Дүниенің болмысы және оның мәні


Болмыс - тарихи қалыптасқан кең мағыналы, терең ауқымды философиялық ұғым. Әр заманда өмір сүрген ойшылдар бұл ұғымды көбінесе жүйелі философиялық толғаныстардың бастапқы негізі деп қараған. Осы уақытқа дейін де болмыс туралы бұл көзқарас өз мәнін сақтап келеді. Сондықтан да болмыс туралы философиялық мәселені түсіну үшін ең алдымен оның адамзаттың шынайы өмірінде қандай түбегейлі орын алатынын ұғыну қажет.
Адамдар ерте заманнан бастап-ақ табиғат пен қоғамда әрқашанда өзгерістер, жетілу мен толысу болатынына қарамастан, дүние біршама тұрақты тұтастық ретінде сақталатынын байқаған болатын. Сонымен бірге қоршаған табиғи және әлеуметтік дүние адамдардың алдына қиын сұрақтар ұсынады, ең алдымен нақты өмірдің айқындалмаған, дағдыға айналмаған жақтарын ойлануды, толғануды мәжбүр етеді. Шекспирдің Гамлеті сияқты, адамдар «Заманалар байланысы ыдырағанда . . . » және бұрын берік те шүбәсіз болып көрінетін өз болмысының негіздерін күдік шалғанда болмыс пен болмыссыздық, туралы мәселелерді жиі ойлануға мәжбүр болады. Міне осындай өмір тудырған күдіктенушіліктер мен толғаныстар адам санасында болмыс ұғымының пайда болуына алып келді.
Мәселен, бүгінде бүкіл адамзат алдында «болу немесе болмау» деген мәселе тұр. «Заманалар байланысы» адамзат үшін жалпы және тура мағынасында алғанда ыдырау қаупін туғызуда. Яғни ядролық апат жер шарындағы (миллиондаған жылдармен есептелетін) адамзаттың табиғи өмір сүруін күштеумен, есуастықпен және қайта қалпына келмейтіндей жойып жіберуі мүмкін.
Болмыс туралы ойлау дүниенің өмір сүруін бір жақты немесе қалай болса солай түсіндірумен шектелмейді. Дүние бар, ол барлық жерде өмір сүреді дейміз. Тіпті, нағыз ең соңғы көкжиектің арғы жағында дүние жоқ деу қиын.
Алайда, дүниеде өмір сүріп отыр деген түсінікпен шектелу болмыс мәселесіне толық жауап бермейді. Себебі, бұған қоса дүниенің өткені мен болашағы туралы сұрақтар да туындайды. Ондай сұрақтарға жауап беру барысында бірқатар философтар бұл шексіз дүние өткінші емес, әрқашан болған, бар және бола береді деп тұжырымдады. Енді біреулері дүние болды, бар және болады, бірақ кеңістікте ғана емес, сондай-ақ уақытта да бастамасы мен ақыры бар деп көрсеткілері келді. Яғни, дүниенің өмір сүруі туралы ой одан әрі философияда дүниенің өмір сүруінің әлдебір өткіншілігі, сондай-ақ оның тұрақтылығы туралы тезиспен жалғасты. Осыдан келіп дүниенің тұрақтылығы мен жеке заттар және әр адам өмірінің өткіншілігі арасындағы қатынас қандай деген тағы сұрақ туды. Сөйтіп болмысқа қатысты мәселелер мен идеялардың біртұтас желісі де тартылды. Атап айтқанда, тығыз өзара тікелей байланысты аспектілерге (шағын мәселелерге) бөлшектенген болмыс мәселесі келіп шықты.
Осыган байланысты біз өмірімізді - өткінші тіршілігімізді - табиғаттың түпкілікті тіршілігімен, бізге дейінгі және бізден кейін болатын адамдар өмірімен және олардың іс-әрекеттерімен салғастырып қарауға тиіспіз. Мұның өзі өзіміздің болмысымызбен жалпы дүние болмысына, демек, өткіншілік пен түпкіліктілікке ой жіберуге мүмкіндік береді.
Сонымен, болмыс мәселесінің бірінші қыры мен сыры мынадай сұрақтар мен жауаптар тізбегіне келіп тіреледі. Не өмір сүреді? Дүние. Ңайда өмір сүреді? Осында және барлық жерде. Ол қалай ұзақ өмір сүреді? Қазір де және әрқашан дүние болған, бар және бола береді, ол түпкілікті. Жеке заттар, организмдер, адамдар, олардың тіршілік қызметі қалай ұзақ өмір сүреді? Олар шектеулі, өткінші. Мәселенің түбірі, мәні, шиеленісі - тұтастық ретіндегі табиғат болмысының түпкіліктілігінің және табиғаттан, адамдар тіршіліктерінен құралатын заттар болмысы өткіншілігінің қайшылықты бірлігінде. Дүние болмысы мен жеке заттардан құралатын нәрселердің болмысының арасында айырмашылық бар. Сөйте тұра, дүниенің өмір сүруінде ажырамас бірлік, әмбебап тұтастың тұнып түр.
Дүние адамның санасынан тыс және оның еркіне тәуелсіз түпкілікті бірлік ретінде өмір сүреді. Әрине, бұл бірлік әлбетте көптүрліліктен көрініп отырады. Ал әр адам өзінің күнделікті өмірі мен практикалық қызметінде табиғатпен, басқа адамдармен, қоғаммен бірлігін іздестіруге үнемі жол іздейді. Күнделікті өмірде біздердің әрқайсымыз мұны өз тәжірибемізден білеміз.
Болмыс мәселесін философиялық тұрғыдан ойлау - дүниенің бірлігі неде деген мәселемен шектелмейді. Оның қажетті алғы шарттары неде деген сұраққа жауап беруді іздестіреді. Өйткені, бұны шешпей дүниежүзілік бірлікті ашып беру, әрине, мүмкін емес. Неміс философы Дюрингті сынай отырып, Энгельс дүниенің болмысы, яғни әр түрлі заттардың өмір сүруі бірліктің қасиетті алғы шарты бола тұрса да, «дүниенің шын мәніндегі бірлігі оның материалдығында, мұның өзі бір-екі ауыз сиқырлы сөзбен емес, философия мен жаратылыстану ғылымының ұзақ та әрі қиын дамуы арқылы дәлелденеді» - деп әдейі атап көрсетті.
Сөйтіп, болмыстың философиялық мәселесінің екінші қыры: табиғат, қоғам, адам, ойлар, идеялар - бәрі де, тұтас алғанда, тең өмір сүреді. Ал өмір сүрулерінің формалары жағынан алуан түрлі. Бар болып отырғанның бәрінің өмір сүруі және олардың бола беретіндігі дүние бірлігінің алғы-шарты болып есептеледі.
Дүниенің тұтастығын оның айырмашылық пен бірлікте болатындығы тұрғысынан алып қарайтын болсақ, ол әрбір адамның санасы мен іс-әрекеті үшін, әрбір ұрпақ үшін нақты шындық болып табылады; мұнда ескеретін жай сананың өзі - ерекше болмыс, кең мағынадан алғанда - ол да өмірдің шынайы, нақтылы процесі.
Әрбір жекелеген адамның өмір қызметі - басқа адамдар үшін және оның өзі үшін де іс жүзіндегі нақтылы шындық. Біздердің әрқайсымыз өз денемізге және рухымызға (генетикалық тектерімізге, бейімділіктерімізге, әдеттерімізге, дағдыларымызға, ынталарымызға, ыждағаттарымызға, үміттерімізге, мұраттарымызга, ойларымызға), өзіміздің өткенімізге, бүгінгімізге және келешегімізге, басқа адамдармен және қоғаммен өзара байланыстарымызға ерекше болмыс ретінде қарауға мәжбүр екендігімізге келіспеуге болмайды Басқа адамдар да біз үшін аса маңызды тіршілікте бар шынайы құбылыс болып табылады. / Адамдардың санасы, ақыл ойы, көңіл күйі, ішкі сезімі - бәрі де болмыс. Материалдық заттар, материалдық дүние (материя) ғана емес, ойлау да «шындық», демек, өмір сүреді, - деп көрсетті В. И. Ленин.
Қысқасы, болмыс мәселесінің үшінші қыры дүниеде өмір сүретіннің бәрі - іс жүзінде бар нақты шындық, бұл шындықтың өмір сүруінің, дамуының іштей логикасы бар, ол адам санасынан нақты түрде бейнесін таба алады дегенге саяды.
Болмыс мәселесін талдауда философия адамның практикалық, танымдық, рухани-адамгершілік қызметіне сүйенеді. Бұл мәселе болмыссыздың, өмір сүру, кеңістік, уақыт, материя, орнығу, сапа, сан, өлшем сияқты категориялармен салғастырыла ойластырылады.
Себебі, философия заттың (немесе адамның, немесе идеяның, немесе тұтасынан дүниенің) жай өмір сүруін белгілеп қоймайды, қайта жалпылық сипаттағы күрделі байланысты: заттарды (адамдар, жай-күйлер, идеялар, тұтасынан дүние) олардың барлық қасиеттерімен, ерекшеліктерімен қоса алған дағы өмір сүруін және сөйтіп дүниеде өмір сүретіннің бәрімен бірлесуін айқындайды. «Болмыс» категориясы, философияның басқа категориялары сияқты дүние мен оның нақты көріністерінің өзара байланыстарын, бірлігін талдап, қарастыруға мүмкіндік береді. Болмыстың философиялық категориясы арқасында біз ойымызды абстракция жасаудың жоғары деңгейіне аударамыз. Біз ең алдымен - жалпыдан, табиғат пен адам, адам мен оның рухы, жеке кісі мен қоғам арасындағы айырмашылықтардан оқшауланамыз. Біз олардың бәрінің арасындағы жалпылықты, демек, бәріне тән, бәрін біріктіретін неғұрлым ортақ дүниежүзілік байланысты іздейміз.
БОЛМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ ТҮРЛЕРІ МЕН ДИАЛЕКТИКАСЫ
Тұтас дүние заттардың, процестердің, түрліше жай-күйлердің, организмдердің, жүйелердің, адамдардың нақтылығын, өзара байланысын, өмір сүруін қамтиды. Яғни аталған құбылыстардың әрқайсысының өз алдына дара мәні бар дейтін болсақ, онда тұтас дүниені мәндердің мәндісі деп қарауға болады.
Осыған байланысты болмыстың бір-бірінен айырмашылықтары бар, бірақ өзара байланысты мынадай негізгі түрлерін ажыратуға болады:
1) заттар (денелер), процестер болмысы, ол өз кезегінде табиғи заттар мен процестер және адамдар жасаған заттар мен процестер болмысына бөлінеді; 2) адам болмысы, ол заттар дүниесіндегі адам болмысына және адамның өзіндік болмысына жіктеледі;
3) рухани болмыс;
4) әлеуметтік болмыс, қоғамдағы және тарих процесіндегі жекелеген адам болмысына және қоғам болмысына бөлінеді.
Тарихи тұрғыдан келгенде адам қызметінің, өмір тіршілігінің негізі - табиғат заттары мен табиғи процестер. Олар адамзатқа дейін пайда болған, адамдардың санасынан тысқары және тәуелсіз өмір сүреді. Кейін адам Жер табиғатына қуатты да кең әрекет етуші болып алды. Бұрын табиғатта өмір сүрмеген, адамдар өндірген заттардың, процестердің, жай-күйлердің тұтас дүниесі пайда болды. К. Маркс мұны «екінші табиғат» деп атаған.
Алдымен бірінші табиғат болмысының ерекшеліктерін қарастырайық. Табиғат адам атаулы пайда болғанға дейін өмір сүрді және адам мен оның садасы пайда болғаннан кейін де ол өз болмысының тәуелсіздігін сақтайды. Бірақ та табиғат болмысының өмір сүретіндігі мен түрі туралы қорытындыларды адамдар көптеген фактілер, соның ішінде ғылыми
дәлелдемелер, тәжірибелік және теориялық мәліметтер негізінде жасады.
Табиғат тұтасынан алғанда кеңістік пен уақытта шексіз -ол әрқашан және қайда болса да болған, бар және бола береді. Бұл табиғаттың жекелеген нақты заттарына, процестеріне, жай-күйлеріне тән емес бірегей ерекшелік: өйткені, олар бір жерде өмір сүреді (ал енді бір жерде өмір сүрмейді), олар бір кезде пайда болады, тағы бірде олар жоқ. Демек, олардың болмыссыздығы болмысымен ауысып отырады, даму, өзгеру, қалыптасу процесіне еніп отырады. Олардың болмысы -сақталатын да, жоғалатын да болмыс. Гераклит сияқты ойшылдар өткінші заттар болмысының диалектикасын айқын ашып берген. Гегель, қалыптасу процесі туралы айтып, оны жоғалатын болмыс немесе болмыс жоғалуы деген сөзбен дәл белгілеген. Өткінші заттың болмысы оның болмыссыздығына орын босатады. Бірақ ол тұтасынан алғандағы табиғат болмысының тоқталуын білдірмейді. Сөйтіп, табиғат болмысының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл ерекшелік тұтастық ретіндегі табиғат дүниесінің түпкілікті болмысындағы жекелеген мәндердің өткінші және түпкілікті болмысының диалектикасын танытады.
Мәселен, нақты зат қиратылды, адам өлді, бірақ олар дүние болмысының тұтастығынан жоғалып кеткен жоқ, олар болмыстың басқаша материалдың жай-күйлері болып қала береді.
Бірінші табиғат - адамға дейінгі, адамның санасынан тыс және тәуелсіз өз болмысы арқасында - ерекше тұрпатты шындық болып табылады. Бұл материализм үшін өте маңызды. Адам мен оның рухы, Жер табиғаты адамсыз миллиардтаған жылдар өмір сүргеннен кейін, түпкілікті табиғат арқасында туындайды. Адам атаулы пайда болғаннан кейін, оның табиғатқа күллі ықпалына қарамастан, табиғаттың зор, шындығында өлшеусіз бөлігі бұрынғысынша (демек, тұрақты болмыста) мүлдем өздігінен, адамнан және адамзаттың толықтай тәуелсіз болуымен келеді. «Жалпы алғанда материализм, - деп атап көрсетті В. И. Ленин, - адамзат санасына, түйсігіне, тәжірибесіне, т. т. тәуелсіз объективті түрде реалды болмысты (материяны) мойындайды». Толассыз да шексіз табиғат тасқынында адам, санасымен қоса алғанда, - біртұтас болмыстың ұшы-қиырсыз желісіндегі ең кеш келген буындардың бірі ғана. Табиғат үшін өмір сүру, «болу»-адам санасымен (немесе қандайда бір басқа ақыл иесі жанмен) қабылданылатын құбылыс болу дегенді әсте де білдірмейді. Әлем дүниесінің шексіз зор кеңістіктері адам пайда болғанға дейін, ешкіммен де және ешқашан да қабылданылған емес. Адам қабылдауымен ғана емес, тіпті елестеуімен де және ойымен де күллі толассыздың пен шексіздіктегі табиғат тасқынын қамти алмайды.
Табиғат объективтік шындық, ол алғашқы. Сондай-ақ табиғатсыз адамның өмірі мен қызметі мүмкін емес. Онсыз адам жасап шығарған заттар мен процестер де пайда бола алмас еді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz