Кәсіптік мектептің орыс тілді аудиторияларында қазақ тілін витагендік технология арқылы оқыту үдерісі


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 27 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 37. 016: 811. 512. 122 Қолжазба құқығында

ӘЛІБАЕВА МЕРУЕРТ СӘРСЕБЕКҚЫЗЫ

Кәсіби қазақ тілін витагендік технология арқылы оқыту әдістемесі

(экономика мамандығы бойынша)

13. 00. 02. - Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі.

(бастауыш, орта және жоғары білім беру жүйесіндегі қазақ тілі)

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазіргі қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: Педагогика ғылымдарының докторы,

доцент Дәулетбекова Ж. Т.

Ресми оппоненттер: Педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Жақсылықова К. Б.

Педагогика ғылымдарының кандидаты

Серікбаева Г. Ж.

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық

университеті

Диссертация 2010 жылы 17 маусым күні сағат 14. 00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13; ) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 09. 04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, кіші конференция залында өтеді.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасынан танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30) .

Автореферат 2010 жылдың 15 мамырда таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,

филология ғылымдарының докторы,

профессор Қосымова Г. С.

Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатына сәйкес бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру саласында түбегейлі өзгерістер жасалуда. Қазіргі жүргізіліп жатқан түрлі бағыттағы сол өзгерістер білім беру жүйесінің қызметін жаңа уақыт талабына сай жетілдіруді, педагогика ғылымындағы табыстарды сын көзбен саралай отырып, тәжірибеде кеңінен қолдануды, білім алушыларды өзгермелі қоғамда өмір сүруге жан-жақты дайындауды қажет етеді. Ал мұның барлығы да мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдаумен, оқыту үдерісін жаңаша ұйымдастырудың жолдарын таба алу мүмкіндіктерін кеңейтумен тығыз ұштасып жатыр.

Қазақстан Республикасының «Орта білім беруді дамыту» тұжырымдамасында: «Әрбір баланың жеке тұлғалық қасиеттерін ашу, оның мүмкіндігін, өмірдегі мәнін көрсету арқылы білімге тереңірек ұмтылуына, сондай-ақ ізденісіне, бейімділігіне көмек беру, жағдай туғызу және оған өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру - білім берудің түпкілікті мақсаты» [1] екендігі айқындалған.

Осы орайда, Елбасы Н. Назарбаевтың: « . . . Бізге бұрынғы қай кездегіден де білім мен ғылымның баға жеткізгісіз қорын барынша арттыру, оны қазіргі заманға сай ету қажет . . . Білім беру жүйесінің басты міндеті - ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» [2, 7 б] деген сөзі егеменді еліміздің білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарын айқындауға тірек болды. Осы кешенді міндеттердің маңызды бір арнасын құрайтын оқыту технологияларын жетілдіру мәселесі заманауи талапқа сай және жаһандану үдерісін бастан кешіп отырған әлеуметтік ортада өмір сүруге бейім дара тұлғаны қалыптастырумен ұштасып жатыр. Ал, оқушының дара тұлғалық қабілеттерін шыңдау, ең алдымен, оның өздігінен іздену, өздігінен әрекет ету, кез келген жағдаятта өз бетінше оң шешім қабылдай алу дағдыларын дамытумен тікелей байланысты. Оқыту технологияларын таңдауда және оның ұтымдылығын бағалауда басты критерий етіп оның оқушы игеруі тиіс құзіреттіліктерді қалыптастыруға қаншалықты мүмкіндік туғызатындығы алынатыны да сондықтан.

Оқыту технологиясы білім беру жүйесін жетілдірудің басты тетігі екендігін соңғы кезеңдерде мектеп пәндерін оқыту үдерісінде кең қанат жайған деңгейлік оқыту, дамыта оқыту, жобалай оқыту, сын тұрғысынан ойлау, коммуникативтік оқыту, жеке тұлғаға бағдарлай оқыту және т. б. технологиялардың кең зерттеле бастауы да дәлелдейді. Өйткені осы аталған оқыту технологияларының қай-қайсысының да түпкі мақсаты оқушыны әлеуметтендіру, оның білім, біліктерін өзіндік әрекет тұрғысынан меңгерту болып келгені аян. Оқыту технологияларының түрлерін зерттеп, ғылыми негіздеп, оны мектеп өміріне енгізген Ш. А. Амонашвили, И. Я. Лернер, В. П. Беспалько, Н. Ф. Талызина, Б. Т. Лихачев, М. Чошанов, В. К. Дьяченко және т. б. ғалым-зерттеушілер тұжырымдаған бұл технологиялар отандық білім беру жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеруде маңызды орын алды. Әйтсе де, бүгінгі өзгермелі дүние жағдайындағы жаңа талаптар оқушыға берілетін білімді оның өмірлік тәжірибесіне, тілдік машықтарына ұластырып, күнделікті өмір дағдысына сіңіре отырып меңгертуге негізделген жаңа жолдарды табуды қажет ете түсуде. Сондықтан да оқушы бойында білім мен білікті біртұтас бірлікте дамытуға мүмкіндік беретін, білімнен тәжірибе жинақтауға, одан өмірлік дағды қалыптастыруға жол ашатын жаңа технологиялық жүйені анықтау, оны жүзеге асырудың кешенді моделін зерттеу, зерделеу, сол жүйені білім саласының даму бағытына сәйкестендіре отырып мектепке енгізу бүгінгі күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өйткені білім саласын халықаралық деңгейге көтеру үшін «білім беру жүйесінің басты міндеті етіп ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» қажет екендігі даусыз [3, 9 б. ] . Осы міндеттің орындалуының маңызды бір шарты ретінде қазір педагогика ғылымында біршама зерттеліп, білім сапасын көтеру мүмкіндігінің кеңдігімен танылған витагендік оқыту технологиясын атауға болады.

Vita латынша өмір деген мағынасын білдірсе; gen гректің тәжірибе деген сөзінен шыққан. Демек витаген деген сөз «адамның өмірлік тәжірибесі» деген мағынаны білдіреді. Бұл технология оқытуды Субъект-Субъект қатынасына сай ұйымдастыруға негізделген жаңа педагогикалық парадигманың талаптарына толық сәйкес келуімен: оқушылардың ортақ мақсатқа бірлесе қол жеткізуін қамтамасыз етуімен, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынастың тең демократиялық жағдайын қалыптастыруымен, оқушылардың басты проблеманы бірігіп шешуіне, бірлесе тәжірибе жинақтауларына және әр оқушының өз тарапынан нәтижелі шешімге жетуіне мүмкіндік тудыруымен ерекшеленеді. Витагендік тапсырмалар оқушыларға қазақ тілін сапалы үйретуді, олардың танымын кеңейтіп, ой-өрісін нығайтуды, өз сөзін дәлелді жеткізуге дағдыландыруды көздейді. Мұның өзі витагендік амал-тәсілдер мен тапсырмалардың оқушылардың еркін тілдік қатынасқа түсу, танымдық, қатысымдық, сондай-ақ топпен тіл табыса әрекет ету қабілеттерінің жетілуінде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Сондықтан кәсіптік мектеп жүйесінде оқушылардың қатысымдық құзіреттіліктерін қалыптастыру мақсатында витагендік оқыту технологиясын қолдану мемлекеттік тілді меңгерту үдерісін болашақ маманның қазақ тілін қызмет саласына сай дұрыс қолдануын, сонымен қатар заманауи сұраныс үдесінен шығатын білім мен білікті тілдік және рухани қажеттіктер тұрғысынан саналы әрі сапалы меңгеруін қамтамасыз етеді. Кәсіптік мектеп оқушысының өмірге қажетті тілдік-қатысымдық дағдыларды меңгеруі қойылған проблемаларды оң шеше алуынан, өз мамандығына қажетті терминдерді дұрыс меңгеріп, әрбір мәселеге деген өз ой-пікірін дұрыс, анық, дәлелді жеткізуінен көрінеді. Оқушылардың кәсіби біліктері жолдастарымен, сыныптастарымен пікірлесуі, тілдік қатынасқа түсуі нәтижесінде жетіледі. Оған витагендік оқыту технологиясы мол мүмкіндік береді. Осы технологияға негізделген оқыту үдерісінде әрбір оқушы ортақ мақсатқа негізделген әрекеттерді орындау барысында жүзеге асатын тілдік қатынаста, біріншіден, өз мүддесіне сай тілдесімнің мақсаты мен маңызын анықтауға, екіншіден, сөзінің қисыны мен дәлдігін мөлшерлеуге, үшіншіден, пікірін түсінікті, дәлелді, дәйекті жеткізуге дағдыландырылады. Ал мұның қай-қайсысы да қатысымдық құзіреттіліктерді жетілдіруге іргетас қалайды. Кәсіптік мектеп оқушыларының қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан, оқу орыс тілінде жүретін аудиторияларда кәсіби қазақ тілін витагендік оқыту технологиясы арқылы үйретудің мәні арта түсуде. Сол себепті де зерттеу нысанына алынып отырған болашақ экономистерге тілді мамандыққа сай үйретуде витагендік оқыту технологиясын кеңінен пайдаланудың, оны ұтымды амал-тәсілдерін дұрыс іріктеудің маңызы ерекше.

Әйтсе де бүгінгі бәсекелестік заманға лайық маманға деген қоғамдық-әлеуметтік сұраным мен кәсіптік мектептегі мемлекеттік тілді оқушының болашақ мамандығына сай оқыту жүйесінің арасындағы, оқушыны өз әрекетінің субъектісі ретінде дамыту туралы жаңа педагогикалық парадигма мен оқыту үдерісінің таптаурынды қалыпта ұйымдастырылуы арасындағы, педагог қауымға қоғам тарапынан жүктелген міндеттер мен олардың оқу-тәрбие жұмысы барысында жаңаны игеру мүмкіншіліктері арасындағы қарама-қайшылықтар әлі де сақталып отыр. Осы қайшылықтарды шешу үшін де кәсіптік мектеп жүйесіндегі қазақ тілін меңгертуде витагендік оқыту технологиясын қолданудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін жан-жақты зерделеп, оны мектеп практикасына кеңінен енгізудің қажеттігі артып келеді. Бұл да зерттеу тақырыбының өзектілігін бекіте түседі.

Зерттеу нысаны: Кәсіптік мектептің орыс тілді аудиторияларында қазақ тілін витагендік технология арқылы оқыту үдерісі.

Зерттеудің пәні: Кәсіптік мектептің орыс тілді аудиторияларында витагендік технология арқылы мемлекеттік тілді кәсіби-қатысымдық тұрғыда оқыту әдістемесі.

Зерттеу мақсаты: Кәсіптік мектепте қазақ тілін витагендік технология арқылы оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерделеп, оқушылардың мамандыққа сай қазақша сөйлеуін қалыптастыруды қамтамасыз ететін әдістемелік жүйе ұсыну.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

- витагендік оқыту технологиясы арқылы қазақ тілін үйретудің ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындау;

- кәсіптік мектеп оқушыларына қазақ тілін үйретуде витагендік оқыту технологиясының атқаратын қызметтерін анықтау;

- кәсіптік мектеп оқушыларына витагендік оқыту технологиясы арқылы тілді үйретудің өзіндік ерекшеліктерін саралай отырып, оқушылардың қатысымдық құзіреттілігін қалыптастырудың жолдарын белгілеу;

- экономика мамандығына қатысты қазақ тілін витагендік оқыту технологиясы арқылы меңгертудің тиімді жолдарын, әдіс-тәсілдерін айқындау;

- оқушылардың кәсіби-қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыруға арналған тапсырмалар жүйесін жасау;

- ұсынылып отырған әдістеменің тиімділігін педагогикалық эксперимент арқылы дәйектеу.

Зерттеу болжамы: Егер кәсіптік мектеп оқушыларының қатысымдық құзіреттіліктерін витагендік оқыту технологиясы негізінде қалыптастырса, онда, біріншіден, оқушылардың қазақ тілін сапалы игеру, меңгеру қабілеттері дамып, білім сапасы артады, екіншіден, кәсіби мектеп оқушыларының қазақ тілінде өз ойын ұғынықты жеткізу дағдылары дамиды, үшіншіден, тілдік қатынаста қазақша дұрыс сөйлеу біліктері жетіледі. Өйткені витагендік технология оқушылардың бірлескен әрекет үстінде тілді өз өмірлік тәжірибелерімен тығыз байланыста, бірлікте меңгеруінің басты шарты бола отырып, оқытудың тиімділігін арттыру мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Жетекші идея: Кәсіби қазақ тілін витагендік оқыту технологиясы арқылы меңгерту оқушылардың қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыруға және қазақ әдеби тілінің орфографиялық, орфоэпиялық, грамматикалық заңдылықтарын саналы меңгеруіне жол ашады. Сонымен қатар тапсырмалар жүйесі мен ұстанымдар кәсіптік мектеп оқушыларының қазақша сөздік қорын молайтып, танымын кеңейтеді, оқушылардың өз әрекетінің субъектісі ретінде дамуына оң ықпал етеді.

Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізі. Зерттеуде орыс тілді аудиторияларда қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты және тілдік, қатысымдық құзіреттіліктер туралы, сонымен қатар оқытудың технологияларына байланысты, білім мазмұны мен оқыту үдерісін ұйымдастырудың негізіне алынатын жаңа педагогикалық парадигмалар жайлы ғылыми-теориялық және әдістемелік бағыттағы зерттеулер, педагогикалық, психологиялық әдебиеттердегі идеялар мен тұжырымдар негізге алынды. Білім философиясындағы, әлеуметтану мен лингвоелтанымдық, лингвомәдениеттану салаларындағы еңбектерде түйінделген қорытындылар зерттеудің әдіснамалық негізін құрады.

Зерттеу әдістері. Ғылыми жұмыста кәсіптік мектептің орыс тілді аудиторияларында тіл үйренушілерге арналған әдістемелік құралдар мен топтамаларды талдау, кәсіби қазақ тілін орыс бөліміне қатысымдық тұғыдан үйретуге арналған тұжырымдарды сараптау, витагендік оқыту технологиясын сабақта қолдану тәжірибелерін, сондай-ақ педагогикалық эксперимент нәтижелерін жинақтау, алынған нәтижелерді жүйелеу, «экономика» мамандығында оқитын оқушылардың қазақша қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыруға байланысты тұжырымдарды қорыту әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысы үш кезеңде жүргізілді.

Бірінші кезеңде (2003-2005 ж. ж) зерттеу тақырыбына сай қазақ тілін меңгерту ерекшеліктеріне қатысты психологиялық, оқыту үрдісінде жаңа инновациялық технологияларды тиімді қолдануға арналған педагогикалық және қазақ тілін оқытуға қатысты әдістемелік әдебиеттерге талдау жасалып, тақырыпқа қатысты теориялық тұжырымдар айқындалды. Осының негізінде зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері, нысаны мен пәні, болжамы мен жетекші идеясы анықталды. Кәсіптік мектеп оқытушылары мен оқушыларына сауалнамалар беріліп, сабақтарға талдау жасалып, оқушылардың қазақ тілінде білім мен біліктері деңгейін анықтау мақсатында педагогикалық анықтау эксперименті жүргізілді.

Екінші кезеңде (2005-2006 ж. ж) витагендік оқыту технологиясы арқылы оқушылардың қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыруға арналған оқу-әдістемелік жүйенің өзіндік ерекшеліктері анықталды. Кәсіптік мектеп оқушыларының қатысымдық құзіреттілігін қалыптастыруға арналған тапсырмалар кешені жасалып, қазақ тілі сабағында жүзеге асырылатын витагендік оқыту технологиясының амал-тәсілдерінің өзіндік белгілері айқындалды. Мамандық тілін витагендік оқыту технологиясы арқылы үйретудің әдістемесіне сәйкес педагогикалық оқыту эксперименті жүргізілді. Әрбір тапсырмалар мен әдістердің ұтымды тұстары тексеріліп, сараланды.

Үшінші кезеңде (2006-2009 ж. ж) кәсіптік мектеп оқушыларының қатысымдық құзіреттілігін витагендік оқыту технологиясы арқылы қалыптастыруға байланысты эксперимент материалдары жинақталып, ұсынылған әдістеменің жетістіктері талданып, қорытындыланды. Қол жеткен нәтижелер республикалық және халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда, семинарларда, әдістемелік кеңестерде талқылауға ұсынылды.

Ғылыми жұмыстың жаңалығы:

  • кәсіптік мектептің орыс тілді оқушыларына қазақ тілін витагендік технология арқылы оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері айқындалды;
  • кәсіптік мектептің орыс тілді аудиторияларында витагендік оқыту технологиясы арқылы кәсіби қазақ тілін меңгертудің ұстанымдары анықталды;
  • витагендік оқыту технологиясының кәсіптік мектептің орыс тілді аудиторияларында мемлекеттік тілді үйретуде атқаратын қызметтері (диагностикалық, оқыту, дамытушылық, қатысымдық, тәрбиелеушілік, қызықтырушылық, түзетушілік) сараланды;
  • кәсіби-тілдік қатынасқа негізделген жағдаяттық тапсырмалардың тілді мамандыққа сай үйретудегі ұйымдастырушылық-технологиялық, өндірістік-басқарушылық, экономикалық жобалау мүмкіндіктері дәлелденді;
  • витагендік оқыту технологиясы арқылы кәсіби қазақ тілін меңгертуде қолданылатын әдістер (ой шақыру, тәжірибелік ойын әдісі, өзін-өзі бақылау, қате табу) сұрыпталып, оқушылардың кәсіби-қатысымдық құзіреттіліктерін қалыптастыруда іске асырылған әдістемелік кешеннің ұтымдылығы эксперимент нәтижелері арқылы дәйектелді.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы: Кәсіптік мектеп оқушыларының қазақша сөйлеуін қалыптастыруда алынған ғылыми қағидалар мен тұжырымдар қазақ тілін оқыту әдістемесін теориялық тұрғыдан толықтырады. Оқыту үдерісінде витагендік оқыту технологиясын қолдануға байланысты белгіленген талаптар мен ұстанымдар қазақ тілін оқыту жүйесін жаңартуда маңызды рөл атқарады. Зерттеу барысында алынған оқытудың жаңа технологиясына қатысты тұжырымдар қазақ тілін оқыту әдістемесін ғылыми-теориялық тұрғыдан дамыта отырып, кәсіби- қатысымдық бағытта тілді үйретудің негізгі қағидаларын айқындауға септігін тигізеді. Оқушының кәсіби-тілдік құзіреттілігін дамытуға, қатысымдық-мәдени дағдыларын қалыптастыруға негізделген педагогикалық-әдістемелік тұжырымдар қазақ тілін оқыту жүйесін дамытуға ұйытқы болады.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы: Зерттеу жұмысында ұсынылып отырған әдістеме кәсіптік мектеп оқушыларының қазақ тілінің заңдылықтарын меңгеру үдерісінде өз білімдерін саналы тереңдетуге, тілдік қатынаста өз ойын дұрыс жеткізуіне игі ықпал етеді. Сонымен қатар зерттеу жұмысының қол жеткізген нәтижелері орыс тілді аудиторияларда қазақ тілін сапалы меңгерту жолдарын жетілдіруге оң ықпал етеді. Кәсіби қазақ тілін оқытуға байланысты жүйеленген әдістемелік кешен оқушылардың шығармашылығы мен танымдық белсенділігін арттыра отырып, кәсіби-қатысымдық бағытта білім беру жүйесінің әдістемелік тұрғыдан жетілуіне жол ашады. Зерттеуде жасалған ғылыми және әдістемелік тұрғыдағы тұжырымдар қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты мәселелерді зерттеуші магистрлерге, ізденушілерге көмекші құрал ретінде септігін тигізеді.

Алынған ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен нақтылығы: Зерттеу барысында алынған ғылыми нәтижелер алдына қойған мақсаты мен міндеттеріне сай өзгетілді дәрісханада қазақ тілін оқыту барысында тиімді қолданылады. Зерттеуде ұсынылған теориялық қағидалар әдістемелік тұрғыдан сараланып оқыту жүйесінде нақты қолданысқа енгізіліп, білім беру сапасын арттыруға кепіл бола алады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

  • кәсіптік мектепте қазақ тілін витагендік оқыту технологиясы арқылы меңгерту, ең алдымен, оқушының кәсіби-қатысымдық құзіреттіліктерін дамытуға жол ашады. Өйткені витагендік оқыту технологиясының басты мақсаты - оқушының тілді өз тәжірибесі арқылы меңгеріп, өмір жағдаяттарында дұрыс шешім жасауына мүмкіндік беру;
  • витагендік оқыту технологиясы арқылы кәсіби қазақ тілін меңгертудің ұстанымдарын белгілеуде басты критерий етіп білімнің құзіреттілік қалыптастыру қызметі алынады. Себебі бұл технологияның артықшылығы ретінде оқушы дүниетанымын кеңейтуі мен өмірлік тәжірибені қатар дамытуы бағаланады. Ал білім оқушы танымын кеңейтуге, сол арқылы оның қазақ тілінде қатысымдық құзіреттіліктерін қалыптастыруға негіз болғанда ғана оқыту сапасы артады;
  • витагендік оқыту технологиясы арқылы жүзеге асатын ой шақыру, тәжірибелік ойын әдісі, өзін-өзі бақылау және т. б. әдістер оқушылардың пәнге деген қызығушылығын тудырумен бірге тілдік қатынасты еркін игерулеріне ықпал етеді. Себебі бұл технология оқушыға білімнің мәнін терең түсінуге, сол арқылы өзіндік тәжірибесін жетілдіруге деген мотивациясын күшейтеді;
  • витагендік технологияға лайықталып ұсынылған тапсырмалар мен жаттығулар кешені оқушылардың қазақша сөйлеу тілін дамытуға, кәсіби-қатысымдық құзіреттіліктерін сатылай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өйткені онда оқушылар өзінің болашақ мамандығына қатысты өмірлік дағдыларды саналы меңгеруге, проблемалық жағдаяттардан шығудың жолын бірлесе іздеуге, бірге табуға үйретіледі.

Педагогикалық экспериментке тірек ретінде Оңтүстік Қазақстан Құқық және салалық технологиялар колледжі, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің колледжі алынды.

Зерттеу жұмысының талқылануы және жариялануы .

Зерттеу жұмысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедраларының мәжілісінде, әдістемелік семинарда талқыланды. Ғылыми жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қорытындылары халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық және ғылыми-теориялық конференцияларда жасалған 7 баяндамада, республикалық әдістемелік журналдарда жарияланған 3 мақалада және 1 әдістемелік құралда баяндалды. Зерттеу тақырыбы бойынша барлығы 11 еңбек жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы.

Диссертациялық жұмыс кіріспеден, 2 бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның «Кәсіптік мектеп оқушыларына витагендік технология арқылы қазақ тілін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деп аталатын бірінші бөлім 4 тармақтан тұрады. 1. 1 «Витагендік технология арқылы тілді оқытудағы мәні мен маңызы» деп аталатын тармақта зерттеу жұмысының өзегіне алынып отырған витагендік оқыту технологиясының өзіндік ерекшелігі, тілді меңгертудегі мәні, рөлі мен атқаратын қызметтері сараланған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету жолдары
Жоғары сыныпта ағылшын тілін оқытудың қазіргі заманғы тәсілдерін қолдану
Оқушылардың танымдық қызығушылығын тілдерді оқыту үрдісінде қалыптастыру
«Қосымша білім беру жүйесінде ересектер арасындағы педагогикалық қарым-қатынасты жетілдіру» (өзгетілді ересектерге қазақ тілін оқытып-үйрету материалдары негізінде)
Педагогикадан дәрістер жайында
ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖЕДЕЛДЕТЕ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Әдістеменің технологиядан ерекшелігі
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда 12 жылдық білім беру мазмұнының кіріктірілуі мен сабақтастығы
Тілдік-кешенді талдау технологиясы
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТЕРДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУДА ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС САБАҚТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz