Ғазан ханның тапсыруынан кейін оның уәзірі



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 15 бет
Таңдаулыға:   
Шежіре – елтану мектебі

Көшпелі өмір-салттағы этностың қоғамдық-әлеуметтік құрылымы міндетті
түрде ру-тайпалық жүйеге негізделеді. Бұл – өмірлік қажет­тіліктен
туындаған заңдылық. Тек әулеттік ұжымдасу, рулық жарасу, тайпалық ұйысу
арқылы ғана көшпелі өмір-салтты баянды етіп, оның шапағатын көруге болады.
Ал, ру-тайпалық жүйеге негізделген қоғамның өмірін ретті ету үшін және сол
арқылы этносты ұйыстыруға тікелей ықпал ететін ақпараттық өріс
(информационное поле – С.А.Арутюнов) қалыптастыру үшін жалпы жамиғатты
қамтитын шежірешілдік дәстүр қажет. Көшпелілер арасында, соның ішінде қазақ
арасында айырықша дамыған шежірешілдік дәстүрдің тарихи алғышартын осылай
бажайлауға болады.

Жаңаша жыл санауға дейінгі ІІ-І мыңжылдықтардың өзінде-ақ көшпелі өмір-
салтқа ойысып үлгерген Ұлы Дала тұрғындарының жүздеген, тіптен мыңдаған ру-
тайпалық атауларының тарихи дерек көздеріне ілігуі, сөз жоқ, шежірешілдік
дәстүрдің де байырғы замандарда-ақ орныға бастағанына айқын айғақ болып
табылады. Себебі, ру-тайпалар атауы, ең алдымен, ел-жұрттың төл сипаты мен
ішкі құрылымын бажайлауға мүмкіндік берсе, мұндай үрдіс өз кезегінде
шежірелік ақпаратты, яғни шежірешілдік дәстүрді қоғамдық өмірдің
қажеттілігіне айналдыратыны да күмәнсіз.

Шежірелік мұраларға қатысты тарихнамалық пайымдаулар жасау үшін
міндетті түрде деректемелік және дерекнамалық материалдарға алдымен ден қою
қажет. Осы орайда, әрісі түркі халықтарының, берісі қазақ халқының
шежірешілдік (шежірелік) дәстүріне айғақ боларлық деректемелік немесе
дерекнамалық сипаттағы материалдардың айта қалғандай мол екенін және олар
байырғы замандардан бастау алып, бүгінгі күнге дейін сабақтастығын
үзбегенін айырықша атап өткен жөн.

Рас, шежірешілдік дәстүрдің негізгі сипаты – оның ұрпақтан ұрпаққа
ауызша тарайтындығы. Былайша айтқанда, шежірешілдік дәстүр бел алған ортада
генеологиялық ақпарат этностың ұжымдық жадына айналады. Бұл басы ашық
ақиқат. Дей тұрғанмен, түркі халықтары өзінің ұзына тарихында байырғы түркі
жазуына қоса соғды, манихей, ұйғыр, тохар, сирия, қидан, армян, монғол-
ұйғыр, тот (анық), латын, араб, жәдит, төте, кириллица сияқты әліпбилерді
де пайдаланып, шежіре деректерін хатқа түсіріп, шежірелік толымды еңбектер
де туындата білген. Ондай еңбектерде ру-тайпа атаулары мен олардың тіршілік-
тынысы, жеке тұлғалардың атау-есімдері мен өмір деректері туралы шежірелік
сипаты басым мағлұмат молынан ұшырасып отырады.

Осы орайда, шежірешілдік дәстүрдің ең алдымен түркілік төл жазба
мәдениетімен тікелей байланысып жатқанын атап өткен жөн және “түркілік төл
жазба мәдениеті” деген ұғымды айқындай түсетін нақтылы айғақ-деректерді
көктей шолып өту қажет. Қазіргі ғылыми айналымда түркілік төл жазба
мәдениеті мына сияқты атау-ұғымдармен анықталып келеді: сақ жазуы, түркіге
дейінгі жазу, руна жазуы, Орталық Азия рунасы, байырғы түркі руна жазуы,
Орхон-Енесай жазуы, Талас руна жазуы, Солтүстік Кавказ руна жазуы, т.б. Бір
қарағанда осынау атау-ұғымдар Еуразия кеңістігіндегі әртүрлі үлгідегі,
әртүрлі текті және әртүрлі тарихи кезеңдерде пайда болған, бір-біріне
қатысы жоқ, әрқайсысы оқшау жазба мәдениет үлгілері сияқты әсер береді.
Ақиқатында, мұның бәрі де бір үлгідегі, біртекті жазба мәдениеті болып
табылады.

Оны жинақтап, “түркілік төл жазба мәдениеті” десе ғылыми да, тарихи да
әділдіктің жөні болмақ. Өкініштісі, әсіресе социалистік жүйе үстемдік
құрған заманда ондай ақиқат пен әділдікке барар жол­дың бәріне берік
тосқауылдар қойылды. Өйткені, түркілік төл жазба мәдениетті мойындау
дегеніңіз түркі тілдес халықтардың, біріншіден – мыңдаған жылдық тарихы бар
ұлы мәдениетін мойындау болса, екіншіден – сол түркі тілдес халық­тардың
этногенездік және мәдени-рухани біртұтастығын мойындау болып шығар еді. Ал
бұл дегеніңіз социалистік жүйенің тірегі болып келген, дәлірек айтқанда,
социалистік жүйені өз мүддесіне ғана пайдаланған панславяндық гегемондықты
әлсірететін тұжырымдама (концепция) болатын. Мұндай ойдың жосығына ХХ
ғасырдың 30-40-шы жылдарында алтай тілдерінің (яғни, түптүркілік тілдердің)
туыстастығы туралы теорияның (Е.Д.Поливанов) “буржуазиялық реакцияшыл
лингвистика” деп жариялануы бұлтартпас айғақ. Бір ғана атау-ұғыммен
анықталуға тиісті түркілік төл жазба мәдениетінің бүгінгі ғылыми айналымда
әртүрлі атау-ұғымдармен беріліп жүруінің де осындай сыр-себептері бар.

Түркілік төл жазба мәдениеті таза түркілік ортада пайда болып,
қоғамдық-әлеуметтік өмірге мың жарым жылдай үздіксіз қызмет етті. Бұл уақыт
аясында түркілік төл жазба мәдениеті іштей шыңдалу, жетілу және Ұлы Даланың
әр шалғайындағы диалектілік ерекшеліктерге орай бейімделу үрдісін бастан
кешті. Алайда, жазу үлгісінің әріп-таңбалық белгілері негізінен өзгеріссіз
сақталып отырды.

Әзірше, түркілік төл жазба мәдениетінің ең байырғы айғағы — Алматының
іргесіндегі Есік қорғанынан табылған күміс тостақтағы жазу. Бұл – б.з.д. VІ-
V ғасырлардан жеткен жәдігер. Түркілік төл жазба мәдениетінің мұнан кейінгі
көрнекті айғақтарының бірі – Ғұн (хунну, сиуңну) ұлысының негізін қалаған
Маодунь (Мау-дун) қағанның б.з.д. 176 жылы Қытай императорына жолдаған
хаты. Маодунь қағанның Хань империясына үстемдік жүргізіп, оларды жыл сайын
сый-салық беріп тұруға мәжбүрлегені тарихтан аян. Сол Маодунь қағанның
хатында мынандай жолдар бар: “Тәңір жарылқап, әскеріміз сайлы, аттарымыз
дыйлы, соның арқасында юэчжилерді (жыужыларды) күйрете жеңдім, оларға
қырғын салып, өзіме бағындырдым. Мен сондай-ақ лоуландарды (лулән),
үйсіндерді (усын), хуцзелерді (хусы) бағындырдым және шет аймақтағы жиырма
алты иелікті өзіме қараттым, бұлардың бәрі де сиуңнудың құзырында”
(В.С.Таскин. Материалы по истории сюнну. 1-шығарым, – Москва, 1968. 43-
бет).

Бізге Маодунь қағанның хатындағы шежірелік сипаттағы жазылған деректер
назар аудартады. Мұндағы ру-тайпалардың, иеліктердің бір ұлыс аясына
топтасуы, сөйтіп қуатты елге айналуы көшпелілер өмір-салтының негізгі
мазмұны екені, мұның өзі шежірелік баянның ең басты арқауы болып отыратыны
алдымен ден қойдырады.

Ал ғұндардың (хунну, сиуңну) түркі тілдес халық болғаны соғды көпесі
На­найвандактың 311 жылы жазған хатында айқын аталып көрсетілген. Арада екі
жарым ғасырдай уақыт өткенде, 582 жылы орнатылған Бұғұт ұстынына “түркі”
сөзі этноним ретінде ойылып жазылады. Яғни, бұл кезде тектес-тілдес
тайпалардың ішінде билік тізгіні түркілердің (түрік) құзырына көшті деген
сөз. Демек, “түркілік төл жазба мәдениеті” деген ұғым-атаудың мазмұны
жаңаша жыл санауға дейінгі алыс кезеңдерден бастау алатынына күмән болмауы
керек және исі түркі тілдес халықтарға ортақ рухани айғақ ретінде
зерделенуге тиіс. Бұл ретте, түркінің төл әліпбиінен (алфавит) басқа
жазулармен жазылған түркі тілді жәдігерліктер де, сөз жоқ, түркі тектес
халықтардың ортақ рухани қазынасы болып табылады. Ғалым-зерттеушілердің
дерегі бойынша қазір байырғы түркі қолжазбалары мен фрагменттерінің Ресей
Ғылым академиясында 4228 нұсқасы, Германия коллек­циясында 8 мыңдай нұсқасы
сақтаулы. Мұның сыртында байырғы түркі қолжаз­баларының Англия, Франция,
Жапония, Швеция, Финляндия, Қытай сияқты елдерде де бар екені белгілі.

Мұның бәрі де “түркілік жазба мәдениеті” деп атауға әбден лайықты
мәдени-рухани құбылыстың толымды айғағы. Осы орайда, “кітап” деген атаудың
баламасы ретінде қолданылған “бітік” сөзінің VІ-VІІІ ғасырлардағы Орхон-
Енесай ұстындарында, Х ғасырдағы “Ырық бітік” қолжазбасында, ХІІІ-ХІV
ғасырлардағы “Кодекс куманикус” кітабында, ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы Батыс
Украина түркілерінің заң актілерінде кездесуі түркі жұртында кітап тұтыну
мәдениетінің мың жылдан астам тарихы бар екеніне айқын айғақ бола алады.
Ал, мұнда жазба жәдігерліктердің басым көпшілігі шежірелік баян дәстүрінде
жазылғанына көз жеткізу қиын емес.

Хатқа түсіп, тасқа басылған шежірешілдік дәстүрдің алғашқы көрінісі
түркілік төл жазба мәдениетінің айғағы болып табылатын Орхон-Енесай
ескерткіштерінің мазмұнынан айқын байқалады. Күлтегін ұстынынан мынандай
жазуларды оқуға болады: “Түрік халқы жойылмасын деп, ел болсын деп, әкем
Елтеріс қағанды, анам Ел-білге қатынды Тәңірі төбесіне тұтып, жоғары
көтеріпті”. Немесе, Онгин ұстынындағы жазбада: “Елетміш ябғу ұрпағы Ышбара
Тамған-шор Ябғу, інісі білікті Ышбара Тамған-тархан аймағымен (барлығы)
алпыс бес ата” делінген (М.Жолдасбеков, Қ.Сартқожаұлы. Орхон
ескерткіштерінің толық атласы. — Астана, 2005. 112, 187-беттер).

Осы жазбалардың дерек беру қалыбынан, стильдік бітімінен ауызекі
шежірешілдік сарынды аңғару қиын емес.

Мұнан кейінгі кезеңдерде түркі-монғол халықтарының тарихына қатысты
жазылған еңбектерде де ауызекі шежірешілдік дәстүр жалғасын тапқан. Бұл
ретте, ерте орта ғасырдан бергі мың жылға жуық уақыт аясында жазылған
тарихи еңбектердің баршасы өзінің құрылымдық бітімі жөнінен болсын, жеке
тұлғаны тірек ете отырып баяндайтын мазмұндық арқауынан болсын немесе
ауызекі шежірешілдікке негізделген баяндау стилінен болсын, ең алдымен
ауызша тарих айту дәстүрін тұғыр етіп отыратыны айқын байқалады. Әйгілі
“Монғолдың құпия шежіресі”, “Шара Туджи”, Лубсан Данзанның “Алтын топшы”,
Рашид-ад-диннің “Жылнамалар жи­нағы”, Жамал Қаршидің “Оғыз-қыпшақ” және
“Қарахан шежіресі”, Бейбарыс пен Халдунның “Қыпшақ шежіресі”, Заһир ад-дин
Мұхаммед Бабырдың “Бабырнама”, Дулат Мұхаммед Хайдардың “Тарих-и Рашиди”,
Осман Кухистанидің “Тарих-и Абул-Хайр-хани”, Әбілғазы Баһадүр-ханның “Түрік
шежіресі”, Ұлықбектің “Сұл­тандар шежіресі”, Жалайыр Қадырғали Қосымұлының
“Жәми-әт-тауарих”, Өтеміс Қажының “Шыңғыс-нама”, Шоқан Уәлихановтың “Ұлы
жүз шежіресі”, Шәкәрім Құдайбердіұлының “Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар
шежіресі”, Нұржан Наушабай­ұлының “Манзумат қазақия”, Ғұсманғали Сыдықовтың
“Тарих-и қырғыз-қазақ шад­маниясы”, Құрбанғали Халидтің “Тауарих хамса”,
Мұхамеджан Тынышбайұлының “Қырғыз-қазақ халқының тарихына қатысты
материалдар”, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының “Қазақ шежіресі”, Сәбит Мұқановтың
“Халық мұрасы”, Әлкей Марғұланның “Наймандар”, Мұсатай Ақынжановтың
“Қазақтың тегі туралы”, Нығмет Мыңжанидің “Қазақтың қысқаша тарихы”, Халел
Арғынбаевтың “Ұлы жүздің ше­жіресі”, Марат Мұқановтың “Орта жүздің
шежіресі”, “Кіші жүздің шежіресі”, Жамбыл Артықбаевтың “Еуразия көшпелілері
ғасырлар мен мыңжылдықтар шендесуін­де”, “Қазақстан тарихы”, “Этнос және
қоғам”, Қойшығара Салғараұлының “Қазақтың қилы тарихы”, т.б. осы сияқты
еңбектердің қай-қайсысы да өзінің мән-мазмұны тұрғысынан шежірешілдік
дәстүрде жазылған және деректік негізі халық жадында сақталған
мағлұматтарды арқау етіп отырады. Сөз жоқ, мың жылға жуық уақыт аясында
жазылған мұндай толымды еңбектер, ең алдымен, сахара төсіндегі көшпелілер
арасында тарих жазудың төл мектебі қалыптасқанын және ондай мектептің
қалыптасуына шежірешілдік дәстүрдің тікелей ықпал еткенін пайымдатады.

Осы орайда Рашид-ад-диннің әйгілі “Жылнамалар жинағы” кітабының қалай
жазылғанын еске алуға болады. Ғазан ханның тапсыруынан кейін оның уәзірі
Рашид-ад-дин сахараның Болат-жансән (Пулад Чжэн-сян) сияқты даңғайыр
шежірешілерін төңірегіне топтастырады. Олар “тамылжытып әңгіме айтады,
ғұлама уәзір болса айтылған әңгімені хатқа түсіреді... Шыңғыс хан заманынан
бастап, бүгінгі күнге дейінгі түркі-монғол халықтарының барша тек-тамыры
мен іс-әрекеті әңгіменің негізгі арқауы болады... Мұндай байсалды баян
бұрынғы-соңғы жылнама­ларға түспеген. Мұнан түзу, мұнан шыншыл және мұнан
айқын тарихты бұған дейін ешкім жазып көрген емес” (И.Петрушевский. Рашид-
ад-дин и его исторический труд Рашид-ад-дин. Сборник летописей. І-том.
Бірінші кітап. – Москва-Ленинград. 1952, 26, 27, 51-беттер).

Шежірешілдікті елдік дәстүр ретінде орнықтыру үрдісіне Қазақ хандығы
тұсында да айырықша мән берілген. Қазақ хандығы құрылу барысында жаңадан
жасақталып, жаңаша түзілген ру-тайпалық құрылымдарды қалың жамиғаттың
жадына орнықтыруда, сөйтіп ел ішінің саяси-әлеуметтік ахуалына
ілкімділікпен ықпал етуде шежірешілдік дәстүр қоғамдық қажеттілікке
айналған. Уақыт талабы ел ішінің этностық құрылымына жүйрік білікті
шежірешілерді тарих сахнасына сұрыптап шығарып отырған және олар ел-жұрттың
саяси-әлеуметтік ахуалының терең білгірлері ретінде айырықша сенім мен
құрметке ие болған. Бұл ретте, қазақ хандарының, билерінің, абыздарының,
жырау-шешендерінің барша білім-білігі мен ақыл-парасаты, таным-түсінігі мен
әрекет-тірліктері ең алдымен ел ішінің этножаралымын мейлінше терең білуге
негізделген. Олардың шежірешілдік білім-білігі тек қана ауызша айтылып
қоймай, өз кезегінде хатқа түсіп, оларды әр толқын ұрпақ өзінше толықтыра
сабақтап отырған. Академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан былай деп жазған: “Жамал
Қарши, Әбдіразақ Самарқанди, Мұхаммед Хайдар, Хан Темір және басқа
ойшылдардың сөзіне қарағанда Сауранда кітапхана болған. Есім хан қазақ
заңының ескі сұлбаларын жинап, жаңа қорытынды шығарып тасқа бастырған.
“Есім ханның ескі жолы” атты қолжазба қазір Станбұлда сақтаулы. “Жеті
жарғының” жинақталған нұсқасы Тәуке ханның қолында болған. Осы ескі жарғыға
жаңадан тараулар қосып, жаңалықтар енгізеді. “Жеті жарғының” жасалуы
барысында қазақтың барлық билері атсалысады. Ол кейіндері Абылай мен оның
баласы Уәли ханда сақталған. Темір ұрпақтары пайдаланған “Шежіре түрік”,
“Ақсақ құлан жишақ”, “Төрт ұлыс – Алтын Орда, Шағатай”, “Хулагу” Абылайдың
ұрпақтары Жәңгір ханда сақталған. Жәңгір кейін Қазан университетінің
құрметті профессоры болған”.

Қазақ арасында жазба шежіренің орныққан дәстүрі болғанына байланысты
Әлкей Марғұлан мынандай нақтылы мысал келтіреді: “Әсіресе, ХV-ХVІ
ғасырлардағы қазақ халқының жазба мәдениетінің үлгілерін жарқын
суреттейтін, оның білім көзінің бірі – Оразмамбеттің (Оразмұхаммед – А.С.)
ғажайып кітапханасы болған. Ол кітапхана Оразмамбеттің Мәскеуде болуымен
байланысты ХVІ ғасырдың соңғы кезінде (1588-1603) жиналған. Қазақ тілінде
орта ғасырлық кітаптарды, қолжазбаларды, Қазақстандағы туысқандарынан
келген көптеген хаттарды Оразмамбет, қазақ әдеті бойынша, өзінің күміс
сандығында ұстап, көзінің қарашығындай сақтап келген...

...Оразмамбеттің кітапхана жәшігінен С.М.Френ көптеген қазақ
шежірелерін табады, олардың ішіндегі ең көнелері: “Қиян Домбауыл шежіресі”
(Архив АН СССР, ф. 777, оп. 1, д. 122, лл. 47-48); “Алаш мыңы” (Сонда, д.
123, л. 57); “Үйсін Майқы би шежіресі” (Сонда, л. 54-57); “Қыпшақ Күрлеуіт
шежіресі” (Сонда); “Қыпшақ Ордаш Құлмұхаммед би” (Сонда, л. 52); “Бөдентай
Белгібай шежіресі” (Сонда, л. 48-58); “Едіге би шежіресі” (Сонда, л. 52);
“Едіге би” (Сонда); “Орақ-Мамай” (Сонда, лл. 93-95), тағы басқалар.
Бұлардың барлығы – ХV-ХVІ ғасырларда (одан бұрын да) қағаз бетіне түскен
халықтың әдемі қария сөздері (Алкей Маргулан. Қазақ жазуының тарихы;
Оразмамбет кітапханасы Труды по культуре казахского народа. – Павлодар,
2005. 95-96, 131, 141-142-беттер).

Осы орайда мынандай мысалға да назар аудара кеткен жөн. Шығыс
Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Топтерек ауылының 1912 жылы туған тұрғыны
Нұрғазыұлы Сейілхан ақсақал өзінің қолындағы шежіренің Тоқтамыс ханның
кезінде түзілгенін айтады. Содан бұл қолжазба алдымен Едіге би, одан
Орманбет хан, одан Асанқайғы, одан Әз Жәнібек хан кезінде жалғасын тауып,
одан Әз Жә­нібектің ұзатылған қызының жасауымен бірге ергенекті найманның
төресі Қабан бабаның қолына тиеді. Қабан бабадан оның немересі Қылыш төреге
ауысқан, одан сарыжомарттың аға сұлтаны болған Әлиханның әкесі Тілеубердіге
жетіп, одан Тілеубердінің шөбересі Мүбарактың қолына түскен. Мүбарактан
кейін бұл шежіре сарыжомарт Сейілхан ақсақалға жеткен.

Сейілхан Нұрғазыұлының қолында мұнан басқа Ыбырайым деген кісінің де
ше­жіресі болған. Бұл шежіре алдымен қу дауысты Құттыбайға тиген, сонсоң
Соқыр абыз деген шежірешіге ауысып, кейін сыбан Ақтайлақ би толықтырған.
Сөйтіп, Сейілхан ақсақал әріден келе жатқан екі шежірені шендестіре түзіп
шығуға мүмкін­дік алған (Қазақ шежіресі. Ғылыми түсініктемесін жазып,
шежірені түзіп шыққан Ж.Бейсенбайұлы. – Алматы. 1994, 55-бет).

Қазақ арасында қалыптасқан шежірешілдік дәстүрге және хатқа түскен
шежіре нұсқаларының да болғанына С.Б.Броневский, А.И.Левшин. Н.В.Ханыков,
И.И.Березин, Ш.Ш.Уәлиханов, Ю.Д.Южаков, А.Н.Харузин, Н.И.Гродеков,
А.И.Добросмыслов, П.И.Рычков, Н.А.Аристов, М.И.Бродовский қатарлы ғалым-
зерттеушілердің еңбектері де айқын айғақ бола алады. Бұл авторлардың қай-
қайсысы да қазақ халқының тарихына қатысты жазған еңбектерінде халық
жадында сақталған шежірелік мағлұматтарды молынан пайдаланған. Жай ғана
пайдаланып қоймай, ел ішіндегі шежіре нұсқаларын жинап, жүйелеп, тіптен
орыс тілі мен басқа да шет ел тілдеріне аударып, ол аудармалардың жарық
көруіне де себепші болып отырған (С.Б.Броневский. Записки о киргиз-кайсаках
Средней Орды. – “Отечественные записки”, СПб., 1830. ХІІ, ХІІІ, ХІV-томдар;
А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. –
СПб., 1832; Н.В.Ха­ныков. Описание Бухарского ханства. – СПб., 1843;
И.Н.Березин. Описание турецко-татарских рукописей, хранящихся в библиотеках
С.–Петербурга. – Журнал Министерства народного просвещения, 1846 №50, 1847
№54, 1848 №59, 1850 №68; Ч.Ч.Валиханов. Киргизское родословие Собрание
сочинений в пяти томах. І-том. – Алматы. 1961, 203-219-беттер; Ю.Д.Южаков.
Родословная таблица. – “Отечественные записки”, СПб., 1867; А.Н.Харузин.
Степные очерки. – Москва. 1888; А.Н.Харузин. Киргизы Букеевской орды. –
Москва. 1889; Н.И.Гродеков. Кир­гизы и кара киргизы Сыр-Дарьинской области.
– Ташкент. 1889; А.И.Добросмыслов. Заметки о народонаселении Тургайской
области. – “Оренбургский край”. 1893, №17, 18; П.И.Рычков. История
Оренбургская. – Оренбург. 1896; Н.А.Аристов. Опыт выяснения этнического
состава киргиз-казаков Большой орды и кара-киргизов на основании
родословных сказаний и сведений о существующих родовых делениях и о родовых
тамгах, а также исторических данных и начинающихся антропологических
исследований. – “Живая старина”, СПб., 1894, ІІІ-І-шығарылым; Н.А.Аристов.
Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об
их численности. – “Живая старина”, СПб., 1896. ІІІ-І-шығарылым;
М.И.Бродовский. Очерк Киргизской степи. Происхождение киргиз и их прежнее и
нынешнее управление. – “Землеведение”, 1913. 3-кітап).

Қазақ арасында шежіре түзіп, оны хатқа түсіріп отырудың қалыптасқан
дәстүрі болғаны жөнінде нақтылы айғақ-деректер бар. Шорманның Мұсасы түзген
шежірені Г.Н.Потаниннің, Диқамбай батырдың түзген шежіресін Н.А.Аристовтың
өз еңбектеріне пайдаланғаны мәлім. Мұның өзі ел қамы, халық тағдыры жолында
жүрген азаматтардың шежіреге жүйрік болу қажеттілігін, ол үшін шежіре түзіп
отыратын дәстүрдің болғанын пайымдатады. Белгілі фольклоршы-этнограф
Әбубәкір Диваев өз еңбектеріндегі көптеген деректі қазақ қолжазбаларынан
алғанын айтады (А.Диваев. Предание о возникновении узбеков. –
“Туркестанские ведомости”, 1900. №97). Сондай-ақ, орыс шығыстанушысы,
белгілі библиограф А.Е.Алекторов қазақ арасындағы қолжазба мұраларға
қатысты екі мақала жазған (А.Е.Алекторов. Письменная литература киргизов. –
“Астраханский вестник”. 1894, №1377; А.Е.Алекторов. Киргизские рукописи. –
“Астраханский вестник”. 1894, №1383). Ал, қазақтың белгілі қоғам
қайраткері, ғалым Санжар Аспандияров жалайыр руынан шыққан қазақтың қазақша
жазылған қолжазбасын кезінде орыс шығыстанушысы И.Н.Березиннің аударғанын
жазады (Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Проф. С.Ж.Аспандияров
пен проф. А.П.Кунттың редак­циялық басшылық жасауымен шыққан. 1-жинақ. –
Алматы. 1977, 115-бет).

Қазақ қолжазбаларының мейлінше құнды шежірелік нұсқалары Санкт-
Петербург, Москва, Қазан, Ташкент, Алматы сияқты қалалардың
кітапханаларында, мұрағаттарында сақталған және олардың басым көпшілігі
әзірше ғылыми айналым­ға түсе қоймаған. Бұл қолжазбалар Қазақ хандығының
бой көтеруіне қатысты, әсіресе қазақ ру-тайпаларының жаңадан жасақталған
құрылымы туралы, ел ішінің саяси-әлеуметтік ахуалы жөнінде аса құнды
мағлұматтар бере алады. Мұндай қолжазбалардың мол қоры Ташкенттегі Науаи
атындағы орталық кітапханада, Шығыстану институтында және Қолжазба
орталығында сақталғанын бөле-жарып айтуға болады. Осы орайда, Ташкенттің
Шығыстану институтындағы қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған Молдакөбей
Тоқфулатовтың қолжазбасынан үзінді келтіре кетуге болады: “Өзінің
батылдығы, іскерлігі, жігерлілігі арқасында Юнус Ходжа көптеген қалаларға
әкім болды. Ол қалалар: Шымкент, Сайрам, Әулиеата, Түркістан және Ақмешіт.
Юнус Ходжа өзінің әскерін тек қана қазақтардан құрушы еді. Юнус Ходжаның
әскерлеріне негізінен қаңлы, шанышқылы, бағыс, рамазан, т.б. рулардан
шыққан қазақтар алынатын. Юнус Ходжаның Ташкентте тұратын әскерлерінің
басында мына адамдар: қаңлы руынан — Қожамсейіт батыр, Ғайып­мырза батыр,
Бөлек батыр, Қалы батыр, Исамбай батыр, Жабағы батыр, Қырықсадақ батыр,
Ырысқұл батыр, Дәрткен батыр, Жәнтелі батыр, Қазыбек батыр, Құлай батыр,
т.б., бағыс-рамазан руларынан — Ақымбай батыр, Мыңбасар батыр, Ырысбек
батыр, Жулан батыр, Есенгелді батыр, т.б. болды” (К.Жүнісбаев. Қазақстанның
ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы тарихына байланысты қазақ тіліндегі кейбір тарихи
деректер туралы Труды Института истории, археологии и этнографии им.
Ч.Ч.Валиханова АН КазССР. 15-том. — Алматы. 1962, 155-бет).

Қазақтың шежірелік жазбаларының ішінде өзінің дерекшілдігімен де,
тарихи оқиғаларды байсалды парықтай білуімен де назар аударатын құнды
еңбектердің бірі Сайдаққожа Жүсіпұлының “Қазақ тайпаларының тарихы” атты
туындысы. Бұл еңбек туралы білікті қаламгер Ж.Бейсенбайұлы 1994 жылы жарық
көрген “Қазақ шежіресі” атты кітабында алғаш рет мағлұмат беріп, үзінділер
келтірген. Ж.Бейсенбайұлына дерек беруші жезқазғандық Айтқожа
Әбдіраманұлының айтуына қарағанда “Сайдаққожа 1805 жылы Бұхарада дүниеге
келген. Елі — қорасан қожа. Арғы атасы Бұхарада әмір болған Абдолла хан.
Сайдақ Бұхарадағы діни және әкімшілік медресесін бітірген соң көп ұзамай
туған апасын алып отырған Қасым сұлтанға, Арқа жеріне келеді. Ол кісінің
әпкесі Гүлшара Кенесарының әкесі Қасымның бәйбішесі болған. Сайдекең
алғашқыда Қасым сұлтанның хатшы-кеңесшісі қызметін атқарып, кейіннен
отаршылдыққа қарсы қазақ халқының көтерілісі кезінде жиені Кенесарыға
ақылгөй адам болған. Ханның қасында оның өмірінің соңына дейін бірге
жүреді. Кенесары қырғыз жерінде қайғылы қазаға ұшыраған соң, бір тайпа
елмен Ташкент маңына келіп, 1885 жылы Шыршықта дүние салады. Сайдаққожа өте
білімдар зерттеуші, ақын болған көрінеді. Ол кісі қазақ тарихын жете
зерттеумен қатар, Кенесары жөнінде құнды деректер де жазып қалдырған екен.
Кезінде Базар жырау оның “Кенесары” атты мұңлы дастанын жатқа айтқан
көрінеді. Осы кісі жазған деректі мағлұматтардың бірсыпырасымен оның үшінші
ұрпағы Шарафуддин ақсақалдың үйінде көріп танысқан едім. Шарафуддин
ақсақалдың қолында атасының Бұхарада шыққан “Қазақ тайпаларының тарихы”
кітапшасы мен тарихи мағлұматтардың көшірмесі сақталған екен. Ол кісі
қолында бар тарихи мағлұматтардың бірсыпырасын (түпнұсқаларды) өзбек ақыны
Міртемірдің қолқалауымен Өзбекстан Ғылым Академиясының архивіне 1952 жылы
өткізіп жіберіпті”.

Қазақ қолжазбаларының ондаған, жүздеген нұсқаларының тағдыр-талайы
осындай десе әсіре сөз болмайды. Тарихтан мәлім, төл баспахананың
болмауынан ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ел ішіндегі қазақтың сауатты зиялылары
тарихқа, этнографияға, фольклорға қатысты жазба мұраларын Москва, Санкт-
Петербург, Қазан, Уфа, тіптен Пекин қалаларындағы баспаханалар мен
мұрағаттарға жолдап отырған. Әрине, жолданған қолжазбалардың бәрі бірдей
кітап болып басылып шығуы мүмкін емес еді. Баспахана мүмкіндігінен артылған
қолжазбалар әдетте сол қалалардағы оқу орындарының кітапханаларына,
мұражайлары мен мұрағаттарына өткізіліп, кейде жазба мұраларды жинаушы жеке
адамдардың қолына түсіп отырған. Нақтылы мысал келтіруге болады – кезінде
Семей облысының Қарқаралы уезіне қарасты Ақбота болысындағы №7 ауылдың
Ақылбек Сабалұлы Тұрабаев деген азаматы 1913-1916 жылдар аралығында Қазан
қаласының баспагері Ш.Құсайыновқа 106 (бір жүз алты) қолжазба жолдаған. Бұл
қолжазбалардың тізімі келтірілген қатынас қағаз ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шежіре – елтану мектебі
Рашид-ад-дин Фазлолла Хамаданидың «Жами-ат-Тауарих»
III – VII ғасырлардағы иран
Шыңғысхан орнатқан Моңғол империясы
Деректерде осы маздакиттер қозғалысы тұсында
Шыңғыс хан туралы
Таяу Шығыс пен Мысыр мәмлүктерінің қарым - қатынасы
Ежелгі және қазіргі моңғолдар: ортақтығы мен ерекшелігі
Мысыр еліндегі мамлүктер билігі
Шыңғысхан туралы қазақтың екі ақын-жазушысының айтысы хақында
Пәндер