Қазақстан қоғамын демократияландыруға интеллектуалды элитаның саяси қатысуы


ӘОЖ 321. 7:323. 329(574) Қолжазба құқығында
КОШЕРБАЕВ ДАСТАН БАҚЫТБЕКҰЛЫ
Қазақстан қоғамын демократияландыруға интеллектуалды элитаның саяси қатысуы
23. 00. 02 - Саяси институтар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар
Саяси ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертациясының
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2009
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің теориялық және қолданбалы саясаттану кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекшісі: саяси ғылымдарының докторы,
профессор Борбасов С. М.
Ресми оппоненттері: саяси ғылымдарының докторы,
профессор Алияров Е. К.
саяси ғылымдарының
кандидаты Нүкенов А. Н.
Жетекші ұйым: ҚР БжҒМ философия және
саясаттану институты
Диссертация 2009 жылдың 5 маусымында сағат 16 00 -де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі 23. 00. 02 - саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар мамандығы бойынша саяси ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғалатын Д 14. 21. 03 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13. Конференц-зал.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасында (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30) танысуға болады.
Автореферат 2009 жылы 5 мамырда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, саяси
ғылымдарының докторы Ж. Р. Жабина
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс бүгінгі Қазақстанның демократиялану жағдайындағы аса маңызды әрі ауқымды мәселеге арналған. Бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің қатарында саясаттың негізгі субъектілерінің бірі болып табылатын, қоғамдағы белсенді топтардың қатарына жататын интеллектуалды элитаның қоғамдағы демократиялық үрдістерге саяси қатысу жолдары мен ерекшеліктері көрнекті орын алуда. Интеллектуалды элитаның бүгінгі саяси өзгерістердегі орны мен рөлін анықтау, олардың саяси жүйенің өзгеру жағдайындағы саяси мәдениеті мен белсенділігіне жаңаша баға беру демократиялық мемлекет үшін өзекті мәселелердің бірі.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен демократиялық мемлекет құрудың қиын да ұзақ жолын басынан өткеруде. Осы жолда жасалған реформалар қоғамның бүкіл салаларын түбегейлі өзгертті. Экономиканың артынан саяси жүйе, қоғамдық тәртіп, жалпы әлеуметтік-рухани жай-күйі өзгеріске ұшырады.
Қоғамдағы түбегейлі өзгерістер мен жаңару салдарынан туындаған дағдарыс халықтың саяси қатысуына әсер етпей қоймады. Оның үстіне 70 жыл бодандық саясатының шырмауынан билікке, саясатқа араласа алмай келген қазақ ұлты үшін демократиялану тың үрдіс болды. Мұндай үрдіс төбе топтардың да саяси қатысуына өзгерістер әкелді.
Алайда, демократиялану үрдісіндегі элиталық топтардың рөлі айқын еді. Демократиялық қоғамда халықты жаңа шындыққа бастайтын төбе топтардың қажеттілігі жайлы Елбасы Н. Ә. Назарбаев былай деген болатын: «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет»[1] . Яғни, саяси сауатты, саяси мәдениеттері жетілген, демократиялық өзгерістердің тірегі бола алатын азаматтар қажет. Осы орайда Қазақстан қоғамын демократияландыру ісінің тиімділігі интеллектуалды элита рөлінің артуына байланысты. Себебі, қоғамдағы саяси-экономикалық және әлеуметтік-рухани өзгерістер мен жаңарулардың қозғаушысы да, оларды жүзеге асыратын да интеллектуалды элита. Және де, интеллектуалды элита әлеуметтік топ ретінде азаматтық қоғам құрудағы және демократиялық құндылықтарды енгізудегі қоғамның «модернизацияланған» немесе жаңашыл, реформашыл бөлігі деуімізге болады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары интеллектуалды элита өкілдерінің бір тобы тәуелсіздікті тізгін етіп, «қазақ тілі үстем болуы керек», «Қазақстан тек қазақтар үшін» деген ұран айтып, керітартпа саясат жүргізсе, келесі тобы кеңес тұсындағы даңқ, дәрежеден айырылатындығын сезгеннен кейін Ресейге қосылуды көкседі. Келесі бірі билікке өтіп, саясатқа араласа бастады. Басым бөлігі, бұқаралық мамандық иелері, нарықтық қатынастарға бейімделе алмай тоз-тоз болды. Осындай ғылым мен тұрмысты таңдау қайшылығы интеллектуалды элитаның саяси белсенділігіне және жалпы саяси мәдениетінің деңгейіне зор ықпалын тигізді.
Интеллектуалды элитаның саяси белсенділігінің қалыптасуы немесе ондағы белгілі бір өзгерістер елдегі шынтуайт саяси ахуалдың көрінісі болып табылады. Интеллектуалды элитаның саясатқа қатысу деңгейінің төмендеуі немесе керісінше артуы биліктің жүргізіп отырған экономикалық-саяси реформаларына деген жауабы. Яғни, интеллектуалды элита қоғамдағы өзгерістердің өлшеушісі, «индикаторы» деуімізге болады. Қазіргі Қазақстан қоғамының әлеуметтік-саяси құрылымында интеллектуалды элита өкілдері маңызды орын алуда. Демек, саяси ғылымға қоғамның мұндай маңызды реформашыл бөлігінің саяси қатысуы немқұрайлы болмақ емес. Сондықтан да, интеллектуалды элитаның Қазақстан қоғамын демократияландырудағы орны мен рөліне және саяси қатысуының ерекшеліктері мен қарама-қайшылықтарына көңіл бөлген жөн деп санадық.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Әр текті ұлттардың, халықтардың қоғамдық құрылыстарының ерекшеліктеріне сәйкес билік жүргізу әдісінде және саяси өмірінде ешбір елде қайталанбайтын өзіндік бір көрініске ие болатындығы жайлы ежелгі фәлсафашыларға жақсы таныс болған. Осыған байланысты ел төбе топтарының мемлекеттік істердегі орны мен қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі туралы идеяны саяси ілімдер тарихының барлық кезеңінен кездестіруге болады. Геродот, Тацит, Полибий, Цезарь Светоний Транквилл скифтердің, германдықтардың, галлдардың, римдіктердің әлеуметтік-саяси құрылысы мен билікке күрес барысындағы іс-әрекеттері жайлы көптеген еңбектер мен қолжазбалар қалдырған. Ежелгі Греция мен Рим ғұламалары Платон, Аристотель, Демокрит, Цицерон және т. б. аталмыш мәселеге өз қырларынан ерекше мән береді.
Орта ғасырлық Европадан бастау алған билік пен саяси элитаға қатысты мәселелер Н. Макиавеллидің, Т. Гоббстың, Д. Локктың, Ш. Монтескьенің, Г. Гегелдің еңбектерінен өз жалғастарын табады. Алайда саяси элитаға қатысты қазіргі саяси ғылымдағы парадигмалар негізінен ХІХ - ХХ ғ. ширегінде батыстық саясаттанушылар қалыптастырды. Олардың қатарында А. Токвилдің, Г. Моска, В. Парето, Р. Михельс, А. Тойнби, Ортега-и-Гассет, Г. Лассуэлл, М. Вебер, Дж. Гэлбрейт, О. Штаммер, Д. Рисмен, С. Келлер, Р. Даль, Р. Дарендорф және т. б. батыстық зерттеушілер бар. Есімдері аталған ғалымдардың еңбектеріндегі ғылыми нәтижелерге терең сараптама жасау арқылы жұмыс барысында қолдану тақырыптың мәнін ашуға септігін тигізді.
Қоғамның басқарушы элитасы болмаса да, өзіндік билік пен ықпалға ие, интеллектуалдық деңгейі жоғары субэлиталар жайлы элитологтар арасында көп айтыла бастады. Элитаны кәсіби-біліктілік белгілері бойынша анықтауда үлкен еңбек еткен ғалымдардың бірі Дж. Бёрнхейм болды. 40-шы жылдары Дж. Бёрнхейм «менеджерлер революциясы» атты теориясын құрады. Т. Боттомор осы идеяны одан әрі өрбітіп, субэлиталық топты интеллектуалдар, менеджерлер және үкіметтік шенеуліктер деп атайды.
«Біліктілер табын» зерттеуді Э. Гидденс, Э. Гоулднер, П. Дракер, Дж. Голдторп және басқа батыстық ғалымдардың жаңа буыны жалғастырды. Бұлардың ойынша қоғамның саяси, экономикалық салаларының қарқынды дамуы интеллигенцияны, интеллектуалдарды, менеджерлерді алдыңғы қатарға шығарады. Енді олар қоғамның саяси өмірінде белгілі бір орынға ие әлеуметтік топтардың біріне айналады.
Осы тұста Ф. Махлуи ғылыми айналымға «интеллектуалды еңбек қызметкері»(knowledge-worker) ұғымын енгізеді. Ф. Махлуи бойынша интеллектуалды тап - жоғары мобильді, ақпаратты тиімді қолдана алатын, жаңа білім тудыра алатындар табы.
Бүгінгі таңда элитаны кәсіби-біліктілік жағынан анықтауға қатысты зерттеулердің ішінде ағылшын әлеуметтанушысы М. Янг енгізген меритократия идеясы басым ұстанымдардың біріне айналуда. «Меритократия» ұғымы бюрократияны, технократияны және жалпы қоғамның таптық құрылымын өзгерте алатын қоғамды басқарудың жаңа принціпі ретінде қаралуда.
Отандық және шетелдік ғылыми ортада интеллигенция жайлы зерттеулер көп болғанымен, «интеллигенция» ұғымының мән-мағынасы жөнінде, «интеллигенция» деп қандай әлеуметтік топ өкілдерін атау керектігі жайлы бір жақты пікір қалыптаспаған. Алайда, көптеген ғалымдар болса бүгінгі күні бұл ұғымның отаны Ресей деп айтып та, жазып та жүр. Мәселен Ресейлік ғалымдар С. О. Шмидт, О. К. Степанова, Е. С. Элбакян, М. Н. Руткевич, С. Б. Орлов және т. б. еңбектерінде «интеллигенция» таза ресейлік құбылыс ретінде көрсетіледі.
Ресей интеллигенциясының спецификасы және өзіндік идентификациясының қоғамдық сұрақтары революцияға дейінгі және кеңес зерттеушілерінің еңбектерінде қарастырылған. Оларға С. Е. Трубецкой, П. Н. Милюков, А. В. Луначарский, А. Грамши және т. б. ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады.
Интеллигенцияның саяси өмірдегі орны мен рөліне, элитарлық табиғатына эмпирикалық деректемелер негізінде теориялық қорытынды жасаған ресейлік ғалымдар: П. Сорокин, Г. Г. Ашин, К. Г. Барбакова, С. А. Кугель, В. А. Беляев, Г. А. Будник, В. В. Тепикин, В. Х. Беленький, В. С. Меметов, А. В. Соколов, О. Крыштановская және т. б.
Қазақстан халқының дамуындағы интеллектуалдық элитаның рөлін, оның тарихы мен мәдениет қатынасында зерттеген отандық ғалымдарды да атап кетуге болады. Олар Ж. Қарағұсов, Р. Сүлейменов, Х. Әбжанов, Ш. Ю. Тастанов, В. И. Гноевых, А. Ишмұхамедов, Д. Н. Наурызбаев, Ц. Р. Розенберг, С. Әбубәкіров және т. б.
Соңғы жылдары Қазақстан ғалымдарының жаңа жұмыстары басылып шығуда. Бұл жұмыстарда тарихи, өркениеттік және теоретикалық тәжірибелік аспектідегі интеллектуалды элитаның әржақты қырлары қарастырылған. Бұл мәселеге қатысты қалам тартқан ғалымдар: М. Х. Асылбеков, Ф. Н. Базанова, А. Б. Галиева, М. Б. Тәтімов, Ә. Әлпейісов, Л. Гуревич, М. Қойгелдиев, Ш. И. Абдукарімова, Б. Ж. Әбжаппарова, М. Т. Тлепов, А. Нұралиев, Г. Ж. Рахимжанова, С. Т. Рысбекова, С. О. Смағұлова, М. Тілеубаева, Н. Н. Южакова, Н. У. Шаяхметов, О. С. Сабденов, М. С. Садырова, А. М. Ауанасова, Т. Садыков, М. Р. Хамитова, К. А. Калиева, Г. Б. Хабижанова, З. О. Дүкенбаева және т. б.
Сонымен қатар Қазақстанда осы зерттеліп отырған тақырыпқа көптеген еңбектер, мақалалар, ғылыми жинақтар баспаға беріліп, жарыққа шықты. Зиялы, зиялылық мәселесіне қатысты зілді-зілді ой қозғап жүрген ғалымдар: Ә. Нысанбаев, С. Б. Дорженов, Т. Ғабитов, Ә. Аманхан, Ғ. Есім, Р. М. Жұмашев, Қ. Жүкеш, Р. Тоқтаров және т. б.
Қазақстанның саяси элитасын анықтауда үлкен үлес қосқан М. Н. Игалиев, Г. Т. Илеуова, Н. Ә. Әбуева, А. Қ. Түлеғұлов жүргізген зерттеулерін атауға болады. Бұл зерттеулерде қоғамдағы саяси элитаның орны мен рөлі, құрылу жолдары мен құрамы қарастырылғандықтан зерттеуіміздің барысында қолданылды.
Интеллектуалды элитаның саяси мәдениетінің ерекшеліктерін, қалыптасуын көрсететін терең зерттеулер жүргізілген жоқ. Бұл мәселе енді-енді зерттеле бастаған тың сала. Осындай зерттеулердің бастамасы ретінде Г. Абдиеваның «Қазақстанда саяси субмәдениеттің қалыптасуы (инженерлік-техникалық интеллигенция мысалында) » жайлы мақалаларын айтуға болады[1] .
Қазақстанның саяси мәдениеті мен саяси санасына және саяси әлеуметтену үрдісіне қатысты зерттеулер баршылық. Мәселен, С. А. Байтілепов, Э. Т. Исабаев, Т. Омаров, А. Икенов, Р. Джаппарова, Т. Қ. Әуелғазина, К. Биекенов, Г. О. Абдикерова, Д. Жамбылов, Р. Р. Сабитов, К. Нұғманова, Н. А. Асқаров, А. И. Ізтлеуова, М. К. Надыров, Ж. Б. Ұтарбаева және т. б. қаламдарынан туған еңбектерді айтуға болады. Бұл зерттеулер интеллектуалды элита өкілдерінің дағдарыстық жай күйін түсіндіруде септіктерін тигізді.
Интеллектуалды элита өкілдерінің саяси қатысуын зерттеуге Г. Алтынбекованың, Г. Р. Нұрымбетованың, Н. Мұқанованың еңбектері[2] арқау болды.
Сол сияқты осы мәселенің белгілі бір қырларын қамтитын еңбектерді де атауға болады. Мәселен, К. Н. Бұрханов, К. Л. Сыроежкин, И. Н. Тасмағамбетов, С. З. Нарматов, Ә. Ш. Ишмұхамедов, М. С. Машан еңбектерінде Қазақстандағы саяси жүйенің трансформациялануы шеңберінде диссертациялық тақырып мәселесі қамтылған. Және де, осы мәселе төңірегінде де белгілі бір аспектілерін қамтыған еңбектерге: Н. Ә. Назарбаев, А. Қалмырзаев, С. Е. Нұрмұратов, Р. Шарафутдинов, Р. Б. Әбсаттаров, С. М. Борбасов, Қ. Е. Көшербаев, Т. С. Сәрсенбаев, Н. В. Романова, С. И. Абдулпаттаев, Б. Аяған, Ғ. Есім, А. Х. Бижанов, Д. А. Жамбылов, Л. М. Иватова, М. Б. Қасымбеков, Ш. А. Құрманбаева, М. Б. Мұхамедов, Ж. Х. Жүнісова, Ә. М. Жүнісов, Н. З. Нығматулин, Ж. Қ. Симтиков, Н. Әмрекулов, Р. Қ. Қадыржанов, Г. В. Малинин, А. А. Нұрмағамбетов, Қ. Ж. Нұғманова, Т. С. Садықов, Д. Н. Назарбаева, Н. Қалиев, Р. Қ. Қадыржанов, Л. М. Ибраева, Л. Ә. Байделдинов және басқаларының қаламдарынан туған зерттеулерді айтуға болады.
Интеллектуалды элита өкілдерінің қоғамның саяси өміріндегі орны мен рөліне қатысты отандық саяси ғылымда бізге дейін бірнеше диссертациялар қорғалды. Қорғалған диссертациялардың қосқан жетістіктері мен ғылыми жаңалықтары аз емес. Мәселен, А. Х. Құрғанбаева 1996 жылы «Роль интеллигенции в политической модернизации Казахстана» атты кандидаттық диссертация қорғады. Диссертацияда Қазақстан интеллигенциясының модернизациялық жаңарулар үрдісіндегі орны мен рөлін көрсетуге тырысқан.
Бұданда өзге диссертациялық зерттеулер мен монографиялар жарық көрді. Алайда, зерттеулердің басым көпшілігі мәселенің тарихи жақтарын қарастырса, қалған жартысы педагогикалық, әлеуметтік жақтарына арналған. Нақты айтқанда Е. Т. Берлібаев 1999 жылы «Қазақстан интеллигенциясының әлеуметтік-саяси белсенділігі (1985-1995 жж. ) », Т. Г. Бурин 2000 жылы «Қазақстанның ғылыми-педагогикалық интеллигенциясы тарихының мәселелері (1970-1980 жж. ) », Ә. Б. Пірманов 1997 жылы «Қазақ қоғамының жағдайы және ұлттық интеллигенция қалыптасуының алғышарттары мен қызметінің бағыт-бағдарлары (XIX ғ. екінші жартысы-XX ғ. бас кезі) ».
Байқағанымыздай жазылған еңбектердің көтерген мәселелері біздің зерттеу тақырыбымызға ұқсас сияқты көрінгенімен, алдына қойған мақсат міндеттері, мәні мен мазмұны жағынан мүлдем бөлек. Және де, басым көпшілігі бүгінгі Қазақстан интеллигенциясын емес, кеңестік Қазақстан интеллигенциясының қалыптасуын, құрамын, қоғамдағы қызметтерін қарастыруға арналған.
Біз диссертациялық жұмысымызда аталған зерттеулерге қарағанда тың, әрі демократиялық жаңаруларды басынан кешіріп жатқан Қазақстан үшін маңызды мәселені қарастырамыз. Алынған тақырыбымыздың өзі саяси. Яғни, бүгінгі қоғамдағы түбірлі жаңарулармен етене байланысты болғандықтан өзекті болып табылады. Және де, отандық саяси ғылымда осындай бағытта жазылған алғашқы зерттеу болып отыр.
Сонымен, байқайтынымыз Қазақстан интеллектуалды элитасының қоғамды демократияландыру үрдісіне саяси қатысу ерекшеліктері арнайы диссертациялық зерттеу ретінде қарастырылмаған. Сондықтан мәселенің ғылыми теориялық маңыздылығын түсіне отырып, тақырыпты кандидаттық диссертацияға арқау етуді жөн деп таптық.
Зерттеудің пәні Қазақстан қоғамын демократияландыруға интеллектуалды элитаның саяси қатысу мәселесін ғылыми талдау болып таңдалды.
Зерттеудің нысаны бүгінгі Қазақстанның саяси шындығында интеллектуалды элитаның саяси қатысу жолдары мен ерекшеліктері, қоғамдық-саяси өзгерістердің интеллектуалды элитаның саяси белсенділігі мен саяси мәдениетіне тигізген әсері және олардың қоғамды демократияландырудағы орны мен рөліне қатысты мәселелер.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты Қазақстан қоғамын демократияландыру жағдайында интеллектуалды элитаның саяси қатысу жолдары мен ерекшеліктерін анықтау. Қойылған мақсатқа жету үшін мынадай негізгі міндеттерді шешу керек:
- интеллектуалды элитаға қатысты білді концепцияларды сараптау және топтастыру;
- билік пен интеллектуалды элита арақатынасын сараптау;
- саяси қатысу үрдісінің теоретикалық-әдістемелік негіздерін анықтау, оның мәні мен ерекшеліктерін ашып көрсету;
- интеллектуалды элита демократияның басты суъектілерінің бірі екендігін зерделеу;
- Қазақстан интеллектуалды элитасының қатарының толығуы мен ондағы сандық-сапалық өзгерістердің динамикасын сараптау;
- саяси жүйенің трансформациялану жағдайындағы интеллектуалды элитаның дағдарыстық жай күйін қарастыру;
- интеллектуалды элитаның саяси белсенділігіне әсер ететін сыртқы ішкі факторларды зерделеу;
- интеллектуалды элитаның психологиялық ахуалын, оның ішінде саяси санасының дағдарыстық жағдайын қарастыру;
- бүгінгі Қазақстанның интеллектуалды элитасының саяси қатысу ерекшеліктеріне тоқталу;
- интеллектуалды элитаның саясатқа араласуының институциональды жолдарын көрсету;
- интеллектуалды элитаның қоғамды демократияландыру үрдісіндегі орны мен рөлін айқындау;
- Қазақстан Республикасының саяси өміріндегі жаңару жағдайларын ескере отырып, интеллектуалды элитаның саяси қатысуындағы тың өзгерістерді анықтау.
Қойылған міндеттердің жан-жақты қарастырылып, шешілуі Қазақстан қоғамының жаңаруы мен демократиялануындағы интеллектуалды элитаның саяси қатысуының ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы . Қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында интеллектуалды элитаның қоғамды демократияландыруға саяси қатысуы мәселесін жан-жақты қырынан зерттеуге бағытталған алғашқы еңбек.
Зерттеудің ғылыми жаңалығының мәні мынада:
- әлеуметтік-саяси ғылымда орын алған «төбе топтар», «интеллектуалдар» туралы идеялар мен тұжырымдамаларға талдау жасау барысында мұндай ойлардың тек батыстық ғылыми ортада ғана емес қазақ халқының тарихында да өзіндік ерекшеліктерге ие «төбе топтардың» болатындығы негізделді;
- саяси ғылымдағы интеллектуалды элитаға қатысты концепцияларды жан-жақты сараптау арқылы оның ішкі қайшылықтары, даму заңдылықтары мен принциптері анықталды;
- «интеллектуалды элита» ұғымының әкімшілік-әміршілік, таптық сарындағы «интеллигенция» ұғымынан қарағанда сапалық, әрі «элитарлық» белгісінің жоғары екендігі негізделді;
- «элита» саяси-әлеуметтік ұғым болғаннан кейін, онымен белгіленетін топтың қоғамдағы басым орны мен рөлі көрсетіледі. Интеллектуалды элитаға жатқызылған соң адам қоғамның мәдени-интеллектуалдық дамуына, жаңа ғылыми жаңалықтардың ашылуына және т. с. с. істерге атсалысуына міндеттейді. Бұл критерий интеллектуалды элита өкілдерін өздерін интеллектуалдар қатарына жатқызатын, бірақ қоғамның ғылыми-мәдени дамуына ешбір үлес қоспаған ғалымдардан, интеллигенцияның қалың қауымынан және еліне шынымен пайда әкелмегендерден айыруға көмектесетіндігі негізделді;
- интеллектуалды элитаның демократиялану үрдісіне саяси қатысуы мен ерекшеліктері өтпелі кезеңге байланысты қоғамның саяси өмірін зерттеудің тұтастық, жүйелілік тұрғысынан алғашқы рет талдаудан өткізілді;
- интеллектуалды элитаның Қазақстан қоғамының саяси, әлеуметтік, мәдени өміріндегі белсенділігінің жоғары немесе төмен болуының өтпелі кезеңде туындаған дағдарыстық жағдайлармен байланысты екендігі зерделенді;
- демократиялық жаңару үрдісінің саяси санаға оңды әсері тұжырымдалды.
- посткоммунистік елдердегі демократиялану жағдайындағы интеллектуалды элита өкілдерінің саясатқа қатысу ерекшеліктері мен жолдары айқындалды;
- демократиялық мемлекет құру Елбасының немесе жекелеген әлеуметтік топтың ғана міндеті емес, көпшілік болып жұмылғанда азаматтық қоғам принциптеріне жақындай түсеміз. Сондықтан қоғамның бүкілдерлік саяси субъектілері етене жұмыс жасаулары қажет екендігі көрсетілді;
- бүгінгі күні интеллектуалды элитаның қоғамның саяси өміріндегі орны мен рөлінің артуына, демократиялық үрдістердің акторларының біріне айналуына септігін тигізген үрдіс - ақпараттық-аналитикалық сараптама орталықтарының қызметіне деген сұраныстың артуы. Ақпараттық-аналитикалық сараптама орталықтарының қоғамды демократияландырудағы орны мен рөлі айқындалды;
- саясаттың субъектісі ретіндегі, бүгінгі Қазақстанның интеллектуалды элитасының алдында тұрған мәселе - өз Отанына азаматтық-мемлекеттік тұрғыдан қызмет ету және осы қызметтің шеңберінде елдің рухани және материалдық ресурстарын сақтау, дамыту, ұлғайту болып табылатындығы қарастырылады.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері. Зерттеуіміздің мәнін ашуға осы мәселе төңірегінде зілді ой-түйіндер жасаған шетелдік, ТМД-лық және отандық ғалымдардың еңбектері көп септігін тигізді.
Зерттеудің әдіс-тәсілдерінің негізін саясатта кең қолданылатын жүйелік, контент-талдау, ретроспективалық, саяси-салыстырмалы талдаулар, құрылымдық-функционалдық, логикалық талдау әдістері құрады. Сонымен қатар белгілі Қазақстандық зерттеу институттары мен жекелеген зерттеушілердің әлеуметтік зерттеулеріне, сауалнамаларының нәтижелеріне қайта талдау жасау.
Зерттеу жұмысының ғылыми және тәжірибелік маңызы. Диссертациялық жұмыс интеллектуалды элитаның саяси қатысу мәселесін жаңаша қырынан саралауға тырысқан еңбектердің қатарына жатады. Қолжеткізілген ғылыми нәтижелерді ғылыми еңбектерде, жоғары оқу орындарында оқытылатын арнайы курстарда, кәсіби топтардың саяси белсенділігін, саяси мәдениетін зерттеу мақсатында белсенді түрде қолдануға болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz