Зерттеу жұмысын жазу барысында соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан түбегейлі өзгерістерді негізге алдық



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 29 бет
Таңдаулыға:   
Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстанды зерттеу қоғамы:
құрылуы мен қызметінің тарихы (1920-1936 жж.)

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы
Отан тарихының түрлі салалары бойынша зерттеу жұмыстарының қарқынды түрде
жүргізіліп жатқандығы баршамызға аян. Соған қарамастан, әлі де болса өз
кезегін күтіп, зерттеу нысанына айналмаған тақырыптар бар. Соның бірі
“Қазақстанды зерттеу қоғамының” тарихы.
Кеңестік кезеңдегі тарихи оқиғалардың өрбу барысына көз жүгіртер болсақ,
оның бастапқы кезеңінің күрделі, әрі қарама-қайшылыққа толы болғанын
байқаймыз. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы азамат соғысынан кейінгі тарих
ғылымының даму мәселесі аса күрделі таптық және идеялық күрестермен
ұштастырылған еді.
Қазақстандағы тарихи зерттеулерді 30-шы жылдардың ортасына дейін бірнеше
мекемелер мен қоғамдық ұйымдар: Қазақтың маркстік-лениндік ғылыми зерттеу
институты (КНИИМЛ), Қазақтың ұлттық мәдениетінің ғылыми зерттеу институты
(КНИИНК), Қазақстанды зерттеу қоғамы (ОИК) жүргізді. Сонымен қатар тарих
саласында ғылыми-зерттеулерді азды-көпті болса да Қазақстанның орталық
мемлекеттік мұражайы, Орталық мұрағат басқармасы және “Қазақ АКСР-ның 10
жылдығы” атындағы мемлекеттік көпшілік кітапханасы атқарған болатын.
20-шы жылдардың басындағы кеңестік жаңа интеллигенцияның ғылыми
зерттеулер төңірегіндегі айтыс-тартыстары қызу идеологиялық мазмұнға ие
болды. Шығыс халықтарының, соның ішінде қазақтардың рухани жаңғыруы
мәселесіне қатысты айтыс-тартыстар әр түрлі деңгейде, тіпті ең бір “тыныш”
делінген мәдениет саласында, мысалы, халық ән-күйіне де қатысты жүргізілді.
Қазақстанды зерттеу қоғамының отырыстарында тұрақты түрде халық ағарту
ісінің, денсаулық сақтау, кәсіби өнер, әдебиет, ғылымның жағдайы мен
болашағы жайында баяндамалар тыңдалып, өте қызу талқылаулар мен айтыстарға
айналатын. Тоталитарлық жүйенің қанды шеңгеліне жол ашқан 30-шы жылдарға
қарағанда, 20-шы жылдардың басын еркіндік, кең тыныстау жылдары деуге
болады. Дәл осы жылдары “Алаштың” көшбасшыларына кешірім жасалған еді.
“Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу” қоғамының жұмысы да (Орынбордағы), “Қырғыз
мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамының (Ташкенттегі) ғылыми-мәдени
қызметінің жандануы да осы кезеңге дәл келеді.
Ал, 30-шы жылдардағы Қазақстанның тарих ғылымы жайында ой толғасақ,
анығына көз жеткізуде қиындық тудыратын нәрселер жетістігіміз көп пе,
жоғалтқанымыз көп пе және тарихтың таласты мәселелерінде, шығармашылық
немесе келісімпаздықтың, күрес немесе ауытқушылықтың қай жағына шыққанын
дөп басып айту қиын. Бір жағынан алғанда, осы кезеңде жаңа ғылыми
мекемелердің құрылуы, қалыптасуы жүріп жатса, екінші жағынан өлкетану ісіне
ешбір себепсіз тосқауыл қойылып, өзінің бар мүмкіндігін тауысып болмаған,
толыққанды жұмыс істеп жатқан Қазақстанды зерттеу қоғамы жойылды, өлкенің
өткен тарихын жан-жақты зерттеуге ұрандаумен қатар, дәл осы кезде
ғалымдарды және олармен қызметтес болған мемлекет немесе партия
қайраткерлерін жаппай қырып-жою басталды. Аса зор қиындықтармен және
аздаған таралыммен, ғылыми тұрғыдан шалалау болса да, аса құнды мәліметтер
мен байқауларға толы еңбектер басылып шықты, бұған керісінше, көпшілік
қауым жиырма жылдан астам уақытқа кітапханалар мен сауда сөрелерінен “халық
жаулары” дегендердің шығармалары алынып тасталынуы себепті олармен танысу
құқығынан айырылды.
ХХ ғасырдың бастапқы кезін қоғамдық санада ұлт-азаттық идеяларының
күшейіп, ұлттық рухтың оянуына түрткі болған кезең деп айтуға болады. Бұған
ұйытқы болған ұлттық мәдениеттің жанашырлары – қазақ зиялылары еді. Ұлттың
жаршысы болған қазақ баспасөзін ашудан бастаған олар азаттық идеяларын
жалпыұлттық санаға айналдыру жолында қызмет етті. Кейін кеңес өкіметі
орнағаннан кейінгі ұлттық интеллигенцияның мәдениет саласындағы қызметін
азаттық жолындағы күрестің ерекше түрі деп түсінген дұрыс. Мұндағы айтпақ
ойымыз, қоғамда объективтік-тарихи жағдай қалыптасқан кезеңде ұлттың зиялы
қауымының қоғамдық сананы қалыптастыруы арқылы өмірді белгілі бір арнаға
бағыттауға мүмкіндігі болатындығы, ал қазақ елінде қалыптасқан мұндай
жағдайды Ресей империясында жүзеге асырылған қазан революциясы басқа арнаға
бұрып, өз ықпалына бағындырып алды.
Жалпы ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында орыс интеллигенциясының идеологиясы
мен саяси психологиясында ұлттық идеология басымдықта болмады. Орыс
философы Н.А.Бердяев бұл туралы мынаны айтады: “Дәстүрлі интеллигенттік
санада қайырымдылық, әділеттілік, халықтың қамы, халықтар туыстығы сияқты
құндылықтар болды, бірақ әлемдік құндылықтар дәрежесінде ерекше орын алатын
ұлттық құндылықтар болмады” [1]. Бұл берілген сипаттаманың қазақ
интеллигенциясына ешбір қатысы болмады. Отарлық езгіде болған елдің
интеллигенциясы идеологиясының басты бағыты – ұлт-азаттық мағынада болуы
заңды құбылыс еді. Оны ұлт зиялылары жақсы түсінді. Осыған байланысты,
Міржақып Дулатов 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50-жылдығына арнап жазған
мақаласында мына бір ойын келтіреді: “Если пришлый элемент окажется в
культурном отношении сильнее коренного населения, то со временем последнее
должно быть поглощено первым. И наборот, если оба окажутся в равной мере
культурными, тогда только они могут развиватся самостоятельно, существовать
на одинаковых правах и сохранить национальный облик свои... Поэтому перед
нами во всем своем величин вырастает вопрос о самостоятельном существовании
киргизского народа. Для того, чтобы сохранить свою самостоятельность, нам
необходимо всеми силами и средствами стремиться к просвещению и общей
культуре; для этого мы обязаны первым долгом заняться развитием литературы
на родном языке. Никогда не нужно забывать, что на самостоятельную жизнь
вправе претендовать только тот народ, который говорит на своем языке и
имеет свою литературу” [2].
Кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы тарихи оқиғалардың мың құбылған
заманында “Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу” қоғамы төңірегіне топтасқан
ғылыми-мәдени топтың, қазақ зиялыларының қызметі мен осы қоғамның тарихына
толғамды зерттеу жүргізіп, оны өркениеттілік негізде бағалау қазіргі
кезеңнің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Бұл мәселені жан–жақты, әрі терең қарастыру еліміздің мәдениет тарихын
зерттеуге қосылған белгілі деңгейдегі үлес болар еді.
Сондықтан біздің диссертациямыздың негізгі зерттеу нысанасына кейіннен
“Қазақстанды зерттеу қоғамы” деп аталған қоғамдық бірлестіктің құрылуы мен
қызметінің тарихы тұтас бір мәселе, әрі ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарында
Республикада жүзеге асырылған кең көлемдегі мәдени құрылыстың құрамдас
бөлігі ретінде қарастырылған.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу
қоғамының құрылуы мен қызметінің тарихын тың деректік материалдар негізінде
жаңа көзқарас тұрғысынан талдай отырып, оның Кеңестік кезеңдегі
Қазақстандағы ғылыми зерттеулерге бастама болған маңызын ашып көрсету –
зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осыған орай зерттеу
жұмысының алдына мынадай нақтылы міндеттер қойылып отыр:
- Қазақстандағы азамат соғысы аяқталғаннан кейінгі мұрағат ісінің,
Академиялық орталықтың қызметін жолға қоюға қатысты қабылданған шараларды
анықтау;
- Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының Орынборда құрылуы мен оның
қызметі, жарғысына байланысты қолға алған істері мен оның жүзеге асуының
барысын талдау;
- Қазақстанды зерттеу қоғамының жергілікті бөлімшелерінің құрылуын және
олардың ғылыми-зерттеу, ұйымдастырушылық қызметінің бағыттарын көрсету;
- Ташкенттегі “Қырғыз (қазақ) мәдениетін көркейтушілердің Талап
қоғамының” құрылу тарихы мен қызметін зерттеу және оның құрамындағы болған
қазақ зиялыларының шығармашылық мұрасын пайымдау;
- Қазақстанды зерттеу қоғамының елдегі өлкетану, мұражай және кітапхана
ісін жандандыру барысындағы іс-әрекеттеріне талдау жасау;
- Қазақстанды зерттеу қоғамының қазақ ғылымы мен ағарту ісіне қосқан
үлесін бағалау және оның қазіргі кездегі Қазақстан ғылымымен сабақтастылығы
жөнінде ой қорыту.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстанды зерттеу қоғамының құрылуы мен
қызметінің тарихына қатысты тікелей, арнайы зерттеулер жүргізілмегенімен,
оның қызметіне байланысты мәліметтер мен зерттеулер 1920 жылдардан бастап
қазіргі кезге дейінгі жарық көрген еңбектерде көрініс тапқан. Кеңес
өкіметінің алғашқы жылдарындағы мемлекеттік маңызды мәселелердің бірі
сәулет пен өнер туындыларын, тарихи ескерткіштерді зерттеу мен сақтау
болды. 1918 жылы РКФСР Халық комиссариаты елдегі бүкіл материалдық және
рухани жәдігерлерді тізімдеу жайында декрет қабылдады, ал 1919 жылы көне
ескерткіштерді зерттеу, есепке алу және қалпына келтіру міндеті жүктелген
Материалдық мәдениет тарихының мемлекеттік академиясы (ГАИМК) құрылды. 1920
ж. Ташкентте Түркістан (кейіннен Орта Азиялық (Среднеазиатский) деп
аталған) мұражайлар ісі мен көне ескерткіштерді, өнерді және табиғатты
қорғау (Туркомстарис - Средазкомстарис) комитеті құрылды. Осы кезеңнен
бастап Қазақстанның тарихи зерттеу нысанасына айналған әр түрлі елді
мекендеріндегі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері белгілі ғалымдар
В.В. Бартольдтің, П.П. Ивановтың және М.Е. Массонның еңбектерінде кең түрде
баяндалды. Бұл ғалымдардың еңбектерінде жәдігерлердің түгелдей сипаттамасы
беріліп, олар жайында бар мәлімет толықтай жинастырылды.
М.П. Грязнова мен Б.Н. Граковтың жүргізген ғылыми зерттеулері
жәдігерлерді зерттеудің жаңа жүйесінің қалыптасуында үлкен маңызға ие
болды. Олардың 1926-1928 жылдары Батыс Қазақстанда жүргізген зерттеулері
Қазақстан территориясындағы қола дәуірінің жоғары дамыған мәдени
орталықтарының орнын ашуға мүмкіндік берді [3].
Б.Н. Жданов пен С.С. Черниковтың ізденістері де нәтижелі болды [4]. Бұл
еңбектердің негізгі бағыттарын жоғарыда аталған ғылыми-зерттеу мекемелері
айқындады.
Кеңестік кезеңдегі жас қазақ этнографиясының бастаулары революцияға
дейінгі шығыстанудан нәр алып, 20 жылдардың басында қалыптасу кезеңіне аяқ
басып, мынадай ғылыми бірлестіктерге арқа сүйеді: Республиканың Халық
ағарту комиссариаты жанындағы академиялық орталық, Ресейдің тайпалық
құрамын зерттеу комиссиясының Сібір бөлімшесі (КИПС), КССРО Шығыс
халықтарының ұлттық және этникалық мәдениетін ғылыми-зерттеу институты,
Орыс географиялық қоғамының – Орынбордағы, Омбыдағы, Семейдегі, Ташкенттегі
бөлімшелері. Бұл мәселе Б. Герасимовтың, Х.И. Бисенов, Э.А. Масанов, С.Ш.
Ахметовалардың ғылыми-зерттеу еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Олар
Қазақстанды зерттеу қоғамының өлшеусіз еңбек сіңіргенін айта келе, оның
1920 жылы құрылуына белсенді түрде атсалысқандар белгілі өлкетанушы
ғалымдар Ә. Диваев, П.А. Гра, А.Л. Мелков, И.В. Мелкова, С.М. Петров, А.А.
Четыркина, А.П. Чулошников, Н.А. Чулошникова және басқалар деп атап
көрсетеді.
Қазақтардың рухани мәдениетін зерттеу, ғылыми ірі бағытының қалыптасуы
мен дамуы көрнекті ғалым Әбубәкір Диваев есімімен тығыз байланысты. Ол ең
алғашқылардың бірі болып нақты этнографиялық мәліметтер негізінде халықтық
білімнің этникалық ерекшелігі мен құрылымына сипаттама берді [5].
Қазақстанды зерттеу қоғамының қолдауына ие болған жұмыстардың бірі
ретінде белгілі өнертанушы және сазгер А.Затаевичтің еңбегін атап өтуіміз
керек. Ол өзінің еңбегінде қазақ халқының 1000-нан астам ән-күйлері мен
әуендерін жинақтап, оған ғылыми түсініктеме берді. Ал С.Д. Асфендияров, М.
Тынышпаев, А.П. Чулошников, Г.Е. Грум-Гржимайло, А.Н. Бернштам, Ғ.О.
Тоғжанов, Ә.Х. Марғұлан және тағы басқалардың зерттеулерінде этногенез және
этникалық тарих, қазақ этносының ру-тайпалық құрылымы, көшпенділердегі
қоғамдық-саяси қатынастар және т.б. мәселелер көтеріліп, жан-жақты талдауға
алынды.
Ә. Жангелдин, О. Жандосов, П. Варламова, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов,
О.Исаев, А.Асылбеков еңбектерінде кеңестік кезеңдегі саяси-экономикалық
өмірдің сан қырлы салалары жайында құнды мәліметтер келтірілген [6].
1926 жылы құрылған алғашқы қазақстандық жоғарғы оқу орны – Қазпедвуздың
директоры (САГУ-дың студенті) Т.К. Жүргенов өзінің мақалаларында
Қазақстанда жоғарғы оқу орындарын ашу туралы нақты ұсыныстар жасады. Ол ең
алдымен Алматыда Қазақтың мемлекеттік университетін ашуды қажет деп санады.
Өзінің көзқарасының дұрыстығына нақты мысалдар ретінде Ресей ғылым
Академиясының және М.В. Ломоносов атындағы Москва университетінің кейбір
факультеттерінде алғашқы жылдары бір студенттен болғаны жайында тарихи
мәліметтер келтірді.
20-жылдардың ортасына таманғы осы тектес зерттеулерден І.Қабыловтың
еңбегін ерекше атауға болады. Автор республикадағы халыққа білім беру ісін
терең бақылауы барысында ондағы кемшіліктерді шынайы түрде көрсете білді.
Сонымен қатар Қазақстан мәдениеті мен ғылымның аса өзекті мәселелері де
оның ғылыми мақалаларына арқау болды. Оның жарияланымдарында көтерілген
мәселелердің ауқымы кең болды: ағарту саласының материалдық-техникалық
базасын жасау, мектептер салу, театрды дамыту, баспасөз, кітап шығару ісі.
Сонымен қатар І. Қабылов Қазақстанның “ескі интеллигенциясын” қазақ
мәдениеті мен ғылымын дамытуға тарту қажеттігін баса айтты.
Кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы ғылыми мекемелердің қалыптасуы әсіресе,
20-30-жылдардағы ғылыми-тарихи орталықтардың құрылу тарихы жөнінде, Г.Д.
Алексеев, Г.И. Желтова еңбектерінде баяндалса, Орта Азия мен Қазақстандағы
осы жылдардағы тарихи-өлкетанудың тәжірибесі жөніндегі мәліметтер Б.В.
Луниннің еңбегінде берілген [7]. Бұл еңбекте революцияға дейінгі ғылыми-
зерттеу мекемелерінің ізденістерінен бастап кеңестік кезеңдегі жаңа
мекемелердің құрылуы мен олардың ғылыми-зерттеу бағыттарына талдау
жасалған. Соның ішінде Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының қызметінің
жемісті болғандығы айтылады.
Қазақстан ғылымының дамуында революцияға дейінгі ғылыми зерттеу
мекемелері мен қоғамдардың үлкен маңызы бар екендігі жайында М.А. Асаинов,
А. Сагдиев, Е.Ж. Уәлиханов, Б. Герасимов, Ә. Пірманов, А. Қапаева
еңбектерінде көрсетілген.
А.В. Миронов, Д. Святский, Л.В. Иванова, К. Әуезова, Ғ. Сапарғалиев,
А.К. Капышов, А.И. Сембаев және т.б. зерттеулерінде кеңес өкіметі
орнағаннан кейінгі мәдениет пен ғылым саласындағы өзгерістер, кадр
мәселесі, мекемелер құрылуының тарихы әр түрлі деңгейде зерттеу нысанасына
алынған.
Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметі жайындағы мәліметтер Х.И.
Бисеновтың, Р.Б. Сүлейменовтың, М.Х. Асылбеков, Н. Әлімбаев, А.Б. Галиев,
З.О. Дүкенбаева, Ж.Б. Әшірбекова, В.К. Кайрханова, Қ.Ә. Ахметов, А.С.
Мұсағалиева зерттеулерінде берілген [8].
Ғылыми-зерттеу орталықтары мен маман-тарихшылардың қалыптасуы мәселесі –
І.М. Қозыбаев, Б.А. Төлепбаев, В.К. Янулов еңбектерінде жан-жақты
қарастырылса, ал біз қарастырып отырған кезеңдегі қазақ зиялылары туралы
мол мағұлматтарды К. Нұрпейіс, Х. Абжанов, М. Қойгелдиевтің ғылыми іргелі
еңбектерінен алуға болады [9].
Қарастырылып отырған кезеңдегі Қазақстандағы өлкетану ісі, мұражай
қызметі және әр түрлі қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде, Қырғыз өлкесін
зерттеу қоғамының тарихы С. Ахметованың еңбегінде біршама құнды мәліметтер
негізінде қарастырылып, талданған. Соған қарамастан, Қырғыз (қазақ) өлкесін
зерттеу қоғамына қатысты көптеген мәліметтер назардан тыс қалған және оның
қызметіне жасалған талдау жүйеленбеген. Бірақ бұл еңбек біздің қарастырып
отырған тақырыбымызға қатысты мол мағлұмат береді. Мемлекеттік бағдарлама
бойынша мұрағат қорларында деректермен жұмыс жасаған Д. Қамзабекұлының
кітабында Қазақстанды зерттеу қоғамы қатарында және Ташкентте құрылған
Қазақ мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамы мүшелері жайында, қоғамның
қызметі мен шығармашылық ғылыми мұралары жайында құнды мәліметтер
келтірілген [10]. Жоғарыда сөз болған тарихнамалық шолу Қазақстанды зерттеу
қоғамының тарихын жеке ғылыми тақырып ретінде қарастыру қажет екендігін
көрсетеді.
Зерттеу жұмысының деректік көзі ретінде мұрағаттық құжаттардың,
баспасөз материалдарының, жинақтық құжаттардың, деректердің мәліметтері
кеңінен ғылыми айналымға тартылды.
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының 693-ші қорының
1-ші тізбесінде ҚазАКСР-ның Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстанды
зерттеу қоғамының 1920-1936 жылдар арасындағы жинақталған мәліметтері
берілген. Ал екінші тізбедегі мәліметтер қоры 1921 жылдан 1941 жылға дейін
созылған. Сондықтан да бұл қор біздің диссертациялық жұмысымыздың негізгі
дерек көзін құрады.
Мәліметтердің басым бөлігін Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының
отырысында қаралған мәселелер құрайды: соның ішінде, қоғамның жарғысының
жобасы, оған енгізілген түзетулер мен қабылдануы, қоғам мүшелерінің тізімі,
қаржыландыру көзі, бөлімдерінің есебі берілген.
Бұл қордағы аса қызықты мәліметтер қатарына Ташкентте құрылған “Қырғыз
(қазақ) мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамына” қатысты құжаттарды
жатқызуға болады. Қоғамның қызметіне қатысты хаттамаларда оның жарғысы,
құрамы, бағдарламасы және бөлімшелерінің жұмысы көрсетілген. Көптеген
мәліметтер бұл қоғамның аз ғана уақыт ішінде қазақ мәдениеті мен ғылымының
дамуына мол үлес қосқанын көрсетеді.
Осы мұрағаттың 81 қорында (Қырғыз (қазақ) АКСР Халық ағарту комиссариаты
деп аталатын) Академиялық орталықтың құрылуы, Қыроқу ағархалкомы
(Кирнаркомпрос) жанындағы ғылыми комиссия қызметі, осы қоғамның
кітапханасы, мұражайы және т.б. деректер сақталған. Зерттеу жұмысымызда бұл
құжаттар молынан пайдаланылды.
Келесі бір мәліметтер көзін 921 қор - (Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару
жөніндегі әскери революциялық комитетінің халыққа білім беру бөлімі деп
аталатын) береді. Бұл қорда Қазақстанды зерттеу қоғамының жарғысының
кейінгі нұсқасы берілген.
Қазақстан Республикасының Президенті мұрағатының 141 қорындағы - (РК(б)П-
ның Қазақ өлкелік партия комитеті) құжаттары деректік мәліметтер берді.
Қазақстан Республикасы Орталық ғылыми кітапханасы, Қазақстан
Республикасының Ұлттық кітапханасы, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың көпшілік
кітапханасы және Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұрағатының
кітапхана қорларынан тақырыпқа байланысты ғылыми зерттеулер, мерзімдік
баспасөз деректері (Мысалы, “Ақ жол”, “Еңбекші қазақ”, “Сарыарқа” т.б.)
пайдаланылып, молынан қолданысқа түсті. Қазақ зиялыларының халық арасындағы
белсенді жұмысының жаршысы болған бұл газеттерде сол кездегі өзекті деген
мәселелер көтерілген. “Еңбекші қазақ” газетінің беттерінде халық ағарту
ісі, қазақ тілінің жағдайы, мәдениет мәселелері көтеріліп, Қазақстанды
зерттеу қоғамына қатысты деректер, “Талап” қоғамы жайында, “Қазақ
білімпаздары” съезінде қаралған мәселелер қарастырылды. Ал “Ақ жол”
газетінде “Талаптың” құрылуы, жарғысы жарияланса, “Өркенде” “Алқаның”
бағдарламасы берілді.
Өлкетануға байланысты мәліметтерді (“Краеведение”, “Советское
краеведение”, “Известия ЦКБ” (Центр. Бюро краев.), “Известия
Средазкомстарис”) тұрақты шығып тұрған басылымдардан алдық. Сонымен қатар
біраз деректерді арнайы құжаттық жинақтардан қарастырдық.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы алға қойылған міндеттің
өзектілігінен, тарихнамалық зерттеулерден, яғни Қырғыз (қазақ) өлкесін
зерттеу (кейіннен Қазақстанды зерттеу) қоғамының осы уақытқа дейін құрылуы
мен қызметінің тарихы арнайы тақырып ретінде шынайы тұрғыдан зерттелмеуінен
туындайды.
Диссертацияның басты ғылыми жаңалығы – мәселенің кешенді түрде
зерттелуі. Зерттеу жұмысының негізіне – Қазақстанды зерттеу қоғамының
құрылуы мен қызметінің тарихы ғылыми негізде талдауға алынуы, мұрағаттық
қорлардағы көптеген құжаттар бірінші рет зерттеліп, оның басым бөлігі
ғылыми айналымға алғаш енгізіліп отыр. Зерттеу жұмысының ғылыми
жаңалықтарына төмендегілерді жатқызуға болады:
- Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының құрылуының Орынборлық,
Қызылордалық және Алматылық кезеңдерінің алғаш рет нақты, әрі деректік
негізде баяндалуы;
- Қазақстанды зерттеу қоғамының мүшелерінің тізімінің, басқарма
құрамының, жарғысы мәтінінің және қаржыландыру көздерінің алғаш рет нақтылы
мұрағаттық деректер негізінде анықталуы;
- Қоғамның ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарының, секциялық
зерттеу мектептерін қалыптастыру ісінің әртүрлі талқылаулар мен оқылған
дәрістер мазмұнының сапалық дәрежесінің анықталуы;
- Ташкенттегі “Қырғыз (қазақ) мәдениетін көркейтушілердің “Талап”
қоғамының” құрылуы мен қызметінің мұрағат деректері арқылы талданғандығы;
- Ұлттық интеллигенцияның кеңестік кезеңдегі қалыптасуындағы Қазақстанды
зерттеу қоғамының алатын орнының айқындалғандығы;
- Қазақстандағы Кеңес өкіметінің 20-30-шы жылдарындағы мұражай, мұрағат,
кітапхана істерінің қалыптасуындағы Қазақстанды зерттеу қоғамының маңызының
деректер арқылы дәлелденуі.
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны - Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу
қоғамы. Нақтылап айтқанда диссертацияда зерттеуге алынған ұйымдар: “Қырғыз
(қазақ) мәдениетін көркейтушілердің “Талап” қоғамы”, сол сияқты оның
Оралдағы, Ақмола, Ақтөбе, Қарақалпақстан, Көкшетау, Қызылжар (Петропавлск),
Қостанай және Жетісу (Алматы) бөлімшелері. Зерттеудің субъектілері –
қоғамның төрағасы, басқарма мүшелері, қатардағы мүшелері мен қызметкерлері,
партия және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар т.б.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері мен территориялық қамту аймағы.
Диссертацияның қаралып отырған тақырыбына сәйкес оның қамтылу аймағы мен
уақыты анықталды. Түркістан АКСР және Қырғыз (Қазақ) АКСР территориясындағы
Қазақстанды зерттеу қоғамының қызметі, оның құрылған 1920 жылдардан бастап,
ол таратылған 30-шы жылдардың екінші жартысына дейінгі кезең қамтылды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен зерттеу әдістері. Зерттеу
жұмысын жазу барысында соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан
түбегейлі өзгерістерді негізге алдық. Танымдық мүмкіндіктердің кеңеюуі
зерттеу негізіне тарихи-мәдени, өркениеттілік тәсілді қолдануға жол ашты.
Әрбір өркениеттің өзіндік ерекшеліктерін тану, оның біртұтастығы, өзіне тән
мәнге ие тұрақты жүйесі, өмірлік философиясы, құндылықтар жүйесі және
тарихи-мәдени дәстүрлері, соған сәйкестендірілген халықтардың, жеке адамның
өмірі, әлеуметтік және саяси институттары, ұлттық басымдылыққа ие
ұстанымдар мен құндылықтарын неғұрлым терең танып білуге деген ұмтылыстарға
жетелеуге әкеледі. Міне, осындай тәсілдерді пайдаланудың арқасында зерттеу
көздерінің неғұрлым тиімді бағыттарға бет бұруына жол ашты. Атап айтқанда,
зерттелуге алынған кезеңдегі оқиғалар мен мәліметтер кешенді түрде сол
дәуірмен байланыстырылып, ұлттық басымдылықтар мен құндылықтар тұрғысынан
қарастырылып, соның негізінде оның мәні, негізгі ағымдарының бағыты және
қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және халықтың рухани өміріндегі
алатын маңызды зерттеудің өзегіне айналды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен тұғырнамалық ұстанымдарын
қалыптастыруда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан халқына (18 ақпан 2005 жыл) Жолдауындағы “ғылым халыққа қызмет
етуі керек” деген сөзі басшылыққа алынды. Сонымен қатар Орталық Азия мен
Қазақстан өркениетіне қатысты теориялық дүниетаным, қазақ халқының
менталитетіндегі басты ұстанымдар, ұлттық тәуелсіздіктің даму стратегиясы,
кеңестік кезеңдегі отаршылдық-империялық қысымнан арылу, таптық-партиялық
әдіс-тәсілдерден бас тарту – зерттеу жұмысының негізіне алынып, Қазақстанды
зерттеу қоғамының қызметтік ортасының шынайы бейнесін жасау арқылы, тарихи-
салыстырмалық, қазіргі заман төрінен баға берудің шынайылығына қол
жеткізуге мүмкіндік берерлік тәсілге жүгіндік.
Міне, сондықтан зерттеу барысында жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен
тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан жазылған зерттеулер
басшылыққа алынды. Диссертациялық зерттеудің методологиялық және теориялық
негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен жүйелілік әдістері
арқылы бердік. Сонымен қатар тарихилық, өркениеттілік пен тарихи ұстанымдар
мен концептуальдық ережелер, танымдық теория негіздері алынды.
Зерттеу жұмысының қорғауға ұсынылатын тұжырымдары.
- 1920-1936 жж.аралығындағы ҚазАКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы
Қазақстанды зерттеу қоғамының құрылуы мен қызметінің тарихын мұрағат
құжаттарын алғаш рет ғылыми айналымға енгізу арқылы оның тарих үшін маңызды
екендігін көрсету;
- Қоғамның ғылыми-зерттеу жұмыстарына, Талап қоғамының қызметіне
қатысқан мемлекет пен қоғам қайраткерлерінің белсенді
әрекеттеріне ғылыми тұрғыдан баға беру;
- Осы қоғамның көпшілік кітапханалар мен мұражай және өлкетану
істерін ұйымдастыруға мұрындық болғандығын нақты мұрағат
деректері арқылы айқынап, оның нәтижелері туралы өзіндік
тұжырымдар жасау.
Зерттеу жұмысының ғылыми және қолданбалық құндылығы. Ұсынылып отырылған
диссертация – кеңестік кезеңнің 20-30-шы жылдарындағы Қазақстандағы алғашқы
ғылыми-зерттеу, ағартушылық мекемелерінің қоғамдық негізде құрылуы мен
қызметінің тарихына қатысты арнайы зерттеу ретінде оның теориялық және
методологиялық негізін жасауға мүмкіндік беретін ғылыми еңбек.
Зерттеу барысында келтірілген мәліметтер мен жасалған тұжырымдар
Қазақстан тарихын жете тануға, ұғынуға ерекше мән беретін көпшілік
оқырмандардың да өткенімізді жаңаша саралауына септігін тигізеді. Оларды
Қазақстан тарихын танып-білгісі келетіндерге, тарихшы мамандарға, жоғарғы
оқу орындарының аспиранттары мен магистранттарына, тарих факультетінде
дәріс алатын болашақ зерттеушілерге арнайы курс және семинар сабақтары
ретінде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі
тұжырымдамалары бес халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда
баяндалды. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес төрт ғылыми мақала жоғарғы
аттестациялық комитеттің тізіміне енген журналдарда жарық көріп, сыннан
өткен. Диссертациялық жұмыс Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының Қазақстанның кеңестік кезең тарихы бөлімінде дайындалып,
талқыланды және қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы анықтамалық-терминдік және
қысқарған сөздер түсініктемелерінен, кіріспеден, әрқайсысы екі бөлімнен
құралған үш тараудан және қорытындыдан, пайдаланған деректер тізімі мен
қосымшалардан тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде зерттеу жұмысының өзектілігі негізделіп, мақсаттары мен
міндеттері, әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы мен қолданбалы маңызы
айқындалып, мәселенің зерттелу дәрежесіне талдау жасалады және
пайдаланылған деректерге сипаттама беріледі.
Қазақстанда қоғамдық негізде құрылған ғылыми ұйымдар деп аталатын
бірінші тарауда Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстанды
зерттеу қоғамының құрылуы мен қызметінің тарихы және оның қызметінің басты
бағыттарының анықталуы, Қазақстанды зерттеу қоғамының ғылыми - ағартушылық
іс-әрекетінің нәтижелері жан-жақты талдана баяндалады.
Патшалық Ресейдің отарлық билігі кезінде Ресей географиялық қоғамының
бір-екі бөлімшелерінен басқа, статистикалық комитет және жекелеген ғылыми
қоғамдармен қатар 1907 жылы құрылған Ақтөбе облысындағы Темір тәжірибе
алаңы, 1912 жылы құрылған Қостанай облысындағы Львов тәжірибе алаңы, 1913
жылы ашылған Красноводская тәжірибе станциясы және 1914 жылдан бастап жұмыс
істей бастаған Семей тәжірибе станциясы сияқты төрт ауылшаруашылық тәжірибе
мекемелері болды. Сонымен қатар Орыс географиялық қоғамының бөлімшелері
Орынбор, Семейде құрылса, ал Верныйда “Түркістан археология әуесқойларының
үйірмесі” мен басқа да ерікті қоғамдар мен үйірмелер болды. Бұл үйірмелер
мен бөлімшелер және тәжірибе мекемелерінен басқа Қазақстанның
территориясында жекелеген ғалымдар ұйымдастырған маршруттық экспедициялар
зерттеулер жүргізді. Революцияға дейінгі кезеңде Қазақстанның табиғи
байлығы мен тарихын зерттеу көбінесе өлкені отарлау мақсатына қатысты ғана
жүргізілді. Кеңестік кезеңдегі Қазақстанда ғылыми зерттеулерді білімнің әр
саласына маманданған ғалымдар, ғылыми мекемелер, зертханалар, ғылыми
кітапханалар мүлдем болмауына байланысты басынан бастауға тура келді.
Қазақстанның бүкіл территориясын қамтыған азамат соғысы үш жылға созылды
және елдің экономикасының құлдырауы, егіннің шықпай қалуы мен 1921 жылғы
жұт ашаршылыққа алып келді. Бұның бәрі ғылыми саланың дамуына кері әсерін
тигізді. Соған қарамастан Кеңес өкіметі ғылымды дамытуға көп күш салды.
1920 жылдың 7 қыркүйегінде В.П. Добров, Д.Н. Кашкаров және Н.Л.
Корженевскийлер ботаникалық, зоологиялық және жалпы географиялық зерттеулер
жүргізу үшін Мойынқұм шөлін кесіп өтіп, Бетпақдалада ботаникалық зерттеу
және Шымкент уезінде географиялық барлау жұмыстарын қолға алды.
Қазақстанда орталықта жабдықталған бірнеше экспедициялар жұмыс істеді.
1920 жылдан бастап академик И.М. Губкин Орал-Ембі мұнайлы аудандарын
зерттесе, ал Қарағанды көмір бассейініндегі көмір қорының мөлшерін
анықтауда А.А. Гапеев бастаған экспедиция жұмыс жүргізді.
Қазақстанның табиғаты мен тарихын зерттеумен ерікті ғылыми қоғамдар
айналысты. Олардың қатарына Орыс географиялық қоғамының Орынбор, Омбы,
Семей, Верный, Ташкенттегі бөлімдері мен бөлімшелері, Ташкент қаласындағы
Түркістанның археология әуесқойлары үйірмесі және басқа да бірқатар
ұйымдарды атауымызға болады. Сондай-ақ, кең байтақ Қазақстан территориясы
Ресей Ғылым Академиясының географиялық қоғамы және патша өкіметінің әртүрлі
мекемелері, соның ішінде Әскери министрліктің жасақтаған экспедицияларының
нысанасына да айналды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қазақстандағы алғашқы ғылыми-зерттеу
мекемесін құру туралы шараны қолға алған Қырғыз әскери комиссариатының
(Кирвоенкоматтың) штабы болды. Өлкедегі азамат соғысының оты өршіп
тұрғанына қарамастан, 1919 жылдың желтоқсанында штаб бастығы А.Н.
Турскийдің ұсынысымен және қолдауымен тарихи-статистикалық бөлім құрылып,
бар-жоғы жарты жыл ғана жұмыс істеді. Аз мерзімнің ішінде бөлім аса маңызды
жұмыстар тындырды. Бұл бөлімде тарих, этнография және табиғи-географиялық
секциялар жұмыс жасады.
Тарихи-статистикалық бөлімі кейіннен Қырревкомның халық ағарту бөлімінің
Ғылыми комиссиясы болып құрылса, біршама уақыттан соң Ағарту халкоматының
Ғылыми бөліміне, соңынан Ағарту халкомының академиялық орталығы ретінде
қайта құрылды. Осы Академиялық орталықтан жеке бөлімше ретінде “Қырғыз
өлкесін зерттеу қоғамы” бөлініп шықты.
1920 жылдың қазан айында Қазақ АКСР мен Халық ағарту комиссариаты
құрылып, ғылымға, әдебиет пен өнерге, мұражай мен мұрағатқа қатысты
мәселелерді осы комиссариаттың ішінде құрылған Ғылыми бөлім басшылыққа
алды. Осы жылы (1920 ж. – С.А.) Халық ағарту қызметкерлерінің съезі
өткізіліп, Ахмет Байтұрсынов ағарту саласының нақты міндеттерін атап, оны
іске асыру тетіктерін нақтылап берді.
Ахмет Байтұрсынов 1921 жылы құрылған Академиялық орталықтың жанынан
халық поэзиясының, музыкасының үлгілерін және этнографиялық мәліметтерді
жинау жөнінде арнаулы комиссия құрады. Комиссия құруда Қазақстанды зерттеу
қоғамы да үлкен үлес қосты. Осы аталған істерге сол кездегі республикадағы
белгілі тарихшылар, музыка мен фольклордың білгірлері – Ә. Диваев, А.П.
Чулошников, А.В. Затаевич, А.Д. Кастальский, Н.Н. Миронов, А.Л. Мелков,
Н.В. Мелкова, А.А. Четыркина сияқты т.б. оқыған зиялы қауым тартылды. Бұл
комиссия жұмысымен қатар испарттар (партия тарихы) мен 20-жылдары ірі
қалаларда, облыстар мен ұлттық республикаларда құрылған жергілікті испарт
бюролары (партия тарихы бюролары) Коммунистік партия мен Қазан революциясы
тарихын жинастыру және осы тақырыптағы ғылыми зерттеу мен материалдарды
басып шығарумен айналысты.
1921 жылдың желтоқсанынан испарт РКП(б) Орталық Комитетінің құрылымына
бөлім ретінде кіретін болды. Испарттың бөлімдері 1921-1923 жылдары бүкіл ел
көлемінде барлық республика, облыстарда құрылды.
1920-жылдардың бірінші жартысындағы өлкенің ғылыми өмірінде басты рөл
атқарған ерікті ғылыми қоғамдар еді. Қазақстанда Қазан революциясынан кейін
құрылған ерікті қоғамдардың бірі: Ғылыми бөлімнен өзіндік жеке құрылым
ретінде бөлініп шыққан “Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы” болды. Оны құруға
тарихшы-өлкетанушы А.П. Чулошников, Орынбор өлкесінің байырғы зерттеушісі,
бұрынғы Орынбор мұрағаты комиссиясының құрметті мүшесі А.П. Гра, тарихшы-
этнограф Ә.Ә. Диваев, С.М. Петров, А.Л. Мелков, И.В. Мелкова, А.А.
Четыркина, И.М. Расторгуев, Н.А. Чулошникова, топырақтанушы-биологтар Л.П.
Лошкарев, М.И. Рожанец, К.К. Саковский, В.Е. Тележников және басқалар
белсенділік танытты. Құрылтайшы мүшелерінің қатарында Қаз ОАК (КазЦИК)
төрағасы С. Меңдешев, Казвоенкомат штабының бастығы А.Н. Турский де бар еді
[11].
Ғылыми комиссия Қоғам құрылмай тұрып, оған мүше болатындардың тізімін
жасады. 1920 жылдың 23 қыркүйегінде Ғылыми комиссияның бұйрығы бойынша
қоғамға 35 адам лайықты деп шешіліп, оның құрамына ғылым және ағарту
салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар енгізілді.
Қоғамның жарғысы бойынша үш ірі тарихи-археологиялық, этнографиялық және
географиялық бөлімдер құрылды. Тарихи-археологиялық бөлімге 24 адам, оның
ішінде қазақ зиялыларынан Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаевтар мүше болса,
этнографиялық бөлімге 30 адам, ал географиялық бөлімге 17 адам мүше болған.
Қазақстанды зерттеу қоғамының бастапқы он екі жылын орналасқан жеріне
ғана емес, әрекет ету сипатына қарай Орынборлық (1920-1925 жылдар),
Қызылордалық (1925-1929 жылдар) және Алматылық (1929-1932 жылдар) деп үш
кезеңге бөлуге болады.
Қазақ АКСР-нің 1921 жылы Бас мұрағатының құрылуы, 1922 жылы
Республиканың Орталық мұрағаты деп өзгертілуі мұрағат материалдарының
ауқымды қорын жинақтауға, өңдеуге, орталықтандыру және жүйелеу жұмысына
бастама беріп, өлкенің тарихын зерттеуде жергілікті өлкетанушылар мен
ғылыми қызметкерлерге көмек болды. Қазақстанды зерттеу қоғамы өзінің
жұмысын Бас мұрағат пен Бас мұражаймен тығыз байланыста жүргізді. Олар
ғылыми бөлімнің, кейіннен Халық ағарту комиссариаты Академиялық орталығының
басшылығында болды. Қоғамның төрағасы 1922 жылы Халық ағарту
комиссариатының Академиялық орталығының коллегиясы мен орталық өлкетану
мұражайы кеңесінің құрамына енді, ал мұражайдың меңгерушісі қоғам
басқармасының құрамына кіргізілді. Мұрағат ісіне жоғарғы оқу орындарының
студенттерді көмектесті.
1923 жылы Ақмола, Ақтөбе, Бөкейде, Қостанай мен Орал губернияларында
облыстық мұрағаттар құрылды.
Республиканың территориясында 20-жылдары құрылған физика-медициналық,
ғылыми-педагогикалық, осы жылы өз қызметін жандандырған Орыс географиялық
қоғамының Семей және Жетісу бөлімшелері және тағы басқалардың іс-әрекетімен
салыстырғанда, республиканың білікті ғылыми күштері бас қосқан Қазақстанды
зерттеу қоғамының қызметі аса жемісті болды.
Сонымен, 20 жылдардың басында Қырғыз (қазақ–С.А.) өлкесін зерттеу қоғамы
құрылып, өзінің мақсаты мен негізгі міндеттерін анықтағаннан кейін, жер-
жерлерде өз бөлімшелерін құрып, кітапхана және мұрағат орындарын ашуға
атсалысты. Ғылыми зерттеу, ағартушылық, мәдени және өлкетанушылық
бағыттарда жұмыстар жүргізді. Алда жүзеге асатын игі шараларды
талқылаулардан өткізді.
Қоғам 1923-1924 жылдар аралығында бірнеше игі шараларды жүзеге асырды.
Атап айтсақ, біріншіден тұрақты түрде баспалармен айырбас жасау үшін
мекемелер мен жеке тұлғалардың тізімін жасап, осы тізімдер бойынша қоғамның
“Еңбектерін” жіберді, екіншіден қазақ өлкесін зерттеу қоғамының Бөкей
ордасы бөлімшесімен байланыс орнатты, үшіншіден, Қазақ КСР Орталық өлкелік
ғылыми мұражайымен тығыз байланыста болу үшін мұражай меңгерушісі қоғам
Басқармасы құрамына енгізілді, төртіншіден, ҚКСР Халық комиссариаты мен
қоғамның қызметі арасындағы байланысты нығайту және ғалымдарды Қазақстанды
зерттеу қоғамы айналасында топтастыру үшін нақты қадамдар жасалды,
бесіншіден, Орынбор Губерниялық халықтық оқыту бөлімінің (ГубОНО) көрнекі
құралдар мұражайымен тұрақты байланыс орнатты.
Басқарманың келесі бір атқарған маңызды ісі – қоғамның “Еңбектерін”
баспадан шығаруға қаржы іздестіру болды. Бұл салада мынадай нәтижелерге қол
жеткізді: 1) Затаевич жинақтап жазып алған қазақтардың 1000 өлеңі
енгізілген “Еңбектің” ІV-басылымының шығарылымына Қырғыз (қазақ) Халық
ағарту комиссариатының өлкелік қорынан 6048 сом қаржыны толығымен Қоғамның
қарамағына берілуіне күш салынды. 2) “Еңбектердің” VІ шығарылымының баспа
шығынын өтеуге Қырғыз (қазақ) Жер Халкомы (Кирнаркомзем) мен Мемлекеттік
баспа (Госиздат) қатысты.
Баспа ісін дұрыс жолға қою үшін Басқарма қоғам мүшелері арасынан ерекше
редакциялық комиссия құрды. Сол жылдары еңбек мектептерінің (трудовые
школы) жаңа бағдарламаға көшуіне байланысты қоғам олардағы оқу ісін
өлкетанушылықпен ұштастыру үшін бірқатар жұмыстар атқарды. Қазақстанды
зерттеу қоғамы осы еңбек мектептерінде ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
КСРО – ның ыдырауының себептері және ТМД мемлекетінің қалыптасуы мен даму бағыттары
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері
Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі ( 1872 - 1937 жж. )
Ұлттық тарихи білімнің даму кезеңдері мен бағыттары
Мектепте оқылатын тарих пәні
Тарих ғылымының принциптері
Ұлттық мерзімді басылымдардың Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне жаңа көзқарасты қалыптастырудағы рөлі: тарихнамалық талдау (1985-2005 жж.)
Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстарын өздігінше орындау біліктілігін қалыптастыру
Батыс Қазақстандағы Сталинград майданы тылының инфрақұрылымының, күштері мен құралдарының қызметі
КСРО дәуіріндегі түріктану ғылыми саласы
Пәндер