ҚАЗАҚ ТІЛІН ДИДАКТИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕРДІ ІРІЛЕНДІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 378. 016: 811. 512. 122 Қолжазба құқығында

Садықова Сәуле Тұрсынқызы

ҚАЗАҚ ТІЛІН ДИДАКТИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕРДІ ІРІЛЕНДІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

(жоғары оқу орындарының химия факультетінің студенттері үшін)

13. 00. 02 - Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі

(бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ тілі)

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу

үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2008

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында орындалған.

Ғылыми жетекшілері: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Ф. Ш. Оразбаева

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент А. Ш. Жылқыбаева

Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы,

доцент К. Б. Жақсылықова

педагогика ғылымдарының кандидаты,

доцент Г. Ж. Серікбаева

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық

университеті

Диссертация 2008 жылы 11 желтоқсан күні сағат 14. 00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, 215 а кабинет) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі

Д 14. 09. 04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30) .

Автореферат 2008 жылы 10 қарашада таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Қосымова Г. С.

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Ғылыми ақпарат көлемін қысқа мерзім ішінде қарқынды меңгеруді қамтамасыз ететін ұтымды оқыту әдісін қолданудың жолдарын әдістемелік тұрғыда негіздеп, практикада пайдалану - бүгінгі уақыт сұранысынан туып отырған мәселе. Орыс аудиториясында мамандыққа бағыттап оқытудың дидактикалық және әдістемелік негіздерін басшылыққа алу қазақша сөйлеу білуге қажет керекті лексиканы талапқа сай дұрыс таңдап алуды қажет етеді. ЖОО студенттерін мамандыққа бағыттап оқыту ауызекі тілді меңгертумен қатар кәсіби тілдесімді еркін жүзеге асырады.

Оқытудың дәстүрлі жүйесі бойынша мұғалім оқушыға дайын, тиісті оқу материалының белгілі бір мөлшерін беріп, одан соң оны пысықтап, дайын үлгі бойынша жаттығулар орындаумен шектелетін. Бұл жағдайда оқушылар императивтік- атқарушылық қызмет атқаратын. Ал тілді үйрету барысында грамматикалық ережелерді оқытуға басымдылық беріліп, оның коммуникативтік қызметі назардан тыс қалып қоятын. Соңғы кезде жарық көрген ғылыми еңбектерде тіл үйретуді қатысымдық тұрғыдан оқыту алға шығарылды. Бұл жағдайда студенттердің тілдік қарым-қатынас біліктілігіне басымдылық беріледі де, теориялық материал лексикалық тақырыптар төңірегінде түсіндіріледі. Алайда, біздің пікірімізше, мұнда грамматикалық құбылыстар көп жағдайда жалпылай абстрактілі түрде айтылады да, оларды студенттерге игеру біршама қиынға соғады. Ал шын мәнісінде, грамматика - тілдік қарым-қатынасты жүзеге асырудың ең негізгі түп қазығы, тілдегі материалдарды байланыстырудың өзегі болып табылады. Грамматикалық формаларды дұрыс қолдана білген кезде ғана тілдік қарым-қатынас нәтижелі болатыны белгілі.

Бүгінгі таңда республикада компьютерлік бағдарламалар шығарылып, оқытудың жаңа технологиялары оқу үрдісіне енгізіліп, оңды нәтижелер беруде. Олар - модульдік, деңгейлік, жаңаша жаңғыртып оқыту, дамыта оқыту, даралап, саралап оқыту, ойын арқылы оқыту, оздыра оқыту, ынтымақтастық педагогикасы, ізгілендіру технологиялары. Аталған технологиялардың ішінде қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне химия мамандығына қатысты дидактикалық бірліктерді ірілендіру (ДБІ) арқылы оқытудың маңызы ерекше.

Тіл үйрету үрдісінде біртектес немесе ұқсас ұғымдарды бір-бірімен жақындастырып, топтастыру білімді біртұтас шоғырландыруға негіз болады. Осының нәтижесінде тіл үйренушілер оқу ақпаратын іріленген мазмұнда жинақы қабылдайды. Ол оқу материалын жүйелі түрде және бірізділікпен қайта құруды қажет етеді. Химия мамандығына байланысты кәсіби лексиканы оқыту мәселесі аз мерзім аралығында біртектес білімдер жиынтығын бір мезгілде игеру жолымен іске асырылады.

Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілінің кәсіби сөздік қорын химия мамандығына сәйкес дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы оқыту әдістемесі тілші ғалымдардың зерттеу нысаны болмаған.

ДБІ арқылы мамандыққа бағыттап оқыту барысында тіл үйренушілердің білімдік, танымдық қажеттіліктері толық қанағаттандырылып, оқу үрдісінде тілді игеру мүмкіндігі дамиды, өз мамандығына деген ынтасы оянып, қызығушылығы артады. Мұнда сөйлесім әрекетінің - тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім түрлері бір-бірімен байланысып, қатысымдық бағытта мамандыққа баулып оқытуды қамтамасыз етеді.

Қазақ тілін ДБІ технологиясы арқылы үйретудің тілдік қатынасты жүзеге асыруда тигізетін септігі мол. Бұл ретте тіл үйренушілердің тек кәсіби бағыттағы тақырыптармен шектелмей, әдебиет, баспасөз материалдарынан мамандықтары жайында қажетті ақпаратпен танысуларына көңіл бөлінеді. Мұнда баяндама, реферат, шағын мәліметтер даярлау, түрлі тақырыпта шығарма жұмыстарын жазу, мәтінмен жұмыс түрлері, мәтінді диалогке, керісінше, сұхбатты монологке айналдыру, берілген жағдаятқа қатысты тапсырмалар орындау, сөздікпен жұмыс, түрі өзгертілген тапсырмалармен жұмыс сияқты т. б. амал-тәсілдер кеңінен қамтылады.

ДБІ технологиясы арқылы қазақ тілін оқыту болашақ химиктердің сөздік қорын мамандық лексикасымен байытып, кейін өндіріс ошақтарында кәсіби тілдесімді жүзеге асыруға жол ашады.

Жоғарыда айтылғандар аталмыш тақырыптың өзектілігін , ғылыми тұрғыдан маңыздылығын көрсетеді.

Зерттеу нысаны. Химия мамандығына қатысты лексикалық қорды ДБІ технологиясы арқылы оқыту үдерісі.

Зерттеу пәні. Орыс топтарында оқитын химия факультетінің студенттеріне қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан оқыту әдістемесі.

Зерттеудің мақсаты. Тілдік қатынаста химия мамандығына қатысты кәсіби лексиканы ДБІ технологиясы арқылы меңгертудің тиімді әдістемесін ұсыну;

Зерттеудің міндеттері:

-қазақ тілінің химия мамандығына қатысты кәсіби лексикасын ДБІ технологиясы арқылы оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтау;

- дидактикалық бірліктерді ірілендіру ұғымының мәні мен мазмұнын ашу;

- ДБІ технологиясына негізделген кәсіби бағыттағы қазақ тілін оқытудың бағдарламасын тәжірибеден өткізу;

- мамандыққа арналған лексикалық қорды сұрыптап, грамматикалық, фонетикалық ережелерді топтастырып, химия факультеті студенттеріне ДБІ технологиясы арқылы оқытудың ұтымды жолдарын көрсету;

- қазақ тілін химия факультетінің студенттеріне ДБІ технологиясы арқылы оқытуда орындалатын тапсырмаларды айқындау.

Зерттеудің болжамы. Кәсіби лексиканы химик мамандарына ДБІ технологиясы арқылы оқыту, біріншіден, бір-бірімен байланысты біртектес білімді бір мезгілде меңгеруге әсер етеді. Бұл тіл үйрену барысында студенттерге білімді бөлшектеп емес, біртұтас қабылдауға мүмкіндік береді; екіншіден, сабақта өтетін қажетті мәселені тез игеруге ықпал етеді; үшіншіден, іріленген тапсырмалар жиынтығының бірізділікпен орындалуы студенттердің қазақ тілін терең және сапалы түрде меңгерулеріне жағдай жасайды; төртіншіден, ірілендірілген тапсырмалар жүйесі тіл үйренушілердің өзінше ізденіп әрекет жасауына, ойын жетілдіруге, белсенділікке, шығармашылыққа жетелейді.

Жетекші идея. Қазақ тілінің кәсіби лексикасын дидактикалық бірліктерді ірілендіру арқылы коммуникативтік тұрғыдан оқыту мемлекеттік тілдің қоғамдық-әлеуметтік маңызын арттырып, болашақ маман иелерінің өндіріс ошақтарында қазақша тілдік қатынасты жүзеге асыруларына себін тигізеді, тіл үйренушілердің өз кәсібін жете меңгерулеріне игі әсер етеді.

Зерттеудің әдіснамалық негізі. Зерттеуде қазақ тілін оқыту әдістемесі, алуан түрлі ғылым саласында жарық көрген жаңа технологиялар туралы еңбектер, оқу құралдары, оқулықтар және мерзімді баспасөз беттерінде шыққан ғылыми материалдар негізге алынды.

Зерттеу әдістері. Еңбекте жаңа педагогикалық технологиялар, оны игертуге арналған теориялық әдістер, сондай-ақ деформация, ассоциация, қарама-қарсылық әдісі, талдау, қорыту, салыстыру, салғастыру әдістері пайдаланылды.

Зерттеудің негізгі кезеңдері.

І кезеңде (2002-2004 жылдары) зерттеу тақырыбына қатысты жаңа педагогикалық технологиялар туралы ғылыми мәліметтер жинастырылды. Дидактикалық бірліктер деген не, оның қазақ тілімен байланысы бар ма, ерекшелігі неде деген сұрақтарға жауап ізделініп, жалпы бағыты талданды. ДБІ технологиясын түрлі пәндерге қатысты пайдалану жайындағы еңбектер талданып, тұжырымдар жасалды. Сонымен қатар мамандыққа байланысты жарық көрген ғылыми зерттеулер мен оқу құралдары қарастырылды. Химия мамандығында оқитын студенттердің білім деңгейлері тексеріліп, сауалнамалар жүргізілді.

ІІ кезеңде (2004-2005 жылдары) қазақ тілін химия мамандығына байланысты оқытудың бағдарламасы жасалды. Онда ДБІ технологиясын қолдану арқылы студенттердің лексикасын байыту негізгі мақсат етіп белгіленді. Кәсіби лексиканы ДБІ технологиясы арқылы оқытудың тапсырмалар блогы мен ұстанымдары айқындалды. Тапсырмалардың мазмұнына, қызықтылығына, жүйелігі мен сабақтастығына назар аударылды.

ІІІ кезеңде (2005-2007 жылдары) ДБІ технологиясына негізделген бағдарлама бойынша эксперимент материалдары жинақталды; олардың білімдік, танымдық, интеллектуалдық, шығармашылық түрлері ажыратылып, негізгі ерекшеліктері көрсетілді. Тіл үйренушілер арасында жүргізілген тәжірибе нәтижелері қорытындыланып, көрсеткіштері анықталды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы.

- химия факультеті студенттеріне лексиканы ДБІ технологиясы арқылы оқытудың ғылыми-әдістемелік негізі анықталды;

- қазақ тілін химия факультетінде оқитын студенттерге ДБІ технологиясы арқылы оқытудың әдістемесі ұсынылды:

- кәсіби лексиканы ДБІ технологиясы арқылы оқытудың өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымдары айқындалып, оқытудың амал-тәсілдері белгіленді;

- болашақ химик мамандарға кәсіби лексиканы меңгерту барысында жүргізілетін жаттығулардың білімдік, танымдық, интеллектуалдық, шығармашылық түрлері анықталып, негізгі белгілері ажыратылды;

- ДБІ технологиясы арқылы қазақ тілін химия мамандығына баули оқыту барысында сөйлесім әрекетін жүзеге асыруға арналған блок тапсырмалары жасалып, олардың қызықтылығы, жүйелілігі, танымдылығы, сабақтастығы анықталды.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Ғылыми жұмыста қарастырылған мәселелер мен тұжырымдар химия факультетінің студенттеріне қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық тұрғыдан толығуына, жетілуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар ДБІ технологиясының басты заңдылықтары мен ұстанымдарын жалпы қазақ тілін және басқа тілдерді (орыс, неміс) оқыту теориясының негізіне алуға болады.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін ЖОО-да химия факультетінде және техникалық мамандықта оқитын студенттерге қазақ тілін оқытуда пайдалануға болады. Өзара бір-бірімен байланысты біртектес лексика-грамматикалық бірліктерді бір мезгілде оқыту қазақ тілін тез әрі саналы түрде меңгеруге мүмкіндік береді. Сабақты сапалы өткізуге әсер етеді.

Еңбекте ұсынылған мәтін бойынша блоктық тапсырмалар жүйесі студенттердің қазақ тіліне және өз мамандығына қызығушылығын арттырады, сөздік қорын байытады.

Зерттеу базасы негізінде С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің химия факультеті алынды. Сондай-ақ, Біліктілікті арттыру институтында мемлекеттік қызметшілерге және Өскемен Титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты кәсіпорындарының қызметкерлеріне қазақ тілін оқыту курстарында ДБІ технологиясы қолданылып, тәжірибе нәтижесі тиімді деп танылып, өндіріске енгізуге ұсыныс жасалды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- қазақ тілін химия факультетінде ДБІ технологиясы арқылы оқытудың өзіндік жүйесі бар;

- мамандыққа қатысты лексиканы ДБІ технологиясы бойынша оқытуда жүйелілік, сабақтастық, шоғырлылық, бірізділік, тұтастық ұстанымдары басшылыққа алынады;

- ДБІ технологиясы арқылы оқытуда тапсырмаларды блокқа топтастыру тиімді;

- қазақ тілін мамандыққа бағыттап оқытуда лексика-грамматикалық единицаларды ДБІ технологиясы арқылы топтастырып үйрету ұтымды болмақ.

Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы.

Зерттеу жұмысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының мәжілісінде, әдістемелік семинарларда талқыланды. Ғылыми жұмыстың нәтижелері бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарында 6 мақала, республикалық әдістемелік журналдарда 4 мақала; оқу бағдарламасы, химиялық атаулардың түсіндірме сөздігі жарық көрді.

Еңбектің құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, әдебиет тізімінен және қосымшадан тұрады.

Негізгі бөлім

Зерттеу жұмысының « ЖОО химия факультетінің студенттеріне мамандыққа сәйкес лексиканы дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы оқытудың теориялық негізі» деп аталатын бірінші бөлімнің алғашқы тармағында орыс бөлімдері студенттеріне қазақ тілін мамандыққа сәйкес оқытуға арналған еңбектерге шолу жасалды және ізденіс жасау барысында ғалымдардың құнды пікірлері назарға алынды.

Қазіргі таңда қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқытуда студенттерді болашақ мамандықтарына бағыттап оқыту жан-жақты іске асырыла бастады. Осыған байланысты З. Күзекова, Г. Қарақұсова, К. Сариева, Ф. Оразбаева, Г. Алдамбергенова, Ш. Құрманбайұлы, М. Мамаева, А. Сыбанбаева, А. Жұмағұлова, К. Аухадиева, Ә. Уәбиева, М. Жорақбаева, А. Мұратбекованың еңбектері жарық көрді.

Аталған ғылыми жұмыстарда қарастырылған мәселе - оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім әрекеттері арқылы тіл үйренушілерге қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан меңгерту; сауатты жаза білу; кәсіби тілдесімді еркін түрде жүзеге асыру. Мұндағы ғылыми жұмыстардың негізіне белгілі тілші ғалым Ф. Оразбаеваның «Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі» атты еңбегіндегі теориялық тұжырымдар мен басты қағидалар арқау етіп алынған. Ғалымның кәсіби тілдесім жөнінде мынадай пікірін келтіру орынды: «Кәсіби тілдесім - тіл үйренушілерге белгілі бір мамандықтың саласына байланысты сөйлесудің үлгілерін, мамандыққа қатысты сөздерді, тілдік қолданыстарды, терминдерді үйрету. Адамдардың бір-бірімен қандай мақсатпен, қалай сөйлесуіне байланысты тілдесім түрліше болады: ресми, бейресми, қалыптасқан тілдесім және т. б. » [1, 121 б. ] .

Бірінші бөлімнің екінші тармағы жоғары оқу орындарында қазақ тілін мамандыққа сәйкес және жаңа технология арқылы үйрету мәселесінің зерттелуіне арналған.

Педагогикалық технологиялардың тиімділігі төмендегідей авторлардың еңбектерінде көрсетілген: «Дамыта оқыту» (Л. С. Выготский, Л. В. Занков, Д. Б. Эльконин, В. В. Давыдов) ; Ынтымақтастық технологиясы (Ш. Амонашвили) «Ойын арқылы оқыту» технологиясы (В. Селевко) ; Проблемалап оқыту (И. Махмудов) ; коммуникативтік технология жүйесі (В. Ф. Шаталов, Е. Н. Ильина, Н. А. Зайцев, А. А. Окунев) ; Оздыра оқыту технологиясы (С. Н. Лысенкова) .

Дамыта оқыту технологиясы оқушыларды белсендіре отырып, оларды өз бетімен ізденуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулиды. Ынтымақтастық технологиясы мұғалім мен оқушының бірігіп қызмет істей отырып, бір-бірімен тең дәрежеде болуын көздейді. Ойын арқылы оқыту технологиясы ойын элементтерін қолдану арқылы оқушыларды белсендіре отырып, тиімді нәтижеге жетуге көмектеседі. Оздыра оқыту технологиясының негізгі ерекшелігі - сабақ барысындағы басты құндылық - уақыт ұтымдылығы болып саналады. Проблемалап оқытудың басты ерекшелігі - оқушыға проблемалық жағдай туғызып, соған қатысты оңтайлы шешім қабылдауға үйретеді. Педагогикалық технологиялардың түрлері оқушыларды белсендіру мен интенсивтендіруге ықпал жасай алады.

Оқытудың әдістемелік жүйесін жаңартуда негізге алынған ғылыми -теориялық алғышарттар отандық және шетелдік өркениетті елдердің озық тәжірибелері мен педагогика, оның ішіндегі әдістеме саласындағы қол жеткен табыстардың үздік нәтижелері сараланып, білім беру жүйесіне енгізілді. Біздің елімізде педагогикалық технологияның басты мәселелері Т. Галиев, Г. Нұрғалиева, М. Жанпейісова, Ж. Кобдикова, М. Мукамбаева, Г. Жақыпбекова, К. К. Қабдықараев, И. В. Логинов, Л. Н. Оразбекованың еңбектерінде көрініс тапқан. Олар В. Монаховтың педагогикалық технологиясын оқу үрдісіне енгізу барысындағы оңды нәтижелер туралы айтқан. Мұнда авторлар жаңа технологияның әмбебаптылығымен қатар, оның барлық пәнге қатысты қолдануға болатындығын және мемлекеттік стандарт талабына сай келетіндігін, деңгейлік оқытуға игі ықпал ететіндігін баяндайды.

Қазақ тілін жаңа технология арқылы оқыту тілші-әдіскерлер К. Жақсылықова, Қ. Қадашева, Р. Шаханова, Т. Әбдікәрім, Н. Құрманова, З. Бейсенбаева, Г. Үрістембекова, Л. Ермағамбетованың зерттеулерінде жан-жақты сөз етілген.

Диссертациядағы келесі тармақ « Қазақ тілін химия факультетінің студенттеріне дидактикалық бірліктерді ірілендіру (ДБІ) технологиясы арқылы оқытудың ерекшелігі мен ұстанымдары» деп аталады.

ДБІ идеясы - ғасыр идеясы ретінде оқытудың тұтастығын қамтамасыз ететін, яғни жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, әсіресе, интеллектуалды болып жетілуіне мүмкіндік туғызатын оқыту технологиясы негізінде танылған. Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясын математика пәніне қатысты ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым - П. М. Эрдниев. Ол: Ірілендірілген дидактикалық бірліктер - логикалық жағынан әр түрлі элементтерден құралған, ортақ ақпаратқа ие бола алатын оқу процесінің «клеткасы», - деп топшылайды. Ол оқу процесінің клеткасы ретінде «математикалық жаттығуларды» қарастырады және «оқу мен оқытуды» біртұтас бүтінге біріктіретін оқытушы мен оқушы әрекеттерін атайды.

Ғалымның айтуынша, ДБІ-ге негізделген оқыту технологиясы әр оқушының бас сүйегіндегі орасан зор психо-физиологиялық (қорларын) резервтерді оятып, іске жұмылдырады. Іріленген тақырыптарға көшу барысында өзара байланысты біртектес ұғымдарды бірге топтастыра қарастырғанда, оқушылардың санасында олар туралы мүлде «жаңа» білім пайда болады. Бұл «жаңа білімге» ДБІ-дің нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, бір элементтен екінші элементке көшу барысында студенттер олардың арасындағы өзара байланыс ақпаратына көз жеткізеді. Тек бір-бірімен байланысты бірліктерді ірілендіру көлемінде топтастырып қолданғанда ғана берілген ақпарат нәтижелі болады, тез қабылданады.

ДБІ технологиясының негізгі ерекшелігі - мұнда оқушылар оқу ақпаратын іріленген мазмұнда жинақы қабылдайды және есте берік сақтайды.

ДБІ теориясымен мына мәселелер тығыз байланысты: оқу материалдарын тірек схемалар мен сигналдар арқылы қабылдау және жазу идеясы (В. Ф. Шаталов) ; ғылыми теорияларды және олардың құрылымдық элементтерін бөліп қарастыру (Б. С. Гершунский) ; сабақ құрылымының тұтастығы мен дамуына қатысты оқыту мен оқудың актілері (Г. Д. Кириллова) . Ғалымдардың пікірінше, «құрылымдандыру» ұғымы - оқу материалдарының құрамдас элементтерін біріктіреді (ұғымдар, заңдар, идеялар, ұстанымдар) . Оларды оқушыларға жеткізу және меңгерту белгілі бір байланыстар мен қатынастар арқылы тізбек түрінде болады.

Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне мамандыққа баулып оқытуда дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясын қолдану өзара бір-бірімен байланысты, ұқсас лексика-грамматикалық единицаларды бір мезгілде жүйемен оқытып үйретуге мүмкіндік береді.

Мәселен, «Менделеев кестесі» атты лексикалық тақырып төңірегінде мынадай грамматикалық материалдарды ірілендіріп, бір-бірімен байланыстырып өткенде, бірнеше сабаққа арналған тілдік материалды студенттер бір сабақта меңгеріп, шығармашылықпен сабақтастырды: Ілік септік; Тәуелдік жалғау; Иелік форма.

Өзара байланысты грамматикалық формалар жөнінде профессор С. М. Исаевтың еңбегінде былай делінген: «Послелоги дейін, шейін в казахском литературном языке иногда управляют причастной формой на -ған-ген, -қан-кен в дательно-направительном падеже и употребляются, в основном, в роли сложного сказуемоге придаточного предложения времени. И в этом случае они (послелоги) тождественны . . . даже иногда причастие с аффиксами -ша, -ше употребляется в ином усилительно-временном значении, но это по-видимому семантическое развитие данной формы. Однако факт синонимичности этих конструкций говорит о родстве этих форм и единиц» [2, 88-89 б. ] .

ДБІ технологиясы арқылы қазақ тілін оқытудың ұтымдылығы - алдын - ала қарастырылған ішкі байланыстары бар тапсырмалар жүйесі. Ірілендіру ұстанымына негізделген белгілі бір жаттығулар жиынтығы, олардың қатаң түрдегі бірізділігі студенттердің қазақша сөйлеуге үйрену барысында тілдік құралдарды саналы түрде және берік меңгеруге жетелейді.

ДБІ технологиясы арқылы химия мамандығына қатысты лексиканы игерту кезінде бірліктерді ірілендіру мазмұны төмендегідей ұстанымдарға негізделді:

1. Бірізділік

2. Жүйелілік

3. Сабақтастық

4. Тұтастық

5. Шоғырлылық

Бірізділік ұстанымы меңгертілетін материалдарды бірінен соң бірін үйлестіріп, бір ізге түсіріп ұсынуды көздейді: бірінші тапсырмада іріленген грамматикалық бірліктердің түсініктері; екіншісінде мысалдары; үшіншіде іріленген бірліктерді ажырату тапсырмасы ұсынылады.

Сабақтастық ұстанымы орындалатын тапсырмалардың арасындағы үндестікті, байланыстылықты қамтамасыз етеді. Сабақтастырыла оқытылған материалдар студент санасында берік орнығып, керек кезінде еске емін-еркін түсіруіне жағдай жасайды.

Жүйелілік - дидактика ұстанымдарының маңыздысы. Кез келген материал лексика болсын, грамматика болсын белгілі бір жүйеде берілуі қажет. «Жүйесіз нәрсені жадыңда сақтау қиын. Егер тілде жүйе болмаса, егер ол бір-бірімен байланыссыз, ретке (тәртіпке) келтірілмеген, ұйымдаспаған, бөлшектері бүтінге бірікпеген, бытыраңқы элементтер күйінде болса, онда тіл адамның жадында да (санасында) сақталмаған болар еді, қатынас құралы болып қызмет етуге жарамас еді», - дейді ғалым К. Аханов [3, 5 б. ] .

Шоғырлылық ұстанымы білімді бөлшектеп емес, топтастырып қабылдауға мүмкіндік береді. Біртектес, ұқсас ұғымдарды топтастырып, бір мезгілде оқыту сапалы білім беруге негіз болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясының негізгі мақсаты, нақты жолдары
Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың теориялық негіздері
Оқушылар шығармашылығының тәрбиелік мәні
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ТИІМДІ ТҮРЛЕРІ
Қашықтықтықтан оқытуды ұйымдастыру технологиялары
Дамыта оқыту түсіндірме әдісі
Бастауыш мектеп оқушыларын математиканы оқытуда жобалық технологияны қолданудың әдістемелік негіздері
Бастауыш сыныпта математиканы оқытуды жаңа технологияны қолдану
ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖЕДЕЛДЕТЕ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Жалпы орта мектептерде оқушылардың білімін жетілдіру және оларды белсендендіру үшін оқытудың инновациялық технологияларын қолдану
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz