Тарихи шындық бейнеленуінің көркемдік уақыт аясындағы қамтылуы


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 52 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 821. 512. 122(091) Қолжазба құқығында

ӘЙТІМОВ МҰРАТБЕК КЕНЖЕБАЙҰЛЫ

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ РОМАНЫ:

ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ШЕШІМ

(ХХ ғ. 90-жылдары және ХХІ ғ. бас кезі)

10. 01. 02 - Қазақ әдебиеті

филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды.

Ғылыми кеңесшісі филология ғылымдарының докторы,

профессор Т. С. Тебегенов

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор Т. С. Сыдықов

филология ғылымдарының докторы,

профессор Д. Ысқақұлы

филология ғылымдарының докторы,

профессор М. Хамзин

Жетекші ұйым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті

Диссертация 2010 жылы 21 мамырда сағат 14. 00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы филология және педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 05. 05 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13) .

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы «19» сәуірде таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым

хатшысы, филология ғылымдарының

докторы, профессор Б. Әбдіғазиұлы

КIРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ әдебиетiнiң қалыптасуы, дамуы тарихының барлық кезеңдерiндегi туындыларда халықтың басынан өткен өмiр шындығын танытуда мазмұн мен пiшiн жүйесiмен қамтып бейнелеу жүзеге асырылып келедi. Қазақ халқының жеке мемлекет болып қалыптасуы жолында болып өткен қоғамдық-әлеуметтiк оқиғалардың және олардағы көрнектi тұлғалардың өмiрлiк шындық деректерiн көркем шындықпен бүгiнгi оқырман ұрпақтың жан әлемiне танытуда тарихи тақырыптағы эпикалық шығармалардың маңыздылығы анық. Әсiресе, Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгi жарияланып, дербес егемен мемлекет болып өмiр сүре бастаған жылдар белестерi халқымыздың ұлттық-отаншылдық санасын сiлкiндiрдi, ұлтымыздың өзiн-өзi тануы жаңа көзқарастармен байи түстi. Қазақ әдебиетi тарихындағы классикалық үрдiстердi қалыптастырған сөз өнерi алыптары мерейтойларының Бiрiккен Ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО шешiмiмен әлем өркениетi кеңiстiгiнде бағаланып, аталып өтiлетiнi де әдеби дамудағы көрнектi, кесек туындылардың жаңаша жазылуына себепкер болды.

Қазiргi қазақ прозасындағы көркем шығармаларда халық тарихының аса елеулi кезеңдерi, тұлғалары уақыт шындығының мол деректерiн негiзге алып жазылуда. Көп ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық соғыстарға, отарлау езгiсiне, әдейi ұйымдастырылған ашаршылықтарға, босқыншы-лықтарға, саяси құғын-сүргiндерге және т. б. озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейiн негiзгi халықтық-ұлттық дiлiн сақтаған қазақ ұрпақтарының әдебиет шығармаларында көркем шындықпен бейнеленуi - аса зәру мәселе екендiгi айқын сезiледi. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» (1996) кiтабындағы пiкiрiнiң қазiргi қазақ романдарындағы тарихи шындық пен көркемдiк шешiм мәселелерiн жүзеге асыруға тиянақты бағдар болатыны да күмәнсiз: «Мен өз халқымның көнбеске көнiп, шыдамасқа шыдай бiлетiн төзiмдiлiгiне қайран қаламын. Мәңгiлiктiң қатыгез басқыны бiржолата шайып әкететiндей талай қилы кезең тұсында қиналса да аман қалыпты. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бiрақ өмiрге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсенi көтерiп, тәуекелге бел буғызды» [1, 268-269 бб] .

Бұл - қазақ халқының басынан өткен өмiр шындығы. ХХ ғасырдың 90-жылдары мен қазiргi ХХI ғасырдың басындағы қазақ романдарында аталған тарихи кезеңдердiң өмiр шындығы эпикалық көлеммен қамтылып жазыла бастады. Халықтың басынан өткен өмiр оқиғаларын, ондағы жеке тұлғаларды, тұтастай алғанда, халық тағдырын қарама-қайшылықты сипатымен қамту жүзеге асырылуда.

Тақырыптың өзектілігі. Әдебиеттану ғылымының зерттеулеріне тақырып нысаны болып келе жатқан роман жанрындағы шығармаларды арнайы қарастыру сөз өнері үдерісіндегі өзектілігімен ерекшеленеді. Эпостық әдеби тек болмысында сюжеттік-композициялық құрылысының кең күрделі желілі ауқымдылығымен, қоғамдық-әлеуметтік тұрмыс шындығын ұлттық және жалпыадамзаттық ортақ сипаттар арнасында танытатын эстетикалық құндылығымен бағаланады. Роман жанрындағы күрделі шығармалардың халық тағдырын, тарихи кезеңдер шындығын бейнелеуінен уақыт тынысы, жеке адамдардың, отбасылардың, әлеуметтік ортаның даралықтары мен өзара байланыстары да айқындалады. Қазіргі қазақ романдары - қазақ сөз өнері мұраларының бұрынғы және кейінгі көркемдік дәстүрінің жалғасы, сонымен бірге әлем өркениетіндегі әдеби үдерісінің бір арнасы. Көркем шығармалардың әдеби үдерісті құрайтын шығармашылық ықпалын, ұлттық тарихтың ақтаңдақ беттерін қамтыған туындыларды эстетикалық таныммен бағалау, күрделі тағдырлы тарихи тұлғалар мен оқиғаларды әдеби үдерісті талдаудың жаңашыл методологиялық әдіс-тәсілдермен қарастыру - үнемі дамудағы ұлттық сөз өнері мұраларын терең тануға, бағалауға жетелейді.

ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті қалыптаса бастады. Өзіне дейінгі көркемдік, шеберлік үрдісті озық дамыта жалғастыра отырып, қазақ ақын-жазушылары халықтың тарихындағы бұрынғы-соңғы қамтылмаған ақтаңдақ беттерді толтыруға кірісті. Осындай дәуірлік мәні бар серпіліс қазақ прозасындағы тарихи романдар жазу үрдісінен анық байқалды. Профессор Ж. Дәдебаевтың «Өмір шындығы және көркемдік шешім» (1991) атты монографиясында Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғанға дейінгі тарихи тақырыпты игерудің поэтикалық үрдісіне және өзектілігіне ғылыми байыптау жасалған: «Тарихи дәуір шындығы тек тарихи шығармалар құрылы-мында ғана емес, бүгінгі күн тақырыбына жазылған туындылардың сюжеттік және композициялық желілерінде де кең көрініс тауып отыр. Соған орай, қазақ әдебиетінің жеткен биігі мен асқан асуын анықтауда, пайымдап бағалауда тарихи өткен дәуір шындығын суреттеуге арналған шығармалардың көркемдік ерекшеліктерін арнайы қарастырудың маңызы жоғары екендігінде сөз жоқ» [2, 3 б] . Зерттеуші осы пікірін «Жазушы еңбегі» [3] атты зерттеуінде тарихи тақырыптағы кейбір романдарда нақты тарихи тұлғалардан гөрі ойдан шығарылған көркемдік қиялға негізделген бейнелер де орын алатынын қарастырған.

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдеби тек (эпос, лирика, драма) жанрлары әлем әдебиетінің классикалық деңгейіндегі туындылар болып саналады. Қазіргі қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы дамуында ұлт тарихының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі аралығында бұрын кең түрде қамтылмаған ақтаңдақ беттерін толық қамтып жазу үрдісі кеңінен өрістеуде. Сонымен бірге, көркем шығарманың мазмұны мен пішінде бұрынғыдай саяси-идеологиялық қатаң бақылауға, шектеуге жалтақтап жазудан да арылған хал-ахуал қалыптаса бастады. Көркем шығармалар арқылы өмір шындығын өнер тілімен бейнелеудің мол мүмкіндігіне орай жұмыстарды жүзеге асыру жүріп жатыр.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ әдебиетінің жаңа жазба реалистік дәстүрі қалыптасуының, дамуының кезеңдеріндегі роман жанрындағы шығармалар туралы алғашқы сын-пікірлер Ә. Бөкейхановтың «Роман деген не?» (1914), «Роман бәйгесі» (1915), А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926), Қ. Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1967), Е. Исмайыловтың «Әдебиет теориясы мәселелері», Б. Шалабаевтың «Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы», Р. Бердібаевтың «Қазақ тарихи романы», «Роман және заман», М. Хасеновтің «Ұнамды образ және типтендіру», Ш. Елеукеновтің «Казахский роман и современность», «От фольклора до романа-эпопеи», М. Атымовтың «Идея және композиция» (1970), «Қазіргі қазақ романдарындағы сюжет пен композиция мәселесі» (1978), З. Ахметовтің «Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете истории ее создания» (1984), Т. Сыдықовтың «Қазақ тарихи романы» (1996), «Қазақ тарихи романының көркемдік тіні» (1998) . Ж. Дәдебаевтың «Өмір шындығы және көркемдік шешім» (1991), «Жазушы еңбегі» (2001), З. Бисенғалидің «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» (1997), М. Хамзиннің «60-80-жылдардағы қазақ романы (стиль және типология мәселелері) » (1997), «Қазіргі қазақ романы» (2001) . Т. Рахымжановтың «Романның көркемдік әлемі» (1997), Б. Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), Г. Пірәлиеваның «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (Түс көру, бейвервалды ишараттар, заттық әлем) » (2003), Ж. Жарылғаповтың «Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер» (2009) және т. б. еңбектерде қазақ романының поэтикалық өзекті мәселелері қарастырылды. Көрнекті зерттеушілердің іргелі зерттеулеріне сүйене отырып, ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың бас кезінде жазылған жаңа романдарды да арнайы қарастыру мақсатын алға қоямыз.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Тәуелсіз мемлекет тұғырымен әлемге танымал болып жаңа даму жолымен келе жатқан Қазақстанның көркем әдебиеті де өркениет кеңістігіндегі өзіндік орнымен бағалануы - өзекті мәселе. Сондықтан соңғы онжылдықтар белестерінде жазылған романдарды тарихи шындық пен көркемдік шешім поэтикасы заңдылықтары бойынша саралап қарастыру - еңбегіміздің басты мақсаты. Осы мақсатты орындау үшін мынадай міндеттерді орындау көзделді:

- Романдардағы өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі;

- Тарихилықтың көркемдік шындыққа негіз болуының ерекшеліктері;

  • Реалистік сипат пен көркемдік қиял жинақтауларының сабақтастығы;

- Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың көркемдік шешіммен жинақтала бейнеленуі;

- Әдеби бейнелердің прототиптік негізділігінің мәні;

- Кейіпкерлерді даралау мен мінездеудің психологиялық ерекшеліктері;

- Тарихи шындық бейнеленуінің көркемдік уақыт аясындағы қамтылуы;

- Романдардың идеялық-композициялық желісіндегі ұлттық-этнографиялық сипат болмысы.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы.

- Қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа әдебиетіндегі роман жанрындағы шығармалардың дамуына көркемдік негіз бастаулары (сақ, ғұн дастандары, шежірелік туындылар, т. б. ) эпикалық шығармалар сабақтастығы заңдылығымен жаңаша байыпталды.

  • Қазіргі қазақ романдарының мазмұны мен пішіні поэтикасына жаңа жазба реалистік әдебиет үлгілерінің (хакім Абай, Ы. Алтынсарин, т. б. шығармалары) классикалық көркемдік негіз болғандығы бағаланды.

- Қазақ прозасындағы роман жанрының әлем әдебиетіндегі үлгілермен тектесе дамуына ықпал еткен ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы әдеби үдеріс, жеке қаламгерлер туралы соны байыптаулар жасалды.

- Деректі романдардың қалыптасу, даму сабақтастығы теориялық-методологиялық сабақтастығымен жүйеленді.

- Қазіргі деректі романдардағы (Б. Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» (роман-толғау), Т. Ахметжанның «Ақиқат жолы» (роман-диалог), М. Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы») тарихи тұлғаларды мінездеу, даралау, эпикалық баяндау, диалог, авторлық толғаныс, қосымша сюжеттерді егіздеу, т. б. ерекшеліктер сараланды.

- Қазіргі жаңа романдардағы өмір шындығы мен тарихи шындық сабақ-тасуындағы көркемдік жалғастық ықпалы айқындалды.

- Жазушы Р. Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасындағы күрделі тарихи тұлға Құнанбайдың көркем бейнесі сомдалуының өмір шындығына негізделген реалистік сипаты анықталды. Құнанбайдың халықшыл көзқарастарының, Кенесары ханмен, Шоқан Уәлихановпен және т. б. тарихи тұлғалармен қарым-қатынастарының көркем шындықпен бейнеленуіндегі көркемдік шешім айқындалды.

- Р. Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасындағы Кенесары ханның көркем бейнесі сомдалуының тарихилығы мен көркем шындықпен бейнелену сипаты анықталды.

  • Р. Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасында хакім Абай және оның шәкірттерінің (Ақылбай, Әбдірахман, Шәкәрім, Көкбай, Мағауия), Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың көркем бейнелері сомдалуындағы көркемдік ерекшеліктер (авторлық баяндау, диалог, монолог, мінездеу, портрет, т. б. ) жүйеленді.

- Қазіргі қазақ романдарындағы (Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», С. Жұбатырұлының «Абыржы», Қ. Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны», т. б. ) табиғат - адам - қоғам қарым-қатынастарын әлеуметтік-психологиялық сарынмен жазу ерекшеліктері ғылыми байыпталды.

- Экологиялық зардаптарды идеялық желі еткен романдардағы қазіргі заман адамдары жан әлеміндегі отаншылдық-азаматтық, пенделік-ұсақтық, қайраткерлік пен тоғышарлық т. б. қарама-қайшылықты мінез-құлық психологиясының әр алуандығы, шындығы бейнеленуі сипаты да сыншыл реалистік болмысымен дәйектелген.

- Қазіргі қазақ романдарындағы (І. Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Д. Досжановтың «Алаң», С. Досановтың «Қылбұрау», «Ұйық», Т. Ахметжанның «Ақиқат жолы», С. Елубайдың «Ақ боз үй», Ғ. Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал») деректерден туындайтын қиял қосындыларының әсерлілігі, нанымдылығы айқындалған.

- Романдардағы табиғат аясындағы адам тіршілігінің шынайылығын ашу, ұлттық-этнографиялық дәстүрлерді уақыт шындығымен сәйкестендіру, т. б. көркемдік шешім эстетикасы ерекшеліктері күрделі сипатымен саралана талданған.

Зерттеу нысаны. Қазіргі қазақ прозасының романдары - ұлттық және жалпы әлемдік әдеби үдеріс қозғалысы жүйесіндегі шығармалық еңбек нәтижелері. Қазақ тарихының кезеңдерін қамтыған алдыңғы толқын суреткерлер ізімен кесек туындылар жазған кейінгі толқын қаламгерлер шоғыры қазіргі қазақ оқырмандарының ұлттық-тарихи санасын оятуға, жаңаша қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Бұл орайда, І. Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», Р. Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы (роман-хамса) », С. Елубайдың «Ақ боз үй» (роман-трилогия), Б. Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы», С. Жұбатырұлының «Абыржы», Т. Ахметжанның «Ақиқат жолы», М. Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы», Ғ. Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал», С. Досановтың «Қылбұрау», «Ұйық», Қ. Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны», т. б. романдар шоғыры тарихи шындық пен көркемдік шешім ерекшеліктерін арнайы қарастыру нысанына алынды.

Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Қазіргі қазақ романы - әлем әдебиетінің қлассикалық үрдіс деңгейінде дамып келе жатқан жанр. Дәстүрлік және көркемдік негіздері - қазақтың фольклоры мен әдебиеті мұралары. Әлем әдебиеттері классикалық үлгілерімен әртүрлі сипаттағы ықпалдастықтар, байланыстар жағдайында жетілген, дамыған ұлттық сөз өнері туындыларын қазіргі әдебиеттану қисындарымен саралау, байыптау арқылы біз әлем өркениеті кеңістігіндегі өзіндік деңгейімізді анықтаймыз. Қазақ романының жалпы поэтикалық мәселелерін қарастыруда А. Байтұрсыновтың, С. Мұқановтың, М. Әуезовтің, Қ. Жұмалиевтің, З. Қабдоловтың, С. Қирабаевтың, Т. Кәкішевтің, Х. Әдібаевтің, Р. Бердібаевтың, Р. Нұрғалиевтің және т. б. аға буын ғалымдарымыздың тұжырымдары басшылыққа алынды.

Қазақ прозасындағы роман жанрындағы шығармаларды арнайы қарастырып жүрген және әдебиеттің тарихына, теориясына, сынына арнап іргелі зерттеулер жазған көрнекті қазіргі әдебиеттанушы ғалымдарымыздың (М. Атымов, Ш. Елеукенов, Т. Сыдықов, Т. Рахымжанов, Д. Ысқақұлы, М. Хамзин, Т. Есембеков, Ж. Дәдебаев, Б. Майтанов, Қ. Әбдезұлы, Б. Әбдіғазиұлы, Қ. Алпысбаев, З. Бисенғали, Қ. Ергөбек, Б. Ыбырайым, Р. Тұрысбек, А. Ісімақова, Г. Пірәлиева, т. б. ) еңбектері жаңа бағыттағы зерттеулер үшін тың бастамашыл тұжырымдарымен маңызды. Зерттеушілеріміздің тұжырымдарын жалғастыра зерделеу - уақытымыздың өзекті мәселесі.

Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыста көркем әдебиет дамуының теориялық-методологиялық заңдылықтарына, қисындарына сүйене отырып, қазіргі қазақ романдарына тән тарихи шындық пен көркемдік шешім мәселелерін саралауда объективті-аналитикалық, тарихи-салыстырмалы, кешенді-жүйелі талдау әдістері пайдаланылды. Тарихи-нақтылық пен тарихи-әдеби саралау, жүйелеу әдістері басшылыққа алынды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- Қазақ әдебиетінің ежелгі заманғы жазба жәдігерліктерінде негізі қаланған тарихилық негізіндегі көркем шындықпен жазу үрдісі әлем өркениетіндегі классикалық даму деңгейіндегі шығармашылық озық ізденістер жолымен біртұтас бағаланады.

- Қазақ романдарының пайда болуы, қалыптасуы, дамуы - ХХ ғасырдағы әдебиетіміздің әлем өркениетіндегі классикалық үрдісті байытқан көрнекті көрсеткіші.

- ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ романдары да хакім Абай қалыптастырған, одан кейінгі толқын қаламгерлер жалғастыра дамытқан эпикалық шығармашылық дәстүрдің көркемдік жалғастығын танытады.

- Өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі, тарихилықтың көркем шығармаларға негіз болуы, реалистік сипат пен көркемдік қиял жинақтауларының сабақтастығы жаңа романдардың басты ерекшеліктері қатарын құрады.

- Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың көркемдік шешіммен жинақтала бейнеленуі, әдеби бейнелердің прототипті негізділігінің мәні, кейіпкерлерді даралау мен мінездеудің психологиялық ерекшеліктері де қазіргі романдар поэтикасының күрделі болмысын құрайды.

- Романдардағы тарихи шындық бейнеленуінің көркемдік уақыт аясында қамтылуы, идеялық-композициялық желілердегі ұлттық-этнографиялық сипат - сөз өнері туындыларының эстетикалық табиғатын терең түсіндіреді.

- Қазақ сөз өнері тарихындағы фольклор және сақ, ғұн, түркі, Алтын Орда - Қыпшақ, Қазақ хандығы дәуірлері мұралары, шежірелік шығармалар - қазіргі қазақ романдарындағы тарихи шындықтың көркемдік негіздері.

- ХІХ ғасырдағы жазба реалистік әдебиет шығармалары қазіргі қазақ романдарындағы тарихи шындық пен көркемдік шешім бірлігіне негіз болған.

- Қазіргі қазақ әдебиетіндегі деректі романдар композициясындағы деректі очерктер, психологиялық-лирикалық, философиялық, публицистикалық толғаулар, тұлғаларды даралайтын кескін-келбетті бейнелейтін, мінез-құлықты сипаттайтын баяндаулар, монологтар, диалогтар, әдеби сұхбаттар, пейзаждық-географиялық суреттеулер, этнографиялық сипаттаулар, т. б. бөліктер - кешенді тарихи-әдеби ерекшеліктер тұтастығы болып саналады.

  • Деректі романдар композициясында мақал-мәтелдердің, би-шешендер сөздерінің, ақын-жыраулар толғауларының, өлеңдердің енгізілуі эпикалық шығармалардың халықтың көркемдік ойлау арнасындағы тағылымын дәлелдейді.

- Қазіргі қазақ романдарындағы реалистік сипат пен көркемдік қиял-реализм мен романтизм сарындары сабақтастығының көркемдік шешіммен орындалуын дәйектейді.

- Романдардағы көркемдік шешім эстетикасы эпикалық шығармалардағы тарихи құбылыстарға, тұлғаларға қатысты нақты деректерді есепке алатын халықтық қабылдау, бағалау көзқарастары негізінде жазылады.

Зерттеудің ғылыми-практикалық мәні. Жұмыстың ғылыми нәтижелері мен тұжырымдарын тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті дамуына арналған іргелі зерттеулер және орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындары үшін оқу құралдарын, оқулықтар жазуда, сонымен бірге арнайы курстар мен семинарлар жүргізгенде көмекші материал, құрал ретінде пайдалануға болады.

Жұмыстың сарапталуы мен жариялануы. Диссертациялық жұмыстың негізгі мазмұнын танытатын мақалалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласын Бақылау комитеті белгілеген («Ақиқат», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ұлт тағылымы», «Ізденіс» журналдарында, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Хабаршысында және т. б. ) басылымдарда жарияланды. Сонымен бірге, шетелдер (Түркия, Украина, Өзбекстан. ) басылымдарында да бірқатар мақалалар жарық көрді. Жұмыстың негізгі нәтижелері М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткізілген Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалып, жинақтарында жарияланды.

Диссертациялық жұмыстың тақырыбы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында (26. 12. 2006 ж. № 3 хаттама) талқыланып, бекітілген.

Зерттеу жұмысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының (30. 03. 2009ж. №9 хаттама) мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі мен маңыздылығы, бүгінгі күнге дейінгі зерттелу деңгейі, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, зерттеу нысаны, зерттеу әдістері, әдіснамалық негіздері, теориялық және практикалық мәні, сыннан өтуі және ұсынылатын тұжырымдар айқындалып көрсетіледі.

«Тарихилық - көркем әдебиет дамуының негізі» деп аталатын бірінші бөлімінің «Эпикалық шығармалар сабақтастығы» деген бөлімшесінде көркем әдебиет дамуының тарихилық негізіндегі эпикалық шығармалар туралы сөз болады.

Қазақ жазба әдебиетінің қазіргі заманғы эпикалық түрлерінің (поэма, роман) тарихилықпен жазылуына эпикалық шығармалардың көркемдік негізі үлгі болғандығы ақиқат. Осы арада белгілі әдебиеттанушы-ғалым Н. Келімбетовтің сақ, ғұн дәуірі тарихи дастандарының поэтикасы хақындағы пікірі эпикалық жанр шығармалары табиғатының қалыптасу, даму эволюциясын түсінуге бағдарлайды: «Сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келген жоқтау, мақтау түріндегі өлең үлгілері, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, бертін келе Түрік қағанаты тұсында жазылған ерлік жырларының шынайы көркем шығарма ретінде қалыптасуына үлгі-өнеге, модель-форма болды» [4, 11 б] . Бұл - қазақ әдебиетіндегі кейінгі көп жанрлы жазбаша дәстүрдің дамуына негіз болған үрдіс үлгісі.

Қазақ әдебиеті тарихының байырғы сақ, ғұн дәуірлеріндегі эпикалық шығармаларының құрылысында халықтың қанатты сөздерінің, мақал-мәтелдерінің, тұрмыс-салт өлеңдерінің, шешендік толғаныстарының - бәрінің тұтаса құралуы қалыптасқан көркемдік үрдіс тағылымын дамытты. Жазбаша әдебиет кемелдене дами келе көрнекті романдардағы кейіпкерлерді даралау, мінездеу, оқиғалардың деректілік шындығы мен ойдан қосу тұтастығын үйлестіру - бәрі де тарихилықтың негізділік заңдылығы жүйесін құрады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тәуелсіздік кезеңіндегі прозаның қалыптасуы мен дамуы
Когнитивтік лингвистиканың лингвомәдениеттану және этнолингвистика ғылымдарымен сабақтастығы
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі
Сәбит пен Сәкен шығармашылық байланыстылығы
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясын оқыту әдістемесі
1960-1980 жылдардағы қазақ прозасындағы адам концепсиясы
Ұлт және ұлттық идея ұғымдары
Қазақ философиясындағы дәстүр мен жаңашылдық туралы
Сезгіштік және түйсік табалдырығы
Балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің әдістемелік негіздері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz