Қазақ шаруалары



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   
Кенесары Қасымұлы (1802-1847) - мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы,
қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ
хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның
немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан.

1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен
Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің
туысы - Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан
туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді,
Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының
інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.

Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер
қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал
табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының
ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы
қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте
мойындатқан.

Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы
Сібір қазақтары туралы Жарғысының қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі
билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп
жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. Әуелі бұл саясатқа өз
наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдірді. Ресей билеушілерінің қазақ
елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда
өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы
мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак
шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі
ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты. Ресей империясының бұл саясатына алғашқыда
Ғұбайдолла сұлтан қарсы шықса, кейін оны Саржан сұлтан басқарды. Алайда
Ресейге қарсы күресте одақтас болған Қоқан хандығының сатқындығынан 1836
жылы олардың тікелей нұсқауымен Саржан сұлтан өлтірілді, 1840 жылы Қасым
төре қаза тапты. Осы кезде Қасым сұлтанның баһадүр батыр ұлдары, Саржан
сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шығып, қалың қазақ елі
Кенесарының соңынан ерді. Ағасы Саржан сұлтанның жасағында болып, әскери
өнерін шыңдаған Кенесары қаншама қазақ хандығының аумақтық тұтастығын
қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін
сақтауды басты мақсат тұтқанымен, ол отаршылдарға қарсы соғысты бірден
бастаған жоқ. Ол бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай
патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке,
Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдады, тиісті талаптар
қойды. Ол өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: Ақтау,
Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан
Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған
бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп,
бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің
болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің
тілегім - екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі, - деді.

Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда І Николай патшаның өзіне
осындай мазмұнда хат жазған. Ол өзінің Ресей патшасына жолдаған алғашқы
хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел
арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған
межеге қайта оралуға шақырады. ... Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің
атам Абылай патшалық құрған уақытта, - деп жазады Кенесары император І
Николай патшаға, халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім
бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да
салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің
халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар
жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі
қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп
жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз
дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған
салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз
таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге
өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде
қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де
мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын, - деп жазған. Алайда заңды талап-
тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына
қатты қауіп төнгендіктен, ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды
саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты
дайындалды. Жасағына қару-жарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс
және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп
ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде
Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама,
табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы
жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары хан
ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке,
Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді
батырларға арқа сүйеді.

1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ
халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан
хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843
жылы Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық
ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен
Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді.
Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға
созылды.

1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау
шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол
бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып
кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен
полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағына
тылдан тиісіп, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Кенесарыны
қарудың күшімен бағындыра алмасын білген патша өкіметі онымен келіссөз
жүргізіп, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханымды тұтқыннан
босатты. Кенесары өз ордасын Жетісуға көшірді. Ұлы жүзден оған Байсейіт,
Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды.

Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген
қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған
тарихи тұлға. Сол кездері отарлаушы орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа,
Қоқанды, қырғыздарды айдап салса, қырғыздар Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы
қоюға жанталасып, Хиуа Есет батырды Жанғожаға, Жанғожаны Кенесарыға қарсы
қоюға тырысты. Патша өкіметі болса, сатқын сұлтандарды Кенесары ханның
соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке
басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен
талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке,
мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста
ашуын ақылға жеңдіре де білді.

Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне бағынуын
талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қырғыздар
оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасады. Өз жақтастарының
опасыздық салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түседі.
1847 жылы Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы
Кекілік-Сеңгір аңғарында осылайша айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның
басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының
басын Батыс Сібір бас басқармасындағы Кенесары бүлігі туралы іске қосып
сақтауға бұйрық берді.

Абылай ханның ұрпағы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісінде қандай
қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы
Н.Н.Середа өз зерттеулерінде: Кенесары хан өз жасақтарының мәртебелі
әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер
қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын
дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары хан ешбір бөгет алдында
кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып,
шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар
керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының
бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-
қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен
соғып, жанын пида етуге дейін барғызады,-деп жазды.

Ал енді ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп
жазды: Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен
айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін жігіттері өзінен күші
басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер
білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді.
Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің
бәрі тән.

Ресейдің әскери тарихшысы В. Потто кезінде Кенесарыны қазақтардың
Шамилі деп те атаған.

Кенесары Қасымұлының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-
жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның Кенесары -
Наурызбай дастаны 1875 жылы сұлтан Жантөриннің тәржімасымен Орыс
географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында орыс тілінде
жарияланды.

ХХ ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов Хан Кене пьесасын, 60-жылдары
И.Есенберлин Қаһар романын жазды. 1888 жылы Ташкентте Кенесары мен
Садық деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің
естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес үкіметі тұсында
Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы-ғалым
Е.Бекмаханов саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Кенесары Қасымұлы тұлғасына
жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке
жеткеннен кейін ғана қолға алынды.

2002 жылы Кенесары ханның туғанына 200 толуына орай халықаралық
ғылыми конференция өтті. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған
және оның атымен аталатын көше бар.

Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі, қазақ
халқының соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге
келіп, 1847 жылы Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы
Кекілік – Сеңгір аңғарында шәйіт болды. XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы
Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл
сұламадан кейінгі бабаларымыздың елі мен жерінің біртұтастығын қорғап
қалудағы қатты наразылығы, қазақ мемлекеттігінің тарихындағы ұлы оқиға
болды.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (1837-1847 жылдар
аралығы) — қазақтардың патша үкіметіне қарсы барынша бұқаралық және ұзаққа
созылған көтерілістерінің бірі болды.

Көтерілістің себептері, мақсаты және қозғаушы күштері

XIX ғасырдың 20 — 30-жылдарында отаршыл өкімет билігі мен қазақ
халқының арасындағы қарым-қатынас елеулі түрде шиеленісе түсті. Біріншіден,
Кіші жүз бен Орта жүздегі хан билігінің жойылуы сұлтандардың, билердің және
батырлардың едәуір бөлігінің наразылығын туғызды. Екіншіден, патша үкіметі
қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі жерлерін әскери бекіністер салу
үшін жаппай тартып ала бастады. Үшіншіден, бұрын Ресейге ешқандай алым-
салық төлеп көрмеген қазақтарға ендігі жерде жасақ, түтін салығы, жол
салығы сияқты алым-салық түрлері көбейе түсті, қазақ өз жерін өзі жалға
алып, пайдаланатын күй кеше бастады. Төртіншіден, патша үкіметінің әскери
отрядтары қазақ ауылдарына шабуыл жасап, күн көрсетпеді. Осының бәрі
байырғы жергілікті халықты (номадтарды) қатты күйзеліске ұшыратты, олардың
күн көрісін қиындатып жіберді.

Көтерілістің басты мақсаты қазақтардың патша үкіметі тартып алған
ежелгі жерлерін өздеріне қайтарып алу, округтерді тарату, отаршылар
енгізген алым-салықтарды жою еді.

Көтерілістің қозғаушы күші қатардағы қарапайым көшпелілер, сондай-ақ
старшындар мен би, батырлар, тіпті сұлтандар да болды. Көтерісшілердің
қалың қолына үш жүздің атақты батырлары жетекшілік етті.

Көтеріліске қатысушылар негізінен қазақ халқы еді. Бірақ олардың
арасында орыстар мен башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, тіпті поляктар
және басқа халық өкілдері де болды. Олардың кейбіреулері ханның ерекше
сенімі мен құрметіне ие болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Мәселен,
Кенесарының өзінің хатшысы бұрынғы орыс солдаты болды. Наурызбай сұлтанның
атқосшысы да Николай Губин есімді орыс еді. Татар Әлім Ягудин Әскери
кеңестің мүшесі болатын. Дипломатиялық қызметке ханның атынан өзбеқ
Сейдаққожа Оспанов басшылық етті". Бұлардың бәрі де Кенесарыға жақсы
ұйымдастырылған тәртіпті әскер құруына көмектесті және көтерілісшілерге
өздерінің жеке тәжірибелерін үйретті.

Кенесары Қасымұлы - аса көрнекті мемлекет қайраткері
1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс басталды. Ол
Қазақстандағы ірі көтерілістердің бірі еді. Оған үш жүздің қазақтары түгел
қатысты. Кенесары тарих сахнасына өзінің ұлы бабасы Абылай ханның ісін
жалғастырып, алға алып барушы ретінде шықты.

Сұлтан Кенесары 1802 жылы дүниеге келген. Ол Қасым сұлтанның бел
баласы, Абылай ханның туған немересі еді. Көтерілістің болашақ басшысы
Кенесары бала кезінен-ақ ат құлағында ойнады, құралайды көзге атқан мерген
болды. Қанжығасы қанды ғажайып аңшылығымен, қара қылды қақ жарған
әділдігімен, ерік-жігері, қажымас қайратымен және жүрек жұтқан
батылдығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен тaнылды. Оның бойында
ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты мол болатын. XIX ғасырдың
орта кезіндегі орыс зерттеушілерінің бірі Л. Майер Кенесарыға көзсіз ерлік
тән еді деп жазды.

Замандастарының сипаттауына қарағанда, ол ашық жүзді, орта бойлы және
жауырыны қақпақтай төртпақ тұлғалы болған. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, өзін-
өзі аса байсалды ұстай білетін. Әңгімелескен адамының пікіріне әрқашан
мұқият назар аударатын. Қонақжай қасиеті ерекше күшті еді. Әкесімен және
ағаларымен бірге жүрген кездерінде олардан қолбасылық тәжірибесін едәуір
үйреніп алған болатын.

Көтерілістің басталуы
Көтеріліс Кенесарының патша үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған
жексұрын сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шекара
шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі
шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий
Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Ол отрядтың құрамында 6
урядник және 48 сібір қазағы болатын. Олар Петропавлдан Ташкентке бара
жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді.

Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына
жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола
приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап
етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың
солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары
тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Шығыс Сібірге жер аударылды.
Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп,
көтерілісті бастап жіберуін тездетті. Ол старшина Симоновтың әскери
жасақтарына өлтіре соққы беріп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрісін тартып
алды. 1838 жылы Кенесарының сарбаздары Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының
ауылдарына шабуыл жасады, оның 12 мыңға жуық жылқысын айдап әкетті. Ақмола
төңірегіндегі бекіністер тұрғындарының 2,5 мың малы қоса кетті. Сұлтан
Кенесарының туған қарындасы Бопай бастаған сарбаздар Көкшетау округының
ауылдарына шабуыл жасады.

Кенесары жасақтарының белсенді әскери іс-қимылы 1838 жылдың тамыз
айында басталды. Ол Ақмола бекінісіне таяу ірі елді мекенді алты күн бойы
қоршауда ұстап, өртеп жіберді. Ақмола бекінісі мықты қорғалатын. Бекіністің
төңірегіне терең ор қазылып, оған жете беріс жерлерге күшті кедергі-
тосқауылдар қойылған болатын. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы
мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838
жылдың 7 тамызында таң саз бере бастады. Оның сарбаздары бекіністі өрт
шығаратын жебелермен атқылады. Бекініс өртке оралды. Кенесарының даңқты
батырларының бірі Басықара бекіністің ішкі жағасынa баса-көктеп кіріп
барып, сұрапыл ұрыс салды. Ол осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бекініске
Ағыбай, Иман, Бұқарбай батырлардың сарбаздары басып кірді.

Орынбор губернаторы В. Перовский мен Батыс Сібір губернаторы П.
Горчаковтың арасында Кенесарыға қарсы қалай күрес жүргізу жөнінде өзара
келіспеушілік пайда болды. В. Перовский Кенесарыға қарсы күресті бейбіт
келіссөздер арқылы да жүргізу керек десе, П. Горчаков әскери күш қолданып,
көтерілісшілерді аяусыз қырып-жою жоспарынан танбады. Орынбор губернаторы
1840 жылы патша үкіметінің Кенесарыға кешірім жасауына қол жеткізді.
Кенесарының тұтқынға алынған туған-туыстарының барлығы да түрмеден
босатылды. Арада уақытша бейбіт келісім кезеңі басталды

Қазақ хандығының қалпына келтірілуі
1841 жылдың қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында
Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Сөйтіп Қазақ хандығы қалпына келтірілді.
Патша үкіметі бұл жайсыз хабарды өте өкініш сезімімен естіп-білді. Ендігі
жерде Кенесары бастаған көтеріліс ұйымдасқан сипат ала бастады. Ұлт-азаттық
күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын
мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші
орган - өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен
жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Кенесары хандықты өзінің
сенімді адамдары - жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен,
шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен
және әскери істермен айналысты. Жасауылдар сонымен қатар орталық өкімет
билігі берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс
бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылады, халықтың көңіл күйін де қадағалады.
Хан билігі қызметінің оңды нәтижелері ретінде оның қол астындағы халық
арасында алауыздық пен барымта алу жойылды.

Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты
Кенесары ең апдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Мал
өсірушілер — зекет, ал диқандар - ұшыр төлейтін болды. Патша әскерлерімен
соғысты одан әрі жалғастыру қосымша материалдық және қаржы шығындарын қажет
етті. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді: халықтан киім-
кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау қолға алынды. Салық жинауда халықтың
жағдайы жеке-жеке ескерілді. Меншігінде малы 40 бастан аспайтындар алым-
салықтан босатылды. 40-тан 100 басқа дейін малы барлар бір малдан, ал 100
бастан артық малының әрбір 40 басына бір малдан төлеп тұратын болып
белгіленді.

Диқандар өздерінің өндірген өнімінің оннан бір бөлігін төлеуге
міндетті болды. Көтеріліске деп жиналған астықты патша үкіметі жиі-жиі
тәркілеп кетіп жүрді. Тәуекел етіп, көтерілісшілерге астық апарып сатқандар
жазалаушы әскердің қаһарына ұшырады. Сондықтан да Кенесары қазақтардың
егіншілікпен айналысуын қатты қолдады. Көпестердің сауда керуендерінен
алынатын баж салығы едәуір табыс беретінін ескерген Кенесары ондай
керуендерді тонауға тыйым салды. Сауда керуендерінің толық қорғалуын
қамтамасыз етті. Керуенбасыларын жеке өзі қабылдап та отырды. Баж салығын
төлеуден жалтарғандарға қосымша салық салынды. Баж салығынан түскен қаржыға
Орта Азия базарынан қару-жарақтар мен оқ-дәрі сатып алынды.

Қарулы күштердің құрылуы
Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті
тұрақты әскер жасақтай алды. Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға
бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздардың қатарынан жұзбасылар
мен мыңбасылар тағайындалды. Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден
іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды. Орыс армиясының үлгісі
бойынша хан өз әскерлеріне ерекше айырым белгілерін енгізді.

Хан сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін
меңгеруді талап етті. Көтерілісшілерді әскери өнерге үйретумен орыстың,
татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен
тәжірибелі солдаттары айналысты. Хан армияда қатаң тәртіп орната білді.
Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар
өлім жазасына кесілді. Әскери тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланды, қару-
жарақ арнайы қоймаларда сақталды.

Кенесары барлаушылардың қызметін де шебер пайдаланды. Олар көтеріліс
басшысына патша әскерлерінің қашан және қайда бет алатынын алдын ала
хабарлап отырды. Кенесары әскерінің тыл қызметі де жолға қойылды. Ол
көтерілісшілерді азық-түлікпен, жемшөппен қамтамасыз етті.

Патша үкіметінің жазалау әрекеттері
Отаршылдыққа қарсы күреске қазақтардың үш жүзінің бәрі бірдей белсене
қатысуы патша үкіметінің зәресін үшырды. Сондықтан да ол көтерілісшілерге
қарсы неғұрлым белсенді әрекеттер ұйымдастыруға көшті. 1842 жылы Орынбор
губернаторы Перовскийді Обручев алмастырды. Мұның өзі Кенесарының ендігі
жерде Орынбор генерал-губернаторымен қарым-қатынасының нашарлауына алып
барып соқтырды. Екі арадағы бейбіт келісім бұзылды. 1842 жылы Сотниковтың
отряды Кенесарының ауылына қарақшылық шабуыл жасады. Жазалаушы отряд қыруар
көп малды айдап әкетті, он адамды тұтқынға алды. Тұтқынға алынғандардың
қатарында Кенесарының әйелі Күнімжан да болды. Кейінірек қазақтар ханның
басқа ауылдарына да шабуыл жасай бастады.

Ресей императоры Кенесары бастаған көтерілісті басу мәселесін ұдайы
ерекше бақылауда ұстады. 1843 жылы ол қазақ ханына қарсы жорық ұйымдастыру
жөнінде жарлық ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанның экономиялық дамуы
Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформа
Қазақ қайғысы қолжазба хаты
Қазақстан этностарының тарихы мен тағдыры
1867-1868 жж патша үкіметінің реформаларына көзқарасы
Абай дәуірі
Бірінші орыс революциясы және ұлттық-демократиялық қозғалыстың өрістеуі туралы ақпарат
Қазақ ауылының жағдайы
Ұлы және Орта жүздің Ресейге бағынуы
Қазақ ауылының шаруашылық жағдайы
Пәндер