыдан сипаттау тәсіліне көңіл бөлінді. Зерттеу барысында диахрондық-синхрондық сипаттау, салғастыру, жүйелеу, топтау, семасиологиялық, этнолингвистикалық талдау әдістері қолданылды .
Зерттеудің дереккөздері. Зерттеу жұмысында Шығыс Қазақстан облысы өңірлерінен жеке экспедиция барысында жинаған жазбалар, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті қазақ филологиясы кафедрасы және М. О. Әуезов атындағы университеттің филология факультеті студенттерінің фольклорлық практика кезінде және курстық, диплом жұмыстарын жазу барысында жинастырған материалдары, түрлі мерзімдік баспасөз беттеріндегі тақырыпқа қатысты материалдар, шежіре кітаптардағы тілдік деректер және әр ауданнан хабарламашылар түсірген мәліметтер, сонымен қатар көркем әдеби шығармалардан алынған тілдік оралымдар қолданылды.
Зерттеудің нысаны. Қазақ тілінің лексика-фразеологиялық, паремиологиялық жүйесіндегі ру-тайпа атауларының этнолингвистикалық, ономосиологиялық, лингвомәдени сипаты және Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларына қатысты тұрақты тіркестер нысан болды.
Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:
- ру-тайпа атауларына қатысты тұрақты тіркестер басқа тұрақты тіркестерге қарағанда тілдік емес жағдаяттан қол үзбеген, уәжі айқын, нақты бір оқиғаға, нақты бір белгілі тұлғаға байланысты пайда болған оралымдар;
- аталмыш тұрақты тіркестерде дидактикалық материал ретінде тек аймақтық ру-тайпалық қана ақпарат сақталмаған, онда жалпы қазақ ұлтының мәдениеті, менталитеті, дүниетанымы, көзқарасы, болмысы көрінген;
- Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестерде арғын, найман, керей, қоңырат, қыпшақ, уақ тайпаларында қалыптасқан менталитет бойынша кемшілікті тура айту арқылы жақсылыққа тәрбиелеу тәсілін көрсететін тұрақты тіркестер көп;
- Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестер көркемдігі, бағалауыштығы, ақпараттылығы, ұлттық құндылықтарды бойына жинақтаған ерекшелігі тұрғысынан қазақ тілінің тұрақты тіркестерінің (мақал-мәтел, идиома, фразеологизм, тұрақты эпитет, теңеу, метафора, прецедентті мәтін, феномендердің) қорын байытуға үлесін тигізеді;
- ұлттың дүниетанымы, болмысы, менталитеті, мәдениетінен хабар беретін мақал, мәтел, бата, тілек, тұрақты теңеу, метафора, прецедентті мәтіндер, прецедентті жағдайлар, ақпарат беретін мәтіндер және басқа тілдік бірліктер тұрақты тіркес деген топқа біріге алады;
- ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестер этнотанымдық, этнологиялық, этнолингвистикалық ерекшеліктерімен айшықталады, сондықтан тұрақты тіркестер өз бойында, құрамы мен құрылымында сол өңірге тән экстралингвистикалық жағдаяттарды сақтайды;
- ұлтты, этносты белгілі бір концептілер жүйесінде тану - сол ұлт туралы шынайы ақпарат алудың бірден-бір жолы. Аймақтық ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестер өңірде болып өткен тарихи-әлеуметтік жағдаяттарды тілдік дереккөз ретінде көрсете алады;
- Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестерден сүзілген осы аймақтағы ру-тайпаның концептуалдық санасы, құндылықтар жүйесі, жалпы адамзаттық құндылықтар жүйесі мен жалпы қазақ халқының концептуалдық жүйесіне сәйкес;
- тақырыпқа сай ру-тайпа, тарихи тұлға есімдерінен қалыптасқан тұрақты тіркестер - ресми тарих пен өткен уақыттың табын бойында сақтаған рухани шежіре.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен мақұлдануы: Диссертациялық жұмыстың негізгі теориялық мәселелері мен тұжырымдары түрлі деңгейдегі конференциялар мен баспаларда халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда: «ХХІ ғасырдың әлеуметтік-экономикалық және мәдени кеңістігіндегі қазіргі ғылым» (Семей, 1999), «Жоғары білім сапасын бағалау: тәжірибе, мәселелер, болашағы» (Семей, 2004), «Академик Ә. Т. Қайдар және тіл білімінің мәселелері» (Алматы, 2004), «Мемлекеттік тілдің ахуалы, проблемалары және оның шешу жолдары» (Өскемен, 2006), «Абай мен Пушкин шығармашылығындағы үндестік» (Семей, 2006), Ө. Айтпаевтың 70 жылдығына арналған «Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі» (Алматы, 2007), «Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларын зерттеудің өзекті мәселелері» (Семей, 2005), «Қазіргі әдебиет пен журналистикадағы жанр мәселесі: тәжірибе, сараптама, байыптама» (Семей, 2005), «Қазақ диалектологиясының мәселелері және профессор Хасан Кәрімұлы» (Алматы, 2007), «21 ғасыр және Шәкәрімнің рухани мұрасы» (Семей, 2007), «Қазақ диаспорасы: кешегісі, бүгіні, ертеңі» (Баян-Өлгей, 2009), «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ұлағат», «Ұлт тағылымы», «Тілтаным», «Ақиқат», ҚазМУ, Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ХТ және ПМУ-інің, КАЕСУ Хабаршысында жарық көрді. Шет елдік басылымдарда: Materialy IY mezinarodni vedecko-prakticka conference «Veda: teorie a praxe - 2008». - Dil 7. Filologicke vedy. Hudba a zivot: Praha. 2008. 69-72, Қоғамдық ғылым мінбесі. Шыңжан, ҚХР, 2008, Шыңжан университетінің журналы, 2008, жалпы қырықтан астам мақала жарияланды. Зерттеудің қол жеткен нәтижелері мен жаңалығы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасында (2008 жылы сәуірде), А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Лингвистикалық жұма» теориялық семинарында (18 қараша 2008 жылы) баяндалып, талқыланды. Жұмыс сондай-ақ, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде (3 ақпан 2009 жылы) талқылаудан өтті.
Диссертация кіріспе, төрт тарау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, жұмыстың басты нысаны, негізгі мақсаты мен міндеттері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы мен теориялық, практикалық мәнділігі анықталды.
Диссертацияның бірінші тарауы «Шығыс Қазақстан аймағындағы этнонимдердің этимологиялық және таңбалық ерекшеліктері » деп аталады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz