Зерттеу жұмысының сыннан өтуі


ӘОЖ 94:314(574. 14) Қолжазба құқығында
НАУШАБАЕВ ЖӘНІБЕК ӘБДІЛЛӘҰЛЫ
Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметі (ХХ ғасыр басындағы Жетісу және Сырдария облыстарының материалдары бойынша)
07. 00. 02 - Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)
тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институты «Қазақстан және әлем тарихы» кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Қойгелдиев М. Қ.
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы
Махаева А. Ш.
тарих ғылымдарының кандидаты
Рахымқұлов Д. А.
Жетекші ұйым: ҚР БҒМ Ғылым комитетінің
Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану
институты
Диссертация 2010 жылы «24» қараша күні сағат 14-00 -де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы тарих ғылымдарының кандидаттық ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 15. 09 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Жамбыл көшесі, 25, мәжіліс залы.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Мекен-жайы: Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 35
Автореферат 2010 жылы «23» қазанда таратылды
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы,
профессор Г. С. Сұлтанғалиева
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында ХХ ғасыр басындағы Сырдария және Жетісу облыстары құрамында болған Түркістан өлкесінде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы және олардың Уақытша үкімет жағдайында атқарған қызметі мен 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі ұстанымдары қарастырылады.
Мәселенің өзектілігі. Қазақстан бүгінгі таңда күрделі бетбұрыс кезеңін бастан кешіріп отыр. Республикамыз тәуелсіздік алып, дүниежүзілік қауымдастық таныған егеменді мемлекетке айналып, биылғы 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебесіне ие болды. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, демократиялық мемлекет құруды мақсат тұтқан елімізде қоғамдық-саяси ұйымдардың белсенділігі артып келуде.
Елімізде халықтың шыншыл да ақиқаты ғана айтылатын тарихқа деген ынта-ықыласы қауырт өсе түсуде. Болып жатқан өзгерістерге өткен кездерден ұқсастық іздестіріліп, қазіргі заманның күрделі проблемаларын шешудің жолын табуға талпыныс жасалуда. Осындай жағдайларда Қазақстанның тарихи өткен жолын объективті, идеологиялық конъюктурадан ада көрінісін қалпына келтіру халықтың тарихи зердесін қайта түлетудің негізі, ұлттық бірлікті қалыптастырудың, өскелең жас ұрпақты азаматтылық пен отаншылдық рухта тәрбиелеудің аса маңызды факторларының бірі болып табылады. Сондықтан да отандық тарих ғылымында бұрындары идеологиялық талаптарға сәйкес біржақты қарастырылған немесе бұрмаланған тарихи оқиғалар мен құбылыстардың тың деректік материалдар негізінде, ұлттық мүдде тұрғысынан сараланып, ой елегінен өткізілгені абзал. Бұл ретте ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде елімізде қалыптасқан ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың алдына қойған мақсаты мен мүддесін, осы мақсат-мүдде жолында атқарған қызметін объективті тұрғыда зерттеудің қажеттігі назардан тыс қалмауы тиіс.
Еліміздің тарихшылары Алаш қозғалысына, «Алаш» партиясына қатысты терең зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар ғылыми еңбектерді дүниеге әкелгені баршамызға аян. Алайда, отандық тарих ғылымында ХХ ғасырдың бас кезінде еліміздің бірқатар өнірлерінде, соның ішінде Түркістан өлкесі құрамында болған Жетісу және Сырдария облыстары ауқымында ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметі арнайы зерттеу объектісі ретінде қарастырыла қойған жоқ. Мұның өзі біздің зерттеу тақырыбымыздың өзекті мәселеге арналғанын аңғартса керек.
Түркістан өлкесінде ұлттық қоғамдық-саяси ұйым құру жолындағы ұлт зиялыларының әрекеті ХХ ғасырдың бас кезінде бой көрсетіп, 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейінгі жағдайда мұндай ұйымдарды құру мүмкіндігі қалыптасып, ондай ұйымдардың саны күрт өсті. Сол тарихи кезеңде Жетісу облысында Қазақ комитеттері, Сырдария облысында Қазақ-қырғыз кеңестері, одан бөлек Түркістан өлкесі ауқымындағы мұсылмандардың орталық кеңесі, Түркістан өлкесі Қазақ-қырғыз кеңесі, «Шуро-и-Ислам», «Шуро-и-улема», «Тұран» секілді т. б. ұйымдар құрылып, жергілікті халықтың мүддесін қорғауды ту етіп ұстады. Сондай-ақ, ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар өздерінің мақсатын жүзеге асыруда өзіндік ұстанымдарымен дараланды. Кеңестік билік қару күшімен орнағаннан кейін бұл ұйымдарды заңнан тыс деп жариялап, олардың жетекшілерін қуғындау жолына түсті. Міне, осындай жағдайдағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметі кеңестік тарих ғылымында маркстік-лениндік методология тұрғысынан халық тілегіне қайшы келетін ұйымдар ретінде бағаланып, объективті түрде зерттелінбей қалды.
ХХ ғасыр басындағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметін объективті түрде зерттеу сол тұстағы ұлттық зиялы қауым өкілдерінің саяси ұстанымдарын, ұлттық мүддені қорғау жолында жасаған әрекеттерін терең түсінуге өз септігін тигізеді. Сондықтан мұндай бағыттағы зерттеу жұмысын отандық тарих ғылымының сұраныстарымен толық үндесіп жатыр деп тұжырымдауға болады.
Мәселенің зерттелу деңгейі. Түркістан өлкесінде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметіне байланысты алғашқы пікірлер ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жарияланған еңбектерде-ақ көрініс тапты. Бұл ретте Т. Рысқұловтың, Г. Сафаровтың және С. Муравейскийдің еңбектерін[1] ерекше атап өтуге болады. Осы аталған авторлардың еңбектерінде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың ұстанымдарына оң баға беруге деген талпынушылық байқалады.
С. Қожанов, М. Есболұлы, Қ. Кемеңгерұлы секілді қазақ қайраткерлерінің еңбектерінде де [2] Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметіне қатысты пікірлер білдірілген. С. Қожановтың еңбегінде Түркістандағы қоғамдық-саяси ұйымдарға баға беруде кеңестік биліктің ұстанымдары басшылыққа алынғаны аңғарылады. Дегенмен оның еңбегіндегі мәліметтер сол тұстағы қоғамдық-саяси өмірдің астарларын аңғаруға өз септігін тигізеді. М. Есболұлының еңбектерінде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың жер мәселесіне байланысты ұстанымдары ұлттық мүддені қорғауға бағытталғанын көрсеткен.
Көрнекті қазақ қайраткері М. Шоқайдың естелігінде Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі, «Шуро-и-Ислам» және «Шуро-и-улема» ұйымдарының құрылуы мен қызметіне байланысты шынайы баға берілген. Оның еңбегінде С. Лапин жеткшілік еткен «Шуро-и-улема» ұйымының ұстанымы сол тұстағы түркістандық қоғамдық-саяси ұйымдардың бірлесе әрекет етуіне кедергі келтіргені орынды сынға алынған.
Кеңестік тарих ғылымында ХХ ғасырдың бас кезінде Түркістанда бой көтерген ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметін талдауда объективтілік емес, белгілі бір саяси мүдделерді көздеу, тарихи фактілерді сол тұрғыда сұрыптау үстемдік алып келді. Кеңес өкіметі кезінде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар жайлы жазу ресми саясатқа тікелей тәуелді болды. Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысының өрлеуі барысында дүниеге келген қоғамдық-саяси ұйымдарды реакциялық сипаттағы етіп көрсету кеңестік тарих ғылымына тән құбылысқа айналды. Мұны Б. Сүлейменовтың «Иттифақ» ұйымы жайлы жазғанынан да аңғаруға болады [3, с. 72] .
Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар кеңестік тарих ғылымында арнайы зерттеу объектісі ретінде қарастырылмады. Мұндай ахуал негізінен сол кездегі идеологиялық талаптардан туындаған-ды. Маркстік-лениндік методология талаптарына сәйкес ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар кеңестік биліктің орнауына негізгі тосқауыл жасаған ұйымдар ретінде бағаланды. Ондай бағалар негізінен 1917 жылғы революциялық өзгерістерге арналған еңбектерде көбірек көрініс тапты. Бұл ретте Ф. Маликовтың еңбегін [4] ерекше атауға болады. Автор Ақпан революциясынан кейін құрылған ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды байлардың, үстем тап өкілдерінің сойылын соғушы ретінде көрсетуге ерекше мән беріп, оларды большевиктер партиясының негізгі қарсыластары деп бағалайды.
Қырғызстандық зерттеуші А. Г. Зиманың еңбегінде де [5] Жетісу өңіріндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметіне қатысты пікір білдірілген. Автор кеңестік тарих ғылымында үстемдік еткен коммунистік идеология талабына сай Қазақ-қырғыз комитетінде, «Шуро-и-Ислам» ұйымында және «Бұқара» ұйымында халық тілегіне қайшы қызмет еткен өкілдер басымдылылық танытты деп бағалап, тарихи шындықты бұрмалаушылыққа жол берген. Сөйтіп, автор ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қазақ және қырғыз халықтарының мүддесін қорғау бағытында атқарған қызметін жоққа шығарған.
Өзбекстандық зерттеуші Х. Ш. Иноятов та өз еңбегінде [6] 1917 жылғы саяси жағдайда ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды құруға қолдау танытқан және олардың жұмысына атсалысқан М. Шоқай, Мүнауар қари секілді т. б. қайраткерлерді барынша қаралап көрсетуге күш салған. Автор Сырдария облысындағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды түгелімен халық мүддесіне сай қызмет етпей, ұйымды құрушылардың пайдасына қызмет етті деуі шындыққа жанаспайды.
Кеңестік биліктің Қазақстанда, Түркістан өлкесінде орнауы мәселесін қарастырған Т. Елеуовтің, К. Е. Житовтың, П. П. Никишовтың, С. Н. Покровскийдің, И. Юсуповтың және П. М. Пахмурный мен В. К. Григорьевтің еңбектерінде [7] ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар маркстік-лениндік методология талабына сай бағаланған.
В. К. Григорьевтің 1989 жылы жарық көрген еңбегінде [8] «Шуро-и-Ислам», «Шуро-и-улема», Қазақ комитеттері секілді ұйымдар ұлттық мүддені қорғаудан гөрі үстем таптың мүддесін қорғауды жоғары қойды деген пікір білдірілген.
Кеңестер Одағы ыдырап, оның құрамындағы республикалар өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі кезеңде жарық көрген еңбектерде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға деген бұрынғы бағамдар өзгеріске түсті. Алаш қозғалысын зерттеуге қомақты үлес қосқан М. Қойгелдиев, К. Нұрпейісов және Д. Аманжолованың еңбектерінде [9] ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға объективті баға беруге деген алғашқы қадам жасалды.
К. Л. Есмағамбетовтың [10] М. Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған еңбегінде Түркістан өлкесінде құрылған ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар өзіндік шынайы бағасын алған. А. Ауанасова [11], А. Ш. Махаева [12], С. Шілдебай [13] және Н. Д. Нұртазина [14] секілді т. б. авторлардың еңбектерінде де түркістандық зиялы қауым өкілдерінің ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметіне атсалысуы мәселесіне байланысты тың тұжырымдар жасалған.
Ресейлік зерттеуші С. М. Исхаковтың еңбегінде [15] Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың ұлттық мүддені қорғауда өзіндік бағдарлама ұсына білгендігі көрсетілген. Мұндай пікірді қырғызстандық А. Джуманалиев, З. Курманов, өзбекстандық С. С. Агзамходжаев, Н. Абдурахимова секілді т. б. авторлардың еңбектеріне байланысты білдіруге болады. 2000 жылы Р. М. Абдуллаев, С. С. Агзамходжаев, И. И. Алимова бастаған бір топ өзбекстандық зерттеушілер «Туркестан в начале ХХ века: К истории истоков национальной независимости» атты еңбек [16] шығарып, онда ХХ ғасыр басындағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметіне объективті баға берді.
Б. Хайттың «Түркі мемлекеттерінің ұлттық күресінің тарихы», С. Зенковскийдің «Ресейдегі түрікшілдік пен исламшылдық» атты еңбектерінде Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі азаттық қозғалыспен байланыстырыла түсіндіріледі.
1985 жылы Ұлыбританиядағы Орталық Азияны зерттеу орталығы түркі-мұсылман халықтарының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси ұйымдарының тарихына қатысты құжаттар жинағын шығарды. Бұл жинаққа енген құжаттардың алғысөзінде ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың тарихына шолу жасалып, оларға объективті баға беруге талпыныс жасалған.
Зәки Уәлиди Тоғанның «Бүгінгі түркі елі. Түркістанның таяудағы тарихы» деген тпен түрік тілінде жарық көрген еңбегінде Түркістанда құрылған ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың тарихына қатысты тың мәліметтер берілген. Оның еңбегіндегі мәліметтер М. Сарайдың еңбегіне арқау болған.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты - ХХ ғасырдың бас кезіндегі Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуын және қызметін Сырдария және Жетісу облыстарының материалдары негізінде объективті түрде ашып көрсетіп, оларға ғылыми баға беру. Осыған орай диссертациялық зерттеуде төмендегі міндеттерді жүзеге асыру көзделді:
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылу алғышарттарын ашып көрсету;
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуына отарлық билік орындары тарапынан жасалған қысымшылықты объективті түрде баяндау;
- 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін қалыптасқан ахуал жағдайында ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың бой көтеруіне әсер еткен факторларды анықтау;
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың ұстанымындағы ерекшеліктерді айқындау;
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың ұлттық мүддені қорғау бағытында атқарған қызметін зерделеу;
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар мен кеңестердің арақатынасына талдау жасау;
- Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметіне ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың ұстанымын шынайы түрде түсіндіру.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеу жұмысында қарастырылып отырған мәселені ашып көрсету мақсатында мұрағат құжаттары, жарияланған құжаттық материалдар жинағы, ғылыми еңбектердің мәліметтері, сол тарихи кезеңде шығып тұрған баспасөз материалдары және ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметіне атсалысқан қайраткерлердің естеліктері дерек көзі ретінде ғылыми айналымға тартылды.
Тақырыпқа қатысты мұрағат құжаттары Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатынан, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатынан, Қазақстан Республикасының Алматы облыстық мұрағатынан, Өзбекстан Республикасының орталық мелекеттік мұрағатынан, Өзбекстан Республикасының Ташкент облыстық мемлекеттік мұрағатынан, Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатынан және Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатынан жинастырылды.
Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатынан 44-қор (Жетісу облыстық басқарма), 13-қор (Жетісу облыстық Қырғыз комитеті), 9-қор (Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссары), 19-қор (Жетісу аудандық қоныс аудару басқармасының меңгерушісі), 53-қор (Верный қаласының 2-полиция бөлімінің приставы) бөлімі, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының 811-қор (Қазақ КСР орталық партия комитеті жанындағы партия тарихы институты) және Алматы облыстық мұрағатының 489-қор (Жетісу губерниялық жұмысшылар, шаруалар және қызыл әскерлер депутаттарының атқару комитеті) қаралып, олардан ұлттық саяси элита өкілдерінің қоғамдық-саяси ұйымдар құру жолындағы әрекеттері және ондай ұйымдардың атқарған қызметі туралы мәліметтер алынды. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметіне қатысты деректер Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатындағы И-1-қордың (Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі), И-1044-қордың (Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті), И-461-қордың (Түркістан аудандық күзет бөлімі), Өзбекстан Республикасының Ташкент облыстық мемлекеттік мұрағатындағы И-528-қордың (Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау істері бойынша Сырдария облыстық аймақтық комиссиясы), 2-қордың (Сырдария облыстық Халық комиссарлары кеңесі), Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатындағы 102-қордың (Полиция департаменті), 124-қордың (Әділет министрлігінің бірінші департаментінің қылмыстық істер жөніндегі бөлімі), 9599-қордың (Революциялық қозғалыстар тарихы туралы құжаттар коллекциясы) және Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатындағы 71-қордың (Марксизм-ленинизм институты) мәліметтерімен толықтырылды.
Зерттеу жұмысында «Қазақ», «Бірлік туы» секілді ұлттық басылымдардың беттерінде жарық көрген материалдар кеңінен қолданыс тапты. Түркістан аймағындағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметін зерттеуде бұл басылымдардың мағлұматтарының орны ерекше. Әсіресе, «Бірлік туы» газеті беттерінде сол кездегі Түркістан аймағындағы өңірлерде құрылған қоғамдық-саяси ұйымдардың Уақытша үкімет жағдайында халықтың саяси белсенділігін арттырып, Жетісу босқындарына көмек көрсету, жер мәселесіне қатысты жергілікті халықтың талап-тілектерін қанағаттандыру, халықты Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлауға даярлау бағытында атқарған жұмыстары көрініс тапқан. Сондай-ақ «Бірлік туы» газеті беттеріндегі материалдар ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өзара қарым-қатынасын және олардың кеңестік билікке байланысты ұстанымдарындағы ерекшеліктерді әрі олардың Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметіне деген көзқарастарын аңғаруға мүмкіндік береді.
Дерек көзі ретінде зерттеу жұмысында татар тіліндегі «Улуг Туркестан» («Ұлы Түркістан»), «Вакыт» («Уақыт») және «Йолдыз» («Жұлдыз»), сондай-ақ орыс тіліндегі «Туркестанские ведомости», «Свободный Самарканд», «Туркестанский курьер» секілді басылымдардың материалдары пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі. Диссертацияны жазу барысында бүгінгі таңдағы отандық тарих ғылымында орныға бастаған жаңа теориялық-методологиялық ұстанымдар басшылыққа алынды. Отандық және посткеңестік тарих ғылымында өркениеттілік ұстаным перспективалы ұстаным ретінде орнығуда. Өркениеттілік ұстаным тарихи үрдісті шынайы тұрғыда түсіндіре алатын әрі ағартушылық пен тәрбиелілік функцияларды атқаратын және ұлттық дәстүрді зерттеу мен ұлттық идеяның орнығуына қызмет ететін әмбебап парадигма ретінде санала бастады. Оның үстіне өркениеттілік ұстаным тарихи зерттеулер методологиясының тарихилық принципімен де толық үйлесімділік табады. Осыған орай диссертациялық жұмыста өркениеттілік ұстаным басты назарда болды.
Зерттеу жұмысы барысында зерттеудің логикалық тәсілімен тығыз байланысты ғылыми таным принциптері - тарихилық, объективтілік, жүйелілік кеңінен қолданылды. Сонымен қатар диссертацияда Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалпына келтіру тұжырымдамасындағы пікірлер де басты назарда ұсталды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалықтары. Диссертацияда кең көлемдегі деректік материалдар негізінде ХХ ғасырдың бас кезіндегі Сырдария және Жетісу облыстарында бой көтерген ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың Түркістан өлкесі аумағында атқарған қызметі қарастырылып, мынандай жаңалықтарға қол жеткізілді:
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылу алғышарттары айқындалды;
- патшалық Ресейдің үстемдігі тұсында түркістандық зиялы қауым өкілдері қоғамдық-саяси ұйым құру жолында әрекеттенгені, бірақ олардың мұндай әрекеті отарлық билік орындарының қуғындау саясаты салдарынан жүзеге аса қоймағандығы ашылып көрсетілді;
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды құруға атсалысқан қайраткерлердің қызметі өзіндік шынайы бағасын алды;
- Уақытша үкімет жағдайында ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың ұлттық мүддені қорғау жолындағы ұстанымдарындағы ерекшеліктер нақтылы деректік материалдар бойынша баяндалды;
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың Бүкілресейлік құрылтай жиналысына үлкен сенім артып, оған қызу әзірлік жұмыстарын жүргізгені нақтылы мәліметтермен негізделді;
- кеңестік биліктің ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды қысымға алып, олардың қызметін доғарту бағытында жүргізген саясатының астарына ғылыми баға берілді.
Зерттеу жұмысының территориялық ауқымы. Диссертацияда Түркістан өлкесі құрамында болған Жетісу және Сырдария облыстарында ХХ ғасырдың бас кезінде бой көтерген ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар қарастырылғандықтан зерттеу жұмысының территориялық ауқымы Қазақстанның оңтүстік өңірін қамтиды. Сондай-ақ қарастырылып отырған мәселені тереңірек ашып көрсету мақсатында аталған облыстарға іргелес орналасқан өңірлерге қатысты материалдар да қамтылды.
Зерттеу жұмысының мерзімдік шегі. Диссертацияда өткен ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуы мен қызметі баяндалады. Зерттеудің соңғы хронологиялық шегін 1918 жылдың көктемі деп белгілеуге болады. Бұл кезде билікке келген кеңес өкіметі өлкедегі барлық қоғамдық-саяси ұйымдарды заңнан тыс деп жариялап, олардың жетекшілері мен мүшелерін қуғындауды қолға алған болатын.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар.
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды құру жолындағы әрекеттер ХХ ғасыр басында, дәлірек айтқанда, бірінші орыс революциясы тұсынан қарқын алды және ондай әрекет азаттық қозғалыстың өрістеуімен тығыз байланыста жүрді;
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды құру жолында жергілікті зиялы қауым өкілдері белсенділік танытып, осы бағыттағы іс-шараларға жетекшілік жасады;
- жергілікті отарлық билік орындары ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуына қарсы әрекетке көшіп, мұндай ұйымдарды құруға талпынғандарды қуғындады;
- 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейінгі кезеңде қалыптасқан саяси ахуал көптеген ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың құрылуына мүмкіндік берді;
- Уақытша үкімет жағдайында ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар жергілікті халықтың саяси белсенділігін арттыру және олардың мүддесін қорғау бағытында жұмыстар жүргізді;
- ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар большевиктер үстемдігі ұлттық мүддеге қайшы келеді деп бағалап, кеңестік биліктің орнығуына қарсылық танытты;
- Түркістан автономиясының құрылуына және Алашорда үкіметінің жариялануына ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар тарапынан қолдау танытылды.
Зерттеу жұмысының қолданыстық маңызы. Диссертацияда жасалған тұжырымдар мен қорытындыларды және келтірілген мәліметтерді Қазақстан тарихының ХХ ғасырдың бас кезіне арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарында қолдануға болады. Сонымен қатар зерттеу жұмысының нәтижелері «Қазақстан тарихы» және «Түркістан тарихы» пәндері бойынша жоғары оқу орындарында оқылатын леккциялар курсында пайдаланылғаны дұрыс.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz