Күрділердің мәдени орталықтары


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨП ҰЛТТЫЛЫҚ
Қазіргі Қазақстандағы ұлт мәселесі. Ұлт мәселесі көп ұлтты Қазақстан Республикасында басты проблемалар қатарына жатады. Кеңес өкіметінің соңғы жылдары этностық сана-сезімнің өсуімен ерекшеленді. Кеңес дәуірінен қордаланып қалған ұлт мәселелерінің болуы қазіргі кезеңде ұлт саясатына ерекше ыждағаттықпен қарауды қажет етеді. Қазақстан жерін мекендейтін халықтардың достық, туысқандық қарым-қатынасы, оларды біртұтас мақсатқа жетелейтін жетекші ұлттық мүдде болуы қазіргі саясаттың маңызды бөлігі. Мұнда Түркия тәжірибесін мысал ретінде алуға болады. Кемал Ататүрік халқын біртұтас ұлттық қозғалысқа біріктіре отырып, ұлттық идеологияны қалыптастырды. Түркияның бүгінгі басшылары Ататүріктің жолын қуып, қазіргі заманға лайықты ізгілікті жақтайтын ұлттық мемлекетке айналған. Қазақстан да жаңа дәуірге бейімделген өзіндік жолын таңдап алды.
Ал КСРО ұлт мәселесін шешуге мүлдем қабілетсіздік танытты. Тек көзжұмбайлыққа салынып, бізде ұлттық мәселе түпкілікті шешілгендігі және бір ғана кеңес халқы құрылғандығы туралы тезисті қайталаумен болды. Бұл тезистің шындыққа жанаспайтындығын КСРО бар кездің өзінде оның аумағында ұлтаралық жанжалдардың болып тұрғандығы дәлелдейді. Ұлтаралық шиеленістер, ұлт мәселесіндегі дағдарыс бұрынғы Кеңес Одағының ыдырауына түрткі болған, стратегиялық, технологиялық артта қалу сияқты көп себептердің бірі. Кеңес Одағы құлар алдында елде бұрын байқалмаған толқулар күшейді. Н. Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” кітабында: “Ең қауіптісі - олар таза ұлттық сипат ала бастады. Ұлт мәселесінің соншалық асқындауы әуелі теориялық дәрменсіздіктен етек алды”, - деп жазды. Шындығында басшылықта да, ғылыми орталықта да бұл мәселемен шындап айналысқысы келген ешкім болмады. Ал ХХ ғасырдың аяғында тек кеңестер елінде ғана емес, бүкіл әлемде ауқымды ұлттық оянудың бұрқырай бас көтеруі басталған болатын.
Тоталитарлық жүйе тұсындағы жалпы мемлекеттік саясатқа эклектизм, яғни қарама-қарсы әр түрлі философиялық көзқарастарды, теориялық алғышарттарды, саяси тұжырымдарды қалай болса солай дәйексіз біріктіре салу тән болды. Соның нәтижесінде ұлттарды аға мен ініге бөлу саясаты тәрізді келеңсіз көріністер орын алды. Кеңес халқы тоталитарлық-саяси әдістермен біріккен қауым, оның мәдени негізі идеологияландырылған кеңес мәдениеті болды. Сол себепті саяси қатаң тәртіп сәл әлсіреген кезде “адамдардың жаңа тарихи қауымдастығы” ыдырап кетті. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін бұрынғы ұлт саясатындағы бір ұлтты жоғары қою арқылы, екіншілерін төмендету, екінші қатарға ысырып тастауға, империялық көңіл күйлерге, экстремистік әрекеттерге тосқауыл қойылды. Ұлт мәселесі “атылмаған жанартау” болудан қалып, ұлт проблемасының ақылды, парасатты шешімдерді қажет ететіндігі мойындалды.
Бұл парасаттылықтың астарында әрбір қазақстандықтың өзін ең алдымен қазақстандық екендігін, сонан кейін өз ұлтының перзенті екендігін сезінгенде ғана ұлтаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениеті қалыптасады. Сонда ғана шынайы ұлттық келісім мен шынайы саяси және қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Демек қазақстандық патриотизмге негізделуі қажет. Ұлтаралық, этностық топтар арасындағы келісім барша азаматтың нәсіліне, ұлтына, діни сеніміне қарамастан қашанда бір-біріне көмекке келуге әзірлігі, психологиялық тұрғыдан дайындығы, достық қарым-қатынасын бейнелейді.
Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі - ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі болып табылады.
Әрине, ұлттық келісімге келгенде, әрбір адамның азаматтық құқы сақталуы шарт екендігі түсінікті. Сонымен қатар, елдегі саяси тұрақтылықтың кепілі ретінде ұлтаралық келісіммен бірге халықтың әл-ауқатының жақсаруы да өз әсерін тигізеді.
Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. Күллі қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принципі мен ұлтаралық татулық санасын қалыптастыру маңызды. Осыған орай, еліміздегі барлық ұлттар, ұлттық және этностық топтардың тілі мен салт-дәстүр, мәдениетінің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін Қазақстанда бірінші қазақ халқының түпкілікті ұлттық мүдделері дұрыс шешілгенде ғана өзге ұлттар мен этностық топтардың дамуына жол салынады. Себебі қазақтардың өзі кеңес империясы тұсында, одан ерте патшалық Ресейдің отарлық саясатынан көп зардап шекті. “Бұратана”, “тағы”, “варвар”, “қырғыз-қайсақ” деген небір ұлттық кемсітушіліктерді басынан өткерді. Сондықтан неше ғасыр басқа империяның қол астында болған Қазақстан үшін, оның негізгі тұрғындары - қазақтар үшін, ұлт мәселесі өте-мөте маңызды. Өйткені қазақтар Кеңес империясы құлап, көптеген ұлттық топтардың өз отанынан жырақта қалған жағдайын жақсы түсінеді. Себебі тоталитаризм жылдарында қазақтардың өзі оның зардаптарын басынан өткерді, миллиондаған қазақтар шетелге кетуге мәжбүр болды, демографиялық апатқа ұшырады. Ендеше кеңестік тоталитаризм қазақ халқының басына да орны толмас бақытсыздықтар әкелді. Түрлі әлеуметтік зерттеулер деректері еліміз халқының басым көпшілігі өздерін Қазақстанның азаматы ретінде танитынын айқын көрсетіп отыр. Сондықтан азаматтық қоғам идеяларын жалпы ұлттық идеялармен үйлестіре отырып, республикадағы азаматтық қауымдастықты қалыптастыруға болады.
Қазақстан халқы жаңа бір этностық қауымдастық емес, түрлі ұлттар азаматтарының қауымдастығы ретінде қаралады. Қазақстан халықтары Ассамблеясы түрлі этнос өкілдерін азаматтық тұрғыдан біріктіру құралдарының бірі болып табылады.
Ұлт үнемі дамып отыратын жанды үрдіс, ел өмірінде кезігетін ұлттық проблемаларды кейінге ысырмай, уақытында шешу арқылы ғана ұлтаралық қайшылықтардың алдын алуға болады.
Қазіргі Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерінің саны мен ұлттық құрамы
Тұрғындар
1989 ж.
1999 ж.
Қазақтар
6. 534. 616
7. 985. 039
Орыстар
6. 227. 549
4. 479. 620
Немістер
957. 518
353. 441
Украиндар
896. 240
547. 054
Өзбектер
332. 017
370. 663
Татарлар
327. 982
248. 954
Ұйғырлар
185. 301
210. 365
Белорустар
182. 601
111. 927
Корейлер
103. 315
99. 665
Әзірбайжандар
90. 083
78. 295
Поляктар
59. 956
47. 297
Түріктер
49. 567
75. 933
Шешендер
49. 507
31. 799
Гректер
46. 746
12. 703
Башқұрттар
41. 847
23. 225
Молдавандар
33. 098
19. 460
Дүнгендер
30. 165
36. 945
Мордвалар
25. 000
16. 147
Күрділер
25. 425
32. 764
Тәжіктер
25. 514
25. 659
Армяндар
19. 119
14. 758
Барлығы
16. 464. 400
14. 953. 126
1999 жылғы Бүкілхалықтық санақ Қазақстан тұрғындарының ұлт құрамында саны жағынан бірінші орында - қазақтар, екінші орында - орыстар, үшінші орында - украиндар, төртінші орында - өзбектер, бесінші орында - немістер және т. с. с. болғандығын көрсетті. (Кестені қараңдар) .
Ал енді олардың Қазақстан аумағына орналасуына келетін болсақ: Қазақтар Оңтүстік Қазақстан облысында ең көп орналасқан - 1. 3 мың. Алматы облысында - 925 мың, Шығыс Қазақстан облысында - 740 мың, Жамбыл облысында - 640 мың адам. Ал орыстар Шығыс Қазақстан облысында - 700 мың, Қарағанды облысында - 610 мыңдай, Қостанай облысында - 430 мыңдай, Солтүстік Қазақстан облысында - 360 мыңдай, Павлодар облысында - 330 мың, Ақмола облысында - 330 мың орналасқан.
Украиндардың ең көбі Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында шоғырланған. Белорустар Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарына көптеп тұрақтаған. Өзбектердің көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Немістер Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында көп топтасқан. Татарлар Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарында көптеп мекендейді. Ұйғырлардың көп бөлігі Алматы облысында, дүнгендердің көп бөлігі Жамбыл, түріктердің көп бөлігі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрады. Корейлер Алматы облысында, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, күрділер Алматы, Жамбыл, тәжіктер негізінен Оңтүстік Қазақстан облысында көп шоғырланған.
Тұрғындарының көп ұлттылығы жағынан Алматы, Жамбыл, Ақмола, Қостанай облыстары алда тұр. Ал Қызылорда, Атырау, Ақтөбе облыстары халқының құрамы бір ұлтты болып келеді.
Енді республикада ең көп ұлт саналатын орыстарға келетін болсақ, 1939-1989 жылдар арасында олардың саны өсу үстінде болды. Сөйтіп, 40 жыл бойы республикадағы орыстар, украиндар, белорустар саны жағынан көпшілік болып келді. Тек 1989, 1999 жылғы санақ нәтижелері республика тұрғындарының қатарында орыстардың үлес салмағы төмендегенін көрсетті. Оған кері миграциялық ағымдар, табиғи өсімнің азаюы, әлеуметтік жағдайдың нашарлауы әсер етті. Сонымен қатар, халықтың көші-қон үрдісінде Қазақстанға алыс және шетелдердегі қазақтар көшіп келуі де жергілікті халықтың абсолюттік және салыстырмалы көрсеткіштердегі өзгерістеріне әкелді.
1989-1995 жылдардағы орыстардың миграциялық кері ағымдары қарқынды жүрді, нәтижесінде барлық облыстарда олардың абсолюттік санының азаюы байқалды. Мигранттардың көпшілігі 1979-1989 жж. Оңтүстік Қазақстан, Жезқазған, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарынан шықса, 1989-1993 жылдары Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Талдықорған, Ақтөбе облыстарынан кете бастаған.
Республиканың өз ішіндегі халықтардың орын ауыстыруы нәтижесінде оңтүстіктен саны аз жерлерден орталыққа және Солтүстік Қазақстанға жылжу бағыты анықталды. Себебі Солтүстік Қазақстанда орыс ұлтының шоғырлануы жоғары деңгейде екендігі белгілі.
Ал Қазақстандағы жалпы демографиялық үрдістердегі туудың кеми түсуі мен оның табиғи өсімге әсер етуі де орын алуда. Оған төмендегідей жағдайлар: қазақтарда көп балалы отбасынан орташа отбасыларға, орыстарда орташа отбасылардан аз отбасыларға ауысу жүріп жатыр. Сонымен қатар, халықтың урбандалуы, әлеуметтік-экономикалық тұрмыстың шапшаң өзгеруі, миграцияның барлық түрлері және т. б. факторлар ықпал етуде. Табиғи өсімнің азайып, өлімнің көбеюі және жастық құрылымның қартаюын 1991-1995 жылдарда туған балалардың саны кестесінен көруге болады.
Тұрғындар
1991 ж.
1995 ж.
Қазақтар
202, 8 мың
177, 8 мың
Орыстар
84 мың
53, 2 мың
Украиндар
13, 5 мың
8, 1 мың
Белорустар
2, 9 мың
1, 6 мың
Татарлар
5, 3 мың
3, 2 мың
Бұл кестеден татар және орыс ұлты өкілдерінің бала туу деңгейі ерекше төмендегені байқалып тұр. Сонымен қатар, орыстармен ассимиляцияға түсуден кейбір еуропалық ұлт саны да күрт төмендеуде.
Әсіресе демографиялық өсу қарқынының баяулай түсу негізінен қала жұртының, кейіннен, ауылдық жерлерде бала санының шектеле бастағанын білдіреді. Ал ұлттар аралас тұратын ірі қалалар мен өндіріс орталықтарындағы халық саны ауылдан келушілер есебінен толығуда, яғни урбандалу үрдісі жылдам жүруде. 1989 жылғы санақ қорытындысы бойынша Қазақстанның 50 қаласының 6-да ғана қазақтар 50%-дан артады. Қалған қалаларда орыстар мен басқа ұлттар басым. Бірақ алдағы кезеңде қала тұрғындарының ішінде қазақтардың үлесі арта түспек деп күтілуде.
§ 52. ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ АССАМБЛЕЯСЫ
Ұлттық мәдени орталықтар және оның қызметі. Еліміздегі әрбір ұлттың өзінің мәдени дәстүрлері бар. Сондықтан да әрбір ұлттың өзінің тілін пайдаланып, балаларын оқытып-тәрбиелеуге деген құлшынысы заңды болып табылады. 80-жылдардың соңынан бастап ұлттық сана-сезімнің күрт өсуі байқалған болатын. Бұл қоғам санасындағы түбірлі өзгерістер Қазақстанда ұлттық қатынастарды реттейтін заңдарды қажет етті.
Осылайша Қазақстандағы ұлттық мәдени орталықтар Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 1989 жылғы 14 сәуірдегі “Қоғамдық ұйымдардың құрылу тәртібі мен қызметі туралы” жарғысы негізінде жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, оған қосымша 1995 ж. 14 шілдеде “Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аймақтық органдарында заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу тәртібі жөніндегі ережелер”, 1996 ж. 30 мамырда “Қазақстан Республикасындағы қоғамдық ұйымдар туралы” заңдар қабылданды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының конституциясында көп ұлтты Қазақстандағы барлық ұлттардың тең құқықтық дамуы үшін заңдық негіз жасалған. Бірнеше баптар осы мәселеге арналған. Мысалы, 39-бапта ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген әрекеттердің заңға қарама-қайшы екендігі атап көрсетілген.
Жоғарыда аталған конституциялық-құқықтық базалар негізінде ұлттық мәдени қайта өрлеу үрдісі басталды. Тек 1994-1996 жылдары республикалық және аймақтық, ұлттық мәдени орталықтардың 27-сі қоғамдық ұйым ретінде заңдық статусқа ие болды. Олардың әрқайсысының облыстық құрылымдарда бөлімшелері бар.
Ұлттық мәдени орталықтар қызметінің негізгі бағыттары және нәтижелері мынандай: ұлттық мәдени орталықтар білім беру ісін шешуге қатысады, бірінші сатыдағы ұлттық мектептердің дамуына мұрындық болуда. Мәселен, 1990 ж. неміс ұлттық мәдени орталығының және “Дойче альгемайне” газетінің ұсынысымен республикада тұңғыш рет Алматыдағы N 18, 68 орта мектептерде барлық пәндерді неміс тілінде оқытатын сыныптар ашылды. Сол сияқты поляк тілінде оқытатын сыныптар Алматыда, Астанада, Қарағандыда, Көкшетауда бар. Жергілікті, аймақтық және республикалық ұлттық мәдени орталықтардың белсенді араласуымен жоғары оқу орындарындағы ұлттық тілдерден маман-тілшілер даярлайтын факультет пен бөлімдер саны көбейді. Мысалы, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде корей, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, парсы, араб бөлімдері ашылды. Осындай корей тілінің мұғалімін даярлайтын білім ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда пединститутында қайта ашылып, 1995 ж. алғашқы түлектерін даярлап шығарды.
Ұлттық мәдени орталықтардың араласуымен адамның өзінің ана тілін пайдалану құқығы жүзеге асырылды. Қазақстанда тіл қоғамдары құрыла бастады. Мысалы, Т. Шевченко атындағы украин тілі серіктестігі “Рідне слово”, Талдықорғандағы татар орталығы “Туған тель”. 1996 ж. барлығы 106 мың ұлт өкілдерінің балалары өз ана тілдерін жеке пән ретінде оқып-үйренді. Ұлттық мәдени орталықтар өз ана тіліндегі газет, журналдар жаздырып алуы, кітапханалық мекемелермен байланыс орнатуы, арнайы оқу үйлері ұлттық тілдердің функционалдық жай-күйіне игі әсер етті.
Павлодар облысының Кіші ассамблеясының ұсынысымен этностық топтардың 9 тілінде оқытатын 500 оқушыға арналған ұлттық мектеп ашылды. 1995 жылдан бері Ассамблея Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жоғары оқу орындарына түсушілерге 10%-дық квота бөлу туралы идеясын жүзеге асырды. Нәтижесінде азшылық ұлттардың студенттер арасындағы үлес салмағы 17, 7% артты. 11 ұлттық газет, 44 телестудия 12 тілде хабар береді және 18 радиостанция 6 тілде хабар беруінің арқасында ұлттың өзіндік дамуына ақпараттық кеңістік қаланған. 1995 ж. этностық топтар тілінде 20 кітап жарық көрді.
Дегенмен, кешегі 70 жылғы Кеңес өкіметі кезінде қордаланып қалған ұлт мәселелерін ұлттық мәдени орталықтар көтеріп, Қазақстан халықтары Ассамблеясының шын мәніндегі демократиялық орган ретінде айқындалуына да септігін тигізді. Сөйтіп, бұрынғыдай жоғарыдан әміршіл-әкімшіл жолмен емес, сұхбат жолымен келуге жол салды.
“Тұран” мәдени орталығы. Ұлы даладағы Қыпшақ мәдениетінің негізін қаласқан халықтардың бірі - әзірбайжандар. Кешегі сталиндік заңсыздықтар кезінде туған елінен бас сауғалап, қоныс аударуға мәжбүр болған бұл халықтың 100 мыңдай өкілі бүгінде Қазақстанда тұрады. Тұрмыс-тіршілігі, мұрат-мақсаты ежелден тұрандықтармен, алаш жұртымен біте қайнасқан әзірбайжандар қазақ елінің егемендігін нығайту, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін биіктету жолында табанды күрес жүргізіп келеді. 1992 ж. негізі қаланған “Тұран” мәдени орталығы мүшелерінің өз ұлттық мәдениетінің барынша өркен жаюы үшін сіңірген еңбегі орасан зор.
Армян мәдени орталығы. Армян халқының тағдыры өте күрделі. Бір жағынан христиан мәдениеті, екінші жағынан мұсылман мәдениеті тоғысатын белдеуде орналасқандықтан да армяндар жаугершілікті бастан көп өткізген. Сондықтан да туған елінен гөрі сыртта жүрген армяндар анағұрлым көп. Әйтсе де бұл халықтың байырғы мәдениеті ғасырлар бойы жасап келеді. Айталық қазіргі қолданылып келе жатқан армян әліпбиіне (алфавитіне) 1600 жылдан асқан.
Осынау ежелгі мәдениет өкілдерінің үлкен тобы ұзақ жылдардан бері Қазақстанда тұрып еңбек етуде. Олардың мәдени орталықтары 1991 ж. құрылған.
“Вонщен” - дүнген қоғамдық және мәдени орталығы. 1862-1877 жылдары Маньчжуриядағы Цин әулетіне қарсы күресте ойсырай жеңілген дүнгендердің үлкен тобы Қытай-Ресей шекарасынан өтіп, Жетісуға орналасуға мәжбүр болды. Бұдан кейін қытайлықтар тепкісіне түскен бұл халықтың шашырандылары Жетісуға қарай ағылып жатты. Қашқындардың соңғы легі - шамамен мыңға жуық адам - 1956-1962 жылдары бергі бетке өтті. Қазақстандағы дүнген мәдени орталықтары бұл халықтың мәдениетін өркендетуге қамқорлық жасап, жастардың ана тілінде сусындауына айрықша назар аударып отыр.
Корей мәдени орталықтары. Кеңес өкіметі Қиыр Шығыстағы корейлерді сенімсіз халық ретінде 1937 ж. Орта Азияға қарай жер аударды. Қазақстандағы бұл халық өкілдері 100 мыңнан асады. Қазақстанды туған отанындай қабылдаған корейлер еліміздің экономикасы мен мәдениетінің гүлденуіне елеулі үлес қосты. Олардың арасынан өсіп шыққан өнер, білім, ғалым, мәдениет, еңбек саңлақтары Қазақстанның игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Корей театры жұмыс істеп, теледидар арқылы корей тілінде “Коре сарам” хабарлары беріліп тұрады.
“Түркия” мәдени орталығы (республикалық Түрік қоғамы) . 1829 ж. Ресей Түркияның солтүстігіндегі үш ауданын жаулап алып, бұл жерді Ресей империясының аумағына қосты. Кеңес өкіметі тұсында Сталин ежелгі түрік ауданын Грузия аумағына қосу мақсатымен жергілікті халықты Қазақстанға жер аударды. Түріктердің “Түркия” қоғамы Қазақстан халықтарының арасындағы ұлттық татулықты саяси тұрақтылықтың негізі деп түсінеді. “Түркия” мәдени орталығының басшысы Д. Абдуллаев мырзаның ұйымдастыруымен Таразда 1996 ж. түрік мәдениетінің күндері болып өтті. 1989 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы түрік диаспорасының жалпы саны - 49475 адам болса, 1999 ж. Қазақстандағы түріктердің саны 75933 адамға өсті. Түрік тілін оқытатын 46 мектеп жұмыс істейді.
Күрділердің мәдени орталықтары. Күрділердің “Якбун” мәдени ассоциациясы, “Барбанк” қауымдастығы (төрағасы Н. Надиров) жұмыс істейді, сонымен қатар, бұрынғы кеңестік республикаларда да мәдени тіл, діни орталықтар жұмыс істейді. 1898 жылғы санақ бойынша Ресей империясында 100 мың күрділер өмір сүрген. Әзірбайжан күрділері бұл аумақта бір мыңға жуық жылдай өмір сүрген. Ал Грузия, Армения күрділері ол аумаққа ХVІІІ, ХІХ және ХХ ғасырларда Түркиядан қоныс аударды. Сталиндік 1937, 1944, 1948, 1950 жылдардағы депортация кезінде күрділер Қазақстан мен Орта Азияға көшірілді. 1999 жылғы санақ бойынша Қазақстан Республикасында 32764 күрді этностық топтарының өкілдері мекендейді. 1993 жылдан “Якбун” мәдени ассоциациясы жұмыс істей бастады. Күрді халқының мерекелері республикалық деңгейде аталып өтіледі. 1999 ж. Алматыда “Қазақстан күрділері”, “Тарих және қазіргі кезең” атты конференция өтті. Интернетте бірнеше сайтта халықтың тарихы, мәдениеті туралы мақалалар жарияланып тұрады.
“Идель” - башқұрт пен татарлардың қоғамдық мәдени орталығы. Ежелден Еділ бойын мекендеген башқұрт пен татар халқының түрлі қуғын-сүргінді бастан кешкен бөлігі Қазақстанда да аз емес. Бүгінде олардың “Идель” қоғамдық және мәдени орталығы түркі халықтарының ынтымағын нығайтуда. Көп ұлтты мемлеке-тіміздің қоғамдық және мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі - 1998 жылғы 8-9 маусымда Шымкентте татарлардың бүкіл дүниежүзілік конгресі Атқару комитетінің көшпелі мәжілісінің өткізілуі. Оған Татарстан Ғылым академиясының академигі И. Тагиров төрағалық етті. Бұл мәжіліс Орталық Азиядағы татар диаспорасының ана тілінде білім алуын одан әрі дамыту мен мәдениетін өркендету проблемаларына арналды. Осынау алғашқы кеңеске Қазақстандағы татар диаспорасымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстан татарлары мәдени орталықтарының өкілдері де қатысты.
Сонымен қатар, Қазақстанда неміс, поляк, грек, өзбек, шешен, ингуш және т. б. ұлттық мәдени орталықтары жұмыс істейді. Қазақстандағы орыстардың қауымдастығы “Здрава” да өз қызметін жалғастыруда.
Қазақстандағы тілдер статусы. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Этностың тұрақты тіршілік етуі мен оны айқындайтын көптеген элементтердің ішінде тілдің алатын орны ерекше. Тілдің дамуы мен оның функционалдық қызметінің өсуі және сол ұлттың мәдениетінің дамуының арасында тікелей байланыс бар.
Сондықтан республика толғағы жеткен мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік ала салысымен, бірінші болып тіл мәселесін көтерді. 1989 ж. 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс он төртінші сессиясында “Қазақ КСР-індегі тілдер туралы Заңның” жобасын бекітті. Бұл құжаттың 1-бабында Республикадағы Мемлекеттік тіл - қазақ тілі, орыс тілі халықаралық тіл болып жарияланған. 1997 ж. шілдеде “Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы” заңы өзгерістермен, толықтырулармен қайта қабылданды.
Қазақстан Республикасының конституциясында да қазақ тілі Мемлекеттік тіл болып қала беретіндігі айтылған. 1993 ж. Министрлер кабинеті жанында тілдер жөніндегі комитет құрылды, ол 1995 ж. ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет деп аталды. Дегенмен, республика тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген саяси, экономикалық және мәдени өміріміздегі қиындықтар негізінде айырылып қалған рухани мұралар мен тілдерді дамытуда проблемалар кездесті. Ұлттық балабақшадан бастап мектептер ашу барлық аймақтарда бірдей емес екендігі анықталды. Мәселен, қазақтар саны халықтың 20-30% болып келген солтүстік облыстарда қазақ мектептерін көбейту, жаңа мектептер ашу мәселелері шешусіз қалып келді. Сол сияқты 1992 ж. Павлодар облысы бойынша қазақ балаларының 70, 4%-ы орыс мектептерінде оқыған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz