МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ӨЛШЕМДЕРІ


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 43 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Диплом жұмысының өзектілігі. Туған халқын жан жүрегімен сүйгендігі үшін, оның тұрмыс-тіршілігін, арман-аңсарын сөз өнерінің құдыретімен айшықтап жырлағаны үшін жазықсыз жазаланған Мағжан Жұмабаев шығармалары Кеңес үкіметі кезінде біраз уақыттар бойы «Қамауда» болған. Заман өзгеріп, ұрпақ алмасты. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды», «Таза мінсіз асыл тас, су толқыса шығады» дегендей, өмір толқындары Мағжанды да қайтадан жағаға шығарды. Сталиндік зұлматтың отызыншы жылдардағы құрбандары болған Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Дулатовтармен бірге араға жарты ғасыр салып М. Жұмабаев та халқына қайта оралды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тірілді десек осы жерде артық бола қоймас. Сөйтіп, ғасырда бірақ туар қазақтың біртуар ұлы ақыны Мағжанның сырлы сөздерімен, асыл ойларымен әсем өрнектелген әдемі өлеңдерінің қыр-сырына толық үңіліп, көздің қарашығындай сақтау, өсер ұрпаққа сол қалпында жеткізу.

Зерттеу нысаны. Сиқырлы сөзімен халықтың сусынын қандырған өлеңдері мен поэмалары. Мағжан Жұмабаев шығармаларын зерттеуге арналған көрнекті ғалымдардың еңбектері.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Ақынның ерікті-еріксіз өз заманының тонын киген, өз әлеуметінің мұңын жоқтаған нағыз дара тұлға екенін ұрпағына паш ету. Өзімен бірге артынан өшпес мол мұра қалдырған ақынымыздың өлеңдері де өз алдына бір төбе екенін ескеріп, ақын поэзиясына өзіндік өлшемдері мен тіл өрнектерін зерделеу, жан-жақты талдау, ақынның ақындығын үстінен қарап топшыламай, ішіне кіріп зерттеу. Бұл мақсатқа жету үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:

  • Мағжан Жұмабаев өлеңдерін саралау;
  • Өлеңдер өлшемін анықтау;
  • Ақынның өз өлеңдерінде қолданған троп, айшықтау, айқындпу түрлерін көрсету;
  • Заманымыздың алтын дінгегіне айналған ақынымызға лайықты баға беру.

Диплом жұмысының дереккөздері.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Ақынның поэзиясын зерттеп зерделеу барысында біз Мағжан Жұмабаевты өзіне дейінгі қазақ ақын-жазушыларының тілінде бұрын-соңды кездеспеген тың жаңалық иесі ретінде таныдық. Әсіресе, Мағжанның «Біраз Фетше» деп аталатын екі буынды өлшеммен өрілген өлеңі қазақ поэзиясының тосын өрнек кестесін алып келді. Сол сияқты ұйқас түрлеріне енгізген жаңалықтары - өз алдына бір төбе. Ақын поэзиясының басқа да компоненттері сияқты өлең ұйқастарының да өзінен бұрынғы поэтикалық формалық дәстүрмен жазылған және жаңашылдық жақтары да бар. Мағжан Жұмабаев ХХ ғасырдағы басқа қаламдастардан осыларымен ерекшеленетін болса, зерттеу жұмысымызда оны нақты дәлелдермен көрсеттік.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы: Зерттеу нәтижелерін оқушылар мен студенттерге білім беру барысында жоғары оқу орындарында және мектеп қабырғаларында әдістемелік құрал ретінде қолдануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. (кем дегенде 3 түйін)

Зерттеу әдістері: Зерттеу барысында баяндау, сипаттау, жинақтау, салыстыру, талдау тәсілдері қолданылды.

Жұмыстың құрылымы: Бұл жұмыс үш бөлімнен, яғни кіріспе бөлім, негізгі бөлім, қортынды бөлімдерінен тұрады. Негізгі бөлім екі тараудан және әр тарау үш тараушадан құралған. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.

1 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ӨЛШЕМДЕРІ

1. 1 ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНА ТӘН ҰЙҚАС ҮЛГІЛЕРІН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ - МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр бойындағы жарық жұлдыздарының бірі - Мағжан Жұмабаев. Қазақ топырағындағы жыр-өрнек үлгісін өз үнімен байытып, ақындық болмысы жарқырай көрінген Мағжан Жұмабаев қаламынан туған асыл қазыналар халық үшін таусылмас әдеби мұра. Оның өрнекті өлеңдерінің құпиясын тану үшін, оның әр шумағын, әр жолын ой көзімен оқып, ерекше бір сезіммен қабылдай білу қажет. Сонда ғана ақынның сырлы ой-сезіміне бойлай, сырты сұлу, іші бай мазмұнды, жұмыр жырды түсіне аламыз. Мағжан поэзиясынан оның суреткерлік шеберлігін, ақындық ой-асқақтығын, көркем тіл-үлгісін, стилінің ерекшелігін, кең тынысын көреміз. Мағжан поэзиясынан бейнелеп айту, көркем айды сұлу суреттеп, өзіне тән айшықпен өрнектей отырып, құлаққа жылы үнмен сыртқы, ішкі сұлулықтың нәзік жібін қатар тартқан тамаша лирик ақын болғанын аңғарамыз. Ақын сөзінде кездесетін әдемі әуен, сыршыл ырғақ кейде жүректі тебірентіп, толқытын, кейде мұңға батырады, алыс арманға көктеп, кейде мына әлемнен басқа әлемді ұғындырады, дүниенің қаттылығы мен тәттілігіне тәнті етеді. Мағжан жырларын қайта-қайта оқыған сайын сөз өнерінің көркемдік меруертін сезінесің. Шынайы таланттың жан тебіренісінен туған сөз меруерттері сұлу, сиқырлы қалпында ғасырларды аттап өтіп келешек өмірмен тығыз жалғасып жатады. Сөз құдіреті деген осы! «Қарасуды теріс ағызған» деген сияқты бұдан артық қандай құдірет керек?

Ақын не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсың. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма - бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады, әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде жігер береді.

Мағжан өлеңдерін сөз еткенде оның өлеңдерінен құр ғана үйлескен сөзді көрмейсің, ақынның ішіндегісін әйгілейтін айнасын көресің. Ақын қазақ өлең өлшемдеріне жаңалық енгізді, өлең техникасын жетілдірді. Бірақ ол жаңа форма, жаңа пішінді басқалардан ерекшеленейін деп іздемеген. Өмір сырын тереңірек түсіну мақсатында жазып келген. Мағжан өлеңдерінде араб, түрік, татар, қырғыз сарындары да естіледі. Бұл да қазақ тілін жаңалауға ақын тарапынан қосылған үлес деп білеміз [1, 52 б. ] .

Ақын өлеңдерінің тамаша өрнектері мен өлшемдеріне тоқталмастан бұрын, алдымен өлең және өлеңнің құрылысы жайлы сөз еткен жөн. Өлең сөз адамға өзінің ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілік мәнімен ғана емес, айтылу қалпы, әсем үнділігімен де әсер етеді. Сөздің ұғым-түсінік беретін мәнін, бейнелі мағынасын оның өлеңдегі ырғақ-үнділігі, әуезділігі сан түрлі рең беріп толықтыра түседі. Тіпті өлеңді сөйлей айтпай, іштей оқығанда да, оның үні, әуезділгі, ырғақ-интонациясы, үйлесімі адам жанына қалай да әсерін тигізбей қоймайды. Мұны қандай ақын болсын тәжірибе жүзінде-ақ анық байқайды. Сондықтан олар өлең сөздің Абай айтқандай «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», айналасы теп-тегіс, жұмыр келуін қалайда құнттайды.

Әрине, өлең сөздің әуезділігін арттыруға ұмтылу - құр әсемдік қуу емес. Ол үшін өлең сөздің ырғағын мөлшерден тыс өрнектеп, дыбыс үндестігін бірыңғай қуып кетуге де болмайды. Бұл міндет өлең сөздің барлық мүмкіншілігін, мағыналық, бейнелілік, ырғақ-интонациялық, дыбыстық байлығын бір-бірімен сабақтас, жалғас алып пайдаланғанда ғана, көркем түрді мазмұнға бағындыра білгенде ғана толық, дұрыс жүзеге асады.

Өлең сөздің табиғаты, оның қара сөзден бөлек, мөлшерлі ырғақ, өрнегі болатыны, осындай өлшеуліктің сыры, қажеттілігі жайлы талай ғалым-зерттеушілер, әдебиетші-ойшылдар пікір қозғаған. Кейбір әдібиетші, жазушылардың күнделікті сөйлеу тілінің қалпын өзгертудің, өлшеулі тармақ, шумақ, ұйқастарды қолданып, өлең сөздің ырғағын шектеп, белгілі шеңберден шығармай қоюдың қандай қажеті бар деп шүбәланған кездері де жоқ емес [2, 132 б. ] .

Ұйқас - өлең-жырларды тармақтың (өлең жолы) соңындағы бірнеше буынның келесі тармақтағы сәйкес буындармен үйлесуі (дыбыс үндестігі) . Ұйқас өлеңдегі әр жолдың, тармақтардың шек-жігін айқындай түседі. Сөйтіп өлең сөздің ырғағын күшейтуге себін тигізеді, өлеңнің әуезділігін арттырады. Ұйқастың түрлерін жіктеп-ажыратқанда алдымен оның сапасы, яғни ұйқасқан сөздердің өзара қаншалықты үйлесетіні еске алынады. Бұл жағынан қарағанда, ұйқасты қазақ поэзиясында, мысалы, толымды ұйқас, толымсыз ұйқас деп бөледі (орысша - точная рифма, неточная рифма) .

Ұйқас өзара үйлескен тармақтардың кезектесу ретіне қарай сан түрлі болып келеді. Ең көп кездетін ұйқастар: егіз ұйқас (аа) , шалыс ұйқас немесе кезекті ұйқас (абаб) , қаусырмалы ұйқас немесе орама ұйқас (абба) . Соңғысы орыс поэзиясында жиі қолданады, ал қазақ поэзиясында өте сирек. Қазақ поэзиясында аса мол кездесетін ұйқас әдетте қара өлең ұйқасы деп аталатын асқақ ұйқас (ааба) . Бұл әсіресе он бір буынды өлең өлшемінде үнемі дерлік қолданылады. Өлеңдегі бірінші, екінші және төртінші тармақ бірыңғай ұқсайды. Қазақ поэзиясындағы жыр ұйқасы да өзінше құрылады. Мұны кейде шұбыртпалы ұйқас деп атайды. Жыр ұйқысының басты өзгешілігі - бір ұйқасты үйлестіру. Көбіне негізгі ұйқасқа (желілі ұйқас) қосымша, жанама ұйқас ілесіп, қосарланып отырады [3, 343 б. ] .

Жыр дүлділі М. Жұмабаев өлеңдерінің өн бойынан ұйқастың екі бағытта жазылғанын байқаймыз. Біріншісі, өзіне дейінгі Абай сынды ақындардан қалған дәстүр жалғастығы және Мағжанның жүрегін жарып шыққан, яғни Мағжан қаламынан туған ұйқас үлгілері.

Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі ұйқас түрлері

Қара өлең ұйқасы - төрттармақтың бірінші, екінші және төртіншісі бірыңғай ұйқасады. Ұйқас өрнегі а а б а болып келеді. Қара өлеңде осы ұйқас қолданылғандықтан солай шартты түрде аталып жүр. Ал шынында бұл ұйқас әр алуан өлең шығармаларында кеңінен қолданылады. Бұл ұйқас үнділігі, әуезділігі жағынан мейлінше келісті, кең тынысты, мағыналық жағынан сыйымды келеді. Өлең шумағындағы төрт тармақтың үшеуі бірыңғай ұйқасуы дыбыстық гармония, үйлесімділік толықтығы жағынан әбден жеткілікті [3, 207 б. ] . Мысалы, бұл ұйқас түрін М. Жұмабаевтың «Туған жерім − Сасықкөл» өлеңінен байқауға болады:

Сыртыңда ақ боз үйлер жарасқан көл,

Байларың кедейлерге қарасқан көл.

Ағайын тату-тәтті − қоныс бірге,

Саулықты сағат сайын сұрасқан көл [4, 16 б. ] .

Сондай-ақ, «Есімде . . . тек таң атсын» және «Өмір» өлеңдерінде де ақын осы ұйқасты қолданған:

Сайланып сол мезгілде шықтық жолға,

Қыранша көз жүгіртіп оң мен солға.

Ақ найза алты құлаш белге байлап,

Айнымас алдаспанды алып қолға [4, 30 б. ] .

Іңгалап, аузын ашып жылап түсер −

Төменге биік таудан құлап түсер.

Денесін дал-дұл қылар қия тастар,

Шұңқырға сол жылаумен сұлап түсер [4, 118 б. ] .

Ал мына өлеңдерін алатын болсақ:

Өтер өмір − қайғырармыз, күлерміз,

Өтер өмір − сарғаярмыз, кеберміз.

Өтер өмір − қартаярмыз, өлерміз,

Бірте-бірте құрып, шамдай сөнерміз.

(Ж . . . ға) [4, 103 б. ]

Құйылып тұрды көктен жұмақ нұры,

Құбылып хор дауысындай құстар жыры,

Таласып аспан-көкке алтын тауы,

Арқаның суы − күміс, жібек − қыры.

(Есімде . . . тек таң атсын!) [4, 30 б. ]

Жүрген жанның артында ізі қалар,

Етікші өлсе, балға мен бізі қалар,

Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,

Шешен өлсе, артында сөзі қалар!

(Алтын хакім Абайға) [4, 13 б. ]

Сұм өмірде алданармыз, сүйерміз,

Айрылармыз сүйген жардан, күйерміз.

Қасірет басар, сарғаярмыз, өлерміз,

Көр құшақтап, бір күн кебін киерміз.

(Қарындасқа) [4, 201 б. ]

Бұл өлеңдерінде ақын шұбыртпалы ұйқасты қолданғанын көреміз. Яғни, шұбыртпалы ұйқас дегеніміз - төрттармақтың бәрі де бірыңғай ұйқасатын түрін айтамыз. Оның өрнегі а а а а болып келеді.

Келесі ұйқас түрі ерікті ұйқас болып табылады. Ерікті ұйқас − қалыптасқан өлең өлшемін берік сақтамай, тармақтардың ырғағын еркін өрнектейтін өлең түрі. Ұйқас өрнегі а б в г б . . . болып келеді. Бірақ көлемі, ырғақ-өрнегі әр түрлі тармақтар еркін топтастырылады [3, 140 б. ] . Бұл ұйқасты біз ақынның «Еділде», «Алатауда» деген өлеңдерінен кездестіреміз. Мысалы:

Ойнап тұрған оқадай,

Еділдің беті ақ ала!

«Ақ аласы не?» − десем:

Ылғи шаңқан шағала.

Суды сүйген сары алтын

Сәуле ғой сүйген бағана!

Кемеміз көлбеп келеді

Жібектей жасыл жағаға.

Шөккен бұйра бұлттай

Астрахань жатыр сағада;

Көрген соң оны ой көшті,

Ертедегі Асан ағаға [4, 172 б. ] .

Иір-иір Алатау

Бұйра-бұйра жал ма екен?

Қарасам көзім талады-ау

Қияңа, асқар Алатау

Бөлек-бөлек бала тау-

Етекте шөккен нар ма екен?

Желкеңдегі, ару Алатау,

Жәуһардан тізген жал ма екен? [4, 164 б. ]

Кезекті ұйқас та ақын өлеңдерінде қолданыс тапты. Кезекті ұйқас - бірінші мен үшіншінің және екінші мен төртіншінің бір-бірімен сәйкес ұйқасып келуін айтамыз. Ұйқас өрнегі а б а б болып келеді. Бірақ бұл ұйқас түрі Мағжан өлеңдерінің кейбір шумақтарында ғана кездеседі. Мысалы, «Жас сұлуға» өлеңінде мына бір шумағында кезекті ұйқасты көреміз:

Мен ақынмын − ағынмын,

Сылдыраймын, сүйемін.

Мен ақынмын − жалынмын,

Шапшып көкке тиемін [4, 93 б. ] .

Сонымен қатар, «Жауға түскен жанға», «Орамал» өлеңдерінің ішінен де осы ұйқас түрін байқай аламыз:

Өрнек болар мұндай іс

Кейінгі жанған жастарға:

Қайраттанып, күйіп іш,

Азуын шайнар қастарға [4, 50 б. ] .

Жылы жүзді жаны жоқ,

Қалада жүдеп жүр ме екен?

Жақыны жоқ, жары жоқ,

Жалған оған көр ме екен? [4, 34 б. ]

Ал келесі мысалдарды қарастыратын болсақ:

«Дәрігер, дәрі, бақсы!» деп,

Алмаңдаршы мазаны.

«Тірліктен өлім жақсы!» деп,

Сұраймын өзім қазаны.

(Ауру) [4, 120 б. ]

Ботамды көрдім түсімде

Қырмызы моншақ тағынған.

Ботамды көрдім түсімде

Атасын боздап сағынған.

(Ботамды көрдім түсімде) [4, 178 б. ]

Уф, алла! Жан болды ма бізден мұңлық?!

Дариға! Не көрмедік, не көрмедік?

Көргенше сонша қорлық, сонша зорлық,

У ішіп, отқа түсіп неге өлмедік?!

(Түн еді) [4, 100 б. ]

Бұл мысалдар кезекті ұйқасқа ұқсас шалыс ұйқас түріне құрастырылған. Демек, шалыс ұйқас дегеніміз - төрттармақтың әрбір тармағы бірінен соң бірі ұйқасқан түрін айтамыз. Ал бұл ұйқастың өрнегі а б а б болып келеді.

Келесі ұйқас түрінің бірі − егіз ұйқас. Егіз ұйқас - төрттармақтың алғашқы екеуі және соңғы екі тармағының бір-бірімен сәйкес келуін айтамыз. Оның ұйқас өрнегі а а б б болып келеді. Мысалы, бұл ұйқастың көрінісін «Ой» және «Күзді күні» деген өлеңдерінен байқауымызға болады.

Ой деген у − ауызға алсаң, қандырар,

Ой деген у − жанды есінен тандырар.

Ой деген у − ішсең мас боласың,

Ой деген у − ішсең де соласың [4, 138 б. ] .

Жалғыз жатып ойланам,

Күңіреніп, толғанам,

Балдан тәтті өмір не?

Қорқынышты өлім не? [4, 137 б. ]

Бұл ұйқас түрлерінен басқа Мағжан өлеңдерінде кездесетін түрі аралас ұйқас болып келеді. Бұл жаңа ұйқас түрінің бірі болса да, ақын өлеңдерінде кездеседі. Дегенмен, көп емес. Ал аралас ұйқас дегеніміз - қазақ поэзиясында ұзынды-қысқалы әр түрлі тармақтар шумақ ішінде белгілі тәртіппен реттесіп келетін өлең өрнегі. Мәселен, «Сүйгенім анық» өлеңі осы ұйқасқа құрылған:

Көрдім де келдім,

Қолымды бердім:

«Сүйем сені, сұлу қыз

Жүрегім жанып,

Сүюім анық,

Куә болсын көп жұлдыз!» [4, 92 б. ]

Көріп отырғанымыздай, бұл ұйқастың өрнегі аралас болып келеді. «Александр Блок» өлеңінде де бұл ұйқасты байқаймыз.

Күндерде бір күн,

Түндерде бір түн

Улы балды бітті жыр.

Төсекте Блок

Көз ашып көред, −

Алдында бір кемпір тұр [4, 132 б. ] .

Қорытындылай айтатын болсақ, Мағжан Жұмабаев өлеңдерінде ең көп қолданылатын ұйқас − қара өлең ұйқасы болса да, басқа да ұйқас түрлері қалыс қалмады. Ақын өлеңдерінде ұйқастың барлық түрлерінің кездесуінен оның жан-жақты әрі поэзиясы сан қырлы екенін көрдік. Сондықтан оның осы қыры поэзияны жаңа деңгейге көтерді. Бұны біз ақын өлеңдерінен анық байқадық.

1. 2 М. ЖҰМАБАЕВТЫҢ ҰЙҚАС ТҮРІНЕ ЕНГІЗГЕН ЖАҢАЛЫҒЫ

М. Жұмабаев Абай тәжірибесін бойына сіңірген де, өзімен қатар өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфулин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және Сәбит Мұқанов шығармаларына мүлдем ұқсамайтын, соңы, тың жол салған.

Ақын поэтикасының басқа да компонеттері сияқты өлең құрылысының да өзінен бұрынғы поэтикалық формалық дәстүрмен ұқсас және ұқсас емес, яғни мирасқорлық және жаңашылдық жақтары бар. Бұлай болуы заңды да. Сондықтан бұл мәселеде Мағжан Жұмабаев поэзиясына нақтылы қатынас жасасақ, оның дәстүрлі өлең формаларын өте орынды, әдемі жалғастырып, бұларға жаңа мазмұн беріп, байытқан жарықтары да, тағы бір тараптан ақынның қазақ өлеңін XX ғасырдағы басқа да қаламдастары сияқты формалық жақтан түрлендіріп, құлпыртқан жерлері де бар [2, 131 б. ] .

« . . . ға» өлеңінде алғашқы он бір буынды шумақ он тармаққа созылса, кейінгі шумақтар дәстүрлі төрт жол, қара өлең ұйқасымен дамытылады. Алғашқы шумақтың ұйқас кестесі мынадай: а-а-б-а-в-а-г-а-д-а; Төрт жолдан кейінгі жұп тармақтар қара өлеңнің соңғы екі жолындағы үндесу заңына сәйкес түрде келе отырып, әлі біте қоймаған сөйлем үрдісін үдемелі ырғақпен бейнелейді. «Мешіт һәм абақты» өлеңінде бұл өлшем тұтас сипат алмаған, ара-тұра ұшырасады.

а-а-б ұйқас кестесі «Сүйгенім анық» өлеңінде бес, жеті буын араласымен келсе, «қайың» атты өлеңде бес, төрт буын үйлесімімен өзгеше ұйқас түзеді:

«Қайғылы қайың!

Аяныш жайың.

Сыбырлайсың,

Дірілдейсің,

Еңкейесің,

Күбірлейсің,

Ызғарлы жел

Соққан сайын.

Үскірік аяз

Болғандай аз,

Қар да басқан

Кебінге ұсап.

Сүйекке өтер

Суық құшақ . . .

Қашан қайың,

Жетеді жаз» [4, 92 б. ] .

Арнау түріндегі, әуендік табиғаты зор, символдық бағынадағы шығармада дыбыстар тоғысуы а-а-б-в-г-в-д-ж-а-//а-а-б-в-г-в-д-а өрнегі бойынша жүзеге асады. Тармақ саны: 9, 8, 9, 7. Ерікті ұйқастың жалпы тізіліміне тұтастық беретін тұтқа дыбыс үндестігі бар («Қайғылы қайың! Аяныш жайың. Соққан сайын. Қашан, қайың! Қайғылы қайың! Қалың уайым. Бір құдайың») .

Ендігі бір туындыда («Көңілді ашар») әлгіндей 5-7 буын араласы а-а-б-в-в-б-г-г-б-д-д-б-е-е-б нысанды болып ұштасады. Үш тармақты шумақтардың соңғы жолдары қиюласқан.

«Жыл мезгілдері» өлеңінде алты буын екі бунақ (3+3) кестесі «Самалық, Самалық» тіркесін қайталай қолданғандай айқын түзілім тапса, «Көк құс көзін ашты ма, Аяғын жерге басты ма?» дегенде жеті буын өлшеміне ойысады (4+3) . Бірақ ой екпіні мене өлең кестесі төмендегідей: а-б-в-в-б-г-д-г-д-а. Өзінше сирек өрнек. Аралас я ерікті ұйқас екенін ажырату қиын.

Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы сегіз буынды өлең өрімінің ұйқас жүйесі бай.

«Алтын күн батып барады,

Күйдіріп көктің жиегін.

Құралай көзді қарағым,

Болдың ба иіріп жібегің» [4, 76 б. ], -

дегенде әдеттегі шалыс ұйқас пайдаланылса, «Толқындап ойнап» атты жырда а-а-а-б-в-в-в-б әлпетіндегі ұласым орын алған. Бұл өрнекті С. Сейфуллин, С. Дөнентаев, Ә. Тәжібаев шығармаларынан табатын академик З. Ахметов: «Мұның өзі әр шумақты бір тұтас күрделі сөйлем етіп құруға ұмтылу әрекетіне сәйкес алынғанын көреміз», - деп тұжырым түйеді. Ал С. Дөнентаевтың «Балалық» өлеңінде шумақ соңындағы жол қайталанып отырады екен. Ол өрнекті кім бұрын шығарғанын сөз ету әрине, шартты нәрсе болмақ.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
МАҒЖАН ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТҮР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мағжан өлеңдерінің өрнегі
Қазақтың атақты біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев
Мағжан - сыршыл ақын
Қазақ өлең құрылысы
М. Жұмабаев
Мағжан және балалар әдебиеті
Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын талдау
Мағжан Жұмабаев шығармашылығын мектепте оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері
Мағжан қазақ әдебиетінде
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz