КӘСІПКЕРЛІК ТЕОРИЯСЫ ЖӘНЕ КӘСІПОРЫН ЭКОНОМИКАСЫ



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 29 бет
Таңдаулыға:   
КЕРІМБЕК ҒАЛЫМЖАН ЕСҚАРАҰЛЫ

КӘСІПОРЫН
ЭКОНОМИКАСЫ

Оқулық

Экономика баспасы
Алматы, 2012ж

АННОТАЦИЯ

Оқулықта кәсіпорынның экономикасы және оның негізгі факторлары,
кәсіпкерлік қызмет және оның түрлері, кәсіпкерлік қызметтің ұйымдық-
құқықтық нысандары, ЖШС мен АҚ және ӨК қызметтері және оларды құру,
басқару, қайта ұйымдастыру мен тарату тәртібі, кәсіпорынның үлкен және
шағын ортасы, сыртқы және ішкі ортасы, кәсіпорынның негізгі және айналым
капиталы, кадр саясаты, жалақы жүйесі, кәсіпорын шығындары мен өнімнің
өзіндік құны, табыс және рентабельділік көрсеткіштері, өндіріс құрылымы
мен типтері, кәсіпорынның қаржысы, қаржылық ресурстары мен инвестициялық
қызметі, экономикалық қорлары, бизнес жоспар және оның бөлімдері,
кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі, тауар саясаты, баға стратегиясы мен
түрлері, басқару органдарының құрылымы мен қызметі, банкроттық және
кәсіпорын қызметін тоқтату себептерінің мәселелері жан-жақты баяндалған.
Бұл оқулық ЖОО-ның студенттеріне, магистрантарына, оқытушыларына және
жалпы оқырман қауымға арналған.

КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2010 жылғы 29
қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: Кәсіпкерлік жаңа экономиканың
қозғаушы күші деп атап көрсетті. Әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік
болады. Біз тәуекелді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге,
инновацияларды ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер тобын көргіміз келеді
деген еді.
Қазақстан Республикасы 20 жыл ішінде тәуелсіз мемлекет болып
қалыптасудың үлкен жолынан өтті, ХХІ ғасырда қаймықпай қадам баса алатындай
биікке көтерілді. Республикамыздың Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан
Халқына арнаған Жолдауында: Біздің әлі де есею мен кемелдену кезеңінен
өтуіміз және Қазақстандағы азаматтық қоғамының босағасын бекіте беруіміз
керек деп атаған еді. Олай болса, алда тұрған міндеттер маңызды да
күрделі, тілек – осы таңдаған жолымыз бұдан былай да жемісті болғай.
Еліміз көркейіп, алдағы уақытта бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына
қосылу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
өзінің халыққа Жолдауында – Жаңа әлемдегі, жаңа Қазақстан атты
бағдарламасы еліміздің көркейюіне өз әсерін тигізуде. Республикамызда
жүргізіліп жатқан нарықтық реформалар барысында экономикалық салаларда әр
түрлі коммерциялық, кәсіпкерлік ұйымдар қалыптасып дамуда. Осыған
байланысты біздің республикамызда көптеген жеке кәсіпорындар, кәсіпкерлік
ұйымдар ашылуда. Кеңестік дәуірдегі мемлекеттік кәсіпорындар, зауыттар мен
фабрикалар жекешелендіріліп, олардың орнына жеке меншікке негізделген
шаруашылық субъектілері ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта бұрын тоқтап қалған
кәсіпорындар, отандық және шетелдік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар
ашылып, жұмыс істеуде. Мемлекетімізде экономиканың корпоративтік секторы
қалыптасып дамуда. Қазіргі уақытта қаржы жүйесінде корпоративтік қаржы
секторы жетекші орын алады. Кәсіпорындардың қаржыларын тиімді басқару
қаржылық механизмдердің дұрыс қызмет етуіне өз әсерін тигізеді. Еліміздегі
кәсіпорындар бәсекеге қабілетті, әлемдік нарықта өз ықпалын тигізе алатын
дәрежеге жетуіміз қажет. Экономиканы жедел дамытып, әлеуметтік жағдайды
тұрақтандырудың басым бағыты – шағын, орта және ірі бизнесті дамыту қолға
алынуда. Бұл бағыт өз кезегінде оң нәтиже беруде. Жалпы айтқанда
кәсіпорындар елдің экономикасының даму динамикасы болып табылады.
Кәсіпорындардың негізгі мақсаты таза табыс табу, халыққа қызмет көрсету.
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы үшін кәсіпорындардың бәсекеге
қабілетті болуы қажет. Шетелден келген тауарларға өзімізде өндірген
тауарлар жоғары сапалы болуы керек. Сондықтанда, отандық кәсіпорындар
әлемдік стандарттарға сай жауап бере алуы қажет.
Президентіміздің халыққа жолдауында елімізде жүргізіліп жатқан саясат
халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, қазіргі заманғы технологияны
пайдалану, экономиканы жедел дамыту қажет екендігін айтып кетті. Қазақстан
әлемдік тауарлар, қызметтер, еңбек ресурстары, капитал, осы заманғы идеялар
мен технологиялар нарығының шын мәнінде жоғары дәрежеде дамытуы қажет.
Кәсіпорындарға бәсекенің қабілеттілігінің тұрлаулы сипатын қамтамасыз ету
үшін толымды стратегия әзірлеу мен іске асыру, сондай-ақ оның орындалуына
қатаң бақылау жүргізу керек.
Еліміздің үстіміздегі жылдары Қазақстан-2030 стратегиясын нақты іске
асыру барысындағы бағдарламаларды абыроймен атқару, сонымен қатар халықтың
әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын жақсарта берудің шешуші жолдары,
экономиканы өсіру, оның басым салаларын әлем талабына сай өркендету,
кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпорындардың тиімділіктерін арттыру мәселелері
тұр.
Осы мақсатта ұсынылып отырған оқулықта Қазақстан Республикасының
Заңдары мен заңдылық актілерін, экономика саласында нарық жылдарында жарық
көрген еңбектерді саралап зерттеу барысында кәсіпорындарды тұрақтандыру,
кәсіпкерлікті қолдау, олардың тиімділігін арттырудың жолдары кең көлемде,
жан-жақты қамтылған.
Бұл оқулық 2002 жылы Алматы қаласының Бастау баспасынан Кәсіпорын
экономикасы және кәсіпкерлік пәні бойынша жарық көрген оқу құралынан
бастау алады. Осы оқу құралы 2005 жылы Астана қаласының Фолиант
баспасынан қайта жарыққа шықты. 2009 жылы Алматы қаласының Экономика
баспасында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің рұқсаты
негізінде оқулық ретінде жарық көрді. Аталған еңбектерді өзгертулер мен
толықтырулар жасап, қайта жаңарттық.

Құрметті оқырман қауым!

Кәсіпорын экономикасы пәнінен ана тілінде жарық көріп отырған алғашқы
оқулықтардың бірі болғандықтан, бұл еңбекте әлі де болса толықтыруды қажет
ететін жетіспеушіліктері мен кемшілік тұстары кездеседі.
Осыған орай сіздердің ұсыныстарыңыз және сын-пікірлеріңіз болса,
баспаға немесе баспа арқылы автордың өздеріне хат жолдап,
хабарласуларыңызға болады. Алдын-ала алғызымызды білдіреміз.

I Бөлім. КӘСІПКЕРЛІК ТЕОРИЯСЫ ЖӘНЕ КӘСІПОРЫН ЭКОНОМИКАСЫ

1-тарау. Кәсіпкерлік қызмет және кәсіпорынның негізгі факторлары

1.1. Кәсіпкерлік: пайда болу тарихы, экономикадағы орны, мазмұны мен
мәні

Кәсіпкерлік күрделі де, көп жақты әлеуметтік-экономикалық даму
процестерінің ұзақ мерзімді тарихи кезеңінен өтіп келеді. Жүздеген жылдар
бойы кәсіпкерлік қызметтің негізгі нысандары мен көп жақты типтері өңделіп
шықты.
Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлікті Азаматтардың
өздерінің (жеке кәсіпкерлік) немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың
(заңды тұлғалардың жеке кәсіпкерлігі) меншігіне негізделген және
азаматтардың немесе заңды тұлғалардың атынан олардың тәуекелімен және
мүліктік жауапкершіліктеріне алынып жүзеге асырылатын азаматтардың және
мемлекеттік емес заңды тұлғалардың табыс табуға бағытталған бастамашылық
қызметі деп қарастырылған.
Кәсіпкерлік – бұл нарықтық экономикада адамдардың меншігіне
негізделген, несиеге алынған және басқа да мүдделерді пайдалану арқылы
қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылатын бастамалық,
шығармашылық және басқа да қызметтердің кәсіби түрі, яғни, кәсіпкер өз
қызметінің нәтижесіне толық жауапкершілікпен қарай отырып, экономикалық
басқару шешімдерін дербес қабылдайды. Кәсіпкерлік қызметтің негізгі мақсаты
табыс табуға бағытталған коммерциялық жетістік болып саналады, ал
кәсіпкерлік қызмет тәуекелді қажет етеді.
Шағын кәсіпкерлікке инновациялық, ғылыми-техникалық қызметтер, тікелей
тауар және қызмет өндірісі, оларды өндірістік тұтыну, сонымен қатар осы
саладағы қызметтер жатады. Кез келген кәсіпкер өндірістік қызметпен
айналысады, ол ең алдымен нақты қандай тауар өндіретінін және қызметтің
қандай түрін көрсету мүмкіндігі бар екендігін анықтауы қажет. Әрі қарай ол
кәсіпкер маркетингтік қызметке кіріседі. Тауарға қажеттілікті, оған
ұсынысты анықтау үшін әлеуетті тұтынушылар, көтерме немесе бөлшек сауда
кәсіпорындарымен, тауарды болашақта сатып алушылармен байланысқа түседі.
Қалыптасқан нарықтық жағдайда Батыста ауызша келісімдер кепілдеме бола
алады, қажет болған жағдайда келісімшарт түрінде рәсімделеді. Біздің елде
жағдай анағұрлым едәуір күрделірек. Қалыптасып отырған нарықтық қатынастар
жағдайында ауызша келісімдердің сенімділігі өте үлкен емес, ал тәуекел
анағұрлым жоғары.
Кәсіпкерлік класс мемлекеттің өтпелі кезеңдегі экономикалық ахуалын
жақсартуда қоғамның әлеуметтік қарама-қайшылықтарын және экономикалық
реформалардың табысты шешілуіне кепілдік бере алады.
Кәсіпкерліктің мәні ерте кезден бері әлеуметтік-экономикалық ғылыми
орталардың назарында болып келді. Кәсіпкерлік қызметтің экономикалық-
әлеуметтік және мәдени көкейтесті аспектілері кеңестік экономикалық
теорияның сыртында қалып қойды. Көптеген онжылдықтар кезінде отандық саяси
экономиканың нәтижесінде капиталистік пайдаланудан артта қалды. Шаруашылық
қызметтердің арнайы субъектісі ретінде кәсіпкерліктің дәрменсіздіктерін
дәлелдеді. Бұл экономикалық дамуда іскерліктің кері әсер етуіне және ғылым
саласындағы терминдер жиынтығына сәйкес келетін қолданудан алып тастауға
әкелді.
Соңғы кездері экономикалық зерттеулер мына себептерді ашуға
бағытталуда: әр мемлекеттегі бірдей шартпен берілген инвестициялар
экономикалық өсудің қарқындылығына, техникалық прогресс деңгейінің өсуіне
және жалпы ұлттық өнім көлемінің артуына әкеліп соғады.
Қорыта келе, көптеген ғалымдар мынадай шешімге келді: Тиімді
кәсіпкерлік қызмет – жеке немесе мемлекеттік болсын – экономикалық дамудың
ең тиімді және маңызды көзі болып саналады.
Қазіргі түсіндірме сөздіктерде ағылшын тілінен аударғанда кәсіпкер
түсінігі, тәуекел ете отырып кәсіпорынды ұйымдастырушы және басқарушы
тұлға ретінде қарастырылған.
Кәсіпкерлік дегеніміз – белгілі бір істі істей білу. Іс істеу – адамның
белсенділігі мен іскерлігі. Белсенділік және іскерлік – адамның еркін өмір
сүру түрі. Белсенділік, іскерлік адамдардың мінез-құлқының типтерімен
байланысты болар. Павловтың классификациясы бойынша адамдардың қандай
типтері белсенді, іскер болар екен? Өздерініңіз ойлаңызшы: холерик пе,
сангвиникпе, флегматик пе, әлде меланхолик пе? Сан есебінен алғанда
белсенділік өте азғантай энергетикалық шығыннан, шамадан тыс энергия
шығынына дейін, кейде қоғамдық идеалды іске асыруға дейін баруы мүмкін.
Мысалы, Париж коммунасы, Ұлы Октябрь социалистік революциясы. Сапа жағынан
спонтандық белсенділік (сыртқы әсерлермен емес ішкі себептермен пайда
болған), өмірдің шектелген түрі және еріксіз белсенділік (қайғы-қасірет
шегу), сонымен бірге еркін белсенділік. Адамдардың белсенділігі әр түрлі
болады: саяси, әлеуметтік, экономикалық, әскери, тарихи, айуандық және
басқа да болып бөлінеді.
Кәсіпкерлік – меншікке негізделген, несиеге алынған және басқа да
мүліктерді пайдалану арқылы қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге
асырылатын бастамалық, шаруашылық және басқа да қызмет.
Кәсіпкерлік қызмет – бұл тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыру
мақсатында орындалған жұмыс және көрсетілген қызмет.
Кәсіпкерлік деген ұғым өмірде экономикалық белсенділікке
қолданылады. Антогонистік қоғамда, ол адамды адамның қанауы, ал кәсіпкерлер
табы қанаушы тап болады.
Экономикалық белсенділік – бұл барлық энергетикалық процеспен, яғни,
тауар өндірісімен және айырбас арқылы пайда табумен байланысты. Өндірісте,
айырбаста шектелген белсенділігін емес, адамдардың жан-жақты белсенділігін
(іскерлігін) талап етеді. Сондықтан экономикалық белсенділік немесе
іскерлік еріксіз және еркін болуы керек.
Кәсіпкерлік ежелден келе жатқан адамдардың іскерлік белсенділігі,
қабілеті. Ал оның дамуы орта ғасырдан басталады: көпестер, саудагерлер,
қолөнершілер. Кәсіпкерліктің алғашқы дамуында кәсіпкер құрал-жабдықтарға
иелік ете отырып, өздері сол кәсіпорында жұмыс істеген. Бұл тауарлы
өндірістің бастапқы жабайы түрі.
ХVІ ғасырдың ортасынан бастап акционерлік капитал пайда болып,
акционерлік қоғамдар құрыла бастады. Мысалы, 1554 жылы Англия сауда
компаниясы, 1660 жылы Ост-Индия сауда компаниясы. ХVІІ ғасырдың аяғында
акционерлік банктер іске қосылды.
Ресейде, Қазақстанда кәсіпкерлік ерте заманнан дамып келеді.
Қазақстанның көшпелі шаруашылығы жағдайында кәсіпкерлік кең түрде дамыды.
Күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды қолөнершілер, шеберлер қолдан ою
жасап, тоқыма тоқып, халықтың сұранысын қанағаттандырып отырды. Ресейде
Петр І патшалық ету кезеңінде кәсіпкерлік ерекше дамыды, бірақ крепостной
қоғам тежеді. Капитализмнің дамуымен кәсіпкерлік те дамыды. 1861 жылғы
реформадан кейін теміржол құрылысы, ауыр өнеркәсіп салалары орын алды.
Кәсіпкерлік түсінігі (enterpreneur) тәуекелге негізделген шаруашылық
субъектісі ретінде ең алғаш рет ХVІІІ ғасырда француз экономисі
Р.Кантильонның (1680-1734) Коммерция табиғаты туралы жалпы мақала
кітабында жарияланған еді. Ол кәсіпкер ретінде тіркелмеген табыстармен
айналысушы адамдарды (саудагер, қолөнершілер, шаруа және басқалар) және
экономикалық қызметпен айналысатын, тұрақсыз және бағасы алдын ала
белгіленген тауарларды сату-сатып алу процестеріне тартылған тұлғаларды
атады. Р.Кантильон кәсіпкердің негізгі белгісі ретінде тәуекелге
дайындығы деп санады.
Кәсіпкерліктің маңызды сипаттамасы ретінде тәуекелді бағалаған ойын
қуаттады және осы пікірді жалғастыруды жүзеге асырды. Олар кәсіпкерлік
табыс немесе оның бөлігі, осы және басқа да нысанда тәуекелге төлем болып
саналатынын және авансыланған капитал мен жалақыдан ерекшеліктерін атап
көрсетті.
Кантильонның ізбасары Бодо, кәсіпкерлік қызмет үшін жауапкершілігі бар
тұлға, олар кәсіпорынды ұйымдастырады және жұмыс атқарады, жоспар жасайды,
қызметтің орындалуын бақылайды деді.
Бұл жағдайдан мынадай қорытынды жасауға болады: кәсіпкер әлеуметтік
жағдай бойынша авансыланған капиталдың иесі немесе жалдамалы жұмыстың
менеджері болуы мүмкін, ол тәуекел жасауға бел буады, әрине осы жұмыстан
табыс табуға әрекет жасайды. Осы жағдайды және Кантильонның басқа да
пікірлерін физиократтар мақтан тұтты және оның еңбектері бүкіл Францияда
кеңінен танымал болды.
Кәсіпкердің феноменін оқып үйренуде физиократтар мектебі басымдық
танытып, саяси экономиканың ғылым ретінде қалыптасуына негіз берді.
Франциялық қоғамдардың кластық құрылымының негізгі ретінде ұсынылған осы
мектептің басшысы Ф. Кенэ (1694-1774) өзінің Экономикалық кесте атты
еңбегінде өндіруші кластың басымды орындарын алушы – фермер деп атап
көрсеткен еді. Физиократтар кімде-кім жерді жалға алса, сол ауыл
шаруашылығында жоғары өнімділікке қол жеткізеді деген айқын тоқтамға
келді, олар қоғамдық өнімді өндіру процестерінде негізгі орынды кәсіпкер-
жер иеленушілерге берді.
Физиократтар мектебін Франция мемлекетінің қайраткері және экономисі
А.Тюрго (1721-1781) өз еңбектерімен одан әрі дамытты. Қоғамды үш класқа
бөлді: бірінші − өндірушілер (жерге егушілер, егіншілер); екінші −
меншіктің иесі (жер иеленушілер) және соңғысы − жеміссіздер (қалғандарының
барлығы). Ол бірінші кластың құрылымын үйренуде салалы өлшемнің
айқындылығының күмәнін жойды және тиімді жоба жасады. Оның негізі ретінде
өндіріс құрал-жабдықтарына қарым-қатынасты қойды. А.Тюргоның сызбасы
бойынша жеміссіз класты екі бөлімге бөлді: кәсіпкер-мануфактурист,
фабриканың иелері және жай ғана қолөнершілер, ал өндірушілерді – кәсіпкер
немесе капиталистер, аванс берушілер және жалақы алатын жай ғана
жұмысшылар ретінде атады.
Сонымен А.Тюрго өз еңбектерін қорытындылай келе, кәсіпкерлік қызметті
жүргізу кезінде тек қана тәуекелмен капитал жасауға ғана емес, осы қызметті
басқара білу қабілеттерінің де қажет екенін атап өтті.
Жан-Батист Сэй франциялық дәстүрді жалғастырды және кәсіпкерлікті
зерттеу саласында өзіндік бір қадам жасады. Тұрпайы саяси экономиканың
бастаушыларының бірі Жан-Батист Сэй бизнес саласында өзінің тәжірибесімен
таныла білді. Жан-Батист Сэй Саяси экономика трактатында кәсіпкерді
өзінің өнімін өндіруде күресе білетін және сол үшін тәуекелге баратын
тұлға ретінде қарастырды.
Ол кәсіпкерлік қызметті өндіріс факторларын үйлестіруші және басқарушы
ретінде де атап көрсетті. Кәсіпкерлік қызметті орындау үшін, оның
пікірінше, тұрақты түрде адамдардың білімді болуы, айналада болып жатқан
процестерді түсінуі, өндірістің үш факторын – табиғат, еңбек және капиталды
қозғалысқа келтіру және оларды біріктіре білу қажеттігін атап көрсетті. Ол
кәсіпкерлікті – өндіріс процестерінің және қайта бөлу теориясының орталығы
деп санады. Жан-Батист Сэй кәсіпкерлер экономикалық ресурстарды пайдаланып
және оларды айналдыра отырып, төменгі өнімділік пен табыстан аса жоғары
өнімділік пен табысқа жетуге болатынына тоқталған.
Ал Френсис Уокер кім капиталды ұсынып, одан белгілі бір көлемде пайыз
алғаннан, өзінің ұйымдастырушылық қабілеттерімен табыс тапқанды ажырата
білуі қажет деп атап көрсетті.
Кәсіпкерліктің әлеуетін зерттеуде Францияның теоретик экономистерімен
салыстырғанда ағылшын классиктерінің саяси экономия ғылымына қосқан
үлестері шектеулі ғана. Адам Смит халық байлығын құраудың бастамасы –
кәсіпкерлік қызмет екенін көре білді, бірақ материалистік және
диалектикалық негіздерде кәсіпкерліктің жан-жақты экономикалық маңызын Карл
Маркс аша білді. Нарықтық капиталистік шаруашылықтың өзін-өзі дамыту заңы –
қосылған құн заңының негізін қалыптастырды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында кәсіпкер мен капиталист арасындағы
айырмашылықтарды айырудың мүмкіндігі пайда болды. Бәрі де айқын болды, яғни
осы екі қызметтің өзара байланыстарында ешқандай айырмашылық болмады,
экономистер ертеректе кәсіпкер мен капиталистердің арасындағы шекараны
бөлуге тырысқанымен, ешбір нәтижеге жете алмады. Көптеген қиыншылықтарға
кездесе берді. Френсис Уокер − Америкада, Альфред Маршалл − Ұлыбританияда,
Мангольд және басқа да зерттеушілер − Германияда барлық назарларын
кәсіпкерлік қызметке көбірек бөлді.
1890 жылы Ұлыбританияда экономикалық теорияның кәсіпкерлікке қатысты
ұзақ немқұрайдылықтарынан кейін А. Маршаллдың Экономика ғылымының
принциптері деген еңбегі жарық көрді. Кәсіпкерлік қызметті зерттеушілер
кәсіпкерлік қызметтің экономикалық тепе-теңдігінің шарттары ретінде,
кәсіпкерлік қызметтегі инновациялық компоненттердің маңыздылығын, машина
және технологиялық процестерді ендірудегі белсенді рөлін атап өтті.
Маршаллдың толық түсініктемесі бойынша кәсіпкерлік таланттың практикалық
мүддесін ұсынды, бірақ кәсіпкерліктің жаны сияқты ойлар ХХ ғасырдың
басындағы М. Вебер және В. Зомбарт айқындаған түсініктермен көпшілігінде
сәйкес келмеді.
Немістің әлеуметтанушысы, экономисі, тарихшысы М.Вебер (1864-1920)
кәсіпкерліктің идеал түрі – этикалық сапасының айқын көрінісі –
өнеркәсіптік төңкерістің және индустриялық капитализмнің кезеңінде
қалыптасты. Бұл қызметті жетілдіруде тапқан байлық арқылы билікке және
құрметке деген ұмтылыс басты орын алады, бірақ кәсіпкерлік қызмет тұтастай
алғанда – бұл өмір талабы, яғни адам жұмыс үшін жаратылған деді.
Немістің әлеуметтанушысы, экономисі, тарихшысы В. Зомбарт (1863-1941)
капиталистік кәсіпкерліктің ұғымын жалғастырды. Капитализмнің шығу тегі
оның жанын дамытумен тығыз байланысты. Бұл міндеттерді шешуде, ол жанды
іздеп табу, яғни осы және басқа да шаруашылық кезеңдерде үстемдік еткен,
қазіргі кезеңдегі шаруашылықтың дамуына әсер етушілерді зерттеу
қажеттілігіне тоқталды.
Бүгінгі ғылымның теориктері, бірінші зерттеушілері, кәсіпкерлік
теориясын жалғастырушы − ізбасарлары, апогей болған, австрия-венгерлік
экономист және социолог Иозеф Шумпетер (1883-1950) болды. М. Вебер және В.
Зомбарт дәстүрлерін жалғастыра отырып, кәсіпкерліктің адами факторларын
үйрену, өзінің теорияларының орталығына кәсіпкерлік тұлғасын қойды.
Шумпетердің батыры, тек әлемдік өркениеттің тамаша әлеуметтік-мәдени
құндылықтары ғана емес, сонымен қатар жаңа сапаны ендіруде, ХХ ғасырдағы
ғылыми-техникалық прогрестің жетілуіне және экономикалық өсудің қарқынды
дамуына қозғалтқыштар бола алды. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары кәсіпкерлікті
түсіну үшін оның күрделі белгілерін анықтау қажеттілігі туындады, яғни
кәсіпкерлер (антрепренер) – табыс алуда коммерциялық тәуекелге баратын
адам. ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы еңбектерінде И.Шумпетер, бірінші рет
ғылымда кәсіпкерлік ұғымын технологияның дамуымен, жаңадан
енгізілгендермен, экономикалық өсумен байланыстырған еді. И.Шумпетердің
анықтамасына сәйкес, кәсіпкерлік қызмет – өндірістің негізгі факторларын
пайдалану арқылы жаңа құрамдастарды жүзеге асырудағы шаруашылық
субъектілері деп атап көрсетті.
ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы И. Шумпетердің еңбектері келесі
экономикалық ойлардың дамуына әсер етті. Ол осы кезде технократиялық
тұжырымдамалардың адаптивті түсінуде ресурстарды басқаратын осы және басқа
да міндеттерде креативті шығармашылық тәртіптерін оң айырмашылықтарын атап
өтті. Ол өзінің Капитализм, социализм және демократия деген еңбегінде
созидательді күйреушілік тұжырымдамасын ұсынды. Ол бұл түсінікті
экономикалық процестердің өрістік табиғатының құбылмалығын басқа сөздермен
бейнелеу үшін пайдаланды. Жаңа ұғымдармен ауыстырудың қажеттілігін атады.
И. Шумпетердің пікірінше, икемділік – бұл бизнеске өту үшін қажетті
мүмкіндіктер болып саналады.
Ол кәсіпкерліктің әр түрлі теорияларын зерттей келе, кәсіпкерлік
қызметке мынадай анықтама берді: Бұл тәуекелмен байланысты жаңа
құрамдастар құруға, айқын және жасырын сұраныстың төлем қабілеттілігінің
табыстылығын қанағаттандыруға бағытталған қызмет. И. Шумпетер экономикалық
өрістің қозғаушы күшін ашуға ұмтылған. Оның зерттеулерінің түпкі мақсаты
іскер белсенділік кезеңі (business cycles) деп аталатын теорияға
негізделген еді. Бұл әлемдік экономикада дағдарыс кезеңдерін жақсартуға
және гүлдендіруге толқын түрінде беріліп отыратынын бақылады. Ғалым
экономикалық дамытудың құрылымдық өзгерістерін және кәсіпкерліктің
инновациялық қызметтері болып табылатын қозғалтқыш ретінде ғылыми болжам
жасады. Ғылыми-техникалық прогресс саласындағы кейінгі практикалық
зерттеулер кәсіпкерлік қызметке инновацияны ендірудің маңыздылығында толық
қуатталды.
И. Шумпетердің пікірінше, кәсіпкер жаңа құрамдастарды жүзеге асырудағы
мүмкіндіктерді қолдану үшін жаңадан енгізілген ой-пікір және күш-қуатпен
қаруланған болуы керек. Сондықтан ол инновациялық қызметке мынадай
анықтама береді: экономикалық жүйені дамытуда негізгі әсер етуші
кәсіпкерлік қызметтің сипаттамасы болып табылады. И. Шумпетер меншік құқы
кәсіпкердің негізгі белгілері болып табылмайды. Кәсіпкер, бұл жаңа
құрамдастарды жүзеге асыратындар, оның ішінде акционерлік қоғамдардың
қызметкерлері, мемлекеттік шенеуніктер де жатады деген пікірде болды.
Сонымен бірге И. Шумпетер кәсіпкерлік қызмет экономиканы және
экономикалық өсуде бәсекеге қабілеттіліктің тұрақты көздері ретінде
жағдайдың жаңашыл қызметі болып табылады. Капитализмге өзін ұсыну үшін
эволюциялық процесс түрінде инновацияның толқынын бір-біріне үздіксіз
ауыстыратын процестің қажеттігін дәлелдеді және оны креативті құрылымның
бұзылуы (creative destruction) деп атады. Оның ойынша, нарықтық жүйенің
табыстылығы (жетістіктері) тек статистикалық оңтайлы тепе-теңдіктің тиімді
жетістіктерімен ғана емес, технологияда серпінділік өзгерістерді жүргізудің
қабілеттілігі және осы өзгерістер арқылы серпінділік өсуге жетудегі іс-
әрекеттермен де тұжырымдалады. Бірақ, эволюциялық теорияның ортақ ойлары
негізінен табиғи іріктелген ойлар болып саналады.
И. Шумпетердің теориясында бұл ұғым анықтауды және айқын талдауды
қажет ететін дамытуды талап етті. Бұл қатынаста У. Виттпен толық келісуге
болады, яғни, кәсіпкерлік теориясы аса қажет болмаса да, эволюциялық
экономика үшін негізгі жетіспеушіліктер ретінде ұсынылады. Кәсіпкерлік
барлық уақытта өндіріс факторларын, еңбек нысандарын, қызметті
ұйымдастыруда өзгеру процестерін жеделдету арқылы экономиканы жаңа
өлшемдермен өлшеуге көшіреді және тепе-теңдікті сақтауда кедергі болады.
И.Шумпетердің кәсіпкерлікті зерттеу саласындағы теориясы кәсіпкерліктің
объективті және субъективті жағынан да классикалық болып саналады.
Шумпетерлік үлгіні Жаңа австриялық мектептің өкілдері Ф. Хайек және
И. Кирцнер жалғастырды және одан әрі толықтырды. Олар кәсіпкерлердің
сұраныс пен ұсыныс ауытқуларын, бәсекелік жағдайдағы нарықтық қатынастарды
өз уақытында қадағалау және реттеудің маңыздылығын қуаттады. Жаңа
австриялық мектептің өкілдері нарықтық қатынастар кезіндегі кәсіпкерлік
қызметтерге зерттеу жүргізді. Ф. Хайек үшін негізгі құндылық адамдардың
экономикалық еркіндігі болып саналады.
Экономикалық шешімдерді қабылдаудағы жеке тәуелсіздігі – кәсіпкерлік
қызметтегі ең бастысы, өзінің экономикалық әлеуетімен көбірек табысты
қызмет етуімен көрінеді. Кәсіпкерлердің еркіндігі экономикалық жүйеде
адамдардың еркіндігінің айқындығы болып табылады. Ф. Хайек теориясында ең
негізгі орынды анықсыз білім тұжырымдамасы алады. Әрбір кәсіпкер белгілі
бір білімді алады, белгілі бір шешімдерді өзінің қатысумен немесе
қатысуынсыз қабылдайды, өзінің ақпараттық артықшылықтарын пайдалана отырып,
ерекше үйлестіруші бола алады.
Ф.Хайектің пікірінше, бұл – нарық болып табылады, ал нарық сұраныс пен
ұсыныс арқылы қажеттіліктерді қанағаттандыруды қамтамасыз етеді. Ф.Хайектің
түсінігінше, кәсіпкерліктің маңызы – жаңа экономикалық мүмкіндіктерді
зерттеу және іздеу.
ХХ ғасырда кәсіпкерлік қызмет туралы ой-пікірлерін білдірген бірқатар
ғалым-экономистер бар, атап айтқанда: Д.Макклеланд кәсіпкер – бұл
бірқалыпты тәуекелмен жұмыс жасайтын батыл адам десе, П.Друкер кәсіпкер –
бұл жоғары тиімділіктің кез келген мүмкіндіктерін пайдалана алатын адам
ретінде қарастырды.
Ал А.Шапиро кәсіпкер – әлеуметтік-экономикалық жағдайларды
ұйымдастыруда бастама жасай алатын адам. Тәуекелмен қызмет атқара отырып
кейбір сәтсіздіктерге толық жауапкершілікпен қарай алады деп анықтама
берсе, Карл Веспер Кәсіпкер – экономист, психолог. Ал басқа да
кәсіпкерлер мен саясатшылардың көздеріне әр түрлі болып көрінеді, − деді.
Сонымен қатар Г. Пиншот интрапренер және антрепренер деп бөлді.
Интрапренер – бұл антрепренер, жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың негізінде
қызмет атқарады, ал меншікті антрепренердің кәсіпкерден айырмашылығы, ол
жаңа кәсіпорынды құрушы деген тоқтамға келді.
Р.Хизричте кәсіпкерлік қызмет – белгілі бір құны бар нәрсені жасаушы
процесс, ал кәсіпкерлер – бұл барлық мүмкіндіктерін, уақыт және күш жігерін
жұмсай отырып, өзіне қаржылық, психологиялық және әлеуметтік тәуекел
жасайды, нәтижесінде қаражат алады және өз жетістіктерімен қанағаттанады
деген шешімге тоқтады.
Ресейлік ғалым А.И. Агеевтің пікірінше, кәсіпкерлік экономикалық
құбылыс ретінде екі өзара байланысты кезеңде пайда болады: ұйымдық-
шаруашылықтың жаңашылдығы және экономиканың еркіндігі. Сипаттамалардың
барлық түрі (тәуекел жасау, шешім қабылдау, ресурстарды пайдалану,
шешендік) әрі туынды, әрі міндетсіз болмаса толықтырушы бола алады. Ол
кәсіпкерлікті жаңашылдық, өнімділік, экономикалық қызмет кластарына
(кертартпалыққа қарсы, өсімпаздық) жатқызады. Кәсіпкерліктің техникалық,
ғылыми шығармашылықтардан айырмашылығы өзіне шығармашылықтың ерекше түрін
ұсынады: бұл өндіріс факторларын құрамдастыру. Бұл жерде жаңа ұйымдық-
құқықтық құрылымды құру немесе жұмыс істеп жатқандарды қайта құру туралы
айтылады.
А.И. Агеевтің пікірінше, экономикалық еркіндік – бұл кәсіпкерлердің
белгілі бір құқықтарының жиынтығы, яғни дербес немесе өз алдына шешім
қабылдау, қызмет түрін таңдау және іздеу, шаруашылық белсенділіктің
нысандары мен жүйесі, оны жүзеге асыру әдістері, осы қызметтен түсетін өнім
мен табысты пайдалану. Келтірілген кәсіпкерліктің өзіндік ерекшеліктері,
біздің ойымызша аса тиімді белгілері болып табылады.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, мынадай түйін жасауға болады:
кәсіпкерлік қызметтің әр түрлі теориялары бір-біріне қайшы келмейді, қайта
бір-бірін толықтырып отырады. Барлық экономикалық теорияны зерттеуші
ғалымдар экономиканың дамуында кәсіпкерлік қызметтің маңыздылығына
тоқталып, оның ерекшеліктерін атап өткен, бұл 1.1-суретте берілген.
Көптеген экономистердің (теоретиктер және практиктер) көзқарасы
бойынша, экономика – қажеттілік кезеңінде шектелген қорларды
қанағаттандыру мақсатында материалдық құндылықтарды тұтыну және алмастыру,
бөлу, өндірістік үдерісінде адамның экономикалық мінез-құлқы туралы әмбебап
ғылым.

1.1-сурет. Кәсіпкерлік ұғымының даму тарихы
Экономикалық мінез-құлықтың ерекше дәлелдері кәсіпкерлікте де бар, ол
қоғамның белгілі бір даму кезеңінде пайда болады және капитал құрумен
анықталады.
Бұның алғы шарттарын ынталандыратын себептер:
– біріншіден, жеке меншікте ажыратылмайтын құқықтық экономикалық
бостандықтың болуы (экономикалық таңдаудың еркіндігі);
– екіншіден, жеке меншіктің мемлекеттік биліктен және экономикалық
биліктің саясаттан бөлінуіне сәйкес;
– үшіншіден, тұлға санасының қалыптасуы, туылғаннан ажыратылмайтын
құқықтардың жинағына үлесі бар, бостандыққа және мемлекетпен қоғамда дау
тудыратын мүдделері.
Сонымен, жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады:
қоғамның дамуымен бірге кәсіпкерліктің өзі де дамып келеді, бірақ
экономикалық теорияда кәсіпкерліктің мәні бұрыннан қалыптасса да,
кәсіпкерліктің нақты бірыңғай анықтамасы келтірілмеген.

1.2. Кәсіпорынның қызметі және негізгі факторлары

Кәсіпорын – белгілі бір өнім өндіретін немесе халыққа қызмет көрсететін
заңды тұлға.
Заңды тұлға – Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттiң
заңдарына сәйкес құрылған ұйым (шетелдiк заңды тұлға) немесе кәсіпорын.
Кәсіпорындар (заңды тұлғалар) қызметтерінің негізгі мақсаттарына қарай
бөлінуі (1.2-сурет):
• коммерциялық;
• коммерциялық емес.
Коммерциялық ұйымдар (1.3-сурет) – белгілі бір табыс көзі бар заңды
тұлғалар.
Коммерциялық емес ұйым – акционерлiк қоғамдар, мекемелер мен тұтыну
кооперативтерiнен басқа, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына
сәйкес коммерциялық емес ұйым мәртебесi бар, өз қызметiн қоғамдық мүдденi
көздеп жүзеге асыратын және осындай қызметiне орай табыс алу мақсаты жоқ,
сондай-ақ алынған таза табысты немесе мүлiктi қатысушылар арасында
бөлмейтiн ұйым.
Коммерциялық емес кәсіпорындардың коммерциялық кәсіпорыннан
айырмашылығы – табыстары негізгі емес нысандардан алынады және ол табыстар
коммерцияға қатысушылар арасында бөлінеді.
Мысалы мұндай кәсіпорындарға:
• әр түрлі тұтыну кооперативтері;
• қоғамдық немесе діни ұйымдар жатады.
Кәсіпорынның шаруашылық қызметтерінің нәтижелігі – өнімді өткізу мен
көрсетілген қызметтен түсетін пайдадан ғана емес, сонымен қатар өндірістік
қорлардың көлемінен (негізгі және өндірістік айналым қорлары), басқа да
тұтыну қорларының жиынтығынан (әлеуметтік саладағы), жиналған қаражаттардан
және тағы басқалардан көрінеді.

1.2-сурет. Кәсіпорынның жіктелуі

Кәсіпорын экономикасы – өндірістік және өндірістен тыс қатынастардың
жиынтығы: айналыс қоры, дайын өнім, кәсіпорынның банктегі есеп-шоттары,
ақша қаражаты, бағалы қағаздары, меншіктің материалдық емес қорлары
(патенттер, лизенция т.б.) өнімді өткізуден және әр түрлі көрсетілген
қызметтерден түскен табыстар.
Олардың құндық бағасы – кәсіпорынның экономикалық даму деңгейі мен
көлеміне байланысты болады.
Соңғысының әр түрлі себептері бар, атап айтқанда:
• өндірісті қорлармен қамтамасыз етуде ең оңтайлы үйлесімділікті
табу;
• өндірілген өнімнің саны мен сапасы;
• өткізу көлемі;
• өткізуден түскен кіріс пен пайда.
Осы факторлар негізінде қол жеткізілетін тиімділіктің деңгейі мен
сипатын кәсіпорынды дамытуға ықпал ететін ішкі және сыртқы жағдайлар
айқындайды.

1.3-сурет. Коммерциялық кәсіпорынның жіктелуі

Ішкі жағдайлар үш топқа бөлінеді:
1. Өндірісті қорлармен қамтамасыз ету.
Оған өндірістік факторлар: ғимарат, құрылыс; құрал-жабдық, аспаптар;
жер; шикізат және материалдар; отын; жұмыс күші; ақпарат және т.б. жатады.
2. Кәсіпорынның экономикалық және техникалық дамуының қажетті деңгейін
қамтамасыз ету, ал бұған қатыстылар: ғылыми-техникалық прогресс; өндіріс
пен еңбекті ұйымдастыру; кадрлардың біліктілігін жетілдіру; инновация және
инвестиция.
3. Кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметтерінің коммерциялық
саласын қалыптастыру факторлары: тиімді коммерциялық және жабдықтау
қызметтері.
Кәсіпорын қызметінің негізгі факторлары (1.4-сурет):
1.Жер. Бұл белгілі бір өлшемдегі пайдалану мүмкіндігі орасан зор табиғи
байлық. Күнделікті пайдаланылады. Табиғи байлықтар орны толатын және
орны толмайтын болып бөлінеді.
1. Жұмыс күші – ой және дене еңбегі, еңбекке қатысушылардың тәжірибелік
және интеллектуалды құрамы.
3. Еңбек заты және еңбек құралдары. Еңбек заты және еңбек құралдары
арқылы өнім өндіріледі, тиісті қызмет көрсетіледі.
4. Кәсіпкерлік – меншікке негізделген, несиге алынған және басқа
мүліктерді пайдалану арқылы қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге
асырылатын бастамалық, шаруашылықтық және басқа да қызмет.
5. Капитал – тұтыну заттарының көлеміне қарай шектелген ақша қаражаты.
Кәсіпкер – жеке тұлға, ол: өндірістік-шаруашылық, көтерме сауда,
инновация, кеңестер беру, коммерциялық делдалдар, бағалы қағаз
операциялары, басқа да заңмен тыйым салынбаған кез келген қызмет түрлерімен
айналысуына құқылы.

1.4-сурет. Кәсіпорынның негізгі факторлары

Инновация – жаңа бұйымдар мен озық технологияларды жасауға, өндіруге,
дамытуға және сапалық жағынан жетілдіруге бағытталған күрделі құбылыс.
Ол үш кезеңді қамтиды:
• бірінші кезеңі, өнімді шығаруды зерттеуден бастау алып, оны
өндірісте алғаш рет игеруге дейін;
• екінші кезеңі, алғашқы игеруден бастап бұйымды тұтынушылардың
қажетін қанағаттандыру мақсатында тиісті мөлшерде өндіруге дейін;
• үшінші кезеңі, өнімді тұтынушы пайдаланады, күтеді, кәдесіне
жаратады.

1.3. Кәсіпкерлік қызметтің түрлері

Кәсіпкерлік қызмет – бұл тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыру
мақсатында орындалған жұмыс және көрсетілген қызмет.
Кәсіпкерлік субъектісі:
1. Қазақстан Республикасының және басқа да елдердің азаматтары
(қызметтері заң талабына сай болса).
2. Заңды түрдегі шетел азаматтары мен өкілеттігі шектеулі тұлғалар.
3. Азаматтық бірлестіктер.
Кәсіпкерлік қызмет төмендегідей екі нысанда жүзеге асады:
1. Меншік иесінің өзінің тәуекел етуі және мүліктік
жауапкершілігі негізінде.
2. Кәсіпорынды меншік иесі атынан басқару. Меншіктің мұндай
ережелері өзара міндеттерді анықтай отырып, келісім арқылы
реттеледі.
Бұл келісімде:
• мүлікті пайдаланудың құқықтарын шектеу;
• әр түрлі қызметті іске асыру;
• материалдық жауапкершілік пен өзара қаржылық қарым-қатынас
шарттары мен тәртіптері;
• келісімді сақтаудың негіздері мен шарттары жасалады.
Меншік иесінің келісім жасалған сәттен бастап кәсіпкердің іс-әрекетіне
араласуға құқығы жоқ (алдын-ала келісімдер мен кәсіпорынның жарғысында және
заңда көзделінген жағдайларды қоспағанда).
Кәсіпкердің құқықтары:
• келісімнің бастамаларын жүзеге асырып қаржы-қаражат тарту;
• интеллектуалды меншік объектілерінің, азаматтар мен заңды
тұлғалардың мүлкі мен жекелеген мүліктік мүдделерін қорғау;
• өндірістік бағдарламалар жасау;
• өз өнімдеріне тұтынушылар мен жеткізіп берушілерді таңдау;
• Қазақстан Республикасының заңдары мен келісімдеріне сәйкес баға
белгілеуді реттеу;
• сыртқы экономикалық қызметтерді жүзеге асыру;
• кәсіпорынды басқаруда әкімшілік-тәртіптік қызметтерді жолға
қою;
• кәсіпорын иесінің атынан қызметкерлер жалдау және оларды
жұмыстан босату.
Кәсіпкер тұтынушының ақша төлеп алатын қажетті заттарын өндіруді өз
міндетіне алады. Бұл тұста тауар өндіру және қызмет көрсетуді кең мағынада
түсінуіміз қажет.
Мәселен, бұлар:
• ғимарат және құрал-жабдықтар;
• үй-жай, мүлік;
• өндіріс және тұтыну тауарлары;
• ақпарат;
• интеллектуалды нәтиже (пікір, жаңалық ашу, патент);
• ақша, валюта, құнды қағаздар;
• басқа да тауарлар, атқарылған жұмыстар мен қызмет көрсетулер
болуы мүмкін.
Кәсіпкерлік қызмет:
• өндірістік;
• коммерциялық;
• қаржылық;
• кеңестер беру болып бөлінеді.
Бұлардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері мен жетістіктері бар (1.5-
сурет).
Өндірістік кәсіпкерлікке қатысты негізгі қызметтер:
• өнім өндіруге бағытталған жұмыстар мен қызмет көрсетуді атқару;
• ақпараттарды өңдеу және жинау;
• рухани құндылықтарды игеру;
• тұтынуға жататын басқа да өткізілімдер.
Бұлардың негізгі қолдану өрістері:
• өндірістік кәсіпорын және мекемелер;
• коммерциялық сауда мекемелері;
• тауар-қор биржалары;
• банктер мен халықтар.
Өнімді тиімді сату шаралары кәсіпкерліктің үшінші сатысын құрайды. Бұл
процесс делдал агенттіктер, брокер немесе кәсіпорынның өз күшімен жүзеге
асырылады. Бұл кәсіпкерлік технологиясының айрықша жауапты кезеңі.
Өндірістік кәсіпкерлік – ол кәсіпкерлік қызметтің негізгі түрі. Мұнда
тауар өндіру, қызмет көрсету жүзеге асырылады.
Өндірістік кәсіпкерлікті жүзеге асыру бірнеше сатыдан тұрады:
1. Кәсіпкерлікпен айналысу үшін қандай тауар өндіру, қандай
қызмет көрсетуді іске асырумен шұғылдану керектігін білу
керек, яғни бизнес жоба дайындалуы тиіс.
2. Мұнан кейін маркетингтік зерттеу жүргізу қажет. Қандай
тауардың немесе қызмет көрсетудің тұтыным мүмкіндігі мол,
оған деген сұранымның тұрақтылығы, келешек даму
тенденциясы, тауарларды сатуда ықтимал баға бірліктері,
өнім өндіру мен оны өткізу процесіндегі шығындар, өткізу
көлемін болжау, болашақ тұтынушылармен байланыс жасау,
шикізат, материалдар, энергия және басқа да
жабдықтаушылармен арақатынасты орнату, өндіріске қажетті
қаржы-қаражаттың шамасын белгілеу, қорытынды мәмілелерді
топтау, өнім өндіруді бастауға дейін әзірленген заттарды
жеткізу мен банкротқа ұшыраудың алдын алуға бағытталған
жұмыстарды атқаруы тиіс.
3. Келесі кезең – өндіріс факторларын есепке алу шаралары.
Біріншіден: негізгі өндірістік қорлар, яғни: ғимараттар,
құрылыстар, өндірістік құрал-жабдықтарды сатып алу немесе
жалға алу. Екіншіден: өндірістік айналым қорларын: еңбек
заттары, шикізаттар, негізгі және қосымша материалдар, отын
және энергетика ресурстары, жөндеу жұмыстарын жасауға
қосалқы бөлшектер, сатылып алынатын құрастыру бөлшектері,
жартылай фабрикаттар, келешекке қажетті шығындарды жабу
көздері. Аспаптар мен инвентарлар айналым қорына екі
белгісімен: бағасымен және ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ФИРМА ПАЙДАСЫ ШЫҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІ, ОЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН ФИРМА ПАЙДАСЫН КӨБЕЙТУ
Кәсіпкерлік
Қазақстан Республикасының нарықтық экономикаға өту ерекшеліктері
Кәсіпорынның жұмыс күшімен қамтамасыз етілуі
Кәсіпкерлік істі мемлекеттік реттеудің қажеттілігі
Кәсіпкерлік мәні және түрлері
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЖӘНЕ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ
Кәсіпкерлік орта
Кәсіпорынның өндірістік қуаты
Кәсіпкерлік фирманың түрлері және бәсеке
Пәндер