Жансүгіров поэзиясындағы тілдік бірліктердің қатысымдық және танымдық мәні, мазмұны



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 811.512.122' 42
Қолжазба құқығында

КАСЕНОВ ЕРЛАН СЛАМБЕКОВИЧ

І.Жансүгіров поэзиясының қатысымдық және танымдық табиғаты

10.02.02 – Қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазіргі
қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Оразбаева Ф.Ш.



Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
доцент Қоянбекова С.Б.


филология ғылымдарының кандидаты
Жонкешов Б.С.

Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық
қатынастар және әлем тілдері университеті

Диссертация 2010 жылы 28 желтоқсанда сағат 14.00-де Абай атындағы
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық
даңғылы, 13, кіші конференцзал) филология, педагогика ғылымдарының докторы
(кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04
диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі,
30)

Автореферат 2010 жылы 27 қарашада таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
Қосымова Г.С.
КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Адамзат баласының ғасырлар бойы
қалыптасқан өзіндік төл мәдениетімен ұштасып, ұлт болмысының тікелей
көрінісі болып табылатын қымбат дүниесі – оның тілі. Әрбір тіл адам
баласының қатынас құралы болуымен қатар, сол халықтың мәдениетін,
өркениетін, әлеуметтік күйін, дүниетанымын бейнелеуде маңызды және шешуші
рөл атқарады. Қазақ тілінің сөз байлығы халықтың рухани өмірін, тарихын,
ұлттық нақышты, дүниенің тілдік бейнесін сипаттау құралы болып табылады.
Қазіргі таңда тілдің табиғатын жан-жақты тануға арналған тіл біліміндегі
зерттеу жұмыстары ұлттың ойлау жүйесіне тән ерекшеліктерімен және этностың
өмір сүру болмысымен тығыз бірлікте алынып, коммуникативтік, когнитивтік
тұрғыдан зерделеу бүгінгі күн тәртібінің көкейкесті мәселелерінің біріне
айналды.
Тілдің өзіндік заңдылықтары тіл иесі этностың ғасырдан-ғасырға жалғасып
келе жатқан тарихының қалың беттерін, мәдениетін, ұлттық мінез-құлқын
сипаттауда ерекше орны бар көркем туынды тілі арқылы да танылады. Себебі,
көркем туынды ұлттық болмысқа қатысты мәселелерді жинақтайтын күрделі
құбылыс, біртұтас дүние ретінде әр ұлттың өзіне тән мәдениетінен, мінез-
құлық, жан-дүниесінен хабардар етеді, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Осымен
байланысты ақын Ілияс Жансүгіров поэзиясының тілінде халықтың мәдени өмірі
мен тарихы, мыңдаған жылдар бойы жинақтаған танымы мен білімінің көрінісі
жатыр.
І.Жансүгіров поэзиясының тілдік табиғатын халқымыздың тарихымен, таным-
түсінігімен байланыста қарастыру қазақ тіл білімінде ұлттық танымға
негізделген жаңа үрдістегі зерттеудің мәнін ғылыми тұрғыдан байытады.
Мұндай бағыттағы зерттеу жұмыстарының жүргізілуі ұлттық болмыс пен халықтың
тұрмыс-тіршілігіне, дүниетанымына қатысты ерекшеліктерді сипаттап, тіл мен
ұлттың, тіл мен сананың тығыз бірлікте екендігін дәлелдейді. Осы орайда,
І.Жансүгіров поэзиясындағы тілдік бірліктерді қатысымдық және танымдық
тұрғыдан қарастырып, олардың коммуникативтік, когнитивтік қызметін көрсету
суреткер өмір сүрген заманның болмысын зерделеумен қатар қазіргі қазақ
ұлтының қоғамдық-әлеуметтік жай-күйін, психологиялық жағдайын анықтауға
мүмкіндік береді.
Ақын Ілияс Жансүгіров поэзиясындағы тілдік бірліктердің қолданыс
барысындағы коммуникативтік ерекшелігі сөздің, сөйлемнің поэзиялық мәтін
құрамында келіп, аталымдық мағынамен қатар баяндалатын жүйелі ойға сәйкес
қатысымдық мағыналық реңктерді білдіруінен көрінеді. Ақын поэзиясындағы
тілдік бірліктердің қолданыстағы қызметі олардың қатысымдық және танымдық
мазмұнын анықтап, тұтас ойды жеткізудегі ақынның сөз саптау шеберлігін де
көрсетеді. Осыдан ақынның жалпыхалықтық тілді пайдалану үлгісін
коммуникативтік, когнитивтік тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туындайды.
Сондықтан да, ақын поэзиясындағы бірліктердің тілдік табиғатын қатысымдық,
танымдық тұрғыдан зерделеп, зерттеу бүгінгі таңдағы өзекті мәселе қатарына
жатады.
Зерттеу нысаны. І.Жансүгіров поэзиясындағы тілдік бірліктердің
қатысымдық және танымдық мәні, мазмұны.
Зерттеу пәні. Көркем мәтіннің қатысымдық мағынасы және тіл арқылы әлем
бейнесін суреттеудегі танымдық сипаты мен қызметі.
Зерттеу жұмысының болжамы. І.Жансүгіров поэзиясындағы номинативті қызмет
атқаратын тілдік бірліктер автордың мақсатына қарай түрлі қатысымдық мәнде
қолданылып, тілдік қатынас үдерісін дүниетанымдық тұрғыдан жан-жақты жүзеге
асырады. Ақын поэзиясының тілі қазақ халқының тарихын, таным-түсінігін, ұлт
болмысын бейнелеумен бірге ұлт пен тіл, тіл мен сана, тіл мен таным
бірлігін сипаттайды.
Зерттеудің жетекші идеясы. Ақын поэзиясы тіліндегі тілдік бірліктерді
қатысымдық тұрғыдан қарастыру қолданыстағы сөз, сөйлем, мәтіннің негізгі
хабарламалық мәнін толық түсінуге, қатысымдық мақсатқа сәйкес суреткердің
бейнелі ойын, көзқарасын дәйектеп талдауға жол ашады. Көркем шығарманы
танымдық тұрғыдан зерделеу ұлттың ой-өрісінің, дүниетанымының ерекшелігін
айқындауға, ақиқат дүниені, ғаламның тілдік бейнесін танып-білуге
мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Жұмыстың зерттеу нысанына орай дереккөз
ретінде ақын І.Жансүгіровтың поэзиясын қамтитын І.Жансүгіров атты
шығармалар жинағының I, II томдары (ҚМКӘБ, 1960 ж.), І.Жансүгіров
жинағының І томы (Жазушы, 2002 ж.) Құлагер жинағы (Атамұра, 2003 ж.)
пайдаланылды.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысында дәстүрлі ғылыми сипаттама әдісі,
тарихи-салыстырмалы, лексика-грамматикалық талдау, жүйелеу, компоненттік,
этимологиялық, семантикалық, концептуалдық талдау жинақтау, жіктеу әдістері
қолданылды.
Зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негізі. Зерттеу жұмысында жалпы
тіл біліміндегі, орыс, қазақ тіл білімдеріндегі қатысым, таным, семантика
теорияларының басты тұжырымдары мен қағидалары, заңдылықтары негізге
алынды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты – І.Жансүгіров
поэзиясындағы тілдік бірліктерді ұлт болмысымен байланыста қарастыра
отырып, олардың қатысымдық, танымдық табиғатын ашу. Бұл мақсатты орындау
үшін тіл біліміндегі коммуникативтік және когнитивтік лингвистика
теорияларының қағидаларына сүйене отырып, мынадай міндеттерді жүзеге асыру
көзделді:
- І.Жансүгіров поэзиясындағы тілдік бірліктерді коммуникативтік-
функционалдық қырынан қарастырып, олардың қатысымдық қызметін айқындау;
- ақын поэзиясындағы аталым бірліктерінің ақпараттық мәнін дәйектеу;
- І.Жансүгіров поэзиясындағы кірме сөздер мен диалектілік лексикаға
сараптама жасау арқылы олардың қатысымдық бірлік ретінде қолданылу
ерекшеліктерін, ақпараттық мәнін анықтау;
- ақын поэзиясы бойынша анықталған концептілерді когнитивтік тұрғыдан
жүйелеп, олардың ішкі мазмұнын ашу;
- концептілердің ішкі құрылымын түзуші мазмұндық компоненттерді
айқындау;
- І.Жансүгіров поэзиясы тіліндегі түр-түс атауларының таныммен өзектес
тұстарын көрсету және олардың қолданылу үдерісін зерделеу;
- ақын поэзиясындағы фразеологизмдердің ерекшелігін лингвотанымдық
тұрғыдан талдау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысында І.Жансүгіров поэзиясы
тіліндегі бірліктердің қатысымдық, танымдық сипаты алғаш рет кешенді түрде
зерттеліп, мына мәселелер ғылыми тұрғыда шешімін тапты:
- І.Жансүгіров шығармаларындағы тілдік бірліктер коммуникативтік-
функционалдық тұрғыдан қарастырылып, олардың қатысымдық қызметі мен
ақпараттық мәні дәйектелді;
- ақын поэзиясындағы тілдік бірліктер коммуникация теориясының өмір –
автор – мәтін – идея – оқырман жүйесінде зерделеніп, олардың
коммуникативтік-функционалдық тұтастық екендігі дәлелденді;
- ақын поэзиясы тіліндегі кірме сөздер мен диалектілік лексиканың
коммуникативтік-функционалдық қызметі, өзіне тән белгілері, ақпаратық
мазмұны айқындалды;
тіл мен этнос тұтастығынан тұратын ұлт дүниетанымының көрсеткіші болып
табылатын І.Жансүгіров поэзиясының тілі когнитивтік ғылыми-теориялық
негізде зерделеніп, оның танымдық табиғаты мен құрылымы
лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан дәйектелді;
ақын шығармалары мәтініндегі концепт түрлері анықталып, олардың танымдық
ерекшелігі, семантикалық өрісі антропоөзектік бағытта сараланды;
І.Жансүгіров поэзиясындағы фразеологизмдер мен түр-түстерге қатысты тілдік
бірліктердің қолданылу ерекшелігі айқындалып, олардың танымдық мәні мен
қатысымдық қызметі талданды.
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеу жұмысы нәтижелері қазақ тіл
біліміндегі коммуникативтік және когнитивтік лингвистика негіздерінің
теориясын ғылыми тұрғыдан толықтыруға септігін тигізеді. Диссертацияның
ғылыми тұжырымдары коммуникативтік және когнитивтік лингвистика
теорияларына қосылған үлес болып табылады. Қазақ тіл біліміндегі қатысымдық
және танымдық бағыттағы зерттеулердің ғылыми-теориялық негіздерін
айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Диссертацияның негізгі
материалдары мен теориялық тұжырымдарын жоғары оқу орындарының филология
факультеттерінде коммуникативтік және когнитивтік лингвистика,
этнолингвистика, лексикология салалары бойынша оқытылатын дәрістер мен
семинарларда, арнайы курстарда пайдалануға болады.
Алынған ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен нақтылығы. Зерттеу жұмысы
бойынша түйінделген теориялық қағидалардың көркем мәтін арқылы ғылыми
тұрғыдан тұжырымдалуымен, талдануымен дәлелденеді. Зерттеудің мақсаты мен
міндеттерін іске асыратын теориялық талдаулар қатысым теориясы мен
когнитивтік лигвистика салаларын тоғыстыра отырып, нақты нәтижелерді
дәйектейді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
жеке тұрғанда, заттың, сынның, қимылдың т.б. атауы болып номинативті қызмет
атқаратын тілдік бірліктер көркем шығарма мәтіні құрамында қатысымдық
бірлікке айналып, коммуникативтік қызмет атқарады. Осылайша, адам ойын
жарыққа шығаратын, қарым-қатынас құралы саналатын тіл көркем шығарманың да
өзегі бола отырып, белгілі бір ақпаратты, хабарды оқырманға жеткізеді.
Сондықтан автор мен оқырман арасындағы қарым-қатынас жалпы
пресуппозициялардың қатысуымен – өмір – автор – мәтін – идея – оқырман
жүйесінде жүзеге асатын күрделі үдеріс;
ақын поэзиясынан көрініс тапқан монолог пен диалог – кейіпкер бейнесін
ашуға лайықты тілдік бірліктермен өрілген, экспрессивті-эмотивті
интонацияға ие коммуникативтік-функционалдық тұтастық. Ақын поэзиясының
мәтіні – ақпараттылық құндылығы жағынан заман мен уақыт заңдылықтарын жан-
жақты қамтыған, ұлттық мәдениет пен жалпы адамзатқа ортақ идеяны бойына
жинаған танымдық кеңістік;
ақын поэзиясындағы топонимдер, антропонимдер, фитонимдер, кірме сөздер мен
диалектілер – автор (адресант) мен оқырман (адресат) арасындағы сан қырлы
қарым-қатынас ерекшеліктерін білдіретін, коммуникациялық кеңістікті
қамтитын қатысымдық бірлік болып табылады;
концепт – әлем бейнесін сипаттайтын тілдік құралдардың (лексикалық,
фразеологиялық, паремиологиялық т.б.) жиынтығы. Бүтін бір ұлттың ой-
өрісінің, дүниетанымының ерекшелігін айқындауда зор маңызға ие концептілер
– ақиқат дүниені, ғаламның тілдік бейнесін түсінуге мүмкіндік беретін
құбылыс. Осыған орай ақын поэзиясындағы атамекен, жылқы, соғыс,
қайғы, жалғыздық концептілерінің ішкі құрылымы арқылы ұлттық ұғым-
түсініктердің танымдық мәні ұғынылады;
І.Жансүгіров поэзиясы тіліндегі түр мен түс атаулары және оған қатысты
тілдік бірліктер когнитивтік семантика аясында ғаламның этникалық бейнесін
көрсетуде айрықша мазмұнға ие. Ақын шығармаларындағы фразеологизмдер
ғаламның ассоциативтік бейнесін танытып, бейнелік мәнге ие болуымен,
окказионалды қолданылуымен ерекшеленеді. Сондықтан І.Жансүгіров
поэзиясындағы түр-түс атаулары мен фразеологизмдердің қолданылу ерекшелігін
және танымдық табиғатын зерделеу таным мен тіл бірлігін айқындауға
мүмкіндік береді.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен
нәтижелері: 7 халықаралық, 1 республикалық ғылыми-практикалық конференция
материалдарында баяндалды.
Диссертациялық жұмыстың мазмұны бойынша 6 мақала ғылыми басылымдарда
жарияланды. Диссертациялық жұмыс бойынша барлығы 14 ғылыми мақала жарық
көрді.
Диссертациялық жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының
мәжілісінде, лингвистикалық семинарда талқыланып, мақұлданды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі
тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың жалпы сипаты,
зерттеу нысаны, өзектілігі, негізі мақсаты мен міндеттері, дереккөздері,
зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы
анықталып, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар мен зерттеу жұмысының жариялануы
туралы мәлімет берілді.
Жұмыстың бірінші бөлімі І.Жансүгіров поэзиясы тіліндегі тілдік
бірліктердің коммуникативтік-функционалдық сипаты деп аталады. Мұнда
І.Жансүгіров поэзиясы тілінің зерттелуі қарастырылады. Ақын
шығармаларындағы тілдік бірліктердің коммуникативтік-функционалдық қызметі
қатысымдық тұрғыдан талданады, олардың ақпараттық сипаты айқындалады.
1.1 І.Жансүгіров поэзиясының зерттелуі. Тараушада поэзия тілінің
зерттелуі кеңінен сөз етіледі. І.Жансүгіров шығармаларына байланысты
алғашқы ғылыми зерттеулер қатарына жататын Ғ.Тоғжанов, Қ.Жұмалиев,
М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Т.Нұртазин, М.Дүйсенов, Т.Әбдірахманова, Ә.Дайырова
еңбектерінің маңызы зор. Бертінгі кезеңде ақын шығармашылығын арнайы
зерттеген ғалымдар қатарында Л.Әділбекова, М.Иманғазинов, М.Әбілқақов,
З.Османова бар. Ғалым Л.Әділбекова І.Жансүгіров прозасының идеялық-
көркемдік ерекшеліктері атты зерттеуінде І.Жансүгіровтың прозалық
туындыларының ерекшелігі, әдеби-сын еңбектерінің стилі жөнінде өзіндік ой-
пікір білдірсе [1, 88 б.], М.Иманғазинов І.Жансүгіровтың шығармашылық
лабораториясы тақырыбындағы зерттеуінде ақынның қара сөздегі шеберлігін
жалпы психологиясымен ұштастыра зерделеген [2, 5 б.]. М.Иманғазинов
І.Жансүгіровтың прозалық туындыларда кейіпкер характерін ашудағы
шеберлігіне, пейзаж, конфликт, монолог, диалог сияқты көркемдік құралдарды
қолданудағы машығына талдау жасаған.
І.Жансүгіровтың драмалық шығармаларындағы тартыс пен қаһарман атты
кандидаттық диссертациясында М.Әбілқақов ақынның драма жазу барысында
қолданған көркемдік құралдарын, тәсілдерін айқындайды [3, 8 б.].
І.Жансүгіров поэзиясын тілші З.Османова І.Жансүгіров поэзиясы тілінің
көркемдік ерекшеліктері атты зерттеу еңбегінде қарастырып, ақын
поэзиясының әуезділігін аңғартатын дыбыстық үйлесімділік жүйесін,
фразеологизмдердің стильдік мақсатта қолданылуын анықтаған [4, 22 б.].
Көркем туынды тілін талдау мен І.Жансүгіров поэзиясына қатысты жоғарыда
аталған ғалымдар еңбектерін зерделей келе, ақын тілі танымдық, қатысымдық
тұрғыда ғылыми-теориялық негізде зерттелмейінше, тіл мен ұлт, тіл мен таным
сабақтастығы дараланып көрінбейді деген қорытындыға келуге болады.
1.2 Жансүгіров поэзиясындағы тілдік бірліктердің коммуникативтік-
функционалдық қызметі. Қоғамдағы әлеуметтік сипаты басым қарым-қатынас
жасау құралы болып табылатын тілдің негізгі элементі – сөз. Сөз белгілі бір
ойды білдіріп, нақты бір ұғымдарға атау болады. Демек, көркем мәтіндегі
тілдік бірліктер оқырманын маңызды сипатқа ие оқиғалардан не автор
толғанысынан хабардар етіп, қатысымдық сипатқа ие болады. Мағыналық және
құрылымдық жағынан тиянақталған мәтін коммуникативтік жағдаятқа байланысты
қатысымдық сипатқа ие болады. Ал мәтіннің коммуникативтік қызметі
қаламгердің белгілі бір мақсат көздеуімен (автордың идеясы, ойы) өлшенуге
тиіс. Сондықтан да І.Жансүгіров заман келбетін, жаңа өмірді, туған жер
табиғатын жырлай отырып, тыңдаушысының дүниетанымын арттыратын, оған ой
салатын ауқымды мәселелерді қозғайды. Бұл – өлең мәтіні коммуникациясындағы
түпкі мақсат және күллі поэзия табиғатына тән ерекше болмыс. Бұл ретте
тыңдаушы психикасына ерекше әсер ететін, тыңдаушының эмотивтілігін
арттыратын экспрессивті, эмоционалды сөздер, бағалауыштық қолданыстар
таңдалынады. Мысалы:
Дауылдат!
Дауыл,
Дабыл қақ!
Ұшықта!
Шалқыт, ұшыршы!
Ұшқыр ұшта
Дамылдат,
Ойдағы жерге түсірші! (Жел өлеңінен).
Мұнда қабылдаушы тез түсінетін ұғымдар, жеңіл ұйқастар алынған. Ақынның
мұндай туындыларында автордың дүниеге көзқарасы айқындалады. Оқырман
авторлық ойдан, оның жеткізер мағлұматынан хабардар болады, ақпарат алады.
Жеке тұрғанда, заттың, сынның, қимылдың т.б. атауы болып номинативті қызмет
атқаратын тілдік бірліктер көркем шығарма мәтіні құрамында қатысымдық
бірлікке айналып, коммуникативтік қызмет атқарады. Осылайша, адам ойын
жарыққа шығаратын, қарым-қатынас құралы саналатын тіл көркем шығарманың да
басты құралы бола отырып, нақты бір мағлұматты, хабарды оқырманға
жеткізеді. Сонымен ақын поэзиясы тіліндегі қатысымдық бірліктер автордың
айтайын деген ойын іске асыру мақсатында тұтас мазмұнын түсінуге септігін
тигізіп, идеялық мақсатын ашып беруге мүмкіндік береді.
1.2.1 І.Жансүгіров поэзиясындағы автор мен оқырман қатынасындағы
қатысымдық бірліктердің қолданылу ерекшеліктері.
Адам ойының көрінісі, тілдік қатынастың негізі тіл болса, тіл
деректерінің тоғысар жері – көркем туынды. Ол – ұлт болмысына қатысты
мәселелерді жинақтайтын күрделі құбылыс, біртұтас әлем. Коммуникативтік
қызмет атқару барысындағы көркем шығарма авторының негізгі ұстанымы –
оқырманына маңызды сипатқа ие деректерді түсіндіру, адамзат қоғамының әр
кезеңіндегі түрлі тарихи, мәдени, әлеуметтік жайлардан хабардар ету. Көркем
шығарманың оқырман тарапынан оқылуына қатысты қатысымдық қызмет жүзеге
асады.
Тіл білімінде автор мен оқырман арасындағы қатысымдық үдеріске қатысты
түрлі үлгілер кездеседі. Атап айтсақ: замысел – произведение – восприятие
(Б.С.Мейлах), действительность – автор – произведение – читатель
(А.М.Левидов), автор – текст – читатель (У.Эко), замысел –
художественное произведение – читатель (В.В.Молчанов), адресант – текст –
адресат (В.Г.Благова). Осы үлгілердің бәрінде автор – мәтін – оқырман
жүйелі тізбегі сақталғандығы аңғарылады.
Белгілі ғалым Қ.Күдеринова ойлау-сөйлеу-жазу үдерісінің өзара
ерешеліктері жөнінде айта келе: жазу процесінде адресат – жазарманның өзі
болса, адресант – қағазға түскен мәтін болады да, алдымен жазарман-ЖМ
арасында коммуникация орнайды – деген пікір айтады[5, 58 б.].
Синтаксистік бірліктердің ғылыми мәтін құрудағы қызметі мен ерекшелігін
құрылымдық және коммуникативтік негізде қарастырған ғалым С.Әлісжанов
тілдік қарым-қатынас жөнінде айта келе: ғылыми аядағы қарым-қатынас автор
– мәтін – адресат, сондай-ақ жалпы пресуппозициялардың қатысуымен жүзеге
асатын үдеріс деген тұжырым жасайды [6, 28 б.]. Біздің пайымдауымызша,
автор мен оқырман арасындағы қатысымдық үдерістің ақпараттық моделі бес
бөліктен тұрады, оның алғашқы бөлігіне өмір (ақиқат шындық), екіншісіне –
автор (қаламгер), үшіншісіне – мәтін (көркем туынды), төртіншісіне мәтін
арқылы көрінетін идея (авторлық ой), бесіншісі – осы көркем дүниені
қабылдаушы оқырман (адресат) енеді.
Қатысым үдерісі оқырманның қабылдауына, көп жағдайда автор мен
оқырманның бірлігіне тәуелді. Жалпы қатысым үдерісіне автор мен оқырман
теңдей қатысады, екеуінің бірі жоқ болған жағдайда қатысымдық үдеріс жүзеге
аспайды. Осыған сәйкес ақын шығармаларының мәтіні автор мен оқырманның
тікелей қарым-қатынас ерекшеліктерін бойына сақтайды.
Ақынның өнеге беру, ақыл-өсиет айту мазмұнындағы Ғұрыптар өлеңінде
өмір – автор (адресант) – мәтін – идея – оқырман (адресат) тізбегіндегі
хабардың адресаттылығы – имплицитті болып келеді. Мысалы:
Шапса балта өтер ме?
Табиғи таудың тасына,
Дауасыз ғұрып кетер ме?
Басыңа сіңген жасыңда.
Аштық көрмей тоқ болмас,
Қайғысыз адам ой таппас.
Көзі көрмей тоқталмас,
Дегенге шабан қой шаппас (Ғұрыптар өлеңінен).
Мұнда ақын – ақыл айтушы емес, өз алдына қойған мақсаты арқылы
коммуникативтік стратегия құрушы. Ол – адресатқа әсер ету, әлеуметтік-саяси
жағдайды ұғындыру, өмір, тіршілік философиясына қатысты ақпарат беру.
Ақынның осы өлеңі арқылы өмір-автор-мәтін-идея-оқырман қатысымдық
моделінің құрылымын талдауға болады. Өмір – белгілі бір уақыт пен кеңістік
шеңберіндегі әлемдегі бұлжымас заңдылықтар жиынтығы. Тасқа балта өтпеу,
аштық көру, қайғы басу тіршіліктегі бұлжымас заңдылық деп танысақ, оны
сезіну, білу өмірден өзіндік тұжырым түю болып табылады.
Автор – белгілі бір қоғамдағы адамзат баласының іс-әрекетін, қасиет-
құндылықтарын тілдік бірліктер арқылы көркем түрде жеткізуші. Ақын
І.Жансүгіров белгілі бір қоғамдағы адам басынан өткерген құбылыстарды
қатысымдық бірліктер арқылы өлеңдерінде көркем түрде бейнелеп отырады.
Мәтін – өмір, оның заңдылықтары туралы автор ойының мазмұны мен
формасын жүйелі түрде жинақтаған тұтас күрделі бірлік. Мәтін арқылы
автордың өмірден жинақтаған түйіндері көрініс табады.
Идея – мәтін арқылы берілетін автордың өмірдегі заттар мен құбылыстар,
заңдылықтар жөніндегі пайымдау, түйіндерінің және ақпараттарының жиынтығы.
Бейнелі түрде жеткізілген мәтін арқылы автордың өмір, қоғам турасындағы ойы
беріледі.
Оқырман – сөз, сөйлем, мәтіннен тұратын көркем туындыдағы ақпаратты
ойлау қабілетіне сай қабылдаушы жеке тұлға. Көркем туынды арқылы берілген
ақпарат пен мағлұматты қабылдай отырып, оқырманның өз көзқарасы қалыптасып,
дүниетанымы кеңейеді.
Осы құрылымдағы поэзиялық туынды мәтіні арқылы берілетін ақпарат деңгейі
ақынның дүниетанымы мен пайымының нәтижесіне байланысты болады. Өмір –
автор – мәтін – идея – оқырман тізбегіндегі қатысымдық үдеріс барысында
І.Жансүгіров поэзиясындағы тілдік бірліктер өзара грамматикалық, мағыналық
байланысқа түсіп, қатысымдық бірлікке айналса, мәтін ішкі мазмұнындағы ой-
деректерді оқырманға жеткізу арқылы қатысымдық қызмет атқарып тұр.
Сондықтан қатысымдық үдерісте автор мен оқырманды бір-бірінен ажырағысыз
күрделі екі ұғым деп тануға болады. Автор – ақиқат шындық пен қоғамдағы
құбылыстарға орай нақты бір идеяны тілдік бірліктер арқылы мәтінге
айналдырса, оқырман – сол идеяны меңгеріп, оны ой елегінен өткізе отырып,
мәнге айналдырады. Авторды ойлау қабілеті жоғары шығармашылық тұлға десек,
оқырман автордың ойын өз қарым-қабілетіне сай түсінетін, ұғынатын
қабылдаушы. Автор мен оқырман арасындағы қарым-қатынас – өмір – автор –
мәтін – идея – оқырман тізбегінде және жалпы пресуппозициялардың
қатысуымен жүзеге асатын үдеріс.
1.2.2 Ақын шығармаларындағы монолог пен диалогтың қатысымдық сипаты
тарауында ақын туындыларында монолог пен диалогтың қатысымдық сипаты
зерделенді. Біз қарастырып отырған І.Жансүгіров поэзиясында монолог пен
диалогтың нақты бір адам ойынан хабар, ақпарат беретіндігі айқындалды.
Автордың дүниетанымы мен шеберлігіне байланысты көркем туындыдағы диалог та
монолог сияқты автор бейнесінің көрінуіне ерекше әсер етеді. Кейіпкерлердің
өзара сөйлесулерін бере отырып автор өзінің оларға көзқарасын, нақты
оқиғаға қатысты пікірін, ұнату, ұнатпау сияқты қатынасын сездіре алады.
Осыған орай, диалог қос бағыттағы коммуникативтік үдеріс, диалогтың әр
қатысушысы субъект және сол мезеттегі диалог әрекетінде объектісі болып
табылады. Демек, көркем шығармадағы диалогта автор сөзі мен кейіпкер сөзі
бірін-бірі алмастырып, бірін-бірі толықтырып отырады. Кейіпкерлерді
сөйлетіп, оларды әр түрлі оқиғаларға қатыстырып отыратын автор сөзінен
оқырман санасында автордың өз бейнесі туралы түсінік қалыптасады.
Тілдік қатынастың хабардың пайда болуы, хабардың сыртқа шығуы, хабардың
жеткізілуі, хабардың қабылдануы, хабардың жауабы деген бірнеше кезеңнен
тұратынын ескере келе, тілдік қарым-қатынас болу үшін, хабарды қабылдап
алумен ғана шектелу біржақты процесс болады, тілдік қатынас жүзеге асу
үшін, қабылданған хабарға көңіл аудару, яғни оны сарапқа салу, бағалау,
түсіну, сосын жауап қату шарт [7, 234 б.] – деген ғалым Ф.Оразбаева ойына
назар аударсақ, ақынның:
Бауырым, сәулем Күләнда!
Неліктен солғын ажарың?
Тұтылған айдай тұманда,
Неліктен төмен назарың?
Шыныңды айт, неге бөгелдің,
Жүрекке жара салған кім?
Махаббат, талап, жігердің
Тамырын қиып алған кім? (Кім екен? өлеңінен) – деп келетін Кім екен
өлеңіндегі автор сауалы жауапсыз қалған деп айта алмаймыз. Бұдан қарым-
қатынас орнаған жоқ деген ой туындамауы керек. Себебі, ақын сауал қою
арқылы бақылаушы-оқырманына кейіпкерінің психологиялық күйінен хабар беруді
мақсат еткен. Бұл диалогтың басты ерекшелігі – мұндағы диалог шығарма
кейіпкерлері арасында емес, автор мен кейіпкердің арасындағы диалогтың орын
алуында. Бірақ, шығарма кейіпкерінің авторға жауап беруі міндетті емес.
Бұл – поэзиялық шығармадағы диалогты қатысымдық мақсатта қолданудың бір
ерекшелігі.
Ақын диалог құруда өлең жүйесіндегі заңдылықтарды сақтай отырып,
адресатқа кейіпкердің психологиялық жай-күйін толық хабардар ететін,
кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты тереңінен ашатын, эмоционалды-
экспрессивті тілдік бірліктерге толы диалог үлгілерін көрсетті. Жалпы, ақын
поэзиясындағы монолог пен диалог ең алдымен, оқырманға (қабылдаушы) ой
салатын және кері жауап тудыратын ақпарат көзі; екіншіден, олар (монолог
пен диалог) – мазмұн жағынан өзара тығыз байланысты коммуникативтік-
функционалдық тұтастық; үшіншіден, олар кейіпкер бейнесін ашу үшін
жұмсалған тілдік бірліктермен өрілген, экспрессивті-эмотивті интонацияға ие
қатынас түрі деген қорытындыға келеміз.
1.3 І.Жансүгіров поэзиясындағы аталымдық бірліктердің ақпараттық сипаты
тарауында ақын туындыларындағы аталымдық бірліктердің ақпараттық мәні
айқындалды. І.Жансүгіров поэзиясындағы тілдік бірліктер мол ақпарат көзі
бола отырып, қатысымдық қызмет атқаратыны дәйектелді.
1.3.1 Ақын поэзиясындағы антропонимдердің ақпараттық сипаты. Ақын
поэзиясындағы антропонимдер ұлттық ахуалды, тарихи жағдайларды, макромәтін
пресуппозициясын жеткізеді, онсыз көркем шығарманы толық түсіну мүмкін
емес. Сондықтан антропонимдермен бірге біз олардың өмір сүрген кезеңі,
атқарған істері мен тарихи оқиғалар туралы да мәлімет, ақпарат аламыз.
Мысалы, Күйші поэмасындағы:
Артында келе жатқан орыс барда,
Аулына Кене ханның қоныс бар ма?(Күйші поэмасынан) – деген жолдағы
Кене есімі ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық
көтерілісінен хабардар етсе, Исатай поэмасындағы мына үзінді Исатай-
Махамбет көтерілісінің бір кезеңінен ақпарат беріп тұрғаны аңғарылады:
Қосына Исатайдың кетті тартып,
Қаратып қалған жанды жорғасына.
Кеп түсті қос жолаушы Исатайға,
Байлады бедеулерін кұба талға (Исатай поэмасынан).
Ақын шығармаларында мәдениет пен қоғамның дамуында ерекше орны бар
тұлғалар Кенесары, Абылай, Исатай, Ақан, Батыраш сынды тарихи есімдер әр
түрлі ұлттық ассоциацияларға меңзейтін ұлттық символдарға айналып, қазақтың
халық ретіндегі біртұтастығын, бүтіндігін сипаттайтын этнотаңба және тарихи-
этникалық дереккөз болып табылады.
1.3.2 Ақын поэзиясындағы топонимдердің ақпараттық сипаты. Көркем
шығарма мәтініндегі топонимдер мағынасына терең үңілу барысында халқымыздың
тарихына, дүниетанымдық ерекшеліктеріне қатысты түрлі мәліметтер алсақ,
суреткер шығармасында қолданыс табуы арқылы қосымша ақпаратқа қанығамыз.
Бұған ақынның Жетісу суреттері өлеңі дәлел. Жетісу суреттерінде
топонимдік бірліктерді ақын өз ойын және мәтіндегі ақпаратты жеткізу
мақсатында қолдана отырып, ономастикалық кеңістік қалыптастыра алған.
Мысалы, ақын:
Жер таппан жерде жетер Жетісуым:
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілікейін,
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым (Жетісу суреттері өлеңінен) – деп
басталатын өлеңінің өзінде-ақ 81 топонимді өлең өрнегіне енгізу арқылы
оқырманына масштабты, яғни кең көлемді ақпарат береді. Ақын поэзиясында
көрініс тапқан топонимдер ең алдымен географиялық атаудың объектімен
байланысын, сол объекті туралы кешенді ақпаратты қамтып, белгілі бір
аймақта ертеректе кімнің, қандай тайпаның, рудың қоныс тепкендігі және
жалпы халық тарихынан ақпарат береді. Екіншіден, ақын өлеңдеріндегі әрбір
топоним – сол аймақты мекен еткен халықтың дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі,
салт-дәстүрі мен географиялық орта туралы таным-білімі туралы қосымша
ақпарат көзі. Үшіншіден, ақын белгілі бір топонимді қоғамдағы құбылыстардан
бірқатар мәліметтер беру мақсатында және оқырманға өзінің ішкі ойын
жеткізудегі қатысым құралы ретінде қолданылған.
1.3.3 Ақын поэзиясындағы фитонимдер мен зоонимдердің ақпараттық
сипаты. Белгілі бір зат пен құбылысқа берілген атаулардың әрқайсысы мәлімет
пен деректерді сақтайтын және жеткізетін сөздер тобы десек, І.Жансүгіров
поэзиясынан көрініс тапқан өсімдік атауларында халықтың рухани-материалдық
мәдениетіне қатысты ақпарат жиынтығы жатыр. Ақын өлеңінде жинақталған
өсімдіктердің халықтық атауларының мағыналарына талдау жасау арқылы олардың
мағыналарында сақталған ақпараттардың ерекшелігін анықтауға болады. Мысалы,
ақынның:
Ағашта өзің білген қарағай, тал,
Жалғыз-ақ неше алуан түрлісі бар.
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар – деп басталатын Жетісу суреттері
өлеңіндегі Жер түгі деп аталатын бөлімінде 30 түрлі ағаш пен 60-қа жуық
шөптің, қурайдың – барлығы 90 түрлі өсімдік атаулары көрініс береді. Ақын
туындыларындағы өсімдік атаулары – ботаникалық тізім емес, ақпаратқа толы
қатысымдық бірліктер.
І.Жансүгіров поэзиясы тілінің лексикалық байлығының қомақты бөлігін
құрайтын жер-су атаулары, антропонимдер, фитонимдер мен зоонимдердің өз
алдына жеке қарастырылуы олардың мағынасында сақталған ұлттық мәдени
ақпаратты, оның құндылығын анықтауға мүмкіндік береді. Ақын поэзиясындағы
топонимдер, антропонимдер, фитонимдер мен зоонимдер – автор мен оқырманның
сан қырлы қарым-қатынас ерекшеліктерін танытатын коммуникациялық
кеңістіктегі қатысымдық бірлік болып табылады. Ендеше, осы кеңістіктегі
онимдердің мағынасы арқылы берілетін ақпарат – ұлт танымының тілдік
таңбасы, ұғым мен зат, құбылыстың арасындағы тығыз байланыс нәтижесінің
тілдік көрінісі.
1.4 Жұмыстың ақын поэзиясындағы кірме сөздер мен диалектілік лексиканың
коммуникативтік-функционалдық ерекшелігі тараушасында ақын поэзиясында
көрініс тапқан кірме сөздер мен диалектілердің өзіне тән белгілері мен
қолданылу ерекшеліктері және қатысымдық қызметі айқындалды.
1.4.1 Араб, парсы сөздерінің қолданылу ерекшеліктері мен қатысымдық
мағынасы атты тараушада І.Жансүгіров поэзиясындағы араб, парсы сөздерінің
тура мағынада жұмсалғаны анықталды. Ақын шығармаларында кездесетін қазіргі
қазақ лексикасындағы араб, парсы тілдерінен енген лексемалар қатарында
хурият, муфті, шарият, хазірет, аят, ғазазыл, харыф, фәхім, һешне т.б.
сөздері бар. Бұл сөздердің мағыналары арқылы берілетін ақпарат та қазақ
тіліндегі мағынасынан алшақ емес. Мәселен,
Талапты болсаң шыққаның,
Қырсықтан басын қырқып ап.
Естіген сөзді фәхімде,
Отырып кетпей құр тыңдап! (Талғамалар өлеңінен) – деген өлеңде фәхім
сөзі зерделеу, ойға түю мағынасын беретіндігі мәтіндегі қолданыстан ғана
айқындалып, ақпарат беріп тұр. Муфті, шарият, аят т.б. дінге қатысты
ақпаратқа ие тілдік бірліктер болып табылады. Кейіпкер тілін шынайы
бейнелеу үшін ақын І.Жансүгіров сол аймақтың сөйлеу тілінде қалыптасқан
мағынасында қолданып, оған қатысымдық мән жүктейді.
1.4.2 Орыс тілінен енген сөздерің қолданылу ерекшеліктері мен қатысымдық
мағынасы атта тараушада ақын қолданысындағы орыс тілінен және орыс тілі
арқылы өзге тілдерден енген сөздердің екі түрлі тәсілмен берілгендігі және
олардың қатысымдық қызметі айқындалды. Ақын шығармаларынан орын алған
совхоз, ведомость, расход, инженер, биржевой, самолет, князь, землемер,
избушка, адвокат, пулемет, список, завод, сьезд, депутат, большевик,
офицер, адьютант, статья т.б. тілдік бірліктер орыс тіліндегідей дәл
беріліп, сол қалпында қолданысқа түскен. Бұл сөздер ақын поэзиясында
идеялық мақсатта, ескі мен жаңа арасындағы күресте тілдік құрал ретінде
қолданылған ақпараттық мәні бар қолданыс деп сипаттауға болады.
І.Жансүгіров поэзиясында кірме сөздердің кездесуі ең алдымен, қоғам
талабына сай әдеби тіліміздің орыс тілі элементтерімен толығу сипатын
көрсетсе, екіншіден, ақын қолданысында олар өзгеріп, түрленіп, дыбыстық,
мағыналық, жағынан құбылып, көріктеу құралдары ретінде де, кейіпкер тілі
ретінде де қатысымдық, функционалдық қызмет атқаратындығымен ерекшеленіп
тұрады.
1.4.3 Ақын тіліндегі диалектілердің қолданылу ерекшеліктері мен
қатысымдық мәні. Әдеби тіл дамуында оң ықпал ететін белгілі бір қаламгер
туындыларында жергілікті тілдік ерекшеліктердің ұшырасуы ең алдымен, әр
алуан көркемдік мақсат қажеттілігінен туындаған; екіншіден, сол қаламгердің
туып-өскен аймағындағы халықтың тарихы, тұрмыс-тіршілігінен мағлұмат
береді. Ақын шығармаларында кездесетін мапа (жұмсақ), мият (сүйеніш), шүйке
(түтілген жүн), сірі (мықты, берік), жүлгелей (жағалау, бойлау), сағанақ
(керегенің шолақ ағашы), жарлауыт (жар), сапыраң (дүрбелең), шүлен
(жомарт), бадалғыр (құрғыр) тәрізді диалектілер арқылы сол аймаққа тән
ақпарат беріледі. Бұл сөздердің мағынасындағы ақпараттың таралу
шектеулілігі аумақтық ерекшеліктерге байланысты болады. Мысалы,
Пидиялап мал берсе,
Молда жалаң қақпай ма? (Дала поэмасынан) – деген үзіндідегі пидия
сөзіне ұқсас сөздікте пида сөзі кездеседі. Дыбыстық өзгешеліктері
болмаса, бұл сөздің мәтіндегі мағынасы сөздіктегі мағынамен сәйкес келеді.
Тілімізде бұл сөз бұйда деп те қолданылып келеді. Мұндай сөздер елдің
өзге аумағында тұратын көпшілік қауымға түсініксіз болғандықтан, мағынасын
білмегендіктен олар үшін ақпарат алмасу құралы да бола алмайды. Олай болса,
диалект сөз арқылы берілетін ақпараттың таралу ауқымы да шектеулі болады.
Бұл диалект сөздердің ақпарат тарату мүмкіндігінің шектеулілігін де
көрсетеді.
2 І.Жансүгіров поэзиясындағы концептілер және ұлттық таным деп
аталатын екінші бөлімде ақын поэзиясы бойынша анықталған концептілер
когнитивтік тұрғыдан жүйеленді, түр-түс атауларының таныммен өзара бірлігі
көрсетілді, ақын поэзиясындағы фразеологизмдердің ерекшелігі лингвотанымдық
тұрғыдан талдау арқылы анықталды.
2.1 Концепт теориясының ғылыми негізі және қазақ тіл біліміндегі дамуы.
Әлемдік және қазақ тіл білімінің қазіргі таңдағы дамуы лингвистикалық
зерттеулердің антропоөзектік бағытқа бет бұруымен сипатталады. Әлемнің
тұтас бейнесін тілдік бірліктер арқылы танымдық қырынан айқындауда
концепт термині маңызды рөл атқарады. Концепт терминінің теориялық
негіздері Д.С.Лихачев, Н.Д.Арутюнова, Е.С.Кубрякова, А.Н.Мороховский,
Н.К.Рябцева, В.А.Маслова, А.Я.Гуревич, А.А.Залевская, А.Вежбицкая т.б.
зерттеу еңбектерінде қарастырылып, олардың концепт жайлы ой-тұжырымдары
концепті құрылымына енетін сөздердің мағыналық жақтан өзара үйлесе келіп,
негізгі өзек – тірек сөздің аясына шоғырлануынан туындайтындығын
дәлелдейді. Қазақ тіл білімінде концепт термині А.Қайдар, Р.Сыздық,
Ж.Манкеева, Н.Уәлиев, Б.Қалиев, Қ.Жаманбаева, Г.Смағұлова, Б.Ақбердиев,
Г.Снасапова, М.Күштаева, С.Жапақов, Қ.Қайырбаева, А.Сыбанбаева, А.Ислам,
Ш.Елемесова, Н.Аитова, А.Әмірбекова, Ж.Саткенова, Ж.Жампейісова, С.Жиренов,
Б.Нұрдәулетова, Г.Мұратова, Ж.Қошанова т.б. зерттеушілер еңбектерінде әр
қырынан зерттелді. Аталған ғалымдар еңбектерінде концепт мәселесіне қатысты
зерттеулер ақын-жыраулар, жазушылар шығармалары бойынша қарастырылып,
ондағы өмір, өлім, тағдыр, бақ, қайғы, мұң, шер, жалғыздық,
жекелік, байлық, кедейлік, заман, тіршілік сынды концептілердің
когнитивтік құрылымдарының анықталуы, концептуалдық талдаулар жүргізілуі
ұлттық таным ерекшеліктерін айқындауға қосылған үлес екендігін көрсетеді.
Бүтін бір ұлттың ой-өрісінің, дүниетанымының ерекшелігін айқындауда зор
маңызға ие концептілер туралы айтылған ғалымдар пікірлерін жинақтай
айтқанда, концепт ақиқат дүниені, ғаламның тілдік бейнесін түсінуге
мүмкіндік беретін күрделі құбылыс деп танылады. Ол, яғни концепт – әлем
бейнесін сипаттайтын тілдік құралдардың (лексикалық, фразеологиялық,
паремиологиялық т.б.) жиынтығы. Концепт – адамзат баласының өмір тәжірибесі
арқылы жинақталған әлем бейнесінің мазмұндық білімінен тұрады.
2.2 І.Жансүгіров поэзиясындағы концептілік құрылымдардың сипаты. Тіл –
ұлттың айнасы десек, сол ұлттың айшықты тілі көркем шығармаларда да көрініс
тауып, сол арқылы ұлттың шынайы болмысын бейнелей алады. Ақын
шығармаларындағы концептілерді талдау оның өмір, әлем, тіршілік жөніндегі
концептуалды тұжырымдарын анықтайды.
2.2.1 Атамекен концептісі. Ілияс Жансүгіров көркем дискурсында
атамекен концептісі дала, туған жер ұғымдарымен сипатталады.
Атамекен біріншіден, туып-өскен, өсіп-өнген мекен. Себебі,
Тудым, өстім, есейдім,
Ен далам — анам, мен — балаң.
Ен далам — анам, мен — балаң
Туған, өскен есейген,
Еңбек тулы ел — балаң (Дала поэмасынан).
Екіншіден, атамекен – тыныштық, мәңгілік орын. Дала лексемасының
көркем мәтінде берілген мәні – жалпы адамзаттың өмір сүріп, тіршілік етер
ортасы. Дала лексемасының ұлттың рухани-мәдени құндылықтар жүйесінен
маңызды орын алатын қасиетті, киелі мекен деген ұғымы ақын дискурсында
одан әріге тереңдеген. Мысалы,
Қарындас пен қара орын
Қалғаннан соң, дариға,
Қара көзден мөлтілдеп
Жас келеді деген күн. (Дала поэмасынан).
Академик Р.Сыздық бұл өлең жолдарындағы қара орын сөзін М.Қашғари
сөздігіне сүйене отырып, ағайын-туыстар мен ата-бабаның сүйегі жатқан жер
деп түсіндіреді [8, 85 б.].
Үшіншіден, атамекен – рухани кеңістік. Көшпенді түркі халықтары үшін
рухани кеңістік – дала. Ақын танымында дала кеңдік эталоны ретінде алынып,
кең байтақ жердегі ұлттық-мәдени өмірді, еркіндікті сүйетін халықтың
болмысын сипаттайды. Ақын қолданысында дала лексемасы кең дала, қу дала, ен
дала, боз дала, сар дала, кер дала, жапан дала, кеңесті дала, құм дала
сынды бейнелі тіркестермен келіп, атамекен концептісінің маңына
шоғырланған тілдік бірліктер ретінде танылады. Ақын поэзиясында атамекен
концептісі Жердің құты, Құтты қоныс мекен, Қара орын мәдени фон мен
мәдени семаға ие болған стереотиптік бірліктер арқылы танылған. Ақын
поэзиясы тіліндегі атамекен концептісіне қатысты ауыл, жайлау құтты
қоныс, құтсыз қоныс ұғымдары көшпелі халықтың таным әлемімен байланысты
көрініс тауып, атамекен концептісін танытудағы өзек концептілер болып
табылады.
2.2.2 Жылқы концептісі. Көшпенді түркі халқы кеңістік – дала,
тіршілік – мал жүйесінде өзара сабақтастық, тұтастық негізінде өмір
сүрген. Күллі ғұмыры төрт түлікпен байланысты халықтың дүниетанымдық жүйесі
ең алдымен оның тілінде көрініс тауып, оның таным-түсінігінде маңызды
орынға ие болды. Сол себепті тіл мен танымды жіктеп қарамай, оны құбылыс
ретінде сабақтастыра қарау тіл мен ұлт біртұтас деген қағидаға әкеледі.
Тілімізде жылқыға қатысты Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы,
Жылқылы елде жау көп, жатақ елде дау көп, Жылқының мінсең – үсті жел,
ішсең – қымызы бал, жесең – еті бал т.б. тілдік бірліктер жеткілікті.
І.Жансүгіров поэзиясындағы жылқы концептісі ұлттық санадағы жылқыға
қатысты ақпараттардың барлығын қамтуымен қоса, халқымыздың ұлттық
құндылықтарын, дүниетанымындағы ерекшеліктерін де танытады. Көркем туынды
мәтінінен орын алған жылқы концептісін мынадай когнитивтік құрылымдардан
көруге болады:
Жылқы – тіршілік тірегі когнитивтік құрылымы.
Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.
Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы;
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан (Құлагер поэмасынан).
Қазақ халқының дүниетанымында рухани болмысы мен тіршілігінде, оның
ғалам бейнесінде ат, қымыз, қазы, жайлау т.б. ұғымдарды жылқы
концептосфера аясында қарастыруға болады. Себебі, қазақ түсінігіндегі
жылқы – көшпелі өмірдің әр кезеңімен тығыз байланыстағы ұғым, тұрмыс-
тіршіліктің тірегі.
Жылқы – ердің қанаты когнитивтік құрылымы. Ат – ердің қанаты. Қазақ
аты барда жер таныды, ен даланы иеленді. Ер қанаты – ат, Жақсы ат –
көлік, жаман ат – өлік, Атың жақсы болса, бұл дүниенің пырағы т.б.
Жығылып шаршаған ел ұйықтап жатқан,
Азамат ат міне алмай қапы қатқан.
Жасанған жау қырмандап енжар елді,
Бауыздап, қырып-жойып қырғындатқан (Рүстем қырғыны поэмасынан).
Жылқы – байлық, сый-құрмет когнитивтік құрылымы. Жылқы - дәулет,
баршылық белгісі ретінде ұғынылады. Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың
қасқасы, Көлдің көркі – құрақ, ердің көркі – пырақ т.б.
Кісіге шыпылдады ақ ордалар,
Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жалт (Құлагер поэмасынан).
Жылқы – cоғыс когнитивтік құрылымы. Жылқы сәндік үшін жаралған мал
болуы себепті, ол – көздің жауы. Жылқы – айдаса жаудікі, ысқырса желдікі,
Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар т.б. Осыған орай жылқылы елде жау көп,
жатақ елде дау көп.
Аял болмас айқай-сүрен салыспай,
Қашқан жауды ат баурына алыспай.
Қан сусаған болат сүңгім ашылмас,
Шұрқылтайдан шұрылдата шанышпай.(Арыным өлеңінен).
Бұл мысалдан жылқы ерге қайғы әкелуші болатындығын байқауға болады.
Демек, жылқы – әрі бақ, әрі – сор. Ақын шығармаларында жылқы – соғыс
когнитивтік моделі ат көтінде жылау; ат баурына алу; өлік үстінен ат
жүргізу т.б. сценарийлер арқылы көрініс тапқан. Жылқыға қатысты ұғымдардың
ішінде ат сөзі жиі қолданылады. Ақын поэзиясындағы Ат шапса ішімізде,
сыртымызда, Көктұйғын жеткізбей тұр жылқымызға деген жолдардан ат
лексемасының бір ғана жануарды атайтыны, ал жылқы сөзі көп жылқы, мал
ұғымын танытатыны байқалады.
Барлық адамзат баласы үшін стереотиптік танымдағы аттың сипаты аяқты
мал, мініс жылқысы, арба тарту, жер жырту, еркек мал, жұмыс көлігі, ер
қанаты т.б. берілсе, ақын танымы бойынша поэтикалық құрылымда: Көгенде
Естеместі көп тұрғызды, Үстінен өліктердің ат жүргізді; Қыз-келіншек
сұлуым, Ат көтінде жылады; Аруын ат артына салып келіп; Көліне бетін жуып,
ат суарған; Құс салып, ит жүгірткен бай баласы, Ойнатқан бәйге сұр ат
тақымында т.б. сипатта келіп, жылқы концептісінің когнитивтік мазмұнын
толықтыра түседі. Ақын поэзиясы бойынша Жылқы концептісін сипаттайтын
тезаурус өрен жүйрік, қазақы жүйрік, сүмбе саңлақ, қыл құйрық, үркек мал,
желді аяқ, бәйге, жарыс, аламан, дода, көкпар т.б. сөздерінің семантикасы
арқылы айқындалады.
2.2.3 Cоғыс концептісі. Адамзат баласының тарихында орын алған түрлі
шайқастар оның санасында сақталып, әр уақыт жаңғыратыны белгілі. Сан
ғасырлар бойы жүргізілген соғыстар әрбір тіл иесінің тілдік қолданысында да
түрлі ассоциациялармен көрініс табады. Осыған орай, ақын І.Жансүгіров
поэзиясында соғыс концептісі негізгі концептілік жүйені құрайтын
когнитивтік құрылым болып табылады. Ақын поэзиясында соғыс концептісі
жорық, қиқу, шұбыру, қан т.б. фреймдермен, фрейм-сценарийлермен
айқындалады. Соғыс концептісінің фразеологиялық деңгейі Қайың сауу, ши
шайнау сынды авторлық тіркестермен репрезенттелген. Мысалы,
Жылап, шулап ұлардай
Шұбырынды болды күн,
Қайың сауа, ши шайнай,
Бақа, жылан қақтаған (Дала поэмасынан).
Соғыс концептісінің аясына өзара шектес өмір, өлім, қайғы
концептілерімен байланысты алуан түрлі тілдік бірліктер кіретін
болғандықтан, олар ассоциациялық элементтері болып табылады. Ол Соғыс
концептісінің когнитивтік құрылымы арқылы анықталады.
Соғыс – өлім, шығын когнитивтік моделі. Соғыс концептісін
айқындауда өмір, өлім концептілері үздіксіз түрде орын алатын
ажырағысыз бірлікте көрініс береді.
Қызыл табан болды үркін
Үйлер қалды тігулі,
Мекен қалды құлазып,
Өлік қалды үюлі,
Тастап түзде мал-мүлкін (Дала поэмасынан).
Соғыс – апат (эпидемия) когнитивтік моделі. Соғыс кезеңдерінің қай-
қайсысы да адам өлімімен тығыз байланысты болады. Жалпы адамзатқа өлім
ортақ ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Дүниенін паремиологиялық бейнесін лингвомәдениеттанымдық негізі
«Құлагер» поэмасындағы І.Жансүгіровтің тілдік тұлғасы
Табиғаттың бір үлкен бөлшегі
Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми- әдістемелік негіздері (ЖОО филолог мамандықтары үшін)
Стилистикалық фигуралардың сипаты
Қазіргі қазақ тіліндегі қатысымдық бірліктер: когнитивтік аспектісі
Стиль және шығармашылық ерекшеліктері жайлы
Жанат Әскербекқызы поэзиясындағы Көк концепциясы
Жазушы Әкім Таразидың Тасжарған романы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшелігі
Көркем әдебиет стиліндегі фигуралар
Пәндер