Мағжан кейін Тоқсанның тобында


Ұлы сібір тайгасы өзінің күнгей-күнбатыс етегі арқылы қазақтың ұшы-қиырсыз Сарыарқасымен шектесіп жатқан тұста Сасықкөл атты суы терең үлкен көл бар. Бір кездерде оның күнбатыс жағын жапырағы жайқалған қалың орман көмкеріп, оның қойнауында бес қабырғалы әсем қарағай үй тұрушы еді. Нақ осы жерде 1893 жылы мал өсірген қазақтың от басында Мағжан Бекенұлы Жұмабаев туған болатын. Бұл төңірек Ақмола губерниясы, Петропавл уезі, Полуден болысы деп аталатын. Қазір бұл Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданы, Мағжан Жұмабаев атындағы кеңшардың аумағы.
Жұмабаевтардың отбасында жеті ұл, екі қыз тәрбиеленеді. 1905 жылға дейін Мағжан ата-анасының қасында болып, үйдегі мектептен оқыды.
1905 жылы Мағжан Жұмабаев Мұхаметжан Бегішевтің медіресесіне түседі. Мұнда ол негізгі пән ретінде жүрген араб, парсы, түрік тілдерін үйренеді, түрік халықтарының тарихын оқиды. Мағжан діни мектепті барлық пәннен жоғары бағамен 1910 жылы бітірді.
1910 жылдың күзінде Мағжан жұмабаев Үфі барып, сол кездегі атақты Медіресе-Ғалияға түседі, бірақ онда бір жарым-ақ жыл оқиды. 1911 жылы Мағжан Петропавлға оралып, қазақтың ірі ғұламасы, Міржақып Дулатовтан орыс тілін үйрене бастады.
1913 жылы М. Жұмабаев мұғалімдік семинарияға түсу үшін Омбыға келіп, оны 1917 жылы алтын медальмен бітіріп шықты. Оқудағы үздік жетістіктері үшін Мағжан талантты қазақ балаларына деп “Потанин қорынан” бөлінген степендияны алып тұрды.
М. Жұмабаев 1918 жылы Омбыда қазақ мұғалімдерін даярлайтын курс ашып, өзі оның тұңғыш директоры болды. 1919 жылы Омбыда “Бостандық туы” деген тұнғыш қазақ газетінің редакторы болды. Келесі жылы курста, редаккция да Петропавлға көшірілген болатын. Мағжан мұнда да оларды басқарып тұрды.
1922 жылы М. Жұмабаев қазақ-қырғыз ағарту институтында сабақ беру үшін Ташкетке шақырылды. Онда Мағжан “Сана” және “Шолпан” журналдарының жұмысына тығыз араласып, бұларда өзінің жыр, дастандары мен зерттеу жұмыстарын жариялап тұрды.
20 жылдардың аса ірі әдебиет зерттеушілері болған Ж. Аймауытов пен Р. Тоғжанов, М. Жұмабаев та қазақ әдебиетіндегі байронизмнің негізін қалаушы, тұңғыш романтикалық дастандарды тудырушы деп атады. Оның ең танымал болып кеткен шығармалары: “Батыр Баян”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Қорқыт”, “Оқжетпестің шынында”, “Ескі ертегілер”, “Жаңа ертегілер”.
1923 жылы оқу-ағарту халық комиссары А. В. Луначарскийдің шақыруымен ақын Мәскеуге келіп, Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде шығыс тілдерінен сабақ береді. Астанада Мағжан “Восток” баспасының жұмысына белсенді түрде қатысып, орта және орталау қазақ мектептеріне арналған оқулықтар құрастырады, ал кешкілік уақытта Жоғары әдебиет институтында В. Я. Брюсов жетекшілік еткен курста оқиды. Валерий Брюсовтың өзі оқыған дәрістерді тыңдап, сонымен бір мезгілде “Ересектерге арналған қазақ тілінің әліппесі” дейтін кітабын жазумен шұғылданады.
М. Жұмабаев орыс және қазақ халықтарының рухани байланысын тереңдетуге және жаңа сапамен толтыруға орасан зор үлес қосты. Мамандығы жөнінен орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы болған ол классикалық мектептің педагогы ретінде ұлы орыс жазушылары мен ақындарының шығармашылығын игеруге зор рөл атқарды. Ол М. Горькимен, А. Луначарскиимен, С. Есенинмен тығыз байланыста болған. М. Жұмабаев энциклопедиялық білім иесі еді, ол көп тілдерді: орыс, араб, парсы тілдерін, сондай-ақ түрк тілдерінің, оның ішінде көне түрк тілдерінің барлық диалектілірін жетік білетін.
1927 жылы Мағжан Петропавлға оралып, оқытушылық қызметпен шұғылданады. 1929 жылы М. Жұмабаев Алашорда партиясының 42 мүшесімен бірге тұтқынға алынды. Сот үкімі бойынша ол 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын Карелияда, саяси тұтқындарға арналған белгілі Соловки лагерінде өтеді.
Мағжанның тағдырына оның жары Зылиқа ортақ болды. Ол өзінің бүкіл өмірін сүйікті жарына, талантты ақынға арнады. Жеті жыл лагерьде отырған Мағжанға Зылиқа 14 рет барды, оны босатып алуға күш салды. Ері қай тыс болғаннан кейін өз өмірінің соңғы күндеріне дейін ақынның өлеңдерін жинап, сақтап келді.
1936 жылы М. Жұмабаев мерзімінен бұрын босатылды, алайда бұл босау шартты ғана болып шықты. Мағжан азаматтық құқықтарынан айрылған еді, оны еш жер жұмысқа алмады, еш жер өлеңднрін баспады.
1937 жылдың наурызында Сәкен Сейфулииннің шақыруымен Мағжан Алматыға келеді. Бірақ бұл сапары қайғылы аяқталады. 1937 жылғы 30 желтоқсанда ол тағы да тұтқындалды. 1938 жылы 15 наурызда атылды.
Қазақ және орыс әдебиетінің зор тұлғалы өкілдерінен айтарлықтай жоғары баға алған ақын өлген соң болса да ақталды. Күш-қайраты мен талантының толысып тұрған шағында қаза тапқан М. Жұмабаевтың шығармашылық мұрасы бүгінде ел игілігінде айналып отыр. Бұл өзі көп ұлтты Қазақстанның ғана мәдени өміріндегі аса ірі оқиға емес, өйткені ұлағатты сөз суреткерлерінің шығармашылығы дүниежүзілік мәдениеттің мұхитына тасқындап келіп құйылады да ұлттық шекара дегенді білмейді.
Өлеңдері. Ақын-талант. Талант тумыстан . . . Ақындық бара-бара, өсе келе жетіледі. Демек, ақынның адам ретіндегі жеке өз қара басына тек қана өзінің құдай жаратқан туасы тарихи болмыс-бітімін мұқият ескере отырып, оның ақындық, яки шығармашылық тағдырына тек қана ол өмір сүрген уақыт пен кеңістік тұрғысынан келу шарт. Ал, социолистік реализм принциптерін заңға айналдырған біз ақынға да, ақындыққа да тек қана таптық тұрғыдан қарадық. Мағжанның “тапқа, жікке бөлінбеген қазақ ішінде туып-өскенің” (Аймауытов) ескермедік. Сондықтан да оған төменгі тапты жоғарғы таптан ажыратпадың, бәрін бірге қоса жырладың, кедейдің сойылын соқпадың, ендеше сен “байшылсың, ұлтшылсың” деп қолы бір-ақ сермедік. Мағжан кейін “Тоқсанның тобында”:
“Сөздің тоқтар түйіні:
Бұл тоқсанның жиыны,
Осы армансыз білгенім.
Тоқсаннан сонау он аулақ,
Сонау оннан мен аулақ,
Мен тоқсанмен біргемін”-
дегеніне сенбедік. ”Құмдыкөл басы қара құрт, қара құрт емес, қалың жұрт”-бұл, мәселен, жүз қазақ болса, соның тоқсаны-кедейлер; бұл араға келмеген он қазақ-байлар; маған керегі-анау он емес, мынау тоқсан, мен осы тоқсанмен біргемін деп тым қарабайырлау болса да “соқырға таяқ ұстатқандай” ап-ашық айтса, біз иланбадық.
Мағжанның ақындық әлемінің ерекшелігі неде?
Ең басты ерекшелігі-Мағжанда тап жоқ: бай, кедей-қанаушы, қаналушы деген ұғымдар оның миына да кірмейді. Бұлар бір-біріне қарама-қарсы, бай-кедейдің дұшпаны деп білмейді. Ақынға керегі -бұлардың алауыздығы, бір-біріне қарама-қарсылығы емес, бірлігі, ынтымағы. Мағжан адам мен қоғамды, ел мен жерді ешқандай тапқа-топ пен жікке бөлмей түгел құшақтап сүйеді. Оның “неге екенін өзі де білмейді”:
“Менің бір қарт анам бар,
Неге екенің білмеймін-
Сол анамды сүйемін.
Жабайы ғана жарым бар,
Неге екенің білмеймін-
Сол жарымды сүйемін!
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін-
Сол елімді сүйемін!
Сарыарқа деген жерім бар,
Неге екенін білмеймін-
Сол арқамды сүйемін!”
(“Сүйемін”)
Сонымен, Мағжанда “тап” емес, “ұлт” қана бар: Қазақ-Алаш! Ол таптан ұлтты биік қояды. Ол өзінің ұлтымен мақтанады: “Қалың елім, қалың қара ағашым; Қайраты мол айбынды ер, алашым!” Ол өзін Алаш үшін құрбан етуге бар: “Не көрсем де Алаш үшін көргенім; маған атақ ұлтым үшін өлгенім!” Ол өзінің Омбы түрмесінде жатып жазған өлеңінде:
“Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
“Қарашығым, құлыным!”-деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым”.
(“Сағындым”)
Ең алдымен Даланы яки табиғатты жырлады. “Табиғатты Мағжаннан көп, онан артық суреттеген қазақ ақыны кем де кем шығар, -деп жазды Ж. Аймауытов. Табиғат қойнында туып, табиғат анасының бауырына өскен жігіт . . . табиғатты дәріптеген соң, оның қойнындағы елді, жұртты айтпай тұрсын ба?”
Әрине, жырлаудың да жырлауы бар. Мағжан қазақ тағдырын психологиялық параллелизм арқылы табиғатпен астастыра келе оның бүгінгі қалпы мен халінен түңіле, кешегі тарихына үніле толғайды. ”Қазағым, таянды ғой қылта мойын; жер, мал кетіп, бос қалды біздің қойын. Қарашы өзіңе-өзің көз жүгіртіп: жараспас бұдан былай күлкі -ойын” деп келеді де, өзі өмір кешіп, тіршілік етіп отырған дәуір шындығынан жылт етер жарық сәуле таппай, оның күнгейі емес көлеңке жағын ғана көріп, “күлкі-күлкі”, ”ойын-ойын” ба, тіпті қабағын қарс жауып алып, елі мен жерінің қазіргі халіне қабырғасы қайыса сарнайды да зарлайды:
“Сауықшыл есіл елім-ай,
Сарыарқа сайран жерім-ай!
Күмістей таза суы бар,
Айдын шалқар көлім-ай!”
(“Жаралы жан”)
Мағжан романтизмі -Абайдан кейінгі қазақ поэзиясының омырауына тағылған алтын алқа. Сонымен қатар “Мағжан -еліктегіш ақын. Еліктеу ақынға мін емес, қандай күшті ақындар да алдынғы ақындарға еліктемейжаза алмаған” деген Жүсіпбекті құптап, Мағжанның өлең өлкесіндегі алғашқы адымдарында Міржақыптан үлгі алып, Абайға еліктегенің айтсақ, бұл тұста ол, қанша дегенмен, сол еліктеудің “тар шеңберінде” қалғанын аңғарар едік. Қараңыз:
“Масатыдай құлпырған жердің жүзі,
Аяқ бассаң-табанға өтер сызы. ”
(”Күз”)
”Талапсыз, бақсыз мен сорлы,
Бір ісім оңға бармаған.
Мен не жаздым о ғұрлы,
Тәңірі мұнша қарғаған?”
(”Мен сорлы”)
Осы өлеңдердің барлығында да Абайдың әсері бар: бірінші үзіндіднгі бірінші жол Абайдан (”Жазғытұры”) жолма-жол алынса, екінші үзіндідегі бірінші жолда (“Татьянаның Онегинге жазған хатынан”) Қаз-қалпында жазылған.
Адам бойына тұншыға бұлқынған бұла сезімдерді осынша асау арнмен, еркін тыныспен сыртқа шығарып, сұлу да сылқым жырға айналдырған сыршыл ақын қазақ лирикасына тағы бір жан тебірентерлік жаңа, таза ағыс әкеп қосқандай, оның жылылығын еселеп, нәзіктігін тереңдете түсті. Мағжан махаббат жырына осындай тұтқындағыш күш дарытып, шебер игерді. Ендігі махаббат лирикасының байырғы қара өлең өлшемімен жазыла тұрса да өрімі бөлек, адамға берер әсері ерек еді:
“Бота көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім,
Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін!
Гүлсім-күн, көкте ақырын жүзе білер-
Сүйдіріп, күйдіргенің қайдан білсін!”
(“Гүлсім ханымға”)
Мәдениеті биік болғанымен мәні бұлдыр, идеялық бұлтағы мол, жұмбағы көп символизм Мағжанға кейде тіршіліктің ішкі тынысын жиып қойып, сыртқы дыбысын жырлатты. Ал енді бар ма, міңсіз орындалған соң тіпті осының өзі де қазақ поэзиясына соны машық, әдемі айшық боп енді:
“Сылдыр, сылдыр, сылдыр . . .
Қанымды қайнатты құрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпара тапқан боп сыңғыр!
Сылдыр, сылдыр, сылдыр . . .
Өзекті өрттеді құрғыр.
Әдейі іргеден жүреді
Сұлу қыз санадан солғыр!”
(”Шолпы”)
Мағжан лирикасы қазақ поэзиясының жаны мен жүрегі секілді кезеңді құбылыс екенін және Абайдан кейінгі абайшыл алыптардың аралығындағы алтын көпір екенін жоққа шығармайды.
Поэмалары. Мағжан онға тарта поэма жазды. Бұлардың да негізгі тақырыбы- бүгінгі шындық емес, алаштың ерте күндердегі ерлік тарихы, ел аузындағы аңыз, жұрт жадында сақталған әралуан қиял-ғажайып ертегі. Поэманың кең көлемді эпикалық түріндегі тырнақалды тұнғыш туындысын тұп-тура “Ертегі” деп, тағы біреуін тіпті ”Өтірік ертек”, ”Шын ертек” (”Жүсіп хан”) деп атаған.
“Ертегі” дастанының бас кейіпкері- “тұлпардың тұяғы” дегендей, әйгілі Абылай хан тұқымы, - “жап-жас Сыздық қорғамақ бап қазағын, ту көтеріп, қарға іледі садағын”; ондағы ойы Кеңесарының ерлігін жалғастырып, оның қапыда жауға кеткен кегін қайтару. Осы мақсатпен ол: “Алты алашым, енді маған ер! -деген, бірақ алыс-жұлыстан әбден шаршаған Алты алаштан алты адам ермеген”. Енді не істеу керек? “Қайран Сыздық . . . елден, үйден безеді. Жатып өлмей, жортып жүріп өлем деп, Түркістанның бетпақ шөлін кезеді . . . ”.
“Ертегі енді басталады:
Ертек, ертек, ертек, ертек-ерте екен,
Сыздық ердің жүрегі шер, дерт екен . . . ”
(“Ертегі”)
Дастанның ендігі оқиғасы -жеті қараңғы түнде жападан-жалғыз қамыс арасында отырған Сыздыққы саусақтарын жеңіне жасырып, өзі ай мен күндей сыланған сұлу келіншек боп келген Жезтырнақтың шайтандығы мен сайқалдығы. Екеуі арбасады, Сыздық Жезтырнақты садақпен атып өлтіреді. Бұл тұста поэма мазмұны кезінде Халел Досмұхамедов саралаған кәдімгі демонологиялық сипатқа көшеді. Дегенмен, ақынның аталған жанрдағы тұңғыш тәжірибесі болған соң шығар, оқиға композициялық жағынан бірігіп -кіріге алмаған. Тақырып та жете игерілмеген.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz