Қазақ тілін орыс тілді аудиторияларда жаңаша жаңғыртып оқыту мәселесі
ӘОЖ 37. 016 : 811.512.122`37
Қолжазба құқығында
Ныязбекова Куланда Сарсенкуловна
Кәсіби лексиканы оқыту әдістемесі
(экономика мамандықтары үшін)
13.00.02 – Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі
(бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ тілі)
Педагогика ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
Мемлекеттік тіл кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекшілері: филология ғылымдарының докторы,
профессор
Б.Қ.Қасым
педагогика
ғылымдарының докторы,
профессор Г.Ғ.Еркебаева
Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының
докторы,
профессор Ж.Дәулетбекова
педагогика
ғылымдарының кандидаты,
доцент С.Дүйсенова
Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық
университеті
Диссертация 2010 жылы 21 желтоқсан күні сағат 14.00-де Абай
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (050010, Алматы
қаласы, Достық даңғылы, 13) педагогика, филология ғылымдарының докторы
(кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 диссертациялық
кеңесінің мәжілісінде қорғалады.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы 20 қарашада таратылды.
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Г.Қосымова
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Орыс тілді бөлім студенттеріне қазақ
тілін оқыту әдістемесі бойынша әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететін
мәселелер жеткілікті. Солардың бірі – жоғары оқу орындарының орыс тілді
бөлімі экономика мамандығында оқитын студенттеріне кәсіби лексиканы оқыту
әдістемесі.
Мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны жайында Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деген болатын: Біз барша қазақстандықтарды
біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің Мемлекеттік тілін, барлық
қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш- жігер жұмсауымыз керек [1,3].
Бұл қазақ тілін қоғамдағы бірліктің күші ретінде таныту қажеттігімен қатар,
оны өзге ұлт өкілдері меңгеру керектігін көрсетеді. Қазақ тілін мамандыққа
қатысты оқыту мәселесіне байланысты экономика мамандығы бойынша кәсіби
лексиканы дамыту мәселесі арнайы қарастырылмады. Осы мәселе түбегейлі
зерттеуді қажет ететіндігі – тақырыбымыздың өзектілігін көрсетеді. Қазіргі
қоғам талабына сай мемлекет басқару саласында, қаржы, экономика,
менеджмент, есеп және аудит, сақтандыру ісі, сауда, жарнама, биржа, кеден
тәртіптемесі, салық, банк, т.б. экономика салаларында қазақ тілі кеңінен
сұранысқа ие болуда. Бұл бүгінгі студент – ертеңгі маманның алдында жаңа
міндет – кәсіби лексиканы меңгеруді қажет етері айдан анық аксиома екені
белгілі. Осындай талаптарды іске асыру барысында жоғары оқу орындарында
қазақ тілін оқыту ісінде жаңа міндеттер туындайды. Бұл мәселені кәсіби
қазақ тілінде дұрыс сөйлей білетін, жоғары білімді экономика саласындағы
мамандарды даярлау және олардың сөздік қорын кәсіби лексикамен дамытумен
байланыстыруға болады. Өйткені, қазіргі кезде экономика саласындағы
қызметкер қазақ тілінде сауатты сөйлеп қана қоймай, Қазақстан
Республикасының Заңдарын (кеден ісі және салық, банк ісі, т.б. туралы),
жарлықтарын, үкімдерін қазақ тілінде дұрыс түсіне білуі қажет. Осындай
дағдыларды қалыптастыруда студенттердің сөздік қорын, кәсіби лексикасын
дамыту ісі жақсы нәтиже берері сөзсіз. Бұл қазақ тілін мамандыққа сай
оқытуды жақсартуды қажет етеді. Осы мәселе түбегейлі зерттеуді қажет
ететіндігі – тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу нысаны. Орыс бөлімінің экономика мамандығында оқитын
студенттерінің кәсіби лексикасын дамыту, студенттерге кәсіби лексиканы
оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер.
Зерттеу пәні. Жоғары оқу орындарының экономика мамандықтарында оқитын
студенттерге кәсіби лексиканы оқыту әдістемесі.
Зерттеудің мақсаты. Жоғары оқу орындары студенттерінің экономика
мамандығы бойынша кәсіби лексикасын дамытудың әдістемесін жасау. Осы
мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер алға қойылды:
- кәсіби лексиканы дамыту әдістемесінің зерттелуіне шолу жасау;
- жоғары оқу орындарында студенттердің экономика мамандығы бойынша
кәсіби лексикасын дамытудың лингвистикалық және психологиялық-
педагогикалық негіздерін айқындау;

кәсіби лексикасын дамытуға негіз болатын сөздік-минимумды көрсету;

кәсіби лексикасын дамытудың әдіс-тәсілдерін белгілеу;
- студенттердің сөздік қорын экономика мамандығы бойынша дамыту
әдістемесінің ұтымдылығын дәлелдеу үшін эксперимент жүргізу және оның
нәтижелерін айқындау.
Зерттеу болжамы. Студенттердің кәсіби лексикасын дамыту, біріншіден,
студенттердің кәсіби тілде сөйлеу сауаттылығын дамытады, екіншіден, болашақ
экономистерге ойын дұрыс жеткізуге көмектеседі.
Жетекші идея. Жоғары оқу орындарында студенттердің сөздік қорын
экономика мамандығына байланысты дамыту болашақ экономистерді кәсіби қазақ
тілінде сауатты сөйлей білуге үйретеді. Студент-экономистердің ой-өрісін
кеңейтіп, олардың сөздік қорларын экономика терминдерімен байытады.
Зерттеудің әдістанымдық негізі. Ғылыми еңбекте негізгі мәселені
зерттеуде лингвистика, психология, педагогика және қазақ тілін оқыту
әдістемесіне байланысты ғылыми-әдістемелік еңбектер мен оқу құралдары негіз
болды.
Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында баяндау, сипаттау, салыстыру,
жинақтау, жүйелеу, талдау, қорыту, тәжірибеден өткізу, бақылау әдістері
қолданылды.
Зерттеудің негізгі кезеңдері. Зерттеу үш кезеңге бөлініп жүргізілді.
Бірінші кезеңде (2003-2005) зерттеу тақырыбына байланысты
лингвистикалық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік ғылыми еңбектерге
шолу жасалып, орыс тілді бөлім студенттерінің сөздік қорын экономика
мамандығы бойынша дамытуға байланысты студенттер арасында орысша-қазақша
экономика терминдерінің түсіндірме сөздіктерін қолдануға қатысты
сауалнамалар жүргізіліп, алынған нәтижелер бойынша жасалатын жұмыстың
бағыты айқындалды. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесі
бойынша жарық көрген еңбектер талданып, тиімді жақтары айқындалды.
Екінші кезеңде (2006-2007) орыс бөлімі экономикалық мамандықтарында
оқитын студенттердің орысша-қазақша экономика терминдерінің түсіндірме
сөздіктері арқылы кәсіби лексикасын дамытуға байланысты жұмыстар тобы,
олардың жүргізілу тәртібі айқындалды; студенттер арасында іскерлік ойындар,
тренинг-сабақтар өткізілді. Студенттердің мамандығы бойынша кәсіби
лексикасын сөздік жұмыстары арқылы дамытуға арналған тапсырмалар әзірленді.
Үшінші кезеңде (2008-2009) орыс бөлімі экономикалық мамандықтарында
оқитын студенттердің кәсіби лексикасын дамытуға байланысты тәжірибе
материалдары жинақталып, зерттеуде ұсынылған әдістемелік жұмыс түрлері мен
тапсырмалар, жаттығулар жүйесінің тиімділігі дәлелденді. Студенттер
арасында өткізілген тәжірибе нәтижелері айқындалып, қорытындыланды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- орыс тілді бөлімдерде кәсіби қазақ тілін оқытудың әдістемесі
ұсынылды;
- орыс бөлімі экономикалық мамандықтарында оқитын студенттердің
кәсіби лексикасын дамытуға байланысты қолданылатын тиімді әдіс- тәсілдері
жүйеленіп, ұсынылды;
- орыс бөлімінің экономика мамандығы бойынша кәсіби лексиканы
меңгертуде кәсіби-іскерлік ойындар арқылы жүргізілетін тренинг-сабақтардың
жүйелі әдістемесі ұсынылды;
- екі тілдік экономикалық сөздіктер арқылы студенттердің кәсіби
лексикасын дамытуға арналған тапсырмалар жүйесі анықталды;
- екі тілдік экономикалық сөздік арқылы студенттердің кәсіби
лексикасын дамытуға арналған тапсырмалар жүйесінің тиімділігі эксперимент
арқылы дәлелденді.
Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері жоғары оқу
орындарының орыс тілді бөлім студенттеріне кәсіби қазақ тілін оқыту
әдістемесін толықтырады. Зерттеу барысында көрсетілген әдіс-тәсілдер орыс
тілді бөлім студенттерінің сөздік қорын мамандыққа байланысты дамыту
әдістемесін кеңейтеді. Жұмыс барысында жасалынған тұжырымдар осы мәселенің
одан әрі зерттелуіне негіз бола алады.
Зерттеудің тәжірибедегі маңыздылығы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін
жоғары оқу орындарының орыс тілді бөлім студенттеріне қазақ тілін оқытуда,
арнайы курстарда пайдалануға болады. Сонымен қатар, қол жеткізген нәтижелер
болашақта қазақ тілін оқыту әдістемесі саласы бойынша оқулық, оқу
құралдарын жазуда, сөздіктер құрастыруда қажетті мәлімет болып табылады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- жоғары оқу орындарының қаржы-экономика факультеті орыс бөлімінде
оқитын студенттерге мемлекеттік тілді меңгерту сапасын арттырудың бір жолы
( олардың сөздік қорын экономикалық терминдер арқылы жетілдіріп, сөйлесім
әрекетінде орынды қолдануға төселдіру. Өйткені экономикалық мамандықтарында
оқитын студенттер үшін экономикалық терминдер ( кәсіби лексика ретінде
тілдік қатынастағы аса маңызды қатысымдық тұлға болып саналады;
- студенттердің сөздік қорының кәсіби лексикамен толығуы олардың
ойлау қабілеті мен сөйлеу мәдениетін жетілдірудің тетігі болып саналады.
Екі тілдік сөздіктерді жүйелі пайдалану студенттерді ойлауға, тілдік
талғамын қалыптастыруға ықпал ете отырып, олардың кәсіби тілмен сөйлеу
дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді;
- экономикалық терминдерді үйретуде жүргізілетін кешенді жұмыстарды
студенттің сөздік қорын дамытудың бір арнасы ретінде белгілеу үшін оның
түрлері мен құрамын айқындау, лексикалық минимумын анықтау, сөйлесім
әрекетін жетілдіруге алғышарт жасау мүмкіндіктерін тиянақтау қажет. Бұл
мәселе қою, болжамдарды ұсынып, мәселені шешу жолдарын қарастыру,
қабылданған болжамдарды дәлелдеу үшін деректерді іздеу, нәтижелерді қорыту,
жаңа материалды студенттердің алған біліміне қосу және оларды бекіту, тіл
дамыту секілді құрамдас бөліктерден тұратын оқыту моделін басшылыққа алу
арқылы шешімін табады;
- экономикалық терминдерді үйретуде студенттерге оның мағынасын
түсіндіру үшін түрлі әдістерді қолдану тиімді;
- студенттердің экономика мамандығы бойынша кәсіби лексикасын
интербелсенді әдістер арқылы дамыту қажет.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Диссертация Абай
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Мемлекеттік тіл
кафедрасының кеңейтілген мәжілісінде және диссертациялық кеңес жанындағы
әдістемелік семинарда талқыланды.
Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен нәтижелері 7 халықаралық
ғылыми-практикалық конференцияларда, 6 мақала республикалық басылымдарда
жарық көрді. Зерттеу жұмысының мазмұны бойынша барлығы 13 ғылыми-
әдістемелік мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен,
қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Негізгі бөлім
Бірінші бөлім Экономика мамандығында оқитын студенттердің кәсіби
лексикасын дамытудың ғылыми негіздері деп аталады. Бірінші бөлімнің
бірінші тармақшасында Экономика мамандығындағы орыс бөлімі студенттерінің
кәсіби лексикасын дамыту мәселесінің зерттелу тарихына шолу студенттерге
кәсіби лексиканы оқытуға байланысты оқу құралдары мен зерттеу жұмыстары
талданған. Әдістеме ғылымында жалпы сөздік қорды дамыту мәселесі Т.Шонанов,
Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев, Ғ.Бегалиев т.б. ғалымдар еңбегінен бастау алған.
Кейініректе Ж.Адамбаева, Ы.Мамановтар өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту
барысында сөздік қорды байыту мәселесі жөніндегі өзіндік ой-пікірлерін айта
келіп, тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынды.
Бүгінгі күні бұл істі әрі қарай жалғастырушы Н.Оралбай, Ф.Оразбаева,
Б.Қасым, К.Жақсылықова, Қ.Қадашева, Р.Шаханова, т.б. ғалымдар еңбектерінде
орын тапқан.
Жоғары оқу орындарында барлық мамандықтар бойынша мемлекеттік тілді
үзіліссіз оқыту мәселесі соңғы жылдары ғана көтеріліп, қолға алынды. Соның
нәтижесінде орыс тілді бөлім студенттеріне түрлі мамандыққа арналған Қазақ
тілі оқулықтары Ф.Оразбаева, Б.Қасым, К.Жақсылықова, З.Күзекова,
Г.Қарақұсова, Ш.Құрманбайұлы, С.Жусанбаева, К.Сариева, Г.Ауқашева,
Г.Алдамбергенова, М.Мамаева, А.Сыбанбаева, т.б. ғалымдардың құрастыруымен
жарық көрді. Әдістеме ілімінде қазірде қазақ тілін студенттердің болашақ
мамандықтарына сай оқытуда сөздік қорды байыту мәселесінің алатын орны
ерекше. Өйткені, оның мемлекеттік тілді терең меңгерген білікті мамандарды
даярлауда әлеуметтік міндеттерді шешудегі атқаратын қызметі ерекше. Осы
тұрғыдан алсақ практикалық маңыздылығы белгілі. Орыс тілді бөлім
студенттеріне мемлекеттік тілді олардың болашақ мамандықтарына сай оқыту
мәселесі Р.Шаханова, Б.Ахметбекова, Г.Алдамбергенова, М.Жороқпаева,
А.Мұратбекова, Г.Тұрсынова, Р.Әбдісүлейменова, С.Нұрғали, Ш.Абдиева,
Қ.Мұқанова, Д.Құсайыновалардың ғылыми еңбектерінде кеңінен қарастырылған.
1.2 Орыс бөлім студенттерінің экономика мамандығы бойынша кәсіби
лексикасын дамытудың лингвистикалық негіздері атты бірінші бөлімнің екінші
тармақшада экономика мамандарын қазіргі кезде кәсіби бағытта дайындаудың
сапасын жоғарылату негізгі мәселелердің біріне жататындығы қарастырылады.
Қазақ тіліндегі терминжасамның әр кезеңі өзіндік ерекшеліктерімен
сипатталады және өмірдегі мәдени, әлеуметтік-экономикалық, саяси және
тарихи өзгерістерді бейнелейді. Қазақ лексикасының терминдену әрекетін
алғаш зерттеуші Ш.Құрманбайұлы қазақ лексикасының терминденуінің төрт
негізгі кезеңін атап көрсеткен. Сондай-ақ, терминжасамның әр кезеңі өзіне
тән ерекшеліктерімен өзгешеленеді және олардың әрқайсысы қазақ халқының
өміріндегі тарихи дәуірді, ғасырды бейнелейді: I кезең. XIX ғасырдың екінші
жартысынан 1910-жылдарға дейін; II кезең. 1910-1930 жылдар аралығы; III
кезең. 1930-1990 жылдар аралығы; IV кезең. 1990 жылдардан бергі мерзім.
Қазақ терминологиясының негізін алғаш салушылардың бірі – Ахмет
Байтұрсынұлы. Қазақ тілі әдістемесі мен теориясынан білімді мықты
меңгеруіне байланысты, ол арқылы қазақ тілі, әдістеме, тіл білімі,
әдебиеттану салаларына қатысты бүтін бір терминдер жүйесі жасалды. Бұлар
бүгінгі күнге дейін сол ғылым салаларының берік негізін құрап келеді.
А.Байтұрсынұлы терминдер халыққа түсінікті әрі қолайлы болуы керек деп
есептейді. Өйткені жаңа сөздер енгізудің негізгі мақсаты да көпшілікке жаңа
ақпаратты жеткізу болып табылады. Бұл масат терминология халыққа таныс
лексикаға негізделген болса ғана жүзеге асады. Міне осы факторды экономист-
ғалымдар басты негізге алуы қажет.
Профессор Қ.Жұбанов интернационалдық лексиканың барлығы бірдей ана
тілге аударылуға тиісті емес деген көзқарасты ұстанады. Кейде аударма
терминнің нақты мағынасын бере алмайды, ал бұл жіберілмейтін қателікке,
яғни аударылған терминді бұрмалау мен теріс түсінуге әкеледі. Қазақ
терминологиясының көптеген саласын жасап шығаруда, тәртіпке салуда,
әсіресе, XX-ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ зиялы қауымының көрнекті
өкілдерінің бірі – Х.Досмұхамедұлының еңбегі айрықша.
Қазақ терминологиясының мәселелері академик Н.Сауранбаевтың
еңбектерінде де көрініс тапты. Ол қазақ терминологиясын аударуға
тәжірибенің жеткіліксіз кезеңінде жұмыс жасады. Қазақ әдеби тілінде қазақ
халқының тұрмысы мен өмір сүруіне тән емес, жаңа сөздер мен ұғымдардың
пайда болуы көптеген қиындықтарды тудырды. 1930-1990 жылдар аралығында
салалық терминологиядан саусақпен санарлық қана ғалымдардың зерттеу
жұмыстары жарық көрді. Салалық терминологияны жүйелеу мен үйлестіруде
негізгі рөлді екі тілдік терминологиялық сөздіктер атқарады. Экономикаға
байланысты соңғы жылдары көптеген сөздіктер жарық көрді. Қазақ тілінің
терминологиялық негізін әрі қарай дамыту мен жүйелеуде, экономика
терминдерін өңдеу бағытында әлі де біраз жұмыстар жүргізілуде.
Белгілі ғалым Б.Қасым зерттеулерінде: ...Күрделі атаулардың қолданыс
аясы кең, аналитикалық тәсілмен туындаған атаулар арқылы сөздік құрам үнемі
байып, дамып отыратынын байқауға болады, – деп тұжырымдайды [2,354].
Сонымен қатар, профессор Б.Қасым нарықтық экономикаға байланысты туған
заттың күрделі атауларына: баспабас – бартер, делдал – брокер, жобақаржы –
смета, жәрдемақы – пособие, қаламақы – гонорар, демеуқаржы – дотация,
шотесеп – расчет, мүлікбасы – товаровед, т.б. күрделі атауларды жатқызған.
Зерттеудің лингвистикалық негізін А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов,
І.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Б.Қасым, Б.Шалабайдың
еңбектері құрайды.
1.3 Экономика мамандығы бойынша орыс бөлімі студенттерінің кәсіби
лексикасын дамытудың психологиялық негіздері атты тармақшасында кәсіби
лексикасын дамытудың психологиялық негіздері қарастырылған. Қазіргі
кезеңде кәсіби қазақ тілінің жоғары сатыға көтерілуі, болашақ мамандардың
сөздік қорларының дамуымен байланысты. Экономика саласында студенттердің
белсенді сөздік қорына кәсіби лексиканың енгізілуі бірнеше психологиялық
факторларға негізделеді.
Психология ғылымдарының жетістіктерін пайдалану – студенттердің қазақ
тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, студенттердің қабілеттерін ескеру,
ес заңдылықтарын ескеру, студенттердің эмоциялық белсенділіктерін
қалыптастыру, сонымен қатар, экономика саласындағы болашақ қызметкерлерді
кәсіби іс-әрекетіне моральдық-психологиялық тұрғыдан дайындау студенттерге
кәсіби лексиканы игеруге тиімді әсер етеді. Сол себептен педагогикалық
психология ғылымының іргетасын қалаған Ы.Алтынсарин, Ж.Аймауытов,
М.Жұмабаев, К.Д. Ушинскийлердің еңбектері, сондай-ақ, психологиялық және
педагогикалық мәселелерді қарастырған Т.Тәжібаев, М.Мұқанов Қ.Жарықбаев,
Т.Сабыров, C.Рахметова, Р.Қоянбаев, Ж.Қоянбаев, А.Темірбеков, С.Балаубаев,
С.Елеусізова, т.б. психолог-педагог ғалымдардың пікірлері басты бағыт
ретінде алынды. Экономика саласындағы мамандардың қызметінде қатысымдық іс-
әрекет ең маңызды рөл атқарады, өйткені экономика мамандары әр түрлі
дәрежедегі адамдармен қарым-қатынаста болады (бизнес саласындағы
әріптестерімен, бастықтарымен, заңды және жеке тұлғалармен, т.б.). Осы іс-
әрекет барысында мамандар көптеген ақпаратты еске сақтаулары қажет. Сол
себепті де лексикалық жадығатты тиімді игертуде негізгі рөлді ес
заңдылықтары атқарады. Психологияда ес ұзақтығы мен мықтылығына байланысты
бөлінеді: шапшаң, қысқа уақыттық, оперативтік, генетикалық, ұзақ уақыттық.
Жаңа лексиканы игерту естің төмендегідей әрекеттерімен жүріп отырады: есте
сақтау, сақтау және қайта жаңғырту. Жалпы студенттердің қажетті лексикалық
жадығатты игеруі олардың қабілеттеріне де байланысты. Бүгінгі студент –
экономика саласының болашақ маманы өзінің іс-әрекетінің сәтті болуына,
кәсіби тұрғыда карьерасының өсуіне, өзінің жұмысына деген қызығушылығына
әсер ететін қабілеттерге ие болуы және оны дамытып отыруы керек. Оқу-
тәрбие процессінде қабілет, білім, дағды, ептілік сияқты психологиялық
ұғымдарды өз мәнінде түсіне алмау – мұғалімдерді педагогикалық қателіктерге
ұшыратуы да мүмкін, – деп тұжырымдайды белгілі ғалым Қ.Б.Жарықбаев [3,
325]. Қ.Жарықбаев: Ес-күрделі психикалық процестердің бірі. Ол есте
қалдыру, қайта жаңарту, тану, ұмыту секілді процестерден тұрады, – деп
санайды.
Есте қалдыру – ес әрекеттерінің бірі, ол арнайы есте қалдыру, еріксіз
есте қалдыру болып бөлінеді. Тілді оқытуда арнайы есте қалдырудың маңызы
күшті, арнайы есте қалдырусыз тілді үйрену мүмкін емес. Тіл мен ойлау
ажырамас бірлікте. Ойлау үрдісін іске асыру үшін, ең алдымен физиологиялық
үрдістер анализаторлардың мидағы ұштарының арасында туып жатқан уақытша
жүйкелік байланыстардың (шартты рефлекстердің) маңызы өте зор. Шартты
рефлекстер екінші сигналдардың әсерінен туындайды. "Сөйлеу органдарының ми
қыртысына баратын кинестезиялық тітіркендіргіштер (қозғалыс) екінші сигнал
болып табылатын сигналдардың сигналы"Психология ғылымдарының жетістіктерін
кәсіби қазақ тілін оқытуда пайдалану студенттердің экономикалық терминдерді
орынды қолданып, тиімді игерулеріне жағдай жасайды.
Бірінші бөлімнің төртінші тармақшасы Экономика мамандығы бойынша
орыс бөлімі студенттерінің кәсіби лексикасын дамытудың педагогикалық
негіздері деп аталады. Қазақ тілін орыс тілді топтарда оқыту әдістемесі
міндетті түрде педагогика ғылымы мен соның ішінде дидактика заңдылықтарына
сүйенеді. Зерттеу барысында Қазақстандағы белгілі дидакт-ғалымдардың
М.Мұқанов, Ж.Б.Қоянбаев пен Р.М.Қоянбаев, Ж.Ә.Әбиев, С.Б.Бабаев,
А.М.Құдиярова, Г.Ахметова, Р.Төлеубекова, Е.Өсербаева, М.Құдайқұлов, т.б.
еңбектері негізге алынды. Студенттердің мамандығына сай сөздіктерді
меңгеруін жеңілдету мақсатында Ф.Ш.Оразбаева, Б.Қасым, К.Жақсылықова,
Г.Еркибаева, т.б. ғалымдардың еңбектеріндегі негізгі дидактиканың
қағидалары мен ұстанымдары негізге алынды.
Тарихи дамудың әр кезеңі жаңа дидактиканың қағидаларын ұсынады.
Бірақ оқыту әрекетінің негізіне берік орнаған, дидактиканың негізгі
қағидалары бар. Олар әр түрлі болғанмен бір ғана мақсатты көздейді: оқыту
әрекетінің тиімді жұмыс істеуі үшін жаңа жолдарды табу және жетілдіру.
Студенттер күнделікті ақпараттар көзінен түрлі мәліметтер алады. Бұл
жөнінде М.Мұқанов былай деген: ... оқушының ақыл-ойының әлі күнге дейін
еске алынбаған мүмкіншілігіне көңіл бөлейік. Осы уақытқа дейін бастауыш
мектептегілер тым жас болғандықтан, таным процестерінің, әсіресе, ой
әрекетінің әлі қалыптаспаған, жетілмеген жақтары бар [4, 90]. Заман
талабына сай қазір студенттер мемлекеттік тілді үйренудің аса қажеттілігін
және оның болашақ мамандықтарына керек болатындығын естерінде ұстағаны
абзал. Ал оқытушы өзінің барлық күш-жігерін студенттердің мемлекеттік тілді
меңгеруге қызығушылығын арттыруға жұмсауы қажет. Ғалымдардың айтуынша, ең
алдымен осындай уәждеменің күші оқыту әрекетінің нәтижелілігіне әсер етеді.
Жағдаятты тиімді игеру тіл үйренушінің жеке ынтасына да тәуелді. Егер тіл
үйренуші білімді игеруде ынталанбаса, қажетті нәтижеге жету мүмкін емес.
Сонымен, студенттерді қазақ тіліне оқыту әдістеменің дидактикамен өзара
тығыз байланысы ғана оқудың, танымның, білімді игерудің тиімділігін және
олардың тәжірибеде жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Сол себебтен, қазақ тілі
сабақтарында кәсіби лексиканы оқыту барысында төмендегідей ұстанымдар
басшылыққа алынды: саналылық ұстанымы, жекелік және ұжымдық біртұтастығы
ұстанымы, нақтылық пен абстрактылық бірлігі ұстанымы, түсініктілік
(ашықтық) ұстанымы, білімнің беріктігі ұстанымы, кешенді оқыту ұстанымы.
1.4.1 Экономика мамандығы бойынша орыс бөлімі студенттерінің кәсіби
лексикасын дамытудың тәрбиелік мәні. Тіл саясатын жүзеге асыру жағдайында,
Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің қалыптасуында студенттерді (болашақ
экономист мамандарды) кәсіби қазақ тіліне оқыту ерекше орын алады. Кәсіби
қазақ тілінің мақсаты – экономика саласында қызмет ететін болашақ
мамандардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, жоғары моральдық
қағидаларды, адамзаттық құндылықтарды сіңіріп, кәсіби этикетті меңгерту
болып табылады. Осының нәтижесінде түрлі тәрбие жұмыстары жүргізіледі.
Демек, жоғары оқу орындарында студенттер тәрбиесі – оқыту жүйесінің
бөлінбес бір бөлігі болып табылады. Әлемдік бәсекеге қабілетті мемлекетті
қалыптастыруда кәсіби сауатты маман-экономистерді дайындаудың маңызы
артуда. Кәсіби қазақ тілі сабақтарының болашақ экономистерді тәрбиелеуде
өзіндік орны бар. Ең бастысы, тілдік жағдаяттардың, мәтіндердің тәрбиелік
мәні болуы керек.
Зерттеу жұмысының Экономика мамандығы бойынша орыс бөлімі
студенттерінің кәсіби лексикасын дамытудың әдістемелік негізі атты екінші
бөлімінің 1-ші тармақшасы Экономика мамандығы бойынша орыс бөлімі
студенттерінің кәсіби лексикасын дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер деп
аталады. Болашақ экономистердің кәсіби қарым-қатынас жасай білу
біліктілігінің жүзеге асуы үшін оларға қажетті экономикалық терминдерді
сөйлеу тілінде белсенді және сауатты қолданылуын қамтамасыз ету қажет.
Экономикалық терминдермен танысу, кәсіби лексиканы қажет жерінде қолдануға
дағдыландыруда ұтымды жұмыс түрлері мен әдістерін пайдалануға үлкен мән
берілген. Студенттерді ойландыратын, болашақ мамандығына қызығушылықтарын
арттыратын, белсенділіктерін арттыратын сабақтар ұйымдастырылуы керек екені
белгілі болды. Қазақстанда жоғары оқу жүйесі түбегейлі өзгерістерді басынан
кешті, ол – студенттерге қазақ тілін оқыту практикасына жаңаша жаңғыртып
оқыту әдістемесін (Қ.Қадашеваның термині) енгізу болып табылады. Қазақ
тілін орыс тілді аудиторияларда жаңаша жаңғыртып оқыту мәселесі
Қ.Қадашеваның зерттеуінде жан-жақты қарастырылған. Жаңаша жаңғырту ұғымы
дәстүрлі әдіс-тәсілдерге жаңалық енгізуді білдіреді. Жаңаша жаңғыртып
оқыту әдістемесіне жоғары белсенділікті дамыту әдістері кіреді (тренинг-
сабақтар, іскерлік ойындар, пікірталас, ойбөліс, ойталқы, пікірсайыс).
Жоғары белсенділікті дамыту әдісі өзара қарым-қатынаста болу, әрекет ету
дегенді білдіреді немесе әңгімелесу, сұхбаттасу, өзара бірлескен оқытуды
бейнелейді. Бірлескен түрдегі оқыту: студенттер мен оқытушы оқытудың
субъектілері болып табылады. Оқытудың жоғары белсенділікті дамыту әдістері
тіл үйренушінің жоғары белсенділігін көтереді, алынған білімді шығармашылық
тұрғыдан қайта қарауға мүмкіндік береді. Жоғары белсенділікті дамыту
әдістерін қолданғанда оқытушы оқыту әрекетін ұйымдастырушы (немесе тренер)
және кеңесші рөлінде болады. Сонымен бірге оқытушы студенттердің дербес
шығармашылық жұмыстарына көмекші, іс-әрекетін ұйымдастырушы, жетекші,
тренер ретінде көмек бере алады. Сабақтар ойын түрінде өтеді, студенттер
өздерін емін-еркін сезінеді. Студенттер танымдық іс-әрекетке тартылады, өз
білімдері мен ойларын ортаға салып, талдай білуге мүмкіндік алады,
машығады. Жоғары белсенділікті дамыту әдістері арқылы студенттер білім
алады, әлеуметтік және интеллектуалдық білім дағдыларын дамытып, сыни
көзқарастарын қалыптастырады. Сонымен, кәсіби қазақ тілін оқытуда жоғары
белсенділікті дамыту әдістерін қолдану арқылы студенттердің сөздік қорын
экономикалық терминдермен байытуға, кәсіби тілдік қарым-қатынас дағдыларын
тиімді игертуге болады. Оқытудың интерактивті әдісі болып табылатын
іскерлік ойындар арқылы іске асатын тренинг-сабақтар – интенсивтік тілдік
практикаға жағдай жасайды, үлкен көлемдегі лексикалық жағдаятты қамтуға,
сөйлеу мәдениетін дамытуға, іскерлік этикетті меңгеруге мүмкіндік береді.
Іскерлік ойындарды өткізу үшін төмендегідей дайындық керек: іскерлік
ойынның тақырыбын таңдау; жоспар жасау, тәжірибеде қолдану; әрбір ойынға
қатысушының рөлі мен тапсырмасы; іскерлік ойынды ұйымдастыру; ойынның
мақсаты; ойынның ережесі; ойынның өтілу кезеңдері; қортындыларды шығару.
Кәсіби лексиканы оқытуда топтық әдісті қолданған тиімді. Оқытудың бұл
әдісі студенттердің топтық іс-әрекет дағдыларын дамытады, сұрақтарды
талдауға барлық топтың қатысуын қадағалайды; шешім қабылдау, басқару
дағдыларын игеруге, іскерлік қабілеттерін дамытуға және кәсіби деңгейде
талдай білуге үйретеді. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінен өздері істейтін
мекемелерде қазақ тілінде сөйлеп, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу,
жиналыстарда, ресми отырыстарда, мәжілістерде сөз сөйлеу, есеп беру,
мәліметтер беру, өзі сияқты мамандармен кездесіп, қызмет мәселелерін шешу,
өз мамандығы бойынша терминдерді пайдаланып, еркін тілдік қарым-қатынаста
болуын талап етіледі. Бұл талаптарды орындау жоғары оқу орындарының түрлі
мамандықтарында оқитын студенттер мен тіл мамандарына үлкен міндеттер
жүктейді. Әрбір мамандықтың өз саласында қолданылатын терминдері мен іс
қағаздарының түрлері бар. Мысалы, экономика мамандығы бойынша сауда,
төлем, валюта, банк, кредит, есеп айырысу, депозиттерге байланысты, кеден,
салық жүйесінің қызметтеріне қатысты түрлі қызмет қатынас-қағаздары
толтырылады. Жалпы, қаржы-экономика саласындағы жұмыстардың барлығы дерлік
тек мамандыққа байланысты терминдер (кәсіби лексика) мен қызмет бабында
қолданылатын кәсіби сөздер көптеп кездесетін құжаттар арқылы іске асатыны
белгілі. Сондықтан мамандыққа сай оқыту жұмысы мамандыққа байланысты
терминдер мен сөздерді игеру барысында іске асады. Тіл мамандары ең
алдымен, мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне меңгерту ұстанымдарын,
ерекшеліктері мен әдістерін кешенді қарастырып, білім беруді жүйелі түрде
ұйымдастыруы керек. Қазақ тілін оқыту әдістері өзге ұлт өкілдеріне екінші
тілді оқыту ұстанымдарына негізделеді. Қандай да бір тіл болмасын, оны
екінші тіл ретінде оқытуда – оқытушы сабақта сөйлеу әрекетінің негізгі бес
түрінің орындалуын қамтамасыз етеді: тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым,
сөйлесім. Екінші тілді үйретуде кәсіби лексиканы дамыту жұмыстарының барлық
түрі тұтас, яғни кешенді қарастырылады. Қазақ тілін екінші тіл ретінде
оқыту жұмысы тақырыптық принципке негізделеді. Мәтін сабақта жүргізілетін
барлық жұмыстарға негіз болады. Мәтінмен жұмыс жүргізуде де, грамматиканы
түсіндіруде де атқарылатын негізгі жұмыс – кәсіби лексиканы дамыту жұмысы.
Мемлекеттік тілді оқыту жұмысы коммуникативтік бағытта функционалды-жүйелік
әдісті қолдану негізінде, салыстырмалы грамматиканы тиімді пайдалану арқылы
іске асады. Әсіресе, интерактивтік әдістер (сұрақ-жауап әдісі, аударма
әдісі, жобалау технологиясы, қарқынды оқыту технологиясы, дамыта оқыту,
ұжымдық, проблемалық оқыту технологиялары, модульдік оқыту технологиялары)
кәсіби лексиканы меңгертуде – кәсіби бағдарлық жолмен меңгерту, мамандыққа
байланысты мәтіндерді ауыспалы жұптық жұмыстар жүргізу арқылы меңгерту,
топтық жұмыстары, кәсіби-іскерлік жұмыстарды тиімді қолдану арқылы кәсіби
лексиканы меңгерту оқытушыдан көп ізденісті талап етеді. Орыс топтары үшін
қазақ тілінде сөйлесе білуді іске асыратын, студенттердің қоғамдық ортада
пікір алмасуын, олардың түсінісу қажеттігін өтейтін, тілдік білімді жылдам
меңгертуді қамтамасыз ететін тиімді әдістердің бірі – ұжымдық оқыту әдісі.
Ұжымдық оқыту әдісі туралы ғалым Ф.Ш.Оразбаева: Тіл үйренудің ұжымдық
формасы дегеніміз – тіл үйренушілердің бүкіл топтағы адамдардың
әрқайсысымен жеке сұқбаттасу арқылы олардың бірін-бірі оқытуы, адамдардың
бірінен екіншісінің үйренуі, пікір алмасуы және әр жұп сыңарларының ауысып
отыруы нәтижесінде бүкіл ұжым мүшелерінің түгел қамтылып: әрі жұптық, әрі
топтық тілдік қатынастың жүзеге асуы [5, 129], – деген анықтама береді.
Ұжымдық әдіс студенттердің бір-бірімен жұптасып немесе алмасып жұмыс
істеуіне құрылған. Ұжымдық әдістің негізгі белгілері мыналар болып
табылады: топ студенттерінің ортақ мақсаттарын анықтау; топтағы
студенттердің қызметтері мен міндеттерін ажыратып көрсету; өзара
ынтымақтастық және достық қарым-қатынастың болуы, бір-біріне көмек көрсете
білу; студенттерді бірінің жұмысын бірі бағалауға, бақылауға, басқаруға
үйрету; барлығы бірі үшін, бірі барлығы үшін әрекет ету; студенттер
арасындағы теңдік, бірлік қатынасты іс жүзіне асыру. Кәсіби қазақ тілін
оқытуда ұжымдық әдісті пайдаланудың мақсаты – әр студент білімінің жоғары
деңгейге жетуіне мүмкіндік беру, білімді меңгеруде қүш пен уақытты аз
жұмсай отырып, көздеген жетістіктерге қол жеткізу. Бұрын жоғары оқу
орындары оқу мазмұнын құрастыруға көп көңіл бөлген болса, енді кредиттік
оқу жүйесі жағдайында оқыту, оқу және бағалау арқылы студенттердің не
білетіндігін, яғни студенттердің оқу нәтижелерін анықтауы қажет. Бұрынғы
біліктілік термині қазір құзырлылық, құзіреттілік терминімен
ауыстырылған. Бұл дегеніміз, әрбір студенттің кең ауқымды контекст
аумағында оқып-үйреніп, өмірде кездесетін небір экстремальды жағдайларда
кез келген проблемалық жағдайларды шешуге қабілеттілік танытып, өзінің
құзырлылығын дәлелдей білу керектігін білдіреді. Бұрынғы бүкіл өміріне
азық болатындай білім беру – қазір өмір бойы өздігімен үйрену ұстанымына
өзгерді. Ал бұл ұстаным студенттерді белсенділендіретін оқыту әдістемелерін
қолдануды міндеттейді. Демек, үйрену мен үйрету – тек өзара белсенді
әрекеттерге негізделген қарым-қатынас арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан,
жоғары оқу орындарында оқу процесінің негізін интерактивті әдістемелер
құрауы керек. Қорыта келе, кәсіби лексиканы оқыту және оқу – мемлекеттік
тілді мамандыққа сай меңгерту – жоғары оқу орнынан бастау алады. Өзге ұлт
өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгертуде тіл мамандары оқу топтарының білім
деңгейіне, әрбір сабақтың тақырыбына қарай түрлі әдіс-тәсілдерді,
инновациялық технологияларды жан-жақты, әрі үйлесімді қолдану арқылы
мемлекеттік тіліміздің дамуына, әрбір маманның (бүгінгі студенттің)
келешекте еркін сөйлеп, мамандық бойынша терминдерді жақсы меңгеріп, іс
қағаздарды кәсіби тілде сауатты жаза алуын қамтамасыз ету.
Екінші бөлімнің 1.1 тармақшасы Экономика мамандығында оқитын
студенттерге кәсіби лексиканы тренинг-сабақтар арқылы меңгерту деп
аталады.
Тренингтер – қысқа мерзім ішінде практикалықданыста қажетті әрі тиімді
біліктер мен дағдыларды игеруге бағытталған оқу сабақтары.
Тренингтерде әр үйренуші кәсіби қызметі мен жүктелген міндеттерін
орындауда тиімді әрі ұтымды әрекеттерді таңдап, оларды бекітуге, үйреншікті
дағдыға айналдыруға машықтанады. Тренингтер студенттерде арнайы практикалық
дағдыларды қалыптастыруға арналады. Тренингтердің басты мақсаты – үйренудің
ең тиімді жолдарын игеру. Мұнда үйренушілер өз әрекеттерін қалайша тиімді
түрде ұйымдастырып, жұмыста оң нәтижеге жетуге қалайша жету керектігі
мәселесімен айналысады. Сондықтан да, тренингтерде оқу мазмұны тек
практикалық тұрғыдан ғана қарастырылады. Мысалы, студенттер тренинг-
сабақтарда арнайы берілген жағдайлар мен ситуацияларды (жағдаяттарды)
модельдейді, оларды қатысушы ретінде өздері ойнап шығады. Осындай
әрекеттер арқылы үйренушілер қажетті практикалық білік пен дағдыларды
бекітіп, өздерінің өмірлік тәжірибелері мен жұмыс тәсілдеріне өзгерістер
енгізеді. Тренингтердің соңында студенттер үйренген дағды мен машықтары
тұрғысында пікір алмасып, олардың тиімділігі мен маңызы туралы өз ойларын
ортаға салып, талқылайды. Мұндай жұмыс әр үйренушінің өз ойлары мен
пікірлерін қағазға түсірумен аяқталады. Әдетте, тренинг-сабақтарда
төмендегідей интерактивті әдіс-тәсілдер қолданылады: іскерлік ойындар,
рөлдік ойындар, топтық пікірталастар, тұсаукесерлер, нақты жағдайлар мен
жағдаяттарды талдау, т.б. Іскерлік ойындар барысында студенттер кәсіби
тапсырмаларды орындау арқылы қажетті терминдердін тез әрі жеңіл игереді.
Сонымен қатар іскерлік ойындар арқылы болашақ маманға бірқатар іскерлік
және моральдық-психологиялық қасиеттер қалыптасады. Ойын барысында
студенттер шындыққа жақын іс-әрекеттік тәжірибе жинақтайды: ойынның негізгі
құндылығы да осында жатыр. Ол өзіндік тәжірибесі арқылы үйренуге мүмкіндік
береді. Іскерлік ойын барысында студенттердің қажетті білімді ала білу және
жүйелей білу, оларды қайта бейнелеу сияқты дағдылары қалыптасады, ал ең
бастысы, оларды нақты өмірге, кәсіби жағдаяттарға, практикаға, шынайы іс-
әрекетке жақындатады. Төменде көрсетілген икем-дағдыларды студенттер
бойында қалыптастыру тек жоғары белсенділікті дамыту әдістерінің бірі
саналатын іскерлік ойындар арқылы жүзеге асады, олар: кәсіби іс-әрекет
барысында шешім қабылдау және дұрыс шешім таба білу; қажетті білімді
жүйелей білу мен қабылдау, оларды қайта бейнелеу және нақты өмір мен кәсіби
жағдаяттарға жақындату; өңделген тілдік жадығатты белсенді сөйлеу
әрекетінде жоғары тиімділікпен қолдану; өй-өрісін кеңейту және лексикалық
жадығатты байыту; студенттерде әлеуметтік қарым қатынас дағдыларын
қалыптастыру; сөз жарыстыруға, өзіндік сөйлеу тәртібін сақтауға, түрлі
өзгерістерге бейімделе білу. Бұған В.Я.Платовтың ой-пікірі нақты дәлел бола
алады: Дәріс түрінде ұсынған жадығаттағы ақпараттың 20% ғана игерілетін
болса, ал іскерлік ойында 90% игеріледі. Іскерлік ойындарды жоғары оқу
орындарында кеңінен қолдану жадығатты игеруде көп уақытты да үнемдейді,
оның тиімділігі сол әдеттегі уақыттан 30-50 % үнемдей алатындығымызда [6,4-
5]. Бұл айтылғандардан іскерлік ойындар оқытудың белсенді әдісі дегенді
айта аламыз. Қазіргі кезеңде маманға қойылар талап та өзгерді. Бұл тек
экономика жүйесін білетін адам емес, сонымен қатар көптеген, іскерлік қарым-
қатынас дағдылары, келіссөздер жүргізе білу шеберлігі, сендіре білу
дағдысы, деректер арқылы дәлелдей білу өнері тәрізді іскерлік қассиеттерді
бойына дарытқан маман. Жаңа маман – бұл мықты біліммен қаруланған және
кәсіби қарым-қатынастың іскерлік дағдыларын бойына сіңірген адам. Аталған
қасиеттерді бойына дарытқан мамандарға сұраныстың көп болатыны да белгілі.
Қазіргі нарықтық экономика кезеңінде өз ісінің шынайы мамандары ғана үлкен
жетістіктерге жетуде. Бұл іскерлік қасиеттердің барлығы мамандарға жоғары
оқу орнындағы білім арқылы қалыптасуы керек. Студент қажетті кәсіби
біліммен қаруланған болуы қажет және психологиялық жақтан өзінің болашақ
мамандығына дайын болуы қажет. Ал бұл тұста іскерлік ойындар көп
көмектеседі. Мысалы, студент топтарына практикада туындаған проблеманы
шешудің, белгілі бір ситуациядан шығудың ең тиімді жолдарын табу немесе
қандай да болмасын әрекетті жүзеге асыру тапсымалары берілді делік.
Мұндағы мәселе студенттердің нақты дағды немесе тәжірибеге үйреніп, оларды
практикалық әрекеттер арқылы бекітуінде. Сол себепті де студенттер берілген
уақыт ішінде өз әрекеттерін талқыға салып, жоспарлап алып, өз шешімдерін
ситуацияны көрсету, оны рөлдерге бөліп ойнау арқылы басқаларға жеткізеді.
Мысалы, студенттерге фандрайзинг тұрғысынан тапсырма берілсе, студенттер
белгілі бір фирмаға қалай барып, оның басшылығымен қалай сөйлесу
керектігін, өздерін қалай таныстыру керектігін, фирма әкімшіліктерімен
қалайша өз жобаларын қаржыландыру ісіне қызықтыра алатындықтарын көрсетіп
беруі керек. Студенттер өздерінің позициясы мен әрекеттерін, этикетті
сақтауларын, сөйлейтін сөздерін, мимикаларын, ишараттарын (жесты), үстеріне
киетін киімдеріне шейін мұқият ойластырғандары жөн. Тағы да бір мысал: топ
мүшелері өздеріне берілген тапсырмаларға сәйкес жоғары оқу орнын жаңадан
бітірген жас маманның бірінші жұмыс күнінің ең маңызды мезеттерін ойнап
шығуы керек. Мұнда олар жас маманның мекеме басшысымен немесе бөлім
бастығымен, кадр бөлімінің қызметкерлерімен қалай сөйлесетіндігін, қалайша
жұмысқа қабылдау туралы өтініш жазатындығын, ұжыммен қалай танысатындығын
көрсетіп ойнап шығуы керек. Әрбір топтың осындай әрекеттері тренинг
аудиториясында тақыланады, сұрақтар қойылады, пікір алмасады, ой бөліседі.
Бұл жерде талқылау пікірталасқа айналып кетуі де мүмкін. Сабақтың аяғында
ситуацияны көрсеткен топқа сөз беріледі, олар өз әрекеттеріне қандай
өзгертулер енгізгендігі туралы баяндайды. Тағы да бір-екі мысал:, кәсіби
қазақ тілінде экономика мамандығында оқитын студенттердің кәсіби лексикасын
дамыту үшін Нарық құрылымы. Нарықтық қатынастар. Бәсекелестік,
Өндіріс. Пицца фабрикасы, т.б. тақырыптар бойынша тренинг-сабақтар өткізу
өте тиімді.
Тренинг-сабақтың тақырыбы: Нарық құрылымы. Нарықтық қатынастар.
Бәсекелестік.
Сабаққа керекті материалдар: әр студентке бір-бір тал сағыз немесе
басқа бір заттан таратып беру; әрқайсына бір парақ қағаздан тарату; 50
теңгелік мәнеттен 20 мәнет; слайдтар арқылы көрнекіліктерді көрсету (егер
ондай мүмкіншілік болмаса, алдын-ала ақ плакат қағаз, түрлі-түсті
маркерлер, жапсыруға скоч даярлап қою керек).
Сабақтың жүргізілу барысы
1.Сөздік жазылған слайдты көрсету: рынок – нарық, структура –
құрылым,
конкуренция – бәсеке, совершенная конкуренция – кемел бәсеке, совершенная
монополия – кемел монополия, монополистическая конкуренция – монополиялық
бәсеке, покупатели – сатып алушылар, продавцы – сатушылар, конкуренция
между покупателями – сатып алушылар арасындағы бәсеке, конкуренция между
продавцами – сатушылар арасындағы бәсеке, выпуск товаров – тауар
шығарылымы, расходы – шығындар, доходы – кірістер, табыс; влияние на цену
товаров – тауарлардың бағасына әсері, добровольцы – еріктілер, дешевле –
арзанырақ, дороже – қымбатырақ, рост цен – баға өсуі.
2. Оқытушы: Бүгінгі сабақтың тақырыбына сай сөйлей алуларыңыз үшін
сіздер екі тілдік сөздіктерді пайдалана білулеріңіз керек. Өткен экономика
сабақтарынан нарықтың құрылымы туралы еске түсіріңіздер. Экономистер
нарықтың салаларын нақты төрт құрылымға бөледі: кемел бәсеке, кемел
монополия, монополиялық бәсеке, олигополия. Нарықтың бұл құрылымдарының бір-
бірінен айырмашылықтары бар: құрамындағы фирмалардың санына байланысты,
белгілі бір салаға кіруінің оңайлығына, немесе қиындығына байланысты.
Сатушылар арасындағы бәсекелесік көптеген тауарлардың ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz