Ғылыми дүниетаным тәрбиесі



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 26 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар:

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

2.1. Тәрбиелік істердің негізгі бағыттары
➢ ғылыми дүниетаным қалыптастыру;
➢ азаматтық тәрбие;
➢ еңбек тәрбиесі;
➢ адамгершілік тәрбиесі;
➢ эстетикалық тәрбие;
➢ дене тәрбиесі.
2.2. Оқушыны мәдениетке тәрбиелеу жолдарының маңызы
2.3. Оқушының жан-жақтылығы – оның адамзат мәдениетін меңгеруіне байланысты
дамуының мазмұнды сипаты ретінде.

ІІІ. Қорытынды

ІV. Пайдаланылған әдебиеттер

І. Кіріспе

Соңғы педагогикалық зерттеулерде оқушының базалық мәдениеті түсінігі
қабылданған. Адамның іс-әрекеті барысында жүзеге келетін білімдер,
ептіліктер, дағдылар, ой-өріс, адамгершілік және эстетикалық даму деңгейі,
ортақтасу әдістері мен формалары – бәрі қосылып, оқушының базалық
мәдениетін құрайды.
Тәрбие оқушының аталған мәдениетін дамытушы әрі қалыптастырушы бірден
бір құрал. Соңғы педагогикалық әдебиеттерде тұлғаның базалық мәдениетін
түзуге көмектесетін бірнеше жеке элементтер аталады:
- табиғатқа бағытталған құндылықтар (адамгершілік тәрбиесі, тұлға сапасы
ретінде танылған дұрыс та тұрақты қатынастар жасау);
- өмір, тіршілікке бағытталған құндылықтар (адам құқығы және оның құндылық
мәнін дәріптеу; бақыт, еркіндік, ар-намыс, әділдік-теңдік, туыскандық және
т.б. сынды құндылықты категорияларды қалыптастыру);

- қоғамға бағытталған құндылыктар (қоғамның құқықтық негізі және оның
саяси құрылымымен танысу; қоғамдағы жеке адам проблемасын зерттеу: Мен
және қоғам, отаншылдык тәрбиесі);
- еңбекке бағытталған құндылықтар (еңбектік дағдыларға үйрету). Дәстүрлі
педагогикада оқушының базалық мәдениетін қалыптастыруға орай жүргізілетін
тәрбиелік іс-әрекеттердің бірнеше бағыттары аталады. Ғалымдардың көбі
тәрбиелік істердің келесідей бағыттарын ұстанады (Б.Лихачев, В.А.Сластенин,
М.П.Подласый, т.б.):
- ғылыми дүниетаным қалыптастыру;
- азаматтық тәрбие;
- еңбек тәрбиесі;
- адамгершілік тәрбиесі;
- эстетикалық тәрбие;
-дене тәрбиесі.

2.1. Тәрбиелік істердің негізгі бағыттары

Ғылыми дүниетаным тәрбиесі. Дүниетаным негізі — әлемді түсіну, яғни
қоршаған болмыс жөніндегі білімдер тобын меңгеру. Бұл білімдер мен ұғымдар
ертеңге де, бүгінге де, алыс болашаққа да қатысты. Олардың бәрі адамдардың
рухани дүниесінің кәусар көзі. Дүниетаным құрамы күнделікті өмір барысында,
өнерде, әдебиетте, ғылым мен дінде қалыптасатын белгілі мұраттар мен шындық
бейнелерінде көрінген болмыстық қабылдаулардан құралады.
Дүниетаным наным, сеніммен байланысты. Дүниетаным көзқарастары адамның
ұзақ уақыт айналысқан күрделі ақыл-ес жұмыстарының негізінде орнығады. Бұл
көзқарастар тұлғаның рухани өмірінің тұғырына, оның Мен мәніне айналып,
өмірлік ұстанымын айқындауға негіз болады.
Дүниетанымның қалыптасуы кездейсоқ жәй, тұрмыстық тәжірибеден не
әрқилы дүниетанымдық ұстанымдар тоғысынан, немесе саналы, тұғырлы идеялар,
мұраттар мен принциптердің теориялық зерттеулері арқасында болуы мүмкін.
Адам дүниетанымында әрқашан белгілі уақыт, заман белгілері көрініс
береді. Әлем жөніндегі бүгінгі ұғым, дүниетаным бүкілдей ғылым
жетістіктерінің негізінде қаланды. Біздің қазіргі дәуірімізге тән
дүниетанымдық көзқарастар: демократия құндылықтары және адам құқын, оның
экономикалық және саяси еркіндіктерін, ар-намыс және дүниетанымдық
еркіндікті бүкіл әлем болып қолдап-қуаттау және қорғау. Күннен күнге білім
құндылығы артуда. Қоғам болашағы да осы білімге иек артады, стратегиялық
әлеуметтік бағдарламалар да көбіне білімді негізге алып түзетілетін болды.
Ғылыми дүниетаным қалыптастырудағы басты мақсат – мына күрделі де
қайшылықты өмірде адамға өз бетінше дербес іс-әрекет жасаудың бағдарын
беру.
Азаматтық тәрбие мәні – кемелденудегі ұрпақты отаншылдық, құқықтық,
адамгершілік сезімдеріне баулып, өз қадірін, тұлғалық еркіндігін,
тәртіптілікті, басқа азаматтар мен мемлекеттік билікті сыйлауды үйрету,
сонымен бірге жүктелген міндеттерді орындау, отаншылдық, ұлтжандылық және
ұлтаралық сыйластық сезімдерін үйлесімді байланыстыра білу қабілетін
дамыту.
Азаматтық тәрбие мақсаты - әр адамда қоғамның адамгершілік мұраттарын,
Отанға деген сүйіспеншілік, бейбітшілікке ат салысу ықылас -ниеттерін
қалыптастыру. Азаматтықтың негізгі элементтері – мемлекет және басқа
азаматтарды құрметтеуге байланысты өз міндеттерін орындауға мүмкіндік
беретін адамгершілік және құқықтық мәдениет. Кемелденген азаматтықтың
белгісі – сөз бен істің бірлігі. Адам тұлғасының дамуына бағытталған
гуманистік қадамдар да — осы азаматтық сезімдердің деңгейімеи бағаланады.
Азаматтық тәрбиеге байланысты іс-әрекеттер мазмұны: әрекет-қылықтың
конституциялық және құқықтық талаптарын зерттеу, үйрену; бейбітшілікке,
зорлау күшін жұмсамауға тәрбиелеу; қоғам және тұлға мүддесін танытушы
қоғамдық сананың бір формасы азаматтың сезімін, ұлтаралық ортақтасу және
құқықтық катынастар мәдениетін, еліміздің жетістіктері жөніндегі білімдер
жүйесін, адамның қоғамда өз мүмкіндіктерін іске асыруға себепші азаматтық
тәжірибесін қалыптастыру.
Азаматтық тәрбие тиімділігін көтерудің арқасында төмендегідей
жетістіктерді қолға түсіруіміз мүмкін:
- азаматшылдық идеяларын қабылдаудың психологиялық кейіп жағдайлары
жасалады;
- азаматтар өз араларындағы міндеттерді мойындайтын болады:
- бірлікті өмір сүруге дағдыланады;
- өз талаптарында, әрекет-қылықтарында, әдеттері мен әрекеттерінде,
ниеттері мен қалауларында астамдылыққа бармауға үйренеді;
- басқалар мүддесін де ескерудің қажеттігін сезінетін болады;
- қоғамдағы бейбітшілік, өзара түсіністік, ымырашылдық пен тәртіптілік
сақтау үшін қажет азаматтық ортақтасудың басты шарты өзіндік бақылау мен
қадағалау жүргізуге бейімделеді.
Отаншылдық тәрбиесі. Бұл тәрбиенің мақсаты – оқушыда өз Отанына деген
сүйіспеншілік сезімін оятып, оған адал қызмет жасауға, оны қорғауға баулу;
туған ел тарихы және өз халқы мен басқа да халықтардың мәдени мұрасын,
салттары мен дәстүрлерін қастерлеу қатынасын қалыптастыру;
Отаншылдық тәрбиесінің мазмұны:
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін (Ел таңба, Ту, Әнұран)
зерттеп, тану. Сонымен бірге басқа елдердің де мемлекеттік белгілерін білу;
- отаншылдық (өз Отаныңа болған сүйіспеншілік) пен интернационализмнің
(басқа ұлт адамдарына, елдерге, мемлекеттерге бағытталып қалыптаскан достық
қатынастар сезімі) әрқилы тұстарын түсініп, қайта қарастыруға мүмкіндік
беретін білімдер шеңберін кеңейту;
- туған өлке табиғаты мен тарихын зерттеу;
- елімізбен байланысқан өзге мемлекеттер тілін, тарихын, ондағы халықтар
салты мен дәстүрлерін білу;
- халқымыздың жауынгерлік даңқы мен қаһармандығына байланысты нақты дерек
көздерін іздеу және зерттеу.
Қазақ халқы ғұмырдан түйген философиялық пікірін "Отан отбасынан
басталады" деген жалғыз ауыз сөздің қауызына сыйғызып айта алған, халқымыз
тамыр жаяр ұрпағын елін, жерін, кіндік қаны тамған отанын сүюге тал бесікте
жатқан кезінен баулыған. Даладағы даналық тәрбиенің уызы шаңырағына
қарлығаш ұялатқан көшпелі ел демократиясының шырыны балаға ананың әлдиімен,
шілдеханада айтылған әнмен, жырмен бірге санаға сіңірілген.
Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа шежірені үйретудің Отанға деген
сүйіспеншілігін арттыруда орны ерекше. Бұрын балаға 7-9 жасында әкесінен
бастап, ағайын-туысын, нағашы жұртын, алыс-жақынды таныстыруға, ата-тегін,
руын, ел-жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлінген. "Жеті атасын білу" заң
болған. Әкесі, атасы балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын
жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, ел-жұрты үшін жасаған
ерлігі, өнегелі істері жайында әңгіме еткен. Сол арқылы бала ата дәстүрін
жалғастырса екен деген мақсат көздеген.
"Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар" деген аталы сөзді арқау
етіп, баласына ата тарихын жастайынан жаттатқан. Ел-жұрт тарихын білу ер
азаматты елдікке, Отанын сүюге баулитынын білген.
"Қазақта жеті атасын білмеген жетесіз" деген мәтел де бар. "Жылқы жеті
тегіне тартып туады" деп, халық адамның да арғы тегіне тартып туатынын
аяқындап, "біреу, әкеге тартып туады, біреу әкеден артып туады" дейді де
мейлінше ұрпақтың "артып туғанын" тілейді.
"Жеті атаға" дейін жақсы білудің әдептілікке әсері мол, яғни шөпшек
бабасына дейінгі туыстың тегін жақсы біліп, халықтық салт-сана бойынша,
туыстық қатынаста қалыптасқан парыздарын орындап, борыштарын өтеуге
міндетті. Ол халықта қалыптасқан адамгершілік мақсаттарын орындау болып
табылады.
Ата текті білуде, туыстық жақындыққа байланысты: баба, ата, әке, бала,
немере, шөбере, шөпшек, туажат, жүрежат деген ұғымдар бар. Атаның баба
алдындағы зор міндеттері баланың, немеренің, шөберенің, туажаттың,
жүрежаттың алдында жалғасады, ол әдептік қарым-қатынас ру, ел, ұлт,
ұлтаралық, бүкіл адамзаттық мәнде адам қалыптасып, адамгершілік парыздарды
өтеуге міндеттейді. Адам баласының адамгершілік қарым-қатынастардағы ағаға,
руға, ұлтқа бөліп, адамдық асыл сезімдерге жол бермей, күндестік,
бақталастық, дүние-таластықты тудыруға, әдепті бұзып, адамгершілікке қиянат
көрсетіп, қылмыс жасауға жол бермеу керек.
"У ішсең руыңмен" деп халық тек руыңды сыйла деп тұрған жоқ, әуелі
руыңнан бөлектеніп кетпей, алдымен сыйласымды отбасынан, жақыныңнан баста
деп, отансүйгіштікке шақырып, отанды сүю отбасынан басталатынын уағыздап
тұр. "Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін" деп, халық
сыйласымның бастауын айқын көрсетеді.
Абай атамыз "атаның ғана баласы болма, адамның баласы бол" деп
адамгершілік қарым-қатынас атаға бөлуге байланысты болмау керектігін басып
айтқан болатын. Әкеңді сыйласаң, атаңды құрметтей білесің, бабаңды
қастерлеп бабаның өнегесін орындайсың да еліңе елеулі, халқыңа қалаулы,
бүкіл адам баласына лайықты әрекеті мен әдептілігі бар жан екендігіңді
танытасың.
"Қандасына бұмағанның қары сынсын" деп халық жан бауырына әділетті,
адал болып, оған жақындық көрсетпегенді қатаң қарғайды. Өйткені бүкіл адам
баласын сыйлау ең әуелі отбасын, аталасты, руласты, ұлтты сыйлаудан
басталады. Руыңды сыйла, бірақ басқа руға қарсы болу – қылмыс, онымен де
жақындас, ұлтыңды ардақта, бүкіл адам баласын құрметтей біл. Міне, біздің
халқымыздың имандылық дәстүрлерінің түпкі мақсаты осы. "Алтау ала болса,
ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деп халық жас ұпақты
бірлікке шақырады. "Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін" деп аталарымыз
"бөлінуді" бөріден де жек көріп, қатты қорғайды. Өйткені адамгершілік асыл
қатынастарды іріту, бірлікті бөлу – ең ауыр қылмыс, ондай қылмыс бүкіл
адамзаттық асыл қасиеттерге кесірін тигізеді.
Текті білу дәстүрі ата текке байланысты туыстық қатынастарды
әдептілікпен, имандылықпен орындап, одан әрі дамытып қалыптастырған
адамгершілік қатынастардың болуын уағыздайды.
Текті білуден ұлттық рух санасы қалыптасып, жастарымыз патриот болып
өседі.
Патриоттық тәрбие арқылы біз Отанына берілген, қайырымды, халқының
салт-дәстүрлерін, мәдениетін, экономикалық және саяси қуатын қорғай
білетін, қоғамға қажетті игілікті өндіруге белсене қатысатын ынталы білікті
жастарды тәрбиелейміз.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев "ұлттық бірліксіз патриотизм деген жансыз
бірдеңе ғана болып қалады, - дей келе, біздің басты идеологиямыз ұлттар
арасындағы ынтымақтастық, достық қарым-қатынас" - деген ой тұжырымдары жас
өскіндерді отаншылдыққа тәрбиелеудің өзекті мәселесі береке-бірлікке,
басқаларды жатырқамауға баулу екенін алға тартады.
Демек, көп ұлтты Қазақстан жағдайында оқушы жастарға патриоттық
тәрбиені ынтымақтастық, достық рухында тәрбиелеуді талап етіп отыр.
Патриоттық тәрбие оның ішінде қазақстандық патриотизмді мектеп
оқушысының бойында қалыптастыру Қазан төңкерісіне дейін арнайы сала болып
зерттелмегенімен, қазақ даласының ұстаздары атанған ойшылдарымыз (Әл-
Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұн) бен жыршы-жырауларымыздың (Шалкиіз,
Қазтуған, Тәтіқара, Ақтамберді) тағылымдарында, халық батырларының (Есет
батыр, Исатай батыр, Сырым батыр) ерліктерінде, ұлы ағартушыларымыздың
(Шоқан, Ыбырай, Абай) шығармалары мен еңбектерінде Отанды сүю, елді қорғау,
елдік, ерлік істері жайлы біршама тұжырымды пікірлер айтылады. Қазақ
халқының ерлік дәстүрлері, жауынгер ұл-қыздарының батырлығы, қазақстандық
патриотизм идеялары бірқатар көркем шығармаларда кеңінен мазмұндалған
(Б.Момышұлы, Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов, Ә.Нұршайықов, Д.Әбілов, М.Қозыбаев,
Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов). С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, С.Көбеев,
Ө.Тұрманжанов, А.Тоқмағамбетов халықтық шығармалардың дәстүрлерін пайдалана
отырып, балаларға арнап, өлең-жырлар жазған. Олардың шығармалары бала
тәрбиелеудегі ізгі мақсаттарды дұрыс түсініп, балалардың тілін ширатып,
ойын дамытады, еңбекке, Отанды сүюге тәрбиелейді. Бастауыш сынып
оқулықтарындағы мәтіндер – оқушыларға білім беру, ойын дамыту және баланы
тәрбиелеудің негізгі құралы болады.
3-сынып "Ана тілі" оқулығында "Сөнбес жұлдыздар" деген тарау бар.
Мұнда: "Абай қонақтары", "Шоқанның мейірімі", "Әжемнің әңгімесі", "Әже
ауылына барғанда", "Ана мейірімі", "Ағасы мен інісі", "Достық көмек", "Дала
жұлдызы", "Халық күйінің күйшісі", "Іздену", "Әкесінің хаты", "Қазына
көтерген бала", "Рәсім" т.б. беріледі. Бұл әңгімелерде Абай, Ыбырай, Шоқан,
Құрманғазы, Дина, Сәкен, Тұрар, Мұхтар, Қаныш т.б. ұлы адамдар жайында
деректер беріледі. Отандық данышпан ғалымдар, қоғам қайраткерлерінің
істері, оқушылардың ой-санасын оятып, оларға деген сүйіспеншілігі,
құштарлығы артады.
Ал, туған жер, көркем табиғат, елінің, жерінің байлығы мен көркемдігі,
ана тілінің асыл қасиеттерін таныстыратын мәтіндер арқылы оқушылар елге,
жерге, тілге, Отанға, атамекенге деген сүйіспеншілік сезіміне тәрбиеленеді.
Оқушыларға патриоттық сезімді қалыптастырудағы ерекше мәтіндер -
ертегілер.
Ертегілердің мазмұнында халықтың тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары мен
дәстүрлері, бақыт жолындағы күресі, адамдардың өзара қарым-қатынастары мен
мінез-құлықтары, адамдардың еңбек сүйгіштігі, өз халқына, Отанға, туып-
өскен табиғатқа деген сүйіспеншіліктері бейнеленген. Т.Барласұлы ертегінің
адам баласына тәлім-тәрбиелік, рухани маңызы жөнінде айта келіп: "Ертегі -
рухани тәрбиелік мәні аса зор, көзіміз көріп, құлағымыз ести алмайтын, тек
ақылмен ажыратып, жүрекпен ғана түйсіне алатын, материалдық әлеммен бірге
шегі жоқ рухани әлем болмысының біртұтас түсінікті баян етілген көрінісі",
-деп анықтама береді.
Бастауыш сынып оқулықтарында оқу бағдарламасына енгізілген жұмбақтар,
мақал-мәтелдер Отанға сүйіспеншілікті қалыптастыру құралдарының бірі
болады. сөз зергерлерінің аузынан шыққан мәтелдер мен мақалдарды үздіксіз
пайдалану дәстүрге айналған, Қазақтың мақал-мәтелдерінің негізгі
тақырыптары: елдік, ынтымақ, бірлік, ерлік, Отан туралы. Мысалы:
"Ер бір өледі,
Қорқақ мың өледі"
"Отан-оттан да ыстық"
"Өзге елде сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлтан бол" - деп жас ұрпақты ерлікке, Отанын сүюге баулыған
асыл сөздер болған. Мақал-мәтел қысқа да ұтымды жеткізетін өмір тәжірибесін
қолдана айтатын сөздер сол сияқты жұмбақтарда, оқушыларды Отаншыл,
ұлтжандылыққа үндейтін маңызды құралдардың бірі. Өйткені көптеген
жұмбақтардың астарында батырлық ел қорғаған ерлердің бойындағы бес қаруы
жасырын түрінде айтылады. Мысалы:
Сүмбелі тетікті,
Қызыл желекті
Ерден қалмайды,
Жауда керекті.
(Найза).
Белі қайқы, жоны тайқы.
(Қылыш).
Жалпы, жұмбақты сөз образының кілті есебінде тануға болады.
Жұмбақтардың шешуін іздеймін деген баланың ойына және қиялына әсер етіп
қана қоймайды, сонымен қатар қылыш, найза тәрізді ер қаруын қолға алып,
елін жаудан қорғауға деген құштарлық та пайда болады.
Аңыз әңгімелерде елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын қаһармандар
өскелең буынға тәрбиелі де ізгі ықпалын тигізеді. Мәселен көпшілікке мәлім,
ұлы даланың абыз жырауы атанған Асан Қайғы туралы айтсақ артық болмас. Асан
Қайғының халқы уайым-қайғыны білмейтін, жан-жануары жылына екі мәрте
балалайтын, жазы самал, қысы шуақты Жерұйықты іздеуі баяндалады. Желмаяға
мініп тынымсыз сапар шегетін Алтай мен Атырау арасындағы жер-судың қадір-
қасиетіне қарай сипаттама беретін дала данышпаны қартайған шағында жарғақ
құлағы жастыққа тимей жүрсе, ол халық үшін жасаған қызметі. Сол үшін де
халқы да оны қадірлеген, оны кейінгі ұрпағына Асан Қайғының отаншылдығын
үлгі етіп ұсынған. Асан Қайғыдай ел ұлы болуға үндеген. Жалғыз Асан Қайғы
емес, сонымен бірге Жиренше шешен туралы айтылған аңыз әңгімелерде де
патриотизм туралы айтылған. Айталық, ұзақ мерзім бойы әз-Жәнібек ханның ақ
ордасында болып, өзінің ұядай қосына анда-санда бір оралатын Жиреншенің екі
тізесі сыртқа шығып жататын баспанасы жайлы "қайран менің өз үйім, кең
сарайдай боз үйім" деп айтатын қанатты сөзінде патриоттық ой жатыр.
Өйткені, ел деген ұғым осы шағын қара қостан басталатынын, туған жерге
деген сүйіспеншілік осындай түсініктен нәр алатынын қиыр жайлап, шет қонып
жүрген көшпелі жақсы білген. Сондықтан оны ұрпағына өнегелі жол деп
көрсетті.
Б.Момышұлы көрсеткен рухани ерекшеліктерді сақтау ұлттық патриотизмнің
критерийі болып табылады. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан азаматтарын
патриотизмге тәрбиелеудің педагогикалық негізі - тұлғаның патриоттық сана-
сезімін қалыптастыру; патриоттық іс-әрекетін ұйымдастыру; мінез-құлқына
патриоттық сипат беру бастауыш сыныптағы оқу-тәрбие ісінің өзегі болуы
керек. Бұл оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнынан бастау алып,
сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарда жалғасын табуы тиіс.
Бұдан ұлтына сенімі, нанымы, саяси көзқарасы, т.б. қарамастан, әрбір
қазақстандық өзі өмір сүріп отырған мемлекетін "Отаным" деп тануы, оның
негізін салып отырған қазақ ұлтын сыйлау, оның заңдарына бас иію,
рәміздеріне құрмет, жетістігіне сүйсініп, мақтану; кемшіліктерін
болдырмаудың жолдарын қарастыру – Қазақстандық патриотизмнің белгілері
болуы керек деген ой келіп шығады.
Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің II съезінде еліміздің
Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу
білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы орындарына дейінгі
орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды,
туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу - мұғалімнің аса маңызды, аса
жауапты да қадірменді парызы" - деген еді.
Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде Отан-сүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік
мүдделері болады. Ол ең алдымен, "ұлтжандылық", "отансүйгіштік",
"патриотизм" ұғымдары сол заманның ақиқаты – наным-сенімінен туындайды.
Еліміз егемендік алған жылдар ішінде жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы –
Қазақстандық патриотизм болды.
"Қазақстандық патриотизм" ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған
жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін көрсетеді.
Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүруде. Қазақстан
олардың көпшілігінің туған отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар
мекені болмақ. Сондықтан олардың әрқайсысы Қазақстанды ата – жұртым деп
танып, оның тәуелсіздігін қорғауға және материалдық байлығын арттыруға
еңбек етуі тиіс. Сол себепті Қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті
өмірде жиі қолданылып, кеңінен калыптасып келеді.
Бұл ұғымның педагогикалық мәніне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан
азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты.
Қазақстандық патриотизм - Отан - анаға деген сүйіспеншілік пен
азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік, бойдағы білім мен білікті, ақыл-
парасатты ел игілігіне жұмсау, атамекен мүддесіне арнау болмақ. Өз елінің
өткенін, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтей білу де осы
қазақстандық патриотизм құрамына кірсе керек.
Туған халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, патриотизмнің керемет
үлгілерін көреміз. Бүгінгі күні егемен ел болып, қазақ деген ұлт болып
отыруымыздың өзі ата-бабаларымыздын теңдесі жоқ ерлігінің арқасы. Тарихи
мәліметтерден байқайтынымыздай, жоңғар шапқыншылығы кезі, одан бертіндегі
ұлт - азаттық көтерілісін алып қарасақ, ондағы батырлардың ешқайсысы елін,
жерін, Отанын қорғауда жанын, тәнін аяп қалмаған. Осындай көптеген тарихи
тәжірибелерден сол кездегі патриоттық сезімнің қалыптасуында отбасындағы
тәрбиенің ықпалын елемей қоюға болмайды.
Қоғамның өз азаматтарына қызмет етуі адамдардың өзіне байланысты екені
белгілі. Бұл қоғамның жай-күйі оның әрбір азаматына байланысты деген сөз.
Демек, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің нығайып дамуының басты
шарттарының бірі - оның азаматтарының патриотизмі.
Ендігі басты міндет осы мемлекеттің өркендеп өсуі, халықтың
әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру. Бәсекелестікке қабілетті әлемнің
50 мемлекетінің қатарына қосылуды мұрат етіп отырған ел үшін өсіп келе
жатқан жас ұрпақ, ертеңгі мемлекет иелерінің бойында патриоттық сана -
сезім, патриоттық іс-әрекет қалыптастыру - бүгінгі күннің өзекті
мәселелерінің бірі.
Құқықтық тәрбие. Құқықтық тәрбие мақсаты — оқушыларда құқықтық
мәдениет пен құқықтық әрекет-қылық қалыптастырып, оларды құқықтық заңдылық
талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу. Құқықтық тәрбие жүйесі мемлекет
сипаты және саясатымен белгіленеді.
Құқықтық норма адамның қоғамдағы талапқа сай әрекет-қылығының мұратты
(идеяльная) моделі. Құқық пен тәрбиенің өзара байланысты әрекеті негізінен
жанама түрде тәрбиеге араласқан ата-аналар мен ересектер арқылы іске асып
барады. Азаматтық қорғанысы әлі жетілмеген бала заң аясында қолдау табады:
оның ерекше мәртебесі Адам құқықтарының жалпы декларациясында (1989ж)
және Бала туралы Конвенцияда (1989ж) жарияланды. Отбасы және мектеп
жағдайларында балалар орынды әрекет-қылық әдеттерін, адамгершілік және
құқықтық нормаларын, әлеуметтік іс-әрекеттердің алғашқы дағдыларын меңгере
бастайды.
Құқықтық тәрбиеге байланысты іс-әрекеттер мазмұны – құқық бұзушылық
әрекеттерге арқау болар жағдайларды (өмір мен тәрбиедегі қолайсыз
жәйттерді) жою; оқушылардың өмірі мен тәрбиесіне орай жағдайлар мен оларды
қоршаған ортаны зерттеу; тәрбиеленушінің жеке ұстанымдарына түзетулер
енгізу; бұрын қылмыс жасаған оқушылармен жұмыс алып бару.
Қазақстан Республикасының халыққа білім беру жөніндегі Заң
негіздерінде оқыту мен тәрбиелеудің басты принциптері: оқыту мен тәрбиенің
бірлігі, балалар мен жастарды тәрбиелеудегі мектептің, отбасы мен
жұртшылықтың өзара ынтымағы; жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің өмірмен
байланысы; білімнің ғылыми сипаты, ғылымның, техниканың, мәдениеттің ең
жаңа жетістіктері негізінде ұдайы жетілдіріліп отырылатындығы айтылған.
Бастауыш сыныптардағы тәрбие жұмысының нақты мазмұны мен әдістемесі осы
принциптердің негізінде жасалады.

2.2. Оқушыны мәдениетке тәрбиелеу жолдарының маңызы

Балалар бастауыш мектепте мәдени мінез-құлықтың негізгі ережелері
жөнінде аса үлкен көлемдегі білімдерді игеріп, оларды саналы түрде
орындауға әдеттенуге тиіс. Әдептілік пен мінез – құлықтың нақты ережелері
өте көп, оқушыларды олардың бәрімен бірдей таныстыру өте қиын, өмірде
балалар бірінші рет кездесіп отырған жағдайлар жиі ұшырасып жатады.
Сондықтан да, оқушыларға мінез-құлық ережелерін үйретумен бірге, ереже
рухына сай әрекет етуге, яғни жаңа жағдай кезінде бұрыннан жақсы мәлім
ережелер негізінде, әрекеттің дұрыс жолын таба білуге баулу керек. Бұл –
күрделі міндет. Балаларды мінез-құлық ережелерін мектепте, көшеде, қоғамдық
орындарда орындауға баулу керек.
Мінез-құлық мәдениеті көп ретте адамгершілік нормаларымен тығыз
байланысты. Мәселен, сыпайылықтың, ілтипаттылықтың, әдептіліктің, дәлдігін
көптеген нақты ережелерінің негізінде қоғамымыздың адамгершілік, ұжымдық,
достық, жолдастық, өзінің мінез-құлқы мен қылықтары үшін жауапкершілік
сияқты ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тұлғаның базалық мәдениетін қалыптастыру
Тұлғаны қалыптастыруда дене тәрбиесінің маңызы
Ұлттық дүниетанымды халық өнері арқылы қалыптастыру
Оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастырудың ғылыми- теориялық негіздері
Бастауыш сыныпта дүниетанымды оқытудың әдістемесі
Адамзат дамуының қай кезеңінде болмасын тәрбиенің тиімділігін жетілдіру
Оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру жүйесі
Дүниені дүниеге көзқарас арқылы танимыз
Педагогиканың теориялық, методологиялық негіздері. Тұтас педагогикалық процестің теориясы мен практикасы
Бастауыш сыныптарда дүниетануды оқушының негіздеріне технологияның талғама жасау
Пәндер