Әдебиет - тарихтың айнасы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 17 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 82. 091:94(574) Қолжазба құқығында

ЖАЛМЫРЗА АЙДЫН АСИЛБЕКҚЫЗЫ

Отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиеті: қалыптасуы, даму ерекшеліктері және көркемдік сипаты

10. 01. 02 - қазақ әдебиеті

10. 01. 07 - салыстырмалы әдебиеттану

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Астана, 2010

Жұмыс Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,

профессор Д. Қамзабекұлы

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор С. Н. Сүтжанов

филология ғылымдарының

кандидаты О. Е. Жолдыбай

Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университеті

Диссертация 2010 жылы 1 қыркүйек сағат 16. 00-де Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы 10. 01. 02 - қазақ әдебиеті және 10. 01. 07 - салыстырмалы әдебиеттану мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д. 14. 31. 03 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.

Мекен жайы: 010008, Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 5.

Диссертациямен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы «7» шілдеде таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор М. Б. Шындалиева

КІРІСПЕ

Отаршылдық - кез келген отарланған ұлттың қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуын тежейтін құбылыс. Адамзат тарихында отаршылдықты өткермеген ел жоқтың қасы. ХVI ғасырдан ХІХ ғасырдың соңына дейін осман түрігінен басқа түрік халқының түгелі дерлік Ресейдің отарына айналды. Патшалық Ресей бағындырған елдерін толық игеру үшін отарлау саясатының неше түрлі әдіс-тәсілдерін пайдаланды. Тарихтағы отарлау үдерісі дәлелдегендей, отарлаушы мәдениет отарланушы мәдениетті «дамымаған» деп бағалап, өз мөлшерімен қарайды. Мұны кезінде түсіне білген бодандағы ел зиялылары Ресей озбырлығына жеке ұлттық емес, жалпы түріктік мәдениетті қарсы қою қажеттілігін көре білді. Елдікті сақтау үшін жұмылған ұлттың қорғаныс әрекеті отаршылдыққа қарсы әдебиеттің тұғырын қалады. Бұл әдебиет «тұтас Түркістан» идеясын ту етіп көтеріп, азаттық аңсарын негізгі ұстаным етті. Әдебиет - ұлттың рухани байлығы, ұлттық идеологияның маңызды саласы екендігі әуелден белгілі. Сондықтан да Түркістан әдебиеті өкілдері саяси отаршылдықтың рухани отаршылдыққа ұласпауы үшін күресті. Олар саясат солақайлығы тудырған өмiрдегi қиындықтарды түрлi формада әдеби шығармаларға түсiруге тырысты. Түркістан әдебиетіндегі ұқсас тұжырымдардың тууы, қаламгерлер ойының бір жерден шығуы да Тәуелсіздік тілегі болатын.

Түрік халықтарын біріктіретін негізгі фактордың бірі олардың ортақ тілі еді. Сондықтан жат жұрттықтар түрік халқын бір-біріне қатыстырмау мақсатында жасалған «бөлек жазу, бөтен тіл» саясатын өте сақтықпен жүзеге асырды. Ал түркістандықтар рухани байланыстың бауы - ортақ тұлғалар мен тіл мәртебесін нығайтып, өзара жақындата түсу жолында аянбады. Түрік зиялылары арасында өрбіген ортақ тіл төңірегіндегі пікірталас әдеби диалогқа ұласып, әдеби тілдің көптеген мәселелерінің шешілуіне әсер етті және ұлттық қорғанысты күшейте түсті.

Түрік мұсылмандарының мәдени-саяси және әдеби бірлігі жәдитшілдік, түрікшілдік ағымдары төңірегінде топтасты. Жәдитшілдер мен түрікшілдердің ұлт-азаттық күресін және азатшылдықпен қалыптасқан әдеби үрдісін мұғажыр кезеңінің қаламгерлері жалғастырды.

Тақырыптың өзектілігі. Түркістан - ұлттың сөнбес жадында сақталып келе жатқан рухани тірек. «Түркістан» өз мағынасында байырғы аймақ атауы ретінде әлі қайта қолданысқа түсе қоймағандай, «Түркістан әдебиеті» де Қазақстан, сондай-ақ басқа да елдерде бір мәдени-рухани кеңістік әдебиеті мағынасында түсінілмейді. Бұл ұғымды әлі күнге дейін өз мағынасында танымауымыз танымымызға сын болып келуде. Отаршылдық саясаттың салдарынан «түркі» болып аталынып келе жатқан халықты өзінің байырғы есімімен атау руханиятымыздың күттірмейтін мәселесі деп білеміз.

Бізде ХХ ғасырдың басындағы әдебиет жүйелі зерттелген кезең. Алайда бұл кезеңде ғылыми шешімін күтіп отырған көптеген мәселелер бар. Мәселен, алаштанушы-ғалым Кеңес Нұрпейісұлының Түркістан мен Еділ бойының түрік тілдес, мұсылман діндес халықтарының саяси партиялар және қоғамдық қозғалыстармен байланысы зиялы қауымның бірлесіп бажайлайтын ауқымды тақырып екенін жазғанындай, Түркістан әдебиетін тұтас зерттеу өте өзекті болып табылады [1, 21 б] .

Түркістан әдебиеті кезең-кезеңімен жан-жақты зерттеліп, бағамдалса, талай жұмбағы шешілмей, қаншама құпиясы ашылмай келе жатқан Түрік дүниесі әлемінің рухани келбеті мен мәдени мұралары өз деңгейінде танылып, түрік халықтарының қараңғыда қалып қойған тұтастығы мен бірлігі қайта жарыққа шығып, олар арасындағы байланыс та нығая түспек.

Зерттеу нысаны отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиетінің қалыптасуы мен дамуында айрықша мән иеленген көркем шығармалар, қарастырылып отырған мәселеленің сипаты мен ауқымына қарай іріктелінген ақын-жазушылардың жекелеген туындылары, олардың отаршылдық дәуір хақындағы көзқарастары, ұлт мүддесімен өзектес ой-пікірлері болды. А. Байтұрсынұлы, А. Авлони, М. Дулатұлы, А. Фитрат, М. Жұмабай, А. Сүләймани, тағы басқа Түркістанның азатшыл әдебиеті өкілдерінің шығармалары зерттеудің негізгі материалдарын құрайды. Сондай-ақ типологиялық салыстырулар жүргізу мақсатында осман түріктерінің, ресейлік түрік азатшыл ақындарының мұралары түпнұсқа мәтін күйінде пайдаланылды.

Диссертант ғылыми жұмыстың жоспарларын жүзеге асыру барысында Өзбекстан Республикасы мен Түркияда сапарда болды. Ондағы зерттеу тақырыбына қатысты мұрағат деректеріне, монографияларға және ғылыми мақалаларға қол жеткізілді.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті - әдебиет тарихында жан-жақты зерттелген кезең. Аталған кезең мәселелері алғаш Ғ. Тоғжанұлы, С. Мұқанұлы, М. Әуезұлы, Ә. Қоңыратбайұлы сынды тұлғалардың жазбаларында көрінсе, кейін бұл кезеңді түрлі қырынан зерттеушілер қатары Б. Кенжебаев, Ы. Дүйсенбаев, Қ. Жұмалиев, М. Қаратаев, С. Қирабаев, З. Ахметов, Б. Шалабаев, А. Нұрқатов, Т. Кәкішев, Р. Бердібай, М. Базарбаев, З. Қабдолов, Ә. Дербісалин, Ш. Сәтпаева, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали, Ж. Ысмағұлов, Ү. Субханбердина, Б. Майтанов, З. Бейсенғалиев, Д. Ысқақұлы, Т. Жұртбай, Қ. Ергөбек, А. Ісімақова, Д. Қамзабекұлы т. б. ғалымдар есімімен жалғасты.

Түркістан әдебиеті нақты осы жалпылама атауымен болмаса да, түрік халықтарының әдеби байланысы ретінде ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бері сөз бола бастады. Бұл тақырыпқа М. Әуезұлы, С. Мұқанұлы, Қ. Жұмалиев, М. Қаратаев, З. Ахметов, М. Базарбаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Ә. Дербісалин, Р. Нұрғали, С. Сейітов сынды ғалымдар қалам тартты. Түрік халықтарының әдеби байланыстары тақырыбы төңірегінде, мәселен қазақ-татар, қазақ-өзбек, қазақ-қырғыз, қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары деген сияқты жекелеген халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастар арнайы зерттеу нысаны ретінде Б. Ысқақов, А. Мусинов, Т. Сұлтанов, С. Тойшыбаевалар еңбектеріне арқау болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл тақырыптың өзектілігі арта түсті. Түрік елдерінде туысқан халықтардың әдеби мұраларын қайта бағамдап, тереңнен зерттеуді мақсат еткен түрлі ғылыми-теориялық конференциялар, құрылтайлар, симпозиумдар ұйымдастырылып, мұндай игі іс-шаралар әдебиет ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Түркістан әдебиеті және оның типологиялық ұқсастығы жайлы Р. Бердібайдың «Байқалдан Балқанға дейін», «Түбі бір түрік», Ә. Қанафиннің «Түркі халықтарының әдебиеті», М. Мырзахметұлының «Түркістанда туған ойлар», У. Қалижанның «ХІХ-ХХ ғасыр басындағы діни-ағартушылық ағым», Б. Әбдіғазиұлының «Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері», Б. Дәрімбеттің «50 мақала», Д. Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет», С. Сүтжанның «Қазақ-түркі әдеби байланыстары», Д. Қыдыралиевтің «Мұстафа Шоқай» т. б. ғалымдардың еңбектерінде және ұжымдық зерттеулерде арнайы сөз болды.

Отаршылдық тарихы Т. Шонанұлы, Е. Бекмаханов, С. Мәшімбаев, М. Мырзахметұлы, К. Нұрпейісұлы, М. Қойгелдиев, Ө. Өмірзақов т. б. ғалымдар тарапынан кең көлемде зерттелді.

Бүгінгі күнде Түркістан әдебиетін тұтас зерттеген арнайы ғылыми еңбектің жазылуына түріктік ортақ руханиятымыз сұранып тұр.

Зерттеудің хронологиялық мерзімі ХХ ғасырдың басындағы Ресей патшалығы мен оның кеңестік кезең тұсындағы отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиетін қамтиды. Аталған кезең әдебиеті идеясының жалғастығы мен күрескерліктің мұғажырлық (эмиграциялық) сипат алуы біз қарастыратын уақыт шеңберін ұзартады.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысының басты мақсаты - отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиетінің қалыптасу, даму ерекшеліктерін және көркемдік сипатын анықтап, оның бір мәдени-рухани кеңістік әдебиеті екенін дәлелдеу. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылды:

  • Отаршылдыққа қарсы Түркістанның азатшыл әдебиетінің қалыптасуы мен оның алғышарттарын байыптау;
  • Отаршылдық жағдайындағы әдебиеттің даму ерекшеліктерін айқындау;
  • Тіл және ортақ тіл мәселесінің әдебиетке әсерін анықтау;
  • Ағым ретінде көрінген жәдитшілдік құбылысын бағамдау;
  • Түрікшілдік ағымын зерделеу;
  • Әдебиеттегі азатшыл күрескерліктің мұғажырлық кезеңінде жалғасқанын көрсету.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысында отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиетінің қалыптасуы, даму ерекшеліктері және көркемдік сипаты анықталып, оның бір мәдени-рухани кеңістік әдебиеті екені дәлелденді. Диссертацияның нақты ғылыми жаңалықтары ретінде төмендегідей қолжеткізілген нәтижелерді атауға болады:

  • Отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиеті бір мәдени-рухани кеңістік әдебиеті ретінде нақты деректерге сүйене алғаш рет байыпталды және Түркістан әдебиеті мен оның өкілдеріне ғылыми анықтама берілді;
  • Түркістан әдебиетінің даму ерекшеліктері айқындалды;
  • Әдеби біріктіруші алғышарт ретінде тіл және ортақ тіл мәселесінің әдебиетке тигізген әсері анықталды;
  • Жәдитшілдік ағымы туралы ізденістер басшылыққа алынып, оның азатшыл әдебиеттегі орны бағамдалды;
  • Түрік идеалын ұлықтау арқылы туған түрікшілдік ағымы зерделенді және әдебиеттегі түрікшілдіктің - түрік халықтарын азаттыққа бағыттаған саяси ағымның көркемдік бейнесі болғаны дәлелденді;
  • Мұғажырлық кезең түркиялық тың деректер негізінде әдебиет саласында алғаш рет қарастырылды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.

  • Тағдырлас туысқан халықтардың Ресей отаршылдығына біріге қарсылық көрсетуі Түркістанның отаршылдыққа қарсы әдебиетін қалыптастырды. Әрбір әдеби туынды тарихи-әлеуметтік жағдайға сай туып, сол кездің шындығымен танылады. Сондықтан отарланған ұлт әдебиетінде азатшыл аңсар алдыңғы шепке шықты. Түркістан әдебиеті деп Қазақстан, Өзбекстан (ішіндегі Қарақалпақ автономиясымен қоса), Қырғызстан, Түрікменстан, түрік-шағатайды жатсынбаған Тәжікстан республикаларының және Шығыс Түркістанның ежелден қалыптасқан ауыз әдебиеті мен қазіргі әдебиетіне дейінгі ұзын тарихы мен танымал тұлғалары бар ауқымды да күрделі, бай әрі кемелденген әдебиетін айтамыз. Түркістан әдебиетінің өкілдері деп шамамен VІ ғасырдан бүгінге дейінгі Хазар теңізі, Ресей, Қытай мен Ауғанстан аралығында өмір сүрген шығармашыл тұлғаларды атаймыз;
  • Түркістан әдебиеті отарлаушы Ресейдің патшалық кезеңінде және кеңестік тұсындағы әдеби-тарихи үдеріске сай дамыды. Большевиктік билік тұсындағы Түркістан әдебиеті негізінен екі бағытта дамыды: бастапқы бағыттағылар, кеңестік шындыққа иланғандар. Бастапқы бағытынан танбаған өкілдердің ізінше жас азатшыл қаламгерлер легі келіп қосылды;
  • Түркістан әдебиетінде біріктіруші тіл және ортақ тіл таласы әдеби диалогқа ұласып, түрік әдебиетінде түрік тілдерінде тең жазатын қаламгерлердің қатары артты және түрік тілдерін аралас қолдану құбылысының аясы кеңейе түсті;
  • Жәдитшілдік ағымы қалыптастырған білім беру жүйесі мен баспа ісі, театр өнері әдебиет пен мәдениеттің әлемдік дамуға ілесуіне өлшеусіз қызмет етті;
  • Әдебиеттегі түрікшілдік - түрік халықтарын азаттыққа бағыттаған саяси ағымның көркемдік бейнесі. Бұл ағым түркістандықтардың бір-біріне деген туыстық ықыластарын білдіру мен бауырмалдық іштарту және түрік идеалын ұлықтау формасында дамыды;
  • Түркістанның азатшыл әдебиетіндегі отаршылдыққа қарсы күресі оның мұғажырлық кезеңінде жаңаша бағытта дамып, әдеби үдерісті жалғастырды.

Зерттеу жұмысының ғылыми әдістемелік негізі. Ғылыми жұмысқа арқау болған мәселелерді зерттеу барысында әдебиеттану ғылымындағы теориялық, әдіснамалық тұжырымдар мен көзқарастар, ғылыми ұстанымдар негізге алынды. Диссертацияда А. Байтұрсынұлы, Б. Кенжебаев, С. Қирабаев, Р. Бердібай, Р. Нұрғали, Ш. Елеукенов, М. Мырзахметұлы, Т. Жұртбай, Ө. Әбдиманұлы, Б. Дәрімбет, Д. Қамзабекұлы, Ж. Смағұлов, С. Сүтжанов т. б. отандық ғалымдар еңбектері мен ұжымдық зерттеулері, сондай-ақ зерттеу нысанамызға қатысты Р. Байсун, Т. Шағатай, А. Бадемжи, Б. Хайыт, Т. Қожаұлы, М. Өнер, Б. Қосимов, О. Шарафиддинов, А. Алиев, Ш. Ризаев, Н. Каримов, Ш. Турдиев, Х. Болтабоев т. б. шетелдік ғалымдардың тұжырымдары мен пайымдаулары басшылыққа алынды.

Зерттеудің ғылыми-теориялық және практикалық мәні. Диссертациялық жұмыста ұсынылған тұжырымдамаларды жоғары оқу орындарының филология факультетінде оқытылатын ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихы, түрік халықтары әдебиеті және салыстырмалы әдебиеттану пәндері бойынша, сондай-ақ осы бағыттағы зерттеулерде, семинарлар мен практикалық курстарда қосымша материал ретінде пайдалануға болады.

Зерттеу әдістері. Диссертацияда шығармашылық тарихты зерттеуге басымдылық бере отырып, тарихи-салыстырмалы, функционалдық және типологиялық зерттеу әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының сарапталуы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының мәселелері мен тұжырымдары халықаралық, республикалық, ғылыми-теориялық, және ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама тұрғысында тыңдалып, ғылыми жинақтарда жарияланды. Диссертация нәтижелері ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен ғылыми басылымдар мен өзге де басылымдарда, ғылыми жинақтарда тоғыз, оның ішінде бір мақала шетелдік басылымдарда жарияланды. Сондай-ақ зерттеу нысанымызға қатысты дереккөздердің бірі ретінде Мүнаууар Қари «Естеліктері» өзбек тілінен қазақ тіліне аударылды. Бұл аударма профессор М. Қойгелдиевтің жетекшілігімен шыққан «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» атты көп томдық жинақтың 8-томына енді.

Ғылыми жұмыс Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы ұсынылған тұжырымдары, зерттеу нысаны мен дерек көздері, зерттеу әдістері, жұмыстың теориялық, әдістемелік, тәжірибелік маңыздылығы, сарапталуы мен құрылымы жөніндегі мәліметтер берілген.

«Отаршылдыққа қарсы Ресейлік Түркістан әдебиеті» атты бірінші бөлім төрт татаушадан тұрады. «Патшалық Ресейдің Түркістанды отарлауы және отаршылдыққа қарсы әдебиеттің қалыптасуы» атты бірінші тараушада Түркістанның отарлануы және оның патшалық Ресей отаршылдығына қарсы әдебиетінің қалыптасуы жайлы сөз болады.

Әдебиет - тарихтың айнасы. «Тарихты қазбалау - әдебиеттану үшін біржақтылық емес, қайта проблеманың мәнісіне бару» [2, 47 б], - деп филология ғылымдарының докторы, профессор Д. Қамзабекұлы жазғандай, отарлау тарихына тереңдемей отаршылдыққа қарсы әдебиетті жан-жақты қарастырып, ғылыми тұрғыдан зерттеуіміз де мүмкін емес. Кез келген ұлттың ой-санасы, эстетикалық талғам-түйсігі тарихи шындықпен тікелей байланыста болады. Тарихқа жүгінбей әдеби үдеріс те анықталмайды.

ХХ ғасыр басында қазір «Еуразия өңірі» деп жүрген алып аймақтың түріктері түгел дерлік Ресей мен Қытайдың отарына айналды. Еуропамен ұласып жатқан Анадолы түріктерінің хәлі де мүшкіл-тін. Түріктің атағын асқақтатқан тарихи Ергенеқон көші Еуразия құрлығына бостандық арманы құбылысымен сипатталды. Міне, осындай ежелден өз тізгіні өзінде болып, әлемнің төрттен бір бөлігін жайлаған түрік нәсілінің орталығы Түркістан да жат жұрттың көз сұғына ілікті. Патшалық Ресей түрік елдерін 1552 - 1895 жылдар аралығында жаулап алды. Қазанды бағындырудан басталған орыс шапқыншылығы 1716 жылы түрік әлемінің орталығы Түркістанға еніп, 1755-1765 жылдары шалғайдағы Шығыс Түркістанға да құрық салды. Осылай жердің ең үлкен құрлығының төсіне ту тігіп, түтіні түзу түтеген түріктердің тұнығын бұзды. Түріктер орыс отаршылдығымен үш жүз қырық жылдан астам күресті. Жаулап алу қабілетін барынша пайдаланған Ресей патшалығы үлкен метрополияға айналды. Оның бағындырған жерлерінің жетпіс пайызынан астамын Түркістан топырағы құрады.

Метрополия өз пайдасын көздейтін заңдарды бекітіп алғаннан кейін, мұны амалға асыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырды. Бастапқы шара экспедициялар болғанын айттық. Тарихшы-ғалым М. Қойгелдиевтің зерттеуінше, экспедициялар қорытындысында атақты Ф. А. Щербина қазақтарға елу бір пайыз жерін қалдырып, ал қырық тоғыз пайызын артық деп көрсетіпті [3, 32 б] . Осы қисынсыз мәлімдемеден кейін орыс обыры “буратана халықтың” үй-жайын, шұрайлы жерлерін тартып алуға сыбана кірісті. Қанша мекен талауға түскені туралы нақты санды көрсететін ақпарымыз болмаса да, жоғарыдағы мәлімдеме негізінде Түркістан халқының түгелі дерлік қонысынан қуылды деп айта аламыз. АҚШ-та 1824 жылы құрылған Босқындар ісі туралы кеңес сияқты патшалық Ресей қазақ жеріне сыналай енуін жеңілдететін Қоныстандыру комитетін құрып, отарлаушы алпауыттар тәжірибесіне жүгінді. Бұл комитет Орыстандыру палатасымен қоян-қолтық жұмыс жасады. Тарихи деректерге көре қонстанушыларға қырық бес миллион десятина жер тартып әперілді [4, 56 б] . Бұл көрсеткіш өлкедегі жерді тартып алу озбырлығын көрсететін ресми дерек болса, ал тартып алынған жерлердің қағазға түспегендерін ескерсек, есеп тағы да арта түсері сөзсіз.

Отарлаушы елдердегі кейбір зерттеулерде отарлау саясаты қалыпты «қоныс аудару» үдерісімен түсіндіріледі [5] . Отарлаушылар өздерініне тиесілі емес жерлерді тартып алған хақсыздықтарын «мәдениет әкелуші» қоныстанушылар бояуымен бүркемелеуге тырысты немесе «жаулап алу» ұғымы да «қосылу» мағынасымен әдейі ауыстырылды [6, 64 б] . Бірақ тарихты қалауларынша түрлендіріп жазған «жеңімпаздар» айласы шындықты белгілі бір уақыт бұрмалай алғанымен, ақиқаттың бетін жауып тастай алмады. Қоныс аудару үрдісі отарлау саясатының негізгі амалдарының бірі болғанын бүгінгі күнде әлем мойындап отыр.

«Бұдан кейін хүкімет төрелері «пайдаланудан артық» деп қазақ жерлерін өлшеуге түсіріп, тапатал түсте тартып алатын болды» [7, 50 б], -деген Қошке Кемеңгерұлы сияқты түрік зиялылары халықтың ызалы үнін естірте бастады, яғни ұлттың ащы зары сол ұлт ақын-жазушыларының тілімен таңбаланды.

Түркістан ХХ ғасыр басында толығымен патшалық Ресейдің отарына айналды. Империя отарлаудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолданып, бодандағы елді рухани, саяси, экономикалық тәуелсіздігінен айыру үшін барын салды. Империяға төтеп беретін біріккен күш керек-тін. Осындай аумалы-төкпелі саяси-тарихи жағдайда Түркістан әдебиеті отаршылдыққа қарсы күш сипатын алды.

Әдеби үдеріс тарихпен түйісіп жатады. Ал әрбір әдеби-эстетикалық пайым әдеби үдеріске сәйкес туып, дамиды. Әдеби-эстетикалық пайым белгілі бір тұжырымдамаларды құрайды. Руханият тудырған тұжырымдар әдебиет арқылы жарыққа шығып, олар әдебиет өкілдері жазбаларынан көрінеді. Әдебиет өкілдері сол ұлттың өзегінде сақталып келе жатқан ұйытқы ойға тереңдеп, ұлт рухына тірек іздейді. ХХ ғасыр басында бірігіп күресу қажеттілігінен туған «тұтас Түркістан» идеясының жандана түсуін осындай заңдылық түсіндіреді. Басы бодан ұлт азаттық үшін күресері анық. Азаттық үшін күресте ел зиялылары халықтың рухани қойнауындағы Түркістан идеясын медет етті, ту етіп алға тартты. Әдебиетті сипаттайтын басым бағытты азатшыл сарыны құрап, жаңа ғасыр басындағы Түркістан әдебиетінде колонизаторлық саясаттың барлық әдіс-тәсілдері мен олардың бүкіл зардабы көрініс тапты. Түркістан әдебиетінің осы кезеңдік жадыхаттарында Отаным деген ұлтшыл, түрікшіл тұлғалардың жанқиярлық күресі мен ұлт қасіретінің жан түршіктірер суреттері сайрап жатыр.

«Түркістанның азатшыл әдебиеті және оның өкілдері» деген екінші тараушада бірнеше ғалымдардың тұжырымдары саралана келе, «Түркістан» сөзінің мағынасы айқындалады. Мәдени-рухани кеңістігі бір түріктердің жиынтық әдебиеті - Түркістан әдебиеті мен оның өкілдеріне ғылыми анықтама беріледі. Отаршылдыққа қарсы Түркістан азатшыл әдебиетінің болмысын ашып беру үшін оның көрнекті өкілдері таңдап алынып (А. Байтұрсынұлы А. Авлони, М. Дулатұлы, А. Фитрат, М. Жұмабай, А. Сүләймани), олардың шығармашылығымен ұлттың еркін рухымен айқындалған әдебиет нақты материалдар негізінде зерттелінеді. Түркістанның азатшыл әдебиеті өкілдерінің отаршылдыққа қарсы әрекеттері тудырған көркемөнердегі, жалпы ой-санадағы ізденістер анықталады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазіргі қазақ прозасындағы тақырыптық, жанрлық ізденістері
М.Әуезов және фольклортану мәселелері
Шәкәрім Қ. мұрасы Ә.Бөкейханов зерттеуінде
Д. Досжанның романдарындағы тарихи образ жасау мәселесі
Қазіргі қазақ және орыс газет мәтіндердегі цитация
Шәкәрім шығармалары
Шығарманың көркемдік ерекшеліктері
Тәуелсіздік кезеңдегі «Қазақ әдебиеті» газеті
Көркем шығармадағы психологизм. Тарихи тақырыптағы қазақ романдары. Қазіргі қазақ прозасындағы тақырыптық, жанрлық ізденістер
М.ӘУЕЗОВ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz