Ілеспе аударманың түрлері


ӘЛПЕЙІСОВА КАМАЛ ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ
Қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасау заңдылықтары
(саяси және ресми дискурс материалында)
10. 02. 20 - салыстырмалы-тарихи, типологиялық
және салғастырмалы тіл білімі
филология ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Астана, 2010
Жұмыс Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
Жалпы тіл білімі және аударма теориясы кафедрасында орындалды.
Диссертация 2010 жылғы «29» сәуірде сағат 14. 00-де Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі 10. 02. 20 - салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 29. 02 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.
Мекен-жайы: 010008, Астана қаласы, Қ. Мұңайтпасов көшесі, 5,
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқу-лабораториялық ғимараты, 823-дәрісхана
Диссертациямен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылғы «29» наурызда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы,
филология ғылымдарының докторы Е. Қ. Әбдірәсілов
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты. Ілеспе аударма - Қазақстанда тәуелсіздіктен кейін пайдаланыла бастаған ауызша аударманың жаңа түрі. Тілі бөтен елдер арасындағы алтын көпір іспетті аударманың орны бөлек екені баршаға түсінікті. Академик Ө. Айтбаев қай заман, қай кезең болмасын қоғам өмірінің ілгері дами түсуіне қалтқысыз қызмет етеді деп бағалап, БҰҰ-ның қарарында халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деп сипатталған аударманы зерттеуге біздің елде де ден қойылып, көптеген іргелі ғылыми еңбектер жазылған. Алайда, бұл еңбектерде ішінара аталғаны болмаса, ілеспе аударма әлі дербес зерттеу объектісі болған жоқ.
Ресейде ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында И. А. Зимняя, Г. В. Чернов, М. Я. Цвиллинг, А. Д. Швейцер сияқты зерттеушілердің ілеспе аударма туралы мақалалар жариялауы осы салада ғылыми ізденістер жүргізілуінің алғашқы мысалдары ретінде аталады. Л. Виссон, Т. В. Воеводина, Р. К. Миньяр-Белоручев, П. И. Палажченко, В. Д. Уваров, А. Ф. Ширяев және басқалар ілеспе аударманың кейбір теориялық және қолданбалы аспектілеріне, орыс тілінен шет тілдеріне (негізінен ағылшын, француз, испан тілдеріне, олардан азырақ мөлшерде португал, итальян тілдеріне) ілеспе аударма жасауға арналған еңбектер жазған. Бірақ, кеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің тілдерінен орыс тіліне ілеспе аударма жасау мәселесі олардың зерттеу аясынан тыс қалған.
Ешқандай теориялық және практикалық дайындықсыз ілеспе аударма жасауды жүзеге асыру қиындығын бастан кешкендіктен, қазақ ғалымдарының салыстырмалы және салғастырмалы тіл біліміне, аударматануға, коммуникация аспектілеріне, сөйлеу мәдениетіне арналған еңбектеріне, шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасау ерекшеліктерін айқындау - ізденісімізге арқау болды.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ілеспе аударма - еліміздің халықаралық қоғамдастыққа интеграциялануында тіларалық коммуникацияны қамтамасыз ететін маңызды сала. Қазақ тіл білімінде ілеспе аударма жасау аспектілері зерттелмеуі оның дамуын тежеп отыр. Қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасаудың кәсіби ережелерін әзірлеу аталған мәселелерді шешіп, тіліміздің конституциялық мәртебесіне сәйкес пайдаланылуына, саяси, ғылыми жиындар тіліне айналуына жағдай тудыратындығы бұл зерттеудің өзектілігін білдіреді.
Тақырыпты зерттеу «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру шараларымен сабақтасады. ҚР Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығына сәйкес бүгінде қазақ тілінде өткізілетін жиындар санының өсе түсуі де - ілеспе аударманы зерттеп, дамытудың өзектілігін көрсететін фактор.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Ілеспе аударманың қазақ қолданбалы лингвистикасының жаңа саласы ретінде орнығуы мақсатында бір тілде берілетін ақпараттың екінші тілге барынша баламалы түрде жеткізілу ерекшеліктерін ашу үшін мынадай міндеттер көзделді:
- ілеспе аударманың пайда болуының алғышарттарын, қазақ қоғамындағы қажеттілік деңгейін, оның қазақ тілін дамытудағы рөлін зерделеу;
- жазбаша аударма мен ілеспе аударманы салыстыра талдау және олардағы түпнұсқаға баламалылыққа қол жеткізілу деңгейін бағалау;
- дискурсты қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасау сапасына әсер ететін факторларды және жұмыс процесінде кездесетін экстремалдық жағдайлардан шығуда аудармашыға жүктелетін міндеттерді айқындау;
- қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасау ережелерін және қолдануға болатын амалдарды сипаттау;
- ілеспе аударманы дамыту перспективасын зерделеу, ілеспе аударма жасауды үйретуге болатынын дәлелдеу.
Зерттеу жұмысының нысаны мен пәні. Саяси және ресми дискурсты ілеспе аударма жасау. Қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасаудың ерекшеліктері, ілеспе аударма жасауды жеңілдететін амалдардың сипаттамасы.
Зерттеудің жұмысының ғылыми жаңалығы . Зерттеуде алғаш рет жазбаша аударма мен ілеспе аударманың айырмашылықтары салыстыра зерттелді; ілеспе аударманы сапалы жасау үшін сөз сөйлеудің жол берілетін өлшемі айқындалды; қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасаудың ерекшеліктері ашып көрсетілді; ілеспе аударманың барынша дәл жасалуына көмектесетін амалдар тұжырымдалды; ілеспе аударма жасау кезінде бір амалды екіншісіне ауыстыру тетіктері ұсынылды, талапкерге ілеспе аударма жасауды үйретудің әдістері тұжырымдалды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- ілеспе аударма - кең форматты жиындарда көп тілді қатысушылардың арасындағы коммуникацияны қамтамасыз етуге арналған аударманың жаңа түрі. Ол мемлекеттік тілдің қолданылу аясының кеңеюіне, оның халықаралық аренаға шығуына зор үлес қосады.
- жазбаша жасалған аударма мен ілеспе аудармашы жасайтын аударманың арасында айырмашылықтар болуы заңды. Ілеспе аударма нәтижесінің сапалық деңгейі төменірек болғанымен, белгілі бір амалдар қолданылып, қажетті шарттар орындалған жағдайда ілеспе аударманың түпнұсқа мәтінге баламалылық деңгейін жазбаша аудармаға барынша жақындату мүмкіндігі бар.
- саяси және ресми дискурсты қазақ тілінен орыс тіліне сәтті ілеспе аударма жасау негізінен аудармашының аудармашылық құзыретіне, оның ілеспе аударма жасау барысында кездесетін экстремалдық жағдайлардан алып шығар кәсіби шеберлігіне, оған қоса шешеннің сөйлеу қарқыны, сөйлеу мәдениетін игеруі сияқты факторларға тікелей байланысты.
- ілеспе аударма жасаудың алыс және таяу шет елдерде қалыптасқан тәжірибесін зерделеп, онда қолданылатын амалдарды бейімдей отырып, қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасау үшін қажетті амалдарды түзуге болады.
- ілеспе аудармашыларды даярлау ісі қолға алынбауы еліміздің әлемдік кеңістікке интеграциялануын белгілі бір дәрежеде тежейді. Елімізде қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасаудан бастап, қазақ тілінен тікелей шет тілдеріне аударма жасайтын мамандарды дайындау мәселесі пісіп-жетті. Бұл ретте ұсынылып отырған ілеспе аударма жасау амалдары, ілеспе аударма жасауды үйрету әдістері септігін тигізері анық.
Зерттеу жұмысының материалдары. Ізденушінің өзі 1994-2009 жылдар аралығында ілеспе аударма жасаған: ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырыстары, парламенттік тыңдаулар; ҚР Парламенті Сенатының отырыстары және осы отырыстардың стенографиялық есептері; Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері; ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен 17-сессиясы; ірі форумдар мен конференциялар - жалпы жиынтығы 6000 сағаттан астам, оның ішінде талдау жасауда пайдаланылғаны - 471 сағат.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Парламент отырыстарында заң жобаларын талқылау барысында жасалған баяндамалар, сөйленген сөздер және олардың ілеспе аудармасы; республикада өткізілген әртүрлі конференцияларда, форумдарда, съездерде жасалған баяндамалар мен олардың ілеспе аудармасы.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Жұмыс ілеспе аударманың қолданбалы лингвистиканың жеке объектісі ретінде зерделенуімен бағалы. Зерттеу нәтижесінде жасалған тұжырымдар ілеспе аударманы ғылыми тұрғыдан зерттеп, тануға елеулі үлес қосады; елімізде ілеспе аударма саласын одан әрі дамыту ісіне септігін тигізіп, болашақта қазақ тілінен шет тілдеріне ілеспе аударма жасау мәселелерін зерттеуге негіз қалайды. Қол жеткізілген нәтижелерді ілеспе аудармашыларды дайындау курстарында, ілеспе аудармашылардың біліктіліктерін жетілдіру курстарында, ілеспе аударма саласы бойынша теориялық және оқу-әдістемелік материалдар құрастыру ісінде негізгі құрал ретінде; жоғары оқу орындарының салғастырмалы тіл білімі, аударма теориясы пәндері бойынша курстарда; қазақ мен орыс тілін салыстыра зерделеуде, орысша-қазақша фразеологиялық сөздіктер жасауда қосымша құрал ретінде пайдалануға болады. Бұл тақырыпқа аударма тарихын зерттеушілер де қызығушылық танытады деп ойлаймыз.
Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу жүргізуде сөйленген сөздерді салыстыру, сипаттаудың эмпирикалық әдістері; салыстырмалы тезаурустық әдіс; контекстік талдау әдісі, жазбаша мәтіндер мен ол мәтіндердің ілеспе аудармашылар жасаған аудармасын салғастыру әдісі қолданылды.
Зерттеудің жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны бойынша «Полимәдениет және полилингвизм» атты конференцияда (Астана, 2007), «Қазіргі кездегі Отан тарихының көкейкесті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Көкшетау, 2008), «Қазақстанның тұрақты дамуындағы білім беру: мәселелер, ізденістер, перспективалар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Астана, 2008), «Астананың елордалық мәртебеге ұмтылуы» атты халықаралық ғылыми конференцияда (Астана, 2009), «Ілеспе аударма жұмысын ұйымдастыру мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық семинарда (Павлодар, 2009), «Тіл мен әдебиетті оқытудың теориясы мен әдістемесіндегі инновациялық технологиялар: мәселелер және шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Астана, 2009) баяндамалар жасалды.
Ілеспе аудармашыларға көмек ретінде бір кітап, екі оқу-әдістемелік құрал мен бір көмекші құрал жарық көріп, жекелеген материалдар «Ілеспе аударма», «Аударматану», «Ілеспе аударма тәжірибесінен» атты жинақтарға енді.
Тақырыптың негізгі мазмұны мен бағыттары «Жұлдыз» (2006), «Ақиқат», «Мысль» (2008) журналдарында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы (2008), ЕАГИ хабаршысы (2009) ғылыми басылымдарында жарияланды.
Ұсынылып отырған амалдар Парламент Сенатының отырыстарында, халықаралық іс-шараларда ізденушінің ілеспе аударма жасауы барысында сынақтан өткізіліп, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ілеспе аудармашыларды дайындауға арналған 3 айлық курс жүргізуі (2007 ж. ), ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы ұйымдастырған аудармашылардың біліктілігін арттыру курстарында дәріс оқуы (2008 ж. ) кезінде, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстық тіл басқармалары ұйымдастырған ілеспе аудармашыларды дайындауға арналған семинарларда (2007-2009 жж. ), Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға арналған «АЛСЕМ-АСТАНА» ғылыми-әдістемелік орталығында шеберлік сағаттарын өткізуде (2008 ж. ) практикалық тұрғыда қолданылды. Зерттеудің мазмұны мен бағыттары Қазақстандық «Парасат» көпбейінді институты гуманитарлық зерттеулер орталығында талқыланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттердің тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделіп, оның мақсаты мен міндеттері, материалдары мен дереккөздері, теориялық және практикалық маңызы, талқылануы мен жариялануы туралы мағлұмат беріледі.
Бұл қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасау аспектілеріне арналған алғашқы еңбек болғандықтан «Ілеспе аударма туралы түсінік» деп аталатын бірінші бөлімде ілеспе аудармаға түсінік беріліп, оның пайда болу және даму тарихына шолу жасалды. Ілеспе аударманың ғылым саласы ретінде зерттелуі, қызмет көрсету түрі ретінде қолданылуы қарастырылды.
Қоғамдағы аударманың рөліне Қ. Жұбанов, М. Әуезов, Ө. Айтбаев, басқа да үлкен ғалымдар жоғары баға берген, бірақ олардың және жиырмасыншы ғасырдың соңына дейін жазылған басқа да ғалымдардың еңбектерінде ілеспе аударма туралы мағлұмат жоқ. Ж. Жақыпов қазақ тіл ғылымында аударма аспектілері алпысыншы жылдардан кейін әдебиеттану және лингвистикалық тұрғыдан зерттеле басталғанын [1, 9-б] атап көрсетеді, алайда А. Алдашеваның ауызша аударманың лингвистикалық проблемалары өз алдына зерттелетін дербес мәселе [2, 8-б] деген пікірі оның зерттелуі жеткіліксіз екендігінен хабар береді. Біздің зерттеуіміздің объектісі болып отырған ілеспе аударма - ауызша аударманың бір тармағы. Ресейлік ғалымдар ауызша аударманы бірнеше топқа, ал итальяндық ғалым Л. Сальмон ізбе-із аударма, ілеспе аударма, сыбырлап аудару (шушуотаж) және келіссөздер барысындағы аударма деп төртке бөледі. Біздің ойымызша соңғы екеуін ізбе-із аудармаға жатқызуға болады.
Ілеспе аударма пайда болғанға дейін халықаралық қатынастардағы тіларалық коммуникация ізбе-із аударма арқылы жүзеге асырылды. Өзара келісіп, аудармашы сөз сөйлеушінің сөзін: а) оның әр сөйлемінен кейін; ә) ол бірнеше сөйлем айтқаннан кейін немесе б) тұтас бір ойды айтып тоқтағаннан кейін аудара бастайды. Ал мұндай келісім жасалмаған болса аудармашының шешенді тоқтатуына, сөзін үзуіне құқығы жоқ.
Ізбе-із аударма мен ілеспе аударманың орындалуында да, аудармашы организміне түсетін психо-физиологиялық салмақта да, адам бойындағы қабілеттерді жұмылдыруды қажет етуде де бір-бірінен айырмашылығы көп.
Кесте 1 - Ізбе-із аударма мен ілеспе аударманың түрлері
- Баяндамашының қағаздан оқи тұрып, арасына түсініктеме жасайтын сөзін қағаздан «көзбен оқи отырып», түсініктемелерді қоса аударма жасау.
- Сатылап аудару. Аудармашы шешеннің тілін білмейтін кезде аралық аудармашының (реле-тілдің) көмегімен ілеспе аударма жасау. Халықаралық конференцияларда жасалады.
- Қағаздан оқылып жасалған баяндаманы тыңдау арқылы ілеспе аударма жасау. Ілеспе аударманың ең күрделі түрі саналады.
Ілеспе аударма - халықаралық конференцияда аудиториядан оқшаулаған кабинада отырып, сөз сөйленетін тілде бір рет қана айтылатын ауызша хабарламаны сөз сөйлеушімен бір мезгілде екінші тілге аударуды жүзеге асыратын ауызша аударманың түрі. «Синхрон» сөзі гректің «syn» (бірге) + «chronos» (уақыт) деген сөздерінің біріктірілуінен алынған, екі немесе бірнеше процесті олар өтіп жатқан кезде бір-біріне дәл сәйкестікте орындау дегенді білдіреді. Зерттеушілердің ілеспе аударма процесінің ең мәнді бөлігі аудармашының миында жүзеге асырылатындықтан оны тікелей байқау мүмкін емес деп атап көрсетуі бұл саланы зерттеудің күрделілігін білдіреді. Ілеспе аударманы коммуникативтік-қоғамдық саладағы сөйлеу қызметінің дербес бір түрі ретінде қарауға болады.
Аударманың бұл түріне тән бірқатар ерекшеліктер мен қиындықтар бар, солардың ең бастысы - уақыттың тапшылығы. Ілеспе аудармашыға аударма жасауы үшін ізбе-із аудармашыға берілетін уақыттан 2 есе, ал сол мәтінді жазбаша аударуға кететін уақыттан 20-30 еседей аз уақыт беріледі. Екінші ерекшелік - аударма барысында ілеспе аудармашыдан шешеннің сөз сөйлеу қарқынына сәйкес қарқынмен аударма жасау талап етілуі. Үшінші ерекшелік - ілеспе аудармашының аударманы сөйлемдердің айтылуына қарай бөлік-бөлік (сегментті) сипатта жасауы. Төртінші ерекшелік - ілеспе аудармашының өз функциясына қоса редакторлық міндетті жүзеге асыру қажеттігі. Осындай қиын талаптар және В. Н. Комиссаров атап өткендей, екі тілді жақсы меңгерген адам аудармашы бола алады деген дәстүрлі формуланы ілеспе аудармашыға қолдануға келмейтіні [3, 138-б] ілеспе аударманың күрделілігін сипаттайды.
Ілеспе аударманың шетелде пайда болу тарихы бостондық радиоинженер Гордон Финли мен «IBM» фирмасының президенті Томас Уотсонның атына ілеспе аударма жасауға арналған құралға патент берілген 1926 жылдан басталады, америкалық алғашқы ілеспе аудармашылардың бірі Лион Достерттің ілеспе аударманы насихаттау мақсатында 1946 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мәжілісінде, кейін Джорджтаун университетінде ілеспе аударма жасауды ұйымдастыруы бұл саланың дамуына зор ықпал еткен. Жаңа тәсіл Женева қаласында (1927 ж. ), Схевенинген қаласында (Голландия) өткен халықаралық конференцияларда (1938 ж. ) қолданылған. 1936 жылы қос тілді Бельгия парламентінің отырыстарында ілеспе аударма жасала бастайды.
Ілеспе аударманың Ресейде пайда болу тарихын зерттеушілер 1928 жылдан бастап, Коминтерннің VI конгресінде аудармашылар көпшілікке бұған дейін белгісіз әдіспен аударма жасағаны туралы Кеңес Одағындағы ілеспе аударманың алғашқы өкілдерінің бірі саналатын Е. А. Гофманның «Красная нива» журналында жарияланған мақаласына сілтеме жасайды [ 4, С. 14] .
Ленинградта өткен физиологтардың ХV халықаралық конгресінде (1935 ж. ) академик И. П. Павловтың баяндамасын делегаттар бірден ағылшын, неміс, француз тілдерінде тыңдайды. Коммунистік партияның ХХ съезінде алты тілге ілеспе аударма жасалған. Ілеспе аударманың дамуына 1957 жылы өткен жастар мен студенттердің Мәскеу фестивалі тың серпін береді. СОКП ХІХ съезінен бастап шетелдіктер үшін ілеспе аударма жүйелі түрде жасалып, ХХ съезде 7 тілге, келесі съезде 18 тілге аударма жасалса, қазіргі кезде Кремльдің Съездер сарайы 30 тілге аударма жасауға болатын конгресс-жүйемен жабдықталған.
Ілеспе аударманың Қазақстанда пайда болуы туралы айтқанда ұлттық театрлардағы қойылымдарда орыс тіліне жасалатын аударманы ілеспе аударма жасаудың алғашқы мысалы ретінде атауға болады. Ресми жиындарда ілеспе аударма жасаудың алғашқы талпыныстары тәуелсіздікке дейін-ақ, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сессияларын өткізу кезінде, Президент әкімшілігінде болған. Ал жиналысты тұтастай (оның өзінде де орыс тілінен қазақ тіліне ғана) ілеспе аударма жасай отырып жүргізу Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ХІ шақырылымынан басталады.
ХІІ шақырылымда Жоғарғы Кеңес сессиялары екі тілде өте бастады. Бірақ қазақ сөзі емін-еркін сөйленгенімен, ол сөздің арналған адамына жету мәселесі тұрды. Лауазым иелерінің көтерілген мәселелер бойынша қажетті шешімдер қабылдауы үшін ең әуелі сөзді түсінуі керек екені белгілі. Заң жобаларын талқылауда екі тілді тараптың бір-бірін түсінуі, депутаттардың көп ұсыныстың ішінен біреуіне дауыс беруі үшін қазақша сөйленген сөздерді орыс тіліне ілеспе аударма жасау қажеттігі туындады.
Қазақ тіл ғылымында ілеспе аударма мәселелерінің қазірге дейін дербес зерттеу объектісі болмағандығының себептері: тәуелсіздік алғанға дейін ілеспе аударма жасау қажеттілігінің болмауы; Қазақстанда белсенді түрде қолданылу мерзімінің аздығы; бір адам айтқан күрделі ойды басқаларға қиналмай жеткізе білудің тетіктерін түсіндіре алатын мамандардың жетіспеушілігі деуге болады.
А. Д. Швейцер Ресейде ілеспе аударманың ортақ теориялық, әдіснамалық принциптерінің әзірленуіне кедергі болған бірқатар себептерді атап көрсетеді. Оның ішінде бұл салаға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеуі, көркем аударма саласындағы мамандар аударманың лингвистикалық теориясын жасау талпынысын формалистік деп қарауы, ал аударманың лингвистикалық теориясы жасалуын жақтаушылардың өз іштерінде екіге жарылып, бір-біріне кереғар пікірлер ұсынуы сияқты мысалдар келтірген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz