ҚТС - дағы зат есіммен байланысатын етістікті сөз тіркестерінің синтаксистік құрылымдарын өзге тілдермен салыстыра, салғастыра отырып зерттеу


ӘОЖ 81. 25=06. 053. 56 : [811. 161. 1] Қолжазба құқығында
ӨТЕЛБАЙ ГҮЛБАЙРА ТЫНЫБЕКҚЫЗЫ
Қос тілді сөздіктердегі септік көрінісі: ғылыми-тәжірибелік мәні, құрылымы, ерекшелігі
10. 02. 20 - салыстырмалы-тарихи, типологиялық және
салғастырмалы тіл білімі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Астана, 2010
Жұмыс Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
Жалпы тіл білімі және аударма теориясы кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы, профессор С. К. Сәтенова
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы Ж. С. Бейсенова
филология ғылымдарының кандидаты Л. С. Байманова
Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Диссертация 2010 жылы “ 27 ” тамыз сағат 14:00-де Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 29. 02 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.
Мекенжайы: 010008, Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 5, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқу-зерт-ханалық ғимараты, 823-дәрісхана.
Диссертациямен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылдың “ 16 ” шілдесінде таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы
филолгия ғылымдарының докторы Е. Қ. Әбдірәсілов
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста қос тілді сөздіктердің (ҚТС) шығу тарихы, ғылыми негіздемесі, сұранысты өтеу дәрежесі және олардың өзге тілді ортаға қазақ тілінің етістікті тіркестерін меңгертудегі рөлі қарастырылады.
Зерттеу ҚТС-дағы сөздер байланысына арналып отырғандықтан, септік категориясы, оның екі тіл арасындағы ұқсастықтары мен сәйкес келмейтін тұстарын ажырататын белгілері сипатталады. Қазақ тілінің етістікті сөз тіркестері зат есімнің белгілі бір жалғауларын талап етсе, орыс тілінің тіркестері септік пен предлог байланысынан жасалады. Ал, неміс тілінде мұндай тіркестерді жасауға міндетті түрде септік пен предлог және артикль қатысады. Жұмыста неміс тіліндегі сөздіктерде септік атауы мен предлогтердің көрініс табу себептері түсіндіріліп, осы тәжірибені қазақ сөздіктерінде пайдаланудың маңызы айтылады.
Шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің тіл ғылымы туралы: “Наука о языке в целом состоит из двух частей. Первая из них: запоминание слов, засвидетельствованных у какого-либо народа, и знание того, что каждое из них означает. Вторая: знание законов, этими словами (управляющих) . А законы в каждом искусстве суть универсальные, то есть всеобъемлющие суждения. Каждый закон охватывает многие вещи, свойственные какому-либо искусству, стремясь объять все вещи или большинство вещей, являющихся предметом данного искусства” деген қағидаты [1, 30] отандық лингвистиканы көп ізденіске жетелейді.
Зерттеу жұмысында қос тілді сөздіктердің шығу тарихын, түрлерін, ғылыми негіздемесін, сұранысты өтеу дәрежесін қарастыру барысында Махмұд Қашқари, Ы. Алтынсарин, Л. В. Щерба, С. И. Ожегов, А. А. Юлдашев, А. Н. Кононов, Ғ. Мұсабаев, Н. Сауранбаев, Ә. Қайдар, К. Аханов, Р. Сыздық, Ө. Айтбайұлы, Б. Қалиұлы т. б. белгілі ғалымдардың пайымдары дәйекке алынады.
Диссертацияда қос тілді сөздіктердегі септік көрінісінің әлемдік тәжірибесі және отандық бастама ізденісін қалыптастыру мүмкіндігі сарапталады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Тіл - сөйлемнен, сөз тіркесінен, сөзден, дыбыстан, әріптен тұрады. Адам баласы бұл тілдік элементтерсіз түсінісуді, сөйлесуді жүзеге асыра алмайды. Олар белгілі бір қағидаттар мен ережелер негізінде табиғи қалыпта құрылады. Демек, тіл сол ережелерді жасайтын ілімдерді үйренуді мақсат етеді.
Әл-Фараби бұл ілімді жетіге бөліп қарастырады: “Наука о языке у каждого народа имеет семь крупных подразделов: наука о простых словах и наука о словосочетаниях, наука о законах простых слов и наука о законах словосочетаний, наука письма (правописания) и орфоэпии, правила стихосложения” [1, 31] . Ғұлама сөз тіркестері туралы жазғанда, сөздердің қайсыбір тілде септеліп, кей тілде септелмейтінін көрсетіп, септіктердің ерекше құбылысына мән береді.
Айталық, орыс тілінде алты септік болса, қазақ тілінде - жетеу. Ал дүниежүзінде 2-ден 46-ға дейін септігі бар тілдер кездеседі. Француз тілінде септік деген ұғым да жоқ. Септіктердің сөзжасам мен сөйлемдер құрастыруда рөлі зор. Тілдер арасындағы мәселелер дұрыс шешімін табу үшін бір сөзді әр тілде септеп шығу аз. Олардың екі тіл арасындағы ұқсас жақтары мен ерекшеліктерін жан-жақты зерттеп қана қоймай, тәжірибеде көрсетуді мақсат еткен дұрыс. Мысалы, орыс тілінің (атау септігінен басқа) родительный, дательный, винительный атты септіктері жасалуы жағынан қазақ тілінің ілік, барыс, табыс септіктеріне сай келеді. Алайда оның өзі барлық уақытта емес. Себебі, қазақ тіліндегі септіктердің кейбір жалғаулары орыс тілінде предлогтер мен септіктердің тіркесуі арқылы беріледі. Осы тұрғыдан алғанда екі немесе бірнеше тілде сөздіктер құрастыру жұмысында аталған ерекшелік ескеріліп, сөздіктерде көрініс табуы тиіс. Бұл тәсіл неміс сөздіктерінде септік атауларын көрсету арқылы берілсе, орыс тілінде септік сұрақтарын қою арқылы жасалады. Қазақ сөздіктерінде де септік атауын көрсету маңызды. Ол тіл табиғилығы мен мәдениетін, әдеби-тілдік норманы сақтауға мүмкіндік береді және қазақ тілі сөз тіркестерінің өзге тілдердің ықпалына түсіп кетуіне, тіл заңдылығының бұзылуына жол бермейді.
Әдеби норма, тіл табиғаты тек бір тілде ғана қажет емес. Оларды аударма ісінде, екінші тілде ана тіліндегі ойды жеткізуде тілдердің типологиялық құбылыстарын зерделей отырып қолданған жөн. Зерттеу жұмысында тіл мәдениеті мен әдеби-грамматикалық норманы сақтау жөніндегі А. Байтұрсынұлы, Қ. Кемеңгерұлы, Е. Омарұлы, Х. Досмұхамедұлы, Ы. Маманов, М. Балақаев, Р. Сыздық, С. Исаев, Н. Уәли секілді ғалымдардың еңбектері негізге алынды.
Қазақ, орыс және неміс тілдері етістіктерінің зат есіммен байланысы салыстырмалы-салғастырмалы негізде қарастырылып, әр тілдегі ерекшеліктерді ескерудің маңызына мән беріледі. Бұл еңбек - ҚТС-дағы септік көрінісін зерттеу саласындағы тұңғыш диссертациялық жұмыс болып табылады. Жұмыстың өзектілігін жоғарыда аталған дәлелдер анықтайды.
Зерттеу жұмысының басты мақсаты - қазақ тілінің қос тілді сөздіктеріндегі есімді-етістікті, ал орыс, неміс тілдері сөздіктеріндегі етістікті-есімді және предлогті-септікті тіркестердегі септік формаларының берілуін салыстыра, салғастыра зерттеп, ұқсастықтары мен ерекшеліктерін көрсететін жаңа тұрпаттағы ҚТС жасаудың ғылыми принциптерін ұсыну. Ол мақсаттар төмендегідей міндеттерді шешуді алға қойды:
- сөздіктердің қалыптасуы мен сұранысты өтеу дәрежесін байыптау;
- сөздіктердің ғылыми негіздемесіне тоқталып, жасалу принциптеріне талдау жасау;
- ҚТС-да берілетін зат есімдердің септік категориясының қазақ тіліндегі баламаларын анықтап, сөздер байланысындағы рөлін айқындау;
- ҚТС-дағы зат есіммен байланысатын етістікті сөз тіркестерінің синтаксистік құрылымдарын өзге тілдермен салыстыра, салғастыра отырып зерттеу;
- етістіктің етіс категориясын әр тілде қарастырып, сөздікте берілу әдістерін зерделеу;
- ҚТС-ның тіларалық ерекшеліктерді айқындау сипатын көрсету;
- ҚТС-ның сұраныс пен қолданыс ерекшелігін анықтап, қазақ лексикографиясында жаңа тұрпатты сөздік жасаудың маңызын дәлелдеу.
Зерттеу нысаны - туыс емес тілдердің етістікті-есімді, предлогті-септікті сөздер байланысының лексикографияланған көрінісін және олардың ҚТС материалы негізінде сөз тіркестерін жасаудағы рөлі мен ерекшеліктерін көрсету.
Зерттеу пәні ретінде қазақ, орыс, неміс тілдерінің ҚТС-дағы септік жүйесі салғастырыла қарастырылады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- сөздіктердің қалыптасу тарихы зерттеліп, сұранысты өтеу дәрежесіне талдау жасалды және диссертациялық тақырыпқа сәйкес түрлері іздестірілді;
- сөздік жасаудың принциптері қарастырылып, ғылыми негіздемелері айқындалды;
- қазақ лексикографиясының сөздік жасаудағы жетістіктері мен кемшін тұстары, қажеттілікті қанағаттандыру мәселесі қарастырылды;
- қазақ, орыс, неміс тілдері зат есімдерінің ҚТС-дағы жалпы көрінісі және септік атауларының берілуі салыстырыла-салғастырыла сипатталды;
- ҚТС-ға грамматикалық ережелер, кестелер мен нұсқаулар енгізудің маңызы дәлелденді;
- ҚТС-ның құрылымдары, оларда көрініс табатын стильдік, грамматикалық және лексикографиялық параметрлердің атқаратын қызметі анықталып, сөздік сапасын жақсартудағы рөлі байыпталды;
- етіс категориясының ҚТС-да лексикографиялану ерекшеліктері мен айырмашылықтары ажыратылып, маңызы көрсетілді;
- қарапайым сөз саптауда, құжат тілін аудару барысында жіберілетін қателерді болдырмау мақсатында қос тілді сөздіктерде септік атауын көрсетудің маңызы айқындалып, түсіндіріледі.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
- Септіктер көрініс беретін ҚТС оларды қолданушы ортаның екінші тілдегі сұранысын өтеп, ана тілі мен екінші тілдің арасындағы лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін түсінуге жол көрсетеді.
- Қос тілді грамматикалық формалар есепке алынатын сөздіктер тіл үйретуде маңызды рөл атқарады.
- Септіктерге негізделген ҚТС түпнұсқа тілінің әдеби-тілдік және грамматикалық нормаларының сақталуын қадағалайды және тіл заңдылықтарының бұзылуына жол бермеуге бағытталады.
- ҚТС-дағы септік формалары есімді-етістікті сөз тіркестерінің қолданыс аясын, жұмсалу орнын айқындап, грамматикалық ақпараттармен қамтамасыз етеді.
- Септіктерге негізделген ҚТС тіл мәдениетін көтеріп, оның табиғилығын сақтауға (тілшілер мен үйренушілер үшін) қолайлы жағдай туғызады.
- Грамматикалық формалар көрініс беретін ҚТС тілдің теориялық қырларынан мәлімет беріп, өз бетінше тіл үйренудің кілті бола алады.
Жұмыста зерттеудің лингвистикалық әдіс-тәсілдерінің бірнеше түрі пайдаланылды. Зерттеу барысында сипаттамалы, салыстырмалы, салғастырмалы, құрылымдық және лексикографиялық жүйелеу, бақылау, есепке алу, талдау әдіс-тәсілдері қолданылды.
Жұмыстың ғылыми және теориялық-әдіснамалық негіздері ретінде қазақ, орыс, неміс тілдерінің қос тілді сөздіктері, жалпы лексикографияға қатысты еңбектер - монографиялар, диссертациялар алынған.
Түркі және орыс, неміс тілдеріндегі сөз тіркестерінің жасалуын нақты зерттеу барысында жалпы және қазақ тіл біліміндегі В. Виноградов, В. Щерба, Э. Розенталь, Э. Рымашевская, Н. Филичева, Г. Золотова, В. Д. Девкин, М. Балақаев, А. Аманжолов, Ғ. Айдаров, М. Серғалиев, М. Томанов, А. Аблақов, Т. Сайрамбаев, В. Исенғалиева, М. Мусатаева, А. Алдашева, Ш. Құрманбайұлы, Ж. Жақыпов, С. Сәтенова, М. Малбақов, Ж. Жүнісова және т. б. ғалымдардың негізгі теориялық тұжырымдары мен пікірлеріне сүйендік.
Зерттеудің материалдары мен дереккөздері. Жұмыста әр тілде жарық көрген қос тілді сөздіктердің лексика-грамматикалық құрылымына, жасалуына көңіл бөле отырып, олардағы зат есімдер мен етістіктердің берілу жолдары жан-жақты сипатталды. Атап айтсақ, Н. Т. Сауранбаевтың “Орысша-қазақша сөздігі” (1954), М. Тәттібаеваның “Немісше-қазақша сөздігі” (1977), Ғ. Ғ. Мұсабаевтың “Орысша-қазақша сөздігі” (1978, І том), Ғ. Ғ. Мұсабаев пен Н. Т. Сауранбаевтың “Орысша-қазақша сөздігі” (1981, ІІ том), немісше-орысша Едмунд Даум мен Вернер Шенктің “Deutsch-Russisch Wörterbuch” (1987) және Э. Л. Рымашевскаяның “Немецко-русский и русско-немецкий словарь” (1990) және Р. Ғ. Сыздық пен К. Ш. Хұсайынның “Қазақша-орысша сөздігі” (2001) . Жұмыс барысында С. Әбдіғали, А. Е. Біжікенова, К. Құрманәлиев сынды ғалымдардың немісше-қазақша-орысша // қазақша-орысша-немісше сөздіктер пен тілдескіштер әзірлеу тәжірибелері ескерілді.
Зерттеу нәтижесінде етістікті сөз тіркестеріне қатысты қазақ және орыс тілдеріндегі етістіктердің сөздігі жасалды. Сөздікте атау, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септікті сөз тіркестері іріктеліп, тура, кері және предлогті байланыстарға жіктелді. Осы сөздік орыс және қазақ тілі сөз тіркестерінің аудармасында кездесетін ұқсастықтар мен сәйкессіздіктерді көрсетеді.
Жұмыстың теориялық маңызы оның ғылыми жаңалығымен тығыз байланысты. Диссертациядағы жасалған теориялық тұжырымдар туыс емес (қазақ, орыс және неміс) тілдерді салғастырмалы-типологиялық тұрғыдан зерттеуді дамытуға үлес қосады, типологиялық жағынан әр түрлі жүйедегі тілдер арасындағы грамматикалық категориялар мәселесін шешуде пайдасы мол.
Зерттеудің практикалық маңызы оның нәтижелерін лексикографияның практикалық мәселелерін шешуде; ҚТС-ның сапасын жақсартуда; орыс және неміс тілдерінен қазақ тіліне аудару ісінің теориясы мен тәжірибесінде; қазіргі қазақ тілін ана тілі емес тіл ретінде оқыту тәжірибесінде; жоғары оқу орындарында тіл білімінің салғастырмалы және типологиялық курстарын жүргізуде; әр түрлі жүйедегі тілдердің салғастырмалы грамматикасын үйретуде; семасиология, лексикология и лексикография бойынша арнайы дәрістер оқуда пайдалану мүмкіндігінен тұрады.
Жұмыстың сарапталуы мен талқылануы.
Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдамалары мен нәтижелері «Мемлекеттік тілді үйрету жолдары: теориясы мен тәжірибесі» атты ғылыми-әдістемелік семинарда (Астана, 2004), «Қазақ баспасөзі жаһандану дәуірінде» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Астана, 2005), «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» атты І республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Астана, 2006), ЕҰУ-дың VІІ ғылыми-әдістемелік конференциясында (Астана, 2006), «Инновациялық білім технологиялары: тәжірибесі мен келешегі» атты VІІІ ғылыми-әдістемелік конференциясында (Астана, 2007), «Казахи Омского Прииртышья: история и современность» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Омбы, 2007), «Лев Гумилев ілімі және қазіргі Еуразия халқы» атты VІ халықаралық Еуразия ғылыми форумында (Астана, 2007), «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары. Алаш құндылықтары: отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі» атты халықаралық ІІ ғылыми-теориялық конференцияда (Астана, 2007), ҚР ҰҒА академигі М. Серғалиевтің 70 жылдығына арналған конференцияда (Астана, 2008), “Еуразияшылдық идеясы контексіндегі Қазақстан түркітануы: мәселелері мен болашағы” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Астана, 2008), ЕҰУ-дың «Білім саласындағы жаңа ақпараттық технологиялар» атты Х ғылыми-әдістемелік конференциясында (2009) баяндама түрінде оқылып, жинағында басылып, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ “Хабаршысы. Гуманитарлық ғылымдар сериясы” (2005, 2006), Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ “Хабаршысы. Филология сериясы” (2009), А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының “Тілтаным” (2009) ғылыми журналдарында жарияланды.
Зерттеудің негізгі мәселелері мен тұжырымдары әр түрлі басылымдағы 23 жарияланымда көрініс тапты.
Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымша етістікті сөз тіркестерінің қазақша-орысша септіктерге негізделген қысқаша сөздігі беріледі.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зерттеудің негізгі нысаны, материалдары мен дереккөздері, зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеудің теориялық және практикалық маңызы, жұмыс нәтижелерінің сарапталуы мен талқылануы туралы мағұлмат беріледі.
Диссертацияның “Тіл білімі тәжірибесіндегі сөздіктер және жаңа тұрпатты тіл үйретуші сөздік қалыптастырудың ғылыми негіздемесі” атты бірінші бөлімі үш тараушадан тұрады. Оның «1. 1 Сөздіктердің қалыптасуы мен дамуы: тілдік орта сұранымы және ғылыми-ағартушылық ізденістер» деп аталатын тараушасында сөздіктердің пайда болу тарихына шолу жасалынып, қазіргі күнге дейін жарық көрген қос тілді сөздіктер анықталып, сипаттамалар беріледі.
Жалпы сөздіктер тарихы туралы мәліметтер А. А. Юлдашев [2], А. Н. Кононов [3] т. б. ғалымдардың еңбектерінен алынып, олардың пікірлері мен көзқарастары да дәйектеледі. Бұл тараушада сөздіктердің пайда болу тарихы туралы ғана емес, оларың түрлеріне, әсіресе, қос тілді сөздіктерге және оларда грамматиканың көрініс табуына жіті назар аударылада. XI ғасырдағы түркі, араб, парсы тілдерінің білгірі Махмұд Қашқаридің “Диуани луғат ат-түрк” (“Девону лугати турк”) атты сөздігіне мән беріледі. Бұдан кейін пайда болған сөздіктер әр кезеңге бөліне зерделенеді. Ол сөздіктердің дені түркі халықтары лексикографтарының жұмысынан мәлімет береді.
Грамматика көрініс табатын сөздіктердің ішіндегі құнды жәдігерлік - “Кодекс Куманикус”. Итальянша (латын-парсы-құман сөздігі) және немісше (құман-неміс сөздігі) 2 бөліктен тұратын бұл еңбек әлі де толық зерттеле қойған жоқ.
Тұңғыш қос тілді қазақша-орысша сөздік тәжірибесі ретінде ХVІІІ ғасырда жарық көрген А. Д. Скалонның еңбегін атауға болады. Ол туралы С. Буличтің деректерінде: “В 1765-1777 гг. А. Д. Скалон проходил службу на пограничных линиях Западной Сибири, а в течение 1773-1776 гг. Находился на должности командующего войсками на Сибирских линиях. Умер в Усть-Каменогрской крепости (современный Усть-Каменогорск) и там же похоронен. Во время службы в Усть-Каменогорске составил совместно с капитаном И. Г. Андреевым рукописный словник казахских терминов и выражений, ставший одним из первых в России русско-казахских словарей” делінген [4] . Сондай-ақ осында сөздік авторының Ресейде туған, тілдік ізденіске бейім француз текті әскери офицер болғаны туралы мәлімет те бар.
Қос тілді сөздіктерде берілетін грамматиканың маңызын түсіну үшін өзге тілдерде шыққан сөздіктердің тәжірибесіне де мән берген жөн. Владимир және Мария Наливкиндер Махмұт Қашқари сөздігіне сүйеніп, тәжік және өзбек тілдерін салыстыра қарастырды. 1884 жылы олар Ташкенттегі гимназия ұстаздары болып жүріп жалпы қолданыстағы сөздердің өзбекше-орысша, орысша-өзбекше сөздігін құрастырды. Бұл сөздікке қосымша ретінде жергілікті тілдің қысқаша грамматикасы берілген.
Ғалым Халид-Саид Ходжаев (этникалық өзбек, Бакуде тұрған) 1926 жылы әзірлеген ХХ ғасыр лексикографиясының олжасы саналатын “Осман, өзбек және қазақ тілдері салыстырмалы грамматикасының сөздігі” жөніндегі дерек отандық тіл ғылымы тарихына беймәлім. Бұл еңбекті сол кезеңдегі салыстырмалы грамматика бойынша сүбелі еңбектердің қатарына жатқызуға болады.
ХІХ және ХХ ғасырларда шыққан қазақ тіліндегі қос тілді сөздіктерді В. Радлов, Н. И. Ильминский, Ы. Алтынсарин, Е. Букин, В. В. Катаринский, Т. Бокин, Қ. Кемеңгерұлы, К. К. Юдахин, Н. Сауранбаев, І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов, С. Аманжолов секілді ғалымдардың есімімен байланыстыруға негіз бар.
Қазір заман ағымына қарай сөздіктердің сан түрі шығып жатыр. Тіл үйретуші сөздіктер құрастыруда көптеген ғалымдар тілдің теориялық негізіне және жалпы тіл мәдениеті заңдылықтарына сүйенеді. Тіл мәдениетін көтеруге мақсатталған міндеттер ғылыми пән ретінде анықталуы керек. Оның проблемалары оқыту нормаларына сай шешілуі тиіс.
Тілдік норма ережесіне қатысты академик Р. Сыздықтың: «Тілдік норманың табиғаты екі түрлі: бірі тілдің өзінде қалыптасқан нормалар және ереже бойынша ұсынылған нормалар. Соңғыларды ереже бойынша деп атауымыз шартты. Бұл жердегі ереже дегеніміз - грамматика оқулықтары мен әр алуан сөздіктер, анықтағыштар т. т. » - деген тұжырымын ескерген жөн [5, 45] .
Демек, сөздіктердің қалыптасу тарихы мен дамуын зерттеу қос тілді сөздіктердің әр кезеңдегі түрлерін анықтауға, атқаратын рөлін зерделеуге көмектеседі, сөздіктердің тіл мүддесіне жұмсалудағы артықшылықтары мен кемшіліктерін саралауды үйретеді, сөздік жасаудағы озық тәжірибелерді меңгеріп, кемшін тұстарын ескеруді түсіндіреді. Лексикография тарихын білу қос тілді сөздіктердегі лексика-грамматикалық құбылыстардың атқаратын қызметі мен олардың күнделікті сөйлеу тәжірибесінде алатын орны және тілдік орта сұранысын өтеудегі маңызын анықтайды.
1 бөлімнің « 1. 2 Тіл үйретуші сөздіктер жасаудың ғылыми негіздемесі» тараушасында жалпы “лексикография”, “сөздік” деген ұғымдарға сипаттамалар беріледі. Тіл білімі маманы, профессор Б. Қалиев былай деп жазады: “Лексикография (грек. lexikos - сөз туралы, сөзге қатысты, grapho - жазамын) - қолданбалы тіл білімінің өз алдына бөлек, жетекші саласы. Ол сөздік жасаудың теориясы мен тәжірибесімен айналысады, олардың ғылыми ұстанымдарын (принциптерін) жасайды. Лексикография ұлт тілінің лексикалық байлығын жинастыру, оларды ретке келтіріп, жүйеге түсіру ісімен шұғылданатындықтан, ол жалпыхалықтық тілді байытады, әдеби тілдің нормасын қалыптастырады, тіл мәдениетін арттырады” [6, 255] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz