Зерттеудің деректік негізі



Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   
ӘӨЖ 94:314.78](574) Қолжазба құқығында

Ниязханқызы Гүлжанат

Қазақстан Республикасындағы көші-қон және оның әлеуметтік-демографиялық
дамуға әсері (1991-2009 жылдар)

07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым
комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
Тарихи демография және қазіргі әлеуметтік процестер бөлімінде орындалды.

Ғылыми жетекші: ҚР ҰҒА академигі, тарих
ғылымдарының докторы, профессор
М.Х. Асылбеков

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Т.О. Омарбеков

тарих ғылымдарының кандидаты
Қ.Қ. Сүлейменова


Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті

Диссертация 2010 жылы 29 сәуір күні сағат 14-00-де Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жанындағы тарих
ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01
Диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29

Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым
комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
қолжазбалар қорында танысуға болады. (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы
көшесі, 29)

Автореферат 2010 жылы 27 наурызда таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы
А.Т. Қапаева

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Тәуелсіз Қазақстанның алдында
жүзден астам ұлт өкілдерінен тұратын халықтың болашағын қамтамасыз ету,
экономикалық-нарықтық қатынасты негіздеу, ұлтаралық қатынастарды заман
талабына сай ілгері дамыту мәселесімен бірге, ел қоғамындағы әлеуметтік-
демографиялық ахуалды жақсарту да үлкен міндет.

Қазақстанның егемендік алуымен бірге басқа ұлт өкілдерінің
өздерінің тарихи отандарына, алыс-жақын шетелдерге қоныс аударуы
басталды. Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік даму
бағыттарындағы орасан зор ғаламдық өзгерістер көші-қон мәселелерін
күрделендіріп жіберді: көші-қон көлемдері мен оның толқындарының
бағыттары ғана өзгеріп қойған жоқ, сондай-ақ амалсыз көші-қон, жер
ауып келген халықтардың қайта кетуі, экологиялық және басқа
себептер бойынша жаңа көші-қон түрлері пайда болды. Сондықтан,
зерттеу жұмысында Қазақстандағы көші-қон процесінің 1991-2009 жж.
барысы, себептері, үрдістері, нәтижелері сараланады.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстанның егеменді, тәуелсіз
мемлекет ретінде қалыптасу жолы жеңіл бола қойған жоқ.
Демографиялық ахуалға кезінде кері әсерін тигізген әлеуметтік-
экономикалық дағдарыс еліміздің негізгі байлығы болып табылатын -
адамдар ресурстары жағдайын да көрініс тапты. Жеке дербес мемлекет
болып қалыптасып, дамып, өз саясатын жүргізе бастаған Қазақстанға
алғашқы күннен бастап-ақ терең тарихы бар көші-қон мәселелеріне
қатысты өз бағытын айқындауға тура келді. Егеменді Қазақстанның
көші-қондық қозғалысына он сегіз жыл, оның өзіндік тарихы бар, оны
өзіндік кезеңдерге бөліп, динамикасын, бағыттары мен көлемін
талдау қажет. Қазақстан Республикасындағы көші-қонның себептері
мен нәтижелері қандай, көші-қонның, кеңірек алсақ, демографиялық
және әлеуметтік дамудың болашағы нені меңзейді? Осы сұрақтарға
жауап алмайынша, тиімді де сенімді мемлекеттік саясат жүргізу
мүмкін емес. Сондықтан да өзара байланыста болатын көші-қон мен
демографиялық жағдайлардың арақатынасының соңғы кеңестік санақ
кезінен бергі барысын көрсете отырып, негізгі заңдылықтары мен
үрдісін анықтау өзекті мәселе болып табылады.

ХХ ғ. соңғы онжылдығында республика халқы 1.2 миллионнан аса адамға
кеміп, келгені мен кеткені 3.6 миллионға жуық (1991-2000 жж. иммигранттар -
807 мың, эмигранттар – 2772 мың, барлығы – 3579 мың) адам көшіп-қонды.
Республика ішіндегі көші-қон толқындары да едәуір өсе түсуде. Республикадан
басқа мемлекеттерге қоныс аударушылардың басым бөлігі еңбек жасындағылар,
қажетті мамандық иелері, ғылыми сала қызметкерлері. Бұл процесс көші-
қоншылардың келген және шыққан жерлеріндегі этникалық құрылымына, халықтың
білім деңгейі мен жастық-жыныстық, әлеуметтік құрылымына, некеге тұру
деңгейінің өзгерістеріне және табиғи өсім үрдістеріне әсер етеді. Өз
кезегінде халықтың жастық-жыныстық құрамы көші-қоншылардың белсенділігін
айқындайды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2009 ж. 6 наурыздағы Дағдарыстан жаңару мен
дамуға атты Қазақстан халқына Жолдауында барша әлемді алаңдатқан күйзеліс
кезеңінен шығудың жолдарын қарастыра отырып, біздің болашағымыздағы ең
басты мәселе ретінде елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуді атап
көрсетеді [1]. Әлеуметтік тұрақтылықтың еліміздің негізгі байлығы – халық
санының өсіміне тигізер әсері оң болмақ. Ал, халықтың өсімі – мемлекеттің
алдында тұрған үлкен мәселе. Оны шешу – заман талабы. Өйткені, осыншама кең-
байтақ жеріміз бола тұрып, халықтың саны өспесе, ұлт болшағына үлкен қатер
төнетіндігі сөзсіз. Осы мақсаттарға жетуде халықтың табиғи өсімімен қатар,
елдегі этнодемографиялық дамудың қозғаушы күштерінің бірі – көші-қон
құбылыстарын реттеу өте маңызды.
Көші-қон процесіне байланысты Қазақстан республикасы да салиқалы саясат
жүргізе бастады. Ол саясат халықтардың орналасуына, тұрғындар өмір сүрген
жердегі саяси, экономикалық, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты
жүргізіледі және әртүрлі нысанда көрініс табуда. Бұл үрдісті жүргізу тетігі
мемлекеттік деңгейде сараланып, көші-қон мен халықты орналастыруға
байланысты мәселелердің мәні мен маңызы барлық ғылыми білімдердің
қарастыратын мәселесіне айналуда. Сондықтан да, 1991-2009 жж. көші-қонның
Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-демографиялық дамуға әсерін зерттеу
Отан тарихы ғылымының тарихи демография саласындағы өзекті мәселелерінің
бірі.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Отандық тарихнамада көрсетілген мерзімдегі
Қазақстандағы көші-қон процестерінің мәселелеріне байланысты арнайы
зерттеулер, тарихи демографиялық бағыт бойынша, жеткілікті түрде жүргізілді
деп айта алмаймыз. Тарихи демография арнайы сала ретінде қалыптаса бастаған
ХХ ғ. 70-80-жж. бері осы тақырыпқа ішінара болса да тоқталып, халықтың
этнодемографиялық дамуы мәселесін қарастырған жалпы және диссертациялық
зерттеулер жариялануда. Бірақ көші-қон проблемасы арнайы ғылыми зерттеуге
әлі түскен жоқ. Бұл диссертациялық жұмыста ХХ ғ. соңынан осы күнге дейінгі
көші-қон процестерінің ерекшелігі зерттелетіндіктен, мәселеге қатысты
тарихнамалық еңбектерді кеңес дәуіріндегі және қазіргі кезеңдегі зерттеулер
деп екі топқа бөле талдаймыз.
Кеңестік замандағы еліміздің демографиялық даму барысына арналған
зерттеулерде негізінен Қазақстан Кеңес Одағының құрамдас бөлігі ретінде
қаралып, басқа ұлт өкілдерін қоныстандырудың барысы мен қорытындылары
кеңестік саясат негізінде жүргізілген шаралардың оңды нәтижесі деп
көрсетілді. Мұндай бағытқа Н.В. Алексеенконың, Н.Ф. Голиков пен
А.И. Седловскийдің, Н.Ф. Голиков, Б.Я. Двоскин және М.Д. Спектордың,
Ф.Н. Базанованың, Е.И. Гладышеваның [2] және т.б. зерттеулері жатады.
Қазақстандағы әр кезеңдердегі, соның ішінде оның кеңестік дәуір
уақытындағы демографиялық ахуалдың әр бағыттары, оларды жақсартудың
шаралары мен ұсыныстары, осы саладағы ғылыми тұжырымдар мен сараптамалар
көптеген диссертациялық зерттеулердің тақырыбына айналды. А.Н. Алексеенко,
Е.Г. Васильева, Б.Б. Мананов, М.М. Тажин, Г.В. Кан, В.В. Козина,
М.К. Төлекова, М.Н. Сдықов, А.И. Құдайбергенова, Б.Р.
Найманбаев, Қ.М. Ерімбетова, Қ.А. Еңсенов, А.И. Каржаубаева,
З.Ә. Сабданбекова, Қ.Қ. Сүлейменова, О.Д. Табылдиева, Ш.А. Сәлімгереева
және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде Қазақстандағы халық санының өсіп-
өнуі, табиғи және механикалық қозғалыстың барысы мен салдарларына талдау
жасалынып, республика тұрғындарының демографиялық ахуалы мен көші-қон
түрлеріне ғылыми тұрғыда баға берілуде [3(.
Егемендік жағдайында Қазақстандағы демографиялық құбылыстарды зерттеуге
арналған еңбектердің көпшілігінде Қазақстандағы этно-демографиялық даму
тарихына талдау жасалынып, қазақ жерінің көп ұлт өкілдері мекеніне
айналуының барысы, оның кері әсерлері сараланған. Мысалы, Қазақстандағы
кеңес кезеңіндегі демографиялық ахуалға талдау жасалған М.Х. Асылбеков пен
Ә.Б. Ғалидың, М.Х. Асылбеков пен Л.Х. Төлешованың,
республиканың Орталық аймағындағы демографиялық дамудың тарихы баяндалған
В.В. Козинаның зерттеуі де осы мақсатта жазылған. Т. Жұмасұлтанов пен А.
Ибраеваның зерттеуінде көне заманнан ХХІ ғ. басына дейінгі Қазақстан
тұрғындарының қалыптасу тарихына жалпы шолу жасалса, М.Х. Асылбеков пен
В.В. Козинаның бірлескен ғылыми зерттеулерінде Қазақстанның тәуелсіздік
алғаннан кейінгі кезеңдегі демографиялық өзгерістер мен оның барысы,
маңызы, республикадағы қазақтардың әлеуметтік-демографиялық дамуы
қарастырылып, Қазақстандағы ХХ ғ. 80-90 жж. демографиялық құбылыстардың
қарама-қайшы жақтарына ғылыми талдау жасалынған [4].
Отан тарихының әдістемелік, теориялық және қолданбалы мәселесін өңдеу
барысында тарих ғылымының өзекті мәселелеріне байланысты әдіснамалық
тұжырымдар С.Ф. Мажитовтың зерттеулерінде көрсетіледі [5, 10-29-бб.].
Туған отанынан тыс жерлерде өмір сүруге мәжбүр болған қазақтардың тарихы
мен ұрпақтарының қазіргі күнгі жағдайлары саясат пен ұлттық демографиялық
зерделеу негізінде еліміздің тарихы, руханияты, ұлттық сана мен болмысы
және ділімен қатар көші-қон мәселесі де бірқатар ғалымдар еңбектерінде
талдануда. Авторлар республика халқының қазіргі кезеңдегі өсу динамикасына
шолу жасай отырып, көші-қон мәселесінің тіршілік талабы екендігін қоғам
дамуының заңдылықтарына орай көрсеткен [6].
Зерттеу жұмысында тақырыпқа байланысты жарық көрген еңбектер мен
зерттеулер салыстырмалы тұрғыда жүйеленіп, сараланып берілді. Бірақ, тарих
ғылымының зерттеу бағыттарының бірі болып табылатын тарихи демографиялық
мәселелердің ішінде 1991-2009 жж. қөші-қон мәселесі және оның Қазақстандағы
әлеуметтік-демографиялық дамуға әсері дәйекті түрде осы күнге дейін арнайы
зерттеу нысаны болған емес. Сондықтан, Қазақстан Республикасындағы халықтың
саны мен құрамына көші-қон процесінің тигізген әсері кезеңдерге бөліне
отырылып, алғаш рет осы диссертациялық жұмыста арнайы ғылыми зерделеуге
түседі.
Зерттеудің деректік негізі. Еңбек көптеген және әртүрлі деректерге
негізделіп жазылды, олардың ең бастылары:
1. Көші-қон процесін реттеу мен бақылауды жүйеге келтіру жолындағы
мемлекеттік көші-қон саясатын құқықтық қамсыздандыру мақсатында қабылданған
заңдық құжаттар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғылары мен Үкімет
пен басшы органдардың заңдық актілері, ережелері мен әртүрлі құжаттары.
Соның ішінде, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Халқымыздың көші-
қоны туралы Заңы (1997 ж. 13 желтоқсан), ҚР көші-қон саясатының
Тұжырымдамасы (2000 ж. 5 қыркүйек), ҚР көші-қон саясатының 2001-2010 жж.
арналған салалық Бағдарламасы (2001 ж. 29 қазан) мен Нұрлы көш
Бағдарламасы және т.б.
2. Мұрағат қорларының мәліметтері. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты, Қр
президенті мұрағаты, ҚР Ұлттық мұрағаты, сондай-ақ, облыстық мұрағаттар,
соның ішінде Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстық, Семей қалалық мұрағаттар
қорларындағы құжаттармен жұмыстар атқарылды. Мысалы, ҚР Ұлттық
мұрағатындағы Қазақстан республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
Министрлігінің Көші-қон жөніндегі комитеті деп аталатын 53-қорда 1992 ж.
15 желтоқсанында құрылған Еңбек министрлігі Көші-қон департаментінің, 1997
ж. 8 желтоқсанда ҚР Президентінің № 3783 Жарғысы бойынша құрылған ҚР Көші-
қон және демография жөніндегі Агенттіктің, 2004 ж. әкімшілік реформаларының
негізінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Көші-қон
жөніндегі комитеті болып қайта құрылған мекемелердің 1998-2004 жж.
құжаттары сақтаулы. Диссер-тациялық жұмыста осы қордың ҚР Президентінің,
үкіметтің көші-қонға байланысты шешімдері, оралмандарға, босқындарға,
азаматтығы жоқ азаматтарға және т.б. қатысты құжаттары пайдаланылды. Сондай-
ақ, ҚР Ұлттық мұрағатындағы 64-қорда тәуелсіздік жылдарындағы статистикалық
мәліметтер, соның ішінде, қайта құрылып, жылдарға сәйкес атаулары өзгеріп
отырған: 1990-1996 жж. ҚР статистика және талдау жөніндегі мемлекеттік
комитеті, 1996 ж. ҚР Ұлттық статистика агенттігі, 1997 ж. ҚР Стратегиялық
жоспарлау және реформалар жөніндегі Агенттіктің статистика мен талдау
жөніндегі комитеті, 1998 ж. қайтадан ҚР Ұлттық статистика агенттігі аталған
мекеменің құжаттары жинақталуда. Диссертацияда 64-қорда жинақталған осы ҚР
Статистика жөніндегі агенттігінің құжаттары қолданылды.
Кеңестік дәуірдің соңғы кезеңіне қатысты мәліметтер ҚР Орталық
Мемлекеттік мұрағатындағы 698-қорында (Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің
жанындағы Орталық статистикалық басқарма), 1987-қорында (Қазақ КСР
Министрлер Кеңесінің еңбек ресурстарын реттеу жөніндегі Мемлекеттік
Комитет) шаруашылықты реттеуге байланысты көшірілгендер туралы
мәліметтердің ішінде Қазақстанға қатысты мағлұматтар кездеседі.
Кезіндегі Семей облыстық мемлекеттік мұрағат, ал қазіргі Шығыс Қазақстан
облысы қазіргі заман тарихы құжаттама орталығының (ШҚОҚЗТҚО) 615-қоры
Семей облыстық атқару комитетінің статистикалық басқармасы деп аталады.
Бұл қорда жинақталған мұрағат деректері облыс көлеміндегі халықтың
құрамындағы өзгерістері, соның ішінде халықтың көші-қоны туралы мағлұмат
алуға көмектесті. Ядролық қарудың зардаптарынан демографиялық ахуалы
нашарлаған Семей жері халқының құрамындағы өзгерісті нақтылаудағы бұл
құжаттардың маңызы зор. Осы мұрағаттың 652-Семей облысы атқару
комитетіндегі жұмыс күшін тіркеу және бөлу бюросының қорында көшіп
келушілердің саны және әлеуметтік, ұлттық құрамы жөніндегі материалдар
жинақталған. Сондай-ақ, осы мұрағаттағы Семей облыстық әкімдік
аппаратының құжаттары сақталынған 810-қордағы сандық және мәтіндік
мәліметтер осы аймақтан халықтың сыртқа көші-қонының мөлшерін нақтылауға
дерек болды.
3. Жарияланған статистикалық еңбектер, 1989 және 1999 жж. санақтар
материалдары мен Статистикалық агенттіктің ағымдағы мәліметтері қолданылды.
2009 ж. Қазақстанда екінші ұлттық халық санағы өтті. Санақ материалдары әлі
жарияланған жоқ. Бірақ, негізгі қорытынды көрсеткіштер баспасөз беттерінде
айтыла бастады. Диссертацияда осы санақтың мәліметтері де мүмкіндігінше
қолданылды.
4. Тақырыпты талдауда, сондай-ақ, баспасөз беттерінде жарияланған
экономикалық, әлеуметтiк, ұлттық және демографиялық және көші-қон саясаты
жөнiндегi материалдар, 1989-2009 жж. республика, жекелеген облыстар,
аудандар бойынша көші-қон мәселесі көтерілген мақалалар, хабарламалар және
басқа да баспасөз мәлiметтерi зерттеу жұмысын жазуға кеңінен пайдаланылды.
Сонымен зерттеу жұмысында өзара бірін-бірі толықтыратын, әрі
нақтыландыратын деректер қолданылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың
негiзгi мақсаты – Қазақстан Республикасында жүрген көші-қон процесін, оның
түрлері мен барысын, нәтижелерін, оның елдің әлеуметтік-демографиялық
дамуға әсерін анықтап, кешенді түрде зерттеу; еліміздегі көші-қонның
түрлеріне орай, осы процестің барысы мен тұрғындардың ұлттық және
әлеуметтік құрамындағы өзгерістері мен әлеуметтiк-психологиялық тұрғыдан
тұрғындардың басынан өткізудегі күрделi тарихи-демографиялық даму
үрдiстерiн жүйелi зерделеу. Осыған орай диссертациялық зерттеуде төмендегi
мiндеттердi жүзеге асыру көзделдi:
- Қазіргі әдістемелік қағидалар тұрғысынан республикадағы көші-қон
процестері мәселесін зерттеушiлердiң тарихи-демографиялық, тарихи және
әлеуметтік-саяси негiздегi еңбектеріндегі зерттелу деңгейін талдау;
- Қазақстандағы кеңестік дәуірдің соңғы жылдарындағы (1989-1991 жж.)
сыртқы және ішкі көші-қон процесін және оның әсерін қорытындылау;
- 1991-2009 жж. көші-қон процестері динамикасының негізгі факторларын ашып
көрсету;
- 1991-2009 жж. көшi-қон үрдiстерiнiң ерекшеліктерін, барысын және
нәтижелерін кезеңдерге бөле отырып айқындау;
- Көшi-қон процестерінің негізгі бағыттарын, түрлерін анықтап, аймақтық
ерекшеліктерін саралау;
- Тәуелсіздік кезеңіндегі көші-қон процестерінің халық санының динамикасы
мен жастық, жыныстық, территориялық орналасуы, білім деңгейі және т.б.
құрамының өзгеруіне ықпалын анықтау;
- Кіші қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының көші-қон мен өз
кезегінде халық санының динамикасына әсерін көрсету;
- 1991-2009 жж. көшi-қон ағындарын республика тұрғындарының ұлттық
құрамындағы өзгерістерге әсер етушi негізгі фактор ретінде негіздеу;
- Зерттеудің мерзімдік шеңберіндегi Қазақстанның әлеуметтiк дамуына көші-
қон процесінің әсерін нақтылау;
Көші-қон процестерінің өркениетті даму жолындағы тәуелсіз Қазақстанның
әлеуметтiк-экономикалық даму ерекшелiктерiне сай, ұлттық саясатты
жүргізудің тұжырымдамасы ретiнде практикада қолдануға болатын iс-шаралар
бағыттарының қалыптасуындағы маңыздылығын көрсету.
Жұмыстың әдістемелік негіздері. Зерттеу тарихилық, жан-жақтылық,
объективтілік және басқа ғылыми методологиялық қағидалары сүйеніп
жүргізілді. Тарих ғылымындағы зерттеудің диалектикалық тәсілдерімен тығыз
байланыстағы жүйелілік-құрылымдық, салыстырмалы-тарихилық және т.б.
әдістемелік талаптарына сай іске асырылды. Зерттеудің басты әдістемелік
негізін демографиялық-статистикалық талдау, салыстырмалы зерттеу және
нақтылығын анықтау әдістері құрады. Әдістер кешенінің қолданылуы
пайдаланылған әдебиеттердің сипаттамасына орай анықталды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертацияда 1991-2009 жж. көші-қон
процестерінің барысын көрсете отырып, осы процестің Қазақстандағы
әлеуметтік-демографиялық жағдайға әсерін алғаш рет жан-жақты баға беруге
әрекет жасалынды. Нақтылап айтқанда:
- республикадағы көші-қон процестері мәселесіне арналған зерттеу-
шiлердiң тарихи-демографиялық, тарихи және әлеуметтік-саяси
негiздегi еңбектері объективті түрде талданды;
- Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік көші-қон саясатының құқықтық
қамсыздандырылу барысы талданып, оны қадағалау тетіктерін жетілдіру
жолындағы мемлекеттік іс-шаралар сараланды;
- 1989 ж. кеңестік соңғы санақтан тәуелсіздік алғанға дейінгі
кезеңдегі Қазақстандағы көші-қон процестерінің барысы мен
ерекшеліктері нақтыланды;
- 1991-2009 жж. аралығындағы республикадағы көші-қонның ерекшелігі,
барысы мен негізгі үрдістері екі кезеңге бөліне отырып анықталынды;
- Қазақстандағы көрсетілген кезеңдегі көші-қон құбылыстарының облыс,
аудандар бойынша қозғалысына талдау жасалынды;
- 1991-2009 жж. көші-қон процестері динамикасының негізгі факторлары
ашып көрсетілді;
- ХХ ғ. соңы ХХІ ғ. басында Қазақстанда көрініс тапқан көшi-қон процес-
терінің түрлері нақтыланып, талданды;
- Аталған мақсатта көрсетілген мерзімдегі шетелдерден тарихи
отандарына қайтып оралған отандастарымыздың еңбекке араласуы
бағытындағы атқарылған істері сараланды;
- Республикаға осы уақыттағы келгендер мен кеткендердің жас мөлшер-
леріне, білім дәрежелеріне талдау жасалынды;
- 1991-2009 жж. көшi-қон ағындары республика тұрғындарының әлеуметтік-
демографиялық дамуына, әсіресе, оның саны мен сапалық көрсет-
кіштеріне, ең алдымен, ұлттық құрамындағы өзгерістерге әсер етушi
негізгі фактор ретінде негізделді.
Зерттеу нысаны 1989-2009 жж. аралығындағы республикадағы көші-қон
құбылыстары, оның көлемі, негізгі үрдістері, түрлері, нәтижелері мен
әсерлері, қорытындысы мен заңдылықтары негізінде Қазақстандағы көші-қон
процесінің ерекшеліктерін анықтау.
Зерттеу пәні 1991-2009 жж. Қазақстандағы көші-қон процестерінің түрлері
мен нәтижелеріне тарихи демографиялық тұрғыдан талдау жасау.
Зерттеудің қорғауға ұсынылатын тұжырымдары:
– ХХ ғ. соңына қарай Қазақстанда жүрген саяси ірі оқиға – тәуелсіздіктің
жариялануы көші-қон құбылыстарының белсенді жаңа түрлерін туындатып,
республика тұрғындарының ұлттық құрамының өзгеруіне елеулі әсер етті;
– Тәуелсіздік жылдарындағы көші-қон процестерінің негізгі векторлары
кеңестік дәуірмен салыстырғанда кері бағытта болды;
– Кеңес өкіметінің асыра сілтеушілік саяси науқандарының, ашаршылық,
індет, ауа көшу секілді апаттарының нәтижесінде сыртқа кеткен отандас-
тарымыздың қайта оралуына негізделген көші-қон түрі пайда болып, қазақ
халқының үлесінің өсуіне оң әсерін тигізді;
– Әкімшіл-әміршіл жүйе кезінде қуғын-сүргінге ұшырап депортацияланған,
еңбек лагерлеріне күштеп жер аударылған көші-қоншылардың ұрпақтарының
өздерінің тарихи отандарына кері көші-қоны – парасатты құбылыс;
– 1991-2009 жж. аралығындағы республикадағы көші-қондағы ерекшелік –
ішкі көші-қонда село-қала бағыты ерекше белсендірілді, деурбаниязациялану
процесі тоқтатылды;
– Қазақтар тұңғыш рет, кейінгі сексен үш жылдан аса мерзімдегі тарихында
Қазақстан халқының көпэтникалық құрамы жөнінен өзінің тарихи аумағында
көпшілік бола алды;
– 1991-2009 жж. көшi-қон ағындары республика тұрғындарының ұлттық
құрамындағы өзгерістерге әсер етушi негізгі факторға сай болды;
– Аталған кезеңдегi Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық, экологиялық,
саяси дамуының аймақтарға тән ерекшеліктері ішкі көші-қон процестеріне әсер
етті;
– ХХ ғ. соңына қарай елдегі жағдай бірсыдырғы тұрақтанып, 2004 ж. бастап
механикалық және табиғи өсімнің оң айырымына өтуі байқалды.
Диссертацияның территориялық ауқымы 1991-2009 жж. арасындағы болған
әкімшілік-территориялық өзгерістердің негізіндегі Қазақстанның қазіргі
территориясын, яғни, 14 облыс пен республикалық деңгейдегі Астана және
Алматы қалаларын қамтиды.
Зерттеудің мерзімдік шеңбері 1991-2009 жж. қамтиды. Еңбек Қазақстан
Республикасындағы халық санының динамикасына әсер еткен көшi-қон процестері
мен оның әлеуметтік-демографиялық дамуға әсерін зерттеуге арналғандықтан,
1991 ж. бастау керек болғанымен, 1989 ж. санақ мәлімет-терімен салыстыру
қажеттілігіне орай, мерзімдік шеңбері осы 1989 жылдан басталады. 2009 ж.
Қазақстан Республикасының екінші ұлттық санағы өтті. Бұл санақтың
мәліметтері әлі толық жарияланған жоқ. Соған қарамастан, статистикалық
агенттіктің ағымдық мәліметтеріне сүйене отырып, 2009 ж. диссертациялық
жұмыстың соңғы мерзімдік шекарасы ретінде алдық.
Зерттеу жұмысының қолданыстық маңызы. Зерттеуде ұсынылған мәліметтер,
жасалған қорытындылар мен тұжырымдарды жоғары оқу орындарында Қазақстан
тарихы, оның арнайы курстары, тарихи демография, әлеуметтану, деректану,
саясаттану пәндерi бойынша оқылатын дәрістер мен семинарларында пайдалануға
болады. Көші-қоншылар, оның ішінде оралмандарға, сыртқы, республика iшілік
көшi-қонға байланысты ғылыми мәлiметтердi жалпы зерттеу жұмыстарында
пайдалануға болады.
Жұмыстың сыннан өтуі. Диссертация ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты Қазақстанның тарихи демография және қазіргі
әлеуметтік процестер бөлімінде орындалып, талқылаудан өтіп, қорғауға
ұсынылды. Зерттеудің жалпы мазмұны Білім және ғылым саласындағы бақылау
комитеті бекіткен тізімдегі 4 ғылыми басылымдарда жарияланды. Халықаралық
ғылыми-практикалық, ғылыми-теориялық конфер-енцияларда 5 баяндама ретінде
ғылыми көпшілік назарына ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы кіріспеден, қысқартылған сөздерден, үш тараудан,
қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде зерттеу жұмысының өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу
дәрежесіне талдау жасалған, мақсаттары мен міндеттері, еңбектің
методологиялық принциптері мен әдістемелері, деректік негізі, ғылыми
жаңалығы, қолданбалық маңызы және қорғауға ұсынылатын тұжырымдары
айқындалған.
Егемендіктің қарсаңы мен алғашқы жылдарындағы Қазақстандағы ахуал деп
аталатын бірінші тарауда ХХ ғ. 80-жж. ІІ жартысындағы – тәуелсіз
Қазақстанның құрылуы қарсаңындағы елдің саяси-экономикалық дамуына шолу
жасалады. Сонымен бірге, КСРО ыдырағаннан кейінгі республика халқының даму
ерекшеліктері мен кеңес дәуіріндегі соңғы 1989 ж халық санағы мәліметтері
мен тәуелсіздік алған 1991 ж. аралығындағы үрдістер жеке қарастырылады.
Тәуелсіз Қазақстандағы көші-қон процестеріне тән үрдіс өзіне дейінгі
құбылыстардың заңды жалғасы болып табылады. 1980-жж. КСРО экономикасы
құлдырап, шығынға жұмыс істеді. Азық-түлік себетінің негізгі бөлігі
шетелдік заттарға мұқтаж болып, халық шаруашылығының, әсіресе, ауыл шаруашы-
лығының дамуы тиімсіздігін көрсете бастады. Қазақстандағы 16 облыстың 12-
сінің колхоз-совхоздарының шығыны жылына шамамен 1 млрд. сомды құрады.
Идеологиялық қағидалар құрсауындағы кеңестік билік шешімді радикалды
өзгерістерге бара алмай, экстенсивті жолмен даму әдісінен шыға алмады.
КСРО-ның басшылығындағы М.С. Горбачев жариялаған әлеуметтік-экономикалық
қайта құруларға негізделген қайта құру бағытында 1985-1987 жж. – тоқырау
жылдары жеделдету тұжырымдамасын жүзеге асыру шаралары жүргізілді. Бірақ,
ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерінде көптеген
ауытқушылыққа жол берілді, жергілікті жердін пікірі, республиканың тарихи
жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. 1986 ж. 16 желтоқсанда, 25
жылдай Қазақстан Компартиясын басқарған Д.А. Қонаевты қызметінен алып,
орнына Г.В. Колбинді сайлаған Пленум мәжілісінде бұл айқын көрінді. Мұның
өзі қайта құру мен демократиядан үміт күткен республика халқының, соның
ішінде қазақ жастарының наразылығына тап болып, Желтоқсан оқиғасы мен
қозғалысын тудырды. Қазақ жастарының қозғалысын басып-жаншудың фашистік
озбырлықтан кем болмаған Метель операциясы жүргізілді [7].
Жеделдету тұжырымдамасы орындалмаған соң, жүйе социалистік нарықты
қоғамға сіңірмекші болды. Бірақ, жеке меншіктік қатынас болмаған жерде
нарық еркіндігін орталықтанған жоспарлы шаруашылықпен ұштастыру қоғамдық
меншікке мемлекеттік монополия орнаған жағдайда іске аспайтын қиял болатын.
КСРО-ның соңғы жылдарында республика жалпыодақтық мемлекеттік жоспарда
бөлінген капитал қорынан тек 25%-ын ғана алды. Жылына 26,6 млрд. доллар
кіріс кіргізетін Қазақстан өз азаматтарының әрқайсысын 1971 доллармен ғана
қамтамасыз етті (жалпыодақтық бюджетке 3,7 млрд. доллар кіргізетін
Эстонияда жан басына 2725 доллардан келген). Арал теңізі бассейнінде
экологиялық апат туды. Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық ахуалға
келсек, 1989-1991 жж. республика халқы өсті: жылдық орташа өсімі 0,7%
болып, 265,5 мың (1989 ж. – 16527,6 мың, 1991 ж. – 16793,1 мың) адамға
көтерілді. Сәл алға кетсек, 1992-1994 жж. жылына 0,9%-ға кеміп, бұрынғы
деңгейінің 98,2%-на түскен [8, 5-б.]. Қала мен ауыл халқының үлестік
арасалмағында ерекше өзгеріс бола қойған жоқ. 1989 ж. қала халқы көші-
қоншылар есебінен 8 мың адамға өскенде, ауылдағы кері айырым 101,4 мың адам
болған еді. Келесі жылы көші-қоншылар есебінен қалалардың да, ауылдардың да
адам саны төмендегенімен, табиғи өсім халық санының өсімін қамтамасыз ете
алды. Себебі, 1980-жж. соңында қазақ халқының 22-25%-дық өсімін берген 1960-
1962 жж. демографиялық дүмпу жылдары туылғандар неке жасына жетіп, туу
көрсеткіштерін біршама көтерді. Демографиялық дүмпу жылдарында туудың
жиынтық көрсеткіші 4,2 промиль болса, 1980-жж. соңында, 2,5-2,7 промильді
көрсетті. Ал, халықтың ұдайы өсіп-өнуі үшін ең төменгі туудың жиынтық
коэффициенті 2,1 промиль болғандықтан, 1989-1991 жж. Қазақстандағы көші-қон
теріс айырым көрсеткенімен, жағымды табиғи өсім есебінен халық саны өсті.
Бірақ, көші-қоншылардың қозғалысқа түсуі белсендірілген сайын, табиғи өсім
кеми бастады: 1989-1991 жж. 382,3 мың (23,0‰) адамнан 354,1 мыңға (21,0‰)
түсті [8, 5-б.]. Ал, 1989 ж. басталған туудың қарқыны төмендеп, өлім-
жітімнің өсу үрдісі 2003 ж. дейін жалғасты.
Республика ішілік көші-қон бағыттары 1926-1980 жж. Солтүстік және
Солтүстік - Шығыстан Оңтүстік облыстарға бағытталса, 1980-жж. соңында
Оңтүстіктен Солтүстік облыстарға қарай жүре бастады. Батыс және Шығыс
Қазақстаннан қазақтар Алматы қаласы мен облыс орталықтарына, Жезқазған,
Торғай, Павлодар, Қарағанды облыстарына көшті. Қазақстанның Оңтүстік және
Батыс аймақтарындағы қазақтар өсімінің жоғарғы деңгейі, тұрғындар санының
өсуі тоқырау кезіндегі демографиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың
нашарлауымен тұстас келіп, республиканың Оңтүстік аймағының тұрғындары
өздеріне жайлы облыстарға көшті. Республика халқының динамикасында көші-қон
1989 ж. ғана оң айырымдық маңызын сақтағанымен (+8 мың адам), 1990 ж. кері
айырым басталды. Бұл ХХ ғ. 70-жж. екінші жартысында басталған көші-қон
процесіндегі кері айырымның басым болу үрдісінің жалғасы еді. Бірақ
республикадағы табиғи өсім халық санының өсімін қамтамасыз еткендіктен,
көші-қондық фактор шешуші рөлге ие болмады. Бірақ, 1990-жж. Қазақстан
отбасын бір-екі баламен шектеуге көшкен аз балалық принципті ұстанған
мемлекетке айналды. Сондай-ақ, 1980 жж. соңындағы тарихи даму нәтижесінде,
қазақ халқы өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі мен қажеттілігіне ие болды.
Егемендік жылдарында кеңес дәуірі кезіндегі шикізат өндіруге ыңғайлы
аймақтарға бөлу жүйесі мен демографиялық дамуы жағынан жекелеген этнос
өкілдернің орналасу ареалына бейімделген әкімшілік-территориялық
бірліктердің тиімділігі мен ыңғайлылығын орнықтыру мен реформалауға
арналған шаралар негізінде Қазақстанның әкімшілік-территориялық құрылымына
өзгерістер енгізіліп, қазіргі жүйесі анықталды [9]. Мысалы, 1988 ж.
таратылған Маңғыстау (1973 ж. 20 наурызда құрылған) облысы 1990 ж. қалпына
келтірілді. 1967 ж. 23 желтоқсанда қайта құрылған Талдықорған облысының
территориясы 1997 ж. 22 сәуірдегі Президент Жарғысы бойынша Алматы
облысының құрамына қосылды, облыс орталығы болып Талдықорған қаласы
белгіленді; 1988 ж. таратылып, 1990 ж. қалпына келтірілген Торғай (1970 ж.
23 қарашада құрылған) облысының аудандары Ақмола және Қостанай облыстарының
құрамына берілді. Алматы қаласына Талғар ауданы Алатау поселкесі қосылды.
1997 ж. 4 маусым № 925 үкімет қаулысы бойынша Атырау облысындағы Балықшы
ауданы жойылып, территориясы Атырау қаласына қосылды. Қызылорда облысының
Сырдария ауданы жойылды. Семей облысындағы КСРО-ның ядролық қарудың сынақ
алаңы орналасқан Абралы ауданы Семей қаласы әкімшілігіне өтті (аудан
жойылды). Сондай-ақ, Жезқазған, Көкшетау, Семей облыстары таратылып,
территориялары: Қарағанды, Солтүсік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына
қосылды. Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік және Шығыс
Қазақстан облыстарының шекаралары өзгерді. Қазақстан астанасы Алматыдан
Ақмола қаласына (кейінірек Астана) көшірілді және т.б.
Қазақстанмен көрші елдермен мемлекеттік шекараларды анықтау кезінде
тарихи оқиғалардың әсерінен өзге республикаларда қалып кеткен жерлер
республикалық әкімшілік-территориялық бірліктер қатарына қосылды. Мысалы:
КСРО тұсында Қазақстаннан Өзбекстанға екі дүркін жер беріліп, екі дүркін
шекара өзгертілгенімен, Сары-Ағаш ауданының Бағыс және Түркістан ауылдары
мен біраз жерлер Өзбекстан құрамына беріледі деген мәселе болмаған. Бағыс
пен Түркістан ауылдары этникалық жағынан алғанда, қазақ ауылдары болып
табылады. 1999 ж. санақ бойынша, Бағыс ауылының барлық тұрғындары (қазақтар
98% және 4 өзбек) Қазақстан азаматтары болып шыққан. Ал, Түркістан ауылында
этникалық қазақтар 78%, өзбектер 10% құраған. Делимитация барысындағы қиын
келіссөздер барысында Бағыс елді мекені, Түркістан елді мекенінің
оңтүстігіне қарай орналасқан жерлер Қазақстанға, Қызылорда облысындағы
Нысан-1, Нысан-2 және Баймұрат өзбек ауылдары Өзбекстанға берілді. Ресеймен
шекараны делимимитациялау кезінде де Батыс Қазақстан облысы Жәнібек
ауданындағы КСРО ҒА Жәнібек стационары орналасқан бөлігі және Қостанай
облысы мен Челябинск облыстары арасында орналасқан Огнеупорный поселкесі
жайлы екі жақты келіссөздерде шекаралық аймақтардағы әкімшілік-
территориялық бірліктердің шекаралары анықталды және нақтыланды [10, 126,
128-бб.].
Сондай-ақ, елімізде бірқатар әкімшілік-территориялық бірліктердің
атаулары өзгертіліп, оларды біріктіру негізінде ірілендірулер жүргізілді.
Ал, әкімшілік-территориялық бірліктердің саяси-экономикалық дамудағы орны
мен маңызына қарай, оның көші-қон процесіне тартылу ерекшелігі туындайтыны
және халықтың көші-қон процесіндегі белсенділігі анықталатыны белгілі.
Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестері, оның түрлері мен
нәтижелері деп аталатын 2-тарауда жабық жүйеден шығып, ашық қоғам саясатын
жүргізудегі тәуелсіз елдегі көші-қонның барысы жан-жақты талданған, ең
алдымен, бұл процесті құқықтық қамсыздандыру мәселесі зерттеліп, оны
қадағалау тетіктерін жетілдіру жолындағы мемлекеттік іс-шаралар сараланады.

Қазақстандағы көші-қонның құқықтық негізін құрайтын Қазақстан
Республикасының Конституциясы, Иммиграция туралы заң (1992 ж. 26 мау-
сым), Қазақстан Республикасында шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайлары
туралы Республика Президентінің Жарлығы (1995 ж. 19 маусым), Халқымыздың
көші-қоны туралы Заңы (1997 ж. 13 желтоқсан), ҚР көші-қон саясатының
Тұжырымдамасы (2000 ж. 5 қыркүйек), ҚР көші-қон саясатының 2001-2010 жж.
арналған салалық Бағдарламасы (2001 ж. 29 қазан) мен Нұрлы көш
Бағдарламасы және т.б. аясында мемлекеттің көші-қон бағытында ұстан-ған
саясаты, соның ішінде басты бағыт – шет елдердегі қазақтардың елге оралу-ын
ынталандыру мен қазақ ұлтының санын өсіру жолдары анықталуда [11].
Қазақстаннан сыртқа көші-қонның себептері мен көлемі арнайы кең
талданды. Қазақстандағы көші-қон процестеріне әсер еткен саяси, этно-
мәдени, әлеуметтік-экономикалық, табиғи-климаттық, ақпаратты-насихаттық
және т.б. факторларды талдай отырып, көші-қон процесі этнос өкілдерінің
өмір сүру аймағына да қатысты болғандықтан, ол кеңістікті-мерзімдік
шеңберде қарастырылды. Елдегі демократиялық өзгерістер мен саяси
реформалардың көші-қон процесіне әсері күшті болды. Орыстардың,
немістердің, белорустардың, украиндардың, еврейлердің тарихи отанына
көшуіне саяси фактормен бірге әлеуметтік-мәдени және этникалық-мәдени
факторлар да әсерін тигізді. Этно-мәдени факторлар Қазақстанға
депортацияланған халықтар өкілдерінің тарихи территорияларындағы
тұтастануға ұмтылысынан көрінді. Соғыс кезіндегі эвакуацияға, тың және
тыңайған жерлерді игеруге, өнеркәсіп орындары құрылысы мен өндіріс
орындарын меңгеруге келгендер үшін, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың
төмендеуі де, жұмыссыздыққа байланысты тұрмыс деңгейінің, сонымен бірге
экологиялық жағдайдың нашарлауы да шешуші факторлардың бірі болды. Арал
өңірі мен Семей полигонынан басқа Капустин Яр және Созақ полигоны секілді
экологиялық салдарлары бар аймақтар пайда болды. Заңды көші-қон туралы
мемлекеттік ақпаратты-үгіт жұмысының дұрыс жүргізілмеуі, сондай-ақ, еңбек
көші-қонының мүмкіндігі де көші-қонға әсер етті.
Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдан бергі уақыттағы елімізде жүрген
көші-қон процесін мәніне, халық өсіміндегі орнына, бағыттары мен
ауқымдылығына орай екі кезеңге бөлуге болады:
Бірінші кезеңде (1991-2003 жж.) көші-қон векторының сыртқа бағытталуы
халық санының өзгерісінде шешуші рөлге ие болып, өткір әлеуметтік-
демографиялық мәселелерді туындатты. Көші-қондық қозғалыста теріс айырымның
үздіксіз басым болуы, сондай-ақ, туудың азайып, өлімнің көбеюі негізінде
халықтың табиғи өсімінің тежелуі Қазақстан халқын ІІ дүние жүзілік соғыстан
кейінгі 50 жылда алғаш рет күрт кемітті. 1991-2003 жж. республика халқының
саны 16793,1 мыңнан 14866,8 мыңға түсіп, 1926,3 мың адамға кеміді (2003 ж.
1991 ж. мөлшерінің 88,5%-ын ғана құрады). 13 жылда ішкі және сыртқы көші-
қонды қосқанда, барлығы 11 644,4 мың адам көші-қон қозғалысына түсті. Соның
ішінде сыртқа көші-қондық қоғалыстағы 983,5 мың иммигрант пен 3092,1 мың
эмигрант 2108,6 мың адамдық теріс айырымды көрсетті. Жылына орта есеппен
162 мың адам кеткен. Сыртқа көші-қондағы теріс айырымның жоғары шегі 1994
ж. (- 410,4 мың адам) келді. Кейінгі жылдары шетке көші-қондағы теріс
айырым төмендегенімен, 2003 ж. дейін орын алды. 1991-2003 жж. көші-қонның
2108,6 мың адамдық теріс айырымы осы кезеңдегі +182,3 мың адамдық табиғи
өсімді толықтай жұтып қана қойған жоқ, одан 11,5 есе артық болды.
Қазақстан көші-қоншылары үшін ыңғайлы ел ресейден кейінгі орында
Беларус, Украина және Өзбекстан тұрды. Алыс шетел бойынша Германияға
кетушілер басым болды.
1990 жж. соңына қарай Қазақстаннан сыртқа көші-қон көлемі қысқара
бастады. Бұл, біріншіден, Ресейдің экономикасын реформалаудың алғашқы
кезеңіндегі еңбек нарығындағы жағдай мен кіріп-шығу еркіндігіне орай
мүмкіндіктердің сол мерзімге қарай аяқталуына, екіншіден, көші-қоншылар
негізінен айналысатын ұсақ бизнес – сауда-саттықтың халықтың шектеулі
сұранысын қамтамасыз ету шегіне жеткендігі мен еңбек нарығында жаңа
мүмкіндіктердің болмағандығына байланысты. Сондай-ақ, 2000-жж.
Қазақстандағы немістердің Германияға көшу қарқыны олардың көшіп-қонуға
бейім бөлігінің потенциялының сарқылуы мен Германияның көші-қоншыларды
қабылдауға шектеулер қоя бастауына байланысты бәсеңдеді.
Көші-қонның жаңа түрлері өрістеп, көші-қон мәселесі күрделі әлеуметтік-
экономикалық мәселеге айналды. Соның ішінде, негізгі себебі көші-
қоншылардың шыққан жерлеріндегі әскери-саяси жағдайдың тұрақсыздығынан
туындайтын заңсыз көші-қон түрі қауіпті. Ол қылмыстың, соның ішінде
наркобизнестің өсуіне, қауіпті аурулардың таралуы мен астыртын еңбек
нарығының кеңеюіне ықпал етеді. Алғаш заңсыз көші-қон мәселесі 1992 ж.
Германиядан Қазақстан арқылы еліне қайтарылған Шри-Ланка елінің 50
азаматының құжаттарын самолетте жойып жіберуінен туындады [12]. Заңсыз көші-
қоншылар: африкандық-азиялық аймақтар мен басқа да тұрақсыз әскери-саяси
жағдайдағы елдерден әр түрлі (негізінен туристік) себеппен келушілер; Кеңес
мемлекетінің жоғары оқу орындарында оқыған немесе келісім арқылы жұмыс
істеп, мерзімі аяқталған соң отанына қайтпағандар; бұрынғы КСРО азаматтары.
Негізгі бөлігі Ауғаныстан, Пакистан, ҚХР, Иран, Ирак, Гонконг, Вьетнам,
КХДР, Сингапур және т.б. азиялық-африкалық елдерінен.
Босқындарға байланысты көші-қон. Мемлекеттік органдар босқындардың
есебін тіркеуді жүргізбеген кездегі, Қызыл Жарты ай және Қызыл Кресттің
қазақстандық қоғамының мәліметі бойынша, 1994-1997 жж. Қазақстанда 4 мыңдай
босқын есептелінді. Мысалы, ауған босқындарында әйелдер мен балалар туралы
мағлұмат күйеуінің паспортында жазылады. Ері болмаған, қайтыс болған не
қашып кеткен жағдайда мәлімет алу мүмкін емес. Ал, БҰҰ-ның деректері
бойынша ауған әйелдерінің 60%-ы ерлерін соғыста жоғалтқан жесірлер. 1992 ж.
Наджибулла жүйесінің құлауы, 1996 ж. фундаменталист-талибтардың Кабулды
басып алып, Мазари-Шарифке жақын келуі ауғандықтардың босып кетуіне әкелді.
Мемлекеттік қызметкерлердің саяси баспана іздеуі мен соғыс кезінде
туыстарынан айрылғандардың жапа шегуі негізінде босқын болуы, жүйе
құлағанға дейін шетелдерге оқуға кеткен жас ауғандықтар және өздерінің
тарихи отанына қайтқан қазақтар – бір ғана Ауған елінен келген босқындардың
осындай түрлері болды. 1991-1998 жж. республикада 3437 отбасы (15277 адам)
босқын тіркелді [13].
Көші-қон процесіндегі жағымды құбылыс – оралмандардың елге оралуы
басталды. Сондай-ақ, экологиялық себептерден республиканың экологиялық
нашар аймақтарынан халықтың кетуіне байланысты көші-қон. Мысалы, 1992-1998
жж. Арал теңізі маңынан 100 мыңдай адам, Семей ядролық полигонынан 160 мың
адам көшіп кеткен. Бұл аймақтарда тұратын азаматтарға көмек көрсету
мақсатында ҚР арнайы заңдары қабылданды.
Еңбек көші-қоны өрістеді. Әлемдік тәжірбиеде елден тысқары жерге еңбек
ету жолындағы көші-қон, әдетте, үкімет аралық келісімдер, әр түрлі елдердің
ұйымдары арасындағы келіссөздер негізінде немесе жұмыс іздеушінің жеке
бастамасы арқылы жүзеге асырылады. Ал, Қазақстаннан шетелге еңбек көші-қоны
стихиялы түрде жүрді. Көші-қоншылардың жұмыс іздеген бөлігі негізінен
Израиль, Гректік Кипр, АҚШ елдеріне барды. Бұл елдерге алғашында турист
ретінде, қонақ ретінде немесе еңбек келісім-шарты негізінде барып, сол
жақта қалып қойып жатты.
Көші-қонның екінші кезеңі 2004 ж. басталды. Бұл кезеңнің ерекшелігі,
1992 ж. басталған халық санының кему үрдісі тоқтап, 2004 ж. бастап
республиканың шетелдермен көші-қон айырбасындағы оң айырым есебінен халық
санында өсім байқалды. Көші-қон қозғалысы 2004 ж. 2789 адамға оң айырым
көрсетті. 2004-2009 жж. Қазақстандағы көші-қон процесіне 1806,8 мың адам
кетіп, 1877,3 мың адам келіп, барлығы 3684,1 мың адам тартылды. Айырым
+70,6 мың адамға оң нәтиже көрсетті. Қазақстаннан сыртқа кетуші қазақтар
саны тоқтамағанымен, 1999-2009 жж. 72,9%-ға азайды: 1999 ж. 8,1 мың, 2004
ж. 3,4 мың, 2008 ж. 2,2 мың қазақ кеткен. Бұл кезеңде табиғи қозғалыс пен
көші-қондағы жағымды айырым есебінен республика халқының саны өсуде. Ал,
көші-қонның қалыптасқан түрлері өзіндік ерекшеліктерімен дамып, жалғасын
табуда. 2004-2009 жж. республика халқының саны көші-қондағы оң айырым
есебінен 70,6 мың адамға, табиғи өсім есебінен 756,2 мың адамға, барлығы
826,8 мың адамға өсті.
Көші-қон процесінде төмендегідей үрдістер қалыптасты. Көші-қон
айырбасынағы әріптестер бұрынғыша - Ресей, Украина және Орта Азия
республикалары мен алыс шетелдерден негізінен Германия. Ресей Федерациясы,
Белорусь Республикасы мен Украинадан басқа ТМД елдерімен айырым оң. Ал,
көші-қон айырбасындағы теріс айырым мөлшері 1999-2007 жж. Ресеймен 3 есе,
Белоруссиямен 6 есе және Украинамен 7 есе кеміді. Бірақ, 2007 ж. бері шет
елдермен көші-қондағы оң айырым төмендеуде: 2006 ж. салыстырғанда 2007 ж. 3
есе кемісе (11 мың адам), 2008 ж. 1,1 мың адамға дейін түсті. Тіпті, 2008
ж. ТМД елдерімен көші-қон айырымы 11,5 мың адамға теріс көрсеткіш көрсетті.
Бірақ оны ТМД-дан басқа елдерден келгендердің 12,6 мың адамдық оң айырымы
жауып жіберді. ТМД елдерінен келушілер саны да кеміді: 2006 ж. 56,6 мың,
2008 ж. 31,4 мың адам келген. Алыс шетелден келушілер саны, керісінше,
өсуде: 2004 ж.6,5 мың, 2008 ж. 15 мыңдай адам келді [14, 36–б.]. Бұл ең
алдымен оралмандардың көші-қоны мен оларға бөлінген квота мөлшеріне
байланысты.
Көші-қон тербелісі 1990-жж. ақыл-ойдың Қазақстаннан сыртқа ағылу
үрдісін туғызғаны белгілі. Екінші кезеңде эмигранттар ішінде жоғары
білімділердің үлесі артып, орта білімділердің мөлшерінің кемуі байқалды.
Мысалы, 2000-2005 жж. елге жоғары білімділерден 6655 адам келгенімен, 14488
адам кетіп, -7833 адамға теріс айырым көрсетсе, арнаулы орта білімді 2944
адам келіп, 6158 адам кеткен, айырым -3214 адамға тең болды. Келушілердің
ішінде жоғары және орта білімділердің саны өскенімен, айырым теріс. Бұл
үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Мысалы, 2008 ж. ол көрсеткіш 4204 адамдық
теріс айырымды көрсетті. Бірақ, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
XX ғасырдың 20-30- жылдарындағы қазақ тіліндегі мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы
Қазақстан музейлерінің қалыптасу және даму тарихы
Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде
Ғылыми педагогикалық зерттеулерді ұйымдастыру
Педагогикалық зерттеу әдістері
Зерттеу жұмысының құрылымы
Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістері - бақылау жұмысы
Ресейде жарық көретін Наука Сибири мерзімді басылымының 1990 жылғы
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік – шығыс аймақтарындағы аграрлық реформалар: қағидалар және тарихи тағылым (1991-2007 ж.ж.)
Музей ұғымының теориялық негіздері
Пәндер