Жазасын өтеген тұлғалардың әлеуметтік бейімделуінің түсінігі


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 148 бет
Таңдаулыға:   

Д. А. Қонаев атындағы университет

ӘОК 343. 848. 2 (574) Қолжазба құқығында

АЛИБЕКОВ СЕРИККАЛИ КУНТЕБАЕВИЧ

Жазасын өтеген тұлғаларды бостандықтағы өмірге бейімдеудегі құқық қорғау органдарының рөлі

12. 00. 11 - сот билігі, құқық қорғау органдары; құқық қорғау қызметін ұйымдастыру; адвокатура

Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекшісі:

заң ғылымдарының докторы,

профессор Қайыржанов Е. І.

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010 ж.

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1 ТҮЗЕУ МЕКЕМЕЛЕРІНЕН БОСАТЫЛҒАН ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕЛУІНІҢ ТҮСІНІГІ МЕН НЕГІЗДЕРІ . . . 12

1. 1 Құқық қорғау органдарының жазасын өтеген тұлғалардың бейімделуіне ықпал ету қызметінің негізгі бағыттары . . . 12

1. 2 Жазасын өтеген тұлғалардың әлеуметтік бейімделуінің түсінігі . . . 18

1. 3. Түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды әлеуметтік бейімдеуге дайындау кезеңі . . . 37

1. 4 Еркіндіктегі өмір жағдайларына бейімдеу үшін бостандыққа шыққан тұлғалардың жеке басын зерттеудің маңызы . . . 51

2 ЖАЗАСЫН ӨТЕГЕН ТҰЛҒАЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ӨРІСІНДЕГІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ . . . 74

2. 1 Жазасын өтеп шыққан тұлғалар арасындағы рецидивтік қылмыстылықтың жәй-күйі және олардың кейбір санаттарының құқықтық шектелуі . . . 74

2. 2 Әкімшілік қадағалау жазасын өтеп шыққандарды бақылаудың негізгі нысаны ретінде . . . 94

2. 3 Еңбек және тұрмыс мәселелерін шешудің маңызы . . . 104

2. 4 Ж азасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеудегі құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты халықаралық тәжірибе . . . 117

2. 5 Жазасын өтеп шыққан тұлғалардың қайталап қылмыс жасауының алдын алудағы қоғамның рөлі . . . 122

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 136

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 142

КІРІСПЕ

Диссертациялық жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғаларды бостандықтағы өмір жағдайларына бейімдеудегі құқық қорғау органдарының рөлі, олардың аталған үрдісті бақылауы мен басқаруының құқықтық негіздері зерттеліп, сараланған. Жазасын өтеп шыққан тұлғалардың бостандықтағы өмір жағдайларына барынша икемді және табысты түрде бейімделуі қылмыс рецидивінің алдын алудағы аса маңызды фактор ретінде қарастырыла отырып, аталған тұлғалардың қоғамнан оқшаулануына байланысты үзіліп қалған немесе әлсіреген әлеуметтік пайдалы қатынастарын қалпына келтірудегі жекелеген құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың қызметіне талдау жасау арқылы олардың аталған өрістегі ынтымақтастығының рөлі анықталды.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі таңда қоғамды толғандырып отырған мәселелердің қатарында қылмыстылық және онымен қарқынды түрде күрес жүргізу мәселесі аса өзекті болып табылады. Тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне әлі жиырма жыл толмаған Қазақстан Республикасы өзін егемен мемлекет ретінде орынықтыра отырып, аса маңызды және көлемді әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформаларды жүзеге асыруға міндетті. «Біз елімізді эволюциялық даму арнасына салып, іргелі институттық реформаларды табанды түрде жүргізе алдық» - деп атап көрсетті Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Назарбаев [1, 31 б. ] .

Жазасын өтеуден босатылған тұлғалардың әлеуметтік ортаға бейімделу мәселесі қылмыстылықпен күресудің негізгі мәселелерінің бірі болып табылады, ол криминология мен қылмыстық жазаны атқару құқығының және құқық қорғау қызметінің түйісінде орын алады. Криминологиялық тұрғыдан алғанда ол рецидивтік қылмыстылықтың алдын алудың негізгі бағыттарының бірі болып саналады. «Әлеуметтік бейімдеу дегеніміз - бостандыққа шыққан тұлғаға қоғамға қайтып оралуға, әлеуметтік пайдалы байланыстарын, құқықтық мәртебесін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін әлеуметтік және психологиялық жіптерден тоқылған көпір» [2, 3 б. ] . Сонымен бірге әңгіме жазаны атқарудың теориясы мен практикасының аса маңызды бөлігі ретіндегі қылмыстық жазаның тиімділігі туралы болып отыр.

Соңғы жылдардағы мәліметтерге көз жүгіртсек, елімізде криминогендік жағдайдың біршама тұрақтанғандығын байқауға болады. Елімізде 2001 жылы 152168 қылмыс жасалып, оған 103471 адам қатысқан, 2002 жылы 135150 қылмыс, 2003 жылы 152168 қылмыс, 2004 жылы 143, 6 мың қылмыс, 2005 жылы 146, 3 мың қылмыс, 2006 жылы 141271 қылмыс жасалып оған 84989 адамның қатыстысқаны анықталса, 2007 жылы 128064 қылмыс жасалып, оған 79641 адам қатысты болған, 2008 жылы 127478 қылмыс тіркеліп оған 58562 адамның қатыстылығы анықталған. 2009 жылдың тек қана 10 айында елімізде жасалған аса ауыр қылмыстардың саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2504-тен 2788-ге жетіп, яғни 11%-ға артқандығын айта кету қажет.

2009 жылдың 10 айының қорытындысына қатысты еліміз бойынша әрбір 10 мың адамға шаққанда 75 қылмыс оқиғасы тіркелген болса, бұл көрсеткіш тиісінше Шығыс Қазақстан облысында 125, Павлодар облысында 121, Алматы қаласы бойынша 94 қылмысты құраған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Шығыс Қазақстан облысында 2009 жылдың 10 айында жасалған қылмыстардың 17, 4%-ы бұрын сотталған адамдармен жасалған және бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Аталған облыстың аумағында қылмыстың қайталануына жол берген 1952 адамның 1827-сі еш жерде жұмыс жасамайтын адамдар болған, Алматы қаласында жасалатын барлық қылмыстардың 34%-ы жұмыссыз адамдармен жасалған және есепте тұрған бұрын сотталған 1205 адамның 470-і, яғни әрбір үшіншісі қайталап қылмыс жасаған.

Баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда, бір мектеп оқушысы үшін бір жылда мемлекет қазынасынан шамамен 18 мың, бір студент үшін 66 мың, бас бостандығынан айыруға сотталған адамды ұстау үшін 370 мың теңге жұмсалады екен. Осы көрсетілгендерден бұрын сотталған тұлғалардың қайталап қылмыс жасауының алдын алудың құқықтық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда қандай маңызға ие болатындығын айқын аңғаруға болады.

Рецидивтік қылмыстылықты қысқарту міндеті қазіргі таңда аса өткір қойылып отыр. Сондықтан әлеуметтік бейімдеудің жалпы теориясын жасақтауға деген қажеттілік барынша айқын сезілуде. Әңгіме жазасын өтеуден босатылғандарды әлеуметтік бейімдеудің құрылымын кешенді түрде зерттеу, олардың әлеуметтік ортамен өзара әрекеттестігінің механизмі, жазадан босатылғандардың қоғамға қарсы әрекеттерімен күресудің жаңа әдістері мен нысандары, тұлғалардың жекелеген санаттарының әлеуметтік бейімделу үрдісінің жүзеге асырылуына тән болатын сипатты ерекшеліктер туралы болып отыр. Ал бұл мәселе осы кезге дейін ғылыми тұрғыдан арнайы зерттелмеген.

Жоғарыда аталған мәселелердің ғылыми тұрғыдан зерттелуінің қазіргі таңдағы маңыздылығы диссертациялық жұмыс тақырыбының өзектілігін көрсетеді.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Көрсетілген мәселені зерттеудің басталғанына салыстырмалы түрде алғанда көп уақыт болған жоқ. Қылмыстың қайталанушылығына байланысты Ю. М. Антонянның, Л. В. Багрии-Шахматовтың, Н. А. Беляевтың, В. И. Гуськовтың, Н. И. Волошиннің, А. Ф. Зелинскийдің, К. Е. Игошевтің, И. И. Карпецтің, В. Е. Квашистің, В. Н. Кудрявцевтің, А. С. Михлиннің, А. Е. Неташевтің, Н. А. Стручковтың, В. М. Трубниковтың, И. В. Шмаровтың, А. М. Яковлевтің еңбектерін атап көрсетуге болады.

Әлеуметтік бейімделу мәселесінің жекелеген аспектілері әртүрлі деңгейлерде Ю. Д. Блувштейннің, В. В. Голинаның, И. Н. Даньшиннің, В. А. Елеонскийдің, А. Э Жалинскийдің, А. П. Закалюктің, В. С. Потемкинің, Ф. Р. Сундуровтың, Ю. М. Ткачевскийдің және т. б. еңбектерінде зерттелген. Алайда осыған дейін жарияланған жұмыстардың белгілі бір шамадағы біржақтылығын атап өтпеуге болмайды: олардың барлығы дерлік түзеу мекемелерінің мәселесін шешуге арналған.

Сонымен қатар, жарияланған зерттеу жұмыстарының көпшілігінде мәселенің практикалық аспектісі басым: белгілі бір шамаларда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға тап болатын қиындықтар талданған. Әлеуметтік бейімделу мәселесіне тұжырымдалған түріндегі теориялық талдау осы уақытқа дейін жасалмаған десе де болады. Сонымен бірге жеке тұлға мен әлеуметтік ортаның өзара байланысын қарастыратын, қылмыстық жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу механизіміне жасалған кешенді түрдегі зерттеу жоқ.

Аталған тақырыпқа қатысты біздің елімізде жүргізілген зерттеу жұмыстарына келер болсақ, Д. С. Чукмайтовтың орыс тілінде 1999 жылы жарық көрген «Теоретические основы системы исполнения наказаний по законодательству Республики Казахстан» атты көлемді монографиясында бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаның түзетушілік әсерінің нәтижелерін бекіту арнайы тарауда қарастырылған, онда бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандарды бостандыққа дайындаудың мәселелері көрсетілген.

Сондай-ақ, ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасын өтеп шыққандардың әлеуметтік бейімделуінің мәселесіне С. Ж. Жорабековтың кандидаттық диссертациясы арналған.

Аталған тақырыптың жекелеген аспектілеріне отандық ғалымдар К. Ж. Балтабаев, К. А. Бегалиев, У. С. Джекебаев, Т. К. Жұмагұлов, Ю. И. Лухтин, А. Б. Скаков, А. А. Филимонова және т. б. зерттеулер жүргізген.

Жекелеген құқық қорғау органдарының әртүрлі өрістегі қызметтерін зерттеуге арналған, соңғы жылдары біздің елімізде жүргізілген жұмыстардың қатарында М. Б. Абаевтың, Г. Т. Байркенованың, Ғ. М. Оңланбекованың, Л. А. Теміржанованың, С. М. Толқынбековтың кандидаттық диссертацияларын атап көрсетуге болады.

Дегенмен, жоғарыда көрсетілген зерттеу еңбектерінің барлығы тек орыс тілінде жарық көргендігін және де олардың басым көпшілігі Кеңес Одағы ыдырағанға дейін жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде орындалғанын, сол себепті, біздің қоғамымызда соңғы жылдары орын алған орасан зор әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық өзгерістерді ескермейтіндігін атап көрсетуге тиіспіз. Сондай-ақ, қазіргі күн талаптарын ескере отырып, қылмыстық жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстарын ұйымдастырып, оларды жүзеге асырудың жаңа нысандарын қоғамдық қатынастардың қазіргі жүйесіне ыңғайластыру, оларды тәжірибеде жүзеге асырудың тетіктерін қамтамасыз ету мәселелері терең зерттеуді қажет етеді. Сонымен бірге, жазасын өтеп шыққан тұлғаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудегі құқық қорғау органдарының рөлін және олардың осы өрісте жасақтап, жүзеге асыратын шараларының құқықтық негіздеріне қатысты мәселелерді тереңірек зерттеу қажет, сондай-ақ кезінде құрылған әлеуметтік бейімдеу орталықтарының жұмыстарының тиімділігін қазіргі күн талабы тұрғысынан зерттеп, олардың тиімділігін арттырудағы ұсыныстар мен кеңестерді ғылыми негізінде жасақтау күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе деп санаймыз.

Осы аталған жайттар, өз кезегінде тақырыпты диссертациялық деңгейде зерттеуді қажет етеді деп білеміз және нақ осы жағдай біздің аталған тақырыпты таңдап алуымызға себепші болып және де зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарын айқындап отыр.

Зерттеу объектісі. Зерттеудің объектісіне қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғаларды бостандықтағы өмір жағдайына бейімдеуге байланысты құқық қорғау органдарының қызметі барысында пайда болып, дамитын қоғамдық қатынастар жатады.

Зерттеу пәні. Зерттеудің негізгі пәнін қылмыстық жазасын өтеп шыққандардың әлеуметтік ортаға бейімделу ұғымы, олардың әлеуметтік-психологиялық және құқықтық сипаттамасы және қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғаларды жағымды әлеуметтік ортаға барынша икемді түрде бейімдеудегі құқық қоғау органдарының нақты қызметі мен рөлі және аталған мәслені шешуде олармен ұйымдастырылып жүзеге асырылатын шаралар кешені құрайды.

Зерттеудің ғылыми-теориялық негізі. Зерттеу жұмысының негізгі теориялық мәселелерін айқындау барысында еліміздің белгілі заңгер-ғалымдары C. К. Абсаметов, А. П. Алехин, А. Т. Ащеулов, С. Т. Әлібеков, М. Т. Баймаханов, С. З. Зиманов. Е. І. Қайыржанов, С. Н. Қойбақов, Ө. Қ. Қопабаев, Г. С. Сапарғалиев, С. С. Сартаев, С. А. Табанов, Б. Т. Тұрғараев және басқалардың зерттеу еңбектері басшылыққа алынды.

Диссертацияның мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты, бас бостандығынан айыру жазасын өтеп шыққан тұлғалардың бостандықтағы өмір жағдайларына бейімделуі үрдісінің мәселелерін және олардың бейімделуінің табысты түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ете алатын шаралар кешенін және аталған өрістегі құқық қорғау органдарының рөлін теориялық тұрғыдан зерттеу жолымен, аталған процестің нормативтік және ұйымдық қамтамасыз етілуін жетілдіру бойынша ұсыныс, кеңестерді жасақтау және де қоғамнан оқшауланған тұлғаларды қоғамның қазіргі жағдайындағы өзгерістер мен үрдістерді ескере отырып, әлеуметтік ортаға оларды табысты түрде бейімдеудің барынша оңтайлы және тиімді нысандарын, сондай-ақ әдістерін айқындау болып табылады.

Осы аталған мақсатқа қол жеткізу үшін келесідей негізгі міндеттер шешімін табуы тиіс.

- жазасын өтеп шыққан тұлғалардың бостандықтағы өмір жағдайына бейімделуі барысында және аталған үрдісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдардың басқару мен бақылауы барысында қалыптасатын қатынастардың ұғымын, олардың әлеуметтік-құқықтық табиғатын зерттеу арқылы аталған міндетті шешудегі құқық қорғау органдарының соның ішінде, қылмыстық атқару жүйесі және ішкі істер органдарының нақты рөлін айқындап, аталған үрдісті басқарудағы олардың қызметінің құқықтық негіздемесіне талдау жасау, сонымен бірге бейімделу және бейімдеу ұғымдарының ішкі мазмұнын талдау жолымен олардың арақатысын және маңызын ашу;

- бас бостандығынан айыру жазасына тартылған тұлғаларды бостандықтағы өмірге бейімдеуге дайындау кезеңдерін зерттеу арқылы, олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындау;

- бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды бостандықтағы өмірге бейімдеу мәселесі бойынша бастаулармен танысып тарихи, жүйелік және салыстырмалы құқықтық талдау жолымен берілген мәселенің бұрын қалай шешілгендігін, қазіргі уақытағы шешілу деңгейіне талдау жасап, саралау арқылы құқық қорғау органдарының аталған өрістегі қызметінің тиімділігін арттыру бағытындағы нақты шараларды жасақтап, оларды ғылыми тұрғыдан негіздеу ;

- жазасын өтеп шыққан тұлғалардың бостандықтағы өмір жағдайларына барынша тиімді бейімделуі үшін олардың жеке бастарының ерекшеліктерін зерттеудің маңызын ашу:

-жазасын өтеп шыққан тұлғалар арасындағы рецидивтік қылмыстылықтың жай-күйін зерттеу арқылы, олардың себептерін атап көрсету және де олардың алдын алу бойынша жасақталуы тиіс шаралардың ғылыми негіздерін тұжырымдау;

- жазасын өтеп шыққан тұлғалардың кейбір санаттарына, соның ішінде жазаны өтеуден мерзімінен бұрын-шартты түрде босатылғандарға қойылатын құқықтық шектеулердің олардың әлеуметтік ортаға табысты түрде бейімделуіндегі маңызын анықтау жолымен, берілген өрістегі қатынастарды реттейтін заңнамалық нормаларға талдау жасау;

- әкімшілік бақылау институтының құқықтық табиғатына талдау жасау жолымен, оның жазасын өтеп шыққандардың жаңадан қылмыс жасауынан сақтандырудағы рөлін, әлеуметтік бейімдеуді табысты түрде жүзеге асырудағы маңызын қарастыру және де аталған институтты жетілдіру бағытындағы ұсыныстарды тұжырымдау;

- қылмыстық жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік ортаға бейімдеудегі құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты халықаралық тәжірибені зерттеу арқылы, жетістікті бағыттарды біздің елімізде пайдалану туралы ұсыныстар енгізу

- бас бостандығынан айыру орындарынан бостандыққа шыққан тұлғаларды әлеуметтік бейімдеудегі еңбекке орналастыру мен тұрмысын жайластырудың рөлін көрсету;

- жазасын өтеп шыққан тұлғалардың тарапынан орын алуы мүмкін рецидивтік қылмыстардың алдын алудағы қоғамдық ұйымдардың қызметін сараптау және оларды жетілдіру бағытындағы тұжырымдарды жасақтау.

Зерттеу жұмысының әдістері және әдістемесі. Диссертациялық жұмыс жалпы қоғамдық ғылымдарға ортақ және арнайы танымдық әдістер: диалектикалық талдау және жүйелеу әдістеріне әлеуметтік құбылыстарды зерттеудің негізгі тұжырымдарына, сондай-ақ құқықтық құбылыстарды зерттеудің әдістемелік іліміне сүйене отырып орындалды. Зерттеу үрдісінде формалдық логиканың ережелері талдау мен қорыту, салыстырмалы құқықтық және статистикалық нақтылы-әлеуметтік әдістер пайдаланылды.

Зерттеудің нормативтік базасын қазіргі қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасының және басқа да құқық салаларының нормалары құрайды. Сонымен бірге, жұмыста әлеуметтану, психология, криминология, құқық қорғау қызметі ғылымдарының әлеуметтік бейімделу мәселесіне қатысты жаңа тұжырымдары және қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғаларды бейімдеудегі құқық қорғау органдары қызметінің жаңа нысандары, әдістері көрініс тапты.

Зерттеу жұмысының эмпирикалық негіздері. Тақырыпты зерттеу барысында бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазасын өтеп шыққан адамдардың бостандықтағы өмір жағдайларына бейімделуіне қатысты теориялық тұжырымдар ғана емес, сонымен бірге еліміздің барлық облыстарында 2000 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан әлеуметтік бейімдеу орталықтарының жүргізген жұмыстарына талдау жасалынды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Маңғыстау облысы бойынша басқармасының ақпараттық - статистикалық материалдары, Маңғыстау облысы жергілікті соттарының жұмыстары туралы негізгі статистикалық ақпараттар пайдаланылып оларға талдау жасалды. Сонымен бірге Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыстар және Астана қаласы бойынша басқармаларының тергеу изоляторлары және арнайы есепке алу саласы бойынша қызметінің 2006-2007 жылдары жасалған жұмыстарының шолуы, еліміздің түзеу мекемелеріндегі тәрбиелік жұмыстардың жәй-күйі туралы шолу пайдаланылды. Сонымен қатар Маңғыстау облысының аумағында орналасқан әртүрлі режимдердегі ГМ - 172 /1, ГМ - 172 /8, ГМ - 172 /10 түзеу мекемелерінде қылмыстық жазасын өтеп жатқандар арасында 250 адамға сауалнама жүргізіліп олардың нәтижелеріне талдау жасалынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы аталған тақырыптың Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, құқық қорғау қызметін ұйымдастыру, қылмыстық-атқару құқығы және криминология ғылымдарының түйісінде, кешенді негізде қазақ тілінде бірінші рет диссертациялық деңгейде зерттелуімен анықталады

Зерттеу жұмысын орындау барысында бас бостандығынан айыру жазасын өтеп шыққан тұлғаларды бостандықтағы өмірге бейімдеу мәселесіне қатысты болып табылатын сұрақтар кешені, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын және құқық қорғау органдарының практикалық қызметіне талдау жасау арқылы мүмкіндігінше кең көлемде зерттелді. Жүргізілген зерттеу жұмысы түзеу мекемелерінен босатылған тұлғаларды бостандықтағы өмір жағдайына бейімдеу жүйесінде қазіргі уақытта орын алып отырған кемшіліктердің себебін ашып, әрекет етуші нормативтік базаны одан әрі жетілдіру жолымен, оларды жою бағытындағы шараларды жасақтап, жүзеге асырудың теориялық негізін ұсынады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Диссертациялық жұмыстың қорғауға шығарылатын негізгі тұжырымдары келесідей.

1. Тұлғаның үнемі өзгерістерге ұшырап отыратын өзін қоршаған ең жақын әлеуметтік ортаға бейімделуін, оның өнегелілік талаптарын, ұстанымдарын, әлеуметтік позициялары мен құндылықты бағдарлар жүйесін қабыл алуын әлеуметтік бейімделу деп қарастыру қажет. Ал қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғалардың қоғамға пайдалы қызметке араласуына, олардың қалыпты әлеуметтік ортаға барынша тығыз кірігуіне кедергі келтіретін объективтік себептерді жою мақсатында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан жүзеге асырылатын қызметті қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу деп түсіну дұрыс.

2. Бас бостандығынан айыру орынынан бостандыққа шыққан тұлғаларды бейімдеу жұмысында аталған тұлғалардың жеке бастарының ерекшеліктері, әлеуметтік-өнегелілік бұзылу деңгейі, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның нақты өтелу мерзімі және т. б. ерекшеліктер толықтай ескерілуі тиіс және аталған тұлғалардың жеке бастарының ерекшеліктеріне қатысты түрде оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатын көздейтін шаралау кешені жасақталып, жүзеге асырылуы талап етіледі.

3. Аталған процестің қарқындылығы тіршілік ортасындағы өзгерістер мен қайта құруларға тәуелді болады, жазадан босатылғандарды әлеуметтік ортаға бейімдеу үрдісі сотталған адамдарды бостандыққа шығаруға өнегелілік, психологиялық және машықтану тұрғысынан дайындауды талап етеді және аталған дайындық жазаны өтеу мерзімі аяқталардан бір жыл бұрын мерзімнен кешіктірілмей басталуы тиіс.

4. Бас бостандығынан айыру жазасын өтеп шыққан тұлғаларды бейімдеу үрдісіне ұйымдасқандық сипат беріліп, оған қатысатын мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілеттіктері мен құзіреттері заңнамалық негізде бекітілуі тиіс.

5. Қылмыстық жазасын өтеп шыққан тұлғалардың кейбір санаттарына қойылатын құқықтық шектеулердің арасында оларға әкімшілік қадағалау орнатып жүзеге асырудың маңызы ерекше, сонымен бірге біздің пікірімізше, берілген өрістегі қатынасты реттейтін заң нормалары тиісті түрдегі толықтыруды, тиянақтауды талап етеді. Қазақстан Республикасының «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы» Заңының 14-бабына әкімшілік қадағалауға алынған адамның қадағалау ережелерін бұзуына байланысты қылмыстық жауапқа тартылуы оған қатысты әкімшілік қадағалауды тоқтатуға негіз саналады деген мазмұндағы толықтыру енгізу қажет.

6. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-атқару жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 наурыздағы заңының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне енгізілген 178-2 баптың мазмұнындағы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның тұрғылықты жеріндегі салық органына мәліметтер беруінің міндеттілігі алынып тасталуы тиіс.

7. Бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны өтеп шыққан тұғаларды бостандықтағы өмір жағдайларына бейімдеуге көмек көрсетудің тәртібін реттеуші қазіргі уақытта әрекет ететін нормалар еліміздің бүгінгі күнгі әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескеріле отырып өзгертілуі және толықтырылуы керек, осы бағыттағы жұмысты тиімді түрде ұйымдастыру үшін шетелдік озық тәжірибелердің жан-жақты зерттелгені дұрыс.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қылмыстық жазасын өтеген тұлғалардың әлеуметтік ортаға бейімделуінің ұғымы мен негіздемесі
Қылмыстық жазасын өтеп шыққандар
Қазақстан Республикасында жазадан босатылғандарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері
Ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырудың құқықтық және әлеуметтік салдары
Бас бостандығынан айырудың қылмыстық құқықтық мәселелері
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАДАН БОСАТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Рецидивті қылмыстылық
Қылмыстың қайталануының жалпы
Қылмыстардың қайталануының жіктелуі
Қылмыстық жазасын өтеп шықан тұлғалардың бостандықтағы өмір жағдайларына бейімделуінің мәселелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz